jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қаламы – қылыш, қағазы – қалқан

17 наурыз, 11:30
687

«Ханталапай» деген ойын бар. Бұрынғы заманның балалары ойнайтын. Қазір телебағдарлама мен наурыз сияқты мереке-мейрамдарда болмаса, асық ататын баланы қала түгілі, ауылдан таппайсыз. «Ханталапайды» неге айтып отырмыз?..

Әнұранға құрмет көрсетілмеді

Осы аптада Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының 15-ші құрылтайы болып өтті. Сол құрылтайда одақты 22 жыл басқарып келген Нұрлан Оразалин «ханталапайға» түсті. Қоғамның зиялы қауымы саналатын жазушылардың бұлай айтысуы, бір адамды жан-жақтан талауы бұрын да жиі болып тұратын жағдай. Ал бұл жолғы талапайдың тұрпаты тіптен бөлек шыққандай…
«Әлқисса» деп әңгімені арыдан бастайық.
Жазушылар одағының 15-құрылтайы осыдан бір ай бұрын белгіленіп қойған-ды. Біз де асығып-үсігіп Абай атындағы театрға жеттік. Сонымен, 12 наурызға жоспарланған қаламгерлердің жиыны басталды да кетті. Алдымен Әнұран шырқалды. Президиумда отырған қаламгерлер арасынан жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Мұхтар Шаханов қана қолын кеудесіне қоймаған күйі Әнұранды аяқтады. Қасымда отырған «Қамшы» сайтының журналисі «Әнұран – Шәмшінікі. Шаханов – Шәмшінің шырақшысы. «Шәмшінің ең жақын досы болғам» деп айтады үнемі. Сонда қолын кеудесіне қоймау кімге көрсеткен айбаты? Бұл Жазушылар одағының жеке әнұраны емес немесе сөзін Оразалин жазған жоқ қой. Жұмаділовтың да қолы неге кеудесіне жетпей қалғанын түсінбедім?» деп сыбырлады. Ешнәрсенің байыбына жете алмаған күйде мен де иығымды қиқаң еткіздім.
Осыдан 6 жыл бұрын өткен құрылтай мен бүгінгі жиынға дейін Жазушылар одағы мүшелігіндегі 131 қаламгер қайтыс болған екен. Марқұмдардың рухына 1 минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының құттықтау хатын оқыды.
Алғашқы баяндаманы одақ басшысы өзі жасады. Ол 22 жыл бойы істеген жұмысын, атқарған ісін түгел баяндап шықты. Қалам ұстаған қауымды басқарудың қаншалықты қиын екенін тілге тиек етті. Өзіне тағылған айыптың бәріне бұған дейін жауап бергенін жеткізді. Ол «Одақ жұмысына тағылған айып, жағылған күйенің бәріне көніп келемін. «Тау бөктеріндегі жазушылар үйін сатып жіберді» дегенді де естіп жүрміз. Сатылған ешнәрсе жоқ. Үй де, басқасы да орнында тұр. Сенбесеңіздер, қазір менен кейін шығатын Ырым Кенебаевтың есебін тыңдаңыздар. Қатты уайымдамаңыздар, мен бұл сайлауға түспеймін! Осы жылдары қызметтес болған үлкенге де, кішіге де, жасыңа да, кәріңе де көп рахмет! Мен биылға сайлауға түспейтінімді мәлімдеймін!» деп ашық айтты.
Оразалиннен кейін мінберге «Алматы – болашақ» баспасының директоры Ырым Кенебаев шықты. Ол одақ жұмысын тексерген комиссияның төрағасы ретінде өзінің есеп-баяндамасын оқи бастады. «Сатылып кетті» деп кейбір қаламгерлер улап-шулап жүретін Шығармашылық үйінің сатылмағанын айтты. Қайта оның жалға беріліп отырғанын жеткізді. Соңғы жылдардағы одақтың кіріс-шығыс есебінің бәрін тізіп оқып шықты. Шығармашылық үйі мен Жазушылар одағының залын, кейбір бөлмелерін жалға беруден қанша ақша түскенін, ол ақшаның қайда, қалай жұмсалатынын түгелдей тізді. Төрағадан бастап, оның орынбасарларының қанша жалақы алатынына дейін баяндады. Тіпті «Қазақ әдебиеті» газетінің журналистері, қызметкерлерінің жалақысын да есептеп шығыпты.
Баяндамашының қорытынды есебіне қарағанда, Жазушылар одағының түрлі қаржы көздерінен 2017 жылы 198 миллион теңгеден астам қаржы түскен және оның бәрі жарғы бойынша жұмсалған. Бір тиын да аспаған.
Қаржылық есептен кейін бірнеше жазушы жарыссөзге шықты. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев әдебиет пен мәдениетке жағдай жасап жатқан Қазақстандай ел жоқ екенін, тек соны дұрыс пайдалану қажеттігін еске салса, жазушы Сәбит Досанов Одақ төңірегіндегі жел сөздің желігіне желікпеуді тілге тиек етті.

Сын шын болса…

Сөз кезегі жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Мұхтар Шахановқа келгенде, екеуі де одақ төрағасын сынады.
Құрылтайда кеңес, ұсыныс-пікір болған жоқ. «Былай істесек қайтеді. Былай жасасақ не болады?» деген тың ұсыныс болмады. Қайта айтыс-тартысқа жол берілді.
Жазушылардың келісе алмай керісіп қалған бір тұсы – «Құрметті төрағалық». Қаламгерлердің бір тобы бұған қарсы тұрды. Бір тобы дауыс беруге келіскен сыңай танытты. Осы кезде жарыссөз айтуға мінберге көтерілген жазушы Төлен Әбдік те «Құрметті төрағалыққа» қарсы шықты. Залдың әр жерінен қиқу естілді.
Дүрліккен қаламгерлерді басу үшін мінберге төрағаның өзі көтерілді. Н.Оразалин: «Айналайын, ағайын, мен ешкімнен қарыз сұрап отырған жоқпын. Оразалинмен «Құрметті төрағалық» басталмайды, Оразалинмен бітпейді. Менен бұрын бұл қызметке тағайындалған Олжас Сүлейменов болатын. Сондықтан «Құрметті төрағалық» Олжасқа да, маған да ортақ, тіпті келесі менің орныма отыратын басшыға да бұл ортақ шарт. «Құрметті төрағада» ешкімнің ішкі жұмысына араласуға, билік айтуға мүмкіндігі жоқ. Уставта ондай ереже қарастырылмаған… Мен таяқтарыңызды жеп, айқайларыңызды естіп жүріп, осында 22 жыл отырдым. 22 жылда төрт рет сайлауға түстім. Өздеріңіз сайладыңыздар. Алдарыңызға барып, маған дауыс беріңіздер деп ешкімге жалынған жоқпын. Барымды салдым. Әдебиеттің ыстығына да, суығына да көндім. Айтыс, тартысының, жамандығы мен жақсылығының басы-қасында, от пен судың ортасында жүрдім. 22 жыл өмірімді далаға төккен жоқпын. Қап-қара шашымды қырау шалды. Жүйкем тозды. «Одақ және менің өмірім» деген кітап жазып жатырмын. Сонда осының бәрі бар. Дәл қазір мені «Құрметті төраға» болсын десеңіздер, дауыс беріңіздер. Ал дауыстарыңызды қимасаңыздар, ол өз еріктеріңіз. Ұсыныс келіп түсті, біз сол ұсыныс бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мені шығарып саларда бұлай көкпарға салғандарыңыз кісілікке жата қоймас» деп мінберден түсіп кетті.

Бас-басына басқарма мүшесі болды

Құрылтайдың екінші бөлімін жазушы Әлібек Асқаров жүргізді. Ол «Жарғы бойынша құрылтайда Жазушылар одағының басқарма мүшелері сайлануы керек, ал олар төрағаны сайлайды» деді. Одан ары «Жарғы бойынша 80 адам басқарма мүшелігіне сайлануы тиіс. Ал осыған дейін 151 адам болып келген. Оны азайтсақ, тағы да дауға қаламыз» деген ол тізімді сол күйі қалдыруды ұсынды.
Бұл тізімді жазушы, ғалым Ғарифолла Есім оқып бергеннен кейін тағы дау басталып, бірнеше жазушының басқарма құрамынан қалып қойғаны айтылды. Әлібек Асқаров оларды да ескеретінін, бірақ еш жазушы басқарма мүшесі болғаны үшін жалақы алмайтынын алдын ала ескертіп, көпшіліктің назарын аударды. Басқарма мүшелерінің тізімі бекітілгеннен кейін, олардың жалпы саны 165 адамға тоқтады.
Басқарма мүшелерімен қалған оңаша отырыста Жазушылар одағының төрағалығына бір ғана кандидаттың ұсынылатыны хабарланды. Ол Ұлықбек Есдәулет екен. Бір қызығы, құрылтай басталар алдында-ақ келешек төрағаның аты-жөні әр жерде пыш-пыш айтылып жатқан еді. Одақ төрағалығына ұсынылған ақын Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасына ешкім қарсы болған жоқ.
Ақын Ұлықбек Есдәулет мінбеге шығып сөз сөйлеп, өзіне артылған сенімге алғысын білдірді. Сол арада өз орынбасарларын да таныстырып үлгерді. Сонымен оның бірінші орынбасары ақын Ақберен Елгезек болды. Қалған 3 орынбасарлық қызметке – Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкенов тағайындалды.
Журналистерге берген сұхбатында жаңа төраға жауапгершілікті сезініп отырғанын айтты. Ол «Бұл оңай шаруа емес. Мен өзіме жүктелген міндетті сезініп тұрмын. Дәл қазір одақтың қарыз-құрызынан құтылу басты мақсат болып тұр. Ары қарай жұмысты орынбасарларыммен келісіп жүргіземін» деді.

Той тарады

Сонымен, көптен күткен Қазақстан Жазушылар одағының кезекті 15-ші құрылтайы үш-төрт сағаттың ішінде өтті де кетті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы. Бір айдан бері «толғатып» жүрген қаламгерлердің арыны басылып қалғандай. Бірін-бірі қимай, қоштаса алмай тұрған ақын-жазушылардың арасындағы күбір-күбір әңгіменің ауаны – қаламды қару еткен алыптардың айқасы. Атын атап, түсін түстегенді әбестік санап отырмыз. Жалпы бұл жиында болған текетіресті ешкім зиялылықтың өлшемі деп бағалап отырған жоқ.
«Бұрын жазушы – ұлт пен ұрпақ үшін тәрбиенің, тектіліктің өлшемі саналушы еді. Ал бүгінгі жиында қалам ұстағандар бет пердесін ашып алғандай. Өздерінің ішкі мәдениетін, кісілігін, адамгершілік деңгейінің төмендігін көрсеткендей болды» деп жатты жұрт.
Біз де жиналдық. Ауыл-аймақтан келген қаламгерлер Алматыны қимай, бір-бірімен қоштаса алмай, Абай театрының алдында, әр-әр жерде үйіліп-үйіліп тұрды. Ертемен себелеп тұрған жылаңқы аспан әлі де тұнжырап тұр.

 

◆ Сайлаудағы сатира

ЖАЗУШЫЛАР ДА «ЖЫНДЫ» ЕКЕН!

Сонымен, жазушылардың Алматыда өткен құрылтайына барып қайттық. Сатираға қызықты кейіпкерлерді алып қайттық. «Жазушылар да жынды екен ғой?» деген көңіл–күйді пәпкімізге салып қайттық. Мұхтар Шаханов пен Нұрлан Оразалин тура менің кішкентай балаларым сияқты екен. Бірін-бірі мазақтап, тілдерін шығарып, «қоразсың, шакалсың» десті.
Қабдеш Жұмаділов деген көкеміз қаламгер әріптесіне қарата сөз сөйлеп: « Совет заманында «халтурщик» еді, мына заманда о тоба, сөз серкесі бола шығыпты!» деп таң қалған болды. Қайдан келгенін бір Құдай біледі, бір маскүнем сахнаға шығып кетіп: «Мен әулиемін! Жазушы ж-жолдастар, бір ән шырқап берейінші?» деп қоймады. Оны сахнадан сүйреп шығарды. Бірақ бір өкініштісі, төбелес болмады. Негізі төбелесу керек еді. Жекпе-жек! Сонда, біздер, делегаттар кіммен төбелесерімізді білмей абдырып тұрар ма едік… Шіркін-ай, төбелес болып кетсе ғой? Аузым аңқиып отырған менің аузыма бір сәбіз кіріп кетсе. Күртілдетіп жей берсем, Төрде отырған Мархабат ағамның маңдайына кәртөшке сарт ете қалса… Кендебай ағамның бетіне помидор былш ете қалса. Зылиха қарындасымның иығына салат төгіліп кетсе… Нармахан ағамыз біреуді бір ұрып құлатып алып, артынан қуалап кешірім сұрап жүрсе. Момбек жоқ! Сөйтсек, бір жазушыны ұрып құлатып, үстіне үймелегендердің арасында қалып кетсе, оны сирағынан тартып, әрең шығарсақ… Әмзені бір жазушылар ұрып жатса, оны ажыратып жүрсек. Бір драматург Ханбибі апамыздың желкесін қасып жатса. Біреуден біреу қорқып, қашып жатса, сөйтіп, делегаттардың миы ашып жатса… Шойбек төбелеске қатыспай, аулақ жерде шәй ішіп отырса, Бақытжан Алдияр «Көкелер не істеп кетті?» деп жылап тұрса… Серік Жанәбіл «Төбелес қашан бітеді?» деп Құдайдан мейірім сұрап тұрса…
Құдай-ай, мұның бетін ары етсін, мұндай төбелес болған жоқ, болайын, болайын деп, деп қалды. Десек те, жаңа төраға болып белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің сайланғанына керемет қуанып қайттым!

Мұхтар ШЕРІМ
(Фейсбуктегі парақшасынан)

Одаққа салар ойлар бар

Бірінші – Құрылтайда айтылған барлық ұсыныс өте мұқият сарапталуы керек. Елеулі пікір құжатқа түсіру керек.
Екінші – бүгіннен бастап Жазушылар одағының беделін көтеруді бәріміз ойлануымыз керек. Ол үшін одақтың 780 мүшесінің еңбегін арнайы комиссия құрып қайта сарапқа салу керек. Одақ мүшелерінің арасына «кездейсоқ кіріп кеткен» халтурщиктерді тазалау қажет.
Үшінші – Жазушылар одағын журналистика деңгейіндегі прозашылар мен халтурщик ақынсымақтардан біржолата тазалап алуды шұғыл қолға алу керек. Бұл енді оңай шаруа емес. Дау-дамайы көп, бірақ басқа жолы жоқ.
Төртінші – қаржы көздерін түбегейлі шешуді қолға алу керек. Ол үшін үкіметтің арнайы Қаулысын қабылдатуды ойлауымыз керек. Бұл да оңай шаруа емес. Сауатты заңгерлермен кеңесу керек. Ойласып қана қоймай, осы істі іске асыруға кірісу керек.
Бесінші — Қаулыда қаламгерлерді туған жерімен үзіліп қалған байланысын орнына келтіру керек. Мәдениет министрлігі, Ішкі саясатпен көп жылдық жоспарды бірлесіп жасап, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуді қолға алуымыз керек. Мерейтойларын туған жерінде өткізу, есеп беру сияқты кештерін өткізу қажет.

Қасымхан Бегманов,
ақын

Ел аузынан

Құрылтайдың әсерінен арыла алмай тұрған қауымның ішіне кіріп, ойымыздағы сұрақты қойдық.
– Соңғы жылдары қалам ұстаған қауым кітап жазумен емес, арыз жазумен көп айналысып кеткен жоқ па? – дедік. Бір-екі қаламгер біздің сұрақтың төркінін түсінді.
– Иә, бұрын Әбдіжәмілдің «Қан мен тері», Әбіштің «Үркер», «Елең-алаңы», Мағауиннің «Аласапыраны» сияқты қазақ тарихының түп-тамырын қопарған тілі де, ділі де мықты көркем әдебиет көп жазылған. Қазір соның бірі жоқ. Қаламақыны сылтау қылатындай емес, соңғы жылдары жазушының түсіне кірмейтін миллион-миллион теңге бәйгеге тігіліп жатыр. Бірақ тұшынып оқитын шығарма жоқ. Неге? Тіпті, былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы өтті. Соған арналған тарихи роман болды ма? Болған жоқ. Ашаршылыққа, респрессия құрбандарына арнаған романдар да жазылып жатқан жоқ. Смағұл Елубай баяғыда «Ақбоз үйді» жазды. Одан кейін бұл тақырыпқа қалам тербеген жазушыны көрмедік. Неге? Қалам қуаты жетпей ме? Түсініксіз. Өзіміз жазбаймыз. Жазбағанымызбен қоймай, одақ көмектеспеді, үкімет қаламақы бермеді деп даурығамыз, – десті.
– Қаламгерлер арасындағы алауыздық неге өршіп кеткен? – дедік екінші сұрағымызды бастырмалатып.
– Жазушы – ұлттың өлшемі болушы еді. Бірақ бұл жолы олар көшедегі күншілдердің ісін істеді. Зиялының емес, зияндының қылығын жасады. Достың емес, дұшпанның қылығын қылды. Атажаудай бір-біріне ақырды. Жас отыр, кәрі отыр, бала бар, әйел бар деген жоқ. Бір-біріне зәр төкті. Бұл дұрыс емес, – деді.

Жарас КЕМЕЛЖАН

17 тамыз, 17:11
Бір тал өрік
17 тамыз, 16:43
"Көзім ашылып, түнектен шыққандаймын"
17 тамыз, 16:36
Доллар "дауылы"
17 тамыз, 16:29
Ана мен бала өлімі асқынып тұр
17 тамыз, 12:08
Бағдарлама берген мүмкіндік
13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды