jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Банк борышкердің құқығын ескермейді

18 мамыр, 12:20
2496

– Ирина Владимировна, жуырда Астанада өткен NurOtanTrends диалог алаңында халықтың көкейкесті мәселесін жеткіздіңіз. Банктер қарыз алушылардың жағдайына түсіністікпен қарамай отыр деп айттыңыз. Қанша адам елімізде несиесін төлей алмай, банк тарапынан қысым көруде? Нақты саны бар ма?

– Қазіргі қолда бар дерек бойынша елімізде 5 миллионнан аса адам банкке қарыз. Соның 1 миллионнан астамы «проблемалық клиенттер» санатында. Олар еліміздің тең құқылы азаматы болса да, банк тарапынан Конституциялық құқығы бұзылып, көптеген шектеу жасалуда. Тіпті несиесін төлей алмағандардың жүріп-тұруына тыйым салынады. Оларды елден шығармайды. Несиесін төлей алмағандардың жағдайы қазір өте қиын. Оларды ешкім ойлап отырған жоқ. Мәселен, есепшот, карталарының бәріне бұғат қойған. Ай сайынғы жалақысын қарыз берген банк өзіне аударып алады. Амал жоқ, көпшілігі, тіпті жұмысын тастап, отбасыларының шырқы бұзылуда. Себебі жұмыс істегенімен еңбекақы алмаса, бала-шағасын қалай асырайды? Мұнымен мәселе шешілмейді. Керісінше, клиенттерге қарызын төлеуге мүмкіндік жасау жағын қарастыру қажет. Ипотека алғандар да солай. Ол басқа елде емес, Қазақстаннан сатып алды. Осы жерде, осы елде тұрады. Үйді алатын кезде банк бәрін ескеріп, елеп-екшейді. Сол үшін клиенттер сақтандыруға ақша төлейді, келісімшарт жасайды. Бірақ қарыз алушы қиын жағдайға түскенде банк тек қана клиенттен талап етеді. Қазір халықтың көбі екі жақты жасалған келісім құжаттарының орындалмайтынына, тек бір тараптың мүддесін көздейтініне қапаланып отыр.
– Сіздің ойыңызша, банк пен клиент арасындағы қарыз мәселесін қалай шешуге болады? Қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Қазір банкке қарызын қайтара алмай жүргендерге неше түрлі ат қойып, айдар таққан. Тіпті оларды алаяққа теңейді. Олар алаяқ емес. Барлығы бірдей қарызын төлеуден қашып отырған жоқ. Менің пікірімше, ең алдымен клиенттерден қарызын қайтарғысы келе ме, келмей ме, соны нақтылап алып, тағы келісімшартқа отыру қажет. Көбі төлеуден бас тартпайды. Тек жағдай жасау керек. Мысалы, біреу кәсіп ашуы мүмкін. Бірақ валюта курсы өзгерді, басқа да себептермен ісі алға баспай қалды. Шығынға батты делік. Оған мүмкіндік, уақыт беру қажет. Мысалы, несиенің пайызын төмендетуге болады. Онсыз да банктер 20 пайыздан аса ставкамен береді. Ай сайынғы жалақысынан тұтас ұстап, есепшотына бұғат қоймай, аз-аздан алып отырса да үлкен жеңілдік. Олардың соттасуға да, адвокат жалдауға да жағдайы жоқ. Көп жағдайда сот банктің талабын қанағаттандырады. Қарыз алушыларды жығып береді. Басқа да конструктивті ұсыныстарым бар, оны алдағы уақытта көтеремін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бейсен Нарынбек

13 шiлде, 14:43
Әлихан Бөкейхановтың ауылы
13 шiлде, 12:52
Журналистикаға оралуды армандадым
13 шiлде, 12:40
Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл
06 шiлде, 12:28
Мұқағали бейнесі әлі есімде
06 шiлде, 12:04
Алтын кеседегі көл "жасы"
06 шiлде, 11:52
Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?
02 шiлде, 11:01
Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі
29 маусым, 11:38
Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана