jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Шүкір, банкке қарызбын!

11 мамыр, 11:25
1261

Қазір банкке кіріптар адам көп. Жуырда мен де бір банктің «қорығына» кірдім де кеттім. Ешкім еріккеннен қарыз алмайды. Бәрі қажеттіліктен. 1 миллион теңгеге өтініш берген едім, 8 пайызын комиссияға ұстап, қолыма 920 мың теңге берді. 3 жылға бөлгенде, артық төлем 364 мың теңгеге бір-ақ шықты. 8 пайыздық комиссиясын (80 мың), үстіндегі артық төлемін (364 мың) қосып есептегенде, банктің менен алатыны 50 пайызға жуықтап тұр. Несие алған кезде, бәрі оңай. Барасың, арыз жазасың. 10-15 минуттың ішінде қалтаң қампайып, кассадан қайқайып бара жатасың. Бір-ақ сәтте байып, кісі танымай қалатының бөлек әңгіме. Мұны неге айтып отырмын? Қазір несие берумен банктер ғана емес, кейбір ұйымдардың өздері айналыса береді. Олардың үстеме ақысына қарасаң, менің күңкілім түк болмай шықты.


Мәселен, соңғы кездері «онлайн-несие» деген пайда болды. Жарнамасы жер жарады. Кез келген адамға, тіпті жұмыссыз бен зейнеткерге де несие береміз деп кісінің көзін қызықтырады. Олар несиені интернет арқылы рәсімдейді. Әлгі шағын қаржы ұйымдарының ғаламтордағы сайтына кірсеңіз, шынында да несие алу аса қиын емес. Сілтеме арқылы өтіп, өтініш қағазын толтырасыз. Төл құжатыңызды, мекен-жайыңызды, қарызды қайтару мерзімін сұрайды. Ал ақша карточкаңызға кеп түседі.
Онлайн-несиені алу оңай болғанымен, оны қайтару қиын. Жылдық үстеме ақысын айтудың өзі қорқынышты! 900-1000 пайыз! Өңіңіз түгілі, түсіңізге де кірмейді. Бірақ қаржыдан қысылғандар ондай кезде саусақпен санай алмайтын пайызға қарап жатпайды. Мәселен, қарызға белшесінен батып, жанайқайын КТК телеарнасына жеткізгендер баршылық. Солардың бірі – Қарағанды тұрғыны Кристина. Ол интернет арқылы бір ұйымнан 85 мың теңге, екіншісінен 200 мың теңге алған. 1 айға деп рәсімдеген несиені дер кезінде қайтара алмай, кешіктіріпті. Алғашқысының қарызы 550 мың, соңғысы 1 млн 200 мың теңгеге дейін «ғарыштық жылдамдықпен» өскен.
Астаналық Жандос та қаржыдан қысылғанда жылдам ақшаға жүгінгендердің бірі. Интернет арқылы бір айға 100 мың теңге алып, үш есе артық төлеммен әрең қайтарыпты. Бұрынғылар «Оңай келген ақша оңай кетеді» деуші еді. Ал онлайн-несие оңай келгенімен, оңай қайтпайды. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығадының» дәл өзі.
Елімізде онлайн-несие берумен айналысатын 15 фирма заңды түрде тіркеліпті. Жұмысы да қызып тұрған көрінеді. Бұдан бөлек, аңқау мен аңғал азаматтарды алдап жүрген жалған несие ұйымдары да жетерлік. Олардың қақпанына түсіп қалғандар да кездеседі. Сондықтан қаржы қитұрқысының қалтарыс-бұлтарысын жақсы білетін мамандар халыққа интернет арқылы ақша аларда аса сақ болуға кеңес береді.
Қаржы ұйымдары қарыз берер кезде клиент туралы мағлұматты заңсыз жинайды. Негізі, несие рәсімдеу үшін ақшаға мұқтаж кісінің жазбаша рұқсаты болуға тиіс. Бірақ онлайн ұйым бұл талапты сақтамайды. Мұндай шикілікті көріп тұрса да, қарызға батқандардың қарасы мол. Елімізде осындай жолмен 236 мың адам интернеттен жедел несие алып үлгеріпті. Ал мұндай клиенттің құқығы заңмен қорғалмайды екен.
Өткенде депутаттардың сұрағына жауап берген Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «Онлайн-несие беретін ұйымдардың жұмысын реттеу керек. Егер банктер 56 пайыздық жылдық үстемақымен қарыз берсе, онлайн-несиеде шек жоқ. Олар 700, тіпті 900 пайызға дейін көтереді» – деп таңқалған. Ұлттық банк бұдан былай қолы қысқа, қалтасы жұқа талай жанды қанап келген қаржы ұйымдарына тосқауыл қоймақшы. Бұдан былай мұндай компаниялар жылдық үстемені 100 пайыздан асырмауға тиіс. Сондай-ақ несие тек теңгемен беріледі. Егер шағын фирма жаңа заңда жазылған осы талапты бұзса, клиентке берген қарызы қайтарылмай, келісімшарттың күші жойылады. Ұлттық банк тіпті онлайн фирмаларды сотқа сүйреуге дайын. Мұндағы мақсат – интернет арқылы несие беретін ұйымдарды жабу емес, азаматтарды өмір бойы қарыз төлеуден құтқару. Мәжіліс мақұлдаған «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң аузы күйген адамдарды қорғайды деген үміт бар. Құжат күшіне енсе, еліміздегі мың пайызбен несие беретін шағын фирмаларға жаппай тексеру жүргізілуі мүмкін.
Теледидардан осыны көргенде «Шүкір, интернетке емес, банкке қарыз болғаныма!» дедім еріксіз.

 

Жарас
Кемелжан

18 маусым, 11:45
"Жалбаңдап жан баққанша, қайыр сұрағаным артық"
14 маусым, 18:55
Жауһардан да қымбат қазан
14 маусым, 18:47
Мүсіреповке муза болған актриса қарттар үйін паналап жүр
25 мамыр, 11:59
Қазақ қыздарына қайран қалмаймын
18 мамыр, 12:37
Ашаршылық ақтаңдақтары
18 мамыр, 12:20
Банк борышкердің құқығын ескермейді
11 мамыр, 11:35
Тағылымды тауарих
11 мамыр, 11:25
Шүкір, банкке қарызбын!