jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Құлын жарғақ шаңғы (фото)

02 ақпан, 11:48
81

Асқарын алты ай қар құрсаған, алты ай жасыл желек жапқан өр Алтайда дәстүрлі қысқы шана және шаңғыдан жарыс басталды. Шана кәдімгі қалың қарда атқа жегетін, табаны жылтыр темірмен қапталған көшпенділердің тұрмыстық жәдігері. Шана жарыс аттың күшін, жігіттің ептілігін сынайтын бәсеке. Алтайдың арғы жағындағы ағайын салт-дәстүрге берік. Соның бір дәлелі – жылқы терісімен қапталған көшпенділердің байырғы шаңғысымен жыл сайын өтетін аламан. Сонымен, бұл қандай шаңғы? Өр Алтайда туған белгілі журналист, ақын Ұларбек Дәлей терімен қапталған жәдігерді бір кісідей зерттепті. Алғашқы сұрағымыз былай басталды.

Жас қазақ: Шаңғы ең алғаш Алтайда пайда болған деген дерек бар. Алтайда туған азамат ретінде айтыңызшы, шаңғы қазақ жерінде пайда болған деген әңгіме құрғақ мақтан ба, әлде нақты дәлелі бар дүние ме?

Ұларбек Дәлей: «Шаңғыны алғаш рет Алтай тауын мекендеген тайпалар қолданған» деген дерек Қытайдың көне және орта ғасырдағы жазбасында сақталған деген әңгімені көп естідім. Бірақ ол құжатты өз көзіммен көрген жоқпын. Десе де, сол Алтайда тұратын қазақ-моңғолдар шаңғының табанына жылқы терісін қаптап алып, шаңғы ойынының неше түрін жасап, құзар шыңдар мен шатқал сайларда зулағанын көрсеңіз, еріксіз таңдай қағасыз! Соған қарап-ақ, шаңғы тебу өнері қазақ жерінде пайда болды немесе неше ғасырлар бойы сол көшпенділер қалың таулы орманда қатынас құралы ретінде пайдаланып келді деуге толық дәйек бар. Оның үстіне Алтайдың табиғаты, қалың қары сонда тіршілік еткен халықтар үшін шаңғыны ойлап табуға негіз болатыны анық.

Жас қазақ: Жылқы терісінен шаңғыны қалай жасайды? Жалпы, бұл шаңғының қандай артықшылығы бар?

Ұларбек Дәлей: Шаңғыны жылқы терісінен жасамайды. Оны өскеніне 10 жылдан асқан қайыңнан немесе берік еменнен шауып алып, аңызақ ыстықта көлеңкеде кептіріп, морға салып басын иеді. Сосын құлын жарғақтан немесе құнан жылқының жон терісінен табанын қаптайды. Кейде шаңғыға кигізе көмкеріп, бір қырынан тарамыспен тігіп тастайды. Олай жасағанда – еңіске қарай екпіні тездеп, ал өрге қарай шыққанда артқа қарай мүлде жылжымайды. Бір бағытта ғана жығылатындықтан, қайратты жылқы жүні тежегіш рөл атқарады.
Ал Алтайдың тау қазақтары оны көбінесе қалың қар көмкерген орманда қатынас және аң аулау құралы ретінде пайдаланады. Қашқан бұғы мен қасқырды жанасалай қуып барып, жанап, өткір кездікпен қарнын ақтарып өте шыққан жанкешті аңшылар жайлы ауылда көп әңгіме естіп өстік.
Кейде қыс бастала соғым басына тойып, үйде ерігіп жатқан жас жігіттер шаңғы ойынын ұйымдастырып, шеберлік сынасатын. Алғашқы қалың қар түскенде өтетін ол жарыс былай: Мықты атын немесе қара мылтығын бәске қояды. Қарсыласы көшкін қар ең мол түсетін биік шыңның ортан белінде шаңғысын киіп дайын тұрады. Бәсті тамашалауға келгендердің бірі қатты ысқырып немесе мылтық атып, құзар басынан көшкін түсіреді. Сол кезде әлгі бәске жанын тіккен шаңғышы жігіт көшкіннің алдымен заулап, жөңкілген дүлей қар тасқынына ілдірмей қарсы бетке бір-ақ сәтте самғап шығып кетеді. Басты мәселе – көшкінге ұсталып қалмауға тиіс. Өйткені, қанатты құс атаулыда биіктен ағылған көшкінге ұстатпай тік ұшып кететін жалғыз құс сауысқан ғана екен ғой. Өзге жан иесі құтылмайды дейді.

Жас қазақ: Сіздің ауыл жақта жыл сайын қыста жылқы терісімен көмкерілген осы шаңғымен дәстүрлі жарыс өткізіліп тұрады екен. Одан хабарыңыз бар шығар? Ол жарыстың қандай талаптары бар: қанша шақырымдық және қандай жерде өткізіледі?

Ұларбек Дәлей: Ондай дәстүрлі жарыс жылына бір рет қана емес, бірнеше рет өткізіледі. Оны көруге әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар ағылып келіп жатады. Ал өзім көргенім – жоғарыда айтқан ауыл жігіттерінің жанкешті жарысы. Қытай үкіметі ұйымдастырып жатқан бертінгі жылдардағы жарыстар жайлы толық хабарым жоқ. Десек те жарыстың басты мақсаты – Алтайды байырғы қазақтың ең көне тау-шаңғы мекені екенін таныту. Сондай-ақ қазақтың қолөнер бұйымдарын, салт-дастүрін дәріптеу болып табылады.

Сұхбаттасқан
Салтанат Шырынхан

20 сәуiр, 12:38
Салқыны санкцияның басылмай тұр
20 сәуiр, 12:06
М.Жүнісова: Нота ұрлап, әуен құрап, ән жазатындар бар
20 сәуiр, 11:58
Артқы аяқ пен алдыңғы аятың бар екенін білдік
20 сәуiр, 11:53
Сүф-сүф, субсидия!
30 наурыз, 12:30
Әсет Иманғалиға қару кезенген кім?
30 наурыз, 12:15
Сайқымазаққа сыйынатындар тұлғаңа түкіреді
17 наурыз, 12:00
Кәрі солдат
17 наурыз, 11:30
Қаламы – қылыш, қағазы – қалқан