Тахауи

26 қаңтар в 12:39 114 рет оқылды

1984 жылдың көктемі. Жазушылардың шығармашылық үйіндемін. Жасымның елуге толуына байғазы етіп «Жазушы» баспасы шығарып бермек жаңа әңгімелер жинағымның қолжазбасын қайта қарап, алып-қосып дегендей, соңғы сұрыптауымнан өткізіп беруге кіріскенмін. Қолжазба баспаның кестесінде тұр, тамыз айына дейін баспаханаға терімге жіберілуі қажет. Сол шаруам үшін шығармашылық үйінен оңаша бөлме алғанмын. Күндіз редакциядамын («Ара-Шмельде» бас редактор кезім), кештен келесі таңертеңге дейін мұндамын. Ықшам қолмәшіңкемді ала келгенмін, түннің бір уақытына дейін соны тықылдатып отырамын. Таныс, жолдас-жора қаламдастар кеште қыдырысқа немесе бильярд ойнауға шақырады, ал менде уақыт аз.
Дегенмен, бірде кешкісін, мойным босаңқыраған кезде, астыңғы қабатта жазушы ағамыз Тәкен Әлімқұлов екеуміз шахмат ойнап отыр едік, әдетінше ашық-жарқын сөйлей Тахауи Ахтанов ағамыз келе қалды. «Ғаббас, сен кезекті маған бере тұр, Тәкеңде әнеугүні есем кетіп еді, бүгін әуселесін көріп алайын!» – деп әзілдеп, бізбен қолдасып сәлемдесті.

– Қыдырып келдің бе, әлде жатуға жеткенің бе? – деді Тәкең.

– Бір аптаға ғана келдім, бір срочный жұмыс боп, – деді Тахаң.

– Ә, онда әлі де талай есең кетеді, асықпа! – деп Тәкең күлді.

– Көрерміз, – деп Тахаң да күлді.

Тәкең екеуміздің ойнымыз аяқталып қалған, жылжып орын босаттым да:

– Есе алатын адамға жол ашық, – деп Тахаңа қарадым. Тахаң болса «іхі» деп лекіте күліп алды да:

– Жаңа жылдың қарсаңында осында жатқанымда… – деп бастап, шахмат жайынан бір әңгімені қозғап кетті. Жазушылардың біреуін атап, онымен үш партия ғана ойнауға бәстескенін, тақыр-таза үш жеңілгеннің үш сигаретті қатар тістеп тартуға тиіс болғанын, тең ойын есепке алынбасын дескенін, сөйтіп, әуелгі екі партияда тең түскендерін күлімсірей отырып, баптап айтуға кіріскен кезде Тәкең әдетінше кеңсірігін «тазалай» екі рет «кіңһ» деп қалып:

– Тоқта, айтпай қоя тұр, Сәуірбек келе жатыр, мұны білмейсің бе, естігенін өзінікі етіп жаза қоятын пәле емес пе?! – деді. Сыртқы есікке көз тастап едім: Бақбергенов кіріп келеді екен, Тахаң шалқалап қатты күліп жіберді…
Сол күннің ертеңінде кешкі астан кейін сыртқа шығып тұрғанбыз. Үш-төрт жігітпіз. Ортамыздағы Тахаң: «Ана бір жылы Москвада…» деп әңгіме бастаған. Жарықтық әңгімешіл еді ғой. Сәлден соң орта жас шамасындағы бір бейтаныс шоқша сақал кісі келіп:

– Жігіттер, орта толсын! – деді қолын ұсынып.

– Кемдігі өзіңізбен толсын! – деді Тахаң.

– Маған Әзілхан Нұршайықов керек еді, осында деген соң іздеп келіп едім, қайдан тапсам екен? – деді бейтаныс.

– Ә, ол кісі бүгін ғана, түстен кейін келген, бірақ кешкі шайға шыққан жоқ, қай бөлмеде екенін білмеймін, – деді жігіттердің бірі.

– Кім ол, Нұршайықов деген? – деп Тахаң кәдімгідей таңқалғаны! Мен не дерімді білмедім. Сірә, ол мінезді басқалар да күтпеген, түсінбеген болар, бәріміз де тым-тырыспыз, 15-20 секунд өткен шығар. Мен Тахаңның таңданысын түсінбей қалдым да, бейтанысқа:

– Жүріңіз, кіріңіз, тауып аламыз ғой, – деп ішке беттедім…
Бөлмеме кіріп, күндегіше жайғасқаныммен іске қолым жүрмеді. Ойым он сан. Тахаңның тосын қылығы ештеңеге қарағысыз күйге ұшыратты. Апырым-ау, онысы несі?.. Мен Әзілхан Нұршайықовтың да шығармаларын ұнатамын, құмартып оқимын. Оның өз тақырыбы, өзіндік әдіс-тақысты сөз қолданысы, ой өрнектеуі бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қашанда кесек сөйлейтін атақты ағамыз Тахаңның әйгілі Әзекеңді «білмегені» қалай? Мінез көрсеткеннің де жөні, реті, орны бар емес пе?

Тахаңның «мінез көрсетуі» дегеннен еске оралған бір жәйт мынау: 1981 жылдың күзінде-ау деймін, Жазушылар одағында поэзия хақында жиналыс өтті. Ақындардың біразы жерге түкірген, біразы көкке түкірген көрініс болды. Көкке түкіруді Әбділда Тәжібаев шығарды. Ол мінберде қызына сөйлеп тұрған. Не себептен екенін аңғармадым, залдан әлдекім: «Оны Мағжан айтпап па еді?» деп қалып еді, Тәжібаев: «Жоқ! Оны Мағжан айтқан жоқ! Оны мына мен айтып тұрмын!» деп бастап, сөздің көрігін күрілдетіп, шоғын шашыратып, дауысы қарлыққанша екілене сөйлеп: «Қазаққа бір жау болса, ол – Мағжан!» деп, таяғымен еденді тесіп жіберердей тебітіп, сөзді тағы сабалап жөнелді. Алдыңғы қатарда отырған Тахауи Ахтанов дәл сол сәтте ұшып тұрып, шығар есікке беттеді. Бір шаруама баруым керек еді, мен де түрегеліп, Тахаңа ілестім. Сыртқа шыққан соң:

– Таха, үйіңізге апарып салайын, көлігім бар, – дедім.

– Солай ма? Жарайды, – деді ол, көңілсіз кейіпте солғын сөйлеп. Көлігім он кісілік «РАФ» автомашинасы, соған бастап барып, есігін ашып кіргізгенімде Тахаң:

– Мынауың машина емес, самолет болып жүрмесін? – деп әзілдей отырды, бұрын ондай мәшинеге мініп көрмегендей бе, ішін жағалай шолып.

– Мүмкін, ол жүргізушіге байланысты, – дедім мен де қалжыңға сүйеп. Тахаң күлді.

– Жаңағы жиналысымызды Абай көріп отырса не дер еді, қайтер еді? – дедім. Неге олай дегенімді әлі күнге өзім де білмеймін. Ол сұрақты Тахаңа қойдым ба, өзіме қойдым ба – оным да беймәлім. Сірә, ұйқы-тұйқы толқыған ой-сезімімнің ұшығы санамның бір тұсын «тесіп», еркімнен тыс шықса керек.

– Абай мұндай мың құқайды көрді ғой, «бетін басып, қатты сасып, тұра қашуы» да мүмкін, болмаса – Әбділданың таяғын жұлып алып, әуелі соны, содан кейін біразымызды басқа бір-бір салуы да мүмкін. Абай… Жарықтық терең ғой, түпсіз ғой. Өз басым Абайды енді ғана түсіне бастадым, – деп Тахаң ойланып қалды. Абайды пір тұтатынын аңғарсам да, «енді ғана түсіне бастадымына» іштей илана қоймадым.

– Анау ақын ағамыздың Мағжанды мансұқтап жүргені неліктен? – дедім, тағы тыныш отырмай. Ол сұрақты әдейі қойдым. Көкейімді кесіп, анық-танығына көзім жетпей жүрген жәйттің мәнісін шын білгім келген. Тахаң лекіте күлді де:

– Мағжан ақталса, біразының бұта-бұтаның түбіне тыққан сюжеттері мен идеялары ашылып, ақтарылып қалады, – деді.
Тахаңның үйіне жетіп қалған едік, машинаның есігін ашып, ілесе түстім.

– Үйге кір, жүр, – деді Тахаң.

– Рахмет, Таха, құрылысқа кетіп барамын, сау болыңыз! – дедім.

– Көп жаса, сау бол! – деп қолын ұсынды.
…Өлі Мағжанға кіжінген тірілердің терістіктерінен тіксінген Тахаңның Әзекеңді алымсынбағаны мені бейжай қалдырмауға айналған. Ол хал ертеңінде-ақ көрініс берді. Кешкі сағат тоғызда мәшіңкемнен қолымды алып, қағаздарымды жиыстырдым да, дем алуға сыртқа шықтым. Тахауи Ахтанов пен Хайдолла Тілемісов қиыс өтіп барады екен, ілесе қосылдым. Хакең – «Қайнар» баспасының директоры. Ол да менше күндіз кеңсесінде, түнде осында. Тахаң екеуі жазушылардың Мәскеуде өткен соңғы құрылтайына қатысты әңгіме өрбітісіп жүр екен. Тахаң қалмақ ақыны Дәуіт Құғұлтинов туралы, сірә, онымен сол құрылтайда болған пікір алысулары жөнінде болар, күлдіргі жәйтті айтып болды да: «Бұл съезд, жаңа айттым ғой, маған қалайда ұнамады, сөз ұсақтап кетті ме, әйтеуір, айызымды қандырмады» – деді. Хакең: «Рас, меніңше, мәскеулік ағайындардың да арасында жік бар тәрізді. Бондаревтің сөзінің астары қалың жатыр, біраз қаламдастарын атамай-ақ қағытып өтті-ау, ә?» – деп еді, Тахаң: «Қалай дегенмен, сол Бондаревің осал емес, шығармалары психологиялық ширығысқа толы, тартып отырады, ойландырады» – деді. Сол сәтте Хайдолла: «Е, ұмытып барады екенмін, бір жолдаспен хабарласуым керек еді, мен кетейін, кешіріңіздер!» – деді де, жөніне кетті.

– Территорияны бір айналып шығайық та, біз де қайтайық, ә? – деді Тахаң, мені қолтығымнан алып. Жұмсақ үні, үлкен басымен мені қолтығымнан ұстағаны батылдық берді ме, әлде іштегі ширығысым шегіне жетті ме, ол жағын аңғармадым, қалайда айтсам дегенімді бастап жібердім:

– Таха, егер рұқсат етсеңіз, сізге інілік бір базынам бар сияқты, соны тыңдаңыз, – дедім.

– Иә, – деді ол, «не айтпақ едің, нендей базына?» деген сауал сыңайды емес, «рұқсат» дегендей жылы райды аңғартты.

– Сіздің кеше Әзілхан Нұршайықовты «білмей қалғаныңыз» маған ұнамады. Көзі қарақты қазақ атаулы түгел білетін жақсы журналисті, жақсы жазушыны сіздің білмегеніңізге кешегі бейтаныс адам, әрине, иланған жоқ. Жарайды, оны қайтем, кімнің кімді тануы, танымауы өз еркінде, ал сіздің, Таха… Нұршайықовтың күні кеше жастарды да, жасамыстарды да тебіренткен, құштарландырған «Махаббат, қызық мол жылдар» романындай, «Ақиқат пен аңыз» деп аталып, исі қазақты риза еткен роман-диалогындай шығарманы оның қатар-құрбыларының бәрі бере алды ма? Басқа қыруар дүниесін былай қойып, осы екі туындысын алсақ, қазақ әдебиетінің көнермес қорына мұншама үлес қосу екінің бірінің қолынан келіп жүр ме? Ол ешқайсыңыздың тақырыбыңызды алып қойған жоқ. Ендеше, оны алымсынбау – үлкен ағаттық. Таха, халқымызда ғажап қарапайым айтылған, бірақ ғажап құдіретті мәнге ие мақал-мәтел көп қой, мысалы, «Өсер елдің баласы…» дей бергенімде Тахаң шынтақ тұсымды қысып-қысып қалып, қатты күліп жіберді де:

– Қайтайық, дем алайық. Айтпақшы, Ғаббас, мына территория бұрын ой-шұңқырлы емес пе еді? – деді, бағанадан бері осы жер жайын әңгімелеп жүрген жанша жайбарақат сөйлеп. Тахаңның тақысын тани қойдым да, базынам былайда жауапсыз қалған тәрізденсе де, межесіне жеткеніне, нысанасына тигеніне шүбәланбадым, сұрағына жауап қайтардым:

– Иә, сондай болатын, сіздердің саяжайларыңыздан осылай қарай шығарып тасталған ба, әлде баяғыдан бар ма еді, мынау тұста, анау тұстарда үш түйетас жататын, мен оларды қозғатқан жоқ едім, территория табиғи қалпында ой-шұңқырлы боп жатсын дегенмін, бірақ Жұбақаң көруге құрылысқа бір келгенінде тракторшыға тіке өзі бұйрық беріп, үш тасты да сонау ірге жақтағы шұңқырға көмдіріп, территорияны егін егетіндей тегістеттіріп тастады, бастықтың аты бастық емес пе, сөзімді тыңдамады, – дедім.

– Жұбан да қызық, оның да кейбір мінезін түсінбей қаласың, – деді Тахаң. «Жұбанды айтам-ау, мен де қызықпын, менің де кейбір мінезім түсініксіз болады», – деп іштей мойындағандай.
Тахаңмен кейін де және бірер мәрте әңгіме-дүкен құрғаным бар. Оралхан Бөкеев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Сағат Әшімбаев, Ұлықбек Есдәулетов шығармашылықтарына қатысты әдемі пікір айтты. Әсіресе, Оралханға орала берді. Талантын тамаша танып, ағалық пәк ниетімен тәнті болғаны шығар…
…Өкініш шіркіннің кезек күтпей келетіні бар. Адамның жүйкесіне нәр беретін ахуал оп-оңай бола қоймайтыны, ал жүйкеңді жұқартатын жәйттің тосыннан, кенеттен оп-оңай бола салатыны неліктен? Менің жүйкем құдды әділеттіліктің таразысында дұрыс мөлшерленбеген істің бәріне құлыпсыз есіктей ашық. Әсіресе жақын-жақпайым, тіпті жүз таныстарымның бірі болсын қиыншылыққа, қайғыға тап болса, ол маған ауыр әсер етеді. Көлденең көз үшін дағдыланған жасандылығым емес, құдай балшығымды солай илеген жаратылысымнан шығар. Соны түсінгені ме, бірде ақын аға Әбірәш Жәмішев: «Ғаббас мырза, сен қандайсың, бір кісі қайтыс болды деп естіген сайын көзің жасаурай қалады, мен байқап жүрем, өйте берсең жүрегіңе обал ғой?» – деді. Мен: «Әбеке-ау, бір ғұмыр үзілді ғой!» – дедім. «Қолымыздан келсе, алып қалмас па едік, ондайда берік болғайсың!» – деді.
Жүйкеме солайша ауыр салмақ түскен күннің бірі – 1994 жылғы қыркүйектің 22-сі. Ол ахуал апталық «Қазақ әдебиеті» гәзетінде (24. 09. 1994 ж.) қысқаша былай баяндалып еді (газеттің Бас редакторы Ахат Жақсыбаевқа: «Мына қоштасуымды газеттің ертеңгі нөміріне жібергейсің. Үкіметтің ресми азанамасы шыққанша бір апта өтеді ғой, халық хабарлана берсін» дегенімді Ахат құп көрді):

«Ақырғы тілдесуіміз болды-ау!

Кеше ғана еді ғой?!
Қыркүйектің 20-сы. Сағат 12 шамасы. Телефоным шылдыр етті. Тұтқасын көтеріп тыңдадым.

– Ғаббас, сенбісің? – деді. Тахаңның тарғылдау дауысы.

– Таха, ассалаумағалейкүм!

– Мен ғой. Тахауи. Уағалейкүмассалам!

– Таха, танып отырмын, хал-ахуалыңыз қалай?

– Хал мәз емес. Ауруханадан телефон соғып отырмын.

– Естіген жоқ едік…

– Оқасы жоқ, айналайын, қысылма. Әбіштің көмегімен мынау «правительственный» дейтін люкс-палатада жатырмын, телефоны, анау-мынаусы – бәрі бар.

– «Текущий ремонт» дейік, Таха, тезірек жазылып шығыңыз! – дедім.

– Жүрек бар болғыр әурелей беретін еді ғой, бұл жолы «жүрегіңіз дұрысталыңқырады» дегенді айтады, тек мынау құрғыр аяқ ауырлап, тіпті болмай барады. «Жас алаш» газетінен бір ғажап емші жігіт туралы мақала оқып, редакциямен хабарласып едім, олар «ол жігітті осы бір-екі күнде алып барамыз десті. Кім білсін…

– Сәті болады, Таха, емі қонып, сауығып шығасыз!

– Айтқаның келсін, айналайын. Бірақ… қазір өлімнен қорықпайтын болдым, құдай жолына түскеннен бері өлімнен қорықпаймын.

– Таха, ол пәлені ауызға алмаңыз, қайтесіз оны қыжыңдатып? – дедім. Ағамыздың демі ауырлау екен, көңілін аулағым келді. Тахаң күлгендей болды да:
– Жасым жетпістен асты. Еңбегіме қарай сый-құрмет көрдім, ризамын, арманым жоқ. Елуге жетпей Оралхан да кетті ғой! – деді, бір күрсініп.

– Жазмыш қой, Таха!

– Ғаббас, мен шынымды айтып отырмын. Менде арман жоқ. Баламды шақыртып алып, әлгі… завещание дейді ғой, соны жазып қойып едім, соны балама бердім, завещаниемді.

– Таха-ау!..

– Кім біледі, әлі ертерек шығар, иә, бірақ ажал шіркін… Оралханды елуге де жеткізбей алды, мен жетпістен астым, арманым жоқ.

– Таха, ертең-ақ сексеніңізді де бірге тойлаймыз! – дедім.

– Ә, оны көрерміз. Ал, қалқам, Ғаббас, саған бір өтінішім бар.

– Тыңдап отырмын, Таха, айтыңыз, – дедім, қызмет етуге даярмынды аңғартуға асығып. Тахаңның сөзі ажалдың ауылынан қарасын үзсе екен, аға көңілі жеңілдесе екен деп ойладым.
Жазушылар одағының шақыруымен АҚШ-тан екі жазушы, екі баспагер келгелі екі күн болған. Соны естіген Тахаң баспагерлермен кездескісі келетінін айтты. Мен олармен кешке сөйлесіп, ертең таңертең хабарласуға Тахаңа уәде бердім. Уәдемді орындадым. Таңертең телефон шалып, хал-жағдайын сұрап:

– Таха, американдар бізше пәлен жыл бұрын жоспарлау, шарт жасасу дегенді білмейді екен, дайын қолжазба керек екен оларға. Құдай қаласа, романыңызды ағылшын тіліне аудартып, сонсоң салып жіберерміз, маған әдрістерін қалдырады, – дедім.

– Солай ма? Рахмет, айналайын, рахмет, сау бол! – деді Тахаң жылы үнмен, ақырын ғана.

– Таха, аман болыңыз, аман болыңыз! – дедім, ардақты ағаға адал пейілімнен есендік тілеп.
Әйгілі майдангер жазушы, драматург Тахаңның, ақ көңіл, адал пейіл, аңғал Адам Тахаңның тарғылдау дауысын ақырғы рет естігенімді қайдан білейін?! «Айналайын» дейтін ағаларымның және біреуінен айырылдым-ау!.. Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Таха!
Тахаң өкімет құзырындағы ауруханада жатқан-ды. «Ертең таңертең хабарласамын» дегенімде үнінен селқостық нышаны аңғарыла сөйлеп: «Әдрісімді жазып ал: үшінші терапия, төртінші палата, телефон нөмірі 62-16-58» деген. Ертеңінде суық хабарды естіген сәтте сол үні құлағыма келе қалып: үйреншікті ауруханадағы «әдрісінің» ақырғы боларын сезіп жатты-ау есіл азамат! – деп налыдым.

Ғаббас ҚАБЫШЕВ,

Жазушы-сатирик(2010 жыл)

 

+7 705 717 9113

Жаңалықтар