jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ұстазға қарап ұл өсер

26 қантар, 18:41
242


Бұл өзі көптен көкейде жүрген тақырып еді…
Бағым ба, бақытым ба білмеймін, өз басым 1-сыныптан бастап мектепті бітіргенге дейін тек қана ер мұғалімдердің қолында оқыдым. «Ер мұғалім» деген сөз құлаққа ерсілеу естілетін, сөз құрау жағынан да орашолақтау дүние. Бірақ, басқаша қалай атауға болады?..
Бастауыш сыныпта да, жоғарғы сыныпта да кілең сайдың тасындай жігіттер білім берді. Әліппені де, әдебиетті де жасы бар, жасамысы бар – солардан оқыдық. Математика, физика, химия сияқты пәндерді де солар берді. Әйел ұстаз да болды. Бірақ жігіттердің саны да, сапасы да басым болатын.

Тепсе темір үзетін, сөйлеген сөзі кесек, берген білімі терең, өсек сөзбен ісі жоқ, күңкіл-шүңкілмен шаруасы аз сол ағайлардың тәрбиесі болар, ерте есейдік. Ерте жігіт болдық. Пыш-пыш әңгімеге үйір болған жоқпыз. Ат мініп, бәйге шаптық. Алты ай жаз сабақтан кейін қой қайырып, шөп шаптық. Содан болар, аязда тоңуды білмедік. Қарш-қарш мұз шайнап, қаңтарда шана тептік.
Ал қазіргі балалар ше? Олар үйден шықса, атасы-апасы, әке-шешесі болып – бәріміз үкілеп шығарып саламыз. Мектепке көлікпен жеткізіп, аяғын жер бастырмай қайтадан алып қайтамыз. Сұрағанын береміз: ішпегені алдында, жемегені артында… Бірақ сондада олар әлжуаз. Қызға ұқсап қылмиып тұрады. Аяз ұрса ауырып қалады. Жел соқса, жөтеліп қалады. Бізге ұқсап қар жеп, мұз шайнамайды. Бірақ салқын суға тамағы ісініп, ауруханадан бір-ақ шығады. Бүгінгі балалар біз сияқты жаңбырда батпақ кешіп, арыққа түспейді. Олар жаңбырдан да, батпақтан жиіркенеді…
Содан шығар, қазіргі балалар жасық. Мінезі жұмсақ. Киген киімі, жүріс-тұрысы да қызға бейім.
Себебін іздеп көрдік. Әркім әртүрлі пікір айтатын шығар, бірақ осы бір келеңсіздіктің төркіні – ұстаздарда жатқан сияқты. Қазір мектептен ер мұғалімді емге таппайсыз. Кілең қырдың гүліндей қыз-келіншектер. 2-сыныптағы ұлым «Әке, еркектер мұғалім болушы ма еді?» — дейді, менің сөзімді бөліп. Оның түсінігінде, мұғалімдер тек қана әйел болуы керек сияқты. Алай да — былай да айтып көрдім, бірақ оның көз алдына еңселі ер-жігіттен мұғалім жасай алмадым…
Ұл баланың болмысына жақын мінезді ер мұғалім ғана бере алады. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр… Қыз-келіншек сабақ бермесін, педагог болмасын деген сөз емес, бұл. Бірақ «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, бала мектепте не көрсе, соған еліктейді. 11 жыл қасы-көзі қиылған қыз мұғалімді, әйел ұстазды көріп өскен ұл – ертең ер мінезді болып ержетеді деген қисынсыз…
Айтпақшы, ұлттың болашағын ойлаған ел болсақ, педагогикалық кәсіпке ер-азаматтарды тартуды мемлекеттік деңгейде қолға алу керек…

Жарас КЕМЕЛЖАН

13 шiлде, 14:43
Әлихан Бөкейхановтың ауылы
13 шiлде, 12:52
Журналистикаға оралуды армандадым
13 шiлде, 12:40
Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл
06 шiлде, 12:28
Мұқағали бейнесі әлі есімде
06 шiлде, 12:04
Алтын кеседегі көл "жасы"
06 шiлде, 11:52
Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?
02 шiлде, 11:01
Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі
29 маусым, 11:38
Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана