Маңғыстауда түйелердің неден қырылғаны белгілі болды

15 ақпан в 00:19 50 рет оқылды

Түйеден тараған індет үшін тұрғындарды жаппай егуге тура келді. Маңғыстау облысында анықталған құтырма дертінен адамдарды осылай аман алмақ. Және де Жармыш ауылында қырылып жатқан түйе мен жылқықының саны көбейген соң, осы уақытқа дейін жайбарақат отырған әкімдік іле-шала карантин жариялады. Ауылдықтар болса, ауру әбден жайылған соң барып әрекетке көшкен әкімдіктегілерге өкпелі. Өйткені олар тұрғындардың ескертуіне мән бермей, тіпті айқай-шу шығарудың қажеті жоқ деп басу айтумен болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Қолдағы қарасына сеніп отырған жармыштықтар үшін бұл ауру төбеден жай түсіргендей болды. Өйткені басты күнкөріс көзі саналатын түйенің нарықтағы бағасы 700 мың теңгеге жуықтайды. Ал бұлар аз күнде 40 бастан айырылып отыр. Онда да ресми дерек бұл. Ал айдалада өліп жатқан жануарлардың қанша екені белгісіз. Қазір тұрғындар өрістен қайтпай қалған малдарын іздеп, айдаланы кезіп жүр. Айтуларынша, мал арасындағы індет туралы жергілікті басшыларға өткен жылдың аяғында ескертілген. Бірақ олар мән бермепті.

Бейсенбі Бекмағамбетов, Жармыш ауылының тұрғыны:

-Ақтауға соңғы өлген жылқыларды жібердік. Бірақ, құтырғаны анықталса ақша аударып вакцина саламыз дейді. Ал оған шейін түйе мен жылқы қырылып жатыр.

Қауіпті індеттің негізгі белгілері өткен жылдың қыркүйек айында пайда болыпты. Ал, өлген мал саны 30-ға жуықтағанда ауылдықтар дабыл қаға бастаған. Олар тіпті өлген мал мен ұсталған қасқырдан сынама алып, Астанаға да жіберген. Ондағылар сараптама жасалған үш түйе мен жылқының және қасқырдың құтырғанын анықтапты. Мұндағы халық енді малды қойып, өздерінің өмірі үшін алаңдаулы, тіпті жаппай екпе алып жатыр.

Бейсембі Бекмағамбетов, Жармыш ауылының тұрғыны:

-Сендер малды ұстадыңдар бізді егіп жатыр. 90 күн егеді дейді. Бастап 4-5-уін алдық. Балалардан бастап үлкендерге дейін егіп жатыр.

Шенеуніктерге сенсек, ауру малдан бірнеше рет сынама алынғанымен, құтыру дерті расталмапты. Тек соңғы зерттеулер арқылы ғана індеттің бар екені анықталып, іле-шала ауылда карантин жарияланған. Енді ауылдағы барлық жануарға вакцина егу жұмыстары басталмақ.

Жаманқұл Әлиев, Жармыш ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы:

-Ауыл әкімшілігі тиісті шешім қабылдап,шектеу шарасы жөніндегі шешім шығарды.Бұл жөнінде енді тиісті малдар егілу керек. Ауру шыққан мал дезинфекциядан өту керек,адамдары дәрігерлік бақылаудан өту керек. Осы жөнінде шаралар жасақталып жатыр. Қазір біз енді аудандық ветеринарлық станциямен хабарласып отырмыз.

Мамандардың айтуынша, құтыруға қарсы екпе аудандық ветеринарлық станцияға енді жетіпті. Ал, олар Жармыш ауылындағы 12 мың бас үй жануарын егуді бүгін-ертең бастамақ көрінеді.

+7 705 717 9113

Жаңалықтар