jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алыпсатарлықты ауыздықтау немесе жабайы билет саудасын кім бақылайды?

30 шiлде, 15:27
264

Көршіміздің биылғы арманы — бала-шағасымен Алакөлде демалып қайту. Орындалмайтын түрі бар. Ұшаққа билет алуға қалта құрғыр жұқа. Мәшинемен ұзақ жүргісі келмейді. Оның үстіне барып келгендер жолдың нашар екенін айтады. Ең қолайлы көлік – отарба. Бірақ жаз басталмай жатып-ақ «ол жаққа билет жоқ» деген хабар тараған. Білетіндердің айтуынша, табуға болады. Ол үшін алыпсатарға билет бағасының үстіне бірнеше есе қосып беру керек…

Ол кешегі кеңестік дәуірде Алматыда оқыды. Шалғайдағы өңірден келу үшін пойызға мінетін. Асыққанда билет таппай, талай рет сол алыпсатарға жүгінген. Ол кезде алыпсатарлық заңмен қудаланады. Жалаңдаған қулар сонда да қоймайтын. Ал қазір нарық заманы. Үстіне қосып сатып, пайда табу – бүгінде үйреншікті нәрсе. Тек заң шеңберінде жұмыс істеп, ең бастысы, салық төлесең болғаны.

Бұрын ұшаққа билет алу қиынның қиыны еді. Тамыр-танысты араға салып, әзер табылатын. Қазір бұл мәселе шешілгендей. Әйтеуір, әуежайда билет тықпалап жүрген пысықайларды көрмейсің. Әуе сапарына ертерек қамдансаң, жолақы арзанға түседі. Ал аяқ астынан жол жүретіндер көбірек шығынданады.

Жалпы біздің теміржолдағы билет сатуды өркениетті жүйеге келтіруге бола ма? Әрине, болады. Бұл үшін ең алдымен заңның орындалуын қадағалайтын және оны іске асыратын құқық қорғау мекемелері мен салық қызметі өз міндетін орындауы тиіс. Вокзалда жүрген алыпсатардың қолында билет сатуға рұқсат беретін патенті немесе лицензиясының бар-жоғын тексеру, біздіңше, еш қиындық тудырмайды. Тіпті, рұқсаты болған күннің өзінде, кәсіпкердің тапқан табысынан салық төлегені яки жалтарып жүргенін анықтау да оңай. Ал әзірге билет тапшылығын қолдан жасап, жұртшылықтың наразылығын туғызып жүргендер тек арнайы рейд кезінде ғана әшкереленіп жүр. Жақында сондай тексеру жөнінде ақпарат жарияланды. Сол-ақ екен, мәселенің байыбына бармай, атүсті асығыс тұжырыммен тек теміржолда жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларды кінәлі етіп көрсететіндер шулап берді.

Мәселенің мәні неде? «Қара базардағы» билет саудасы кімге тиімді? Зерттеп көрелік.

Бүгінде елімізде жолаушылар тасымалы нарығында 10 компания бар. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты кассалардың саны 250-ден асады. Ал жекеменшік кассалардың саны — 4,5 мыңнан астам. Міне, осы соңғыларының қызметі бақылаудан тыс қалған сияқты. Касса әр адамға тек құжат бойынша билет сатуы тиіс. Ал іс жүзінде алыпсатарлар билетті ертерек әрі көптеп сатып алады. Әйтпесе, әрбірінің қолында 20-30 билет қайдан жүр? Жабайы сауданың кең таралған екі түрі бар. Алыпсатарлар билетті еретерек алады да, сосын үстіне қосып сатады. Екіншісі, пойыздың жүруіне бір сағат қалғанда әлгі артық билеттер кассаға өткізіледі. Бірақ кассир «билет жоқ» деп отыра береді. Алыпсатар межелі жерге жету үшін асығып, артық ақша төлеуге дайын клиентті ертіп келген кезде билет те табыла кетеді.

Олар сапар уақыты тақағанда қымбат бағамен сатады. Орташа бағамен өткізгеннің өзінде айына 300-400 мың теңгені жан қинамай-ақ табады. Ұсталып қалса, оған қолданылатын айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткіш. Небәрі 12 мың теңге. Заңсыз билетпен ұсталған жолаушы да жауапкершілікке тартылады. Бірақ оның да жазасы мардымсыз. Осы салада өркениетті жүйе қалыптастырған Еуропада заң мейлінше қатал. Ақшалай жазаның мөлшері 1000 еуро! Сарапшылар біздегі айыппұлды бірнеше есе өсіруді ұсынады. Егер солай жасаса, ортадан пайда тауып жүргендер аяғын тартар еді деген пікірде.

Өркениетті жүйе демекші, Батыста билет саудасының екі түрі бар. Ticketmaster алғашқы сату алаңы болса, Ticketmaster Resale деп аталатын маркетплейсте екінші рет сатуға болады. Бірақ қайта сатылған билет үшін де салық төлеуге тура келеді. Билет алыпсатарлығы терістік көршіміз Ресейде де өткір проблема болып тұр. Бұл елде, әсіресе, театр мен кинодағы заңсыз сауданы ауыздықтау жайы көбірек айтылуда. Өйткені Мәскеу театрларында сатып алынған билетті қайта қабылдамайды. Сондықтан оның иесі арзан бағаға өткізгеніне қуанады. Ал оны қымбатқа сататын алыпсатар біздегідей салық төлемейді. Қазір осы елдегі тиісті министрлік тарапынан билет бағасына қосып сатпау, айыппұл мөлшерін көбейтуді көздейтін заң жобасы дайындалып жатқан көрінеді.

Жабайы сауда жолаушы тасымалдаушы компанияға қып-қызыл зиян. Соның кесірінен кейде вагондар толмай қалады. Осыдан барып, жолаушы тарапынан ащы әрі сыни пікірдің айтылары анық. Теміржол компаниялары көпшілікті толғандырған осы түйінді өздінінен шеше алмайды. Себебі, заң бойынша тасымалдаушы бұл іске араласа алмайды. Вокзалда заңсыз билет саудасын қыздырып жүргендерді жауапқа тарту құқық қорғау мемкемелері мен салық қызметінің құзыретінде екенін әлгінде айтып өттік. Мамандар бұл келеңсіздікті көшедегі және қоғамдық орындардағы заңсыз әрекеттермен бірге қарастыру қажет екенін алға тартады.

Пойыздың жұртқа қолайлы көлік екенін ескерсек, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу керек-ақ. Бұған мемлекеттік мекемелермен қатар халық қалаулылары, қоғамдық ұйымдар атсалыса, құба-құп болар еді.

Әбдіманап Кеңес

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе