jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қалдыбек Құрманәлі: Ninety One — ға Шәмшінің әнін айтқызбаймын

23 ақпан, 14:10
794

Қазақ ән өнеріндегі мәңгілік есімнің бірі – Шәмші Қалдаяқов. Ол мәңгілік есім. Ал қазіргі ән жазып жүргендер кімдер? Олар жазған әндер қаншалық өміршең? Жалпы, қазақ ән өнеріндегі бүгінгі буынның кісілігі мен кішілігі қай деңгейде? Сахна мәдениеті деген не? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін белгілі композитор, Шәмші әндерінің жанашыры Қалдыбек Құрманәліні әңгімеге тартқан едік.

Жас қазақ: Осыдан 4-5 жыл бұрын қарашаңырақтың отын өшірмеймін деп Шымкентке көшіп кетіп едіңіз. Соңғы кездері Алматыдағы жиын-тойлардан көп көріп жүрміз. «Ән-Алматыңызға» қайтадан қоныс аударған жоқсыз ба?

Қ.Құрманәлі: Алматыға 1983 жылы 15 маусымда келгем. Арада 30 жыл 2 күн өткеннен кейін туған ауылыма қайта көштім. Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы Тасқұдық деген өзімнің кіндік қаным тамған ауылыма көшіп барып, қарашаңырақтың отын өшірмейін деп, қайтадан жаңа үй салдым. Алматының маған, менің Алматыға өкпем жоқ. Алматыға Арыстанбектің баласы болып келіп, қазақтың Қалдыбегіне айналдым. Тәубе деймін. Қаладағыдай жайлы тұрмысты ауылда да жасауға болатынын дәлелдедім.
Мен көшіп барғанда 63 үй ғана болатын. Содан бергі 4 жылда 16 үй қосылды. 2013 жылы аядай ауылда екі қабатты мектеп, спортзалымен бірге салынды. 2017 жылы фельшерлік-амбулаториялық тірек (ФАТ) салынды. Сонымен қатар ауылдан шыққан кәсіпкер Сағдат Тұрлыбеков бауырымыз өз қаражатына спорт алаңын салып берді. Мұхтар Шаханов қайда жүрсе де, мемлекеттік тіл туралы айтады. Мен «Қарашаңырақты» айтудан шаршамаймын. Мысалы, бір баласы бар адамға кінә таға алмаймын. Ал 7-8, тіпті 10 баласы бар адамдардың тым болмаса біреуі қарашаңырақта қалуына болады ғой. Мен де осыдан 4-5 жыл бұрын ойлана келе ауылға көшуді жөн көргем. Мені көріп, көшіп кеткен жұрт қайтадан орала бастады.

Жас қазақ: Қарашаңырақтың отын өшірмей отырғаныңыз жақсы-ақ! Дегенмен ауылға әр кіргізудің әртүрлі амалы болмаушы ма еді?

Қ.Құрманәлі: Ауылым күннен-күнге көркейіп жатыр. Тасқұдық – Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қоныс. Баяғы Жібек жолының бойымен жүрген сауда керуендері тоқтап, су ішіп, демалатын қасиетті жер болған. Ауылда 1500 гектар жер 30 жылдан бері суғарылмаған. Шаян өзенінің бастау алатын тұсында Қапшағай деген су қоймасы бар, бірақ жазда табаны тартылып қалады. Кеңес одағы кезінде мақтадан, жүгеріден рекорд берген ауыл. Қазір жайылым ғана. Сол кездегі аудан әкімі Әбдімүтәліп Көбеев пен ауыл әкімі Күмісбек Ахметовке ауылға су қойма салу туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Бұл ұсынысым облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен де қолдау тауып, облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, былтыр 3 миллион текше метр су қоймасы салынды. Ол жерге көкөніс, жеміс-жидек, жүзім, алма тағы басқа да дақыл егуге дайындық жүріп жатыр. Сол су қоймасы ел игілігінің қажетіне жарағалы тұр. Енді Тасқұдыққа мәдениет үйі ғана жетпей тұр. Негізгі мақсатым – кіндік қаным тамған туған ауылымды көркейту.

«Концертке шорти киіп келетіндер бар»

Жас қазақ: Өнер туралы негізгі әңгімемізге оралайық. Композитор болған соң, ән туралы сұрақтың реті келіп тұрған сияқты. Қазір «Шымкенттің қыздары зың-зың», «Десең, иә», «Жоқ, жоқ», «Иә ма, иә ма» деген сияқты түсініксіз әндер қаптап кетті. Бұған мұндайды өтпелі кезеңнің туындысы деп көңіл жұбатушы едік. Сол кезеңнен әлі өтіп болған жоқпыз ба? Әлде талғамымыз төмен бе, композиторларымыздың деңгейі осы ма?

Қ.Құрманәлі: Баяғыда өнер адамы болу өте қиын еді. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін. Өнер – арғы тектен жалғасатын, ата мен бабадан, қанмен берілетін қасиет. Тума талант та болады. Біз Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Әсет Бейсеуовтердің әндерін естіп өстік. Ол кездегі әннің мәні мен сәні болатын. Қазіргі әнді ән деп айтудың өзі ұят. Ән дегеніміз – ұлтты тәрбиелейтін рухани байлық. Отансүйгіштікке, мемлекетті, ата-ананы жақсы көруге баулиды. Қазір жастар ғаламтордан шетелде қандай жаңа ән шықса, сол күні-ақ оны көріп, үйрене қояды. Жасырып қайтеміз, осы күні қазақ өнері, қазақ мәдениеті үшін жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ. Шетелдің әнін қазақшалап айтып жүрген жұлдызсымақтардікі күнкөрістің қамы. Сондықтан да шетелдің өтімді, мықты деген әндерін көшіріп алады. Немесе сол стильде өзінше ән жазады. Ана әннің бір нотасын, мына әннің қайырмасын алып, Мұхтар Шахановша айтқанша, «мордиясы» қазақша бірдеме шығарады. Содан күреп тұрып ақша табады. Жалпы, шоу-бизнесте жүргендердің жағдайы жаман емес. Ақша алдыға шыққан жерде рухани құндылық «автоматты» кейінге сырылып қалады.

Жас қазақ: Сонда бұл үрдіс әншілерді қайда апарады? «Мордиясына» жат ән өзін де, бізді де жарымжан қылмай ма?

Қ.Құрманәлі: Бұл рухани мүгедектікке апарады. Кешегі Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева сияқты «алтын дауыс» сиреп барады. Барлығы компьютердің күшімен әнші болып жүр. Баяғыда «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деуші еді, қазір дауысы жоқ болса да, қалтасы қалың адам әнші. Олардың әнінің сапасы қанша төмен болғанымен, таралымы көп. Мұхтар Шаханов айтатын, Гитлерден «Совет одағын жаулап алсақ, қандай саясат жүргіземіз?» – деп сұрапты айналасындағылар. Сонда Гитекең «Таңнан қара кешке дейін жеңіл ән тыңдатып, ессіз әуен айтқыза беру керек» – деген екен. Халық рухын оятатын, жадын жаңғыртатын ұлттық шығарма тыңдауға, тіпті ойлауға мұршасы болмаса, ондай халық ұлтының қамын жеп, тағдырын талқыға сала алмайды. Рухани мүгедекке айналады.
Ал немістің рухын көтеріп, соғыс бастап жіберу үшін оларға әдейі қауіпсіздік комитеті неміс композиторларына марш жаздырған. Нәзіктікке емес, ұлтшыл, жігерлі болуға тәрбиелеген. Ол бізде дайын. Күй бар. Қазақты рухани жаңғыртатын күй өнерінен артық өнер жоқ.

Жас қазақ: Бұрын сахна мәдениеті, радио-телеарналарда «көркемдік кеңес» деген болушы еді. Содан шығар, бұрынғы ән сапалы, есті болды.

Қ.Құрманәлі: Иә, бұрын «Көркемдік кеңес» деген мекеме болатын. Цензураға еш қатысы жоқ. Сол «Көркемдік кеңестен» өтіп, бізге жеткен әндердің авторлары – Н.Тілендиев, Ә.Еспаев. Мәңгілік әндер. «Көркемдік кеңес» әннің мәтініне, әуеніне, жалпы құрылымына қарайды. Тіпті тақырыптары да бірін-бірі қайталамайды. Талғамы биік, жауапкершілігі жоғары мамандар сол кеңесте отыратын. Қазір сол жүйенің болмауынан бүгінгі күйге жеттік. Сондай қатаң талапқа қайта орала алмай жатырмыз. Егер, мәдениет пен ақпарат министрлігі біріксе (мәдениет және спорт министрлігі, ақпарат және коммуникация министрлігі – ред), бұрынғы жүйе қалыпқа келер еді. «Көркемдік кеңестен» өткен шығарма ғана эфирден көрсетілетін заң қабылданса деймін.
Негізі талантты адамдар өмір сүруге бейімсіз келеді. Олар тасада жүреді. Ал ортақолдарды есіктен қусаң, тесіктен кіреді. Тесікті жапсаң, тағы бір жерден басын сұғып тұрады. Ол өмірдің заңы.
Өнерге талғам мен талап та қажет. Мысалы, сіз екеуміз мейрамханаға бардық делік. Даяшы кешегі тамақты әкеліп берсе немесе ас шикі болса, уланып қалуыңыз мүмкін ғой. Ондай жағдайда не істейсіз? Тамақты қайтарып жібересіз. Астан уланған сияқты, біз де әнмен рухани уланып жатырмыз. Улаған адамды жауапқа тартып, өз қалауымызды талап етуіміз керек. Тағы бір шығар жол – жанды дауыста ән айту. Қазір жанды дауыста ән айта алатын әншілеріміз бар. Аз емес. Қазақ барда талант та үзілмейді, туыла береді. Ақшасы жоқ, бірақ даусы керемет әнші ақша үшін жеңіл-желпі ән айтып, соған үйреніп кетуі мүмкін. Сөйтіп, өзін жоғалтады. Ал ортақол әнші болады, бірақ қалталы демеушісі бар. Ол анау таланттан шүу дегеннен-ақ оза шабады. Оны халық та көбірек таниды. Бұрын біз әншілерді – сахна әншісі және мейрамхана әншісі деп бөліп қарайтынбыз. Бүгінде әншілер шетінен әмбебап болып кетті. Біздің мәдениетімізге керегі нағыз сахнаның сардарын тәрбиелеу. Ал тойдың әншілері сахна деңгейіндегі дәрежеде болмауы керек. Ең әуелі сахна мәдениетін сақтағанымыз абзал.
Концертке келудің де өзіндік этикасы бар. Қазір одан да айырылып қалдық. Концертке көшеде шемішке шағып жүріп те келе береміз. Аяғына сүйретпе, бұтына шорти киіп кіре береді. Бұрын өнер адамын көріп қалсақ, аспандағы жұлдызға қолымыз жеткендей қуанушы едік! Қазір олай емес. Әншіден қадір қашқан.
Белгілі, атақты әншілерден «Мемлекет жақсы айлық берсе, тойға, құдалыққа бармайтын ба едіңіз?» – деп сұрадым. – Әрине, бармайтын едік. Бізді той қуып жүр деп ойлайды. Шын мәнінде, оның да қиындығы бар. Біреуі ақшасын дұрыс берсе, біреуі бермейді. Тағы біреулері қызып қалып, әңгіме айтқысы келеді. Алуан түрлі адамды жолықтырасыз тойдан» – дейді. Бірақ ешқайсысының тойдан кеткісі жоқ.

«Шәмшінің әні» Төреғалисыз да өтеді

Жас қазақ: Сахна мәдениеті дегеннен шығады. Төреғали Төреәлі Павлодардағы концертінде өзгеше «концерт» қойды. Сіз де өнер адамысыз. Мұндай «деңгейге» жап-жас әнші қалай жетті?

Қ.Құрманәлі: Бір телеарнаның журналисі маған «Төреғалиді жақтап жатқандар бар, сіз де қорғайсыз ба?» – деген сұрақ қойды. Ол менің не жақтайтынымды, не даттайтынымды білмей тұр. Мен Төреғалиды ақтады дегендерге күмәнмен қараймын. Мысалы, Жарас бауырым, әкеңізді Төреғали залдан қуып шыққан сол қарияның орнына қойып көріңізші. Билет алып, концерт көрейін деп барды. Ал әнші болса, әкеңізді қуып жіберді дейік. Не істейтін едіңіз? Тұмсығын бұзып, жұрттың алдында тепкілеп тастайсыз.
Ал ойы таяз біреулер Төреғалидың жағына шыққысы келеді.
Әнші де пенде. Бірақ мынау кешірілмейтін қателік. Ал Төреғалидікі масқара. Ол өзі концерт беріп отыр. Концертке келген әрбір адам – тұтынушы. Оның заң алдында да, адамгершілік алдында да концертті көруге, «суретке түспей ән айт» деп айтуға да құқығы бар. Бұл есіру.

Жас қазақ: Төреғалиды Шәмшінің әндеріне шақырдыңыз ба?

Қ.Құрманәлі: Жұрт «Сен Шәмшінің әніне неге жас әншілерді қатыстырмайсың?» – дейді. Мен әншілерге екі ай бұрын ескертемін. Ал қазір ана құрсағынан кеше ғана туылған жап-жас әншінің бір өзінде 4 директор бар. Олар сағыздай созылып екі апта жүреді. Мінез көрсетпеуге барынша тырысамын. «Қатысамыз» – деген сөзін әрең береді. Біз телеарнаға, жарнамаға айтып, келісеміз. Мұндай жағдай Төреғалимен де болды. Ол біздің концертке қатысатынын айтты. Жарнама қағаздарын шығарып қойғанбыз. Бір күні Төреғалиым хабарласып «Шәмшінің кешіне бара алмаймын, Қытайда концертім бар еді» – деп тұр. Концерттен 1 күн бұрын «Қытайға кетемін» – деген адамым Астанада жүр. Мені көре салып «Қалдыбек аға, біз Қытайға бармайтын болдық» – деп ақталып жатыр. «Бармайтыныңды білгенмін. «Шәмшінің әні» сенсіз де өтеді» – дедім. Ал жұрт мені «Қалдыбектің өзінің әншілері бар» – деп сыртымнан өздерінше тұспал жасайды.
Қайрат Нұртасқа ән ұсындық. Оның әке-шешесіне, өзіне де өкпелей алмаймын. Ол бірден «Қалдыбек аға, бос күнім мынау, ал қалған күндері уақыт жоқ» – деп ашық айтты. Шындықты айтып тұрғаны үшін ренжи алмайсың. Ал уәдеден таятындарды кешіре алмаймын. Біреу көбірек ақша берсе, сөзінен тайып, Шәмшіні «ұмыта» салатындарды енді Шәмшінің кешіне шақырмаймын. Жуырда өткен Алтынбек Қоразбаевтың концертінде де Төреғали Мөлдір Әуелбекова екеуі қосылып ән айтатын болған екен. Жарнамасында жүр. Бірақ келмеді. Алтынбек көкем ренжіді.

Жас қазақ: «Зың-зың-зың» әншілер, Ninety one сияқты сырға тағып, жұлым-жұлым киінген жігіттер «Шәмшінің әнін» айтамыз десе, концертке қатыстырасыз ба?

Қ.Құрманәлі: Жоқ, оларды маңына жуытпаймын! Ең бірінші кезекте сахна мәдениетін қатты қадағалаймын. Қазір бірыңғай қыздардан немесе жігіттерден тұратын топтардың денсаулығына күмәнмен қараймын. Ең әуелі музыкадан сауатты болу керек. «Квитет» – бес адам бірігіп ән айтады, бес дауыста. «Квартет» – төрт дауыс, трио – үш, дуэт – екі дауыс. Музыка жанры бойынша әрқайсысы әртүрлі дауыста айту керек. Ал бұлар топ қой. Бір әнді үшке немесе төртке бөліп алып айтып шығады. Қайырмасында қосылып отырады. Олар ешқандай квартет, трио емес. Дауыстары ортақол болған соң, бәрі жабылып бір ән орындайды. Басқа жаңалық жоқ мұнда.
Маған бір көмекшім Абай Бегей деген әншіні шақырайық, сол жақсы әнші» – деп ұсыныс тастады. Хабарластым. Бірден келісіп, тіпті алып қойған тойынан да бас тартты. Асхат Тарғынға хабарластым. Ол да екі сөзге келместен келісті. Серікбол Сайлаубек те келіп ән айтты. Ерке Есмахан деген қарындасым келесі концертке барамын деп сөз берді. Төреғалидан ауызым күйгенмен, Шәмші әніне құрметпен қарайтын жас әншілер бар екен.

«Мені тоқтата алмайды»

Жас қазақ: Қалдыбек аға, қазір әркімнің бір бизнесі бар. Мысалы, Есен Елеукеннің «КВН»-і, Жүрсін Ерманның айтысы, Қыдырәлі Болмановтың «Ұлытауы» деген сияқты. Сіздің «Шәмшіңіз» бар. Қазақтың Қалдаяғын Құрманәлінің Қалдыбегі иемденіп алған жоқ па? Шәмшінің әнінен қанша ақша тауып жүрсіз?

Қ.Құрманәлі: Бұрын мұндай сұрақ қойылмайтын. «Айналайын, Қалдыбек, сен Шәмшінің әнін асқақтатып жүрсің. Рахмет!» – дейтін үлкендер. Жастар Шәмшінің әнін айтуға өздері сұранатын. Ал қазір рухани байлықтан гөрі, материалдық байлық бірінші орынға шығып кеткен.
1992 жылы Шәмшінің ең алғашқы кешін өткіздім. Шәкеңе арнап «Ән аға» немесе «Шәмшімен сырласу» деген ән жаздым. Оған дейін Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Исрайыл Сапарбайдың кештерін өткізгем. «Жігіт сұлтаны» байқауын да алғаш рет мен ұйымдастырдым. Жеңімпазға жеңіл көлік сыйладым. Шәмшіге дейін де кәсіпкер болғанмын.
«Ән аға» деген әнім шыққан соң жұрт сұрақ қоя бастады. «Сен ылғи әркімнің кештерін өткізіп жүресің. Шәмшіге арнап керемет ән жазыпсың. Енді Қалдаяқтың жеке кешін өткізбейсің бе?» – деді. Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болған жылы еді. Шәкең төрт жылда бір келетін, 1992 жылдың 29 ақпанда қайтты ғой. Әнім де сол күні туған. Алғашқы концертті солай өткіздім.
2000 жылы 25 әнді қайтадан өңдеп жаздырдым. Үш бөлмелі пәтер аламыз ба деген 15 мың доллар ақшам бар еді. Ол кезде 3 бөлмелі пәтердің бағасы солай болатын. Концертке жаратып жібердім. Содан бері жыл сайын 29 қыркүйекте тұрақты түрде Шәмші Қалдаяқтың ән кеші өтіп тұрады. Концертке салған 15 мың долларды шығарып алдым. Бірақ пәтер аяқасты қымбаттап кетті де, 15 мың долларға үш бөлмелі үй емес, бір бөлмелі жатахқана ғана келетін болды. Үйден қағылғанмен, өзіме бітпейтін жұмыс тауып алдым. Елдің қаңқу сөздерінен шаршап «Осы менікі не сор: Шәмшінің әндерін өткізбей-ақ қояйыншы» – деген күндерім болған. Бірақ үлкен кісілер «Шәмшінің 100 жылдығына дейін бұл жобаны тоқтатпаймын. Шәмшінің ғасырлық мерейтойын 2030 жылы ЮНЕСКО деңгейінде өткіземін» – деп уәде бергенсің. Сол сөзіңде тұр!» – деп қамшылайды. Мен де айтқандар айта берсін деп, белімді бекем буып келемін. Шәмші мемлекетіміздің қазіргі әнұранын 26 жасында жазыпты. Мен де «Ән аға»-ны 26 жасымда жазыппын. Сәйкестікке қараңыз! Бұл да менің Шәмшіге байланып қалған темірқазығымның бір сыры шығар деп ойлаймын. Ал бастаған жұмысымды жарты жолда тастап кетсем, жұрт не дейді?

Жас қазақ: Не деуші еді: Қалдыбектің қалтасы қалыңдаған соң, Шәмші қажет болмай қалды – дейтін шығар?

Қ.Құрманәлі: Әрине, Шәмшіні керек кезінде пайдаланды деуші еді. Бірақ мен олай жасай алмаймын. Қазір Республика сарайын жалға алудың құны – 5 млн теңге. Тым қымбат. Сонан соң ешбір әнші тегіннен-тегін келмейді. Шәмшінің атын малданып, тегін кел деп айтуыма болар еді. Бірақ арым жібермейді. Құқығым да жоқ. Жарнама жағын қосыңыз. Қасымдағы жұмыс істейтін қыз-жігіттердің еңбекақысын қосыңыз. Міне, осындай шығындарды қосқанда, концерт өзін-өзі жапса, соған шүкір! Артық ақша түсіп жатса, Шәмші туралы кітап, үнтаспа шығарамыз. Әр концертте үнемі «Менің бас демеушім – Алла. Сосын халық – сіздерсіздер!» – деп айтамын. Ол рас.
Міндетсініп отырған жоқпын, бірақ қазір жасаған жұмысыңа алғыс айтатын адам аз. Рахмет айтпай-ақ қойсын, артымнан сөйлеп кетпесе екен деймін. «Тамашадан» талай тарлан тудырған Лұқпан Есенов қой. Қанша өнер адамы сол «Тамашаның» арқасында «Халық әртісі» атағын алды. Бірақ Лұқпан Есеновтың өзі «Халық әртісі» атағын ала алмай өмірден өтіп кетті. Ал Жүрсін Ерман айтыскер ақындардың алдына отыз шақты теміркөлік мінгізді. Ол да әр демеушіге барып, алақанын жайып, беделін салады. Мен де сондаймын. Шәмшінің кешінен соң менен ақша сұрайтындар бар. Осы жұртты түсінбей-ақ қойдым.
Шәмшінің кешін өткізбей-ақ қойсам ба екен деп ойлаған күні жарықтық Шәкең түсіме кіреді. Ашуланып жатады. Ел алдында уәде бердім бе, онда Шәкеңнің 100 жылдығына дейін мұны тастамаймын. Балақтан тартқысы келіп, артымнан сөз айтатындар да мені тоқтата алмайды. Уәде бердім, орындаймын!

Жас қазақ: Концерт беруден өзге Шәмшіге байланысты қандай жобаңыз бар?

Қ.Құрманәлі: Шәмші жайында кітап дайындап жатырмын. «Шындық пен дақпырт» деп аталады. Бүгінде халық арасында Шәкең туралы алуан түрлі әңгіме айтылып жүр. Шындығы қайсы, жалғаны қайсы – айырып білмейсің. Кейбіреулер жеке өміріне дейін тиісіп жатады. Соны дәлдеп, нақтылап, нағыз өнер адамы екенін көрсету мақсатында осы кітапты қолға алдым.

Әңгімелескен
Жарас КЕМЕЛЖАН

21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер
14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе