jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Артқы аяқ пен алдыңғы аяқтың бар екенін білдік

20 сәуiр, 11:58
250

Телеарнада журналистің құрметті үш қызметі бар: репортер, шолушы және комментатор. Телеарналардағы негізгі шығармашылық жұмысты атқаратын осылар. Редактор, жүргізуші, диктор ренжімес. Әңгіме өзегі – спорт комментаторы. Бір әріптесімнің «Пәленше деген комментаторлар репортаж жүргізгенде теледидардың дауысын өшіріп тастаймын» дегені бар. Мен ол жігіттің кім туралы айтып отырғанын жақсы білемін. Сәл әріректен бастайық.

Осыдан бір-екі жыл бұрын белгілі бір спорт комментаторының кезекті репортажынан кейін жаны қатты қиналған танымалдылығы одан бірде кем емес спорт журналисі «Жүйкеміз темір емес қой, Асхат!» деп «Sport» (бүгінгі «Қазақ спорты») газетінің бетінде өкпесін білдірді. Сол сол екен, бұл азаматпен байланысымыз кілт үзді. Шын сынды басамыз деп, біреудің шамына тиген болып шықтық. Спорт комментаторы жүйкеге неге көп тиеді? Бүгінде әлем спорт тілімен сөйлейтін болды. Спорт жұрттың басын қосатын, елдің имиджін анықтайтын сынға айналды. Кезінде Ильин Қазақстанды әлемге қалай танытса, бүгінде кәсіпқой бокстың тарланына айналған гүрзі жұдырықты Головкин қазақ елінің туын шетелде абыроймен желбіретіп жүр. Головкин десе – Қазақстан, Қазақстан десе Головкин елестейтін болды көзге. Спорттың осылай дамып тұрған тұсында комментаторсыз жарыс өте ме? Әлемдегі нөмір бірінші спорт – футбол десек, оны да жүргізетін комментатор. Еліміздегі нөмір бірінші спорт түрі бокс десек, ол да комментатордың араласуынсыз қызықты емес. Мәселе комментатордың осы спорт түрлерінен болатын бәсекелерден репортажды қалай жүргізіп жүргенінде. Егер комментатордың тәжірибесі жетіспей, матч барысында кібіртіктеп жатса, болмаса, эмоциясын білдіретін тұста тым қарабайыр суреттеп кететін болса немесе қажетсіз жерде эмоцияға беріліп кетіп аста-төк болып жатса, тәжірибе жинақтай келе ондай кемшіліктен арылып кетер деп үміт күтесіз. Ал тәжірибелі комментаторларымыз бір қателікті мың рет қайталап, сөздің этимологиясынан хабарсыз, қалай болса солай сөйлеп жұрттың дегбірін алып жатса ше? Мұндайды қазақ «Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді?» деп күйінетін болған. Қазақ тілі мен орыс тілінің ережелері бөлек. Ал біз бүгінде орысшадан тікелей аударып айтатын болдық. Оған намыстануды қойдық. Ескерте қалсаңыз, ерегіскендей жиілетіп жібереді. Қазақ «Пәленше Түгеншеден ұтылып қалды» дейді. Мұны біздің кейбір күйік комментаторларымыз қалай айтады? «Пәленше Түгеншеге ұтылып қалды» дейді. Бұл – ең жиі қолданылатын сөйлем. Комментатордан бөлек репортер де, шолушы да, тіпті диктор да жаңалықтың соңына қарай осылай дейтінді шығарды. Бас редактор не істеп отыр сонда? Қазақ «алматылық Марат», «астаналық Оспан» деп айтады. Ал біздің комментаторлар не дейді? «Алматылық «Қайрат», «Астаналық «Астана» деп көсіліп отырады. Қазақ тілінде -дық, -дік, -тық, -тік, -лық, -лік жалғаулықтары адамның бір нәрсеге қатыстылығына орай жалғанады. Сондықтан «Алматының «Қайраты», Елорданың «Астана» командасы деп жазылатынын талай рет ескерттік. «Жұмыс істеу» деген тіркес спорт термині болып қалыптасып келеді. Бокста «екі қолымен бірдей жұмыс істейді» (екі қолы бірдей қимылдайды деген мағынада) деп жатады. Мейлі, біз тырнақ астынан кір іздемей-ақ қояйық. Қазір комментаторлар арасында екінің бірі осылай айтып жүр. Мұны сәл өзгертіп, «екі қолымен бірдей жұмыс жасайды» дейтіндер шықты. Жұмыс істеу – бұл процесс, ал жұмыс жасау – акт. Бокста «алдыңғы қол, артқы қол» деген термин пайда болды. Алға созып жүретін қол бар да, артта ұстайтын қол бар. Оған да құлақ үйренді. Енді «артқы аяқ, алдыңғы аяқ» дегенді шығарыпты. Алдыңғы аяқ, артқы аяқ жануарда ғана болады. Комментатордың экспромт жасауы көңілге қонады. Оларда суырып салмалық, шешендік, тапқырлық, әрине, әртістік қабілеті болғанын құптаймыз. Ал әлгі сөз «Әкесін сабағанды талай көрдік, бірақ арбаға таңып қойып сабағанды бірінші рет көріп отырмын» дегеннің сыңайы. Әнебір күні бір танымал жүргізуші
«…Екінші голды соғуға мүмкіндік ұйымдастырып жатыр», «…жол берген кемшіліктерге жол беруге болмайды» деп отыр. Теледидарды өшіріп, орнымнан тұрып кеттім. Тәжірибелісі осы болса, тәжірибесіз комментатор қандай?..

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
журналист

18 мамыр, 12:37
Ашаршылық ақтаңдақтары
18 мамыр, 12:20
Банк борышкердің құқығын ескермейді
11 мамыр, 11:35
Тағылымды тауарих
11 мамыр, 11:25
Шүкір, банкке қарызбын!
11 мамыр, 11:18
Қазақтың қайсар Қасымы
05 мамыр, 11:20
Соңғы "жорық"
04 мамыр, 14:50
Медиа форум - жаһандық пікірталас алаңы
04 мамыр, 14:30
М.Шибұтов: Ешбір қисынға келмейді