jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Жалбаңдап жан баққанша, қайыр сұрағаным артық»

18 маусым, 11:45
1382

Кейіпкер іздеген журналистке көшеден тақырып табу, базардан тағдыр кездестіру аса қиын шаруа емес. Бүгінгі кейіпкеріміз де жолай кездескен жан. Біз оны жалдамалы жатақханадан таптық. Сексен жастан асқан қарияның хәлі қалай болушы еді? Жанарының нұры тайып, ойдан қуат кеміген. Сұңғақ бойдың сықпыты ғана қалыпты. Жүзін әжім басып, қолы тарамыстай тартылып, көгілдір тамырлары ғана тіршілік белгісін аңғартады. Екі жағы пышақ жанығандай суалып, әппақ қудай шашы сексеуілдей селдіреп кеткен. Бізді күткендей есігін жартылай ашып қойыпты. Топшасын тот басып кеткен, толық ашылмайды. Сосын әлгі темір есікті шіреніп тұрып тарттық. Топшасы шиқылдап, қиқылдап барып қанаты қайырылған құстай жайылды да қалды. Есіктің арғы жағы, яғни бөлме іші…

Бөлме іші базардың орнындай шашылып жатыр. Тауықтың ұясындай ғана тар күркеге ұқсайды. Есігінен төріне дейін – екі аттам. Төрі мен әжетханасы қанаттас. Босағадан аттадым да аласа орындыққа отыра кеттім. Состиып тұруға да өте ыңғайсыз. Қария төрін бермей, маған тесіліп қарап отыр. Жоғары шығуға менің де құлқым болмады. Төр мен босағаның арасына дастархан жайып қойған. Дастарханында екі жапырақ қатқан нан, сынық кесе, майысқан ақ шәйнек тұр. Астындағы ескі матрас әрі төсеніш, әрі көрпе. Қыста киген пальтосы болу керек, аяқ жағында мыжылып жатыр. Түнде соны жамылатын көрінеді. Дастарханның бір шетінде қолжазба жатыр. Қол созым жерде, орындықта шағын теледидар тұр. Пәтердің жартысын алып тұрған әжетхананың есігі жабылмайды. Иіс қолқаны қабады…
Қариямен амандастым. Құлағы шабан естиді екен. Тамағымды қарлықтырып айқайға бастым. Қолымды алып, басымнан аяғыма шейін бір қарап шықты да шал иегін қақты. «Кімсің дегені шығар» деп түсіндім. Атымды, тілші екенімді айттым. «Саған не керек?» дегендей тағы да иегін көтерді.

– Сізбен танысайын деп едім. Жападан-жалғыз жатақханада тұрасыз. Үнемі газет-журнал құшақтап жүресіз. Бір-екі жерден қайыр сұрап тұрғаныңызды да байқап қалып едім, – деп әңгімені жылы бастадым.
– Иә, қайыр сұраймын. Елдің берген садақасына күнелтіп отырған бір бейбақпын, – деп, дастарханның үстіндегі нан қоқымын шымшып, аузына салды. Содан кейін, аяқ жағында жатқан көк тысты қолжазбасын алып: «Тілшімін дедің бе?» деп көз қиығын маған бұрды.
– Иә, ата, тілшімін. Сіздің жүріс-тұрысыңыз, тіршілігіңіз жұрттан бөлектеу көрінген соң, танысып кетейін, мүмкін, сіз туралы бірдеме жазармын. Бір көмегім тиіп қалар деген оймен есігіңізді қағып едім.
– Е, баладан көрмеген жақсылықты бөтеннен көремін бе? Өмір аямаған бір бейбақ болдым ғой, – деп жанарына тұна қалған бір тал тамшы жасты саусағының ұшымен іліп тастады. Содан кейін қолындағы қалың-қалың екі том қолжазбаны ашты да бір шумақ өлең оқыды.
Сүрінсең, тағдыр сынайды екен,
Кәрі жаныңды қинайды ме екен?
Сана бермесе, балаң да жатбауыр
Кәрі жүрегім жылайды, көкем – деп, бір сәт үнсіз қалды. Тыныштықты менің де бұзғым келмей, шалдың қимылын бағып отырмын.
– Мен де журналист болғам – деп сөзін жалғады. – Бұрынғы Киров атындағы университеттің журналистика факультетін оқығам. Ол бір сәулелі сәттер еді, – деп тоқтады. Ауасы мен аурасы тар бөлмеде әңгімені созбақтамай, қарияны сұрақтың астына ала бастадым.
– Ата, атыңыз кім? Бала-шағаңыз қайда? Қалай мынадай жағдайға тап болып жүрсіз? – деп, үш-төрт сұрақты қатар қойдым. Шал алдында тұрған кеседегі сарғыш суды көзін жұмып сіміріп салды. Сыраға ұқсаттым. Тағы да бір-екі минут үнсіз отырып, менің көкейімдегі сауалды түсінгендей әңгімесін арыдан бастады.

– Құжат бойынша 80 жастамын, бірақ анамның айтуынша, биыл 82 жаста болуым керек. Атым – Елубай, фамилиям – Манас. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмірге келдім. Көп жыл ұстаздық қызмет істедім. Мектеп директоры болдым. Ой, шіркін-ай, ол кездер қандай тамаша уақыт еді?! – деп көзін жұмып үнсіз қалды. – Мұғалім болудан бұрын, мен Алматыда журналистің оқуын бітірдім ғой. Сөйтіп Қармақшының аудандық газетіне барамын. Онда орын болмады. Газеттегі ағаларым маған мектепке мұғалім болсаңшы деп қолқа салды. Журналист боламын деп кергитін емес, ұстаз да ұлы мамандық қой деп мектепке бардым. Кейін, екінші дипломымды педагогика саласы бойынша алдым да, жолдамамен Шардара қаласына ауысып кеттім. Шардарада ұзақ жыл ұстаздық қызметте жүріп, мектеп директорына дейін көтерілдім. Жұмысқа жауапгершілігім күшті болды. Үйіме, бала-шағама қалай қарасам, мектеп жұмысына да солай қарадым. Салғырттық танытқан емеспін, – деп қария мен бірдеме айтар ма екен дегендей жалтақ-жалтақ қарайды жүзіме. Сосын сөзін жалғап: «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Қарекет» деген бағдарламаға түсірді мені. Сондағы қонақтар «Біреудің баласына тәрбие беремін деп өз балаңызды ұмыт қалдырғансыз» деп мені кінәлап жатты. Бірақ мен үш баламды да еңбектен үзген емеспін. Бұғанасы қатқан күннен бастап еңбекке араластырдым. Шөп те шаптық. Егін де салдық. Бірақ балаларым дұрыс болмады», – деп терең күрсінді.
– Жалғыз қалуыңызға балаларыңызды кінәлап отырған сияқтысыз?
– Айналайын журналист мырза, өзіңіз ойлаңызшы. Әйелім Гүлбара Мыңжасарқызы деген

Түркістанның мың жасағыр бір ақылды қызымен бас қосып, екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірдім. Бірақ өмірімнің соңында мынадай қаңғыбастың күйін кешіп отырмын. Бұл кімнің кінәсі деп ойлайсыз? Қазақтың ұлы жазушыларындай болмаса да, жақсы адам болсыншы деп ырымдап бір ұлымның атын Мұхтар, екіншісін Асқар деп қойдым. Қызымның аты – Арайлым. Ешнәрседен кем қылған жоқпын. Оқыттым-тоқыттым. Үйлендірдім. Үлкен ұлым Мұхтардан бір қыз бар Ләззат деген. Ол немерем қазір Астанада министрлікте жұмыс істейді. Кейде «Ата, қалайсыз?» деп хабарласып тұрады. Бірақ ақша жағынан көмектеспейді. Балам араққа салынып кеткен соң, келінім немеремді алды да ажырасып кетті. Дұрыс істеді. Мұхтар оларды қаңғыртып жіберетін еді. Баламның қазіргі күйі менен нашар. Қыста жылу құбырларының үстінде жатады екен. Жазда қоқыстан бірдеме тауып жеп, ағаш арасында күнелтетін көрінеді.
Кіші балам Асқар қазір Шардарада тұрады. Балалы-шағалы. Бірақ келінімнің ақыл-есі кемістеу болды да, одан туған немерелерім де дұрыс адам болмады. Мұхтар бір ай жұмыс істесе, келесі ай ішіп кетеді. Болмаса, ақшасының бәрін ойын автоматтарына салып, ұттырып тастайды.
Ал жалғыз қызым Арайлым осы Алматыда тұрады. Екі жоғары оқу орнын бітірген. Қазір бір университетте ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Маған да келіп, көмектесіп тұрады. Ол да балалы-шағалы. Күйеу бала дұрыс емес. Төрт бөлмелі пәтері бар. Соның бір бөлмесіне сыятын едім ғой. Қайтемін, Құдай зейнетіме осындай бейнет жазған шығар?!
– Алматыға қашан келдіңіз? Шардарада үй-жайыңыз бар ма еді?
– Шардарада зәулім үйім болды. Еш уақытта баланың атына үйіңді өткізуге болмайды екен. Содан қателестім. Үй өзіңде болса, қартайғанда балаң не өзі үйден кете алмай, не сені қуып шыға алмай, бірге болады екенсің. Менің қателігім сол болды. Үйді Мұхтардың атына жазғам. Ол баспананы сатып жіберді. Бәрін былықтырды. Ал анау кіші балам өз қатын-баласымен әуре.

Далада қалған соң, 2010 жылы Алматыдағы достарым шақырды. «Үлкен қала. Қайыр сұрасаң да өлмейсің» деп Алматыға алып келді. Қазір қарайласып тұрады.
Өз өмірімнен алынған кітап жазып жатырмын. Онда басыма қауіп төнетін ащы шындықтар бар. Жеке басымның ғана емес, қоғамның шындығын да жаздым.
– Қоғамның қандай шындығын жаздыңыз? – деп мырс етіп күліп жібердім. Мұным шалға ұнамай қалды-ау деймін. Қабағын қыртитты.
– Ол ұзақ әңгіме, балам! Мен Қазақстанға белгілі журналист-қаламгер болдым. Бұрынғы «Қазақстан пионері», «Балдырған» журналдарына үнемі әңгіме-өлең жазып тұрдым. Тіпті 1-сыныптың «Әліппесіне» «Енді кешпеспін» деген балалар тақырыбына арналған шағын әңгімем басылған. Оның бәрі өткен шақ екен. Қазір ешкімге керексіз бір бейшарамын. Қызылордада жақын туыс-туғандарым бар. Бірақ әке-шешенің, туған аға-бауырдың көзі кеткен соң, туысқа сыясың ба? Үш күннен артық қондырмайды. Біреуінің қабағына қар жауады, біреуінің әйелі қыртияды. Мен тумысымнан тік мінезді жанмын. Біреудің зекігенін көтере алмаймын. Біреуге жалпайып жан баққанша, осылай қайыр сұрағаным абзал.
– Қазір қалай өмір сүріп жатырсыз? Садақадан жиған ақшаңыз мына пәтеріңізді жалдауға, күнделікті тамағыңызға жете ме? – дедім қуықтай бөлмені көзіммен шолып.
– Бұл жатақхана үшін айына 70 мың теңге төлеймін. Алатын зейнетақым 50 мың теңге. Оған қайыр сұрап жиған тиын-тебенімді қосамын. Сөйтіп өлместің күнін көріп жатқан жайым бар.
Елубай ата ыстық тамақты сағынғанда әлгі аядай бөлме ішінде қазан қайнатады. «Жалғыз кісіге бәрі ас екен. Қара суға макарон қайнатып, тұз салып, ботқа ішіп аламын. Аштан өлтірмейді. Бірақ кәрі адамның асқазанына ауыр болады екен. Киім-кешегімді қызым келгенде, анау кір жуатын машинаға салып, тазалап беретін. Ол да соңғы күндері келмей қойды. Бәрі безінді» деп бұл жолы еңкілдеп жылады. Көкірегіне шер боп қатқан күйік шықсын деп мен де жұбатпадым.
Бір кезде қол орамалымен көзін сүртіп отырып «Адамның көз жасы сарқылмайды екен. Әйелім көз жұмып, балалардан қайыр болмағаннан бері бұл жасқа тыйым болмады. Соқыр болып қалатын шығармын деп ойлаушы едім. Соқыр да болмадым» деп суалған жанарын қайта-қайта сүртіп жатыр.
– Қарттар үйіне барғыңыз келмей ме? Сізге сол жерден артық жайлы баспана бола қоймас, – деп қолжазбасын алдым. Өлеңдерінің ұйқасы шымыр, құрылымы тастай екен. «Мықты ақын екенсіз ғой» дедім. Қария сөзімді естімеді-ау деймін. Әуелгі сұрағыма жауап берді.
– «Қарекеттің» журналистері 3 апта шапқылап жүріп, жүз шақты құжат жинап, «Қарттар үйіне» апарған. Бірақ маған ол жер қоныс болмады. Бұрын «Қарттар үйіндегі» шал-кемпірлерді бір тал уколмен өлтіреді екен деп естуші едім. Күдікпен бардым. Мейірбике бір бөлмеге ертіп барды. Бірден дауысын қатайтып, зекіп сөйлей бастады. «Әйелің қашан өлген? Ана құжатың қайда, мына құжатың неге былай?» деп зірк-зірк етеді. Ол аздай, былай отыр деп білегімнен алып сілкіді.
– Әй, айналайын қызым, мені жұлқылама! Алдыңда сексеннен асқан қария отыр. Қарттарға қарайтын мекеменің қызметкерінің көзқарасы бұлай болушы ма еді? – деп жайымен түсіндірдім. Бірақ әлгі мейірбике әлі де бұлқан-талқан. Содан мұнда қалмаймын деп арыз жаздым да кетіп қалдым. «Қарттар үйінің» директоры, оның орынбасары, «Қарекеттің» тілшілері – бәрі «қалыңыз» деп шыр-пыр болды. Бірақ бармай жатып көңілім қалған соң, онда қалудың қажеті қанша?..

Елубай ата бірнеше жылдан бері ел ішінде «Барахолка» аталып кеткен базарда қайыр сұрайды.
– Кенжехан базарының алдындағы жер асты өткелінде отырамын. Күніне 1000-1500 теңге табамын. Шай, тамағыма жетеді. Шүкір! Бірақ қарлы боран күндері, жауын-шашын кездері өте қиын. Оның үстіне, қартайған адамға тұмау-сырқау үйір болады екен. Көп ауырып қаламын. Ондайда төсектен тұра алмаймын. Қал-жайымды сұраған бір пенде жоқ. Осында жатып көз жұмып кетемін бе деп қатты қорқамын. Ақша да, мейір де, кісінің жылуы да жетпейді. Қартайғанда жалғыз қалу қандай қасірет! – деп Елубай ата әңгімесін аяқтады.
Мен де әлгі құжырадан ауыр ой арқалап, әрең шықтым. Көз алдымда бір кездері белгілі журналист, қаламгер, мектептің директоры болған адамның бүгінгі шынайы кейпі – қайыршы қария тұрды да қойды.

Жарас Кемелжан
Суретті түсірген Айдос Құсайынұлы

13 шiлде, 14:43
Әлихан Бөкейхановтың ауылы
13 шiлде, 12:52
Журналистикаға оралуды армандадым
13 шiлде, 12:40
Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл
06 шiлде, 12:28
Мұқағали бейнесі әлі есімде
06 шiлде, 12:04
Алтын кеседегі көл "жасы"
06 шiлде, 11:52
Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?
02 шiлде, 11:01
Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі
29 маусым, 11:38
Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана