jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Салқыны санкцияның басылмай тұр

20 сәуiр, 12:38
418

Қазір әлем нарығы АҚШ президенті Дональд Трамптың әр қадамын жіті қадағалап отыр. Себебі ол Қытай, Ресей, Солтүстік Корея сынды экономикасы дамыған елдерге санкция жариялап үлгерді. Сауда соғысында кімнің үстем түсетіні кімді де болсын қызықтырады. Трамптың АҚШ-қа келетін болат, алюминий сияқты металдарға шектеу салғаны отқа май құйғандай болды. Қытай, Ресей, Еуропа Одағы міндетті түрде қарсы жауап дайындайтынын жеткізді. Қазір ресейлік компаниялардың құнды қағаздары құлдырауда. Мәселен, алюминий өндіретін «Русал» компаниясының акциясы 2,4 пайызға түскен. Бұл алыптардың айқасы еліміздің экономикасына қаншалықты әсер етеді? Осы сауалдың жауабын білмек болып экономистерге хабарластық.

 

Ілияс Исаев, экономист: 

Ресейге қойылып жатқан санкция Қазақстан экономикасына міндетті түрде әсер етеді. Себебі сырттан алатын импортымыздың 35-37 пайызы Ресейдің үлесінде. Сондай-ақ екі ел Еуразия экономикалық одағының құрамында болғаннан кейін көмір, газ, мұнай саласында ортақ меншіктеріміз бар. Екі елдің қалталы азаматтарының мұнай, газ саласындағы кәсіпорындарда акциялары бар. Сонымен бірге Еуразия экономикалық одақ аясында екі мемлекет бірқатар өндіріс саласында бірлесіп жұмыс істейді. Көлік құрастыру саласында да бірлескен жобалар бар. Әрине, мұндай кезде санкцияның салқыны еліміздің экономикасына әсер етуі әбден ықтимал. Санкция кезінде Ресейдің АҚШ-қа экспорт көлемі қысқарады. Экспорт қысқарған соң Ресейге түсетін валюталық түсім азаяды. Сәйкесінше, кәсіпорындардың табысы төмендеп, қызметкерлері жұмыстан босатылады. Экономика бір-біріне осылай тәуелді болғандықтан, шектеудің әсері бізге де тиеді. Биыл еліміздің төртінші өнеркәсіптік революциясы деген бағдарламасы қабылданды. Онда экономиканы әртараптандыру арқылы, болашақта импорттың орнын отандық тауармен алмастыру мәселесі айтылған. Алайда импортты түгелдей алмастыру ұзақ жылдың әңгімесі. Оған ғылым, технология, техника керек. Ал оны дамыту үшін білімді жастар қажет. Қазір елімізде техника мен технологияны дамыту үшін жоғары оқу орындарында техникалық білімдерге грантты көп бөлуде. Дегенмен оларды білікті маман ретінде даярлау үшін біраз уақыт қажет. Кешегі студент, оқу бітіре сала өз саласын жетік біле қоймайды. Әзірге бізде темірден түйін түйетін маман жоқ. Екінің бірі экономист, журналист, заңгер. Ядролық физиканы жетік білетін қазақтың қай баласын білесіз? Жарайды, математика саласында бір-екі жігіт бар. Ядролық физика, термоядролық физика, атомдық физика салаларында өзіміздің мамандар болмайынша, біз импорт алмасумен айналыса алмаймыз. Мәселенің барлығы талантты инженер, талантты ғалымдарға келіп тіреледі. Қазір қарап отырсақ, кәсіпкерлердің барлығы сиыр, жылқы бағып жүр. Атомдық реакторды тізгіндейтін қазақты көрдің бе? Сол себептен экономикамызды әртараптандыру үшін біраз уақыт керек. Оған мақсатты түрде дайындық қажет. Кез келген елдің қуаты — оның ғылымында. Қазір жастарды робот құрастыруға бейімдеп, дайындап жатырмыз. Бұл құптарлық іс. 15-20 жылдан кейін өзімізден де асқан талантты азаматтар шығуы мүмкін.

Тимур Тоқтабаев,

Қазақстан инвестициялар және даму вице-министрі:

Әрине, санкциялар – бұл форс-мажорлық жағдай. Алайда біз барлығымыз көрші мемлекеттермен бір экономикалық кеңістікте өмір сүреміз.Біз осыны есепке алып, түсінуіміз керек. Санкцияның экономикаға кері әсерін тигізбеуін қалаймыз. Ол үшін үкімет тиісті шара қабылдап жатыр. Қазір оқиғаның қалай өрбитінін күткен жөн. Содан кейін ғана бір қорытынды жасаймыз. Себебі тау-кен металлургия саласына қатыстының барлығы, мейлі ол шикізатпен жабдықтау, кендерді жеткізу болсын, мұның барлығы үлкен капиталды қажет етеді. Бір күнде барлығын тоқтата салу мүмкін емес. Сол себепті, жағдайға қарай көреміз. Экономикалық соғысқа, санкцияларға, саясатқа байланыстының барлығын болжап білу қиын. Сондықтан біз қалай болғанда да экономикаға қарайлауға мәжбүрміз. Біздің Ресеймен тауар айналымымыз өте жоғары. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында бұл көрсеткішті арттыруға болады. Санкциялар әзірше белгілі бір компанияларға ғана қатысты. Жалпы, ресейлік компаниялар жұмысын сәтті жүргізіп келеді. Сол себепті, бұл мәселеде қазақстандық компаниялардың қатысуын қысқартуға себеп көріп тұрған жоқпын. Әрине, тәуелсіз мемлекет ретінде мұндағы тәуекелдерді де есепке алуымыз керек. Санкциялар қалай болғанда да әсерін тигізеді. Мәселе сол әсердің қаншалықты зор болуында. Қазір барлығы шекті шамада болып отыр. Тағы бір-екі ай өтсін. Сол кезде барлығы түсінікті болады.


Мақсат Халықов,
экономист:

АҚШ-тың Ресейге салған санкциясынан бұл елдің экономикасы біраз тығырыққа тірелді. Әсіресе, Қор нарығы. Шектеу қойылған компаниялардың бағалы қағазының құны төмендеп кетті. Ресей билігі сол кәсіпорындарды қалай құтқарамыз деп бас қатырып отыр. Ал АҚШ тарапы болса, мұнымен шектелмей, келесі кезекте Ресейдің банктеріне санкция саламыз деген емеурін білдірді. Ондай жағдайда еліміздегі ресейлік банктердің акциясы құлдырайтын болады. Ал Қазақстан компанияларының, банктерінің құнды қағазы осы жағдайға байланысты түсіп жатыр дегені шындыққа жанаса қоймайды. Қор нарығы болғандықтан бағаның түсуі, көтерілуі қалыпты жағдай. Алдағы уақытта инвесторлар отандық компаниялардың акцияларына қаржы салса, акция құны қайта өсуі мүмкін. Бірақ бұл санкция валюта нарығына тікелей әсерін тигізіп отыр. АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы рубльдің құнсыздануына әкелді. Ал рубль құнсызданса, теңге де құнсызданады деген түсінік бар. Сәйкесінше, долларға сұраныс артып, теңгенің біршама арзандағанын көрдік. Бірақ теңгеге қарағанда рубль құнсызданған. Бұл тұста елімізде долларға қатысты сұраныс қатты артып кетпеуі үшін Ұлттық банк араласқан болуы керек. Енді АҚШ санкция салып жатқан соң, олардың тауары да Ресейге келмейді. Осы тұста отандық тауарларды көршілес елге неге көптеп тасымалдамасқа деген ой туындайды. Бірақ қазір рубльдің құны түскен соң, ол жаққа отандық тауарды экспортқа шығару тиімсіз. Біздің тауарлар бәсекеге қабілетті бола алмайды. Оның үстіне АҚШ-тан Ресейге келетін тауарлардың тізімін қарау керек. Егер сол тізімде бізде бар дүниелер болса, нарықты жаулап алудың жолын қарастыру қажет. Себебі рубль алдағы уақытта қайта қалпына келеді.

Дайындаған Елдос Өмірзақ

19 қазан, 11:35
Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары
12 қазан, 12:14
Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?
12 қазан, 12:08
Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын
08 қазан, 14:52
Арқа (әңгіме)
28 қыркүйек, 12:39
Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады
28 қыркүйек, 12:14
Ең басты мәселе – өңірлік және жаһандық қауіпсіздік
24 қыркүйек, 11:25
«Тозақ отынан» оралған әйел
21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер