jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Көмір үшін күрес

26 қантар, 12:29
322

Қытымыр аяз. Термометр бағамы – 34 градусты көрсетіп тұр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, жетісулықтардың отынға қолы жетпей әлек. «Қыстың қамын жаз ойламаған» Алматы облысының тұрғындары көмір қоймаларын күндіз-түні күзетіп, ұзын сонар кезекте тұр.

Қаңтардың екінші он күндігінде Жетісу өңірінде ауа райы күрт суытты. Отыны таусылып, салқын үйде тоңған тұрғындар бағасы шарықтаған көмірге қол жеткізе алмай әрі-сәрі күйге түскен. Тіпті осыған дейін көмірдің бір тоннасын 13 мың теңгеден алмағандар енді 20 мың теңгеге таппай отыр. Қазір тұрғындар көмірдің қымбаттығына емес, тапшылығына алаңдаулы. Қалада көмір әкелінген күні лезде таусылады. Түн ортасында жеткізілген отынды сарыла күтушілер таң атқанша талап әкеткен. Талдықорған қаласының тұрғыны Дидардың айтуынша, көмір қоймасының қожайындары мен қаладағы темір-терсек қабылдайтын орындар ымыраласып алған. Соңғылары келген көмірді тасымалдап, оларды қаппен сатуға дәніккен. «Қақаған қыстың суығы болса мынау. Халыққа көмір сатып алу деген мұң болды. Кезек көп, көлік кіріп болғанша көмір де таусылып қалады. Арадағы алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр. Оған қоса, тасымалдаушылар да бағасын көтеріп жіберді. Ал жекеменшік кәсіпкерлерден бір қап көмірді мың теңгеге сатып аламыз. Одан әрі кетсе екі шелек шығады» – деп мұңын шақты қала тұрғыны. Сонымен қатар, көмірдің сапасының сын көтермейтінін, арасынан тас та, ұсақ үгінділер де шығатынын айтқан жұрт көзбен көріп, таңдап алу мүмкіндігінің жоқтығына ызалы. Көмір жеткізушілер де тасымал құнын өзі белгілеп алған. Бұрын қала ішіне жеткізу құны 3 мың теңге болса, қазір – 10 мың теңге. Ал қала сыртындағы ауылдарға апару үшін 20-25 мың теңге сұрайды. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныстың айтуынша, күз басында көмір тапшылығы болғанымен, қазір Талдықорған қаласы бойынша ондай мұқтаждық жоқ. «Өткен аптада, яғни 15-18 қаңтар күндері 357 вагон көмір әкелінді. Күніне 3-4 вагон жеткізілуде. Әр вагонда 69 тонна болатынын ескерсек, бұл әкелініп жатқан көмір Талдықорғанды қамтамасыз ете алады. Тек шалғайдағы ауыл тұрғындары өздері «Камазбен» келіп әкететіндіктен, кейде қалаға жетпей жатады. Ал әкімшілік тарапынан «Қазақстан теміржолымен» байланыста болып, үздіксіз көмір жеткізіліп тұруына жағдай жасай аламыз. Пункт иесі шахтаға ақшасын төлеп, тікелей өзі сататын болғандықтан, көмірдің бағасы мен басқасын басқару біздің құзырымызда емес», – дейді ол. Қазіргі таңда жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін көмір алушыларға шектеу қойған. Бір адамға бір тоннадан артық сатылмайды.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ,
Алматы облысы

14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе
24 тамыз, 11:45
Тағдырмен тайталас