jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«ҚазТрансОйлдың» қайырымдылық шарасы

12 шiлде, 16:33
43

Мұнай компаниялары дегенде ойға келетін дүние қомақты қаржы айналымы, сұйық отын, қара алтын көзге елестейді. Әрине, мұнай-газ саласы ел экономикасындағы негізгі күретамыр. Қазақстанның қазынасына, ұлттық қорына түсетін табыстың дені де осы саланың үлесіне тиеcілі.

Еліміздегі магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өзге компаниялардан бір ерекшелігі — жомарттығы. Қашанда қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, халықтың әлеуметтік жағдайына, әсіресе қамкөңіл жандардың жан жарасына көңіл бөледі.

Астананың 20 жылдық мерейтойында да «ҚазТрансОйл» сауапты іс жасады. Компания этноауыл ұйымдастырып, 2 шілдеден 7 шілде аралығында Елорданың қақ ортасында қайырымдылық акциясын өткізді. Бір апта бойы күй күмбірлеп, ән әуелеген этноауылға тамсанбаған жан жоқ. Арнайы шақырылған қонақтардан бөлек, қала күнін тойлап, серуендеп жүрген астаналықтардың эмоциясынан ұлттық нақыш пен заманауи декорация астасқан этноауылды аралап, мерекелік көңіл күйді сезінгені аңғарылып тұрды.

Этноауылдың ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тасымалдау жөніндегі аға вице-президенті Нұртас Шманов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов арнайы келіп қатысты.

Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер алыстан көз тартады. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның әр өңірдегі бөлімі бір-бір үй тігіп, әр аймақтың тарихи-мәдени, экономикалық әрі мұнай саласындағы ерекшеліктеріне сай көрме жабдықтаған. Келген адамға, сұраған жанға ұйымдастырушылар ерінбей-жалықпай түсіндіріп жүр. Маңғыстау облысы өңірдегі мұнай саласынан бөлек, сол өлкенің табиғатын, салт-дәстүрін айшықтайтын тақырыптық көрме ұйымдастырған. Сол сияқты Қарағанды «Сарыарқа», Жезқазған «Ұлытау», Атырау облысы «Жылыой» деген атаумен киіз үй тігіп, әр ауыл әр аймақтың ерекшеліктеріне, тарихы мен мәдениетіне сай жабдықталған.
Бұдан бөлек, түрлі макет қойып, қара алтынның тарихына қатысты құнды мәліметтерді қамтыған. Мәселен, мұнай қалай өндіріледі, қайда сақталады, найзағайдан қорғану үшін қандай техникалық ерекшеліктер ескеріледі? Тасымалдау картасында барлығы тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Тек қана шақырылғандар емес, жол-жөнекей бара жатқан тұрғындар да арнайы бұрылып келіп, қызығушылықпен көрмені тамашалады.

Бұл көрменің терең мағынасы бар. Әсіресе, мектеп-интернаттың балалары ерекше қызығушылықпен, бар ықыласпен тыңдады. Арнайы мемлекеттік мекеменің тәрбиесіндегі жасөспірімдердің көбінің ата-анасы бар. Бірақ науқас болған соң сәби күнінде олардан бас тартқан. Сал ауруы, синдром дауна секілді түрлі сырқат жабысқан балалардың он екі мүшесі сау болмаса да, елге, жерге, адамзатқа деген махаббаты бөлек. Еркін сөйлеп, еркін жүріп-тұра алмаса да, жүректері сайрап тұр.

Этноауылды аралап болған соң балаларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Түрлі ойындарға, билерге аса белсенді қатысып, жанында жүрген тәрбиешілеріне шаттана қараған олардың жәутең көздерінен қуанып жүргенін аңғардық. Қайта-қайта қол соғып, ертегі кейіпкерлерінің сөздері мен биіне еліткен балаларға бұл күні дастархан жайылып, бағалы сыйлық үлестірілді.

500 адамды қамтыған қайырымдылық шарасының бір күні қарияларды қуантуға арналды. Тағдыр тауқыметімен жасы ұлғайған шағында қарттар үйін паналаған қамкөңіл жандардың этноауылдағы бір күні мың күнге татитындай әсерге бөленді. Өнер жұлдыздарының сырлы, тағдырлы әндерін тыңдағанда көздеріне жас алды. Әсіресе, домбыра мен баянның үні Астананың аспанын әнге бөлегендей болды. Ал табиғат аясында жайылған дастарханда қариялар емен-жарқын әңгіме айтып, сый-сыяпат жасалғанда балаша қуанды.

Астананың туған күніне әр ұжым, әрбір компания, әрбір облыс өзінше үлес қосты. Түрлі нысан салды, концерт ұйымдастырды. Ал «ҚазТрансОйл» қоғамдағы әлжуаз топқа, жүрегі жаралы қамкөңіл жандарға көңіл бөліп, оларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Қарттар үйіндегі, мектеп-интернаттағы тәрбиеленушілер тамаққа, сыйлыққа зәру емес. Бірақ оларға адамның жылуы, мейірім мен махаббат жетіспейді. Міне, «ҚазТрансОйл» ұйымдастырған қайырымдылық шарасы кезінде осы бір олқылықтың орны толғандай болды.

Жалпы ұзындығы 5 377 шақырым магистральдық мұнай құбыры желісін иеленетін «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялар тобының өндірістік нысандары Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Әр ұжымда туған жерге, отанға жаны ашитын, өзінің мамандығын жақсы көретін білікті кадрлар еңбек етеді. Олар тек мұнай саласы емес, рухани құндылыққада мән береді. Оған осы шара барысында көз жеткіздік. Барлығы бір кісідей атсалысып жүр.

Жезқазған мұнай құбыры басқармасының инженері Сабыржан Оспанов «Келген қонақтар керемет әсер алды. Тігілген сегіз үй белгілі бір тақырыпқа сай жабдықталды. Осы жағына ерекше көңіл бөліп, таң қалып жатты қонақтарымыз. Көбі мұнай туралы жалпылама біледі. Ол жерде шетелдіктер істейді деп түсінеді. Осы көрмеде олар құбырлардың орналасу картасын, осы саладағы ерекшеліктер туралы қызықты мағлұмат алды. Қайта-қайта сұрап, қызығушылық танытқандарын байқадық. Біз тек мұнай емес, әр өлкенің табиғи қорықтары секілді қызықты тақырыптарды да қамтыдық. Бұл да елордалықтардың назарын аударған секілді. Аз күндік көрме арқылы халық тек қана мерекеде ән тыңдап, серуендеп кетпей қаншама мәлімет алды», — деді.
Қайырымдылық акциясының 7 шілде күнгі қорытынды кешінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның шығармашылық топтары Айқын Төлепберген, Маржан Арапбаева секілді эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқады. Кеш соңында «ҚазТрансОйл» компаниясының мерекелік шарасына атсалысып, этноауыл, концерттік бағдарламасын ұйымдастыруға белсене қатысқан мұнай құбыры басқармалары мен орталық аппарат департаменттері ұжымдары марапатталды.

Бейсен НАРЫНБЕК,

Астана

16 қараша, 15:03
Өткір мәселе өзекті өртейді
16 қараша, 13:56
Қашан да құнды
16 қараша, 12:21
Улы дәріден сақтаныңыз!
16 қараша, 12:09
Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр
16 қараша, 10:16
Бұл идея экономикаға қауіпті!
09 қараша, 14:53
Гүлзат Көбек: Арзанның жілігі татымайды
09 қараша, 14:36
Полиция: Реформа киім ауыстырудан басталады
09 қараша, 14:26
Айқайға қиқу қосып...