jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тағылымды тауарих

11 мамыр, 11:35
544

Бұдан 100 жыл ілгеріде, 1918 жылғы 1 мамыр – Еңбек мейрамы күні Ташкентте Түркістанның Советтік автономиясы жарияланды. Ал сол тарихи оқиғадан екі жарым ай бұрын Қоқан талқандалып, Түркістан өлкесіндегі алғашқы автономия жойылған еді…

1917 жылғы қарашаның ортасында Ташкент большевиктері Түркістан өлкесіндегі билікті қолға алды. Петроградта қазанның 25-інде жасалған төңкеріс үлгісімен, өлкеде совет өкіметі орнағанын Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің ІІІ съезінде жария етіп, халық комиссарлары кеңесін құрды. Мұсылман ұйымдары атынан съезге келіп сөйлеген Серәлі Лапин еуропалықтардың Түркістан өлкесінде бар болғаны бес-ақ пайыз екенін естеріне салып, құрылмақ үкіметте соған пропорционал жергілікті халық өкілдері болуын талап етті. Алайда большевизм елді басқару жұмысына оларды жолатпады: «Туземдіктер арасында пролетариат жоқ!». Бұған наразы мұсылман ұйымдары шұғыл съезд шақырды. Мұсылмандардың төтенше ІV құрылтайы 1917 жылғы 24 қарашада Қоқанда ашылды. 28 қарашада Түркістан өлкесінің автономиясын жариялап, Халық Кеңесі мен Үкіметін сайлады. Орта Азияда тұңғыш ұлттық-демократиялық мемлекет құру қарекеті осылай қолға алынды. Оның оңай болмасын Шора-и-Исламияның – мұсылмандардың орталық кеңесінің – төрағасы Мұстафа Шоқай кіріспе сөзінде ескерткен. Толыққанды мемлекет құру оңай емес, өйткені қазіргі таңда ондай ұлы істі жүзеге асыруға қажет білікті кадр да, жеткілікті тәжірибе де жоқ. М.Шоқай «Ең бастысы – автономиямызды қорғайтын армия да жоқ. Русияның бүгінде қатты әлсірегенін көріп отырмыз, бірақ соның өзінде ол бізден әлдеқайда күшті. Сондықтан да біз онымен жауласпай, достық рәуіште өмір сүруге тиіспіз», – деген. Сосын: «Большевиктердің бәрін күйрететін қиратқыш күш-қуатқа ие екеніне күмәнім жоқ.

Оған толық сенемін. Бірақ, бәрібір, Совет саясатын ұнатпаймын», – деді. Большевиктер күйреткіштік қабілетін тез-ақ көрсетті. Желтоқсанның 13-інде жұрт – Ташкенттің өзбек, қазақ-қырғыз тұрғындары мен айналадағы ауылдардан келген салт атты қалың қазақ – өлкеде елдік туы көтерілгеніне шаттанған. Алайда автономия тойының шырқын большевиктер бұзды. Бейбіт халыққа тасадан пулемет оғын жаудырды. Олардың мереке кезінде жасаған қанды қырғынын халық ешқашан кешпейді деп, ұлт қайраткерлері большевизмнің озбырлығына қасақана, автономия іргесін түрлі саяси шара қолдану жолымен нығайту жұмысын жүргізе берген. Алайда Түркістан автономиясының ғұмыры бар болғаны 64 күнге созылды. Үкімет құлатылды. Шаһар қиратылып, Қоқан халқы қанға бөкті. Бұл жайлы «Бірлік туы» газетінде Сұлтанбек Қожанов пен Хайретдин Болғанбаев нақты куәлік қалдырды.
Сұлтанбек мақаласында мүдде қайшылығын танытқан съездерге шолу жасады. Ташкентте большевиктер билікті зорлықпен қолға алғанда, келісіммен іс қыла алмайтынына көзі жеткен мұсылман ұйымдары «Қоқан шаһарында съез жасап, автономия ығлан етіп еді». Алайда большевиктер «бұл автономияны танымаймыз, өйткені ол Түркістанның байлары һәм моллалары жасаған іс. Оған кедейлердің қатысы жоқ» деген желеу айтты деп жазды ол. Сонда мұхторият үкіметі 25-ші желтоқсанда «жұмыскері бар, егіншілері бар, тағы съез жасады, онда Түркістан автономиясын жақтап, большевиктерге қарсы қаулы» алынды. Бұған большевиктер: «бұл – кедейлердің байлардан қорқып, жалтақтағаны», «шын кедейлер бұл сөзді айтпайды», «мұның үстіне Түркістан аймағында… қазақ-қырғыз автономиясы туралы бір сөз де айтылған жоқ. Соның үшін де бүтін Түркістан атынан ығлан етілген деуге болмайды. Байлардың етіп жүрген қулығы екені осыдан білініп тұр» – деді. Олардың осы жаласына жауап ретінде «…бүтін Сырдария облысы қазақ-қырғызы ғинуардың 6-сында Түркістан шаһарында съез жасап, съезде Түркістан автономиясын жақтап, большевиктерге қарсы қаулы жасады. …Енді большевиктердің сөзі таусылды ғой деп едік, тағы: «болған съездердің барлығы да байлардікі. Ішінше кедейлер болса, көбі – байлардың қасы мен қабағына қарағандар.
«…Біз өзіміз шын мұсылман кедейлерінің басын қосып, «мұсылман советін» ашамыз. Солар автономия керек десе, шын қаулы солардікі болады. Соларға ғана береміз» …деп жалтарып шыға келді». …23-ғинуарда: «Автономияны жоғалту тиіс. Мұсылмандар өздерін басқарып жүретін шекке жеткен жоқ», – деп қаулы жасады. Он миллионнан астам мұсылмандарды, …бүтін Түркістанды 5-6 большевик билеуге бел байлап отыр. …жүре-бара түзеліп кетер деген автономиямыз… бұған қол көтерілейін деп тұр, қарсы іс істелейін деп тұр…». Осындай қауіп білдірген Сұлтанбек Қожановтың мақаласы «Бірлік туында» 1918 жылғы 29 қаңтарда жарияланған еді. Ал жорымалы зұлымдық 31 қаңтарда аныққа шықты…
Совет өкіметін мойындаудан бас тартқан Түркістан автономиясының үкіметін тәубесіне келтіру үшін Ташкент большевиктері орталықтан жәрдем сұраған. Көмек кешіккен жоқ. Мәскеуден теміржолмен оқшашары, зеңбірегі мол қызыл әскер тиелген он бір эшелон келіп жетті. Оған қоса, өлкені патша әскері жаулап алғалы бері Ферғана алқабындағы қалаларға келіп қоныстанып, «Дашнакцутюн» саяси партиясына ұйысып алған армяндарды большевиктер қарумен арнайы жабдықтады. Дашнак-армяндар большевизм әскерінің қатарында Қоқанды айрықша өшпенділікпен талқандады. Халықты аяусыз қырып, қатыгездікпен көзге түсті. 1918 жылғы 31 қаңтардан 10 ақпанға дейін созылған сойқан соққы барысында большевиктер армиясы Түркістан мемлекетінің астанасын тас-талқан етті. Осылай, Түркістан өлкесін айналдырған жарты ғасыр ішінде әуелі империя мүддесін көздеген патша әскері, енді, міне, екінші рет, тап сол империялық мүддені таптық жалаумен бүркемелеп күйттеген совет әскері жаулап алды. 120 мыңдай халқы болған шаһар қирап, тұрғындарының төрттен бір бөлігі ғана аман қалды. Хайретдин Болғанбаев бұл күндерді Түркістан өлкесі халқының есінен өмірінде шықпас деп жазды. Өйткені осы он күнде «адам пішінді жыртқыштар» зеңбірек, оқшашармен Қоқан көшелерінде кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай, құтырған қасқырдай қырды. Неше мыңдаған бейбіт халықты қамыстай жапырып, шаһардың күлін көкке ұшырды. Бейкүнә мұсылман халқының қаны судай ақты. «Бұршақтай жауған пулемет оқтары астында тұла бойлары қалш-қалш етіп, екі көзі білеудей болып, құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырған жас сәбилердің», «құшағына баласын қысып, екі көзі ұясынан шығып қайда тығыларын біле алмай, дуалдан дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдерінің», «аяқ-қолдары тәлтіректеген, аппақ бастары селкілдеген сорлы кемпір-шалдардың» көрген қорлықтары, «тірідей отқа тасталғаны» ешқашан ұмытылмас. «Адам-хайуан» есепсіз мұсылман халқының қанын судай шашып, «өсіп келе жатқан бостандық гүлін» табанына таптады. Бұл он күн «Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндерге айналды». Сол күндергі жауыздықты жүрегі жылай отырып жазған Хайретдин «Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп», «қашанғы жоғалтқан еркіндігіне талпынған» «сорлы Түркістанды» алдандың дейді. Ақылға шақырады. Өлген теңдіктің шеттен келген бумен тірілмейтінін айтып, шын теңдікті аңсасаң – «өзгеріс буы өзіңнен шықсын» дейді. «Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды», солардың хайуандығынан «көз алдыңда судай аққан кінәсіз қан» бойыңа жылу жүгіртіп, «баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды» есіңе салуға тиіс дейді. «Ұлтын сатып, дінінен безген бұралқылар», біліңдер, «достарыңның қолдарындағы жосадай қызыл бояу» – өз «бауырларыңның қаны» дейді, діни кітаптағы Әбіл мен Қабыл аңызын еске салып, «әлде сендер Қабылдың сарқытын ішіп, өз бауырын өзі бауыздаған, өз ұлтынан өзі безген шоқындысыңдар ма?!» деген ауыр сұрақ қояды. Хайретдиннің бұл мақаласы «Бірлік туы» газетінің 1918 жылы 15 наурыздағы санында жарияланған-тын…
Түркістан автономиясын қатыгездікпен жойған жауынгерлік операцияның қайғылы салдары Мәскеуді қатты алаңдатты. Сондықтан, басмашыларға қарсы соғыс қимылын жүргізе отырып, «тәтті күлшемен» халықты алдаусыратуды да мұқият ойластырды. Түркістанның Советтік автономиясын жариялауды әзірлеу жөніндегі комиссияға орталық уәкілі етіп түркі халықтарынан шыққан Құсайын Ибрагимов пен Юсуф Кливлеевті қосты. Түркістан өлкесі кеңестерінің V съезі 1918 жылғы 20 сәуірде ашылып, 1 мамырға дейін жұмыс істеді. Қазақ, өзбек, түркмен, қырғыз, қарақалпақ, сондай-ақ пәлен ғасыр олармен бірге тұрып, біте қайнасып кеткен тәжік мекендейтін Түркі елінің кеңестік автономиясын жариялады. Съезд Түркістан Федеративтік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің (төрағасы П.Кобозев) құрамындағы 36 мүшенің жетеуін, Халық комиссарлары кеңесінің (төрағасы Ф. Колесов) құрамындағы 16 мүшенің үшеуін жергілікті халық өкілдерінен сайлады. Бұл, қанша дегенмен, сәл де болса әділетке бет бұрушылық іспеттенді. Өйткені, еуропалық аз кірме өткізген Түркістан өлкесі Кеңестерінің 1917 жылдың 15–22 қарашасындағы III съезі алғашқы Халкомкеңес (Ф. Колесов сонда бірінші рет төраға боп сайланған) құрамына бірде-бір жергілікті ұлт өкілін енгізбеген болатын. «Түркістандағы Ленин» деп дәріптелетін И.Тоболин серіктерімен оларды басқару ісіне пісіп-жетілмеген деп санаған-ды. Марксистік көзқарас бойынша көшпенділердің болашағы жоқ. Сондықтан, ашықса да, азық-түлікті оларға емес, әлемдік революция жасайтын Қызыл армияға беру керек деген ұран солардікі еді.
Түркістанның Кеңестік автономиясын жариялап, өкіметінің құрамына бірлі-жарым түркі қайраткерін қосу арқылы, большевиктер жергілікті халыққа көрсеткен бастапқы астам көзқарасының ептеп өзгере бастағанын сездірді. Осы жәйттен үміттенген, әрі Қоқан қырғынынан көңілдеріне қаяу түсіп, шарасыздыққа душар болған ұлт қайраткерлерінің большевиктер беріп отырған осынау мемлекеттілік түрін медеу тұтудан басқа амалы қалмаған еді. Сондықтан олар өлкенің 1 мамырда салтанатты түрде жарияланған кеңестік қалыптағы автономиясына қолдаушылық көрсетті. Және оны біртіндеп ұлттық мазмұнмен толықтыру үшін күресті. Түркреспубликада 1918 жылғы көктемде Халық университеті, күзде Ташкент педучилищесінің қазақ бөлімшесі ашылды. 1920 жылы Халық университеті негізінде Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Ал орыс оқу орнындағы қазақ бөлімшесі 1919 жылы дербес педагогикалық училище тәжін киіп, 1920 жылы Қазақ ағарту институты (Киргизский институт просвещения, Киринпрос) атты жоғары оқу орнына айналды.
Түркреспублика Әскери комиссары Константин Осипов 1919 жылғы қаңтарда қарулы көтеріліс жасады. Өзін диктатормын деп, қала халқына үндеу жариялады. Ол – Ташкент кадет корпусының түлегі, Қоқан қырғынын жасаушылардың бел ортасында болып, республиканың әскери комиссары мансабына жеткен, сосын Созаққа әскери жорық жасап, момын халықты ойрандап, тонауымен аты шыққан 22 жасар жас жігіт еді. Соның бұйрығымен автономияның 14 комиссары көтерілісші қосынның казармасы сыртында атып тасталды. Дегенмен, сол қаңтарда-ақ бүлікшілер жеңілді. Көктемде ТүркЦИК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басшылығымен өлкелік партия комитеті жанынан Мұсылман бюросы (Мұсбюро) құрылып, ұлттық коммунистік ұйымдармен, жалпы ұлт қызметкерлерімен тікелей жұмыс жүргізуге кірісті. Колчакқа қарсы көтеріліске қатысып, ақтардан бой тасалауға мәжбүр болған 19 жасар Дінше Әділов 1919 жылдың жазында Ташкенттегі осы Мұсбюроға келген. Осында өзіне Омбыдан таныс Хайретдин Болғанбаевты кезіктірген де, сол арқылы Сұлтанбек Қожановпен танысқан. Өзінен бес-алты жас үлкен осы ағаларынан өлкедегі тарихи оқиғаларды, өзгерістердің қыр-сырын терең біліп, саяси сабақ алған. (олар Діншені өздері істейтін педагогикалық училищедегі қазақ бөлімшесіне қызметке тартты). Дінше аға-достарымен сырласа келе, «большевиктер өлкеге азаттық әкелді» деген байламға күдікпен қарады. Тап сол шақта Перовск уезінде Гержод деген большевик совет өкіметі атынан көшпенді халыққа қырғидай тиіп жүрген-тін. Аймақтағы белгілі ел ағаларының мал-мүлкін тонау өз алдына, өздерін абақтыға жауып, тіпті сотсыз-тергеусіз, өз ұйғарымымен атып тастайтыны жайындағы қорқынышты хабар дүңк-дүңк естілетін. Сол большевиктің қолынан Сұлтанбектің жұбайы Гүләндамның үлкен ағасы Сейдәлі Лапин қаза тапты. Оның інісі, Қоқанда жарияланған автономия басшыларының бірі болған Серәлі түсініксіз жағдайда өмірден өтті. Дінше Қиыр Шығыста, одан Сібірде тыныш елді ақтардың ғана қудалағанын көріп-білген еді. Ал өзі арқа тұтып келген қызылдардың олардан да өткен сұмдық жасайтыны үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ақ Сібірден қызыл Түркістанға қашып келгеніндегі ащы ақиқат көңілін қатты құлазытты. Әйтсе де мұндай сұрқиялармен солардың большевиктер партиясы қатарына кіріп алып барып күресу керек деген Сұлтанбектің шешімі қобалжуын басқандай болды. Педучилищеде сабақ бере жүріп, Түркістан университетінде дәріс тыңдады. 1920 жылдың көктемінде, Мұсбюро мен Түркаткомның ұйғарымына сәйкес, Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігіне бекітіліп, Верныйға аттанды. Совет өкіметінің халыққа уәде еткен жақсылығын жүзеге асыруға тікелей атсалысуды парызым деп ұқты…
«Түркістан Кеңестік автономиясының он жылдығына» (1928) атты кітапшасында Сұлтанбек Қожанов өлкедегі төңкерістің табиғатына, саяси күштер мен олардың әлеуметтік сүйеніштеріне талдау жасап, Түркістанның 1918 жылғы 1 мамырда мемлекеттік құрылым ретінде рәсімделуі кейінірек Орталық Азияда бес бірдей ұлт республикасының құрылуына кеңестік база жасап берді деп қорытты. Түркреспублика алты жыл ғана өмір сүрді. Соның өзінде ол өлкенің саяси тарихында өшпес із қалдырды. Өйткені империяның мешеу отары болып келген аймаққа автономия беру арқылы, Қожановтың сөзімен айтқанда, «ұлттық құрылыс салудағы нақты алғашқы қадам жасалды. Бұл сонысымен маңызды». Шынында да, советтік негізде болса да, Түркістан Республикасының шаңырақ көтеріп, алты жыл қызмет атқаруы өлкені мекендеген ұлттардың болашақта мемлекеттік тәуелсіздікке жетуіне жол салған ұлы оқиға болды. Түркреспублика кеңес билігі қоластындағы Шығыста тез арада қаһарлы ұлттық мемлекеттік құрылымға айналды. Қысқа мерзімде ұлттық кадрлар қатарының толыққаны сондай, 1920 жылы-ақ Тұрар Рысқұлов бастаған ұлт коммунистері Түркі Республикасын және Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру туралы қаулы қабылдануына ұйтқы болды. Түркістан жұртының мұндай біртұтастық танытуға ұмтылуы орталық биліктің үрейін ұшырды. Ленин өлкені «Өзбекия, Қазақия, Түркменияға» бөлшектеу арқылы ондағы ұлттық-аумақтық тұтастықты жою амалын қарастыруды тапсырды. Бас хатшы Сталин 1924 жылдың басында Орталық Азияны жаңаша бөлшектеп, тиімді басқару әдісін енгізу шарасына бата берді. Мәскеу эмиссарлары Түркістан, Бұхара, Хорезм (Хиуа) республикалары қайраткерлерінің тар ұлтшылдық сезімін қытықтап, науқанды қажет арнаға бағыттады. Өзбек пен түрікменнің лауазымды қызметкерлері тезірек ұлттық үй тігіп алу бағытын ұстанды. Оларға сол дәуір ұғымындағы тәуелсіздік туын көтерудің, Кеңес Одағы шаңырағына дербес уық қадаудың ғаламат мүмкіндігі ашылған еді. Мәселе ұлт қайраткерлері арасында қызу талқыланды. Осы үш республика халқын Мәскеу ұсынғандай жеке ел болулары үшін ұлттық белгілері бойынша топтастырып, жаңаша жіктеу керек болды. Нәтижесінде, түркілердің әр ұлысы өз мемлекетін құрып алу үшін бір-бірінен іргесін ажыратуға ұмтылды. Сонда оларға Түркреспублика басшыларының бірі – Сұлтанбек Қожанов қана қарсы шықты. Ол өлкені ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеуді қарабайырландыруға болмайды деген ойды алға тартты. Ғасырлар бойы қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтардың өзара тығыз байланысын күрт үзу – межеленудің мақсаты болмауға тиіс деп пайымдады. Тәуелсіздікті тек бір жақты қарастыруға болмайды. Межелену өзбек пен түрікменге тиімді екен, бірден одақтас республика тәжін киетін көрінеді. Бірақ содан дәмеленіп, көршілерін елемей, жылдамырақ бөлектенсем, өз отауымды тігіп алсам деген өзімшілдік көзқарас түбірімен қате деді ол. Жер еметін өзбек экономикалық тұрғыда қазірдің өзінде тәуелсіз. Оның ғасырлар бойы аралас-құралас тіршілік құрып келе жатқан малшы қазақтан ірге бөліп, ат құйрығын үзіп кетем деуі кеңестік көзқарасқа жатпайды. Ондай әрекет советтердің ұлттарды өзара жақындатып, бірін-бірі толықтыра отырып дамыту идеясына жат. Қожанов осылай пайымдады. Осы пайымы жетегімен, Мәскеу ұсынған жіктелу бағдарламасына көзсіз құлай кетпей, межеленетін республикалардан Орталық Азия Федерациясын құру идеясын көтерді. Терістіктегі Қазақ Республикасын да қосып, Орталық Азия экономикалық қауымдастығын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Сөйтіп, баршасына ортақ Орталық Азия Федерация шаңырағын көтергеннен соң ғана, Кеңестік республикалар одағын құрайтын тәуелсіз мемлекеттер қатарына кірген жөн деп санады. Дамуы кенжелеу ұлттық құрылымдарды озықтармен Орталық Азия Федерациясы құрамында теңелту, сөйтіп, бәрін де болашақта дербес одақтық тәж киюге әзірлеу бағытын ұсынды. Алайда жеті-сегіз ай бойы Мәскеудің астыртын басшылығымен жүрген қызу айтыс-тартыс бөлшектенуге құмартқандардың пайдасына шешілді. Қазақ елінің аумағымен (2,8 млн шаршы километрден астам, халқы 6 млн шамасында) салыстырғанда жері оймақтай ғана, халқының саны аз өзбек (құрамындағы тәжік автономиясын қосып есептегенде, қазақ жерінің аумағынан – 5,5 еседей кіші, халқының саны 1,5 еседей аз) және Түрікмен (жері 4 есе, халқы 5 есе аз) республикалары тікелей Одақ құрушы мемлекеттер қатарына кірді. Ал жер-суы мен халқы біріккен біртұтас алып Қазақ Республикасы барлық көрсеткіштері жағынан одақтық тәж киюге лайық болғанымен, автономия мәртебесі өзгертілмей, Ресей Федерациясының құрамында қалдырылды. Жаңа республикалар өз араларында экономикалық қауымдастық құруды құлшына қолдағанмен, оған Қазақ Республикасының қатысуын қаламады. Қалың қазақ ауылдары ортасындағы Ташкент, қазақ алыс заманнан өзінің астанасы ретінде таныған Ташкент Сталиннің «қамқорлығымен», одақтас республика туын Самарқанда тіккен Өзбекстанның құрамына берілді. Ал өзбек ішінде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық ауданы аз жылда құрдымға кетірілді. Шекара Ташкенттің түбіндегі Құрбашы деген жерден сызылған еді, алайда, мысықтабандап жылжыған өзбек ағайын түрлі амалмен қазақтың едәуір жерін қосымша кертіп бөліп алып, біртіндеп осы күнгі аумақты иеленді. Қазақ елінің тыныс-тіршілігі еуропалық орталыққа байланды. Ал одан, Қазатком төрағасы Сейітқали Меңдешовтің V Қазақстан Кеңестері съезінде өте сақтықпен, сыпайы мәлімдегеніндей, ашығып жатқан аймақтарға жәрдем бөлгізу, тіпті де мүмкін емес еді. Ақырында, «большевиктердің аштық саясатының» (Мұстафа Шоқай) Сталин жүргізген үшінші кезеңінде, көшпенді қазақ бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген ұлттық апатқа ұшырады. Көшпенді қазақтың шашылған сүйегі үстіне большевиктер шартараптан «халық жауларын» тасып әкеліп, казармалық социализм құрылысын салуға кірісті. Одан «тың жерлерді» жаңаша игеріп-отарлаушылар мен дәулет қуған келімсектерді тоғытып-топырлатқаны сондай, қазақ өз атамекенінде тұратын барша халықтың үштен біріне де жетпей қалды.
Түркістан Федеративтік Республикасын 100 жылдығына орай еске ала отырып, қысқа ғұмыр кешкен осы мемлекеттік құрылымның тарихи тағлымын әлі жете танымағанымызға назар аударғымыз келеді. Тамыры бір, тарихы ортақ Орталық Азия республикаларының одақтасу мүмкіндігі кеңес империясы ыдыраған шақта туған болатын. 1924 жылы кері қағылған Орталық Азия федерация құру идеясын 1991 жылы славян республикалары үлгісімен жаңаша жаңғырту қажеттігі тіленіп тұрған еді. Мәскеу жасаған жаңа бірлікке Үлкен Түркістан қауымдастығын құрып, мүше болғанда – көп дерттің алды алынар еді. Алайда ол кезең пайдаланылмады. Бертінде Қазақ елі тарапынан баршаға пайдалы Орталық Азия Одағын құру бастамасы көтерілгенде, қырғыз қолдағанмен, өзбек көршілес елдер қарсылық көрсетті. Дегенмен кейінгі кездері өзара тиімді қарым-қатынас жасалуда. Осыған тәубе дегіміз келеді. Тарих – Ұлы ұстаз. Өзімізді өзіміз тарихпен тәрбиелейік, тарихтан тәлім ала білейік. Өлкеміздің болашағы – бірлікте.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы-тарихшы

13 шiлде, 14:43
Әлихан Бөкейхановтың ауылы
13 шiлде, 12:52
Журналистикаға оралуды армандадым
13 шiлде, 12:40
Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл
06 шiлде, 12:28
Мұқағали бейнесі әлі есімде
06 шiлде, 12:04
Алтын кеседегі көл "жасы"
06 шiлде, 11:52
Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?
02 шiлде, 11:01
Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі
29 маусым, 11:38
Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана