jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Көмірге тас қосып сатып жүргендердің видеосы пайда болды

15 ақпан, 0:02
64

Көмірден қыс бойы тарлық көрген Жетісу өңіріндегі тұрғындар отынды таспен араластырып сататын алаяқтармен күреске кірісті. Олар түнде қойманы торуылдап, тас тиелген жүк көліктерін бейнетаспаға түсірген. Енді солардың айғағына сүйенген монополияға қарсы агенттік қызметкерлері қойма иелерінің мәселесін майшаммен қарамақ. Естеріңізде салсақ, өткен айда Алматы облысында 30 градус аяз тұрғанда жұрт көмір таппай сенделіп қалған еді. Қазір бұл мәселе ішінара шешілгенімен, жағдай әлі толығымен түзелмеген. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Мына көріністерді жергілікті тұрғындардан құралған белсенді топ мүшелерінің өздері түсіріпті. Олар бірнеше түн бойы тас пен көмір қоқымы тиелген Камаздарды аңдумен болдық дейді. Айтуларынша, отын тапшылығын пайдаланып қалғысы келген әккілер тасты көмірмен араластырып сатып отырған.

Владимир Наточий, Ескелді ауданы қоғамдық палатасының мүшесі:

-Тұрғындар тарапынан «алыпсатаралар көмірді таспен араластырып жатыр» деген шағым қаптап кетті. Алғашында сенбедім. Кейін досым екеуміз барып, тас тиелген КамАЗ-ды аңдыдық. Олар шынымен де көмір қоймасына келіп, тас пен қоқымды төгіп кете барды.

Осындай құйтырқылыққа барған көмір қоймасының иесі бейнекамерадағы айғақтан сескенді ме, өз кінәсін бірден мойындады. Тіпті қандай жаза болса да арқалауға бармын деп ағынан жарылды. Бірақ ол «қоймаға түсіп жатқан көмір сапасын тек біз ғана тас араластырып нашаралатып жатқан жоқпыз, әу бастан-ақ өңірге жаман көмір түсіп жатыр» деп ақталды.

Бахадүр Қадыров, көмір қоймасының иесі:

-Қоймаға түскен көмір сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Біз оны фотоға түсіріп, кеніштегі иелеріне жібереміз. Вагондарға жақсы көмір тиеңдерші деп жалынып сұраймыз. Бірақ одан нәтиже жоқ.

Ескелді аудандық әкімдігіндегілер өңірде әлі де көмір мәселесінің өзекті болып тұрғанын жасырмады. Ал жағдайды пайдаланып отынға тас пен қоқым араластырып жүрген әккілермен олар қоғам белсенділерімен бірлесіп күресуге бар екен.

Ермек Әпеков, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары:

-Сол қоғамдық кеңестерден қазір бізде фотосурет, видеосуреттер бар екен, сол құжаттардың бәрін қазір жинап жатырмыз да, департамент табиғи монополия департаментіне құжаттарын дайындап сол жаққа жібереміз. Ары қарай іс қозғау жөнінде.

Өткен айда Жетісу жерінде үскірік аяздың беті қайтпай тұрып алғанда жұрт көмір іздеп тентіреп кеткен еді. Бұл мәселеге үкіметтің өзі тікелей араласқан соң ғана өңірге қара отын тиелген вагондар жетті. Алайда қойма маңындағы ұзын-сонар кезек мұнымен азайған жоқ. Ауыздары күйген жұрт қыс бітіп қалса да, алдағы маусымға алдын ала қамданып жатқан сияқты.

14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе
24 тамыз, 11:45
Тағдырмен тайталас