jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Медиа форум — жаһандық пікірталас алаңы

04 мамыр, 14:50
179

2018 жылдың 22-24 мамыр күндері Алматы қаласындағы The Ritz Carlton отелінде XV Еуразия Медиа Форумы өтеді. Жыл сайынғы осымен он бесінші мәрте өткізілетін Медиа форум 60-тан аса мемлекеттен 500-ге жуық делегаттарды жинауда. Әлемнің 1500-ден аса танымал ақпарат құралдары: Euronews, CNN, BBC, Associated Press Television News, Reuters, Bloomberg, New York Times, Al Jazeera English, ТАСС, РИА «Новости», РБК, Первый канал, ИА «Джихан» және т.б. форумның серіктестері қатарынан табылды.
Биылғы форум тақырыбы «Эволюцияның 15 жылы: әлем қалай өзгереді және бізді қалай өзгертеді» аясында өрбімек. Онда шетелдік сарапшылармен бірлесе отырып, медиа саласындағы заманауи технологиялар: блогосфера, фейк-жаңалықтар және тағы басқа мәселелер талқыланады. Бұл ретте, Еуразия Медиа Форумның бас директоры Руслан Жемковпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Руслан Сергеевич, әңгімені форум тақырыбынан бастайықшы. Неге «Эволюцияның 15 жылдығы»? Жалпы, форумның көздеген мақсат-мұраты неде?
Біздің жыл сайынғы мақсатымыз біреу, ол – осы форум арқылы елімізді әлемге таныту. Яғни Қазақстанды жаңа қырынан көрсету және біз туралы дұрыс ой қалыптастыру. Медиа форум – бұл жаһандық мәселелер талқыланатын пікірталас алаңы. Сондықтан, біз еліміздің әлемдік тенденциялардан артта қалмағандығын, керісінше белсенділігін және өзге елдермен тәжірибе алмасуға дайын екенін көрсеткіміз келеді.
Пікірталас әрдайым конструктивті диалогтарға айналады. Бұл үлкен мақтаныш және мұны форумның қол жеткізген ең басты құндылығы санаймыз.
Ал тақырыпты таңдау мәселесіне келсек. Биыл біздің мерейтойлық форум, 15 мәрте ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан осы уақыт аралығында әлеммен бірге медиа саласының да өзгергенін, оның эволюциясын көрсеткіміз келеді.
Заман ағымымен біздің де, біздің көзқарасымыздың да өзгеруі заңдылық. Бұл ретте, мақсатты аудиторияға жаһандану заманында жұтылып кетпейтінімізді дәлелдесек дейміз.
Зымыраған уақытқа ілесіп, өмір сүру кейде қорқынышты. Бірақ оң өзгерістерден бас тартпауымыз керек. Егер өзгеріске бет бұрып, кез келген мәселені талқылап, түсінуге ұмтылсақ, бейбіт өмір сүретініміз анық.
– Түсінікті. Өзіңіз айтқандай, форум 15-рет өткізілгелі отыр. Қандай да бір нәтиже бар ма?
– Әрине, бар. Мәселе бағалауға байланысты. Біз үкіметтік емеспіз. Қандай да бір коммерциялық мекеме де емеспіз. Десе де, ел беделін әлемдік деңгейде қалыптастыру бағытында еңбек етіп жатқанымыз анық. Форумның өзі – мемлекетіміздің нағыз PR құралы болып табылады. Бұл жай сөз емес, іспен көрсетіп жатырмыз. Форумға келген шетелдік қатысушылар «бұрын-соңды қатысқан форумдардың үздігі» деген баға беруде. Өйткені, барлығын тәжірибе түрінде көрсетеміз. «Еркін пікірталас пен еркін микрофон алаңын» ісіміз арқылы жүзеге асырып, пікірлердің сан алуандығын дәлелдеудеміз. Егер шетелдіктерге еліміз туралы жақсы пікір қалыптастыра алатын болсақ, бұл нәтижелі жұмысты білдірсе керек. Әрине, нақты өлшеп бағалау қиын. Дегенмен бірқатар мықты елдердің көрсеткіштері мен рейтингіне қарап-ақ форумның деңгейін көруге болады деп ойлаймын.
Спикерлер мен хэдлайнерлер кімдер? Кімдер келеді, кімдер болды?
– Әдет­тегідей, биыл да шақырылған қонақтар қатарында саяси сарапшылар, экономистер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Атап айтар болсақ, Италияның экс премьер-министрі Маттео Ренци, Арлем Дезир (ОБСЕ), Барак Обаманың коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Роджер Фиск, Грузияның экс-білім министрі Хатия Деканоидзе, танымал журналистер мен тележүргізушілер арасында Софико Шеварнадзе (Russia Today), Рено Жирар (Le Figaro), Гэвин Хьюитт (BBC), сенатор США Макс Баукас және т.б. бар.
– Мықты. Осы ретте, мынадай сұрақ туындауда. Бұл форум бізге керек пе? Еуразия Медиа Форумының өзге форумдардан айырмашылығы қандай?
– Бастапқыда біз Kazakhstan Gateway деген атаумен жоба ретінде құрылдық және форумның басты ұраны East or West – Peace is best еді. Менің ойымша, ол әлі күнге өз өзектілігін жойған жоқ. Біз пікірталас алаңымыз, әлем елдерінің бейбіт болғанын, ынтымағының жарасуын қалаймыз. Бүгінгі қоғам соғыстан, террорлық шабуылдардан, экологиялық қиындықтардан, күрделі экономикалық дағдарыстар, тағысын тағылардан шаршады. Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарынан, блогерлерден, іскерлік этика мен моральды бизнес, саясаттан да шаршады. Біз бүгінгі қоғамның келбетін көрсетеміз. Қоғамның барлық дертін жазамыз деп айтудан аулақпыз. Бірақ біз осы мәселелердің шешімін бірге іздейміз, талқыға саламыз және бүкіл әлемге үндеу тастаймыз. Ал Қазақстан ұқсас форматтағы мәселелерді шешуде Еуразияда көшбасшы.

– Алдыңғы жылдары форум Астана қаласында өтті. Оның үстіне айтулы шаралардың біразы Елордада өтеді. Бұл жылы неге Алматы?
– Еліміздің астанасы түрлі форум, саммит, конференциялардың алаңына айналды деп толық айта аламын. Елордамыздың даму стратегиясында біраз іскерлік іс-шаралар өткізілді. Бірақ, біз Алматыда дүниеге келдік. Биыл біздің мерейтойымыз болғандықтан, оңтүстік астанамызға оралып, қалай басталғанын еске алғымыз келді. Оның үстіне, Алматы әлі де болса, шығармашыл адамдардың басын қосатын еліміздің мәдени астанасы. Креатив, идеяның ордасы. Біздің бұл шешімімізді алматылықтар құптайды деп ойлаймын.
– Еліміздің имиджін қалыптастыруда форумның атқарар рөлі қандай?
– Әлгінде атағанымдай, форум мемлекетіміздің PR құралы. Әлемдік сарапшылар елдің PR-ін басты тақырыптардың бірі ретінде талқылайды. Сондай-ақ кәсіби қауымдастық ел брендингі туралы сөз етеді. Дегенмен барлық тарап жаңа имидж тәсілі керектігін алға тартады. Еуразия Медиа Форум алаңы Қазақстанның бетке ұстарының бірі саналады. Бұл терминді кезінде Саймон Энхольт енгізген. Ол мұндай шаралар арқылы ел қалаған нәтижеге қол жеткізе алатынын айтқан.
Әрине, ел имиджін қалыптастыруда жалғыз біз ғана жұмыс жасап жатырмыз деп айта алмаймын. Ол үшін бүгінде елімізде арнайы құрылған ұлттық компаниялар бар. Барлығымыздың мақсатымыз бір. Мүддеміз ортақ.
Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы форум жұмысына сәттілік тілеймін!

 

Айдос
Құсайынұлы

19 қазан, 11:35
Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары
12 қазан, 12:14
Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?
12 қазан, 12:08
Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын
08 қазан, 14:52
Арқа (әңгіме)
28 қыркүйек, 12:39
Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады
28 қыркүйек, 12:14
Ең басты мәселе – өңірлік және жаһандық қауіпсіздік
24 қыркүйек, 11:25
«Тозақ отынан» оралған әйел
21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер