jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Футболдың сұлтаны

26 қантар, 17:30
216

АҚСҮЙЕК ЖАРҚЫЛ ӘУЛЕТІ

Футболдың жанкүйерлері өз алдына, исі спорт дегенде елең ететін жұмырбастылардың бәрі Жарқыл Севимді өте жақсы біледі. Тіліңе теріскен шыққыр кейбіреулер ол қызды тіпті Қылмойын деп атап жүр. Обал-ау демейді. Е, мейлі, егер сіз де спорттан хабар-ошары бар жан ғана емес, ақсүйектер әулетінен шыққан болсаңыз, Севимді де, бүкіл жарқылдарды да жыға танитыныңыз даусыз.
Севим сұлу – дәл қазіргі заманның қызы: кім қалай атаса – олай атасын, не десе – о десін, ол әсте абыржымайды.
Желкенді қайықшылардың былтырғы жарысында Севимнің айды аспанға шығарғаны әлі де естеріңізде болар. Ол қыз ойда жоқта:
–Жеңімпазға бас бәйгені мен берем! – деп спортшыларды да, жиналған жанкүйерлерді де шалқасынан түсірді емес пе?!
Ертеңінде ол «бас бәйгенің» мән-жайын спорт шолушылары ғана емес, ақсүйектер өмірін шолушылар да жабыла жазды.
Жарыста, әлбетте, Суат Негр алдына жан салған жоқ.
–Кәне, бас бәйгеңді бергін! – деді Суат шіреніп.
Жаға тола жыпырлаған жұрт: егер Севим сұлу құшырлана бір сүйсе, Суатқа одан артық жүлде болмас, десті. Өзіңе бұйырмасты өзгеге қима дейтін пендешілік қой баяғы. Ал қыздың іш пікірі ішінде екен. Ол көйлегінің түймелерін жайлап ағытты да, парашютты ашарда шығыршығын жұлқа тартып қалатын жіті қимылмен төстартқышын суырып алып, оны аңтарылған жеңімпазға бейнебір сенім грамотасын тапсырғандай салтанатты түрде ұсынды. Жігіт те абдырап тұрмады, қызды тік көтеріп ала жөнеліп, қайығына қарғып мінді. Жұрт езуін жиып алғанша болмады, алқызыл төстартқыш желкен сырығының басына байланып, жүйрік қайық Мәрмәр теңізінің төріне қарай жұлқына жөнелді. Көзі сұқты көпшілік көк айдында алқызыл көбелекше көлеңдеп бара жатқан бас жүлдеге аңыра қарап қала берді.

Көре алмаған көп дұшпан не демеуші еді, ертеңінде алыпқашты сөз көбейді. Күнәсіз Севимнің қылығы сан саққа жүгіртілді. Ақсүйектер әулетінің аса білікті адамы, өнегелі отағасы, Севимнің сүйікті әкесі – Хасип Жарқылға неше түрлі әңгімелер әсірелене жетіп жатты.
Қызғаныштың қызыл иті іштерін шайнаған көргіштер мен білгіштер әдеттерінше түймедейді түйедей етіп, Хасип Жарқылдың құлағына құймасты құйып бақты. Негрдің желкен сырығы басында қылықты қыздың төстартқышы емес, айтуға ауыз бармайтын әлгі бір… анау әлгі киімі керулі тұрғанын көрдік, десті де.
Севимнің оны-мұны қылығына оншама мән бермейтін әкесі бұл жолы шыдай алмады, күйіп кетті:
–Масқара!.. Өзінің есі дұрыс па?!. Бізді жерге қаратып кеткені несі?!. – деп, тасталқан болды.
Хасип-бей қыз намысы мен отбасы атағын қадірлей білмеген жеңілтек қызына қандай шара қолдануды ойлады. Бірақ қашан болсын араласпасқа араласа кететін әйел шіркін бұл жолы да белсене қалып:
–Жә, «әліптің артын бақ» деген, не боп қалды соншама? Қызымыздың қылығы әйелдердің іш киімін сататын «Жарқыл фирмасына» қайта қыруар пайда келтіретін болды. Бұдан артық жарнама табылмайды! – деді, ертеңгі есепке жүйрік отанасы Мехжура-ханым.
Севимнің бас бәйгесі де, айтуға ауыз бармаған әлгі бір киімі де фирманың Америкадан жақында ғана алдырғандары еді.
–Сенің сөзіңнің жаны бар, ей! Жарнаманың жаманы жоқ, – деді отағасы.
Дерін деді де, Суат Негрдің кім екенін білуге кірісті.
Арманына қолы жеткен жарыс жеңімпазы Суат Негр жасы қырықтың шамасындағы соқталдай жігіт еді. Балуан мүсіндінің нағыз сұлуы. Бұлшық еттері бұлт-бұлт. Шағыр көзді, қап-қара бұйра шашты. Он жеті мен елу жеті жас арасындағы бикештердің талайын тамсантып та, күрсінтіп те жүрген көрінеді. Қолына түсе қалса, бикештердің ешқайсысы оны аяйтын да, өзі аянатын да емес дерсің.
Желкенді қайығымен жыл бойы судан шықпайтын жігіттің жұмырланып тұрып күнге күйгені соншалық, «негр» десе дегендей. Бірақ, сол сымбатына қарамастан, әйелдердің Суатпен әуестігі әсте ұзаққа созылмайды, тіпті кейде әуестіктің ақыры ашу-ызамен, жеккөрушілікпен тынатыны қызық. Онысы қалай дейсіз бе?.. Айтайын. Бар пәле жігіттің мұрынында. Біздің елдегі ең зор мұрын соған бұйырыпты. Алайда көрмеде бардың бәрі дүкенде бола бермейді ғой. Соны ойламайтын әйелдер Суаттың қолағаштай мұрнына қарағаннан қарап тұрып қызығады екен де, қабілетіне қарық болмаған соң жер тепкілейді екен.
Сол тұзаққа Севим Қылмойын да түсті. Байғұс қыз Суаттың атаңа нәлет мұрынын көрген жерде ақыл-есінен айырылып қалмады ма?! Бірақ, Негрмен жеке кетіп, оңаша қалған сәттерінен кейінгі өкінішінде шек болмады. Оның қолынан бар келгені өкінішінің орнын жұрт көзінше толтыру болды, ол:
–Мынауың алдамшы бірдеңе екен ғой!.. – деп добалдай мұрынды дүңк еткізіп шертіп қалды…
Суат Негр жайындағы аңыз атаулы сонымен тәмәм болды. Арман жолында адасқан Севим ендігәрі теңізге жоламауға бекінді. Құрлықтағы миллиондардың құмар ойынын, яғни аяқдоп додасын тамашалауды ұйғарды. Анығын айтсақ, ол аяқдоптан бұрын әйгілі «ШаШ» командасына қызықты. «Шаң шұбалтқан» клубының ол аяқдоп командасында сайдың тасындай он бір мықты бар еді де, он бірі де қыз үшін қырыла ойнауға, тіпті еліміздің чемпионы болуға дайын еді. Ақсүйектер әулетінен шыққан аса қадірлі қыз, Жарқылдың ұрпағы Севим сұлу ондай ойынға әбден татитын.


Жарқылдың отбасы бұл жазды да іргедегі теңіз жағасында өткізетін болды. Жексенбі күні қазша тізіліп, жағажайға қарай аяңдайды: Хасип-бей – алда, Мехжура-ханым – ортада, ал Севим сұлу – соңында. Осы қалыптан айнымайды. Тек бір жексенбіде құрметті отбасының соңында құйрықша қоқырайып бір жігіт пайда болды. Ентелегені сонша – Хасекеңнің көзіне шалынып та қалды. Әлбетте, Хаскең ондай ұсақ-түйекке мән бермейді; әйелдердің американдық ішкиімдерімен сауда жасайтын салауатты адамға қызына қырындағандардың бәріне көз тоқтата беру жарасар ма?!
–Севим, анау шал сенің бабаң ба? – деді жігіт, сап соңындағы қызға тіл қатып.
–И-иә! – деді күлімсіреген қыз ойнақы үнмен.
Тізілген сап жағажайға таяған сәтте Севим әке-шешесінен қалыңқырап тоқтады да, кенет кілт еңкейіп, бәшмағын асықпай шешуге кірісті. Севим бұл тәсілім соңымда өкшелеп келе жатқан жігітті желіктірмей қоймас деп ойлаған. Ал жігіт былқ етпеді, тек:
–Севим, жарқыным, қазір көлеңкеде де қырық үш градус ыстық, ә? – деді.
–И-иә! – деп Севим оған күндей күліп қарады. Сонсоң екеуі жағажайдың бір күркешігіне кіріп кетті.
Обалы не, Хасип-бей сезгіштігін аңғартпай қалған жоқ. Жігіттің әдептен аттап кеткеніне мазасыздана бастады:
–Жаңағы жігіт кім? – деді әйеліне қатқыл үнмен.
–Қайдағы?
–«Қайдағы, қайдағы»! Соңымыздан сүмелектеп еріп келгенді айтам. Сен танисың ба?
–Кімді?
–О, алла! Біздің қызымызбен бірге анау күркешікте шешініп тұрған жігіт ше?!
–Мәссаға-а-ан! «ШаШ» клубының орталық қорғаушысын білмеуші ме едің? Ол атақты Ахмед емес пе?! Тас қамалдай Ахмед! Жұрт оны Тасдуал Ахмед деп атайды!
Хасип-бей аузын жаба қойды. Масқара-ай! Сондай атақты адамды, халық батырын танымау сұмдық-ау!..
–Ә-ә-ә-ә… Сол ма?.. Иә, иә… Ол мықты ойыншы, ол тепкенде, тура… Е, бәсе, мен біздің қызды бөтен біреу қақшып кетті ме деп қалсам…
–Сенің ойыңа келмейтін пәле болсайшы. Құйттай қызды күзетіп, әйтеуір… – деп кейіді әйелі.
–Құйттай қызды әке-шешесі күзетпесе, басқа біреу түзетіп кетеді, – деп Хесип-бей әйеліне өсиет айтып, күркешік жақты иегімен нұсқады.
Әке-шешесі рахаттана шомылып болып, жағаның ыстық құмында маужырап жатқан. Бір мезгілде күркешіктің есігі шалқасынан ашылып, Севим ойнақтап шыға келді. Ахмеді – соңында.
–Көр, әне, үйшіктен енді ғана шықты, – деді Хасип-бей, қыстыға сөйлеп.
Мехжура-ханым мыңқ етпеді:
–Қашан шықса да еркі. Бәлиғатқа толған қыз. Нең бар онда, – дей салды.
Ертеңгі есебі де түзу Мехжура-ханым ұзатылар жасқа жеткен ұяң қызының қылығын өзінше бағамдады. Ұяң болғанның да жөні бар. Қалыңдықтың көзтаныс, жүзтаныстары көп болғаннан зиян жоқ. Көптің пайдасы көп. Әкесі тым құрыса соны түсіне алмаса, онда қызының бағын байламай, тып-тыныш жүруі керек.
Әйелімен әйтеуір бір керкілдесудің басы ашық екенін сезген Хасип-бей әзірше қатты сөзден қашып, сырт айнала бере, әйеліне естірте міңгірлеп:
–Ұяң қызды тапқаныңа болайын… Көзтаныс, жүзтаныс… Хм… Тағы немене таныс керек… Ұзатылар жастағышылын… Бұл жастағыларды жұрт «кәріқыз» дейтін, – деді.
Көңілін көктетпейтін ойлардан арылғысы, тыным тапқысы келген Хасип-бей теңізге қарап, мөлиіп отыр. Су шайған, күн қақтаған қасқа басынан шыбын тайып жығылғандай. Әншейінде басы бүйтіп жалтырап тұрмайтын, о тұс пен бұ тұста селтиіп-селтиіп қана қалған шаштарын төбесіне қарай жиып-теріп, жалтырын мұқият жауып жүретін.
Теңіздің момақан кейпі оның ой толқынын баса алмады. Қызының жайын жаманшылыққа қаншама жорығысы келмесе де, бар болғырының сиқы соңғы кезде, әлгі «көрген көзде жазық жоқ» дегендей, бұзылыңқырап бара ма, қалай?
Оның ойын оқып отыратын Мехжура-ханым:
–Оқасы жоқ. Есейген сайын ет қосылады ғой, – деп, құрығыр қауіптің бетін ары қаратты.
–Ғафу еткейсің, бірақ байқайсың ба, Севимнің етіне қосылатын ет бір-ақ жағынан ғана қосылатын сияқты, – деді күдікті әке шіркін.
–Сенің сөзіңе күлкім келеді осы. Қашан қалай семіру кісінің өз қолындағы іс емес. Бәрі де конституцияға байланысты…
«Конституция» деген сөз Хасип-бейдің бір «елі аузына екі елі қақпақ» болды, жеке басының күңкілін ішкі саясат жөніндегі жарыссөзбен ұштастыруға Хаскеңнің дәті бармады.
Ай келбетті Севимнің шешесі дәл қазір біз секем алатындай дәнеңе жоқ деп түйді. Медицинаға мін таға алмайсың – гүлдеп тұр, қыздарға сын таға алмайсың – сайрап тұр, бойжеткендерге сақтана біл деп сарнаудың өзі сөлекет, деді ол, өзін өзі құптап. Әйтсе де, жағажайдағы әңгімені ақырына жеткізгісі келіп, Севимді жетектеп алып, өздеріне баяғыдан бас-көз боп жүрген атақты дәрігерге барды:
–Дат, тақсыр! Сіздің абыройыңыз… біздің абырой… қызымыздың абыройы… отбасымыздың, тіпті фирманың абыройы…
Теңіз жағасында тірлік етіп жүрген әйел атаулыны түп-түгел дерлік өз қолынан өткізіп келе жатқан даңқты дәрігер Севимді сылап-сипап шықты да, сағат шеберінше елп етіп:
–Тәйірі-ай, онша емес… – деді.
Жарқыл шаңырағының мұрагері болар бұла қыздың кәсібінен дәрігер хабардар еді. Алыпқашты сөздерде де, ақсүйектер төңірегіндегі әңгімелерде де Қылмойын Севимнің құлағы шулатылып жататын. Жарқылдың қызы күркешікте Суат Негрде кеткен есесін «ШаШ» клубының жеңімпаз аяқдоп командасынан алуға кіріскені белгілі болып қалған. Ал «ат аунаған жерде түк қалатыны» бар. Сондай белгі ақсүйектің әулеті мен фирмасына абырой әпермейтін дақ болуға айналды. Бірақ он саусағынан өнер тамған дәрігер қойсын ба, дақты құртып жіберді. Шұғыл атқарылған шаруаның өтеуі де үстемеленеді ғой, яғни оқыс дақты оңдап кетірген, біраз абыройға арашашы болған дәрігердің қолақысы қомақты болды. Ақсүйектер ақша санап жатпайтындықтан, шығынды фирма көтерді.
Өсек-аяңға өлермендікпен кірісетін газетшілер ол операцияны ой мен қырға түгел дақпырттап, «Жылмағайлау операциясы» деп ат қойып та үлгірді. Діннен безген бір автор дүмше мақаласымақ жазып, онда: «Мұндай әрекеттер жер жаратылғанға дейін жасалған болса, күнәсіз қыздарды әулиелер теріс қаратып жүр дер едік. Жылмағайлау операциясының шеберлері ол кездерде болмағанына мың да бір шүкіршілік. Әйтпесе Мухаммед пайғамбар мына жарық дүниені көре алмай кете баратын еді-ау…» деп көкіді.
Обалы кәне, Жарқылдар жұртқа сыр бермей-ақ жүр. Тек Мехжура-ханым қызының шаруасы қалай жылмағайланғаны жайындағы өсектерді оқыған сайын үй ішін бүйі тигендей қылады. Ал шаңырақ иесі Хасип-бей болса, миын қайнататын ашу-ыза тақыр төбесін тесіп шығатындай, бар-жоқ шашымен жалтыр қасқасын жауып, айнаның маңынан ұзамайды.

ТАСДУАЛ АХМЕД

Аяқдопшының үнемі спорттық бабында болуы неменеге байланысты екенін білесіздер ме? Бап шіркін кейде спортқа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын жәйттерге байланысты болады.
Мысалы, «ШаШ» командасының өткел бермес орталық қорғаушысы, бүкіл елімізге «Тасдуал» деген атпен белгілі әйгілі Ахмед қашанда аса жауапты кездесулердің алдында атақтылар сапындағы Қылмойын есімді Севим сұлумен саудаласып алады:
–Демек, біз жеңіліп қалсақ – болмайды, ә?
–Ойыңа да алма! – дейді Севим сестеніп.
–Егер тең түссек ше?
–Тең түскенге де түк жоқ!
–Ал біз жеңсек ше?
–Онда – еркің… – дейді Севим, көзін тайдырып әкетіп. Содан кейін алаңда Ахмедке ілесе алар ойыншы болмайды. Жекелеп те, топтап та жайпап кете береді. Құйрығына қара бұрыш қыстырғандай зымырайды. Қарсыластарды қарағұстан да, қара сирақтан да сылқитады, қолын бұрап, тіпті мықыннан бүріп, ішкиімін де сыпырып алады, ондайда тепкен добы көрермендердің басынан асып қаңғырып кетеді. Айтып-айтпай не керек, Тасдуал Ахмедтің арқасында команда жеңеді. Ал періште сезімді Севим қыз уағдасында тұрады. Сөйтіп, жылмағайлау операциясы жиілей түседі. Ол жәйтке баспасөз атаулы назар аудармай қала алмайды. «ШаШ» командасындағы әйгілі саңлақтың сәтті ойыны мен жылмағайлау операциясының бір-бірімен тікелей байланысы барына қалам қайраткерлері ақырында көздерін жеткізіп тынды. Одан хабар-ошары бола бастаған әке-шеше де қол қусырып отырмай, «ШаШ» клубының командасы ойнар қарсаңда Севимді әлде бір сылтаумен не үйден шығармайтын, не басқа қалаға қыдыртып жіберетін болды. Өйтпесе есіл-дерті деңбілдоп болып бара жатқан байғұс қызға жібі түзу күйеу табылмайтын түрі бар. Жарқылдың отбасы фирмасының келешегі неғайбыл болуы да мүмкін.
Әке-шешенің қулығы қулық-ақ болды. Бірақ Севимнің жан-жақты жәрдемінен мақрұм қалған Ахаң бабынан айрылып, бағдарынан жаңылды – «ШаШ» командасы жеңілістен көз ашпауға айналды. Клуб басшылары ебеп пен себепті іздеп жанталасты да, команданың тағдыры кімнің қолында екеніне көздері жеткен соң шұғыл шара қарастыруға кірісті. Жылмағайлау операциясы қанша болса сонша бола берсін, бөгет жасамаңдар, оған қажет қаржыны өзіміз-ақ өтейік десті. Команданың мәртебесі өсер кезде тиын санаған деген не сұмдық?! Қыздың абыройы – бір ғана отбасының шаруасы, ал команданың абыройы – бүкіл қоғамдық, тіпті мемлекеттік шаруа. Яғни «ШаШ» командасының рухани жебеушісіне айналған Севимнің әке-шешесімен келіссөз жүргізу қажет. Аса жауапты ол іргелі іс Хасип Жарқылдың байырғы досы, клубтың бас төрағасы Дүндәр Мылжың-бейге жүктелді. Ол Хасип-бейге барып, мәселені мейлінше жаймашуақ раймен әңгімелеуге кірісті:
–Біз тығырыққа тірелдік. Бұлай бола берсе, достым, онда «ШаШ» көшке ерген иттей күн кешеді. Обал жоқ деп отырасың ба шынымен? Команданың қаңқасы – Тасдуал Ахмед. Біз оған үш жүз мың лира төлегенімізге өкінбейміз. Ал сен Севимді ойынымызға жібергейсің! – деп Мылжың-бей буынды жерге пышақ салды. – Сенің қызың трибунада отырған кезде Ахмед тура тасқамал болады да қалады. Қызың келмегенде қамалдың қабырғасы қақырап, қақпасы жұлынып, жау біткен ойран салып кетеді…
Дүндәр Мылжың-бейдің жалынды сөзі Жарқылға күшті әсер етіп, жанын жібітті. «Команданың қаңқасы» дейді! Бір өзін үш жүз мың лираға бағалапты! Қалай екен?!
–Жағдайды оңдаудың ең жақсы шешімі Ахмед пен Севимнің тойын жасау болар еді, – деді Мылжың-бей, ғұламалық сөзінің соңында.
Буын-буыны босап кеткен Хасип-бей «Ендеше Ахмед неге үйленбейді?» деп қала жаздады да, періштесі қағып, тілін тістеп үлгірді. Сығарға биті жоқ салпы етек Ахмедтің оған керегі не? Зиялылар қауымындағы зиынды жігіт емес. Сайда саны, құмда ізі жоқ бір карташы қу. Таразының екінші басындағы қызының қолында «ШаШ» клубының да, оның атақты аяқдоп командасының да тағдыры тапжылмастай тұрғанын сезетін Хасип Жарқылдың көңілі көктем. Әлгі картасы түскір тажал болмаса, Севимнің мыңқ етпес қорғаушымен некелесуіне келісіп, тіпті күйеу баласына шағын ғана спорт дүкенін ашып беруге де бейім…
Хасип-бей бас төраға Мылжың-беймен қоштасып тұрып, тегінде бұл жәйтті бәйбішесімен кеңесіп шешкені жөн болатынын аңғартып қалды.
Ерлі-зайыпты Жарқылдар сол күнгі түнде қыздарының келешегін алғаш рет келелі әңгіме етісті. Аз сөзбен көп жағдай реттелді.
–Севимді күйеуге тезірек беру керек. Басы байлы болса, одан арғысын қойшы… – деді шешесі.
–Әрине! Одан соң күйеуі ие бола жатар. Тиеріне тиген соң Тасдуал Ахмедті көктете ме, Суат Негрді көктете ме, мейлі, маған бәрібір, – деді әкесі.
Қамқор пейіл әке-шеше таң атысымен-ақ қыздарына күйеу қарастыруға кірісті.
Шындықтан шет кетпей айтар болсақ, Жарқыл отбасының басшылығы «ШаШ» командасындағы қырыпсалдың кандидатурасын талқылаған жоқ. Оның себебі жігіттің карташыл сандалбай екендігінде емес еді. Аяғым аман болсын дейтін оған Хасип-бей, әйелдердің ішкиімін сатып зыр жүгіретін ермек тауып та берер еді. Гәп Тасдуал Ахмедте болып шықты. Ол Севимге үйленуден ат-тонын ала қашты. Сылқым қыз «ШаШ» командасының негізгі құрамындағы теңбілдопшылардың қосалқыларын қоса бәрімен де әмпей-жәмпей жарасып үлгерген-ді. Сөйтіп, «Шаң шұбалтқан» командасының барлық ойыншылары өзара «бажа» болып тынған. Сондықтан Ахмед те қызды өзіне туыс тұтып, оны күйеуге тезірек шығуға үгіттеді.
–Сүйіктім, екеуіңнің тойларыңнан кейін біз ешкімнің өсегіне жем болмас едік, – деді ол.
Севим келісті, бірақ күйеуі құрығырды қайдан табады? «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас», деген емес пе. Десе де, іс насырға шабуға айналды да, бір күні Мехжура-ханым қызына ойын маусымы аяқталғанға дейін күйеуге шығып үлгеруі керектігін ескертті.

ШАФРАН-ЗАДЕ

Күйеу өзі-ақ табылды. Оны іздеп тірі жан табанынан тозған жоқ. Жарқылдар періште күйеуді көктен тілеп жүргенде ол байғұс жайбасарланып жерден табылды. Қаннен-қаперсіз ол сорлының аты-жөні Саид Жиренші еді. Севимге мінез-құлқы, жігер-күші сай дәп сондай жан керек-ті. Жайбарақат заманда, әйткенмен, Севим оған иліге қоймас та еді, бірақ шешесінің үстелді тоқпақтап:
–Сен күйеуді не өзің іздеп тауып ал, не әкең екеуміз тауып бергенге ти! – дегеніне бағынбасқа амалы қалмады.
Бейшара қыз өзінің бөлмесіне барып, жер бауырлап жылап-жылап шықты да, қайсы бұрын бұйырған еркекке тие салуға келісетінін айтты, «тек ол менің ізімді аңдымасын, ісіме араласпасын» деді…
Саид Жиреншіге келсек, оның тал бойында жирен дәнеңе де жоқ еді, табанынан төбесіне дейін ақсарының ішіндегі бозсарысы болатын, құдды ұнға аунатып алғандай-ды. Аппақ кірпігінен күн өтіп, көзі үнемі жасаурап жүреді. Қара көзәйнектің қандайын кисе де көзі құрғамай, сығырайып келе жатады. Онысының үстіне екі көзінің жанары бірдей солғын – минус он бес, сонсоң қан қысымы жоғары, әрі селк етпе сырқаты тағы бар. Қашан болсын әйтеуір бірдеңеге ұрынып, шалынып қалып, бет-аузы, өне-бойы көк ала қойдай боп жүреді. Бойы жүз сексен төрт сантиметр де, салмағы – небары елу бір келограмм: кісіден гөрі екі метр сырыққа ұқсас. Сиқына қарап жасын шамалау да қиын. Біреулер қырықтан асырып тастаса, біреулер он алтыға да жеткізбей қояды. Жасының жиырма төртке толғанын Саидтың өзі ғана біледі.
Сонау мектепте жүрген кезінде Саидтың ғұлама математик болатын ыңғайы бар еді, өйткені басқа сабақтың бірде-бірі миына қонбайтын, ал математикадан дәріс оқитын мұғалімдер зейінді де зерек Саид Жиреншінің ол салада небір ұлы жаңалықтар ашатынына кәміл сенетін. Сол сенімдерін арқалатып, мектептен соң оны Парижге астрономия оқуына жіберді. Бірақ, қырсыққа дауа жоқ, Саид арғы-бергі астрономияны түгел тәмәмдап үлгірген сәтте аспанда құпиясы ашылып ат қойылмаған, айдар тағылмаған бірде-бір жұлдыз қалмады.
Әйтсе де, Париж оны жетімсіреткен жоқ. Астрономияны ақтарып-төңкеріп тастаған Саид ақырында балгер болып шығып, ұры-қары атаулының адымын аштырмайтын көріпкел қасиеті бар әулиеге айналды. Ол қасиет оңған шүберектей Саидқа өзін үндінің сиқыршысымын және Эйнштейннің немере ағасымын деп таныстырған бір беймәлім пендеден дарыды.
Саид алдына келген адамның да, келмеген адамның да ойын оқып, бүкіл тірлігін таратып айтып беретін болды. Өзінің тауықсоқырлығы мен жасықтығынан сүрінбесе, оны алдап соғу әсте мүмкін емес.
Ол көріпкелдік қасиетінен көп пайда тапты. Мәселен, таңертең тұрғанда ұйығын таба алмай қалса, оны түртінектеп іздеп жүрмейді, барып үстеліне отырып, қағаз-қарындашын алып, есептеп шығару тәсіліне кіріседі де, ұйығының қай жерде жатқанын болжай бастайды. Егер математикалық болжауы тоқ етер нәтиже бермесе, онда шабаданынан жаңа ұйық алып киеді. Күндегі кәсіп-қарекеті сол, үйі ұйық қоймасынан кем емес. Қайда қарасаң да, көретінің ұйық. Тіпті тоңазытқышты ашып қалсаң да, ішінде ұйық жатады.
Балгерлігінің арқасында оның тап басып бір болжап білгені: қыз атаулының бәрі оған тұрмысқа шығуға құштар. Бірақ бірде жұлдыз картасына қарап бал ашып отырды да, жұлдыздардың дұрыс сөйлемей тұрғанын, үйленуден опа таппайтынын түсініп, әйелдердің маңы тұрғай шаңына жоламауға бекінді. Ал айналайын әйел жұрағатын Саидтың жігіттік сын-сипаты емес, аңызға айналған қисапсыз байлығы қызықтыратын.
Оған бұйырған байлықтың екі жүз елу жылға созылған жыры бар еді. Баяғыда осындағы етікшілер арасында Юсуп деген болыпты. Алапестей сықпытына қарап жұрт оны «Алабас» деп атап кетіпті.
Юсупты бала кезінде янычарлар тауып алып асыраған да, кейін оның жаяу әскер боп жарытпайтынын көрген соң, етікшілікке берген. Бір басына жететін ақылы бар Юсуп бертін келе біраз етікшіге бастық болды, о заманда дәуірлеген Осман мемлекетінің бүгінгі бір түкпіріне барып әкім де болды. Беті жүрген сол тұста Алабас Юсуп-паша атанды. Бірақ билік дізгінін екі-ақ ай ұстады. Жоғарыдағы бас уәзір оның үйіп-төгіп пара әкеліп беруін күткен болатын, ал Юсуп-паша пара беруді емес, пара алуды ғана ойлады. Соны сезген бас уәзір падишахқа, яғни патшаға шағым жолдап, Алабас Юсуп-паша халықтың мазасын алып жүр дегенді айтты. Халқым дегенде түн ұйқысы төрт бөлінетін, тұқым-тұқиянынан бері әділетті патша қатты қиналды да, екі ай бойы халықтың тынышын кетірген әкімнің басын қағып тастауға жарлық етті.
Осман мемлекетінің жазба тарихын парақтар болсақ, Алабас Юсуп-паша абыройлы ажал таппапты. Қанға бөгіп жүрген ыспар жендет қару ұстаушысы екеуі жалаңдап жетіп барған сәтте Юсуп-паша шошығанынан бұтына жіберіп қойып, қасқағымда жантәсілім етіпті. Жендет жер соғып қала беріпті.
О дүниеге кете барған әкімнің қазынасы патшаға бұйырыпты. Патша бақылаушыларының көзіне шалынбай қаға берісте қалып қойған байлығының өзі оның үрім-бұтағына екі жүз елу жылға еркін жетіп жатса керек.
Біреулер өлтірілді деп, біреулер өзі өлді деп дақпыртқа айналдырылған Юсуп-пашаның ұрпағы енді Алабас деген аттан безіп, біз төре тұқымы Шафран-задеден тараймыз дей бастады. Алайда ол далбасаларынан да түк шықпады. Өйткені жұрт: «Е, сендер әлгі бұтына жіберіп қойған Алабас Юсуп етікшінің ұрпағы Шафран-задесіңдер ғой…» дейтін болды. Сонсоң олар қайтсін, Түркияда 1934-жылы фамилия туралы заң шыққан кезде қақ-соғы жоқ «Жиренші» деген фамилияны иемденіп тыныш тапты.
Сонымен, Саид Жиренші – шылқыған бай. Аспаннан жаңа жұлдыз іздеп табам деп Парижге барған үміті үзіліп, Стамбұлға қайтып оралғанынан опық жей қоймады. Мұнда Жарқылдың Севимі жұлдыз боп жарқырап алдынан шықты.
Жер қайыстырған қолдай қалың Жиренші әулеті Саидтың үйленуіне, ұрпақ өсіруіне қарсы емес еді. Тек ондай аса жауапты істе Севимнің дені дұрыс серік бола алмайтынын сезген туыстары қайырылмастай қарсы болды. «Севим еркек біткенді емірендіріп жүрген шешесіне тартқан, оған ие бола алмайсың, аузыңды аңқитып кетеді» десті.
Саид туыстарының тұжырымына тоқтамады:
–Адамның ойын оқитын, тағдырын болжайтын кісіге сан соқтыру мүмкін емес. Жо-жоқ, ол менің аузымды аңқита алмайды, – деді.
Оқу-тоқуы мол адамның сөзі! Парижде ай қарап жүрмеген ғой!
Саидтың сөзінің де жаны бар. Себебі оны өмірінде бір-ақ әйел алдай алды. Оны алдау деуге де болмас, өйткені Саид бәрін де күні бұрын болжап біліпі алған болатын.
Баяндай отырайын.
Ашынаның алуан түрін әп-сәтте тауып ала салуға болатын күнәһар Парижде Саидтың айы оңынан туа қоймады. Юсуп-пашаның инеліктей имиген, қатып-семген Саидына әйелдер көз тоқтатып қарамады да. Ақшаның құдіретіне табынған Саидтың Париж сылқымдарын таңдап жүріп сүйермін-ау деген есебі далада қалды… Шіркін-ай, Париждің сұлулары су тегін дейтіндері қайда?!.
Жиренші жидіп, ұнжырғасы түсіп жүрген күндердің бірінде аяқ астынан асығы алшысынан дік етті. Эйнштейіннің немере ағасымын деген баяғы үнділіктің үйінде ол бір араб әйелмен танысты. Көрген жерден көңілдері жарасып, сөздері «сенге» көшті. Әйел Саидқа шешесінен бетер елжіреп сөйледі. Саидтың жаны бар адам жылап жіберерліктей халін сезген соң мүлде егіліп:
–Саид-жан-ай, саған бір жағдай жасамасам болмас. Ағымнан жарылып айтып отырмын. Мың франк берсең болды, – деді.
Жиренші қуанғанынан жата қалып аунай жаздады. Әйтседе ақыл-есінен айырылмай:
–Жарайды… Ақша ешқайда қашпайды… Әуелі жағдайыңды жасап бер, – деді.
–Сильвупле, – деп қасын керді де, әйел оны фотоательеге ертіп жөнелді. Онда апарып натуршы Мадленмен таныстырды. Мадлен! Кез келген еркектің портфелі мен әмиянынан фотосуреті шығатын әйгілі Мадлен!.. Ол фотосуреттер… былайша айтқанда… жыныстық қарым-қатынас ережелерін үйрететін көрнекі құрал делінетін. Суретке түсерде Мадлен киіне бермейтін. Яғни жалаңаш түсетін. Жалғыз да бола бермейтін. Яғни, біреулермен бірге түсетін…
Қайда келіп тұрғанын, әрине, Саид бірден болжай алмады. Диваны, жастықтары, қабырғада қақпақтай айналары, басқа да жиһаздары барын көрген соң ғана: Е, Мадленнің ұйықтайтын бөлмесі екен ғой, деп ойлады.
Араб әйел қайтып кетті. Мадлен дереу іске кірісті. Ол әйелге тән елжіреспен, қызға тән кібіртікпен қимылдап, Түрік республикасының аппақ азаматын — жолы болмай жүрген астрономды шешіндіре бастады. Сейтіп, ол күні жыныс қатынасы жөнінде Саидқа берілген түсініктің ұшы-қиыры болмады және ол түсінік түгелқамту тәсілімен жүргізілді, яғни жасырын камерамен бастан-аяқ суретке түсірілді. Әрине, жұмыстың аты – жұмыс, сондықтан Мадлен қалтарыстағы фотографқа әлсін-әлсін дауыстап:
–Қалай, мырза, оңтайы келді ме? – дейді.
Ол сұрақтың өзіне қойылғанына шүбәсі жоқ Саид:
–Уай, бикеш-жан-ай, оңтайлың не… Керемет жақсы! – деп қалды.
–Жақсы дейсіз бе, мырза?
–Мерси, мадемуазель, сәл былайырақ…
–Қалай, былай ма?
–Е, осылай, осылай!..
Бірде фотограф та жауап қатты.
–Мұнда біреу-міреу бар ма? – деп Саид әрі тіксініп, әрі ұялып қалды.
–Ах, мон амур! Бөтен кім болушы еді? Акустикасы ғой…
Мадлен «мон амур» деген сәтте Саид бұ жарық дүниеде өзінің бар-жоғын да ұмытып кетті…
Жыныс қатынасын жетілдіру жолындағы жалынды күрескерге айналған фотограф бір күні махаббат көріністеріне үш кісіні бірден қатыстыруды көздеп, ательеге мұрты білектей дәу жігітті ертіп келді. Шаңырақтай шамдардың жарығы көзін қарыған Саид ол дәудің Мадленнің қойнына кіріп кеткенін байқаған жоқ. Мадлен әдетінше: «Қалай, мырза, жақсы ма?» дегенде Саид: «Ойбай, сұрама!» деді. «Керемет!» деді фотограф. «Әлден не дей қояйын» деді мұртты дәу.
Жамыраған дауысты естіген Саид:
–Мұнда біреулер бар ғой? – деді.
–Ах, мон амур! Кім болушы еді мұнда?!
Сол әредікте мұртты албасты жөтеліп қалды.
–Біреулер жөтелді, – деді Саид шошына сыбырлап.
–Акустика емес пе, жаным? Сен өзіңнің жөтелгеніңді естіп жатырсың, – деп жұбатты Мадлен.
–Мен жөтелген жоқпын.
–Сен жаңа ғана жөтелдің, мон амур…
Саидтың Мадленді құшақтауға созған қолы мұртқа барып тірелді…
Саид өзінің сол жолғы көрегендігіне, Мадленге үйленейік деп ұсыныс жасауға асықпағанына әліге дейін мақтанып жүр…
Оның махаббат мәселесі тез-ақ шешілген. Саидты мұртты дәу сілейтіп сойып салып, Мадлен мүлде қуып шыққан…
Міне, егер ол оқиғаны алдау деп атайтын болсақ, Саидтың әйел затына бір ғана рет алданғаны сол жолы болатын.
Кейін, Стамбұлға келген соң, Саид сол «амур» жорықтарын көтеріңкі көңілмен жария етіп, «мен оның солай боларын әу бастан болжап білгенмін, бірақ қайтер екен деп жүрдім» дейтін-ді…
Саид Стамбұлға оралған тұста Жарқылдың шаңырағында найзағай ойнай бастаған.
Жылмағайлау операциясы тым жиілеп кетті. «Сендердің операцияларың маған сор болды, ғылыми жұмысымнан қол үзіп қалдым, жалақымды үш есе көбейтпесеңдер – маңымды баспаңдар!» деп дәрігер бұлқан-талқан тулады.
Төзімі тозбас Мехжура-ханымның да шыдамы шытынап:
–Қызым-ау, баланың әкесін түп етегінен ұстасаңшы, жасың болса жиырма тоғызға толды ғой?! – деп Севимге жатып жалынды.
–Жиырма тоғызға дейін әлі бақандай бір ай бар, – дей салды Севим.
–Мен де әйелмін, сенің футболға құмарлығыңды жақсы түсінемін, – деді шешесі. – Бірақ сен дәл қазір балаңа әке іздеуің керек. Ол әрі байсалды, әрі бай кісі болсын. Операцияң бір басыңа жетерлік болды, құдай өзі сақтасын. Енді саған күйеуді мен тауып берем!
–Маған үш күн мұрсат беріңдер, – деді Севим жайбарақат қана. – Егер өзім іске татыр ешкімді таба алмасам, сендердің айтқандарың-ақ болсын.
–Сорыңа қарай маған тартпай туармысың. Жүндеуге жақсы жуасты үш күннің ішінде қайдан ғана табарсың! – деп налыды шешесі.
–Шешем-ау, үндемейтін еркектердің көбінен үйдей пәле шығады. Менің көзім түсіп жүрген үш маубас бар осында, бірақ оларды әбден сынап көрмей болмайды, – деді қызы ғибратпен сөйлеп. – Айла есіңде ме? Оның күйеуі де әуелде моп-момақан еді, кейін қағынып, Айланың басқан ізін аңдып алған жоқ па. «Ділгірлер» командасының орталық шабуылшысымен екеуінің үстінен түскен соң тіпті ажырасамын деп отырып алды емес пе?!
–Шынымен ажырасты ма? – деп таңданды шешесі.
–Сәтін салып, клуб иелері жалынып-жалпайып қойдырды. Сүрініп кетті екен деп сәйгүлігіңді сойып тастағаннан не табасың?! – деді Севим қызынып. – Мен ондай ұсақ-түйекпен бас қатырмаймын. Тойдан кейін де менің өз дізгінім өзімде болуы керек. Маған үш күн мұрсат беріңдер, әлгі үш маубасты көрейін…
Севим Қылмойын, сөйтіп, Саид Жиреншіге құрық салған, Саид іздеген жұлдызын тапқан күн де туды.
Әйгілі Шафран-заде тұқымының тумасы аңсаған жұлдызына ойда жоқта жолықты. Ыстықжел даңғылын бойлап, жанындағы серігіне Париж естеліктерін бұрқыратып айтып келе жатқан. Ал «Париж» дегенде селт етпейтін еркек еркек пе?! «Париж» дегенің – «Па, сұлу сылқымдар-ай!» дегенің. Саидтың хикаясы – Мадлен. Өзі өз болғалы өзеуреген бар-жоқ әйел заты сол ғой.
–Мен құдды сезбегендей боп жаттым. Ал мені алдау мүмкін емес екенін өзің білесің, – деді Саид.
Саидтан бес жүз лир қарыз алып келе жатқан серігі серпіле құптап:
–Білгенде қандай! Сен тірі жанға алдатармысың… Бәлемді қатырыпсың ғой?! – деді.
–Қатырмағанда ше! Мадлен менен қулығын асырмақ болды.
–Сенен бе? Тапқан екен!
–Әлін білмеген әлек. Оның «мен әлі қызбын» деп қылымсығанын көрсең…
–Қыз болмады ма?
–Күйеуі бар қыз бола ма екен?!
–Мәссаған! Онысын қалай білдің?
–Оп-оңай… Құшақтап жата берсем-ақ болды – бір еркек даусын естимін… Күйеуі болмаса, оның төсегін төңіректеп несі бар басқаның?
–Рас-ау!
–Әлгі үнді сиқыршысымен сыбайлас болып алмағанымда Мадленнің арамдығын ашу маған оңай тимейтін еді… Бірақ маған оның күйеуінің бары не, жоғы не… Менің өз есебім өзімде… Іші күйгені тұз жаласын!
–Әрине!
–Оның күйеуі жасырынып алып, бізді суретке түсіре бастады! Онысын бірінші күні-ақ сезіп қойдым.. Е, мейлі, шыдамы жеткенінше түсіріп бақсын дедім. Дұрыс қой, а?
–Ол суретке түсіріп қана қойды ма, киноға түсіріп алмады ма?
–Немене, мені осында көрсетті ме? – деп Саид сасып қалды.
Натуршылар жөніндегі кино дегенде ауырмай есінен жаңылатын серігі Саид пен Мадлен қатысқан киноны екі рет көрген-ді.
-Білмеймін. Жай сұрай салғаным ғой, – деп жалтарып кетті.
Саид «қала біткеннің көкесі» туралы сампылдап сөйлей жөнелді. Оның далбасасын сезген, мылжыңынан жалыққан серігі ептеп шегіншектеп қала берді де, қарасын үзіп тайып тұрды. Дәл сол сәтте Севим Саидты басып оза берген болатын. Имиген жігітті көзге ілмеген күйі өтіп кететін еді, бірақ қарсы келе жатқандардың легі оны лықсытып, бөгеп қалды да, Саидпен қатарласа жүруге мәжбүр етті. Ал жігіт шіркін өзінің Париждегі хикаяларын айтып тауыса алар емес. Севим оның езбесін еріксіз біраз тыңдағаннан кейін жігіттің тегін тентіреген біреу емес екенін ұғып, әңгімесіне құлақ түрді.
–Созған қолым сол кезде неге тигенін білесің бе? – деп Саид хикаясын желдірте түсті. – Қолым еркектің кәдімгі мұртына барып тиді… «Мадлен, мынауың кімнің мұрты?!» деп айғай салдым. Әдейі айғайладым да, әйтпесе оның еркектің мұрты екенін сезе қойдым ғой… Айғайламай, аймалап сыбырлап сұрасам, ол қыз оны «өзімнің мұртым» деуден де танбайтынын білем…
Севим сықылықтап күліп жіберді. Жалт қараған Саид жанында жолдасы емес, жайтаңдаған бір сұлудың келе жатқанын көрді.
–Ғафу етіңіз, менің қасымда серігім бар еді, сірә, ілесе алмай қалған болды-ау, – деді Саид кібіртіктеп.
–Кешірім сұрайтындай ештеңе болған жоқ, мырза, – деді күлкісін тежеген Севим қылмыңдап. – Әңгімеңіз әсерлі екен, ақыры немен тынды?
–Білуге, құмартсаңыз, бойжеткен, айтып-ақ берейін…
Саид іркілмеді, мұрты білектей қуды итше тепкілегенін иін қандыра айтып шықты. Жігіттің сиқына қарап келе жатқан Севим оның біреуді сабамақ тұрғақ өзінің аман жүргені өзіне олжа болатын бозай екенін бірден ұқты.
–Қап, әңгімеңізді басынан бастап ести алмағанымды қараңызшы!
–Естігіңіз, келсе, айтып беруге әзірмін, бойжеткен. Кешіріңіз, өзімді таныстырмаппын ғой: Саид Жиренші.
–Севим Жарқыл.
–Қандай дедіңіз?
–Жарқыл!
–Бәрекелді… Сізді кафеге шақырсам ба деймін, сонда, сол жерде бәрін де айтып берер едім, тек, тәңір тілеуіңізді берсін, жаман ойға жори көрмеңізші!
–О, кей! – деп Севим басын шұлғыды. – Шынымды айтсам, киноға кетіп бара жатыр едім, бірақ оқасы жоқ, әлі біраз уақытым бар. Ал сіз ше? Асығыс емессіз бе?
–Жо-жоқ? – деп Саид зар ете қалды.
Екеуі кафеге барды. Севимнің сан рет болған кафесі. Саид Париж хикаяларын бастай жөнелді. Севим құмарта тыңдап, күлкіге кенеліп отыр. Еркектер қауымында емін-еркін рахаттанатын жаңа тұрпатты қыз емес пе, аңдамаған сыңаймен Саидтың қолына қолын салып, аяғына аяғын салып та қойды… Сол бір сәттерде жігіттің не күйге ұшырағанын көрсеңіздер ғой, борша үгіліп, майша еріді, өз-өзінен қалшылдап, қып-қызыл боп қыстығып, тілі күрмеліп, сөзінен жаңылып, ақырында еденге қарап мөлиді де қалды.
Севим Қылмойын оған үздіге қадалып, көзімен ішіп-жеп отыр. Жемтік көрген құзғын кейіпте. Шешесі екеуі аңсаған ақымақтың аяқ астынан табылғанына сенер-сенбестей.
«Маған керегі осы ғой, – деп қуана ой қорытты ол. – Менің балама осындай әке қажет. Қармағымды қаптырайын, ә? Мұндай маубасты көрсем көзім шықсын».
–Мен киноға кешігіп қалармын, – деп ол қармағын тастап кеп қалды. – Сұмдық ғажап картина дейді. Көре алмасам обал да…
–Жалғыз өзіңіз барасыз ба? – деді Саид жалынышты үнмен.
–Енді қайтем, – деп Севим ауыр күрсініп алды да: – Сізге бұл фильмді қалайда көру керек! – деп тіке шабуылға кірісті.
–Көрер едім ғой, бірақ көзімнің нашарлығынан қорғанамын да, киноға бара алмаймын.
–Иә, өкінішті екен! – деп Севим шынымен өкіне қалды.
–Севим-ханым, мен тіпті ең бірінші қатардан да ештеңе көре алмаймын.
–Онда, егер сіз қарсы болмасаңыз, мен экрандағының бәрін сізге айтып-ақ отырар едім, – деп Севим шабуылын қайта жалғастырды. – Жаңағы айтқан ғажайып әңгімеңіздің бодауын қайтаруым керек сияқты.
Саид о дүниеге кеткендей омалып біраз отырды да, міңгірлей үн қатып:
–Сізге масыл боп жүрмесем… – деді.
«Мияулаған маубастың масыл болғышын!» деп Севим іштей ширыға қалды да, ашуын тежеп:
–О не дегеніңіз… Мен әрқашан әзірмін. Көргенімді айтып отыруға қинала қоймаспын… Тек билетті ложаға алғайсыз, ешкімге бөгет жасамайық, – деді.
Ол жанында отырғанның кім екенін білуге асықты, имиген бұл ақ үрпек кім? Ақымақ па, әлде алаяқ қу ма?
Ложада Саид Севимнен сәл кейіндеу жайғасты. Шам сөніп, кино басталғаннан кезде қыз Саидқа қарай сырғыңқырап еді, жігіт жылыстап кетті. «Қулығына құрық бойламай жүрмесін», деп ой түйген қыз тағы сырғыды. Саид тағы жылыстады. Бірақ қашанға дейін жылыстай алсын, ақыры көрші ложаның тығырығына тірелді. Севим оған қарай ыңырси жантайып:
–Экранда негрлерді дарға асып жатыр!.. Қандай қорқынышты! – деп күбірледі.
Көрге қуып тыққандай күйдегі бейшара Саидта ес-түс жоқ. Севимнің денесі де, демі де күйдіріп, шашының иісі еліттіріп, мүлдем меңіреу хал кешті. Не істеп, не қойғанынан бейхабар. Сиқырлы түс көріп отырғандай. Қыздың беті жабысып, жандырып барады. Ерін мен ерін екілене табысты, бірақ сол әредікте залда шам жарқ етті. Екінші серияның алдындағы құрып қана қалғыр үзілістің тап болғанын қайтерсің!..
Саид күп-күрең боп күйіп, басын көтермей күйініп, үзіліс бойы үнсіз отырды. Севим Қылмойын оны көзімен ішіп-жеп, қай жағынан, қалай бүрсем екен бұл жемтікті дегендей шүйілісте.
Залда шам қайтадан сөнді-ау. Енді Саид сергектеніп, бір жылжып, екі жылжып, қызға жақындай берді. Иық түйістіріп, алқына сыбырлап: «Мен сізге ғашықпын!» деп қалды.
–Саған не болды, Зікірия, есің дұрыс па? – деді қыз.
«Зікіриясы» несі? – деп Саид іштей таңданып отыр. – Зікірия? Менің атымды ұмыта қалғаны қалай? Жо-жоқ, онысы бола қоймас, құрысын онысы, мен мұнсыз өмір сүре алмаймын!»
–Мен бар-жоқ шынымды айтып отырмын! Мен сізді бір көргеннен-ақ сүйдім! – деп Саид үздіге сыбырлап, ептеп құшақтап, сипай бастады.
–Зікірия деймін, саған не болды? Немене, үйге барғанша шыдай алмай отырсың ба?
–Маған шынымен сенбейсіз бе, Севим-жан?
–Севи-и-им? – деп құшағындағысы ыршып кетіп: – Зі-кі-ри-ия! – деп шыңғырып та жіберді.
–Жаның шығып бара ма, әй? – деді қырылдаған жуан дауыс.
Шапалақ шарт етті… Фильм тоқтатылып, шам жағылды.
Қырсықтың қылмақшыны қылары бар. Қараңғыда өң мен түстің ортасында отырған Саид ложаның барқыт шымылдығын Севимнің көйлегі екен деп қалып, алқынып, үздігіп, бөтен әйелге талақша жабысқан-ды. Шыдамы таусылып шымырқана бастаған өз күйеуі емес, бөгде біреу екенін аңғарған әйел шыңғырып та, шапалақтап та үлгірген.
Шатаққа полицейлер келіп араласып, оларды ложадан алып шықты… Тауда туып-өскен Зікірия таудай боп төніп келіп:
–Мына бозөкпе бұзық менің әйеліме тиісті! Көресісін көрсетейін мен! – деп, біреудің әйелін иектегеннің түбі не болатынын түсіндіруге айналды.
Неге душар болғанын Саид сонда ғана ұқты. Сасқанынан:
–Миль пардон, мосье, – деп французшалап былдырлай жөнелді: – Мен Эйнштейннің немере ағасымен таныспын… Салыстырма теориясы…
Севим болмағанда оның күні қараң еді. Қыз сызылып келіп:
–Бей-әпенді, сіз ағат айтып тұрсыз… Менің жігітімнің айтқандары маған ғана арналған болатын, оны сіздің әйеліңіздің неге өзіне жорығанын бір құдай білер… Қатенің аты – қате. Кімде болмайды ол?.. Мүлде бөтен әйелге жұғысу дегеніңіз менің жігітіме жат қылық, – деп Зікірияны қолтығынан ұстады…
«Жігітім деді ме?.. Мені жігітім деді! О, бақыт! Мен бүгін бақытқа бөлендім!» – деп Саид өз құлағына өзі сенбей есі шықты.
Севимнің майда үні, наз-ерке қимылы Зікірияның өртіне су септі.. Таудай Зікең тасша үгітіліп:
– Кешіріңіз, ханым-әпенді, шынында бір ағаттық болды-ау, – деді. Зікірияның әйелі шырт етіп:
–Әй, Зікірия, жүр бері, фильмді аяғына дейін көрейік, ақша төлеген жоқпыз ба?! – деді.
Ерлі-зайыптылар ішке енді де, Севим мен Саид фойеде қалды.
–ЬІңғайсыз-ақ болды. Бәріне мен кінәлімін, – деп сызылып, Севим төмен қарап мұңайды.
Әлгінде сасқалақтап өле жаздаған Саид:
–Мен сіз үшін өлімге де барамын! – деп сайрап шыға келді.
Олар көшеге шығып, такси ұстап мінді. Саид ойға шомды: «Әрине, полициядан құтылу үшін ғана «жігітім» деді мені. Енді олай дей қояр ма екен?».
Оның үндемей отырғанынан секем алған Севимнен де маза кетті, ойда жоқта олжалаған күйеуімнен айырылып қалмақпын ба?.. Айрыла қоймаспын! Тәлтіректеген тауықсоқыр неме түртінектемей отырса нетті! Менің өзімнен де болды. Одан алыстамай, тура алдына отырып алуым керек еді.
–Маған күдіктенсеңіз, қателесесіз, – деді ол еркелік танытқан нәзік дауыспен сыбырлап.
Саид өз ойымен әлек болып отырып, оның не дегенін ұға алмай қалып:
–Кім білсін, білмеймін, – дей салды.
–Маған күдіқтеніп келе жатқаныңызды ішім сезеді, – деді Севим жыларман бола күрсініп. Сонсоң Саидтың бауырына тығыла түсіп: – Кінәмнің жоқтығын дәлелдеп берейін бе? – деді.
Сол сәтте такси Жарқылдың үйіне жетіп тоқтай қалды да, қыз байғұс ештеңесін дәлелдеп үлгермеді.
Мәшинеден шыққан соң Севим қақпанды қайта құрып:
–Сізді шешеммен таныстырсам қайтеді? – деді.
–ЬІңғайсыз болмай ма? – деді Саид қызарақтап.
–Менің шешем – дүние жүзіндегі ең демократияшыл әйел.
–Сіздің шешеңізбен әуелі апайым танысса жарар еді… Сіз оған қалай қарайсыз?
Севим жорта аңғалсып:
–Неменеге? – деп аңыра қарады.
Саид піскен қызанақтай қып-қызыл болып, бәтеңкесінің тұмсығымен жер сызғылап тұр.
–Енді… әлгі… сіздің шешеңізден сұраса…
–Апайымыңыз не? Шешеңіз жоқ па тегі?
–Жоқ. Біз апайым екеуіміз ғанамыз.
–Жақсы. Тағы жолығамыз ғой, ә?
–Иә, жолыққанша…
Олар қоштасты. Көңілі көктем болған Севим ойнақтай жөнеліп, сатымен әндете жүгіріп шығып:
–Таптым, тапты-ы-ым! Күйеу таптым! Го-о-ол!!! – деп үйді басына көшірді.

ӘМИНА СЫПСЫҢНЫҢ НЕМЕРЕСІ
Севиммен қоштаса сала Саид үйіне қарай құстай ұшты. Махаббат қанат бітірген соң қайтсін-ай! Табалдырықтан аттар-аттамастан-ақ сүйінші сұрап, сүйікті нағашы апайы қадірлі Беррин-ханым әпендінің әлегін шығарды. «Мен үйленетін болдым, некелесетін болдым, аңсап іздеген аққуымды таптым, ошақ қазып от жағамын, отау тігемін! — деді. — Оның аты – Севим! Ай мен күндей Севим! Жанып тұрған жұлдыз! Жарық дүниеде жатпай-тұрмай іздегенім. Севим – гүл сезім, махаббат. «Фамилиясы кім?» дейсің бе?.. Есінде жоқ. Фамилиясының қажеті не. Ең керегі – бір көргеннен билеген махаббаты. Некесі қиылған соң Севим Жиренші болады ол. «Қайда таныстыңдар?» дейсің бе? О, алла, әрине, көшеде. Ал кинода түсіністік, сүйістік. Тағдырымды тек соған ғана тапсыра алатынымды оны үйіне шығарып салған сәтте ұқтым!».
Жиенімді үйлендірсем деген үйдей арман Беррин апайдың да көптен бері көкейінде жатқан. Жиренші әулетінің бүкіл үлкен-кішісі Саидты көне руымыздың рухын жалғайтын үмітіміз деп жалау ететін. Одан басқа бетке ұстарлары жоқ-ты. Бір замандардағы қалың бұтақты қарт еменнің қурамай аман-есен тұрған жалғыз бұтағы, соған дым беретін жалғыз жалаңаш тамыр – Саид. Сол тамыр солып қалмасыншы, сол бұтақ қурап түспесінші, 250 жыл қауқиған қарт емен құламасыншы деген жанталас басталып кеп кетті.
Беррин апайдың тағы бір есебі ішінде бүк түсіп жатыр. Саидтың қалыңдығы біздің атақты тұқымымызға лайық білікті жерден болуға тиіс. Біздің байлығымызға кім қызықпайды дейсің. Соны көздеген жолбикенің душар болуынан құдай сақтасын.
Апайының ол күдігін Саид ада-күде сейілтіп:
–Мен көрген қисапсыз қыздың ішінен маған лайық бір ғана қыз сол! – деді.
–Бауырым-ау, бір көргеннен қалай танып-білдің?
–Апекем-ау, менің Парижде оқығанымды ұмытып қалдың ба? Мен кез келгеннің ішек қырындысына дейін көре қоямын. Ал менің шылқыған байлығымнан Севим бейхабар. Бағана оның үйіне жетуге асыққаны сонша, мен оған тілегімді айтып та үлгірмедім.
–Тым сенгіш боп жүрме, бауырым.
–Мен оған сенемін. Ол – көргенді отбасының қызы. Сұрастырып көрші, өзің де солай екен дейсің сонсоң.
Апайы аялдауды жөн көрмеді. Ертеңінде кешке қарай ол Жарқылдар туралы білгісі келгенінен әлдеқайда көп мағлұмат жинап та алды.
Жарқылдар өскен, өркенді және дәулетті тұқым көрінеді. Әйелдердің қолға түспес ішкиімдерімен сауда жасаған соң неге байымасын! Бірақ салт бойынша ата жағынан мирас болатын аты-жөн бұларға Хасип-бейдің шешесінен – бүкіл төңірекке Фәрида Жарқыл деген атпен әйгілі болған бәйбішеден мұра боп қалыпты… Севимнің әжесі, құрметті Мехжура-ханымның шешесі Әмина кәриянің атақ-даңқы да осал емес екен. Ол кемпір
Эренкөйде өмір сүрген, Эренкөй патша сарайындағылардан бастап кілең
біліктілер шұрқырасқан шұрайлы мекен еді. Онда: сұлтанның Бас самсашысы, сұлтанның Бас сақалшысы, Бас тігінші, Бас бағбан, Бас шынышы, Бас жансыз, тағы басқа да толып жатқан Бастар, оның ішінде бәрінен шоқтығы биік Әмина тұрды. Сұлтанның Бас Сыпсыңы Әминадан, яғни оның өрттей өсегінен жұрттың бәрі шошитын. Сол апай Севимнің отбасындағы Бас әйел де болғанын біліп, аздап абыржыңқырады. Әйткенмен, сәтті құпия сапарынан оралғаннан кейін жиен бауырына:
–Балақай, мен ол қыздың отбасы жайында жағымсыз ештеңе айта алмаймын, – деді.
–Апаеке-ау, мен айттым ғой сізге!
–Отбасында мін жоқ, бірақ қыздың өзін суқаным сүймей қалды.
–Мәссаған! Қызды көрдіңіз бе? Оның үйінде болдыңыз ба?
–Оның үйінде болмасам да, болғаннан артық біліп келдім. Жұрт айтып берді.
–Жұрт не білуші еді?! – деп Саид астаң-кестең болды.
–Сенің Севимің арабтың қысыр биесіндей атқақтаған пәлекет дейді. Оған асау үйретушінің ілуде біреуі ғана ие бола алар-ау дейді. Сірә, сен оны ауыздықтай алмайтын шығарсың.
–Апатай, саспаңыз! Мен оны тырп еткізбеймін. Сіз одан да ертең оның шешесіне барып жолығыңыз да, Севимге құда түсіңіз.
–Жоқ, қалқам, сен өзің бар. Қазірде салт солай. Қыз қыңырланатын болса, көр де тұр – мен сонда кірісем.
–Жарайды, апатай, солай-ақ болсын, өзім-ақ жайғастырамын.

САИД СӨЗ АЛДЫ
Жарқылдың үйіне сан айналып барғанмен Саидтың баспалдақпен көтерілуіне де, есік қоңырауына қол тигізуге де жігері жетпеді. Есік ашқанға айтар сылтауы жоқ, Севим шақырып еді дей алмайды. Рас, Севим айтқан: шешем – демократ, әкем – нағыз либерал деген… Бірақ қазір қай демократқа, қай либералға сенерсің?! Саид он бір метрлік айып допты тебуге әзірленген ойыншыша кібіртіктеп әлі тұр.
Ол үйдің жанында біржарым сағаттай тұрып сілесі қатқан соң өзін өзі қайрап, есікке тұра ұмтылды. Есік қоңырауын қаға бергенінде арғы жағынан бір жігіт шыға қалды. Жаны мұрнының ұшына келген Саид ытқып жоғары қабатқа бір-ақ жетті. «Севимнің ағасы шығар» деп жұбанды да ептеп басып төмен түсті. Есік тағы ашылып, енді Севимнің әкесі шамалас екі еркек көрінді. Саид далаға атқып шығып, аңырап тұрып қалды. Есік тағы да екі-үш рет ашылып, іштен кілең еркектер шыға берді.
Саид үйдің маңында жігерін жанып және бір сағат сенделді. Ширығып тағы ұмтылып, есіктің қоңырауына жармаса бергені сол еді, әлдекім қолын қағып жіберді. Жапақтап жалт қараса, ту сыртында еңгезердей үш жігіт тұр.
–Саған мұнда не бар, ей, кербез? – деді біреуі.
–Кешіріңіз, мені біреумен шатыстырып алған сияқтысыз…
–Сен қай командадансың? – деді екіншісі.
–Команда дейсіз бе? Ешқандай команданы білмеймін. Команданың қажеті не? Менің өз шаруам өзімде. Сіздер кімсіздер?
Сол сәтте есік шалқасынан ашылып, әлгі үшеуін айдаһарша жұтып алып, қайтадан тарс жабылды.
Ақылынан адасқандай абдыраған Саид көшеге шығып, ерсілі-қарсылы жүріп, математикалық есеппен айналысты: «Жарқылдардың үйіне үш сағатта алты кісі кіріп, бес кісі шықты. Сонда тәулігіне неше кісі кіріп-шығады?.. Тоқтай тұр! Неге тек қана еркектер кіреді, ә?» Жоқ, оның Севимі мұндай үйде тұра алмаса керек! – Математикалық есептің мәні кетті.
Есебінің шешуін елпілдеп тауып беретін біреу-міреу ұшырасар ма екен деп маңайын шолды да, көзіне түскен магазинге беттеді.
–Ғафу етіңіз, Севим-ханымның қай үйде тұратынын білмейсіз бе? – деп сыпайы жүзбен сұрады.
–Севимнің қайсысы керек? Қылмойын ба? Әлде Саққұлақ Севим бе? Әлде Дәу Севим бе? Құйрықты Севим бе? Сағызшы Севим бе? Не дәріханашының әйелі ме? Біздің бұл көшеде не көп – Севим көп, – деді магазин иесі.
–Қожайын, егер мына сырық футболшы болса, сірә, Қылмойын Севимді сұрап тұрған шығар, – деді көмекшісі.
Саид Жарқылдың үйін мегзеп:
–Ұмытпасам, анау үйде тұрады, – деді.
–Ә-ә-ә. Қылмойынның өзі болды ендеше.
–Жо-жоқ. Оның фамилиясы «ж» әрпінен басталады.
–Жарқыл емес пе?
–Дәл өзі.
–Сіз қай командадансыз?
Саид бағана естіген сұрағының тағы да алдынан шыққанына таңырқап:
–Қайдағы бір командаларға телитіндеріңіз қалай мені? – деді.
–Онда қай команданың жанкүйерісіз?
–Қожайын, бұл, сірә, сол Севим Қылмойынның командасынан шығар, – деді әлгі көмекші сатушы.
Сатушылардың басқа біреуі Саидқа бажайлап қарап тұрды да:
–Бұл байғұс Анкараның да, Стамбұлдың да командаларынан емес, мен оларды жатқа білем ғой. Мынау тіпті футболшы емес, – деді.
Саид олардың сампылын одан ары тыңдамады, қожайынға рахметін айтып, Севимнің үйіне қарай бет алды. Құдай жолын қылғанда қыз шіркін балконына шыға қалар ма!
–Мама! – деп шар етті Севим. – Тез бері кел!.. Мені алатын жігіт, әне, келе жатыр!
Мехжура-ханым мамырлап балконына шыққан сәтте Саид әлденеге шалынып, жүз сексен төрт сантиметр күйінде көшені бөгеп қала жаздады.
–Мына бір шұбатылған шірігің маған онша ұнамайды, – деді ханым.
Севим іштегілерге қарап айғайлап:
–Жігіттер, тез бері келіңдер! Менің күйеу жігітімді көріңдер! – деді.
Балконға баяғы үш дәу шыға келді.
–Саған үйленгісі келіп жүрген жарымес осы ма? – деді Тасдуал Ахмед.
–Қызғана қалдың ғой? – деді «ШаШ»-тың қақпашысы Нәджі Қауғашы мырс етіп.
–Қызғансаң, қызғанатындай екен, – деді Ахмед кекесінмен.
–Севим, сен ренжіме, бұл шынында қызғанып тұр, – деді Нәджі.
–Аздап арықтау демесең, кәдімгідей жігіт көрінеді. Мұндайлар сілікпеңді шығаратын сіріжанды болады деседі.
–Ештеңе етпейді, жарап тұр. Жолда жатқан күйеу жоқ қазір, – деп команданың доп салғыш дырауы Мұстафа Шіби пікірін шегелеп айтты.
Севим мойын бұрғызбайтын шұғыл шаруасы болмағанда Саидты не үйге шақыратын еді, не өзі сыртқа шығып сөйлесетін еді. Қырсыққанда қолы бос емес. Бүгін ойыншылармен де, «ШаШ» клубының бас төрағасы Дүндар Мылжың-беймен де кездесетін, «ЖЖК» («Жоқшылық жолын кескен») командасының қорғаушысы Көл Дөңбекті «ШаШ-қа» қосып алу мәселесін шешетін күні. «ЖЖК» командасы – «Шаң шұбалтқан» командасының, яғни «ШаШ-тың» ежелгі бәсекелесі. Екеуінің арасындағы дау-дамай алаңда да, қалтарыстарда да қақтығысқа ұласа береді-ақ. Көл Дөңбекті азғырып алып алу Севимнің ғана қолынан келеді. Оған Дүндар Мылжың-бей қапысыз сенеді. «ШаШ-тың», тіпті бүкіл елдің құрама командасының мақтанышына айналған Ахмедтің де басына күні кеше су құйған Севим емес пе?!.
Бүгінгі әрекеттер Хасип-бейден жасырын жасалып жатыр. Жарқыл шаңырағының иесі отбасы намысы сызатсыз болуын көздеген де, қызына қашан күйеуге шыққанынша – ойыншылармен кездесуге тиым салған.
Севимнің жасырын мәжілісі тарқар емес. Ары-бері сенделген Саид оның үйіне табалдырық аттап кіре алмасын түсінді де, телефонға жүгінуді жөн көрді. Әрине, телефонмен еркін сөйлесіп, ойыңдағыңды ақтарып салуға әбден болады. Севимге сезімін жеткізіп айтып, менің әйелім болуға келісесің бе, жоқ па дейді. Келіспесе – асылып өледі….
Саид көшедегі автоматты қаламады. Сезім сырын оңаша шерткен дұрыс. Такси ала сала үйіне тартты… Құдайдың көзі түзу екен, үйінде ешкім жоқ.
Ол кітапшадан Жарқылдың нөмірін іздеп тауып, дірілдеп-қалшылдап тұрып телефон соқты.
Небір жаңа техниканың кейде сені терісбақтырып жіберетіні болады ғой. Саидты да сөйтті – Жарқылдың үйімен емес, шұлық фабрикасымен жалғастырып қойды.
–Алло! – деді бір сүйкімді ер даусы.
–Севим-ханымды шақырып жіберсеңіз қайтеді?
–Қазір…
Трубкадан әйел дауысы естілді:
–Мен тыңдап тұрмын.
–Қайырлы күн, Севим-ханым!
–Сәлеметсіз бе?
–Халіңіз қалай?
–Рахмет, жақсы.
Жігіттердің «Севимге» қысқа күнде қырық рет телефон шалатыны бастығына ұнамайтын да, ол алакөзбен қарайтын.
–Севим-ханым, сізді мазалап… – дей берген анау Саидтың сөзін бөліп:
–Сізге не керек, тезірек айтыңыз, мен асығыспын, – деді.
Көкірегінде сезім сапырылысқан Саид сасқалақтап, демігіп:
–Мен… мен… сізді мазалап тұрған себебім… – деп міңгірледі…
–Тоқ етерін айтсаңызшы!
-Сізге үйленгім келеді! – деп Саид ойындағысын лақ еткізді де, мүлдем омалып тынды.
Екінші Севимнің де есі шығып, ентіге қалды. Таныс жігіттерінің қайсысы аяқ астынан сөз салып тұрғанын біле алмай дал.
Осыдан екі күн бұрын қырындап, үйіне дейін сөлпектеп еріп келген жігіт пе? Әлде қылжақ көксеген көптің бірі ме?
–Шын айтып тұрсыз ба? – деді ол тұтығыңқырап.
–Әрине! Шын болғанда қандай… Севим-ханым, сізді бақытты ету үшін барымды аямаймын…
–Оны еркектердің бәрі айтады. Қайсысына сенерімді де білмеймін…
–Маған сен, Севим-ханым, сен! Сен маған!.. – деп Саид безгек тигендей безілдеді.
–Біржола ма?
–Біржола сен! Біржола!..
–Байқа, кейін безіп кетіп жүрме… Маған ти деп шаштаразы Сүлеймен де, шофер Нури де, даяшы Хамди де қылқылдаған болатын. Қазір біреуі де жоқ.
–Мен шын айтам… Мен сені сүйем… – деп былдырлады Саид.
–Мен де шынымды айтсам – күйеуге шыққым келіп-ақ жүр. Тек атақты кісі болса, доктор не инженер болса, әйтпесе, тіпті лейтенант та жарайды…
Саидтың көзінде мүкіс болғанмен, құлағында қапы жоқ еді. Севимнің дауысы оған ә дегеннен бөтен тәрізденді.
–Севим-ханым, сырқаттанып тұрғаннан саусыз ба?
–Е, неге?
–Суық тиген жоқ па?
–Ә, аздап тұмауратып жүрмін, сонсоң қатты толқып тұрмын…
«О, тәңірім! Менің ұсынысым шынымен толқытып жібергені ме?» – деген ой Саидты сергіте қойды.
–Бүгін таңертең сол көзім тартып еді, оны бір қуанышқа жорып едім, – деді екінші Севим. – Мен сізге әйел болуға әзірмін, тек әлі де ойланып көрейін… Мен бүгін университеттің бір студентімен жолықпақшымын. (Студент деп тұрғаны етікші болатын). Онымен жүргеніме көп болды, ол да үйленуге уәде беріп еді, бір-ақ бұлталақтап жүр… Соны бір жағына шығарсам деймін…
Кенет ол: «Сыпайы сөйлесе алдым ба, жоқ па?» – деп ойлап, «кешіріңізді» оңды-солды тықпалай жөнелді:
–Бүгін кешке, кешіріңіз, мен бір жігітпен, кешіріңіз, кездесуге тиіспін. Егер ол келсе, онда, кешіріңіз, ал келмесе, кешіріңіз, онда мен…
–Сонда екеуміз бүгін кездесе алмаймыз ба? – деді Саид міңгірлеп.
–Бүгін, кешіріңіз, болмас… Ол жігіт, кешіріңіз, мені қызғанады, кешіріңіз, қатты қызғанады. Егер ол сізді, кешіріңіз, көре қалса, кешіріңіз, сіздің сау-тамтығыңыз қалмайды. Ал ертең, кешіріңіз, боспын.
–Онда барайын ба? – деді Саид өжеттеніңкіреп.
Қыз өзіне үйленетін жігітке тұратын лашығын көрсетпеуді ойлады…
–Жоқ, кешіріңіз, мен сізді кафеде тосайын, кешіріңіз, «Этуаль» кафесінде, ертең алтыда..
Сол әредікте мастер келіп қалды да, «Севим» сасқалақтап, сөзін доғаруға тырысып:
–Жарай ма? – деді.
–Жарайды?
–Кездескенше!..
–Кездескенше! Сау бол! – деп Саид тұтқаны сүйіп-сүйіп алды.
Саид сол күні кеш бойы, ертеңіне де үйіне симай жүрді. «Көретін болдым, алатын болдым!» деп ойша аласұрды, тек: «Кешіріңіз, әлгі бір студент менің, кешіріңіз, алдымды орап кетпес пе екен?» деген жымысқы ой жынына тиді. Ол үкідей ұшып Севимнің үйіне барып, шамы жарқыраған терезесіне телмірді. Іштегілердің қараңдаған көлеңкелерін санап тауысу қиын. «Севим қайсысы? Анау біреуі, кешіріңіз, студент болып жүрмесін?..»
Түн ұйқысы төрт бөлініп, таңды тыпырлап атырған Саид әлгі «Этуаль» кафесі Стамбулдың қай жерінде екенін анықтауға кірісті. Ондай кафе үшеу екен… Қайсысы, қай жердегісі екенін сұрау ойына келсеші!..
Тапқырлығы танымал Саид, «Тегі ең әуелі оның үйіне жақын тұрғанына барған жөн, онда болмаса – таксимен зыр еткізіп, қалған екеуін сүзіп шығармын» деп тұжырды.
Ол сағат бесте көздеген жеріне барды. Бұрыш жақтағы бір үстелге емін-еркін жайғасты да, қалыңдығын күтуге кірісті.
Ал екінші Севим оның қатарындағы үстел басында, кеше телефон арқылы өліп-өшкен жігітті тосып сарылып отырған-ды. Уақыт зымырап барады, жалғыз-жалқы келгендерге еміне қарайды, жігіт зым-зия жоқ: Саидқа бір рет қарады да: «Мынау да жігітпін деп жүр-ау!» деп іштей мырс етті.
Саид сағатына қарады, жеті болып қалыпты, ал қыздың қарасы да көрінбейді. Енді басқа екі кафеге барып қайтуы керек. Бұл кеткенде Севим келе қалса ше?
Ол даяшыны шақырып алып:
–Ашаң өңді, қара шашты, қиғаш қас бойжеткен келуі керек еді… Мен қазір келем, тоса тұрсыншы… Бірдеңе етіп бөгей тұрыңызшы… Айтпақшы, аты Севим, – деді де, даяшының алақанын ақыға толтырды.
Қалған екі кафеден де Севимін таба алмаған Саид қайтып оралып, қалаулы орнына жайғасты.
–Әпендім, сізге басқа Севим керек емес пе? Мен таныстырайын, өкінбейсіз, – деп даяшы қамқор пейіл танытты.
Саид: Ол әлгі студентімен кеткен шығар, деп іштей ширыға бастады. Онда неге сендірді? Кинотеатрдың ложасындағы от оранған сүйісті ұмытып-ақ кеткені ме?.. Қызғаныш күйдіріп барады. Ол бәріне де әзір, керек болса – бүкіл дүниесін бере салуға бар. Тек дүниесінің не күйде екенінен бейхабар. Жиренші әулетінің дәулетіне ақсақалдар алқасы ие.
Төзімі таусылған Саид түн ортасында Севимға телефон соқты. Трубканы шешесі алды. Сасып қалған Саид аузына келген бірдеңелерді былдырақтата бастады…
–Түк түсінсем бұйырмасын, сізге кім керек өзі?! – деді Мехжура-ханым ашуланып.
–Кешірек хабарласқанымды кешіріңіз, ханым, Севимді телефонға шақырыңызшы!
–Севим Анкараға кетті. «ШаШ» ертең сонда ойнайды. Не сәлем айтасыз?
–Саид телефон соқты дегейсіз…
–Жарайды.
–Рахмет. Қайырлы түн!
Тұтқаны қойып қойған соң барып Мехжура-ханым бармағын тістеді. Қызының Саид, Саид деп құлағын сасытып жүргені осы жігіт екен ғой?! Қап, бәле-ай, дұрыстап сөйлесе алмай қалғанымды қарашы!
Саид та тұтқаны тастаған. Жұмақ тамұққа айналып кетті. Тірлік тәрік болды. Саид бөлмесін ішінен тарс жауып алып, тірі жанға тіл қатпай қойды.

АЛҒАШ КЕЗДЕСУ

Кинотеатрдың ложасында Севиммен бірге өткізген леззәтті минөттерді Саид бұл дүниеде ұмыта алар ма? Ғашықтық сезім жалыны оны қайта оралып шарпығандай болады да тұрады. Ал сол Севимнің алдап соққаны мынау! Сонысына күйіп кеткенде Парижді, ондағы Мадленді, өзі аузын аңқитып кеткен Мадленді есіне түсіреді…
Жиенінің жүнжи қалғанына қабырғасы қайысқан Беррин апай оны алдарқатқысы келеді-ақ, бірақ жиені кірпідей жиырылып, үйлену туралы әңгімеге аяқ баспайды. Е, бұларға бір пәле болған екен, мейілдері, деп апай да қолын сілтей салды…
Өзі жоқта бір рет қана телефон соғып, сонсоң хабар-ошарсыз жатқан күйеу жігіттің ешкайда құрып кетпесіне сенген Севим өз кәсібімен қапысыз айналыса берді. Құдайдың көзі түзу екеніне риза. Ал кіндік тұсының күн санап көтеріліп келе жатқанында шаруасы жоқ. Жарқылдардың шаңырағына бұлт үйіріліп, найзағай ойнай бастағанына іші қылп етер емес.
Сондықтан іске жеңімпаз «ШаШ-тың» орталық қорғаушысы Ахмед Тасдуалдың өзі кірісіп, сүйікті серігіне күйеу іздей бастады. Иә, біле-білсе, күйеу Севимнен гөрі оған керегірек.
–Бір ақүрпек бозбала сөз салып жүр, маған үйленгісі келеді деп едің ғой, оның қайда? – деді ол Севимге.
–Ит білсін, – деп Севим иығын қиқаң еткізді.
–Аты кім еді?
–Саид қой деймін…
–Фамилиясы ше?
–Е, мен қайдан білем…
–Әй, күйеу жігітіңнің фамилиясын білмегеніңе жол болсын! – деді Ахмед күркіреп.
Аңғарымпаз Мехжура-ханым сөзге араласа кетіп:
–Біздің Севим келешегін кең ойлайды, күйеуге шықса жігіттің өзіне шығады, фамилиясына шықпайды – деді…
Арада айдан астам уақыт өтті. Саидтан хабар-ошар жоқ, ал Севимнің мықыны бұзылып барады. Қылмойынға Саидтың бар-жоғынан келіп-кетер ештеңе жоқ екені рас, бірақ… жігіттің сұмдық бай екенін естіп қалды.
Жиренші әулетін Стамбұлда кім білмейді десеңізші!
Бәрекелді! Фамилияның да керегі бар екен-ау! Онда өкініп қалмау керек! Көзіне бір көрінсе екен! Тілін тауып, сезімін тірілтіп алу оп-оңай. Ала көлеңке жерде бір кездесіп, алаңсыз бір шүйіркелессе – жетіп жатыр… «Жаным, біздің құлыншағымыз болады», дер еді. Түйсігі бар жігіттің қайсысы селк етпесін оған. Қарсылық көрсете алмас ол да. Шындыққа кім қарсы тұрмақ, ал Севим шынында жүкті. Баланың әкесі Саид болғаны керек. Алданып қалған аңқау арудың арманы сол.
Аңсай күтсең, арман да аяңдап келмей, жүгіріп келеді екен. Бір күні Севим терезеден сыртқа көз тастаса, – «Айналып қана кетейін жаратқан ием-ай!» – көшеде көлбеңдеп Саид тұр!
Севим алас-күлес киінді де, далаға атқып шықты. Өмірі өйтіп асығып керген жоқ шығар.
Севим жігіттің өзі үйіріле кетсін деген оймен оның жанынан ары өтті, бері өтті, бірақ Саид байғұс болса – бақытына бұрылып бір қарар емес. Сонсоң Севим қайтсін, жігітін иығымен қағып өтіп, қалпақтай түсіре жаздады.
–Пардон! – деді французшалап, сүйіктісін сондада танымай. Қыздың амалы қалмады енді:
–О-о-о-о! Сіз екенсіз ғой?!.. Кездескеніміздің қызығын қара! Менің үйден шыққаным осы еді…
Саид селк етті. Оның дауысын танығанмен, өз құлағына өзі сенбей, қызға қарай жақындады.
–Иә, менмін… – деді ол, дауысы дірілдеп, қызды иіскеп танығысы келгендей тақалып.
–Стамбұлда бар екенсіз ғой? – деп таңданды қыз.
–Бармын, Стамбұлдамын.
–Біздің үйге тым құрыса бір рет келмегеніңіз қалай? Сізді күтумен-ақ екі көзім төрт болды.
–Рас па? – деп Саид қуанғанынан ыршып кете жаздады. – Мен келейін-ақ дедім, бірақ… ұмытып… сіздің үйді таба алмай…
–Біздің үй, міне, мынау ғой! – деді қыз.
–А? Солай ма? Сіздің үйіңіз осы ма?
–Мен сейілдейін деп шығып едім… Егер уақытыңыз болса, жүріңіз, кішкене қыдырайық, – деді Севим, одан тағы айырылып қалудан қорқып.
Еркектің ұяңдығын тәтті сөзбен ғана сейілтуге болатынын тәжірибесінен білетін Севим ауыз жапқан жоқ.
Ақырында Саид бұл дүниеде барын байқатып, ептеп тілге келді:
–Сіздердікіне бір рет келіп едім, бірақ… кешіріңіз… Сізге бір сұрақ қоюға бола ма? – деді.
–Әрине, қанша болса да сұрай беріңіз.
–Сол жолы сіздердікінде сүндет тойы болды ма, әлде басқа бір той ма еді?
Севим сақылдап тұрып күлді:
–Қайдағы сүндет!.. Біз әкем, шешем, мен үшеуіміз ғанамыз ғой.
–Ә-ә-ә…
–Оны неге сұрадыңыз?
–Өйткені ол күні кіріп-шыққан кісіден есіктеріңіз босамай қойды…
–Соның бәрі сүндетке жиналды деп ойладыңыз ба?
–Ойламағанда ше!.. Атамзаманғы атау-ахиретсіз ақымақтықтан не шықпаушы еді!..
–Ә, олар сірә, «ШаШ-тың» жігіттері шығар… Мен футболға өте құмармын… Ал сіз ше?
–Сіз құмар болғанның бәріне мен де құмартамын, – деп қойып қалды Саид, беті ду етіп. «Ақылға қонбайтын бірдеңе айтып қойдым-ау, ә?» деп ойлады ол.
–Рахмет. Сіз өте зиялы екенсіз, – деді Севим көңілдене түсіп. – Өзіңіз қай команданың жанкүйерісіз?
–Әзірше ешқайсысына жаным күймейді. Бірақ қайтсем де жанкүйер болуға тырысармын. Сіз ше?
–Мен «ШаШ-тың» жанкүйерімін…
Кенет Саид күйзелгендей күрсініп:
–Севим-ханым… егер рұхсат етсеңіз, сізбен аса жауапты, аса маңызды мәселені кеңессем деп едім, – деді.
Оның «жауапты да маңызды» шаруасы не екенін Севим сезе қойды, өйткені өзінің әке-шешесі де сөздерін осылай бастаған сайын «Севимге күйеуге шықсаңшы!» дегенді айтады.
–Бір жерге барып отырсақ қайтеді, уақытыңыз бар ма?
–О, уақытым көп! – деп Саид қуанып кетті.
Олар жақын кафеге барды. Даяшыдан гөрі профессорға ұқсас байсалды, ет-жеңді кісі қарсы алып, Севимнің сырын білетіндіктен оларға көзден тасалау бұрыштағы үстелді сілтеді.
Севим барып отырды, ал Саид сулығын шешіп келуге кетті. Ол сулығын шілдеде де тастамайтын… Залға қайтып келіп, төңірегін сығырая шолып алды да, Севим отырған тұс осы болар деп барып бір үстелдің шетіне шоқиып отыра бере сөз бастады:
–Қарындас, өзім үшін өте маңызды бір іс туралы сізбен ақылдассам деймін…
Солай деді де, мықшиып отырып қалды. Атша тулаған жүрегі аузынан шығып кетердей.
Ернін бояуға кіріскен Севим Саидтың залға қайта келгенін аңғармай қалған болатын.
Ал Саид жанына отырған әйел ойнақы үнмен сөйлеп:
–Қазір күйеуім келеді. Менде бұйымтайыңыз бар болса ертең осы жерде, осы сағатта кездесейік, – деді…
Ештеңе түсінбеген Саид оған жалт қарады да, аңырып қалды; жанындағы мүлде бөтен әйел.
–О, пардон… Кешіріңіз!… Мен жаңылысыппын! Сізді…
Ол тұра жөнелді, залдың ортасына шығып, жан-жағына жалтақтап тұрып қалды.
–Саид, мен мұндамын! – деді Севим дауыстап.
Саидтың сасқаны соншама, тіпті қайда, неге келгенін ұмытып, сүлкиіп қалды. Мәселені тағы да Севимнің өзі қолға алды.
–Сіз менімен ақылдассам деген сияқты едіңіз…
–Е, иә, иә. Мен нетсем деп едім… Қай командаға жанкүйер болуым керек, соны сізбен…
–Сол үшін осында ертіп келдіңіз бе?.. Аса маңызды әңгімеңіз осы ма? – деді Севим ашудан жарыла жаздап.
–И-иә… – деді Саид жасқаншақтап.
Оларға сұйық кофе әкеліп берді. Севим сыздап отыр. Кофелерін үн-түнсіз ішті. Сонсоң қыз ұшып тұрып:
–Жүр, кеттік! – деді.
–Жарайды…
Екеуі таксиде де тіс жарған жоқ. Тұлан тұтқан Севим одан тезірек құтылуға тырысты. Ол мәшинені тоқтатып, сыздаған күйі түсіп, менің тығыз шаруам бар деп кетуге айналды. Мүсәпір кейіптенген Саид мүттәйім болып мүлгіп тұр. Оған тесіле қарап сәл-пәл бөгелген Севим жігіттен айырылмауды жөн көріп, жұмсара сөйледі:
–Біздікіне қашан келе аласыз?
Саид қалбалақтап, қызға рахметін жаудырды. Ал қыз қоштасуға қолын ұсынған кезде, Саид қуанғанынан құлап қала жаздады…
Севим үйіне кіре аңырап жылап, диванға сұлай кетті. Қызының еркектермен араласқалы өйтіп жылағанын көрмеген Мехжура-ханым таңырқай қарап: «О, алла, алла! Не болды бұған?» деп күбірледі де:
–Қызым-ау, сол сүмелекке ғашық боп қалғаннан саумысың? Олай болса, мен саған батамды бермеймін. Есіңде болсын, ақылды қыз көңілі сүйгеніне қосылмауы керек, өйтсе, бақытсыз болады!.. – деді.
Сол сәтте Ахмет келе қалды.
–Ол мені мазақтап жүр! Бірде-бір еркек мені мазақтап көрген емес! – деді Севим шаптығып.
Ахмед оны аяп кетті де:
–Қой, көкегім, қой енді. Мен оған мазақтағанды көрсетермін, – деді.
Севим боздай түсті:
–Сізбен аса маңызды бір істі ақылдасуым керек еді деп, мені кафеге ертіп барды… бірақ сөз салған жоқ… аңқаусиды, әдейі аңқаусиды… мені қолжаулық еткісі келеді…
Ахмед аттандап қоя берді:
–Аһ, атаңа нәлет неме! Ол өлексе неме маған стадионда кездесе қалса, қабырғасын күл қылар едім! Қайда өзі? Маған әдресін берші!
-Әдресін білмеймін.
–Енді несін білесің? Әдресін білмейсің фамилиясын білмейсің. Тым болмаса не істейтінін білесің бе?
–Математик пе, әйтеуір, бірдеңе.
–Мұғалім бе сонда?
–Білмеймін.
–Қайдан тап болды өзі?
Севим жігітпен қалай кездескенін, кинотеатрда қалай сүйіскендерін күлкі мен көз жасын араластыра отырып айтты:
–Ахмед-жан, сен жаманшылыққа жори көрме, мен оны қайтер екен дедім… Мүмкін үйленер деп ойладым… Бір-ақ рет сүйістім. Мөлиген момақан болған соң аяп кеттім…
Севим Ахмедтің ашуын басуды, қызғанышын қоздырмауды ойлады.
–Мазақтады дедің бе?
–Әуелде сізбен дұрыстап сөйлескім келеді деді. Мен жөні түзу бірдеңе айтады екен деп қуанып қалдым… Сонсоң мені кафеге ертіп барды да, кімге, қай командаға жанкүйер болсам екен деді. Бар сөзі сол болды. Маған ұнағанның бәрі оған да ұнайтын көрінеді.
–Залымын-ай, ә! Көресісін көрсетермін әлі! Қой, көкегім, жылай берме. Күнәсіз қыздардың көңілін қалдырғанның қандай болатынын мен көрсетемін оған!
Арада екі күн өтті. Саидтың өшкен үміті қайта тұтанды. Беррин апайынан Жарқылдың үйіне барып, қыздың әке-шешесімен танысып, құда түсіп келуді өтінді. Апайы қарсы болған жоқ. Мәртебелі міндетті Саидтың өзі атқара алмайтынын апайы бірден түсінді. Ол құда түсу, неке қиюдың ежелгі салт-дәстүрлері сақталуын да көздеді.
Саид апайына сәт сапар тілеп, оның келуін тағатсыз күтіп қала берді. Жалғыз өзі үйге симай жанталасты, бөлмелерді кезіп, өлең оқып, ән салып, әбден әлекке түсті. Әлде заманда есік қоңырауы күмбірлеп еді, – құстай ұшып барып ашып:
–Иә, қалай! Не деді? – деп алқына сұрады.
–Әй, көзіңе қара! Былай тұр! – деді әлдекім қырылдап.
Апайы емес, бейтаныс біреу.
–Кешіріңіз, әпенді, түсінбей қалдым.
–Қазір түсінесің! Қазір есіңді кіргіземін!
–Мархабат етіңіз, әпенді, жоғары шығыңыз…
–Жоғары шық демесең де шығамын.
Ахмед пен Саид осылай танысты… Екеуі біріне бірі үнсіз қарап біраз отырды. Сонсоң Ахмед орнынан тұрып, омырауларын орден мен сақал жапқан пашалар суреті ілулі қабырғаға барды. Төбеден әшекейлі көне шамдал салбырап тұр… Терезенің арғы жағында қурап кеткен бақ көрінеді.
–Бұл сенің үйің бе? – деді Ахмед әдейі дөрекі сөйлеп.
Ол оншама дөрекі адам емес-ті, бірақ Саидты теңбілдоп алаңында кездескен бәсекелесіндей көріп, жорта доңайбаттанды.
–Біздің үй, әпенді, – деді Саид қысылыңқырап.
Ахмед орнына қайта барып отырды.
–Сен менің кім екінімді білесің ғой, ә?
Ахмедке анықтап көз тоқтату үшін Саид оған жақындап отырды.
–Кешіріңіз, әпенді, есіме түсіре алмадым… Біз қайда танысып едік?…
–Немене? Мені білмейсің бе?
–Кешіріңіз, әпенді, білмей отырғаным…
–Бұл сенің шының ба, мазағың ба? Дұрыстап қара, кәне. Мен кімге ұқсаймын?
Саид Ахмедті мұрнымен түрткілеп танып алардай жақындай түсті.
–Әлде саған дүрбі керек шығар?.. Жақындап болдың ғой… Көзәйнегіңді шешіп, анықтап қарап ал.
–Менің көзім нашар… – деді Саид.
–Ақыры танымадың, ә? – деді мейманы.
–Әпенді, біздің қайда кездескенімізді есіме түсіре отырыңызшы.
Ахмед абыржып қалды. Атақ-даңқы жер жарып жүрген теңбілдопшыны білмейтін бұл нетке меңіреу, ей?! О, байғұс сол!
–Әй, сен футболға бармаушы ма едің?
–Жоқ, әпенді…
–Гәзеттен де оқымайсың ба?
–Жоқ, әпенді…
–О, кеще! Міне, төрт ай болды, гәзеттер тек мен туралы ғана жазып жүрген жоқ па?!
–Сіз кімсіз? Не істейсіз?
–Мәссаған! Мен – тірі жұлдызбын! Футбол жұлдызы! Ұғып ал!.. Мен әуелі жастар командасында, сонсоң басқаларында ойнадым. Е, сен бәрібір дым да білмейсің… Сонсоң ол мені басқаға сатты…
Ахмед өзінің спорт жолын айызы қана әңгімелей жөнелді де, Саид оның мұнда неге келгенін түсінбей, миы ашып отырды.
Ахмед гәзет тілімен сөйлеп, өзінің бір ойында қарсыласының үшеуін ұрып жыққанын, төрешінің көмекшісін көкала қойдай қылғанын, төрешіні алаңнан қуып жібергенін айтты.
Бөлмеге үй күтуші кемпір Анжела бике кофе алып кіріп, табақшаны үстелге қойып, бір шыныаяқ кофені Ахмедке ұсына берді де:
–Сіз Тасдуал Ахмедсіз бе? – деп таңдана ышқынып қалғанында қолынан кофесі түсіп кете жаздады.
–Дәл өзімін!.. – деді Ахмед масаттана жымиып.
–Мен сіз туғалы көп оқыдым… О, тәңіғім, сіздің өміғіңіз ғажап-ақ… – деді бике, кәдімгі француздарша «ғ»-ға басып.
–Анжела бике, сіз бұл әпендіні танып тұрсыз ба? – деді Саид таңданып.
–Әйгілі Тасдуал Ахмедті кім білмеуші еді?! Мен күнде таңеғтең гәзеттен осы кісі туғалы жазылғандағды алдымен оқимын.
–Әй, менің кім екенімді енді түсіндің бе? Біздің елде мені бәрі де біледі!
–Сіздің аяғыңыз қандай, шіғкін! – деді Анжела тамсана түсіп. – Аяқ-ақ қой!.. Стамбұлда тепкен добыңыздың дауысы сонау Кагске естіледі!..
Саид ұяттан өртеніп отыр. Мұндай атақты адамды танымау дегенің масқара ғой! Ол Анжела бике шығып кетісімен орнынан ұшып тұрып, басын иіп:
–Әпенді, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін зор құрмет… Менде бұйымтайыңыз болса айтыңыз, аянып қалмаспын, – деді.
Оның ағыл-тегіл қошемет сөзін Ахмед аңыра тыңдап отырып, Севим айтқандай, бұл не кәдімгі ақымақ, не жорта ақымақ шығар деп ойлады…
–Жақсы, жарайды, пейіліңе рахмет. Менің кім екенімді түсінсең, енді екеуміз ашық сөйлесейік. Сен Севимді, әлгі біздің Севимді білесің бе?
Ештеңе ұға қоймаса да, Саид басын изей салды.
–Білсең, – деді Ахмед, – Севим өте кеңпейіл қыз, жолдасы үшін неге болсын әзір… Алдыңғы жылы жүз метрге малтудан жарыс болғанда Азбан Мұрад сол Севимнің арқасында ғана Месуттан озып шықты… Ол қыз – біздің Севим – өте сезімтал. Солай, шырағым!.. Ол жолы Месут алдына жан салмай, мәреге бірінші боп жетті, бірақ судан суырылып шыға алмады… Неге десең, Севим қулығын асырып, мәреге жақындай бергенде-ақ оның ішкиімін су астында сыпырып алыпты! Сонсоң Мұрад жеңіп шықты. Сен соны да оқыған жоқсың ба? Құдай-ау, сонда сен не оқисың өзі?!
Севимнің атын естіген Саидтың жүрегі тордағы торғайша секеңдеп кетті.
–Әпендім, мен Севим-ханымды білемін! – деді ол абыржып.
–Білсең сенімен сол туралы сөйлесуге келдім…
«Бұл Ахмед кім? – деп Саид іштей аласұра бастады. – Севимнің туысы ма, әлде мұның да үйленгісі келіп жүр ме оған? Бұл атақты футболшы, құдды аңдып жүргендей, менің апайым құдалыққа кеткен кезде неге келді? О, алла, өзің жар бола көр!»
–Сіз оның туысысыз ба? – деді Саид күңк етіп.
–Ха!.. Туысы… Мен оған туысынан да жақынмын… Сондықтан келіп отырмын!
–Құлағым сізде, әпендім.
–Күнәсіз, қорғансыз қызды тәлкек ету еркекке жарасатын қылық па? – деп бастады Ахмед. – Өйту жалпы дені дұрыс кісінің ісі ме? – деді «ШаШ» клубының әйгілі қорғаушысы демігіңкіреп.
–Жо-жоқ, әпенді, – деді Саид оның ойын аңғара алмай абыржып.
–Ендеше сенің істеп жүргенің не? – деп ақырды Тасдуал Ахмед.
Оның ақырғысы келген жоқ-ты, мұнтаздай үй іші де мүлгіген тыныштықты тілеп тұрған-ды.
–Севим-ханымға шыбын шаққандай да залал жасамағаныма құдай куә. Енді-енді танысып жүрміз…
–Ха!.. Енді-енді дейді! – деп шамырқанды Ахмед. – Бұл әңгімеңді әжеңе айтарсың!.. Екіқабат етіп үлгеріпсің ғой!
Саид ыршып түсті:
–Немене? Екіқабат па? Кім?
–Кім болушы еді? Мен дейсің бе?!
Саид қуанғаннан есеңгіреп қалды. Оның баласы болады! Құйтақандай немесі оны «әке» дейді әлі!.. Неткен бақыт десеңші!.. Олар бір рет қана сүйісті, Севим екіқабат болып қалатындай басқа әрекет істеген Саид жоқ… Ә, мейлі… Жұрттың көзі жетсе, жұрт айтса – болды…
Ахмед өзінің офсайд болып қалғанын сезе қойды да, дереу шегіне бастады:
–Былайша айтқанда, ол жақында ғана екіқабат болды… Ал ондай екіқабат әйелді тастап кету атақты әулеттен шыққан саған жараса қояр ма екен?.. Ол байғұсқа менің тіпті жаным ашиды…
Саид апайының Севимге құда түсе Жарқылдың үйіне кеткенін қалай айтсам екен деп ойлана бастағанда Ахмед түрегеліп:
–Сонымен, екеуіміз түсіністік қой, ә?.. Мені алдап соғам деп арамтер болма! Менің кім екеніме әлде шүбәң бар болса көшеге шық та, көзіңе көрінгеңнен сұра, Тасдуал Ахмед кім де. Ұқтың ба? Ал хош бол, мен кеттім…
Саид пен Анжела бике құрметті қонақты қошеметтеп шығарып салып, есікті жаба бере күйеу жігітіміз жын қаққандай секіріп, «Саид – әке!.. Саид – папа!» – деп, қуанышын қойнына сидыра алмай даурыға жөнелді.
Жиреншілердің күндердің бір күнінде даңқты тұқымымыз тоқырап қалар ма екен деп қауіптенетінін Саид білетін. Сол қауіп енді жойылады. Саид Жиренші әулетінің ұрпағын көбейту мәселесін шөп басын сындырмай-ақ шешіп тастады.
Анжела бике оның қуаныш күйін біраз тамашалады да:
–Құғметті пашам, ол сізге неге келді? – деп сұрақ қойып, сыр тартты.
Ахмед мен үйленгелі жүрген қыздың ең жақын туысы дегенді айтты Саид.
–Аяғы қандай десеңізші! Неткен ғажап аяқ! – деп Анжела бике үздіге қалды. – Алла атымен ант етейін, пашам, оның аяғы басқалағдың аяғымен
салыстығғанда мылтықтың жанындағы зеңбіғектей!
Саид Анжеланың Ахмед туралы біраз нәрсе білетінін сезді де, бәрін де, айтып беруін өтінді.
Бикенің әңгімесіне қарағанда, Ахмедтің сол аяғы ересен күшті көрінеді… Жаны бар қарсыласы былай тұрсын, тепкенде жаны жоқ тастың да күлпаршасын шығарады… Бір кезде оған аяғымен ойнауға тиым да салған… Ахмед сәл ашуланса болды, сол аяғы өзінен өзі оңтайлана бастайды. Соны білетіндер ойын үстінде Ахмедтің жынын қоздырмауға тырысады. Кезекті ойындарда Ахмед қарсыластарының тағы да екеу-үшеуін шоңқитып тастаса, оған ол кінәлі емес. «Сол аяғым пәле болды… Кесіп тастайын ба өзін?!» деп ежірейеді.
Анжела осыны айтқанда Саид бағана Ахмедтің сол аяғымен істес болмағанына қатты қуанды.
Есіктің қоңырауы күмбірледі. Саид үкідей ұшты.
–Қалай болды? – деді ол Беррин апайын жаналқымға ала бастап.
Сарай тәрбиесінде өскен черкеш қанды қадірлі апайы асығып-аптығуды ұнатпайтын.
–Ұлым-ау, ентігімді басайын да, – деді ол. – Анжела, су әкелші!
Ол пальтосын асықпай шешті, басорамалын алды, сонсоң креслоға жайланып отырды. Саид оның қимылына қиыла қарайды.
–О, алла, алла, қатты шаршап келдім!
Сабыры сарқылған Саид шыр айналып:
–Апатай, айтыңызшы, қинамаңызшы, не жауап берді? – деді
–Тұра тұршы, ес жиғызшы! Бәрін бастан-аяқ айтып берем, тек асықтырма мені… Жаңа не дедім?
–Ештеңе деген жоқсыз. «О, алла, алла, қатты шаршап келдім!» дедіңіз де қойдыңыз.
–Жоқ, одан кейін ше… Иә… Көшедегі халықты көрсең!.. Тегі үйінде ешкім қалмаған шығар. Бұ жұртқа не боп кеткенін білмеймін… Қаңғырып қайда барады, үйлерінде неге отырмайды? Аутобусқа кіріп болар емес…
Төзімі таусылған Саид тырнағын тістелей бастады.
–Маршрут таксиіне өліп-талып әрең міндім…
Апекең шофермен не үшін ұрсысқанын, оларға жолаушылардың не төрелік айтқандарын ежіктей бастады.
–Апатай, жүйкемді жұлмаламаңызшы! Олар не деді?
–Ұлым, сөзімді бөлмегейсің, бәрін де айтып берем… Әңгімені иін қандырып, рахаттанып айту керек. Неменеге асығып отырсың?
Саид үйленбей жатып-ақ әке болып үлгергенін айтып қала жаздады да тілін тістей қойды.
Апайы әңгімесін аңырата берді. Олардың қонақ бөлмесінде қандай жиһаз тұрғанын, қабырғаларда қандай кілемдер ілулі екенін, дивандарға жабылған кілемдердің, онда-мұнда қойылған гүл құтыларының қандай екенін, әйтеуір, көзі көргенді түгендеп айтып отыр…
Апекеңнің аузында – кілем мен құтылар, ал Саидтың ойында – апайының не жауап әкелгені. «Егер олар: «Аулақ!» десе, онда «Севим мен Саид» деген азалы дастан жазудан басқа лаж жоқ!» деп тұжырды бауыры.
Апайы әлдезаманда кофе ішісті көйітті:
–Кофені қызметші қыз әкелді. Несін жасырайын, олары маған ұнаған жоқ. Болашақ келінін көруге келген силы кісіге кофені қалыңдықтың өзі әкеліп беруі керек. Бай болмақ тұрғай, патша болсаң да… салт солай!..
–Апеке-ау, құдай үшін, салтты санамай-ақ қойыңызшы!
–Ой, шыдамсызың-ай… Сонсоң, кофе ішіп болған соң, мен: «Ғафу етіңіздер, қолымды жуып келейін» дедім…
–Ойпыр-ай, сіз, немене, Севимге құда түсіп бардыңыз ба, жоқ, қолыңызды жууға бардыңыз ба?!
–Ұлым, салт солай… Қалыңдығыңның отбасы қандай екенін білгің келсе, сол жерлерін қалай да көруің керек. Ол жерлері таза болса – үйлен, ал кір-қожалақ болса – дереу тайып тұр…
–Апеке-ау, қолыңызды жуу керектігін неге бірден айтпадыңыз?
–Өйтуге болмайды, ол әдепсіздікке жатады. Сонсоң мен санитарлық инспекция емеспін ғой… Әр нәрсенің өз орны бар…
–Ә, мейлі, ендеше. Содан кейін? Хасип-бей не деді?
–Оның кім?
– Хасип-бей ме? Ол — Севеимнің әкесі.
–Ондай еркек болған жоқ, өңкей әйелдер отырдық… Тек көрші бөлме жақта жігіттер ығы-жығы боп жүрді… Бірді айтып, бірге кеттім-ау… Жаңа нені айтып едім?
–Дәретхананы…
–Ә, иә, мен онда көп бөгелген жоқпын. Бөгелетін не бар, кірдім де шықтым… Ал саған айтарым – сенің Севимің мүлде орашолақ қыз.
–Е, неге?
–«Негең» бар болсын… Қонаққа құрқол баруға болмайтынын өзің білесің, сондықтан мен қант себілген қаштан қоспасын сатып алдым да, оны қорапқа салғызып, түйіншектеп байлаттым…
–Неге?
–Пысық қыз жіпті баптап шешеді, ал орашолақ қыз жұлқылап үзіп тастайды, ондай қызды алған жігіттің соры қалың болады…
Нағашы апайының пысық екенін Севим жақсы біледі. Апайы ештеңенің керегі жоқ, деп көрген емес… Қолына түскеннің бәрін: «керек тастың ауырлығы жоқ» деп үйге әкеліп, шатырға жинай береді. О, алла, онда не жоқ дейсің; босаған шөлмек, құты, қалбыр, қисық шеге, сынған кілт, көзі сетілген тебен, опырылған ойыншық… – бәрі де бар…
–Сонымен, – деді апайы, — сенің оның орашолақ екен. Мен «қорапты әкеліп шешші, ішінде бірдеңе бар еді» дедім…
–Оның не, сөйте ме екен?
–Салт солай, ұлым… Өйтпесем, оны қалай сынауға болады?
–Ол қайтті?
–Әуелі баптанып тұрды да, сонсоң жұлқылап, тістелеп, опай-топайын шығарды… Айтпақшы, ұлым, ол қыз өзі не сияқты…
–Апатай, – деді Саид дегбірсізденіп, тісі сақылдап, – не сияқтысында неңіз бар оның? Шешесі не деді? Келісті ме?
–Қазір айтам ғой… Асықтырып есімді шығарып жібердің… Нені айтып отыр едім жаңа?
Апайының ішінде ит өліп жатқан… Ол Жарқылдардың үйлеріне қарай сырғанаудан бұрын Жиренші әулетінің барымен шүйіркелесіп, жиен бауыры Саидтың үйленуіне кім қалай қарайтынын сұраған. Біреулері кімге үйленсе де тездетсе екен, ұрпақ жолын ұзартса екен деген. Біреулері қолдарын төбелеріне қоя қарсы болған. Саид қаншама ғұлама математик болса да ақша санауға шорқақ еді, сондықтан оған тиыннан шет айырған айлакер әйел кез болса, бар байлықты бармағына басып кетер, не желөкпе біреу кез болса – бәрін желге шашып кетер деп сескенген, оларын ашық айтқан да. Апекесі болса, Саидтың Севимге үйленбеуін қалады, оны орындау үшін ең дұрысы – қалыңдыққа күйе жағу керек.
–Шешесі айтады: «Құдайға шүкір, күйеу балаға зәру емеспіз, қызым көшеге шықса-ақ болды – соңынан кемінде бір рота жігіт шұбырып, қырқысып қалады» дейді…
–Не дейді? Шешесі айтты ма? – деген Саидтың жүрегі тоқтап қала жаздады.
–Содан кейін: «Менің қызым сіздің жиеніңізге бұйырып тұрса, қайтейін, амал жоқ» деді.
–Түк ұқсам бұйырмасын, – деді Саид.
–Ұқпайтын не бар? «Құдая тәубе, сатып алатын біреу табылды-ау!» десін бе енді?!
Саидтың төзімі таусылды:
–Апатай, — деді ол күбірлеп, — Севим көп кешікпей ана болады… Яғни, мен әке болмақпын, сол үшін тездету керек…
Апайы қас бояйтын қарындашын іздеп сөмкесін ақтара бастаған еді, Саидтың сөзін естігенде селк етіп, қолынан сөмкесі де түсіп кетті:
–Ойбай-ау, ұлым-ау, не дедің?.. Рас па?.. Сен… Әкесің бе?.. О, тәңірім!..
Беррин-ханымның берекесі ұшты. Күні кеше әлдилеп жүретін құйтақандай Саиды аяқ астынан әке болмақшы!
–Сенейін бе, сенбейін бе?! Қашан үлгіріп жүрсің
–Әйтеуір үлгірдім… Өзім де білмеймеймін, – деді Саид әрі масаттана, әрі жасқана сөйлеп.
–Сен… мен кәрі кісімін ғой… Маған ренжи көрме… сен ылғида үйге қонып жүрген жоқсың ба?!
–Ол екеуміз күндіз… кинотеатрға… ложаға қондық, – деп қалды Саид.
–О, алла! Не деп отыр?! Жо-жоқ, мүмкін емес!
–Неге мүмкін емес, апатай?! Мен үлкенмін! – деді Саид Жиренші, өзінің еркектік намысын қорғай даурығып.
–Әке болғаның неткенің? – деді Беррин-ханым күмілжіп.
Оның дауысынан обалсынғандай нышан сезген Саидтың аппақ бетіне қан тепті:
– Апатай, сіз мені әлі бала көресіз, ал мен жиырма төртке шықтым… Менің құрбыларымда бірнеше баладан бар… Мейлі, енді менің де бірінші балам болады!…
Уа, шіркін тезірек әке болсам екен! Рас, әлгі балаға өзінің теория жүзінде де, іс жүзінде де әке емес екенін Саид біледі. Бірақ одан келіп-кетер не бар? Басқаларда да болған жағдай. Ондайдың алғашқысы да, ақырғысы да Саид емес. Өсектен қорқудың да қажеті жоқ, гулеп-гулеп басылады. Саидтың сескенетіні – сесті туыстары, олар мұның тойға дейін іші томпиып қалған қызбен некелесуіне түп-түгел қарсы болады… Ал Саидқа олардың көңілдерін қалдыру қиын… Әйтеуір, жолы болмай-ақ жүр. Өзінің біржола ұнатқанын, сүйген сұлуын өліп-талып кездестіргені сол еді, ол да алас-күлес екіқабат бола қалды.
Саид Севиммен қалай танысқанын баяндай бастап еді, апайы оны ауызға қағып:
–Болды! Бәріміз бас қосып, не істеу керектігін ақылдасуымыз керек. Сенің тіліңді бекер алыппын. Кұдалыққа тұра жүгірмес бұрын туыстармен кеңесуім керек екен, – деді.
–Апатай-ау, үйленетін олар емес, мен ғой! – деді Саид ептеп батылданып.
–Бәрібір жиналып сөйлесуіміз керек, – деді Беррин-ханым да илікпей.
Егескенмен еншісі көбеймесін Саид та ұқты:
–Жарайды, жиналсын, талқыласын, шешсін!.. Олар қарсы тұрса, мен де қарап қалмаспын… Апатай, сіздің «біздің отбасы» деп отырғаныңыз кілең ақсақ-тоқсақ, таз-тақыр, қу сүйек…
–Қысқарт, кәне! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады»! – деп ақырды апайы.
Саид та өз сөзінен өзі шошып кетіп:
–Апатай, ренжи көрмеңізші… Махаббат қой… Махаббат… Махаббат ажалдан да күшті, – деп міңгірледі.
«Ажал» деген сөзі апайына оқтай тиді:
–Анжела! Анжела! Су әкелші! – деп шыңғыра айқайлап, диванға шалқасынан құлап түсті.

ОТБАСЫЛЫҚ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС
Анжела бике Беррин-ханымның самайын әтірмен сүрткілеп, аузына дәру тамшы тамызды. Апекең әлден соң есін жиып ала сала телефонға ұмтылды, бүкіл туыстарын келелі кеңеске шақырды.
Саид бақта «Махаббат ажалдан да күшті» деп ыңылдап біраз жүрді де, үйге кіріп, өз бөлмесіне барып, үстел басына жайғасты. Бір жылдан аса бой бермей келе жатқан математикалық күрделі есепті тағы да оңаша қолға алды.
Ертеңінде әйгілі Жиренші әулетінің барша өкілдерінің Отбасылық Келелі Кеңесі ашылған кезде Саид тәулік бойы нәр татпаған күйі үстел басында кілмиіп отырды.
Бөлмеге Беррин-ханым келіп кіріп:
–Жүре ғой, ұлым, – деді.
–Қайда? – деді Саид кіржиіп. – Бір мәселенің мән-жайын бажайлай берсем-ақ болды, әйтеуір, біреу келіп бөгет жасай қояды.
— Қайдаң не? Бәрі жиналып, сені күтіп отыр.
–Мені? Неге? Неменеге?
–О, алла, осыншама аңқау бала болар ма?! – деді апайы налып.
Иә, Саид ежелден ермек есебін қолға алғанда жарық дүниенің барын да ұмытып кететін. Мұндайда оның бетін бері қарату қиын. Мұндайда Париждегі студент-достары оның төбесіне мұздай су құйып та селт еткізе алмайтын.
–Ұлым, бері қарашы… Бүгін біз Севим туралы сөйлесеміз…
Саид селт етті:
–Севим… Севим!.. Сөйлесейік, апатай, жүріңіз, жүріңіз!..
Шафран-заде – Жиренші әулетінің игі жақсылары жиналған меймандар бөлмесінің қақ маңдайшасына үлкен ұрпақтың атасы Алабас Юсуп-пашаның суреті ілініпті. Сақалы мен ордендері болмаса – Саидтан аумайды жарықтық… Юсуп-паша тұқымының басқа біліктілерінің суреттері де жағалата іліп қойылыпты. Араларында ежірейген төрелері де, алтын оқалы әскери киімдерінің омырауы орден мен медальға толы қолбасшылар да бар. Әрқилы киімді, әртүрлі дәрежелі мұртты-мұртсыз әпенділер де тізіліп қалыпты.
Жаңғақ ағашынан жасалған шомбал үстелдің басында он алты кемпір-шал отыр. Бұл Жиренші әулетінің ең кәрісі – сексендегі Әбдішүкір-бей, ал ең жасы – Саидтың алпыс тоғыздағы нағашы ағасы, отставкадағы дипломат Қысмет-бей.
Саид меймандар бөлмесіне еңсесін көтере кіріп, жанып тұрған каминнің қарсы алдына тоқтай қалды. Пеш жалыны оның махаббат тұнған ашаң жүзін аймалағандай әрлендіріп жіберді.
–Қош келдіңіздер! – деді Саид камин жаққа бас иіп. Шомбал үстел бұрын осы тұста тұратын, оны бүгін апайы төрге жылжытып қойғызған.
–Көп жаса, ұлым, – деді Қысмет-бей бәрі үшін жауап қатып.
Саидтың көзі нашар көретінін бәрі білетін де оған ренжімейтін.
Әбдішүкір-бей Саидқа орын ұсынды да, Отбасылық Келелі Кеңес басталып кетті.
–Аса құрметті ханымдар мен әпенділер! — деді Жиренші әулетінің ақсақалы жағалай қарап. — Біз бүгін өзіміздің тұқымның өсіп-өнуін қамтамасыз ету бір өзіне қарап қалған жалғызымыз Саидтың үйленуіне байланысты өте маңызды, һәм, өте жауапты мәселені шешуге жиналдық, рұхсат етсеңіздер, Отбасылық Кеңес ашық деп жариялаймын.
Саидтың нағашы ағаларының бірі Зихни-бей сұқ саусағын шошайта көтерді:
–Құрметті төраға, біздей пендеңіз бір ауыз сөз сұрайды.
Кеңес төрағасы Әбдішүкір-бей басын изеді. Зихни-бей сөз алды.
–Біздің бас қосуымызға себеп болған шаруа жан-жақты, терең талдап-талқылауды талап етеді, – деді ол мәселеге бірден мән беріп, яғни Отбасылық Кеңес тез арада аяқтала қоймайды… Ал мына мендей пендеңіз ептеп сырқаттанып жүр еді, таза ауаға жиі шықпасам шатақ болады, сондықтан әрбір он-он бес минут сайын үзіліс жариялап отыруды ұсынамын.
–Зихни-бейдің ұсынысын қостайтындарыңыз, кәнеки, саусақтарыңызды көтеріңіздер, – деді Әбдішүкір-бей.
Екі саусақ артып, бір саусақ қалыс қалып, көпшілік Кеңес мәжілісінде әр он бес минуттан соң үзіліс жарияланатын болсын деген шешім жасады.
–Біздің бас қосуымызға себеп болған шаруа мейлінше кең талқылауды талап етеді, – деді төрағасы, – сол себепті Қысмет-бейден мәселені тәптіштеп баяндап беруді өтінеміз.
Алдын ала айта отырсақ, үлкенді-кішілі нағашы ағаларының екеуі де Саидтың үйленуіне қарсы.
–Аса құрметті ханымдар мен әпенділер, – деді Қысмет-бей іске көшіп, – өздеріңізге мәлім, біз бүгін бәріміздің ұлымыз Саид-бейдің үйлену мәселесін шешуге тиіспіз. Бұл Жарқыл әулетінің Севим-ханымымен некелеспекші. Біздің қарындасымыз, мынаның апайы Беррин-ханым ол бойжеткен жөніндегі мағлұматты мол жинап, оның да бізбен – Жиренші тұқымымен туысуға құштар екеніне көз жеткізіп, Саидтың аса игілікті, ізгі ниетін құптап отыр. Саидтың тойды тездеткісі келетін себебі де түсінікті: біздің Саидымыз, жаңа мен айтқан Севим-ханым екеуі бірлесіп, біздің әулетімізге көп ұзатпай кішкентай Жиренші силағалы жүр.
Саидтың нағашы апаларының бірі – жасы жақында ғана небары елу беске толған кәрі қыз Зүбәйда-ханым:
–Сонда Саид тойға дейін әке болып үлгермекші ме? – деп төбеден құлап түскендей дүңк етті.
ІІІал-шауқандар шиқылдай күлісіп, сыбырласып-күбірлесіп қалды. Саидтың Жиреншілер отбасына қалтқысыз құрмет сезімі қалтарыстанып, кірбеңделіп үлгерді.
–Саид-бей! Қадірлі нағашы апайыңа жауап бер, тойыңнан бұрын әке болғалы жүргенің қалай?
–Ол солай! – деді Саид та ерегес аңғартып.
–«Солайың» қалай? – деді тағы да сол елу бес жастағы қыз Зүбәйда-ханым.
–Солайым солай. Өкінішке қарай оны, қалай әке болуды, мен қадірлі апайыма түсіндіріп бере алмаймын, – деді Саид қырыстанып. – Менің білуімше, бұл кісінің одан хабары жоқ. Ал егер шынымен білгісі келсе, онда барып мамандардан сұрасын немесе сол жөніндегі кітаптардан оқып алсын.
Бәрі де албасты басқандай жым болды. Саид қырыстана алады деп кім ойлаған. Әйгілі әулеттің жас перісі өзінің жеңгенін сезген балапан әтешше қоқырайып отыр.
–Біздің кезімізде мұндай асығыс әрекет әдепсіздеу көрінуші еді, – деді Қысмет үнсіздікті бұзып. – Қашаннан бері таныссыңдар?
–Біз баяғыдан бері хат жазысып келеміз! – деді Саид. Сүйгенін тәлкек еткісі келгендерге аянбай қарсы тұрарын аңғартты.
–О, алла, алла! Жабыла дәріптеп жүрген прогресстің жетістіргені осы да… Ақырында қыздар пошта арқылы да жүкті болатын болды-ау, ә? – деп Зүбайда-ханым тілін сұғып-сұғып алды. Есесі кетіп, екіленіп отырған.
Нағашы апайларының бірі Саидты қорғаштағысы келіп:
–Құрметті ханым, заман өзгерді, бәрі де өзгерді. Жақында мен бір жерден оқыдым, сонда тіпті еркектерсіз-ақ бола береді депті, – деді.
–Ғафу етіңіз, әпендім, – деді әлдекім, — көңіліңізге келмесін, оны қолдан ұрықтандыру деп атайды. Егер біз әңгіме етіп отырған бала сондай жолмен жаралған болса, оны біз өз отбасымызға қалайша қабылдамақпыз?
– Е қазір бәрі де жасанды екенін білмеуші ме едіңіз? – деді басқа біреу. – Жер-көктің бәрі синтетика қазір: синтетикалық тері, синтетикалық мех, синтетикалық уылдырық…
–Әрине, – деп Әбдішүкір-бей сөзге ақырын ғана араласты. Пікір таласын ушықтырмай тиянақтатқысы келген түрі бар. – Қазір бәрі де болады… Бірақ менің бір түсінбегенім, әй, тойға дейін сөйтіп қоюға бола ма екен?!
–Біздей пендеңіздің далаға шығып келуіне рұхсат етуіңізді қиылып өтінемін, – деп Зихни-бей саусағын шошайтты.
…Отбасылық Кеңес жұмысы түн ортасына дейін созылып, кәдімгі парламенттегідей болды. Біреулер қалғып-шұлғып, біреулер қорылдап ұйықтап, біреулер сөйлер сөзінің нұсқасын жазып-өшіріп, есінеп-құсынап отырды. Зихни-бей ғана көз ілген жоқ. Ол байғұс мәжіліс құрып жарымады, әр он бес минут сайын далаға жүгірумен-ақ діңкеледі.
Кәрі қыз Зүбәйда-ханым Саидтың үйленуіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Кеңесте айтыс-тартыс қызып, өліспей бітіспес қос қауым пайда болды. Кеңірдек керіскен екі жақ тіпті Саидтың бар-жоғын да, оның әйел алар-алмасын да ұмытып кетті. Оған намысты жігіт қашанғы шыдасын:
–Ғафу етіңіздер, – деді Саид ширыға сөйлеп, – Мен жарыссөзге жазылған жоқ едім, бірақ сіздердің таластарыңызға араласпасам болатын емес. Менің сіздерге бір ғана сұрағым бар, осы үйленгелі отырған кім, сіздер ме, әлде мен бе? Сақалды бастарыңызды қатты силай отырып тағы бір сұрарым, осы менде өзімнің қалағаныма үйлене алатын құқ бар ма, жоқ па?
–Алдымен ата-баба дәстүрі бар ғой… – дей берді Қысмет-бей.
–Нағашы, ғафу етіңіз, – деді Саид оны ауызға қағып, – осы сіз өзіңіз неше рет үйлендіңіз? Соның бәрінде де ақсақалдардан рұхсат сұрап отырдыңыз ба?
Қысмет-бей жым болды.
Иә, бір кездерде бүкіл Жиренші тұқымының аузындағы әңгіме де, өсек-аяң да осы Қысмет-бейдің үйленуі болған-ды. Тақымынан қағынған Қысмет-бейдің шетелдік сұлулармен онда-мұнда өткізген күндерін еске алмағанның өзінде ол ресми түрде сегіз рет үйленген еді. Біреуге үйленген күннің ертеңінде-ақ екінші бір сылқыммен таң атыратын да, некелі әйелі одан безіп кететін. Жиренші отбасының біраз тиын-тебенін ол сөйтіп құртты, абыройын айрандай төкті, өзі дәреже алып та оңбады, елші болу үміті де адыра қалды.
–Саид, сенің жөнің басқа, – деді әлдекім бітім тілей сөйлеп, – Сен – біздің киелі руымыздың келешегін жалғастыратын жалғызымызсың. Бәріміз жиылып сенің үйленуіңе осынша мән беріп отырғанымыз сондықтан. Сен бізді, шалдарды, түсінуге тиіссің…
Отбасылық Кеңеске қатысушылар Саидтың алған беттен қайта қоймасын түсінді. Сол себепті оның мәжіліс залынан шыға тұруын қалады. Сонсоң Қысмет-бей қайта тіріліп, тілін безей жөнелді:
–Ай, әпенділер, біз дәл қазір буынып өле қалсақ та, Саид бұл қызды алмай тынбайды. Қарыса беріп қарық болмаймыз. Қазіргі жастар қарттарды силап жарытып жүрген жоқ. Бостан-босқа қызылкөз пәле атанамыз. Бұларға оң батамызды берсек, біз беделімізді де, руымызды да, әулет бірлігін де сақтаймыз, ал онсыз өсу де, өркендеу де жоқ бізге.
Игі жақсылар иіріліп біраз ойланысты да, Севим-ханымнан артық келін жер-көктен табылмайды деген ұйғарым жасады.
Саидты шақырып алысты:
–Айналайын Саид! – деді Әбдішүкір-бей салтанатты түрде сөз бастап. – Біздің Отбасылық Келелі Кеңес өзінің төтенше мәжілісінде сенің Жарқыл әулетінен шыққан қызға үйленсем деген өтінішіңді қарады. Алабас Юсуп-пашадан тараған, тарихқа Шафран-заде мырзаның тұқымы ретінде белгілі болған Жиренші әулетінің жалғыз үміті, жалғыз тірегі – сенің әйелді өз бетіңмен таңдап тапқаның, біздей ақсақалдарыңмен ақылдаспағаның әулетіміздің дәстүріне кереғар. Алайда, Кеңес ғасырдың өскелең талабын, заманымыздың әртүрлі жағдаяттарын ескеріп, сонсоң қалыңдықтың және оның отбасының тыныс-тіршілігін жан-жақты зерттеудің жақсы нәтижелерін еске алып, бойжеткен Севим-ханымды, яғни біздің болашақ келінімізді ұлымызға лайықты, көргенді-тәрбиелі деп ұйғарып, Саид пен Севим-ханымның некелесулеріне рұхсат беру Жиренші әулеті өміріндегі аса ұлы оқиға болады деп құттықтауға шешім қабылдады.
Нағашысының топан судай сөзі Саидты тұншықтырып тастардай болды. Ол ештеңе ұқпай, әшейіндегі нашар көзі мүлдем жыпылықтап кетті. Жанында отырған апайы Кеңес төрағасының сөзін қысқаша қайталап түсіндіріп:
–Той Севим-ханым баласын алдырып тастағаннан кейін ғана болады, – деп тұжырым жасады.
Онысына Саид әуелде қатты ренжігенмен, ептеп сабасына түсіп:
–Апатай, айналайын, олай ету мүмкін емес… Келесіде мен әке бола алмай жүрсем қайтемін? Тәуекелдің де жөні бар емес пе? – деді.
Апайы, сірә, Севимнің қабілет-қарекетінен мол хабардар болса керек, жиеніне «ондай ештеңеден ешқашан қауіптенбе» деп жұбату айтты.
Сонымен Отбасылық Келелі Кеңестің шешімі Саидтың шырайын кіргізді, – бақыт қақпасы шалқасынан ашылды! Тек бір ғана нәрсе – көңілге түйткіл. Әлбетте, ол Севимді кінәлай алмайды. Жағдай шіркін кімді билемеуші еді, Севим де қыңқ еткізбес бір себептермен екіқабат болып қалған шығар, онда тұрған не бар, тәйірі! Бірақ ешқандай еңбек сіңірместен әке болып шыға келу обал. Саидтың да арамтамақ болғысы келмейді. Ол бұған дейін даярға маяр боп жүргенін өрескелдеу көріп, енді өзі қимылдап көрмек еді….

АТАСТЫРУ
Сарыла күткен сәт те келді-ау ақырында!..
Жарқылдар мен Жиреншілер құдалықтың иін қандырып, некелесудің күнін, уақытын, орнын жұртқа жария етті. Баршасы Стамбұлдың сүт бетіндегі қаймағы — «Дальтон» мейманханасының қонақасы залына жиналды.
Хасип-бей қызының атастырылғанға дейін күйеу жігітпен жолығуына тиым салды. Алды-артын кең ойлайтын Мехжура-ханым да қызы жөніндегі өсек-аяң Саидқа күні бұрын жетіп жүрмесін деп сескеніп, ерін қостап шықты. Махаббатты майша шыжылдату үшін зарықтыру керек! Хасип-бей оны өз тәжірибесінен біледі, оған қалыңдығын тіпті тойға дейін көрсетпей қойғанда, ол зарыққандықтан жынданып кете жаздаған.
Екеуі екі жақта жүре тұрсын, – деді Хасип Жарқылдың жолдас-жораларына. – Мен ар-ожданы таза адаммын, адал өлгенді жөн көрем… От пен дәрінің қатар тұрғаны дұрыс болмайды…
Ол мұны Саидқа да айтты. Саид төмен қарап тыңдап, Севим екеуінің қайсысы от, қайсысы дәрі екенін ойлап отырды.
–Сөзіңіз жөн, – деді ол күмілжіп, – бірақ біз жолығып жүрер болсақ, одан кімге, не зиян келетінін түсінбей отырмын.
Хасип-бей бұл тұрғыдағы пікірін сыпайылап түсіндіруге тырысты. Саид та сыпайы тыңдап, Севимнің екіқабат екенін, өзінің үйленуден бұрын әке болып үлгіретіні қисынсыздау екенін ескертіп өтті, өздерінің отбасында болмаған бұл оқиғаға аздап таңданатынын, әйтсе де Севимді бұрынғысынша сүйетінін айтты.
Оның түсінігін тыңдап отырған Хасип-бей ыңғайсыздана бастады, өйткені әйелі мен қызы айтқандай, Саид тіпті де ақымақ емес екен. Хасип-бей енді оны жақтап сөйлеп, өзінің де қатты таңданатынын білдірді, сонсоң қыздардың оң жақта отырып та ел аман, жұрт тынышта жүкті бола беретініне тарих пен құраннан дәлел келтірді. Саидтан қашан атастырғанша қалыңдығына жоламауды өтінді, сағынысып табысу екеуіне де сауап болатынын атап өтті. Ал Саид махаббатының мызғымасын, өзінің сағыныштан сарғайып өлуге әзір екенін айтып ант ішті…
Қысқасы: «Дальтон» мейманханасында ұлан-асыр той болып өтті. Екі жас атастырылды, ол салтанатты Стамбұлдың зиялылар қауымы көпке дейін ауыздарынан тастай алмады… Саидты мазақ еткен күншілдер де болды. Күншілдерсіз күн батып, таң атқан ба?! Бірақ Саид оларға назар аударған жоқ, махаббат буына балқып жүріп жатты. «Қалыңдығыңның қыпша белі толтырылған қанар қаптай болып қалыпты ғой?» дегендерге пысқырып та қарамады.
Той-томалақ емес пе, ол кеште кейбір келеңсіздіктер де болмай қалмады. Сыңар езулігі көпке мәлім бір суқит мынадай бір фырканы ағылтты:
– Бір бақташы үйленбекші болыпты. «Таңдап тапқаның ақсақ екен» дейді жұрт. «Ә, мейлі!» депті бақташы. «Оның үстіне көзі соқыр, бір құлағы естімейді, өзі бүкір» дейді. «Ә, мейлі!» депті. «Есі ауысқан жынды!» десе «Ә, мейлі! Бала тапса болады!» депті бақташы.
Фыкраға қонақтар қарқылдап күліп, Саидқа қарап ыржалақтады. Саид шиқандай қып-қызыл боп кетті. Жанында Севимнің болмағанына шүкірлік етті.
Ұсамдылығының, кешірімділігінің, тәрбиелі-тәртіптілігінің арқасында шыдап бақты.
Салқынқанды Саид сасқанын білдірмеу үшін, күлкіге жем болмау үшін өзінің әр қимылын, әр әрекетін, әр ісін қадағалап отыруға тырысты. Әйткенмен, әлгі атаңа нәлет анекдот есінен адастырғандай, ол би залына қарай тұра жүгіріп, қарсы қабырғаны тұтас алып тұрған айнаны сүзіп қала жаздады. Кілт кейін қарай жалт бұрылып, екі залдың аралығындағы шыны далдаға барып ұрылды.
Сөйтіп миы ашыған Саид қалбалақтай басып, болашақ қайын атасы отырған үстелге барды да, оны, сірә, Севим екен деп ойлап қалса керек, ыстық ілтипат көрсете иіліп биге шақырып:
–Мына тангоны менімен билеуіңізді өтінемін, – деді.
Хасип-бей оны қолынан жетектеп, қызына алып барды. Әкесінің биле деген әміріне әрең иілген қызы мұрнын тыржитып, Саидқа қолын селқос ұсына орнынан тұрды.
Ол екеуінің тұңғыш биі еді. Севим жігітінен кеш бойы қашығырақ жүруге, бұл бай миғұлаға күйеуге өз еркіммен шығып отырған жоқпын дегенді бүкіл жүріс-тұрысымен аңғартуға тырысты… Оның мүләйім кескініне көзі түскен қонақтар енді сорлы қызды аяй бастады. Саидқа ол да соққы болып, мүлдем жүнжіп қалды. Оркестр тангоны құйқылжытып жатыр. Күйеу жігіт би сәтінде серігіне сезім қылын шертер сөз айта жүру керектігін есіне түсіріп:
– Сіз Брамсты сүйесіз бе? – деп сұңқ етті.
Севим болса, бұл қызғаншақ неме менің бұрынғы таныстарымның біреуін айтты-ау, деп ойлап:
–Кімді? Кімді дейсіз? – деді.
–Брамсты.
–Ол кім?
–Неміс… Романтик…
Севимде таныс футболшы неміс болған емес-ті. Оның үстіне Романтик дейді. Онысы кім, шабуылшы ма? Мұнысы, жарамайды, бүйтіп күдіктенуі бекершілік…
–Ол ұлы музыкант, атақты композитор болған, – деді Саид, мағынасыз әңгімені бастағанын түсінгенмен, тоқтап қалмай.
Брамс?.. Футболшылармен ғана істес болған Севим немқұрайды үнмен:
–Мына тангоны сол шығарған ба? – деді.
–Ол өткен ғасырдың ең ұлы композиторы болатын, – деді Саид серпіліңкіреп.
Онысын Севим естіген жоқ, – жанына әлдебір іркілдеген қызбен билеп жүрген Ахмед келіп қалған-ды. «Сен ғана жетпей тұр едің!» деді қызғанған Севим іштей күңк етіп.
Саид ұлы Брамсты аузына тектен-тек алмаған-ды. Ол байыпты музык-аны жақсы көреді, фортепьянода ойнайды, оның үстіне Брамс екеуінің өзара ұқсастықтары да бар. Замандастарының айтқандары рас болса: сары шашты, көгілдір көзді неміс композиторы да жасы отызға жеткенше көсе болыпты. Саид сияқты ол да ұялшақ, жасқаншақ, жұртқа тәлкек болыпты… Өткен ғасыр оқымыстыларының дәлелдеулеріне қарағанда, Брамс та әлжуаз болып өскен, үйленерлік дәрмені болмаған, тек жасы қырықтан асқан соң ғана қаулап сақал шығып, бұлшық еті білеуленіп, нағыз еркектердің қатарына қосылған. Саидтың кабинетінде сол қауға сақал композитордың үлкен фотосуреті, роялінде оның кеуде мүсіні тұруында осындай гәп бар еді. Саид ұлы музыкант шығармалары жазылған күйтабақтарды түгел сатып алып жүр. Сондай болсам дейді, бірақ бұған қырыққа дейін әлі көп жыл бар.
–Жаңағы айтқан немісіңе не болғанын түсінбедім ғой? – деді Севим.
Саид бір минуттай аңтарылып қалды да:
–Жасы отызға жеткенше Брамсқа да сақал шықпаған, – деді.
Севим оның қылтанақсыз боп-боз бетіне қарады да күліп жіберді. Саидтың аңқаулығы мен әлжуаздығына жаны ашып кетті де, күлген күйі оны қолынан ұстап, бос үстелге қарай жетектеді. Сол-ақ екен, Саид сәтте өзгеріп сала берді, сампылдап сөйлеп, сөзінің аяғын көкейін жегідей жеген жәйтке – балаға апарып тіреді… Севим оның математика-математика деп жүріп өмірде көп нәрседен махрұм қалғандығын ескертіп өтті де:
–Сүйіктім, сен бірдеңеге күдігің бар ма әлде? – деп жыларман үнмен күмілжи кідірді.
«Сүйіктім» деген сөз Саидтың төбесін көкке бір-ақ жеткізді.
–Жоқ! Ешқандай күдігім жоқ! – деп шыр-шыр етті ол.
Сол әредікте екеуінің жанына Суат Негр келіп Саидқа:
–Қалыңдығыңызды биге қарай ала қашуға бола ма? – деді.
–Болады, болады, билеңіздер… – деді Саид, екі езуі екі құлағына жетіп.
Екеу би билеуге кетті де, Саид орнында қалды. Ол көлденең көздерге аңғартпауға тырысып, ғажайып қалыңдығына қарап қойып отыр. Қалыңдығы жігіттердің бәрімен кезек-кезек билеп жүр. Ара-арасында қонақтармен әңгімелесіп те үлгіреді, бұл маңда күйеу жігіті барын ұмытқан сияқты. Саидты ол ғана емес, басқалар да ұмытқандай. Жұрт бүгінгі тойға емес, үйреншікті сауық кешіне келгендей бет-бетімен мәре-сәре…
Бүгін атастыру тойы екенін Саид есінен шығарған жоқ. Сондықтан ол хабарсыз кеткен қалыңдығын іздеп орнынан тұрды. Севим мен Тасдуал Ахмед бір-біріне жабыса құшақтасып отырған үстел жанына барғанында Саидтың ең алдымен көргені «ШаШ» қорғаушысының дір-дір еткен әйгілі сол аяғы болды. Бір пәле болып жүрер ме екен деп сескеніп қалған Севим Ахмедке жабыса түсіп:
– Не болып қалды? – деді Саидқа.
Қалыңдығының Ахмедті аймалап отырғанын көрген Саид қатты абыржып:
–Жа-жай… Жо-жоқ… Ештеңе болған жоқ. Бө-бө-гет жасамайын… – деді тұтығып.
Ол Тасдуал Ахмедтің сол аяғының жүйесі неліктен тозғанын таңдана ойлады. Мұндай сирек құбылысты Әбдішүкір-бей ғана түсіндіре алуы мүмкін. Бірақ оны іздеп таба алмады. Сірә, үйіне кетіп те қалған шығар. Зихни-бей де көзіне шалынбады. Алас-күлес билеп Анжела бике ғана жүр. Жек көрсе де Қысмет-бейді іздеп еді, оның да қарасы батқан сияқты. Сонсоң бұрыштағы креслода отырған Беррин-ханымның жанына барып, еңкейіп құлағына сыбырлап:
–Апатай, Қысмет-бей қайда? – деді.
— Бәрі де қайтып кетті, ұлым. Түннің бір уағы боп қалды ғой.
–Қоштаспағандары қалай?
–Сен Севиммен билеп жүр екенсің, сонсоң бөгет жасамайық десті. Сендерге бақыт тілейтіндерін айтып тарасты.
Апатайынан бұрыла берген Саид жамағайыны Мұхиттин-бейді байқап қалды. Өмір бойы сауда-саттықпен айналысып, өмір бойы жарымай жүрген ол ағайыны өзін ірі саудагер деп білетін де: «бұл жарық дүниеде ірілердің жолы бола бермейді» дейтін. Саидтың келе жатқанын көрген сәтте-ақ Мұхиттин-бей бақытты бай боп жүрген бұл күйеу жігіттен біраз тиын-тебен түсіріп қалуды ойлай қойды.
Жамағайынымен есен-саулық сұрасып болысымен Саид кенеттен:
–Әпенді, сізден бір ғаламат құбылыстың сырын сұрағым келеді, – деді.
–Сұрағын, ұлым.
–Ашуланған адамның бір аяғы оған бағынбай өз-өзінен дірілдей ала ма? Сонымен ол иесіне шынымен бағынбай кете ме, қалай ойлайсыз?
Мұхиттин-бей оған не деп жауап берсем екен деп ойлап, Саидтың бетіне барлай қарады. Мүмкін ол да аяғының бір кінәратын айтып тұрған шығар. Оның көңілін көншіте жауап берсе, қалтасын да дұрыстап қағуға болады ғой. Ол бірінші дүниежүзілік соғыста бір офицердің оқ жұлып кеткен аяғының орнына басқа біреудің аяғын жалғағанда бөтен аяқ жаңа қожасына бағынбай пәле болғаны жайындағы хикаяны айтуға ыңғайлана беріп еді, бір бейтаныс мырза келіп, Саидты қолтықтап алып кетті. Жиренші әулетінің байлығын бұл саудагерден кем білмейтін біреу болса керек.
Ол мырза біреу-міреу емес, «ШаШ» спорт клубының бас төрағасы Дүндар Мылжың-бей болатын. Ол Саидтың Севим сұлуға — «ШаШ» клубының рухани жебеушісіне үйленетініне шынайы қуанышты. Мылжың-бей үшін Саид – қалталы жебеуші, Жиренші әулетінің шылқыған байлығының жалғыз мұрагері. Ал байлар оны-мұны қызыққа әуес келеді де, ақшаларын аямай шашады. «Шаң шұбалтқан» клубы байырғы да бай болғанмен, оның есеп-қисап шаруасы қалталы жанкүйерлерінің жарнасына байланысты. Клубтың бай жанкүйерлері неғұрлым көп болса, команда соғұрлым жақсы ойнайды.
Қалталылардың бетін бері қаратумен «ШаШ» клубының бұл әміршісі тіке өзі айналысады. Мына атастыру тойына келгендегі мақсаты да сол. «Севимнің арқасында бұл көзәйнекті сырықты клубқа қаратып алсақ, команданың мұртын балта шаппас еді», деп тұжырды Дүндар Мылжың-бей. Кезінде «ШаШ» қорына өзі де есебін келтіріп қыруар қаржы қосып, кейін еселеп өсім алған. Әрине, клубқа ақшадан басқа да нәрселер ауадай қажет, мысалы: жақсы футболшы, білгір жаттықтырушы, сонсоң, ең бастысы – клубқа құрметті президент болуға беделді депутат керек. Билеуші партия басшыларының бірі президент болса, құдайдың бергені! Онда жақсы футболшылар да, білгір жаттықтырушылар да оп-оңай табылады. Соңғы маусымда Дүндар Мылжың-бейдің айы оңынан туып, ықпалды партия басшысын құрметті президенттікке сайлап алды. Онысы, әрине, теңбілдопты өмірінде бір рет теуіп көрмеген пенде еді, өйткені аяғы ақсақ болатын, бірақ саясатқа келгенде талайды тақырға отырғызып кететін-ді. «ШаШ-қа» керегі де сонысы еді, оның сайлаушыларының бәрі «ШаШ-тың» жанкүйері болды да шықты. Құрметті президент әрбір ойынға барып, жанкүйерліктің жанкештілік үлгісін көрсетіп жүрді, кейде тіпті орындыққа шойнаңдап шығып алып, шолақ аяғын шолтаңдатып тұрып айғайға басады. Футболшылардың бірі допты қақпаға көпе-көрінеу теріс соқса, ол: «Әй, қисық аяқ! Андағы допты мен де енгізер едім!» деп бажылдайды. Оның бұл сөзі накылға айналып, кейін футболшылар да, жанкүйерлер де, парламенттегі пәтуасыздар да айтып жүретін болды…
Түн ортасынан былай қарай Дүндар Мылжың-бей Жиреншілердің мұрагеріне талақша жабысып алды. Өйткені Саид футболға, клуб шаруасына ден қоя бастады, себебі ол Севимнің жүрегіне апарар жол тек «ШаШ» арқылы өтетінін ұқты. Мылжың-бейдің жанында Эрол Арқан-бей бар-ды. Ол — кез келген кісімен тіл табыса кететін жылпос жігіт, танысқанының бәрімен сол сәтте-ақ «шал» деп сөйлесе береді. Журналшы, спорт шолушысы.
Дүндар Мылжың-бей оны Саидқа таныстырып:
–Біздің Арқан-бей осы. Еліміздегі ең білгір, ең әділ шолушы. Алланың бергеніне шүкір, Арқан-бей біздің командаға оң көзімен қарайды, – деді.
–Шал, мен өз міндетімді адал атқарып қана жүрмін ғой, – деді Арқан-бей сыпайы сөйлеп. Сонсоң қолын кеудесіне қойып – «Шаң шұбалтқан» мына жерде, – деді.
–Ахмедті әлемге танытып, Тасдуал Ахмед деп ат қойған осы біздің Арқан, – деп Дүндар Мылжың-бей күпіне түсті. – Эрол арқан тастады дегенше асаудың мойны астынан келді дей бер!..
Саид аузын ашып, көзін жұмып тыңдады. Арқан-бейге айдаһар арбаған көжекше мөлиіп қарады.
–Әпенді, Ахмедті әлемге қалай таныттыңыз?
–Әр мамандықтың өз құпиясы бар, шал, – деді шолушы жұмбақтап. – Келіңдер, аздап тартып жіберелік!..
Қонақтар таң ата тарасты. Саид Мылжың-бей мен Арқан-бейді қошеметтеп, менің есігім сендерге әрқашан ашық дегенді айтты. Масайып қалған Севим Тасдуал Ахмедтің дізесінен түспеймін деп қиғылық салды, ал сол аяғы селкілдей бастаған Ахмед: – Севимді өлсем де жібермеймін! – деп күжілдеді. Беррин-ханым апай қызды алдап-сулап көндіріп, киінетін бөлмеге ертіп кетпегенде атастырудың ақыры не болары беймәлім еді.
Саид Жарқылдарды үйлеріне дейін шығарып салды. Қоштасарда болашақ зайыбымның қолынан сүюім керек деп дұп-дұрыс ойлап барса да, қыздың қолын алған сәтте не істерін білмей аңырып тұрып қалды. Оған Севим қарқылдап күліп алды да, ашық ауыз күйеу жігітін бетінен шөп еткізіп сүйіп, үйіне жүгіріп кіріп кетті.
Таң атты. Өмірінде ішпеген арақты ішкен Саид сергу үшін үйіне жаяу тартты. Қуанышы қойнына симай келеді. Кенет аяғына бірдеңе шалынды, үңіліп қараса – печеньенің қағаз қорабы екен. «Бәрекелді! – деп Саид-футболшы кәдімгідей қуанып кетті. – Қазір голдың әкесін көрсетемін! – деп екі адым шегініп, қайта ұмтылып, қорапты теуіп кеп жіберді де… ұзынынан түсті.
Әлдезаманда сүйретіліп тұрды-ау. Көзәйнегі күл болған. Мұрнынан қан сорғалап тұр.
Қалыңдығының, «Ертең кел, күтем», – деп қалғаны есіне түсті. Қай-да-а! Мынадай мұрынмен барып мәз болмас. «Әлде Брамсша сақалым шыққанға дейін шыдасам ба екен?» – деп ойлады Саид.

ҚАЛЫҢДЫҚ пен КҮЙЕУ ЖІГІТ
Сақал өсіру — қиямет, ал сүйгеніңмен кездесе алмай сарғаю — қасірет. Жастардың бақытына қарай қазір күйеу жігіт пен қалыңдыққа күнара жүздесіп тұруға рұхсат беретін дәстүр орнады. Бірақ ол дәстүр «қызға қырық жерден тиымды» жоққа шығармайды. Севимнің әсіресе «ШаШ» клубының командасы ойнайтын күні стадионға баруына мүлдем тиым салынды. «Күйеуге тиген соң жер өртесең де мейлің, ал қазір қағынба, қарағым!» десті әке-шешесі.
Севим тіл алуға мәжбүр болды. Ұсақ-түйек бірдеңенің кесірінен той шырқы бұзылып жүрер деп қорықты. Дәстүрден аттап кете алмады. Көшеде таныс футболшылардың бірі кездейсоқ ұшыраса қалса, бұрынғыша құмарын қандыра қылжақтасудың орнына, амандық қана сұрасады да, сүйікті Ахмеді бастаған шаңдатқыштарының хал-ахуалын білуге мұршасы болмай, үйіне қарай зытады. Тиым уақыт неғұрлым созылған сайын, «ШаШ» пен қаһарман қамалдай орталық қорғаушыны сағынуы соғұрлым арта түсті, күйеу жігіттің қарасын көру де соғұрлым азапқа айналды. Саид бейшара болса, ғашықтық отына өртеніп, мысы құрып, сүтке тиген мысықша мүләйім болып, күнде келіп-кетеді.
Міне, бүгін, байырғы бәсекелестер – «ШаШ» пен «ЖЖК» кездесетін күні, Севим үйде отырмақшы. Бұдан өткен жаза болмас!.. Оның үстіне қазір сүйретіліп Саид келер!.. Құрып қалғыр!..
Әке-шешесі де бұлар оңаша отырсын деп, әдейі қыдырып кетті. Мұндай тәсілдің пайдасынан зияны көп. Оңаша қалғандарында Саид қалыңдығының қасында емес, албастының алдында отырғандай зәресі ұша бүрісіп, жақ ашудан қалады. Шынына келсек, қалыңдық одан дені дұрыс сезім күткен де емес, бірақ әйелдік намысы қай-қайдағы жынын қозғап, Қылмойын Севим оны тірідей түтіп тастаудан тайынбайтындай да болады. Қыңқ етіп байқасын, қайтер екен бәлемді!..
Севим матчты радиодан тыңдамақ болды. Ойынның басталуына әлі жарты сағат уақыт бар. Құдай-ау, мына ынжықпен үндемес ойнап отырмақ па? Бір минөтін тыныш өткізіп көрмеген басы бұған көнбекші ме енді? «Мынаны ертіп стадионға барсам не болар еді?» деп ойлады ол. Мұндайдың жанында жүруі мүмкін емес, ал іші пысып үйде отыру одан да сорақы.
Севим ұшып тұрып, бөлмеде ары-бері жүре бастады. Не істесе сауап болар екен? Шомылу керек! Ол Саидтың көзінше шешіне бастады. «Қайтер екен?».
Ал Саид қатал мұғалімнің алдындағы жуас шәкірттей моп-момақан күйде… «Менің шешінгенімді көрмей отыр ма әлде?» Севим оның алдына жетіп барды да:
–Ілгектерін ағытшы! – деп бұйырды.
Саид атып тұрды, бірақ әзірше көруіне болмайтынға көз тоқтата алмай теріс қарап, ілгектерін сипалай бастады.
–Енді қашан?
–Ағыттым, – деді күмілжіп.
–Белдемшемнің ызбасын ағыт.
Ой! Күнәсіздікке апаратын күмәнсіз жол ғой бұл!
Қолы дір-дір еткен Саид ызбаны әрең тауып, ағытты-ау ақыры. «Бізді неге оңаша қалдырды екен?» – деп қинала ойлады ол.
Севим ванна бөлмесіне кіріп кетті де, бір минөттен соң:
–Са-ид!.Са-ид! – деп дауыстады.
–О не, Севим-ханым!
–Қымбаттым, бері келші!
«Қымбаттым» деген сөз ұшпаққа бір-ақ шығарған Саид тұра ұмтылып, жолындағы орындықтарды сұлата-мұлата жүгіріп, ашық тұрған есіктің босағасына жетіп тоқтады.
–Қымбаттым, бері кел, кел!
–Мен мұндамын, – деді Саид есік сыртынан.
–Кіре ғой, жаным…
Саид кірді. Севим бір аяғын ваннаның ернеуіне салып, көпірген көбікке бөгіп жатыр… Саид сасып қалып, бетін екі қолымен баса қойды.
–Мен қарап тұрған жоқпын, Севим-ханым, қарамаймын, қысылмай шомыла беріңіз… – деп міңгірледі.
–Жоғал әрі! Жаның барында жоғал, кет! – деп Севим шыңғыра айғайлады.
Саид атып шықты. «Әйел дегендерің қызық, өзі шақырады да өзі кет дейді…». Әке-шешесі сеніп қалдырып кеткен қызды енді қайтуы керек?.. Әлде олар сынап көрмек пе екем? Ендеше, құдай куә, мұның адал, таза адам екеніне көздері жетсін…
Саид байғұс өзін өзі өстіп алдарқатқанмен, ол Севимнен қорықты, байқаусызда сүйіп алып, сонсоң өзімді тежей алмай жүрермін, немесе ештеңе болмай қалып масқарам шығар деді. Бұрын да талай рет масқараға ұшыраған, сондықтан той өткенше қызға ұрынбағаны жөн.
Қылмойын Севим ваннадан қабарып шықты. Ырыссыз ынжықты бірінші рет кездестірді ғой.
–Севим-ханым, – деді Саид ыржиып.
–Немене?
–Жай… Әншейін…
–Айтарың болмаса құйрығыңды қысып отыр. Қазір ойын басталады.
–Мен бірдеңе айтайын деп едім.
–И-и-иә, не айтпақсың?
–Сізбен танысқан тамаша күн… Кинотеатрда… Жатсам-тұрсам есімде!..
Севиммен оңаша қалған саиын Саидтың есіне сол «тамаша» күн түсе береді… Оның естелігін естіген сайын Севимнің жыны ұстап, «Нағыз еркектің есінде не болатынын сендей сорлы қайдан білсін!» деп іштей кіжінеді.
Осы кезде диктордың даусы саңқ етті.
–Құрметті радиотыңдаушылар! Клубты «Шаң шубалтқан» және «Жоқшылық жолын кескен» футбол командаларының өзара кездесулерінен репортажымызды бастаймыз. Репортажды біздің спорт шолушымыз Эрол Арқан-бей жүргізеді.
–Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! – деп Эрол бастап та кетті. – Құрметті радиотыңдаушылар, біз қазір Мидхат-паша стадионындамыз. Бірнеше минөттен кейін мұнда маусымның шешуші ойыны басталады. Бір-біріне лайық байырғы бәсекелестер, біздің еліміздің мақтанышы мен сүйініші – «ШаШ» пен «ЖЖК» кездеседі. Қазір футболшылар да жасыл алаңға шығады. Радиотыңдаушылар, сіздер мен біз бүгін тарихи оқиғаның куәсі боламыз. «ШаШ» пен «ЖЖК-ның» қайсысы топ бастар екен?.. Трибуналарда…
Саидты, әрине, бұл командалардың ойыны ынтықтырған жоқ, тек Тасдуал Ахмедтің даңқын шығарған атақты Арқан-бейдің не айтатынын тыңдағысы келді.
Шолушы сайрап тұр:
–Бұл командалар бүгінге дейін өзара жүз жиырма сегіз ойын өткізді…
–Ақымақ! – деді Севим сол әредікте. – Жүз жиырма сегіз емес, жүз жиырма жеті ойын өткізді. Бір ойын дұрыс өткізілмей, есепке алынбай қалған.
— Сол жүз жиырма сегіз ойында «ЖЖК» командасы елу төрт рет, «ШаШ» – қырық сегіз рет жеңді…
— Әй, жарымес, не сандалып отырсың?! – деп Севим түтігіп кетті.
Саид оның бетіне бағжия қарады. Брамстан хабары жоқ қыздың футболды әйгілі Арқан-бейден артық білетініне таңданды.
–Әне, командалар алаңға шықты. Трибуналардағы дауыстарды естіп отырсыздар ма? Жанкүйерлер өз командаларына қол соғуда. «ЖЖК» бүгін өзінің үйреншікті формасында: ала майка, ашық қоңыр түсті труси киген. «ШаШ» болса, формасын өзгертіпті: олар бүгін сап-сары…
–Әй, саппас! – деп Севим шаңқ етті. – Сап-сары дейді!.. Білгішін өзінің!..
–Алаңда астан-кестен бірдеңе болды да қалды. Төрешілер мен капитандар тіл табысып үлгіргенше, мен сіздерге командаларды таныстырып өтейін. Сонымен, «Шаң шұбалтқандар»… «ШаШ-тың» бар сенері — ұлттық құрама командамыздың тұтқасы, әрине, Тасдуал Ахмед. Ол — «ШаШ-тың» капитаны…
Ахмедтің аты аталысымен Севим жадырап, жайылып түсті.
–Тасдуал Ахмед біздің ұлттық құрама командамызда жиырма үш рет ойнады… Біздің жұлдызымыз… Ақшаны күреп алады… «Жоқшылық жолын кескен» командасын оның о бастан бергі капитаны Осман Қарабұрыш шабуылға бастап шықты. Қақпаны таңдаған да сол. Доп алаңның ортасында… Төреші ысқырды, ойын басталды… Доп «Жоқшылықта». Кадри Аласа Әлиге берді… Ол – Османға… Осман «Шаң шұбалтқандардың» айып алаңына ойқастай бұзып-жарып кірді. Қалай-қалай құйғытады, жігіт десе жігіт!.. Осман Қарабұрыш Аласа Әлиге берді, ол Османға қайта қайырды. «ЖЖК»-нің шабуылы жойқын…
Севим тырнағын тістелеуге кірісті.
–Осман қорғаушыны алдап өтті. Оңтайлы сәт. Бұлт етті… Ыңғайланып алды, қазір тебеді, ал тепті… Ахмед! Неткен мықты! Тасдуал десе – тасдуал!.. Қалай ғана үлгірді, ә?! Қас қағымда ұмтылып, басымен ұрып, допты айып
алаңынан ытқытып жіберді, команданы тұп-тура келген голдан қорғап қалды. Уай, Ахмед!..
Севим ұшып барып Саидты құшақтай алды. Ондайды күтпеген күйеу жігіттің дізесі дірілдеп, қылтасы, қиылып кетті.
Севим есін жиып, орнына қайтып оралды.
–Ойын шиеленісті… «ЖЖК» бекем қорғаныста. «Шаңдатқыштар» қарсыластар алаңына көшіп алған. Доп Мұстафада, әне, Бекірге берді! Теп!.. Ай-ай-ай!.. Әй, Бекір-ай!.. Итере салса – кіріп жатқан доп еді… Мәссаған, сөйте ме екен?! Бекір Османды оңдырмай сұлатты… «Жоқшылық» айып доп тебеді… Допты Аттила алып кетті… Қақпаға қарай тартты, қорғаушыны алдап өтті… Оңтайлы сәт!… Теп, Аттила!.. Қап!.. Сәтті кезеңді өткізіп алды. Допты Бекірге берді!.. Бекір!.. Теп! Гол!.. Уах, қандай гол! Қандай әдемі гол!..
Севим қуанғанынан атып тұрып, Саидты тағы да құшақтай алды. Қатты қысып, құшырлана сүйді… Саидтың тағы да есі шығып кетті, бар бітіргені, балмұздақ жеп болған кісіше ерінін жалай берді.
«Шаңдатқыштар» екінші голды енгізгенде ғана ол Севимнің қуаныш сырын түсініп, «ШаШ-тың» «ЖЖК» қақпасына голды тоғыта беруін тәңірінен жалбарына тіледі.
Тәңірі Саидтың тілегін екі етпеді, — «Шаңдатқыштардың» қақпасына гол соғылғанда да Севим ұшып барып Саидтың дізесіне отыра қалып, қатты құшақтай жабысып, солқылдап жылап жіберді. Бақытқа кенелген Саидтың басы айналып кетті.
Ойынның алғашқы жартысы «ШаШ-тың» пайдасына 2:1 болып аяқталды. Командалар үзіліске кетті. Музыка ойналды. Саид футболдың әйелдің мінез-құлқына қандай әсер ететіні жөніндегі ойға шомды…
–Сен стадионда болып көрдің бе? – деді Севим үнсіздікті бөліп.
–Медреседе оқып жүргенде бір рет болдым… Мені алып барды.
–Кім?
–Есімде жоқ… Біреулер апарған болатын… Лекцияға баруға шығып, стадионға тап болдық…
Севим іштен тынып, жарыла жаздап отыр: «Шынымен осы былжырақтың әйелі болар ма екенмін? Ақылды бай бұйырмағанмен, ақымаққа кете беру де қиын-ау…»
–Стадионға қалай тап болдың? – деді Севим, қарап отырғанша сөз болсын деген сыңаймен.
–Бір аса маңызды ойын болады деп жұрт стадионға қарай жөңкіліп бара жатыр екен, мені де ілестіріп алып кетті, араларынан шыға алмадым.
–Кімдер ойнады онда?
–Білмеймін… Мен ойынды көргем жоқпын… Түсіріп алған портфелімді іздеп жүрдім…
Ойынның екінші жартысы басталды. Арқан-бей тағы сампылдай жөнелді. Севим радиоқабылдағышты құлай тыңдап, ішіне кіріп кетердей ұмсынып отыр:
–Кәне, Ахмед, аянба, жаным, аянба!.. – дейді.
Саид та Ахмедке сиынып, айқайлауға кірісті. Өйткені оның бүгінгі бақ-талайы «Шаңдатқыштардың» неше гол салатынына байланысты. Әне, Эрол Арқан-бей де: «Го-о-ол!» – деп өкіре жөнелді, қалыңдық пен қүйеу де апыл-ғұпыл құшақтаса қалды…
Ойын аяқтала бергенде тағы бір гол салынды. Оған шолушы соншама қуана қоймағанмен, Саид жерден жеті қоян тапқандай боп Севимге тұра ұмтылды. Бірақ Севим зілденіп:
–Отыр… Бізге салып жіберді, – деді.
–Бізге ме?.. Біздің қақпаға ма?..
Ол қалыңдығының көңілін аулай бастады.
–Тілеуің бергір, қойшы!.. – деді Севим.
Эрол Арқан-бей «ШаШ» қорғанысының қателіктерін жіпке тізе бастағанда Севим өз бөлмесіне қарай тұра жөнелді. Көз жасынан езілген кірпік бояуы көзін удай ашытқан. Саид сүйкімді қалыңдығының жүрегіне жол табу жайын ойлауға кірісті… Шіркін-ай! Тасдуал Ахмед сияқты әйгілі футболшы болар ма едім! Тым құрыса бразилиялың Пеледей бола алсам ғой!..
Саид қиял қанатына мінді. Міне, ол футбол алаңында жүйткіп жүр. Тепкен добы тентіреп кетпейді, қақпаға қарай оқша зулайды. Гол!.. Гол!.. Стадион көкке ұшардай…
Қиял-ойын әбден қызған мезетте бөлмеге мысықша басып Мехжура-ханым кірді. Дәл сол сәтте Эрол Арқан-бей: «Го-о-ол!» деп аттандай қалар ма! Саид еңсесін кілт көтеріп:
–Кім салды? Біздікі ме? Біздің қақпаға ма? – деп әбігерленді.
«Құдайым-ау, өзі мен өзі сөйлесіп отырғаны несі?» деп болашақ енесі іштей таңданып тұр.
Шолушы тағы да шоқтықтана сөйлеп, «Шаңдатқыштардың» және бір гол салғанын хабарлады, ал Саид ұшып тұрып:
–Біз салдық!.. Ура!.. Біз салдық!.. – деп, Мехжура-ханымды бассалды.
Шошып кеткен енесі оның құшағынан әрең сытылып шықты.
–Не болды?.. Кімге салды? – деп Севим жүгіріп келді. Бейшара күйеу жігіттің қылтасы қиылып кеткендей болды:
–Ханым әпенді, кешіре көріңізші, Севим-ханым екен десем…
Мехжура Жарқылдың төбесі көкке жетті: «Әкесі екеуіміздің кетіп қалғанымыз әбден дұрыс болғанын қарашы… Тура біздің ойлағанымыздай болып шығыпты… Бергеніңе шүкір!»

АТАСТЫРУ — АТЫСТЫРУ
Жарқыл үйіндегілердің бәрі де – қалыңдық та, оның футболшы-сырластары да, тіпті келіп-кетіп жататын меймандары да күйеу жігітті күлкіге айналдырып алды. Бірақ Саид сыр бермейді, ештеңе естімегенсіп отыра береді. Кәдімгі мүлгіген ғашық. Қалыңдықтың үйіне күнде барады. Севиммен әке-шешесіне деген қымбат силықтарын құшақтап жетеді. Онысына иіп жатқандар, әрине, шамалы. Севим оны болашақ күйеуім-ау демейді, құлдай етіп қорлайды. Ал Саид оған одан сайын елжірейді. Түйсіксіз сезім деген сол болар.
Қайынынан қайтып келе жатып Саид ол үйге енді қашан Севим шақырғанша аяқ баспауға бекінеді. Бірақ ертеңінде-ақ баяғысынша силықтарын құшақтап, айдаһардың тартқан лебі дедектеткен көжектей боп тағы да жетеді.
Бірде Саидтың басына: — Осы Жарқылдарды үйіме конаққа шақырсам қайтеді? – деген ғажап ой сап ете қалды. Онысын нағашы апасы Беррин-ханымға асыға-үсіге айтып:
–Апатай, қалыңдығымның үй-ішін осы уақытқа дейін шақырмағанызды олар теріске жорып жүрмес пе екен? – деді.
–Күдігің орынды, ұлым. О баста-ақ шақыра салу керек еді, – деді апатайы.
–Сен барып шақыршы, апатай, мен бірдеңені бүлдіріп алам ба деп қорқамын.
Беррин-ханым болашақ құда-құдағиларын қонаққа шақырған ресми хат жолдады. Ол тіпті Жиренші әулетін де түгел шақырмақ болып еді, онысына Саид мүлдем қарсы шықты. Жиреншілер Севимнің әке-шешесін жек көреді, екі ортада құдаларын саңлаусыз жабайысың деп жүрсе, құдағиларын арсыз алыпсатарсың деп жүрсе… Севим ара түсіп арс ете қалса… Жоқ, пәледен аулақ, оңаша болғандары жөн…
Ол күні Саид таңмен бірге тұрып, не істерін білмей мазасызданып-ақ бітті. Қонақтар келер сағат жақындаған сайын састы. Бірақ уақыт өтіп барады – қонақтар жоқ. Саид шиыршық атты. Апатайы да аһлап: «О, алла, алла! Адам силап көрмегендер ме өздері!..» – деп қояды.
Жарқылдар сағат тоғызда әрең келді. Екеуі ғана, қыздары жоқ. Саид қатты қорланды. Ал жайғасып отырысқан кезде Беррин-ханым сөз арасында айта салғандай етіп:
–Севим-ханым келмеуші ме еді? – деді.
–Ол осында екен десек… Тығыз бір шаруасымен бөгеліп жатқан шығар, – деді Мехжура-ханым енжар түрмен.
Олар Севимді тосатын болды. Мехжура-ханым сөмкесінен бірдеңе алып:
–Мынау сізге ұнай ма? – деп Беррин-ханымға ұсынды.
Онысы төстартқыш екен. Беррин-ханым қорлықтан өліп кете жаздады. «О, алла! Силығы осы ма? Неткен масқара!» – деп құдағиының қолын қағып жіберуге шақ қалды. Бірақ Мехжура-ханым қысылып-қымтырылмаған қалпы:
– Өзіме сатып алдым. Менікі жыртылып бітті, – деді.
Хасип-бей де қарап отырмады:
–Ханым әпенді, халықта «көршіңнің әйелі қыздай көрінеді» деген мәтел барын білетін шығарсыз. Төстартқыштың ең тәуірін бұл Стамбұлда Хасип Жарқылдың фирмасы шығарса да, менің әйелім оны өзімізден алмай,
бәсекелестеріміздің дүкендерінен сатып алады. Ханым әпенді, егер сізге бұндай бірдеңе керек бола қалса, әміріңізге құлдық деймін…
Дәліздің қоңырауы шылдырлады. Севим болар! Үйді толтыра күлкі ала кірді.
–Қызым, кешігіп қайда жүрсің? – деді Хасип-бей еркелеткен үнмен.
–Менсіз аштан қатып қалмадыңдар ма, әйтеуір? – деді Севим беталды сөйлеп. – Жолда «ШаШ-тың» жігіттерімен кездесіп қалдым. Көрмегелі көп заман болып еді, солармен қалжыңдасып тұрып қалыппын.
Беррин-ханым апай жұртты ас үйге кіруге шақырды. Қадірлі меймандарға жасалған мәзірде мін жоқ. Қолдан тоқылған қымбат дастарқан, күміс жіпті тоқыма орамал, көне де көркем ыдыс-аяқ, неше түрлі гүл, күміс тұғырлы шырағдандар…
Бәрі үстел басына жайғасқан сәтте Севим үй иесінше өктем сөйлеп:
–Кәне, не ішеміз? – деді.
Ешкім жауап қатпаған соң ол Саидқа қарап:
–Мен не ішеміз деп отырмын ғой, сен, немене, естіген жоқсың ба? – деді.
Оның «сені» апекеңе шаншудай қадалды. «Бұл қандай тәрбие?- деп ойлады Беррин-ханым. — Шафран-Заде әулетінің әйелдері күйеулеріне тіпті оңашада да «сен» деп көрген емес…».
Ол қалыңдыққа қабақ шытып үлгірмеді. Хасип-бей киіп кетті.
–Ракы* ішейік… Ол басты онша ауыртпайды, – деді. Ішімдікке икемі жоқ Саидқа бәрібір еді. Ол ернін ғана тигізді. Оның есесіне Жарқылдар биттерін салды, бір құйғанын – бір, екі құйғанын – екі қылғытады…
–Осы салтанатты қонақасыны ұнатпаймын. Европа а-ля-фуршетке көшкелі қай заман, – деді Севим кіржиіп.
–Саған қайсысы ұнайды, қалқам? – деді қалыңдықтың ниетін аңғармаған Беррин-ханым.
–Әркім өзіне керегін өзі салып алсын, өзі құйып алсын. Ешкімді сығылыстырмасын деймін. Қазіргі салт солай…
–Сүйікті сұлуым, ол салттан емес, үйдің тарлығынан, – деді Беррин-
…………………………………………..
*Ракы – жүзім арағы.
ханым мысқылмен. – Қазір кең үй салмайды. Кәпірлердің қонақ үйі біздің дүңгіршектеріміздей ғана, сығылысып отырмақ тұрғай, селтитіп тұра да алмайсың…
–Европада ондай таршылық болуы мүмкін, ал сонда сіздердің мына даладай сарайларыңыздың несі жақсы? – деді Севим, ызаға булыға қалып.
Ата-бабасының ғимаратын ғайбаттау Беррин-ханым әпендіге оқтай тиді. Тәңір оңдағанда сөзге Анжела бике араласа қалып:
– Сіз үйіңізді, әғине, қазіғгі заманға сай сұлулап салатын шығағсыз? – деді Севимге.
Әңгіме жастардың ертеңгі үйіне ойысып жүре берді.
Күйеу жігіт қайын жұртын шығарып салуға кетті де, үйде қалған Беррин-ханым мен күтуші кемпір: «О, бейшара Саид! Не болар екен? Оны жаңағы көргенсіз, бейпілауыз, оның үстіне екіқабат сылқымға сайтан жетектеп апарған шығар…» – деп күңіреністі.
Ертеңінде Саид раушан гүлінің үлкен бір шоғын құшақтап алып, қалыңдығының үйіне барды. Жарқылдардың үйінде кісі дегенің жыртылып айырылады. Емін-еркін халық, бірі шіреніп шарап ішіп, бір аштан келгендей апыл-ғұпыл тамақ жеп отыр, енді бірі диванда қорылдап жатыр. Сірә, олардың күндегі қарекеттері солай болса керек. Ғашықтық дерті меңдеген Саид оларға назар аудармады. Құшақ толы гүлін қалыңдығына апарып ұсынды. Сиқы сол
баяғысынша мүләйім, қорғаншақ күйде.
–Апарып бір ыдысқа қоя сал, – деді Севим. Оның гүліне қараған да жоқ.
Саид ыдыс іздеп, түртінектеп жүріп қалды.
–Қой енді, әуре болма, – деді Севим оған, – Әйтпесе бірдеңені төгіп, бірдеңені сындырып тынарсың. Терезенің алдына тастай сал, кейін, ыдысын тауып, шешемнің өзі орналастырар…
Күйеу жігіт қуанып кетті. Жүрек әміршісінің бұйрығын екі етпеді. Бұрын келдің бе, кеттің бе демейтін қалыңдығының ілтифаты оны ерітіп жібере жаздады. Ол бөлмелерді аралап, буфеттің сырт жағынан оңашалау орын тауып алып, сондағы креслоға жайғасты… Бір кезде Севим жетіп келіп, оның қарсы алдындағы креслоға отыра кетті. Саид таңданғанынан сырғып құлап түсуге шақ қалды.
–Не жаңалық бар? – деді қыз.
Жаңалықтан бұрын күлкілі бір жәйтті айтса, Севимнің көңіл күйі жақсарып жүре беретінін Саид біледі. Өзінің стадионға қайтіп барғанын айтқан кезде қыздың қалай күлгені әлі есінде.
–Бір не бар, бірақ… – деп күмілжіді.
–Ол не?
–Жәй бір… айтуға ұялам… Құпия…
–Менен де жасырасың ба?
–Жоқ, сізден жасырар құпиям жоқ!.. Тек…
–Немене «тек»? – деп Севим ызғарлана бастады.
–Сіздің сүйіктіңіз болу үшін мен бәріне де дайынмын. Тіпті футболшы да бола алам! – деп күйеу жігіт құлшына қалды.
Севим таңданғаннан талағы тарс айырылардай болып:
–Немене-е-е? Футболшы?! Сен қай клубтың жанкүйері болуды да білмей жүрген жоқсың ба?!
–Мен футболшы болам! – деді жігіт жігерленіп. – Жүрек қалауым осы! – деп Саид арманын да ақтарып салды.
–Қой, ойбай!.. Ішегім түйіліп өлер ме екем…
Саид ойын орындады – қалыңдығын күлкіге кенелтті.
Есік қоңыраулап, Тасдуал Ахмед кіріп келді. Севим ұшып барып мойнына асыла кетті. Ахмед команданың ебеп-жебеушісін шөпілдетіп сүйіп:
–О не? Жылағансың ба? – деді.
–Жоқ, жаным, күлгендікі ғой…
Олар буфет жақтағы диванға құшақтаса отырып, күбір-күбір әңгімеге кірісті. Саид бар-ау дейтін емес. Ал Саид олардың сөздерін еріксіз естіп отыр. «Мен футболшы болсам ғой, Севим Ахмедтің орнына ылғида мені сүйер еді-ау!» деп қиялдап та қояды.
–Қымбаттым, біздің тойымыз әлі болатын емес, – деп Севим Ахмедке мұңын шақты, – ал маған, өзің білесің, тойдың тезірек болғаны керек.
Саидтың беті ду етті. Тойдың кешігіп жатқанына қиналып отырғаны – мені сүйетіндігінің дәлелі, деп тұжырды.
–Саған не болды? Клубқа неге келмейсің?
–Әкемнің әмірі солай. Менің еркін жүргім келетінін өзің білесің, ал әкем болса: «Күйеуге шыққанға дейін саған еркіндік жоқ!» дейді. Сен ойнайтын матчқа да бара алмаймын. Клубқа да… Әлде бармау керек те шығар… Мейлі, тойдан кейін есесін қайтарармын, екеуміз айрылыспайтын боламыз… Сені қалай сағынғанымды білсең ғой, шіркін!..».
Екеуі тағы да сүйісті. Аға мен қарындастай. Оны естіген Саидтың футболшы болам деген ойы беки түсті. Ахмед қыздың қолын қысыңқырап:
–Тойды неге созып жүрсің? Ертең жасаңдар. Бізге тез болғаны керек қой, – деді.
–Болмайды, жаным. Шешем: «Мен гүлдей көркем қызымның қайдағы бір ескі сарайға кіруіне қарсымын. Олардың үйінің үй дейтін сиқы жоқ» деп, жаңа үй сатып алуларын талап етіп отыр.
–Дұрыс, сатып алсын! – деді Ахмед. – Оның ақшасында есеп жоқ… Ал үйлерің кең болуы керек. Біз бүкіл команда болып бара қалғанда емін-еркін сыйып, мәре-сәре боп жатуымыз керек.
–Ол уақытша бір пәтер жалдап алды… Келіп қонып жүруіңе болады.
–Онда тойды несіне созасыңдар?
–Мен дайынмын ғой, бірақ шешем күнде бірдеңе ойлап табады. Әрбір бөлмені өз алдына ерекше жасаулаймын дейді. Олардың жиһаздары ескі. Әлде паша, әлде падиша, әлде алаяқ бір пәлелер болған ата-бабаларынан қалса керек. Үй мүліктерінің бәрі де қазіргі модада жоқ қоқыр-соқыр бірдеңелер. Шешем: «Менің қызым мұражай экспонаттарының арасында тұра алмайды, тұрғызбаймын!» дейді.
–Ана мақұлық керектің бәрін сатып алсын! – деді Ахмед, сол аяғын бір қозғап қойып.
– Сатып алды, жаным, бәрін алды.
–Онда мұның миын ашытпасаңдаршы! Пәтер жалдап алыпты, жиһаз сатып алыпты, енді не қыл дейсіңдер?
–Шешем айтады: «Болашақ күйеу балам қызымның қадірін біле түссін!» дейді.
–Шешеңдікі де жөн. Бағасы қымбаттың өзі де қымбат көрінетіні болады… Әй, көкешім, тойдан кейін бұл балақай бізге бөгет болып жүрсе қайтеміз?..
–Әпендім, – деді Саид сол сәтте, – сіздердің сөздеріңізді бөлгеніме кешірім сұрай отырып айтарым, біздің есігіміз сізге әрқашан ашық болады. Қашан келсеңіз де еркіңіз!.. Келіп тұрыңыз! Сізге орын табылады…
Саидтың бар-жоғын ұмытып кеткен Севимге бұл сөз күн ашықта найзағай ойнағандай болды.
–Ә-ә-ә! Сен осында ма едің?! Бәрін естідім деші?!
–Мен бағанадан отырмын ғой, Севим-ханым…
–Жасырынып тыңдап отырмын де?! Неткен масқара!..
–Ғафу етіңіз, сіздердің әңгімелеріңіз құпия екенін білмей қалдым, әйтпесе басқа жерге барып отырар едім… Кешіріңіз, – деп күмілжіді Саид.
Оның кешіріңіз дегені кетіңізден кем естілмей, Севим мүлде тұлан тұтты:
–Жоғал!.. Жоғал, кәне!.. Құры!.. Мен саған күйеуге шықпаймын! – деп саусағындағы неке жүзігін сыпырып алып, күйеу жігіттің бетіне атып ұрды. – Ал да жоғал!..
Жүзік Саидтың көзәйнегіне сарт етіп, одан еденге ұшып түсіп, дөңгелеп кетті…
Қылмойын Севимнің жүзік лақтырғаны бір бұл емес-ті. Бұрын да екі рет сөйтіп, бірінде қалыңдықтың әке-шешесі, бірінде күйеу жігіттің апайы араларына түсіп, әрең татуластырған. Саид бірде үш мың лирге сағат алып, бірде он мыңға алқа алып, қалтасы біраз қағылған-ды.
–Бірақ… Мен… Севим-ханым, дәнеңе деген жоқпын… Ахмед-бей, сіз айтыңызшы… мен бөтен-бастақ не дедім?
Севим ышқына түсті.
– Керегі жоқ!.. Бармаймын!.. Көзіме көрінбесін!..
Жалғыз қызының жаны шыға шыңғырғанынан шошып Мехжура-ханым үкідей ұшып келді:
–Не болып қалды?
–Тойы құрысын! Маған мынадай күйеудің керегі жоқ!..
–Мен жасырынып тыңдайын деген жоқпын, – деп міңгірледі Саид. Мехжура-ханым Саидты қолтығынан алып: -Севимнің жүйкесі жұқарып жүргенін көрдіңіз ғой, міне. Тағы не боп қалғанын қайдан білейін… Өзі оңаша қалсыншы, – деп күйеу баласын есікке қарай жетеледі.
–Мақұл, ханым әпенді, – деді Саид.
Кенет Ахмед дүрсе қоя беріп:
–Әй, мақұлық, сен Севимге тіл тигіздің! – деді.
Саид тұрған орнында қалшиып қатып қалды.
–Мен не дедім сонша, әпенді?
Севим тағы да екілене жөнелді:
–Менің ісімде шаруаң болмасын, менің басқалармен сөйлескен сөзімді жасырын тыңдама, тыңшы болма деп саған ескерттім бе, жоқ па?!
Саид бұл өмірінде ешкімнің сөзін жасырын тыңдап көрмесе де, аяқ астынан астаң-кестеңін шығарған айқайдан құты қашып:
–Ескерткенсіз, Севим-ханым, – деп ері мойнына кете қалды.
–Жүзігіңді неше рет лақтырдым?
–Екі рет…
–Ақырғы жолы мен не дедім саған? – деді Севим.
–Не дедіңіз? – деді Саид.
–Мынаны көрдіңіздер ме? Өзімнен сұрайды!.. Немене, менің не дегенім есіңде жоқ па?!
–О не дегеніңіз!
Мұншама масқараға ұшырап, сөз естіп қор болғанша қарасын батырғаны жөн еді, бірақ Саид серейіп тұра берді. Сыпайылығынан соққы жесе де жетесізденіп, енді үміт толы көзін Ахмедтен Мехжура-ханымға аударды:
–Түсіндіруге рұхсат етіңіз, – деді ол, болашақ қайын енесінен төрелік тілеп, – меніңше, бұл үйде мен бөтен кісі болмасам керек, сондықтан Севим-ханымның Ахмед-беймен әңгімесі де бөтен болмас деп ұқтым. Солай емес пе, ханым әпенді? Егер бұлардың құпия сөздері барын білсем, онда Севим-ханыммен жаңа ғана тілдескен мына жерде отырар ма едім?
Бұл сөзге Ахмед те иіп кетіп, Севимге:
–Қысқарт! – деп ақырып қалды. – Сен тіпті шектен шығып…
Севим жым болды.
–Рахмет, әпенді, мен бұлай болар демеп едім… – деді Саид, қуана сөйлеп.
–Бұл осындайды ғана түсінеді, – деп сыбырлады қалыңдық Ахмедке. – Бұған неғұрлым көп айқайласаң, соғұрлым жабыса түседі.
–Әй, Саид, сен де кінәлісің, – деді Ахмед ақылшының дауысымен. – Біздің қыздың жүйкесі жұқа екенін көрдің ғой. Демек, оның сөздерін жасырынып тыңдаудың жөні жоқ. Игі жақсылардың тұқымы өйтпес болар!.. – деп Саидты иығынан құшақтап, шетірек әкетті. – Бауырым, сен ақылыңнан адасыпсың. Екіқабат қызға сөйте ме екен?.. Бар, кешірім сұра… Екеуміздің келісіміміз есіңде ме? Екіқабат болса, тастап кетпеймін деп сен маған уәде бергенсің.
Саид қызарып кетті.
–Жарайды, жақсы. Енді татуласыңдар, – деп қыздың жанашыр жақын туысы күйеу жігітті қалыңдығына қарай икемдеді. – Севим, көрдің бе, міне, қатты ұялып тұр. Сенен кешірім сұрайды.
Саид Ахмедтің тілін алуға әзір болғанмен Севим:
–Керегі жоқ!.. Сандалмай кетсін анау сарайына!.. Көзіме көрінбесін! – деп бетбақтырар емес.
Құты қашқан күйеу жігіт: «Жақсы, кетейін!» деп күбірлеп, есікке қарай аяңдады. Есік жұтып алардай боп ашыла қалды да, соңынан жабылған кезде терезелердің әйнектерін шалдыр еткізіп қатты жабылды.
Саид есікке сыртынан мөлиіп қарады. «Қайта кірейін, кінәмнің жоқтығын айтайын. Есіктің қатты жабылғаны – құрып қалғыр өткін желдің кесірі ғой», деп ойлады ол. Бірақ өз қолына өзі ие бола алмады, есіктің қоңырау түймесін басуға қолы көтерілмеді. Сонсоң сырт бұрылып, басқышпен ақырын түсе бастады.
Үйіне қалай жеткені, төсегіне қалай барғаны, қалай жатқаны Саидтың есінде жоқ… Ол жатты да жылады. Көрген жәбірі көкірегіне симай кеткен. Есе қайтарғысы, өш алғысы келді. Бірақ қолынан келмейді, икем жоқ, күш те, айла да жоқ бір байғұс… Бар сүйенері – қисыны жоқ қиялы. «Шіркін-ай, аяқ астынан атақты футболшы бола қалсамшы!» деп армандады. Сонда ол бәлемдерге көресісін көрсетер еді!
Әне, Саид футбол алаңына айқасқа шықты. Қарсыластарының біреуін, екеуін, үшеуін алдап өтіп, допты зырқырата тепті, доп қақпаға сүңгіп кетті! Бүкіл команда Саидты құшақтап сүйе бастады. Стадион толы жұрт: «Жаса, Саид, жаса!» деп ұрандап тұр.
Қиял құшқан жігітің телефонның безілдеп жатқанын әрең естіді. Саидпен жолығуды көксеген Дүндар Мылжың-бей екен.
–Ә, иә, иә, келіңіз, әпенді. Тосамын… Қашан келсеңіз де, қол қусырып қарсы аламын…
Саид бөлмесіне қайтып оралды да, көңілін орнықтыру үшін математикалық есептерімен шұғылдануға кірісті…
Жарқылдың есігі күйеу жігіттің соңынан қатты жабылғаннан кейін қалыңдық пен шешесі шоқ керек деп іштерін бір босататын сияқтанды. Ахмед темекісін тұтатып, Севимге сұстана қарап, мысқыл үнмен:
–Иә, мұратыңа жеттің бе? – деді.
Оның сөзі отқа май құйғандай болды.
–Е, мен не істедім сонша? – деді Севим арс етіп, – шешем әкеме екі күннің бірінде: «Қайда кетсең онда кет, сұмырай! Сенімен енді қатар жүргім де келмейді!» дейді. Ал әкем ше? Ол жаны шығып кете жаздап, шешемнің аяғына жығылып: «Айналайын жаным, кешіре көрші, қумашы мені!..» деп жалынады. «Ештеңе бүлініп қалған жоқ қой» деп ойлады ол. Сонсоң: – оқасы жоқ, иттей боп өзі-ақ қайтып келеді, мен білем! – деді шегелей сөйлеп.
–Қызым, сен бүлдірдің! Өйтуге болмайды! – деп Мехжура-ханым, есікке қарай аяңдады. Өзі мен өзі сөйлескендей болып, – ондай сөзді қашан айту керегін білсең еді… Әй, жастар-ай… – деді күбірлеп.
–Енді бір апта бойы мыжыңдайды, – деді Севим шешесінің соңынан тыжырынып.
Ахмедтің Саидқа әрі жаны ашып, әрі оған ашуланып та отырған.
–Севим, сен бар ғой, шектен шығып кеттің, – деді ол ызғарланып.
–Ол жарыместің есікті бір қойып кетіп қалатыын кім білген?! Қайтып келеді, ешқайда кетпейді… Ондайларды сөйтіп үйретіп қою керек. Қуып шыққаным бірінші рет деймісің?.. Келіп аяғыма жығылады әлі… Саид та – бір, менің әкем де – бір. Екеуі де ынжық…
–Шіркін, басқа біреуге тап болсаң, көзіңе көк шыбын үймелетер еді, – деді Ахмед. – Неге жындана бересің? Басын басып кетсең де қыңқ етпейтін жігіт… Жап-жақсы күйеу болады… Ал сен… Саған не керек өзі? Дені дұрыс жігіт қалыңдығына үйленбей жатып, ойбай, әміріңе құлдық, деуші ме еді?
Севим Ахмедтің дұрыс айтып тұрғанын түсінді, бірақ ыбылжыған біреуге қосақталып өтуге бола ма? Дегенмен… Дегенмен одан айрылғысы да келмеді…

САИД, АМЕРИКА, РЕФИК
Сол түні Саид бір ғажап түс көрді. Ол ең атақты футболшы екен дейді… Оянған соң да сол сенім әсерінен арыла алмай, таңертең үйінен шықты да, қала көшелерін кезіп кете барды. Түсі жалғаса түскендей күйде. Отандық футболдың маңдайдағы жұлдызы – Саид қақпа біткенді қақырата гол салып жүр. Әр ойыннан кейін Севим мойнына асыла кетіп, айызы қана сүйеді-ай. Саид елдің ұлттық құрама командасында ойнап, әлемнің ең мықты командаларына дізе бүктіріп, өз командасын жеңістен жеңіске жеткізіп жүр. Оның даңқы Тасдуал Ахмедтің, Осман Қарабұрыштың даңқынан да асып кеткен. Ақырында құрама команданың капитаны болды, Европаның командаларында да ойнады, небір ғаламат фотосуреттері гәзет-журналдардың бетінен түспейтін болды.
Ұшқыр қиял Саидты жетелеп әкете берді, әкете берді. Ол өзімен өзі сөйлесіп, дауласып, қолын сермеп, қиялындағы допты теуіп қалып, мәз бола күліп, жеңімпаздың кейпімен кеудесін керіп келеді. Қарсы жолыққандар жындыдан тайқығандай орағытып өтеді, балалар ербеңдеп, қиқаңдап мазақтайды, үлкендер оған мүсіркей қарап қалады. Ал Саид ештеңені елемей, көшені де, көкті де, паркті де, арықты да аттап-басып өтіп, халқы қайшыласқан кең даңғылға шықты.
Көпшіліктің қауырт сабылған кезі болатын. Жаяулар мен аутомобильдер қисапсыз.
Бір көшелердің қиылысында көгілдір мәшине көрінді. Рульде отырған жігіт Саидты байқап қалды да, жанындағы әйеліне:
–Анау ұзынтұраны көрдің бе, ол – менің лицей жолдасым, – деді.
–Қайсысы?
–Ақүрпекті айтам… Қолын сермеп, өзі мен өзі сөйлесіп келе жатыр ма, немене, жынданғаннан сау ма өзі?.. Саид! Саид-бей! – деп, жігіт мәшинеден басын шығара айқай салды.
Саид оның айқайы тұрғай зеңбіректің залпын да естімес еді, себебі дәл сол сәтте ол қорғаушыны алдап өтіп, қақпашыны қапы қалдырып гол соққан, мың сан жанкүйердің көз алдында допты торға топ еткізген. Мойнына асылған Севим-ханымның ерінін сорғылап сүйе бастаған…
Көгілдір аутомобильдің иесі Рефик болатын. Америкада біраз оқып, тәжірибе жинақтап, жақында ғана қайтып оралған психиатр-дәрігер. Саид екеуі бала жастан дос, екеуі бір лицейде оқыды. Тек Саид лицейге оқуға түскенде Рефик соңғы класқа көшкен-ді.
Саидтың мүшкіл халін көрген Рефиктің көңілі бұзылды. Ол әйеліне Жиреншілер семьясы туралы айта бастады. Саидқа сабақ беруге жалданған-ды, ол математикадан басқа сабақтардың бәрінен үлгермейді екен. Саидты құдды туған ұлындай жақсы көретін Беррин-ханым деген апайы бар еді. Рефиктің әке-шешесі бай емес-ті. Ал Жиреншілер отбасы Рефикке жалақыны жақсы төледі, институтқа түскенінде де көмектесіп тұрды. Саид екеуінің ұзақ жылғы достықтарын әскерде болуы және Америкада тәжірибе жинақтауда болуы ғана уақытша үзді.
Рефик өзін Саидтың алдында да, барша Жиреншілердің алдында да кінәлімін деп білді. Америкадан оралғалы ол сый-сияпатты отбасына тым болмаса барып сәлем де бермепті. «Ештен кеш жақсы» деп, үйіне келе Жиреншілерге телефон соқты.
Телефон трубкасын Анжела бике алды. Рефик өзінің кім екенін айтып еді, кәрі байғұс оны есіне түсіре алмай біраз әуреленді. Есіне түсіргенде қуанып кетіп, бәйбішені шақырайыншы деп тұра жүгірді.
–Беррин-ханым әпенді, сәлеметсіз бе? Сіздің үйіңізге кіріп-шықсам деп едім. Рұхсат етсеңіз, қазір-ақ барамын.
Рефик Саидты көшеде көргенін айтқан жоқ.
Жиреншілердің құшақ жайып қарсы алатындарына кәміл сенген Рефик кідірмеуді жөн көріп, әйелі екеуі үйден шықты. Беррин-ханым Саидтың досын көріп мәре-сәре болды, ал Рефиктің медицина институтын бітіргенін, Америкада тәжірибе жинақтап, доктор атанып келгенін естігенде төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Ол Рефиктің үлкен кісі болатынына, Саидтай досын ебеп-жебеп жүретініне сенген. Әлі де шексіз сенеді. Сондықтан Саидтың хикаясын жырлай жөнелді. Немере бауырының хал-күйін, ғашықтық жайын, құдалықтарын, қалыңдығы бар болғырдың некесі қиылмай жатып шермиіп қалғанын, Саидтың соңғы кезде беталды сөйлеп кететін болғанын, әлемге әйгілі футболшы боламын деп жұлынып жүргенін, қалыңдықтың сол футбол мен футболшыларға құмарлықтан екіқабат боп қалғанын, махаббаты жеңген Саидтың болашақ әйеліне қайтсем жағам деп жанталасып жүргенін тәптіштей айтып берді.
–Саидтың өзі қайда? – деді доктор Рефик.
–Таңертең кеткеннен әлі жоқ, – деді кәрі апайы. – Қайдан іздеуді де білмейміз… Айналайын ұлым, сен сөйлесші онымен. Ол сенің тіліңді алады… Сен енді үлкен оқымыстысың.
Рефик тағы да келетінін айтып, қоштасуға айналып еді, Беррин-ханым тамақ ішіп кетулерін өтініп:
–Мүмкін Саид та келіп қалар, – деді.
Меймандар үстел басына отырар-отырмаста дәлізде аяқ дыбысы естіліп, Саид кіріп келді.
Рефикті көргенде Саидтың екі езуі екі құлағына жетті…
Тамақ ішіп болған соң ерлер оңашаланып, кітапханаға барып кірді. Саид басынан кешіргендерін жолдасына айтып бергенше асықты. Доктор оны жалықпай тыңдап отырып, Саидтың дертке шалдыққанын ұқты. Қайтсем де футболшы боламын дегеніне қарсы шықпады, қайта құптап басын изеді:
–Ол қиын шаруа емес, тек алдымен шынығуың керек. Шынығып болған соң спортпен шұғылдан, одан кейін футболшы болып та кетесің.
Саид қуанғаннан:
–Шын айтасың ба? – деп секіріп-секіріп кетті.
–Шын емей… Маған тіпті ертеңнен бастап келші өзің…
Жоқ, ертең бара алмайды. Дүндар Мылжың-беймен және Эрол Арқан-беймен кеңесетін келелі мәселелері бар. Одан арғы күні барады.
–Сөйтіп, Рефик, сен психиатор болып шықтың, ә? Маған көмектесесің ғой?..
Ал өзі досының айтқанын бұлжытпай орындауға уәде берді.

«ТАСДУАЛ»
…Төреші бұрыштан доп соғуды белгіледі. Оң жақ шабуылшы Саид Жиренші доптың келіп жетуін тосып тұр. Доп келіп-ақ қалды, қақпашы мүлт кетті, ал Саид опыр-топыр ойыншылардың арасынан атыла секіріп, допты оң жақ бұрышқа тура соқты. Гол! Севим келіп мойнына асыла кетті…
Беррин-ханым апай Саидқа шошына қарады. Ол отырған орындығынан ұшып тұрып ауаны басымен сүзіп қалды. «О, алла! Бұған не болды?!» деп апайы іштей қатты сескенді.
Таңертеңгі тамақтарын ішіп отырған. Саид минөт сайын ұшып тұрады, қолын ербеңдетеді, басын бұлғақтады, аяғын сереңдетеді. Беррин-ханым тұрып, ас үйге қарай беттеді де, есік көзінде бұрылып немере бауырына қарады: «Саидым шынымен жынданып кетті ме? Бүгін оның Рефикке баратын күні, тәңірім, өзің сәтін салып, сырқатынан жаза гөр!..» – деді ішінен.
…Төреші айып доп соғуды белгіледі. Қақпадан жиырма бес метрдей жер. Стадион тына қалды. Саид допқа ұмтылды. Зеңбіректен атылғандай болған доп тосқауылда тұрғандарды тарыша шашып, қақпаға бір-ақ кірді. Қақпашы көріп те үлгіре алмады. Стадион қақ жарылғандай жаңғырығып кетті. Севим еңіреп жіберді…
Апай қайта келіп орнына отырып, шай құя беріп еді, кенет үстел билеп, ыдыс-аяқтар ұшып-ұшып түсті.
Саид:
–Го-о-ол! – деп айқайға басып, үстелді теуіп кеп жібермесін бе!
–Саид, саған не болды?! – деді апайы кейіп.
–Ештеңе болған жоқ. Доп қақпаның тура маңдайшасына тиді! – деді Саид апайына аңыра қарап.
Тамақ ішіп болған Саид өз бөлмесіне кіріп кеткен кезде Беррин-ханым дереу Рефикке телефон соқты:
–Ұлым-ау, біздің Саид құрыды ғой! – деді ол. – Ауаны біресе басымен ұрады, біресе қолымен пергілейді, жаңа ғана үстелді тепкіледі. Бүйте берсе мертігеді бір күні… Не істейміз? Не қылсаң о қыл, емдеп жазшы, айналайын! Тіпті адамша сөйлесуді қойды. «Го-ол!» деп айқайлайды да жүреді. Жын қаққаннан сау емес!..
Рефик Беррин-ханым әпендіні жұбатты. Саидты келісімен қолға алып, емдей бастаймын деді.
Саидтың түскі тамағын кабинетіне алып барған Анжела бике есікті қаққанда арғы жағынан «го-ол!» деген айқай естілді. Е, кіріңіз дегені ғой деп есікті ашқан әйел өз көзіне өзі сенбей қалды. Қалың киімін шілдеде де шешіп көрмеген Саид кабинетінің қақ ортасында барқыт жастықты тепкілеп дамбалшаң тұр. Быт-шыты шыққан екі жастық еденде жатыр. Жер-көктің бәрі бұрқыраған мамық. Саидтың сиқынан шошыған Анжела бике ләм деместен тамақты жозыға қойып, есікті ақырын жапты да, тұра жөнелді. Сол асыққан күйі Беррин-ханымға барып:
– Ой, ханым әпенді-ай, біздің Саидтың не болғанын көғсеңіз ғой, білсеңіз ғой! – деді.
Оның желпілдетіп жіберетінін білетін ханым Саидтың да оны-мұнысына таңдануды қойған.
Анжеланы ас үйге жұмсады да, өзі немере бауырына қарай аяңдады. Бауырымды бақылап жүргенімді басқалар сезбей-ақ қойсыншы деп сақтана басып барады.
Есіктің кілт сұғарынан қарап еді, Саид диванда ентіге дем алып жатыр, бетін жастықпен жауып алған, аяғы дір-дір етеді, өзі анда-санда «го-о-ол!» деп айқайлап қояды да, мәз боп күледі.
Беррин-ханым қатты қапаланды. Стамбұл ақсүйектерінің дәстүрінде жақынының жаманшылығын жұртқа жаятын әдет жоқ, көргеніңді, көкірегіңді жарып кетсе де, ішіңде сақтауға тиіссің…
Түстеніп болған Саид кабинетінен жадырап, сап-сау боп шықты.
–Апатай, бүгінгі гәзеттер қайда? – деді.
Анжела бике поштасын әкеп берді. Қамқоршы апайы тамақ ішкен-ішпегенін сұрады.
–Әрине, іштім, – деді Саид.
Ол поштаны алып, жайланып отырып, сауатты көпшілікше газетті ең соңғы бетінен бастап оқуға кірісті. Соңғы бет толы спорт хабарлары болатын. Ол Эрол Арқан-бейдің аты-жөні көзіне шалынған сәтте шетелде жүріп жақынын ұшыратқандай қуанып кетті. Эролдің мақаласы «Шаң шұбалтқан» Европаның чемпионы бола ала ма?» деп аталыпты.
Спорт шолушысы «ШаШ» чемпион бола алады, егер… депті де, сол егердің есебіне жете алмапты.
«Біздің «ШаШ» Европаның чемпионы бола алады деген үмітіміз үзілмей-ақ келеді, – деп жазыпты Эрол. – Чемпиондықтан бірден-бір үміткер немістердің командасынан 0:4 есебімен сілейіп жеңілгеніміз бізге естен кетпестей сабақ болды. Жеребе тартуда жолы болмағанына қарамастан біздің «ШаШ» европалық бәсекеде бәйге алуы әбден мүмкін. Үшінші топқа ілігіп, чемпиондық тәж додасына басқа командалармен қатар қатысып жүрген «Қатс» («Қатын-спорт») клубының командасымен кешегі ойында тең түскеніміз белгілі. Сол тең ойын – «ШаШ»-тың чемпион атануға хұқы бар екендігінің бірден-бір дәлелі. Егер «ШаШ-ты» 4:0 есебімен әрең жеңген немістер венгрлерден жеңіліп қалса, – деп Арқан-бей есебін еселей түсіпті, – біздің «ШаШ» Монако командасын ойсырата ұтса, ал монаколыктар итальяндықтарды талқандаса, сонсоң итальяндықтарды албандықтар да жүндеп алса, гректер ағылшындар мен француздарға дізе бүктірсе, сонда бәрінің ұпайы теңеседі де, «Шаң шұбалтқан» немістермен қайта кездесуге құқ алады. Біздің «ШаШ» екінші ойында және шет алаңда өтетін үшінші ойында немістерді жеңіп кетсе, ширек финалға шашаусыз шығатын болады. Одан кейін ширек финалдағы басқа командалардың бәрін сыпыра ұтса (өмірде не болмайды), жартылай финалға жолы ашық дей бер. Сонсоң келесі ойынды өз алаңында өткізе алуы үшін қазіргі чемпион ағылшындарды қалайда жеңуге тиіс. Одан ары қарай алла-тағаланың жебеуімен, жанкүйерлердің қолдауымен, жеміс шырындарының шипасымен, Тасдуал Ахмедтің кәдімгі көмегімен финалға да шығамыз. Ал ақтық айқаста егер біздің футболшылардың рухы аспандап тұрса, егер айқас алдындағы түнді бәрі де тыныш өткізсе, егер ойын барысында қарсыластарымыз нашар ойнап, біз жақсы ойнасақ, егер күн қарсы алдымыздан шақырайып тұрмаса, ал жел ту сыртымыздан болса, егер төреші бәсекелестерімізге болысып кетпесе, егер біздің қақпашы допты қырғиша қағып түссе, қарсыластарымыздың қақпашысы қапы қала берсе, егер біздің шабуылшылар допты іліп әкете алса және ана жақтың қақпасына апарып сала алса, сонда ғана біз «ШаШ»-тың» Европа чемпионы болар күні алыс емес дей аламыз…».
Ғажап мақала! Саид автордың білімдарлығына, болжампаздығына, қым-қуыт оқиғалардың жай-жапсарына қанықтығына қайран қалды. Ал оқырмандар автордың әлденені айтпай әдейі іріккенін, немесе қылшықтаймын деп отырып былшықтап алғанын еркін түсінбей, әркім өзінше тон пішті.
Саид мақаланы бес қайтара оқып шықса да, Арқан-бейдің не айтпағынан хабар-ошар ала алмады. Өзі спорттан мүлде бейхабар болса да, Эрол Арқан-бейге құлай табынып қалды, оның мақаласы математикалық ең күрделі есептерден де қиын боп көрінді оған. Иә, «ШаШ-тың» чемпион болуы қисапсыз «егермен» шешілетіндіктен, оның европалық мәреге жетуі «Спорт-лотоның» алты цифрын дәл тапқаннан гөрі неғайбыл дүние еді.
Күндіз бір жігіт келіп, Жиреншілердің есігін қақты.
–Саид-бей үйде ме екен? Екеуіміз кездеспек болып едік. Мен Эрол Арқанмын, – деді.
Анжела бике оны үйге енгізіп, Саидқа барып баян етті. Саид қымбатты мейманын аса ыстық ықыласпен қарсы алып:
–Мен бүгін сіздің мақалаңызды оқыдым, – деді, – көзім де, көкірегім де ашылып қалды. Пайымдауларыңыздың парасаттылығына еріксіз таңқалдым.
–Ой, шал-ау, ол менің қалжыңым ғой. «Шаң шұбалтқанды» тәубасына бір түсіріп, әлемдік футбол оның не теңі екенін келекелегім келді.
«Солай ма? Мен тақырға отырып қалған екенмін-ау?» деп іштей мысы құрыса да, Саид сыр бермеуге тырысты:
–Иә, иә, дұрыс. Ғажап өткір жазылған. Айызым қанды. Күлкінің астында қалдым.
–Біздің «ШаШ» қалай чемпион болмақшы? Өз алаңында өткізген алғашқы ойында-ақ европалық тәж үшін таластан сопиып шығып қалар… Себебі, шал… – деп Арқан-бей себепті суша сапырып жөнелді де, бір кезде: – ТүуҺ, ұмытып кетіппін ғой! Біз мұнда Дүндар Мылжың-бей екеуіміз келмекші едік, бірақ ол маған телефон соғып, бір себеппен біраз кешігіңкіреп келетінін ескертті…
Ол себебі мынау болатын. Мылжың-бей таңертең Жаркылдарға телефон соғып, Севимге бүгін Саидпен кездесетінін айтқан. Шылқыған бай Жиреншіні «ШаШ-тың» құрметті мүшесі етіп алсам деген ой өмешегін үзіп, Севимді күйеу жігітіне қалайда ертіп апаруды көздеген.
–Дүндар-бей, телефон соққаныңыз мұндай жақсы болар ма, маған өте керек едіңіз, – деп Севим ұшып-қонды. – Ахмед те, міне, осында. Ол іс сіздің ғана қолыңыздан келеді. Саидқа бармас бұрын бізге кіріп шығыңызшы. Сізге бір жәйтті айтуым керек, айтпай болмайды…
«ШаШ-тың» бас төрағасының кешігу себебі солайша.
Мылжың-бей телефон соқпастан бұрын Севим Ахмедке жалынып, күйеу жігітімен табыстыруды сұрап отырған. Сонау кеште шектен шығып кеткеніне өкініп жүрген-ді… Ал Саид хабар-ошарсыз кетті. Енді екеуін Ахмед қана табыстыра алуы мүмкін. Саидқа бар кінә сенде, әйтсе де қалыңдығың бәрін кешіруге әзір деп бопсалап қойса болды. Кейін үйленген соң өкпелемек тұрғай өліп кетсе де еркі, тек тезірек үйленсе екен…
Ахмед Севимді кінәлап жүр. Саидқа жаны ашиды, бірақ екеуінің арасында сарапшы болғысы жоқ. Сәтін салғанда Дүндар Мылжың-бей сап ете түсті-ау! Ал ол некесі түскірден бұрын Саидтың қалтасын ойлап қайғырды. «ШаШ» қаншама кірістен қағылады десеңші!..
–Бір қисынын келтірерміз, – деді Дүндар Мылжың-бей сәл-пәл ойланып. – Ертең Хасип-бей түсте ме, кешке ме қонақасы берсін. Әке-шешең, өзің, Ахмед бәріміз келеміз… Арқанды шақырамыз… Ол дәл қазір Саидтың үйінде отыр… Ал сенің күйеу жігітіңді мен арқаласам да алып келермін. Сонсоң бірдеңесі болар…
Мылжың-бей Жарқылдардың үйіне жеткенше Эрол Арқан-бей өзінің спорт шолушысы болған себебін Саидқа септіртіп айтып үлгірді.
–Спорт шолушысы дегеніміз, шал, – деді ол, – оның өзі – не жолы болмаған спортшы, немесе спортқа бейімі жоқ бірдеңе. Сонда олар жұртқа не айта алады дейсің бе? Өздері білмейтін, қолдарынан келмейтін шаруаны балдыр-батпақтата береді… Бізде солай ғой, шал!.. Қарттардың жігітшілік туралы хикаяларын тыңдап көрші, — аузыңды ашып қаласың. Неге? Өйткені қолдарынан келмегенді тілмен тындырады… Оның несіне қиналсын. Біздің шолушылар да солар сияқты.
Саид байғұс бір сәт мұңайып, әлде мен де спорт шолушысы болып қалар ма екенмін деп ойлады. Жоқ! Өлсе де футболшы болады!
–Менің әкем марқұм кітапты жақсы көруші еді, – деді Эрол сөзін сабақтай түсіп. – Ол бар-жоғы бір-ақ рет үйленіп қор болды. Құранды қолынан тастамайтын. Пайғамбардың бүкіл тірлігін бес саусағындай білетін. «Христиан дінімен салыстырғанда исләмнің ерекше құдіреті жоқ деседі», – дейтін ол. Неге жоқ болсын, біз бір әйелге ие бола алмай жүрміз, ал біздің ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед төрт әйелдің көңілін көншіткенде, тіпті терлемейді де екен! Жарайды, шал, мәселе онда емес. Сол топырағы торқа болғыр әкем маған ештеңе оқымайсың деп ұрсушы еді. «Есек миын жегесің, адам болмайсың!» дейтін. Әкем жарықтық алдағыны болжап айтатын әулие еді. Иә, мен лицейді бітіре алмадым. Мұғалімдердің әділетсіздіктеріне ерегесіп бітірмей кеттім. Сөйтіп, өз төтемнен өмір сүруді ерте бастадым. Бірақ ештеңені мандыта алмадым. Ол жағы, шал, өзіңе де белгілі жәйт қой. Ал енді сен мынаны қара: Американың қазірде өзіміз білетін ұлы жазушыларының бәрі де мен сияқты алып-ұшпа болған көрінеді. Істі бастауларынан тастаулары тез болып, ақырында амалдары құрып, жазуға кірісіп кетіпті. Соны білген соң, шал, мен де солай қарай ойыстым. Бірақ менің не жазғанымды танып оқу қиын, сауатым да шамалы, түрік тіліне жетік те емеспін. Сөйтіп, менен жазушы шыға қоймады да, спорт шолушысы болып кеттім. Әуелде бір кедей гәзетте болдым. Әне-міне жабылады деп жүр екен. Сол жылы олимпиада ойындары өткізілмекші еді. Басқа гәзеттер оған меншікті тілшілерін қос-қостап жіберіп жатқанда, біздің гәзет қыл аяғы бір тілші жібере алмай жерге қарап қалды. Сонсоң мен бір қулық жасадым. Мұрағаттағы фотосуреттерді ақтарып-ақтарып, ұшақ трапында қоштасып қатар тұрған ер мен әйелдің суретін тауып алдым да, ердің бас суретінің орнына өзімнің бас суретімді жапсырып, келесі газетке қыстырып кеп жібердім. Суреттің түсінік сөзін, «Қаржыдан қағылып қалғанына қарамастан біздің гәзет олимпиадаға өзінің меншікті тілшісін жіберіп отыр. Эрол Арқан Ешілкей аэропортынан ұшар алдында», – деп жаздым. Бірақ, шал, мені қара басыпты. Суретте менің ту сыртымда Нью-Йорктың зәулім үйлері самсап тұрғанын байқамаппын. Жағрапиядан дым білмейтін қу жалғыз мен емеспін ғой, көпшілік оны аңғармай да қалып еді, тек Американың баспасөз орталығынан біреулер телефон соғып, «Мерилин Монро Стамбұлға қашан келді?» деп сұрақ жаудырмасы бар ма! Суреттегі әйелдің кім екенін, шал, енді білген шығарсың. Американдардан өліп-талып әрең құтылдым. Сонсоң, шал, олимпиадалық ойындардан репортаж жазуға кірістім. Әрине, қай гәзеттен көшірсем де, қате жібермеуге тырыстым. Оған қарамастан біздің гәзет бәрібір жабылып қалды, алайда мен спорт шолушысы ретінде ауызға ілініп үлгірдім де, ықпалдырақ басқа бір гәзет мені жұмысқа алды.
Эрол Арқан-бей спорт жайындағы жаңылтпашын тәмәмдаған соң Дүндар Мылжың-бейді ауызға алып, оған былай деп мінездеме берді:
–Дүндарды өзің білесің… Ол дегенің, шал, екі дүниеден іздесең де табылмайтын басшы. Саясатты іштен оқып туған. Біздің елде футбол әбден
кері кетпегенде, біздің ол Мылжың-бей біраз жерге баратын-ақ еді. Егер ол Англияда, Бразилияда немесе Испанияда тұрса, баяғыда мырза-төре болып кететін еді. «Шаң шұбалтқанға» бар-жоқ жан-тәнімен берілген адам сол. Әрине, клубтың қожайыны болған соң қисынын келтіріп ақшаны да қылғытып бақты. «Түйені түгімен жұтатын» албасты емес пе. Көздегенінен көз жазбайды. «ШаШ» жеңіліп қалған кездерде, оның қырық сылтау тауып қасарып қалатыны, біресе төрешіні айыптап, біресе доптың дұрыс тебілмегенін дәлелдеп, әйтеуір, командаға ұпайды қайтарып, жеңіске жеткізіп қоятыны болады. Мылжың дегенің – қасқыр ғой, қасқыр. Ойыншы қат жылдарда, жас шағында, ол осы «ШаШ-та» орталық қорғаушы болды. Онысын осы уақытқа дейін тамсанып отырып айтады. Шынында оның аты түрік футболының тарихына алтын әріппен жазарлық. Ал, шал, иә, айтпақшы, сен білмейсің ғой, ол тұста біздің футболшылар балағы дізеден түскен дамбал киіп ойнайтын. Мылжың-бей қоярда қоймай жүріп сол балақты жеті жарым сантиметр қысқартқызды. Дене шынықтыру басқармасының бас директорына тура барыпты да: «Әпендім, футболшылар құлшына шабуылға ұмтылғанда көресіні ұзын балақ дамбалдан көріп жүр. Бір күні көйлегінің етегіне шалынған әйелше құлап, дамбалы сыпырылып қалуы мүмкін, сонда, немене, жарқыратып жалаңаш ойнай беруі керек пе?» депті. Бұл Мылжың-бей — біздің спорттың ар-ұятына арашашы болған ұлы күрескер!..
Сөйтіп, Эрол Арқан-бей аузына келгенді ақтара берді, ақтара берді. «Біз өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етуге шетімізден шеберміз!» дегенді ұқтырып, Саидқа көз қысып та қояды. Бірақ Саид оның әр сөзін алтынға балап, аңырып тыңдайды.
–Ей, шал-ай, біздің «ШаШ-ты» басқармаған кім қалды десеңші. Ал ие боп қалған бірегейіміз осы Дүндар Мылжың-бей. Егер ол президент немесе вице-президент болғысы келсе, жолын баяғыда-ақ табар еді, бірақ өз мүддесін артық санап, тасада жүр. Ол билеуші партияның қай мықтысын президент етем десе етеді, өйткені Дүндар қолдаған кандидаттар сайлауда оп-оңай жеңіп шығады. Ол сайлаушыларға арнаған сөзін: «Біздің «ШаШ» – ең жақсы команда! Неліктен жақсы? Себебі…» – деп бастайды да, аттыға жол, ауыздыға сөз бермей сарнап кетеді. Оның сөзін ақырына дейін тыңдағандар ақыл-естен айырылады да, қарақшыға дауыс бер десең де береді. Пай-пай, біздің Дүндар Мылжың-бей ғаламат сөзшең ғой! Сөйлей де біледі, өзінің бас пайдасын көздей де біледі. Басқалар президент бола берсін, ал оған клубтың кассасын бер.
Эролдың «Шаң шұбалтқан» туралы хикаясы ұзарған сайын Саидтың жаны кіре түсті. Өмірінде ешқашан футбол ойынын көрмесе де, ол «ШаШ-тың» жанкүйері болып шықты. Енді бұл клубқа жүрегіңді суырып бер десе де дайын. Оның жомарттығына лицейдегі кезінде-ақ жолдастары жаппай тәнті болған-ды, ал сол жомарттығының арқасында «ШаШ-тың» бетін бері қаратып алуға болмас па! Тәуекел деп тас жұтып көру керек.
–Шынымды айтсам, – деді оның бұл ойын окып отырғандай болған Эрол, – мәселе ақшаға тірелгенде «ШаШ-тың» Дүндарға қарыз екенін, әлде Дүндардың «ІПаШ-қа» қарыз екенін айырып алу қиын. Алайда Мылжың-бейдің сан соққанын көрген жоқпыз. Ол баспасөзбен ауыз жаласып алған. Егер клубтың кезекті президентін омақастырғысы келе қалса, гәзеттің біріне: «Пәленшекең жүз мың лираны қайда жытырып жіберді?» деген сұрақты жылт еткізеді. Аласапыран дау басталады да кетеді. Спорт қайраткерлері мен бүкіл баспасез аттан салып, клуб шығынын тексеруге арнаулы комиссия құруды талап етіп: Команда шетелге сапарға шыққанда оған клуб басшылығынан елу бір кісі неге ере жөнеледі, жүз мың лираны кім кұртты? – дейді. Ел шетіне жау тигендей боламыз… Ал әлгі ақша жылы орнында жатады, оған о баста-ақ ешкім тиіспеген болатын… Бәрі Дүндардың есебі. Дау-дамайдың ақырында клубтың құрметті президенті масқара боп омақасады да, оның орнын Дүндардың адал серігі басады…
Саид спорт шолушысының ағыл-тегіл әңгімесін тыңдап отырып, оның өзімен сырлас Дүндардың ішек-қарнын ақтарғанына таңқалды. Әрине, «ШаШ-тың» бас төрағасының қулық-сұмдығында Саидтың шаруасы жоқ, оның ойы басқада.
–Арқан-бей, – деді Саид шолушының сөзін бөліп, – Мылжың-бей бір сөзінде Ахмедтің атағын сіз шығарды деп еді, соныңызды айтып берсеңіз қайтеді?
–Пәлі, шал, – деді Эрол жорта ыңғайсызданып, – жалғыз сол ғана ма?.. Талай Ахмедті адам еттік қой… Қазір Түркияда Тасдуал Ахмедті білмейтін тірі жан жоқ.
–Рас, рас! Тіпті менің апайым мен Анжела бике де біледі. Олардың екеуі де… – Саид «мына мен сияқты» деп қала жаздап, тілін тістеп үлгірді, – стадионның қай жерде екенін білмесе де, Ахмедті біледі. Апайыма оны қайдан білесің десем: «Ей, ұлым-ай, Ахмедті кім білмеуші еді? Гәзеттердің кешке дейін жазатындары сол. Одан басқа оқитын дәнеңе болмаса, қайтесің. Бірінші беттеріне басатын сурет те сол Ахмед пен премьер-министрдің ғана суреттері» дейді.
–Өзімді-өзім мақтағаным ыңғайсыздау, шал, алайда, – деді Эрол, – спорт әлемінде жарқырап жұлдыз боп жүргендердің даңқын шығарған мына бізбіз!..
Саидтың көкірегінде үміт оты жылт етті. Арқан-бей оның да атағын бүкіл елге паш етпей ме?! Эрол бар, Мылжың-бей бар, сонсоң Рефик бар – бәрі қау-қаулап жіберсе, футболшы болып шыға келуі оп-оңай. Ол Рефикке нық сенеді! Басқалар: «Футбол сенің не теңің?!» дегенде жалғыз Рефик қана сеніммен: «Болғың келсе, боласың!» демеді ме?!
Эрол енді Ахмедтің қалайша Тасдуал атанғанын әңгімелеп жөнелді:
–Күндердің бір күнінде Дүндар Мылжың-бей өз командасына ойыншы іздеп, ел аралап кетті. Тасдуал Ахмед ол кезде жай ғана Ахмед болатын, бір түкпірде үшінші топтағы командада ойнайтын. «ШаШ-тың» басшысына оның төзімділігі, тоңмойындылығы, тегеуірінді тебісі ұнап қалыпты… Бірақ «Шаң шұбалтқан» командасында ойыншылар түгенделіп үлгірген екен де, Ахмедті ала қоюға орын болмапты. Сонсоң Мылжың-бей оны әуелі екінші топқа алдыртып, бір-екі жылдан соң бірінші топқа жылжыттырыпты. Ахмед те дүлей футболшы болып үлгіріпті. Мылжың-бейдің айы оңынан туып: «Бұл жігіт әлі-ақ керемет болады деген жоқ па едім?!» дей бастапты. Обалы кәні, Дүндар ауызға алған ойыншы «ШаШ-қа» келмей қоймайды. Тек Ахмед аздап кідірді. Клубы оны жібермеуге тырысты. Мылжың-бей жүз мың лира ұсынса да клуб келіспей қойды. Амалы құрыған Мылжың-бей маған жүгіріп келіп: «Арқан, сен аузы уәлі шолушысың ғой, біздің «ШаШ-тың» ең жақын жанашырысың да. Достығымыз үшін маған көмектесе гөр!» деді. Сонсоң қайтейін, мен Ахмедтің ойындарын құр жібермейтін болдым да, оның сағын сындыру үшін, жүйкесін жұқарту үшін, оны енді өзің де түсініп отырған шығарсың, шал, Ахмедті ал кеп жамандайын… Бірақ Ахмед «ШаШ-қа» сонда да ауыспай қойды. Сонсоң Мылжың-бей оған Қылмойын Севимді қырғиша салды. Қыз шіркін қиып-ақ түсті. Қылмойынның тырнағына ілінгендер тырайып қалады. Ахмедті бір жағынан гәзеттер желкелеп жатса, екінші жағынан Севим сүлікше сора бастады… Дәл сол кезде Ахмедтің командасы біздің «ШаШ-пен» кездесе қалды. Алаңда баяғы Ахмед жоқ, сүрініп-жығылып әрең жүрді. Ойыннан кейін «Ахмед «ІПаШ-қа» сатылыпты» деген қауесет гулеп кетті. Оны біреуден көретіні жоқ, өзіміз әдейі таратқан өсек еді. Содан соң, шал, Ахмедтің командасы онымен қоштасуға мәжбүр болды. «ШаШ» оны жүз елу мың лираға сатып алды. Бар болғаны осы. Енді бір кезде өзім даттаған Ахмедті мақтау керек болды. Газетке «Ахмед қайда ойнауға тиіс?» деп мақала шығара қойдым. Ақыл-кеңес берген хат қарша борады. Біреулер ол қорғаушы болсын десе, біреулер Ахмед іштен шабуылшы боп туған ойыншы деді. Бірі оң жаққа, бірі сол жаққа деді. Ал гулейік бағана… Ол мәселенің аса маңызды болғаны соншалық, талқылауды гәзеттің соңғы бетінен бірінші бетіне шығаруға тура келді. Ал ол тұста, шал, еліміздің ішкі-сыртқы жағдайы ауырлап, үкіметіміз кезекті дағдарысқа ұшырап жатқан еді. Премьер-министр күн сайын аузы уылғанша сөз сөйлеп, жұрттың бәрін коммунистерді жақтайсыңдар деп жазғырып, полиция жұрттың бәрін түрмеге тоғытып жатқан… Кәдімгі үкімет дағдарысы!.. Ал менің ондағы шаруам не, «Ахмед қайда ойнауға тиіс?» деп сұңқылдай бердім. Жауап хат жауа берді. Тіпті әйелдер де араласып, бірі: «Тура ортасында ойнасын!» десе, енді бірі: «Жырада жатып ойнаса да, әйтеуір, ойнасыншы өзі!» дейді. Бір күні гәзет редакциясына премьер-министрдің өзі келе қалмасын ба. Ол мені дереу шақыртып алып: «Құттықтаймын! Сіз ұлы журналшысыз, еліміз бен үкіметімізге айтып жеткізе алмас жәрдем жасадыңыз!» – деп, гәзет иесінің, әріптестерімнің көз алдында мені құшақтап тұрып сүйді. Кейін оңашада менің қожайыныма: «Арқанға алланың өзі жар болсын! Ахмедтің мәселесін дер кезінде көтерді!» депті. Ал гәзетке ағылған хаттардың арасында біздің жаназамызды шығарып жатқандары да болды. Олар, елді аштық жайлап, жұмыссыздық өршіп келе жатқан кезде сендер үкіметпен ымыраласып алып, қайдағы бір Ахмедтің жайын ойлап жүрсіңдер депті. Ол шатпақтарды біз, әрине, полицияға тапсырып, Отан алдындағы парызымызды өтедік, одан арғысын полиция біліп жатты. Қысқасы, шал, ол айтыс көп кешікпей жұртты жалықтырды да, көпшілік: «Қайда ойнағысы келсе, сонда ойнасын!» деп қолды бір-ақ сілтеді. Сонсоң біз Ахмедтің өзіне жүгіндік. Қорғаушы болайын деді ол. Е, мейлі, бізге келіп-кетер не бар?! Оны халыққа танытамыз дедік, таныттық. Сол да жетеді бізге. Міне, шал, гәзетшінің қолынан келгені осы. Ахмедтің даңқы солай шықты.
–Ахмед «ШаШ-қа» келгеннен кейінгі алғашқы ойынын Батыс Германияда өткізетін болды, – деді Эрол одан әрі. – Өйтіп шетелге шыққанда жігіттердің түні бойы кабак кезіп, әйел іздеп сандалмауы керек. Ал Ахмедтің үнемі жақсы бабында болуы үшін, команданың сүйеніш-таянышы болуы үшін Мылжың-бей Батыс Германияға Севимді ала кетуді ұсынды. Қыз Ахмедтің оны-мұны артық-ауысын жуып-шая алады деп ойлады ол. Шолушы болып мен де бірге кеттім. Әлі есімде, ойын басталысымен Ахмедке қарасам, ол байғұс бір апта бойы ұйқы көрмеген кісіше сенделектеп жүр. Бірінші таймда немістер бізге бес гол салды. Біз жанымыздан түңіліп, тым құрыса бір гол салуды армандай бастадық. Кенет біздің «сүйеніш-таянышымыз» серпілді дейсің! Оның қайқайып тұрып тепкен добы қақпаны жұлып әкете жаздады! Европалық жанкүйерлер сирек көретін гол болды…
–Тасдуал Ахмед жасасын! О, қаһарманым-ай, есепті ашты-ау! – деп Саид қатты қуанды.
–Шал-ау, қайдағы есеп?! Ол допты өз қақпасына енгізіп жіберді. Немістердің біреуі тепкен доп тура Ахмедке барып тиер ме?! Ұйқылы-ояу Ахмед кімнің қақпасы қай жақта екенін қайдан білсін, әлгі допты қарсы алдындағы қақпаға қарай арқыратып жіберді. Обалы кәне, гол болғанда қандай, шіркін! Батыстың баспасөзі оны «жабық қақпаны да жайратып кететін гол» деп атады.
–Иә, бәрібір, тәңірім Ахмедтің аяқ-қолын сау қылғай! – деді Саид қызына түсіп.
–Ей, шал-ай, қайтейін-ай! Біз есеп те аша алмай, 0:6 боп жеңіліп қалдық. Әлгі голдан кейін болған үзілісте Мылжың-бей Ахмедке: «Ұлым, сен допты тепкенді қойшы! Алаңның шет жағында жүрсең болады» деді. Сонда Ахмедтің не жазығы бар еді? Бәріне Севим кінәлі болатын…
Аңқау Саид Севимнің кінәсі неде екенін сұраған. Эрол өзінің тым лағып кеткенін, қалай болғанда да Севим Саидтың қалыңдығы екенін аңғарып:
–Шал, сен ешқандай жаманшылыққа жорыма, – деп қипақтады, – Севим – тамаша қыз. Ол таң атқанша, «Ахмед, сен алдымен Отанымызды ойла! Ахмед, отыз екі миллион халқыңның жүрегі сенің жүрегіңмен бірге соғып тұр!» деп ауыз жаппай ақыл айтыпты. Сен білетін де шығарсың, шал, жаттығу сәтінде кейбір футболшылар шектен аса шаршап қалады. Севим соны ескерген де, Ахмедтің жақсы ойнауына рух бергісі келген. Тек артық беріп қойыпты… Әйткенмен, егер әділін айтсақ, Ахмед кездесудің екінші жартысында ғажап ойнады. Ызасы өткен немістердің қыр соңына түсіп алды. Бәлемдерді қырық бес минөт бойы тырқыратты. Сөйтіп, екінші таймда гол салғызбай қойды. Ойын біткеннен кейін Мылжың-бей: «Әй, айналайын Арқан-ай, анау бұқаны бекер алдық-ау, түк бітірмеді ғой!» деп миымды ашытты. Ахмед екінші таймда ғажап ойнады емес пе деп жұбатып бақтым. Сонсоң Дүндар тұрып: «Арқан, бұл ойынды біздің сенен басқа бірде-бір журналшымыз көрген жоқ, ендеше Ахмед өте жақсы ойнады, қорғаныста тасдуал боп тұрып алды деп жазшы!» деді. Менің Ахмедті «Тасдуал» деп атағаным сол жолы. Мен: «ШаШ» 0:6 есебімен жеңіліп қалса да, команда жасыған жоқ, ойынның ақырына дейін байсалды болды. Ахмед өз қақпасын тасдуал боп қорғап шықты…» – деп жаздым. Бір қызығы, шал, сол ойыннан кейін Ахмед тіпті де жаман ойнаған жоқ. Бір ғана кемшілігі – үнемі бірқалыпты бабында болмайтындығы. Оңды-солды шашыла салады. Өйтпесе ең мықты футболшы болатын жөні бар. Әрі жүйрік, әрі дойыр, әрі қызба. «ШаШ» пен «ЖЖК» кездескеннен кейін футбол алаңы майдан даласындай болып қалады. Себебі Ахмед аянбай кіріседі ғой. Басың бар, көзің бар демейді. Ойыншыларды да, төрешілерді де көк ала қойдай қылады!.. Сонсоң оны тәртіпке шақырып, ойыннан шығарады. Сол-ақ екен, Мылжың-бей маған үкідей ұшып келіп: «Құдай үшін Ахмедті арашалап ала гөр!» деп жалынады. Ал мен дереу іске кірісіп: «Италияның Палермода командасы мен испандықтардың құрама командасы Тасдуал Ахмедті тағы айналдырып, қыруар ақшаға қызықтырып алып кетпекші болып жүр. Біздің тілшімізбен әңгімеде Ахмед биыл Италияға кетпек ойы барын білдірді. Ұлттық құрама командамыздың ең білікті ойыншысынан айрылсақ масқараның сорақысы болады!.. «ШаШ» клубының басшылары соны ескеріп, қазірде Тасдуал Ахмедтің Түркиядан кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр…» деп жаза қоямын. Содан кейін Ахмедтің қайтадан ойнауына дереу рұхсат беріледі…
Осы сәтте Дүндар Мылжың-бей кіріп келді.
–Кешігіп қалдым, достарым, кешіре көріңіздер, – деді ол, – клубтың бір тығыз шаруалары бөгеп қалды. Биылғы маусымда көп кешікпей Румынияда
ойнайтынымызды өздеріңіз де білетін шығарсыздар, соған біз мықтап дайындалып жатырмыз.
Анжела бике шай әкелді. Кілең қасқалар мен жайсаңдардың келіп отырғанына ол ерекше қуанып жүрген-ді:
–Тасдуал Ахмед неге келмеді? – деді.
–Оны шақырған жоқ қой, әйтпесе келер еді…
Ахмедтің еске алынғанына Саид қуанып қалды. Севимді сұрайтын сылтау табылды деп ойлады ол:
–Ахмед-бейді ерте келмегеніңіз өкінішті-ақ. Келгені жақсы болатын еді.
–Айтпақшы, ұмытып кете жаздаппын, – деді Дүндар Мылжың-бей лып етіп, – ертең Хасип-бей түскі қонақасы бермекші, соған сізді қиылып шақырып қалды, тосамын деді.
–Мені ме? – деді Саид аңырып.
–Әрине, сізді. Ахмед те болады… Арқан-бей де бізбен бірге барады. Қонақасы казинода берілмек.
Саид онда Севимнің болатын-болмайтынын білуге асықса да, сыр бермес үшін орағыта бастады:
–Хасип-бейдің аса қадірлі жұбайы бізге құрмет көрсетер ме екен?
–Әрине, Севим-ханым да болады: Саид-бей, сіз ертең кешке боссыз ба? Ертең бос болмасаңыз, Хасип-бей қонақасысын одан әріге көшіруге де әзір.
–Бос болмағанда ше?! Әрине, боспын! Кымбаттым-ау, ертең кешке менде қарбалас не бола қалар дейсіз?!
Мылжың-бей сөздің бетін қайтадан «ШаШ-қа» бұра қойды:
–Түркияда еліміздің ең байырғы клубы – біздің «ШаШ-тың» жүздеген мың жанкүйері бар. Көптеген әйгілі адамдар клубымыздың құрметті мүшелері. Клуб мүшесі болу үшін спорттың бүге-шігесін білу шарт емес, «ШаШ-ты» жақсы көру, бейнелеп айтқанда, оған жан-тәніңмен берілу шарт. «Шаң шұбалтқан» кәсіпқойлар клубы болса да, оның өркендеп өрлеуі -әуесқойлар рухының арқасы. Бір әттеңі: клуб соңғы кезде бірнеше ойыншы сатып алды да, қалтасы тақырланып қалды. Алайда «ШаШ-тың» шынайы достары қол ұшын берер, жағдайымыз оңдалар деп сенеміз…
Саид ұйып тыңдап отырған. Оның ойына бір арман оралған. Дүндар Мылжың-бей сол арманының тура төбесінен түсіп:
–Саид-бей, егер ықыласыңыз болса, біздің, «ШаШ-тың» құрметті мүшесі болуыңыз оп-оңай, – деді.
–О! Мен ол құрметке шынымен лайықпын ба? – деді Саид дауысы дірілдеп.

«ҰЙЫҚТАТА АЛМАЙСЫҢ!»
Саидтың көңілі көктем. Таңертең Рефикке барып көрінеді, одан Жарқылдардың қонақасысында болып, Севимді көреді. Севимді енді есі дұрыста ренжіте қоймас-ау!..
Доктордың әйелі күйеуінің лицей досын жылы шыраймен қарсы алды. Рефиктің жастық шағы жоқшылықта өткенін жақсы білетін Саид енді оның үйі жиһазға толы екенін көріп, шынайы қуанып қалды. Рефиктің белгілі психиатр екенін, университетте дәріс оқитынын, бірсыпыра халықаралық ғылыми қоғамдардың мүшесі екенін, психотерапия саласындағы маман ретінде Америкада танылғанын Саид білмейтін.
Таңертеңгі тамақ үстінде Рефик Саидты сездірмей бақылап отырды. Оның мінез-құлқында кінәрәт барын бірден байқады, оған қол ұшын бермесе құрып кететінін білді.
Екі дос кофе ішіп болған соң оңаша кабинетке барды. Саид досына үлкен үмітпен қарайды. Басқаларға футболшы болғысы келетінін айтса-ақ болды: «Аяғын әрең алып жүріп, футболшы болғышын мұның!», «Көзәйнегіңді ұрайын-ау, допты қалай көрмексің сен?», «Енді қартайғанда доп қууың қалды ма?!» – деп мазақтап есін шығарады. Рефик қана күлмейді. Саидтың күлкі-мазаққа ұшыраған сайын арманы молайып, алқынысы күшейіп, қайтсем де ел қатарлы футболшы болып шықсам деп көксейді…
Саид Рефикке сенеді. Бұл досы сонау лицейдегі кездерінде де үнемі көмектесіп, ақыл-кеңес беріп жүретін.
–Сен қалай ойлайсың, мен шынында футбол ойнай аламын ба?
–Әрине…
–Мазақтап отырған жоқсың ба?
–Мазақтаған күнім бар ма еді?
–Жоқ. Бірақ мен әлжуазбын ғой. Допты қуып жете алмаспын да.
–Қуып та жетесің, тебе де аласың. Мен мұны дәрігер ретінде айтып отырмын.
–Жоқ, жо-жоқ. Мен ашық күннің өзінде ештеңе көре алмаймын ғой.
–Жарайды, сөзді көбейтпейік. Менің білетінім, шындап бел бусаң, мықты футболшы боласың! Тек ынтаң болсын. Әрине, бірден бола қалмайсың. Қазір оған күшің жетпейді… Мен сені емдеймін… Күш-қуат жинайсың, көз жанарың дұрысталады. Өзіңе өзің нық сеніп, бекем болсаң, — бітті!..
Рефик осылай дей отырып, досының бойындағы сырқаттың егжей-тегжейін қалай білуді ойластырды… Өзінен сұрап алудың жөні жоқ… Гипноз жасау керек пе? Ол үшін сырқат адам өзінің ауруын білуі шарт… Ендеше Саидқа сенің әлсіздігіңді, тауықсоқырлығыңды емдеймін деп қоюы керек.
Олар психотерапияны әңгімеледі. Рефик гипноз туралы айтып еді, бірақ Саид адамды сөзбен ұйықтатуға болатынына сенбеді.
–Қызық екен… Тек сен мені ұйықтата алмайсың. Маған дәрі ішкізіп те ұйықтата алмаған… Сөз одан күшті деймісің?.. Оныңды аңқауларға айт. Мен
ондай емеспін.
Рефик гипноз ерік күші мол адамдарға ғана әсер етеді деп көрді.
–Ерік күшімнің аз-көбін білмеймін, бәрібір, мені ешкім ұйықтата алмайды! – деді Саид.
Рефик досын емдеуді неден бастау қажеттігін ойлап отырғанда Саид бір мамыражай халге түсті. Дәрігердің достық сөзі, майда үні, кабинеттің тап-тұйнақтай сәні, тазалығы, гүлдің көптігі, бөлменің дәрігер кабинетінен гөрі балалардың ұйықтайтын бөлмесіне ұқсайтындығы ғажап әсер етті. Түні бойы доп қуалап додасы шыққан Саид енді бәрін де ұмытты, диванға маужырай шалқиып, кірпігі ауырлай бастады…
Сол әредікте Рефикке бұрыннан емделіп жүрген сырқаттардың бірі келді. Рефик досынан кешірім өтініп, ол сырқатты келесі бөлмеге алып кіріп, оған гипноз жасауға кірісті.
–Сіз қазір ұйықтайсыз. Ұйықтайсыз!.. Ұйықтайсыз! Мен санай бастаймын, ал сіз ішіңізден: «Жақсы, өте жақсы, маған жақсы…» деп отырыңыз. Бір… екі… үш…
Кенет қатты қорыл естілді Рефик пен сырқат бір-біріне аңыра қарады. Қорыл көрші бөлмеден естілді. Саидтың қорылы. Рефик алдындағы сырқатты бұл жолы емдемей шығарып салуға мәжбүр болды.
Кабинетіне қайтып барған Рефик досының қорылдап ұйықтап отырғанын көріп, оның қарсысындағы креслоға жайғасып, Саидқа сұрақ қоя бастады. Саид қорылын қойып, сайрап жауап бере бастады. Сырт қараған кісіге екі дос шүйіркелесіп отырғандай еді.
Саид сөзді балалық шағынан бастады. Ол балалығын біреуге айтпақ тұрғай еске алуды да сүймейтін. Есіне түсе қалған анау-мынауды тезірек ұмытуға тырысатын.
Шафран-заде әулетінің бүгінде Саид Жиреншіге мұра болып қалған үйінде ол кезде кісі деген құжынап жататын. Санап сан жетпестей бөлмелерде екеу-екеуден ойнап-күлетіндер көп болатын. Кең үйдің кез келген бұрышы баттасқан күнә еді. Кішкентай Саид соның бәріне куә болып, ұяттан өртеніп те, қызықтап сығалап та жүретін. Бәрінен бұрын әйелдердің әулекілігі есінен тандыратын. Қыршын жасынан сондай құдай атқан қылықтарды көрген Саид томаға-тұйық боп, кәдімгі ауру адам боп өсті.
Ол Рефикке Париждегі хикаяларын да айтып берді. Әрине, ол Мадленнің барлық құйтырқысын білді, бірақ сыр бермеді, себебі өмірінде тым құрыса бір рет әйел құшағын көргісі келді… Севиммен арадағы әрекеті де сондай, оның ішіндегі баласына әке бола қойғандай ештеңесі жоқ, бірақ оған да көніп жүр, себебі өмірінде тым құрыса бір рет әке болғысы келеді, жұрттың бұл еркек емес деп келемеждегенін естімесем екен дейді, сөйтіп жорта ақымақ болады…
Саид ақтарылып отыр, Рефик сұрақ бере түсіп, қойын дәптеріне әлденені түртіп алып отыр. Әжептәуір уақыт өтті, ал Саид оянар емес. Рефик басқа бір сырқатты емдеп босатып үлгірді, кітап оқыды, телефонмен сөйлесті.
Саид түс әлетінде бірақ оянды. Керіліп-созылып, құрыс-тырысын жазды, бірақ қайда отырғанын аңғара алмады.
–Мен ұйықтап ояндым ба? – деді Рефикті көріп.
–Иә, – деді доктор сағатына қарап, – сен екі жарым сағат ұйықтадың.
Саид ұшып тұрды:
–Кешігіп қалдым ба?
–Қайда?
–Хасип-бей қонақасыға шақырып еді…
–Оқасы жоқ, үлгіресің.
–Ем қайда? Сен мені емдемеуші ме едің?
–Ештеңе жоқ. Өстіп келіп жүр. Әңгіме соғамыз, лицейді еске аламыз.
–Емделмеймін бе?
–Саспа. Басқа дәрігер емдейді. Бір жақсы жолдасыма ертіп барамын, сені сол емдейді.
Саид досына рахметін айтып, қоштасып тұрып:
–Сеніңше қалай, футбол ойнай алам ба? – деді.
–Шындап құлшынсаң, ойнай аласың. Жаңағы жолдасым сені көрсін, ол не айтар екен.
Саид қулана жымиды:
–Мен өз еркіммен ұйықтадым. Сенің өнеріңнен ештеңе шыққан жоқ. Америкаң бар болсын, онда босқа уақыт өткізгенсің ғой. Ал сау бол!
–Сау бол!
Рефик көп ойланды. Саидты түсініп болмайды. Шыны қайсы, қалжыңы қайсы, — ажырата алмайсың. Футбол туралы сандырағы — бір пәле. Біресе футболшы боламын дейді, біресе болмаймын, бола алмаймын дейді. Балалық шағы жөніндегі хикаясы — түп-тура қиямет… Ол сұмдықтың бәрі ішіне қалай сиып жүр десеңші… Әлде симай кернеп бара жатқан соң соны ақтарып айту үшін жорта ұйықтады ма екен? Бәрі-бір, Саидтың денсаулығы онша емес…
Саид бір мәшинеге отырып, үйіне оралды. Қонақасыға дейінгі уақыт жеткілікті. Жуынып-шайынып, сергіп, жұтынып шыға келді.
Көптен бері дәл қазіргідей көңілденген емес-ті.
Ол апайын, Анжела бикені беттерінен серілерше сәндеп сүйіп, ысқыра әндетіп, үйден шықты.
Көп нәрсені көргенсіздікке жорыған көне дәстүрдің перзенті – Беррин-ханым әпенді немере бауырының дені дұрыс еместігіне шүбәланған жоқ.

ТАТУЛАСТЫРУ
Жарқылдар да, басқа мүдделі жақтар да қонақасыны қайда берген дұрыс болатынын ұзақ талқыласты. Мехжура-ханым үйде беруді ұсынды. Онысы сараңдығы емес-ті. «Севим деп өліп-өшіп жүргені, күйеу болғысы келетіні рас болса, ол осы үйде отырғанды жақсы көруге тиіс» деді. Айды аспанға бір шығаруды көксейтін Ахмед казиноны қалады. Онда музыканың көкесі бар және түрік әндері шырқалады. Севим европалық ресторанды қалады. Күйеу жігіті жақсы көретін джаз сонда. Ал Хасип-бейде анау-мынау пікірі жоқ болды да, талқылауға қатыспады.
–Бұл шаруаны маған тапсырыңдаршы, – деп Дүндар Мылжың-бей әрқашанғысынша белсеніп шыға келді. – Қонақасы еріккеннің ермегі емес. Біз екі жасты татуластыруға тиіспіз. Ендеше, біріншіден, арақ-шарап ағыл-тегіл болуы керек, екіншіден, бұл жолы Саид-бейді сілейтіп тойдырып, сайратып сөйлетуіміз керек. Оның ойындағысын қалайда анықтап білуіміз керек… Мұндайда, мырзалар, арақты саз әуенін тыңдап отырып ішкен дұрыс…
Сөйтіп, мәселе казинода шешілетін болды.
Саид таңертең қалыңдығына бір кәрзеңке гүл беріп жіберді де, кешке қайын жұртына деген силықтарын құшақтап өзі жетті.
–Біздің бұл жігітіміз тіпті де сараң емес, – деді көзі жіті Мехжура-ханым.
Күйеу жігіт тамұқтың көпірінен өтердей кейіпте еді. Қалыңдығының қолын қалтырап әрең алды, көзін жерден көтеруге дәті жетпеді. Ал Севим: «мен баяғыдағының бәрін ұмытқанмын» дегендей көңілдене сөйлеп, сықылықтай күлді.
–Кісінеме! – деді Ахмед оған тістене сөйлеп. – Сенің сырың маған мәлім, біраздан соң боздайсың тағы.
Олар казиноға Дүндар Мылжың-бейдің мәшинесімен аттанды. Ахмед алдыңғы орынға отырды да, басқалары артқы орынға жайғасты. Саид пен Севимге ерлі-зайыпты Жарқылдақтардың ортасы бұйырды. Ерлі-зайыптылар арықтардың қатарына қосылмайтындықтан орталарындағы екі жас бір-біріне жабысып отыруға мәжбүр болды, оны бақыт деп білген Саид: «Е, алла, өмір бойы осы мәшинеде осылай отыруға жаза гөр!..» деп іштей жалбарына берді.
Дүндар Мылжың-бей казиноның иесіне алдын ала телефон соғып, бір үстел жасап қоюды өтінген болатын. Белгілі адамның өтініші жерде қалсын ба, қожайын оларды ең көрнекті жерге, эстраданың дәл алдына орналастырды. Ондай құрмет тіпті саяси қайраткерлерге де көрсетілген емес-ті.
Қонақасы басталды. Баршасы түрлі тағам, арақ-шарап сықап тұрған үстел басына жайғасып, күйеу жігіт пен қалыңдықтың денсаулығы үшін деп сілтей бастады… Саидтың казинода бірінші рет болуы еді. Мылжың-бейдің ойлағаны орындалды – күйеу жігіт бокалына бапа таптырмай тартып-тартып, тарбиды да қалды. Ахмедке бұрылып алып сөйлей берді, сөйлей берді, сөйлей берді. Әлде қырланғаны ма, әлде масаңдағаны ма, – Севим кенет Саидқа жабыса отырды. Саид оған назар да аудармай, сөзін соза берді. Оны байқаған шешесі Севимге:
–Қызым, сен жігітіңді тым еркінсітіп жіберіпсің. Бұларға сенуге болмайды. Сен сияқтанып қыз-қырқын жабысқан кезде бұл еркек дегендердің барлығы да өзін батыр санайды… – деді.
–Ә, қойшы. Бұл бізсіз де ес-тұсын білмей отыр, – деді Севим жақтырмай.
–Ең алдымен осындай ес-тұсын білмейтіндерден сақтану керек, – деді тәжірибесі мол Мехжура-ханым. – Бұлар ақыл тоқтатпаған қызды алдап кетеді! Шынымды айтсам, сенің күйеуіңе мен сене алмаймын… Әрине, көре жатармыз. Ақыры осы тоймен аяқталса болды.
Енді бірде Саид қалыңдығына бұрылып, қолын ілтифатпен алып:
–Севим-ханым, сізге бір сырымды айтайын… Өте маңызды… – деді.
–Айт, ұялма, – деді Севим дем беріп.
Саид батылырақ болу үшін тағы бір бокал шарапты төңкеріп тастап:
–Мен футболшы боламын… Сіздің махаббатыңызға лайық болу үшін футбол ойнап үйренуге серт бердім! – деді.
Севим қарқылдап күліп жіберді.
–Сен өзі өміріңде доп теуіп көрдің бе?
–Көрдім… Бір рет… лицейде. Балалар ойнай алмайтындардан екі команда құрды, ішінде мен де болдым. Қашып кетейін деп едім, ұстап алды.
–Сонсоң ойнадың ба?
–Ойнағанда қандай! Бес гол салдым!
Севим қатты таңданды:
–Ойпыр-ай, ә?! Кейін неге ойнамай кеттің?
–Кейін бе? Ол ойын бітпей жатып-ақ олар мені сойып салды.
–Кім? Қарсыластарың ба?
–Жоқ.
–Жанкүйер ұлдар ма?
–Жоқ.
–Әлде төреші ме?
–Жо-жоқ! Өзіміздің командадағы балалар.
–Е, неге сабады? – деді Севим күліп.
–Негесі бар ма! Бес гол үшін!
–Қызғанған ғой?
–Жоқ, Севим-ханым, мен бес голды да өз қақпамызға енгізіп жіберіппін. Күн шақырайып тұрған. Мен допты еркін көре алмадым. Кездесіп қалар деп қолды-аяққа тұрмай жүгіре бердім. Басқалар да менің соңымнан қалмады. Доп тап бола қалады, теуіп кеп жіберем… Доп маған бес ретте де өз қақпамыздың алдында тап болыпты.
–Өзіңді жарылқаған екенсің ғой? – деп Сезим ішегі түйілердей күлді.
–Әдейі істегенім жоқ! Бәрі қаумалап алған соң қақпашыдан мынау кімнің қақпасы деп сұрауға уақыт болмады…
Шараптың шарапаты ма, әлде дәрігердің үйінде ұйықтап алғандықтан ба, әйтеуір, Саид ерекше сергектеніп, Севимді «сүйіктім» деп қойып, оған «сен» деп сөйлей бастады:
–Сүйіктім, сенің махаббатыңа лайық болу үшін мен өлсем де футболшы боламын!
«Сүйіктім» дегенге Севим селт етпейтін болған, өйткені оны талай еркектен естіген, бірақ күйеу жігітінің сөзі жынына тиіп қояды.
–Менің саған бір тілегім бар, – деді Саид кенет.
–О не? – деді Севим тіксініп.
–Гәзеттерде пәлен биден, түген биден сабақ беремін деген хабарландырулар басылып жатады…
–Би үйренейін деп пе едің?
–Жо-жоқ, мен футбол үйренсем деймін… Маған оқытушы керек. Ондай оқытушының қайда барын сен білетін шығарсың, сүйіктім…
Күлкі қысқан Севим күлмеді. Күйеу жігітіне барлай қарады, бұл шынымен ақымақ па, әлде монтаны ма? Шешесі айтқандай, алдап соғып кететін бір залым боп жүрмесін. Бірақ бұл неме еркек атаулының арғы-бергісін түгел көріп-білген Қылмойын Севимді аңқитып кете алмас!.. Әлде сондай арам ойы бар ма? Жоқ, онысы болмас!.. Албасты болса, амал қанша? Қылмойын Севим сескенейін деді…
–Саид, көзәйнегіңді сыпыр! – деп бұйырды ол.
–Севим-ханым, онда мен сізді көре алмай қаламын… Онда…
–Сыпыр деймін мен саған! – деген Севимнің дауысы дірілдеп шықты.
–Жарайды… Кешіріңіз, көзімде көзәйнегім жоқта мен алаңда тыржалаңаш тұрғандай боламын… Өмірі көзәйнексіз жүрген емеспін, осы көзәйнекті киіп туған сияқтымын.
Әйтсе де, ол көзәйнегін алды. Севим соқырдың көзі сияқты жанарсыз екі ноқатты көрді. Өзін өзі алдамаса, өзгені өлсе де алдай алмайтын бейшараның көзі.
–Ки қайтадан! Тез! – деді де, Севим теріс айналып кетті.
Қалыңдық пен күйеу жігіттің неге ежелесіп қалғанын басқалар аңғармағанмен Дүндар Мылжың-бей сезе қойды да, бокалын тез толтырып алып:
–Балалардың бақыты үшін! – деп барқырады.
Саидтың тілі күрмеліп қалған. Өліп-талып жүргенінде сәтін салғандай-ақ сылқия тойып алған.
–Мен өзі сондай адаммын, – деді ол былдырлап. – Мен ештеңені керек етпейтін адаммын… Ал керек етсем, айтқанымды істеймін… Футболшы болмай қоймаймын!.. Математик болам дедім, — болдым!..
–Баяғы арифметикаңа бастың ба тағы?! Жұмыртқалайтын тауықша қыт-қытың таусылмайды, ә? – деді Севим тыжырынып.
–Математика… Арифметика… – деді Саид ежіктеп. – Арифметика – ғылымдардың атасы… Мен оны мазақ еткенге төзе алмаймын!..
–Қойшы енді, болды! Басым қатып кетті.
–Қойдым, қойдым… О, сүйіктім! Маған футболдың мұғалімін тауып берші, мен оқиын… Сонсоң өзіңіз көрерсіз, – деді Саид жалынышты үнмен.
–Футболдың мұғалімі болмайды.
Саид айтқанынан жаңылмады:
–Жоқ, болады. Севим-ханым… Сіз білесіз. Маған Арқан-бей айтқан, біздің Ахмедті «футболдың профессоры» деген. Оған айтыңызшы, мені үйретсін. Ол келіседі. Мен еселеп төлеймін…
Севим Ахмедке қарады:
–Тәңір тілеуіңді берсін, мына мылжыңнан құтқаршы, – миымды шірітті…
Севим Ахмедтің жанына барып отырды. Дүндар Мылжың-бей мен Эрол Саидты ортаға алып, оған «ШаШ-тың» ойын жоспарын жарыса түсіндіре бастады.
–Алдымызда ең шешуші ойын тұр, – деді Мылжың-бей. – Енді екі айдан кейін Бухаресте румындармен кездесеміз. Севим-ханым бізбен бірге барады.
Түріктің таңдаулы командасына рухани күш-қуат беру үшін барады. Сіз де жүрсеңіз қайтеді?
Мылжың-бейдің сөзі Саидтың қитығына тиді. Халықтың, не ішсең – соны іш, тек ақылыңды ішпе дегені дұрыс екен. Мыналар ақымақ қылмақшы боп отыр.
–И-иә, бұл қай сөз? – деді күйеу жігіт сыздаңқырап. – Менің қалыңдығым Севим «ШаШ-қа» еріп Бухарестке кетпекші ме?
Түйсігі терең Арқан-бей бокалын дереу толтырып ала қойып:
–Қалыңдық пен күйеу жігіттің бақыты үшін! – деп ұшып тұрды.
Саидттың ішуге зауқы болмады.
Казино эстрадасына қызыл көйлекті әнші әйел шығып, Саид өмірі естімеген әнді айта жөнелді:
Жүрегімде жалғыз сенсің,
Ұйқы-күлкі жоқ қой менде.
Жол таптырмай қайда жүрсің,
Мені, сірә, сүймейсің де.
Кел, түніме күн болшы, кел,
Жазшы жүрек жарасын, жаз.
Жақындайын, мүмкіндік бер,
Бір сергітші, болайын мәз!..
Әннің сөзі Саидтың жүрегін мытып-мытып қалғандай болды. Саидтың махаббатына арналған ән сияқты. Эстрадада басқа ән шырқалып жатса да, Саид:
–«Жүрегімде жалғыз сенсің, ұйқы-күлкі жоқ қой менде…» – деп күбірлеп отыр. Көз алдында сүйіктісі Севим тұр!..
Күйеу жігіт күбірлей берді:
–«Кел, түніме күн болшы, кел… – дейді ол. – Жазшы жүрек жарасын, жаз…» Қараңдар да тұрыңдар! – деп ол кенет даурыға қалды. – Маған доктор
айтты… Мен футболшы боламын!.. Футболдың сұлтаны боламын!.. – деді.
Сонсоң қайтадан әндетті:
–«Жол таптырмай қайда жүрсің, мені, сірә, сүймейсің де…»
Күйеу жігіттің қылығы Севимді күйіндірді. «Мұны сәл-пәл дұрыстап жаратуға аллатағаланың уақыты жетпей қалды ма екен шынымен?» деп ойлады ол.
Казиноға жиналғандар түн ортасынан ауа тарасты. Дүндар Мылжың-бей Босфорға барайық деген ұсыныс жасады.
–Бөшкеге тоғытқан балықша бәріміз бір мәшинеге сығылыспайық. Біздің, былайша айтқанда, жастарымыз такси алып, соңымыздан жүріп отырсын, –
деді.
Солай болды. Севиммен қатар отырған Саид: «Жүрегімде жалғыз сенсің, ұйқы-күлкі жоқ қой менде…» – деп ыңылдап, көзінен жас парлай бастады.
–Сен неге мәшине сатып алмайсың? – деді кенет Севим.
–Мәшине?.. Білмеймін… Оны кім жүргізеді? Маған жүргізуге болмайды.
–Мен жүргізем!
–Шынында неге сатып алмаймын, а? Сүйіктім-ау, ертерек неге айтпадың?
Севим оған салмақтана қарады:
–Саид, сатып алуға уәде бересің бе?
–Әрине, сен қажет десең…
Севим оны балаша басынан сипай бастады. Саид тағы жылады. Неге дейсіз бе? «Жол таптырмай қайда жүрсің, мені, сірә, сүймейсің де…». Севим оны бетінен сүйіп:
–Қашан? – деді. Саид түсінбей қалды:
–Нені «қашан»?
–Қашан сатып аласың?
–Бүгін!.. «Жақындайын, мүмкіндік бер, бір сергітші, болайын мәз!..».
Босфордан қайтып келе жатқандарында Севим Саидтың мәшине сатып алмақ болғанын шешесіне қуана айтып:
–Ондай силығы үшін оны бүгін үйге қондырайық, – деді нықтап.
Әке-шешесі өре түрегелді. Әдеп сақтау керек, сөз боп кетеді десті. Ал Севим айтқанынан қайтпай:
–Онда тұрған не бар? Менің жолдас жігіттерім қонып жүрген жоқ па? – деді.
–Олар – бір басқа, күйеу жігіт – бір басқа…
Севимді Ахмед те жақтады. Сонсоң Севимнің ұсынысы қабыл болды… Ахмед пен Эрол Саидты тулақша сүйреп апарып диванға жатқызды. Ерлі-зайыты Жарқылдақтар Ахмедтің онымен бірге жатуын етінді, бірақ Ахмед көнбей қойды.
Саид ерте оянды. Үй іші шырт ұйқыда еді. Ол қайда отырғанын біле алмай дал болды. Көзәйнексіз ештеңе көрер емес. Жан-жағын сипалап жүріп жерден көзәйнегін тауып алып, ақырын киініп, жұртты оятып алмас үшін аяғын ұшынан басып, далаға шықты.
Арада біраз уақыт өткенде ол үйінде, апайының алдында сенделіп тұрды. Немере бауырының мас сиқын көріп шошынған Беррин-ханым баж ете түсіп, тіпті талып қала жаздады.

ЕМ ҚОНА БАСТАДЫ
Севим, Ахмед, Саид үшеуі жұп жазбай жүретін болды. Жұрт оларды «құдай қосқан үшеу» деп атады. Ақсүйектер өмірінен мағлұмат беріп тұратын баспасөз олардың әкелі-балалы бір отбасы сияқты екендерін де атап өтті. Әлбетте, Севим әрқашан дерлік Ахмедпен бірге болады. Кейде, онда-мұнда барып, анау-мынауға ақша төлеу керек болып қалғанда, Саидты да жанынан тастамайды.
Жарқылдақтардың үйінде соңғы кезде шаң-шұң шыға бастады. Қызы мен шешесі әлдебір дауды шеше алмай, өзара айтысқа түсе береді. Тойды әдейі кешіктіріп жүрсің деп қызы шешесіне наразылық жасайды. Ал Саид тойды тездету үшін өліп-талып жанталасып жүр өйткені тойдан кейін Севим басыбайлы өзімдікі болады деп біледі (Ахмедті қойшы, ол ең жақын туысы ғой). Севимнің өз есебі өзінде. Оңаша үйге көшісімен басы бос, байы құдай болып, әй, бір сайрандайды-ау! Әке-шешең күндіз-түні бақырайып бақылап кеп отырса, қайсысың болсаң да есіңнен жаңыларсың.
Севим шешесіне жер тепкілеп тұрып бажылдады:
–Тойымды тез жасап беріңдер! Ербигеннің (ол Саидты үйде «ербиген» деп атайды) басын қатырмаңдар. Үй сатып ал дедің алды. Көшесі ұнамайды дедің басқа көшеден алды. Үйің тар дедің, кеңін алды, тым кең дедің, кішірегін алды. Жиһаз алып, барлық бөлмені жасаулады. Сонсоң залдағы гарнитур тым ақшыл, ас үйдегі клеенка тым қошқыл деп шықтың… Өйтіп қиқақтағаныңды қоясың ба, жоқ па?
Шешесі де ұпайын жібермеді:
–Әй, сенің денің сау ма? Сол сүмелегіңе ғашық болып қалғаннан аманбысың? Үлгерерсің, жарылып кетпессің!
–Мен жарылғалы қашан! Жанымды алуың ғана қалды! Болды, жетті! Күйеуге шыққым келеді!.. Не маған ешкімді кіргізбейді, не мені үйден шығармайды! Стадионға бара алмаған, жігіттеріңді көре алмаған қорлық екен. Өйту үшін ең әуелі күйеуге шыгу керек дейді… Шығайын, беріңдер тезірек!..
–Қызым, сен ақылыңнан адаспа! – деді шешесі де қасарыса түсіп. – Немене, ел силайтын Жарқылдар отбасын жерге қаратқың келе ме? Мен Мехжура-ханым басыммен жалғыз қызымды беталды қоя бермекпін бе?.. Сен қыңқ етпе. Ол менің көкейімдегідей үйді сатып алатын болады, мен ұнатқан жиһазбен жасаулайды!.. Ал сен, қуанышым менің, көбіне шыдағанның азына да шыдай тұр…
Севим оған: «Шыдамаймы-ы-ын!» – деп шыңғырып қалған сәтте есік қоңыраулап, Ахмед келіп кірді. Дау тоқтамады.
–Менің ербигенім ербиіп келе бермесін! Оны көргім келмейді! Басқалар келе алмайды екен, ендеше ол да келмесін! Оның түрін көрсем болды, жүрегім
айниды…
Күтуші әйел ашқан есіктен Ахмед көрінісімен Севим ұшып барып оны бассалып:
–Ахмед, сүйіктім, сен шешеме айтшы… – дей беріп еді.
Ахмед оның сөзін бөліп:
–Шыңғырғаның көшеге естіліп жатыр! – деді.
Севим ағыл-тегіл жылап, ақтала сөйледі:
–Мен тойды тездетіңдер деген сайын, шешемнің сылтауы көбейе түседі. Менің ербигенім ана жолы үйдің ішін әшекейлеп-ақ тастап еді, оның жапсырған тұс қағазының түрі шешеме ұнамай қалды. Шешем тіпті өмір бойы сұлу үйде тұрып келе жатқан сияқты. Сонсоң менің ербигенім қайтті. Ұнамаған тұс қағаздарды сыдырып, басқасын жапсырды. Ахмед, өзің айтшы, бұл не сонда?.. Менің ербигенім тойға мәшине алып берем деді. Енді не керек?
–Басқасынан бұрын мәшинесі керек, тезірек алайық демейсің бе?!
Өз ойы өзіне олжа Мехжура-ханым да айтқанынан қайтар емес. Жарқылдардың жоқтан өзгеге қызықпайтынын, арзанға түспейтінін Жиреншілер көрсін дейді.
Үй ішінің дауы үдеп тұрған сәтте тәтті қаштанның бір қорабын құшақтап күйеу жігіт те жетті. «Құдаи қосқан үшеу» құрала қалды, бірақ көңіл күйі жоқ қалыңдық жігітіне жылы қабақ көрсетпеді.
Кофе әкелінді. Есендік-саулық сұрап болған Саид жаңа үйді жиһазбен жасаулап болғанын хабарлап, Мехжура-ханымнан отау үйді көріп шығуды өтінді. Енесі енжар кейіппен:
–Жарайды, бір реті келгенде көрермін, – дей салды.
Севим сұрланып, қалтырап кетті. Шешесі оның сиқынан шошып, бөлмеден лып етіп шыға жөнелді.
Ахмед креслоға жайланып отырып, клуб жаңалықтарын айтуға кірісті:
–Біздің жаңа жаттықтырушымыз Томпсон – бір нақұрыс. «Демдеріңе ие болыңдар!.. Демдеріңе ие болыңдар!..» деп қақсайды да жүреді. Құдды итті үйреткендей етіп бізді түске дейін дала кездіріп қуалады, секіртті, жүз метрлікке жүгіртті. Одан соң екі жақ етіп ойнатты… Ой, малғұн сол! Оның бұл қылығына кім шыдайды? Менің екі аяғым бастырмай отыр.
–Аяғың аман болсын, қымбаттым! – деді Севим.
–Рахмет, құрметтім!
Үндемей отыра бергенім әдепсіздік болар деп түйген Саид сөзге тезірек араласуды ұйғарды да, өзін оңдыра қоймайтын бір орынсыз сұрақты қойып қалды.
–Ахмед-бей, сіздің негізгі мамандығыңыз не?
«ШаШ-тың атақты қорғаушысының ашу шақырғаны сонша, Саидқа оның сол аяғы секілдеп кеткендей боп көрінді.
–Немене? Мамандығың? Негізгі мамандығың? Менің негізгі құрамда ойнайтынымды білмеуші ме едің? Мен – футболшымын! Спорт жұлдызымын! Ұқтың ба?!
Еңбектің не екенінен бейхабар байғұс математик бұ дүниеде доп қуалап мал табуға болады деп ойламаған.
–Кешіріңіз… Білмеген соң… Алайда… Сіз өстіп ойнап жүре бересіз бе?:. Басқа ештеңе істемейсіз бе?..
Бұл сөзі Ахмедті жындандырып жібере жаздады.
–О, алла, алла! Менің ойнап жүргенім жеткіліксіз бе? Сен өзі, бауырым, немене, көктен түстің бе? Өзімнің кім екенімді, барлық гәзеттердің мені неге жаза беретінін саған дұрыстап түсіндірген жоқ па едім? Енді не қыл дейсің?! Осындай да туыс болады екен, ә?! Жүйкемді жұқартты-ау мынау…
–Сеніңше, немене, футбол мамандық емес пе? Бар, көшеге шық та кез-келгеннен сұра, Тасдуал Ахмедті кім білмейді екен! – деп Севим де күйіп-пісті.
–Мен… Мен оны сұрайын деген жоқ едім, – деді шошып кеткен Саид міңгірлеп.
–Бір емес, мың кісіден сұра! – деді Севим үстемелеп. – Министрлердің бірде-бірін білмейтіндердің бәрі мұның бүкіл өмірін жатқа айтып береді саған.
Енді түсіндің бе?!
–Ал, бауырым, бұған не дейсің? – деді өзін шашбаулағанға айызы қанған Ахмед шоқтықтана түсіп.
Саидты одан арғы көкпардан Мехжура-ханым құтқарды. Ол келіп, даугерлерді тамақ ішуге шақырды. Күйеу жігіт бұл зиялы қауыммен бірге түстенуге уақыты жоқтығы үшін кешірім сұрап, Рефикке баруға үйден шықты.
Бір аптаға созылған медициналық тексеруден кейін доктор Рефик пен профессор досы екеуі сырқаттың ішкі секреция бездері және асқазанының түпкі безі кінәрәтқа ұшыраған деген қорытынды жасады. Саидтың шидиіп, әлсіз болып қалғаны, көзінің нашарлығы, өңінің құп-қу екені, көселігі – бәрі де соның кесірі. Бұған көзі жеткен профессор енді Саидты емдеуге кірісетін болды. Жиреншілердің бұл мұрагері дұрыстап тамақтандырылмаған соң ауырған болатын. Саид ет, жұмыртқа дегеннің дәмін татып көрген емес. Туа салысымен шешесінен айырылды да, содан емшек сүтінің не екенін білмеді. Бір әйел емізіп өсіруге келісіп еді, ол бәтшағар өмірі бала көтермеген, емшегінен сүт шықпайтын біреу екен, біреу болғанда бұл әулет туралы Стамбұлды кеулеп кеткен неше түрлі өсекті көйіте түсу үшін Шафран-заденің үйіне қайдағы бір құдағиларының атын жамылып сіңіп жүрген алаяқ болып шықты. Қысқасы, егер апайы Беррин-ханым әпенді болмағанда Саид ол дүниеге баяғыда-ақ кетіп қалатын еді. Байлығы тасыған жесір бикелерше Беррин-ханым пырылдатып топ-топ мысық асыраумен әуестенбеді, оның бар ермегі немере бауыры болды, бауырын сиыр сүтімен асырап, бағып-қағып өсірді.
Бар пәле сәби Саидтың бірде жазды күні іші өтіп ауырғанынан басталды. Қатты ауырды, бірақ жазылды. Сол әупіріммен жазылғанына қарамай, ол балалардың медициналық анықтамада аталған ауруларының бәрімен біртіндеп ауырып шықты. Медицинада бұрын-соңды кездеспеген бұл жәйттің құпиясын біздің отандық ғылымымыз әлі күнге аша алмай келеді. Саидтың қалай тірі қалғаны жүз сексен төрт сантиметр боп қалай өскені – шешусіз жұмбақ.
Жиреншілердің атамекен үйлері кәдімгі керуен сарайы сияқты. Кім келіп, кім кетіп жатқаны, кімнің туыс, кімнің жай ғана мейман екені неғайбыл, құдды тоғыз жолдың торабы.
Саид шалдуар, шәлкес болып өсті. Шафран-заденің барша тұқымы оны ертеңді-кеш жабыла ойнататын. Отставкадағы дипломаттар бір аяқтап секіріп, щал-шауқандар әтеш болып шақырып, әйелдер шалқақтап билеп, бәрі жиылып қол шапалақтап: «Же, балапан, же! Же, Саид-паша, же!» деп әндететін. Олар осының бәрін Саид үшін ғана емес, одан бұрын өздері көңілін көтеру үшін істейтін сияқты еді.
Саид бала кезінде-ақ қорқақ болатын. Апайы Беррин-ханымнан басқаның бәрінен қорқатын. Ол былай болды. Алты айлық Саидтың күліп отырғанын көрген күтуші әйел біреу біз сұғып алғандай барқырап: «А-а-а Саид күлді, күлді! Бері келіңдер, о, аллатағала, біздің Саид-паша күліп отыр!» деп үйді басына көшірді. Басқалар да жүгіріп келіп, жамырап кеп қолпаштасын! Шошып кеткен Саид жалп етіп ауырды да қалды. Содан шошымалы қорқақ боп кетті. Кейінде қасына апайынан басқа біреу-міреу жолай қалса, жеті атасын түгендеп боқтайтынды шығарды.
Беррин-ханым Саидтың балалық шағындағы осындай өткен-кеткенін профессор мен Рефикке айтып берген соң, олар емдеудің жолдарын тезірек тапты. Профессор Саид мұнда біраз емделгеннен кейін Америкаға барып, неғұрлым жаңа тәсілмен емделуге тиіс деді. Ал Саидтың Севимсіз ешқайда аттап шықпайтынын сезген доктор Рефик гипноз сәтінде оның Америкаға барып емделгенде ғана нағыз футболшы болып шығатынын, онда қалыңдықсыз барғанда ғана дұрыстап ем қонатынын күйеу жігіттің миына құйып бақты…
Рефиктің кабинетіне кірген бойда Саид есінеп-құсынап, қор ете түсуге бейімделе бастады. Диванға әрең жетеді де: «Сиқырлап ұйықтатуға болады дегенге ешқашан сенбеймін» деп, сылқ етіп құлай кетіп, қатып қалады. Әу баста сан санап ұйықтатқанға дағдыланғаны ма, әйтеуір, Саид цифр естіген сәтте де ұйықтай салатын болды. Бір жолы Рефик әйелінен әлдекімнің телефон нөмірін сұрап еді, Саид оны естісімен қылжия кетті.
Достыққа адал Рефик ұйқыдағы Саидтан оның өткендегі өмірін сұрап алады, болашақ ойын сұрап біледі. Оның әрбір емінен кейін Саид иығынан ауыр жүк түскендей сергіп, көңілденіп қайтады.
Бір күні Рефикке барар алдында тамақтанып алғысы келген Саид үстел басына отырып, Анжела бикенің ас әкелуін күтті. Апайы үйде жоқ болатын. Ары күтті, бері күтті, жарты сағат өтті, Анжела жоғалды. Рефикке кешігіп қалмайыншы деп Саид ас үйге барса, Анжела бике көзәйнеігін мұрнына қондырып алып гәзет оқып отыр!
–Анжела бике, не боп қалды? Сізді қашанғы тосуым керек?!
–Қазіғ, пашам, қазіғ… Тамақты ысытып жатығмын… Мынаны оқып болайын… Әлгі бізге келе бегетін Ахмед-бей туғалы жазыпты… Өте қызық, пашам… Оны Ғумынияға апағу керек пе, жоқ па деп айтысып жатығ… Оған екі ойынға қатыспайтын етіп айып салған екен ғой…
Анжела бике мақаланы оқып болған соң тамақ жасады. Апайы да келді. Саид гәзетті алып, бірінші бетіне үңіліп: «Үкімет құрамындағы өзгеріс» деген тақырыпты дауыстап оқыды.
–Не деп отырсың, ұлым-ау! – деп қалды Беррин-ханым.
–Үкімет құрамындағы өзгеріс деймін. Оқу-ағарту министрі юстиция министрі болыпты, ал юстиция министрі оқу-ағарту министрі болыпты…
–Юстиция министрі мен оқу-ағарту министрі кімдер еді? – деді апайы.
Саидтың есіне Севимнің Ахмедті елдің бәрі біледі, министрлерді ешкім білмейді дегені түсті… Иә, Севим дұрыс айтады. Анжела бике де, апайы да үкімет министрлерінің бірде-бірін білмейді, ал Тасдуал Ахмед деген кім екенін, оның сол аяғында қандай қасиет барын жақсы біледі.
Анжела бике таңертеңгі гәзеттер Ахмед туралы не деп жазғанын Беррин-ханымға тәптіштеп тұрып айтып берді. Екі әйел «ШаШ» қорғаушысына қолданылған айып-шараның дұрыс-бұрыстығын талқылай бастады.
–О, алла, алла! Апеке-ау, Ахметте не шаруаңыз бар? Жас емессіз, – деді бауыры таңданып.
–Жаста тұрған не бар? Маған бәрі де қызық, ұлым. Сен деймісің, математика-сатематика деп жүріп жарық дүниені ұмытатын. Тасдуал Ахмедті білмесең, түрікпін деудің қажеті қанша? Сен Осман Қарабұрыштың кім екенін білесің бе?
–Сіз өзі стадионда болып көрдіңіз бе? – деді бауыры.
–Болған-болмағанда тұрған не бар? Мен басқалар білгенді білмей отыра алмаймын!
–Неге?
–Негесі сол, күн сайын гәзетті ашып қалсаң болды, Ахмедтің не суреті жүреді, не ол туралы мақала жүреді… Сонсоң қалай білмейсің?..
Тамақ ішіп болған соң Саид үйден шықты да, такси ұстап алып, Рефиктің үйіне тартты. Жаңбыр жауып кетті. Аялдамада аутобус тосып тұрғандар сүңгілене бастады. Соны көріп ыңғайсызданған Саид:
– Біреулерді ала кеткіңіз келсе, мен қарсы болмаймын, – деді шоферға.
Шофер мәшинені тоқтатып, толтыра кісі алды. Саидтың жанына ұл баланы жетектеген әйел мен ересек ер адам, ал шофердің жанына бір қыз бен келіншек отырды. Ол жолаушылар мынадай жаңбырлы күнде жұртты аутобуспен қамтамасыз ете алмай келе жатқан муниципалитеттің жаназасын шығара бастады.
Ересек ер адам:
–Жарқыным, қазір осы біздің муниципалитеттің бастығы кім? – деді шоферға.
–Е, мен қайдан білейін. Оны менің көршім не жегжатым деп естіп пе едің?
–Муниципалитеттің кінәсі қанша? – деді келіншек… – Үкімет ай қарап жүре ме? Жолды неге түзеттірмейді? Мұнымен қай министр шұғылданады екен өзі?
–Не ішкі істер министрі, не коммуналдық шаруашылық министрі шұғылданады, – деді қыз.
–Коммуналдық шаруашылық министрі кім? – деді келіншек қыстыға бастап.
Ешкім жауап қатпады.
–Министрлерді қазір кім біліп жатыр, – деді Саидтың жанындағы ер адам. – Министрлердің министр деген аты ғана бар…
–Оныңыз рас, әпендім, күнара ауысып жатады, ит білсін соларды.
Шофер радиосын сөйлетті. Диктор түрік командаларының алдағы ойындары туралы хабарласымен, мәшинедегі әңгіме бірден футболға ойысты.
Алда отырған келіншек өзінің екі ұлы бар екенін, екеуі екі команданың жанкүйерлері болғандықтан дау-дамайлары бітпей жүретінін айтты.
–Әпенді, сіз қай команда жағындасыз? – деді ересек еркек жанында үнсіз отырған Саидқа.
–«ШаШ-тың» жанкүйерімін! – деді Саид тәкаппар үнмен.
–Бәрекелді, бауырым, – деп шофер қатты риза болды да, Тасдуал Ахмедті «ШаШ-тың» ғана емес, ұлттық кұраманың да мақтанышы деп мадақтай бастады. — Оған бірер ойынға қатыспауға айып салып, Румынияға апармайтын болып отырған қандай ғана нақұрыс екен! – деп күйініп те қойды.
–Ол жақсы ойыншы, – деді «ЖЖК» командасына жанкүйер келіншек, бірақ тым дөрекі.
–Ханым әпенді, дөрекі емес, доғал деу жөн. Екеуі – екі басқа, – деді еркек наразы үнмен.
–Ол біздің футболымыздың жұлдызы! Профессор!.. – деді шофер.
–Ол Румынияда бәрін қатырады әлі! – деді кішкентай ұл.
–Әй! Ахмедті сен де білесің бе? – деді Саид таңданып.
–Оны кім білмеуші еді?! Севим екеуін де біледі…
Саидтан басқалары баланың футболшылдығына мәз бола жымиысты. Ал ересек еркек:
–Кім екеуін дейсің? – деді.
–Әлгі «Дальтонда» Ахмед екеуі болып, некелесуде…
–Болды! – деді шешесі зекіп. – Білмейтініңді бықсытпай отыр.
–Мен гәзеттен оқығанмын, – деп ұлы да болмады.
–Өсек-аяңды оқудың қажеті жоқ!
Саид қызарып, құнысып, біреу-міреу танып қоятындай қатты састы. Қалталарын қалтырай қармап, шоферге ақша ұсынып:
–Тоқтатыңыз, мен түсемін, – деді.
Түсіп қалып, басқа таксиге отырды. Севим мен Ахмед ойынан шығар емес.
«Шындықтың аты – шындық! Министрлердің аты-жөнін ешкім білмейді, ал Тасдуал Ахмедті бәрі біледі, оның бүкіл өмірбаянын да біледі…»
Рефиктің кабинетіне кіре бере Саид маужырай бастады. Әдетінше:
–Жоқ, сиқырлап ұйықтатуға болатынына мен сенбеймін, – деді де, тәтті ұйқыға шомды.

ТҮРІК ФУТБОЛЫНАН ТҰҢҒЫШ ДӘРІС
–Ақшасын тектен-текке ала алмаймын…
–Ақымақ болма, Ахмеджан! Бергеннен бас тартпа. Ақылы сабақ беретін бол.
–Оны қойшы, оның ыдысындағысы сұйық, ал саған не көрінді? Суға түсіп көрмей малтып үйренуге болмайды. Аяғы доп иіскеп көрмеген одан қандай футболшы шықпақ?
–Сен оған доп беріп қой, аяғы иіскесе де, өзі иіскесе де әуре боп жүрсін.
–Одан дәнеңе шықпайды… Допты тепкен жерде аяғы жұлынып қалар.
–Оған сенің нең кетті? Ақшасын алғанды біл. Оған сені футболдың профессоры деп түсіндіріп қойғанмын, сонсоң, профессор-бей, ол сенен сабақ алуға ынтық болып жүр. Сенімен сөйлесіп берші деп маған жалынғалы қашан! Айтпақшы, сен әлі неше жыл доп қумақшысың? Ертеңгі күнді ойлайтын да уақыт келді. Кеш қалмай тұрғаныңда, бір шылқыған бай қалыңдық тауып алғайсың.
–Иә, уақыт зымырап барады. Бір күні тырқиып та қалармыз…
–Менің ербигенім өте бай. Артық-ауысын ептеп ала бер. Ол одан кедей боп қалмайды… Дүкендерінің, үйлерінің бірін сата салады да ақшаға кенеліп жүреді олар…
–Доп қуғанды қоямын, жаттықтырушы болам…
–Доптан бәрібір құтыла алмайсың. Әлде спорт дүкенін ашып көрсең қайтеді? Мынаның ақшасын соған пайдалан. Ақшасыз ештеңе өнбейді.
«Шынында дүкен ашса қайтер еді? Атақ-даңқ жетеді, құдайға шүкір. Саудам да заулап кетер… Ол күні кеше жіптіктей жігіт еді, алаңда ортекеше орғитын, ешкім қуып жете алмайтын. Ал қазір денесі ауырлап, шау тартып барады. Алаңда айласын асыра алмай, амалы құрып, дөрекілік көрсетуге көшті. Қапы қалғанда қарсыласын тобықтан қағып топ еткізеді, қаралыққа қулығы жетеді, төрешілер аңғармай қалады».
Севим Ахмедтің айтқанға көнетінін сезді де, талабын тәптіштей түсті:
–Қиналатындай не сабақ бар?! Аптасына бір күн келесің де, менің ербигенімді бірер сағат қуалап қансорпасын шығарып қоя бересің.
Ахмедке бас шұлғытып болған соң Севим күйеу жігітіне телефон соғуға ұмтылды. О жақта трубканы Беррин-ханым алып, Саидтың университетке лекцияға кеткенін айтты.
Севим трубканы қойып, таң-тамаша кейіппен:
–Менің ербигенім есінен жаңылған болар. Университетке лекцияға кетіпті! – деді.
Лекцияның не екенінен бейхабар сұлу бір сұмдыққа тап болғандай күй кешті.
–Севим, маған жігіттер күледі ғой, – деді Ахмед.
–Саидқа сабақ бергенімді көріп қояды деп қорқасың ба? Мен оған дымыңды шығарма деймін. Мен айтсам, ол тілін де жұтып қояр.
Севим мен Ахмед оны қайтсек алдап соғамыз деп ақылдасып жатқан кезде Саид доктор Рефиктің лекциясында өзінің елден ерек сырқатының сыр-сипатын тыңдап отырды. Лекцияның алғашқы бөлімінде аурудың бастапқы белгілері айтылды. Саид досының ол жайындағы сөзін шынайы ықыласпен тыңдады.
– Психиатрияның әрбір мектебі бұл аурудың адамда бала жастан, неше түрлі әсерлердің салдарынан пайда болу жолдарын әрқалай түсіндіреді. Сондай-ақ, бұл ауру шартты рефлекстердің ықпалымен де анықталуы мүмкін… Кейбір психастениктер, яғни жігерсіз кісілер емделуден ат-тондарын ала кашады, сау жүргенше ауырып-сырқап жүрейін дейді… Олар ауруды тіршіліктің ауыртпалығынан құтқаратын себеп деп біледі, арпалысып өмір сүргенше ауырып тыныш жатсам дейді, сөйтіп өмірден қорқып, жасып жүреді…
Рефиктің кім туралы айтып тұрғанын Саид тұспалдап та білмес еді, егер досы емнің бұған белгілі тәсілдерін тізіп шықпаса.
–Ондай сырқат адамдарға психотерапияны қолдану, ағзасына дәрі жіберу шарт және спортпен шұғылдандыру керек… – деді Рефик.
Лекциядан кейін студенттер Рефикті қоршалап алып, оның білімдарлығына ризашылықтарын білдірді. Досын Саид та құттықтады, бірақ лекцияң мен туралы болды-ау деген ойын сездірмеді.
Олар бірге шығып, біраз жерге шейін әңгімелесіп бірге барды. Рефикпен қоштасып, үйіне қарай аяңдаған Саидтың ойы өз жағдайына ойысты. Бір айғы ем көңіл күйін жақсартты, ширатты. Көзі жақсы көре бастады, кітап, гәзет оқығанда мұрны тигенше үңілмейтін болды, шақырайған жарықтан енді жасқанбайды. Таңертең жаттыға қалғанда жастықтарды мүлт жібермей ұрады. Бір ғана түсініксіздік: Америкада не бар бұған? Екі дәрігердің екеуі де неге бар дейді? Мұнда ешбір дәріден де, уколдан да бас тартпай емделуге әзір, тек Севимнен айырмаса болды…
Апайы қарсы алып, тамақ жасады, үстелге бір бөтелке шарап қойды. Ал Севимнің сәлемін айтқан жоқ. Саид бірер бокал шарап ішетін болған. Апайы сонысынан шошып, Рефикке айтып көріп еді, Рефик жатып кеп қуанды.
–Ойбай, үндемеңіз, егер ол карта ойнай бастаса, бимен, әйелдермен әуестенсе, тіпті жақсы! Ем қонып, Саид сауыға бастады, – деді.
Телефон шылдырлады. Севим екен:
–Саид, сүйіктім, сүйінші! Мен оны көндірдім. Иә, иә, өлдім-талдым дегенде әрең келісті, – деді.
«Сүйіктім» деген сөз Саидты аспанға бір-ақ шығарды. Ал кімді, неге көндіргенін, неменеге келіскенін ұққан жоқ, қайталап сұрауға дәті жетпеді.
Севим сампылдай берді:
–Ол уақытым жоқ деп біраз бұлданды, бірақ мен де жабысып болмай қойдым. Сонсоң ол ақырында келісті… Алло, алло, естіп тұрсың ба? Ал-ло-о! Сен қуанбадың ба, немене?
–Қуанып тұрмын…
–Рахмет демедің ғой, мен өліп-талып жүрсем… Ертеңнен бастап кірісуіңе болады. Міне, Ахмед жанымда тұр, өзің сөйлес…
Әңгіменің жайын Саид сонда ғана ұқты. Ол:
–Қазір, қазір… Қазір келем, – деді сасқалақтап.
Ол жол-жөнекей гүл сатып алып, сол жерде ақшасын қалдырып қойып, гүл сатушы соңынан қуып жетіп қайтарып берді. Севимдердің алдыңғы бөлмесінде үй күтуші әйелді бассалып аймалап, ақырында одан кешірім сұрауға мәжбүр болды. Оны Севим екен деп қалыпты.
–Севим-ханым мен Ахмед-бей анда, – деді күтуші әйел меймандар бөлмесін нұсқап.
Саид бөлмелердің бәрін жасқана аралап, оларды таба алмай, меймандар бөлмесіне қайтып оралды. Тағатсызданып жан-жағына қарап еді, онда-мұнда іліп қойған, сүйеп қойған көдедей көп фотосуреттерді көрді. Емнің шипа болып, көзі жақсы көре бастағаны-ау… Суреттердің бәрінде: спортшы костюмін киген қыз бен жігіт. Сылқым жігіт қызды белінен құшақтап түсе беріпті. Бірінші суретке үңілген Саид ондағы қыздың Севим екенін көрді. Суреттің сыртына былай деп жазыпты: «Менің сүйіктіме Ұлытауда өткен шаңғы апталығынан ескерткіш. Сен – менің өмірімнің ең жарқын сәтісің, ең басты рекордымсың!»
«Севим жарады! Шаңғы тебудің де шебері екен ғой!» – деді Саид іштей. Басқа суреттерде Севим спорттың басқа түрлерімен шұғылданатын жігіттердің арасында жүр. Гимнастшы киіміндегі Севим суретінде: «Өзіңмен бірге гимнастика жасаған күндерімнен ескерткіш» делініпті. Севим яхта үстінде шомылу киімімен отырған суретте: «Армансыз өткізген күндеріміздің белгісі болсын» деген жазу бар.
«Алланың бергеніне шүкір, Севим спорттың талай түріне жетік екен. Енді мен футболшы болып шықпасам, Саид атым өшсін!..»
Үйдің бір қабырғасына түгелдей футболшылардың фотолары жапсырылып қойыпты. Саид музейде суреттердің түсінігін оқып тұрған кісіше фотолардың ескерткіш жазуларын оқуға кірісті.
Есік сықыр етіп ашылып, бір әйел кірді. Севимнің «сүйіктім менің» деген сөзі жігерін әлі де тасытып тұрған Саид тұра ұмтылып, оны бассалып аймалады. Бірақ әйел: «Ойбай, құтқарыңдар!» деп бажылдап коя берді. Сөйтсе ол да Севим емес екен. Ол әйел Жарқылдардың күйеу құтайып көрмеген, төрт рет жесір қалған бір жақындары еді.
–Кешіріңіз, мен сізді шешей-ханым екен деп қалдым, – деді бұл үйдегі әйелдердің қайсысы кім екенінен жаңылып жүрген күйеу жігіт.
Әйелдің шошынған дауысын естіп Севим жүгіріп келген-ді.
–Сен тағы шатастың ба? – деді ол шаңқылдап.
–Мен… бұл… бұл сіздің шешеңіз екен деп…
Севим дірілдеп кетті.
–Бұл неме қашанғы шатаса береді?! Бұрын шемді аймалай беруші еді, енді туысқаныма ауыз салды…
Саид пен әйел бір-бірінен кешірім сұрасып, біраз бөгелді. Әйелдің түрінде шошымастан шошып, жоқ ырымды бастағанына өкінген сыңай бар.
Севим ашуға булығып тұр. Ербигенінің шынында ынжық, ақымақ екенін де, әлде әдейі көлгірсіп, кездескен әйел атаулыны аймалауға құштар пәле екенін де айырып біле алмай-ақ жүр.
Есі шыққан Саид қалыңдығының алдында ақталуға тырысып:
–Көңіл-күйіңіз қалай? Біздің Ахмед қайда? – деді.
Қалыңдығы ашудан қалжырап, ызалана қарқылдап күлді. Сонсоң сәл-пәл тыншып, тербелмелі креслоға отырып:
–Сен кеш қалдың. Ахмед жаңа ғана кетті, – деді. Саид оның қарсысына, жердегі төсенішке дізе бүкті. Креслоны тербелтіп отырған Севимнің топ-толық жалаңаш дізесі Саидтың мұрнын сүйкердей боп тербеліп тұрды, Саид қызарақтап, төмен қарады. Севим оның жасқанғанын қызықтап, көңілдене сөйлеп:
–Ол сені үйретуге келісті. Мен көндірдім. Тек сен акысын төлеуің керек. Акша үшін емес, әрине, оны өзің білесің ғой… Сонсоң, Саид, сен байқа, ешкімге айтушы болма. Біреулер естіп қалса…
–О не дегеніңіз, Севим-ханым, ешкім де білмейді. Апайым да, Анжела бике де… Сізге уәде берем!
Ахмед дүйсенбі және бейсенбі күндері түстен кейін келіп жүрді. Бақ іші салқын деген соң Анжела бике оларға үшінші қабаттағы бос тұрған залды ашып берген. Әуелде Ахмедтің неге келіп, не істеп жүргеніне Беррин-ханым да, Анжела бике де назар аудармады. Жігіттердің залды іштен жауып алатынын білген соң ғана ойлана бастады. Кейде шай, кейде кофе апарып жүретін Анжела бике ештеңе сезе алмады. Сығалау, тыңдау сияқты кәсіпті суқаным сүймейді дейтін Беррин-ханым, енді сол кәсіппен шұғылдануға кірісті. Мәселе бауырына қатысты болған соң қайтсін!..
Бірде ол мынадай әңгіме ести алды:
–Футболда, демек, ойын кезінде сен міндетті түрде білуге тиіс ережелер бар, – деді Ахмед. – Бірінші: айтайық, қарсыласың допты алдына салып алып, тура саған қарай келе жатыр делік… Сен не істейсің сонда? Одан допты тартып ала алмайтыныңды сездің… Кәне, не істейсің?..
–Білмеймін… Аллаға жалбарынып, ананың сүрініп құлап қалуын тілеймін.
–Өй, ақымақ! Дұрыстап тыңдап, ұғып ал. Ол жаныңа келген кезде құйымшағына теуіп кеп жібер де, өзің одан бұрын құлай кетіп, біреу теріңді тірідей сыпыра бастағандай бақыра баста… Ұқтың ба?.. Егер жаңбыр жауып тұрса, одан да қорғанба, кір болам деме… Футбол кірсіз болмайды. Сөйтіп, жерде дөңбекшіп жата бер, уақыт өте берсін. Кімді кім құртқанын төрешілер де, жанкүйерлер де байқамай қалған соң, арғы жағын ішің білсін… Біздің жанкүйерлер тым-ақ мейірімді, олар алаңда аунап жатқанды аяйды…
–Неге?
–Өйткені, біздің жанкүйерлердің өздері де өмірден тепкі көріп жүр… Олар ысқырып, айқайлап, әлгі қарсыласыңды алаңнан қуып жіберуді талап ете бастайды… Ал сен сорлы дөңбекшіп, ыңылдап жата бересің… Қалай, түсіндің бе? Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, сенен кейін әлгі қарсыласың да құлайды, бірақ жанкүйерлер оған сенбей, ысқырықты үдете түседі… Зембіл көтергендер саған жүгіріп жетіп келеді. Сен орныңнан жер тірей әрең тұрасың, беліңді ұстайсың, бүгіліп қайтадан құлайсың, қайта тұрасың, ақсай басып ойынға қайтадан араласасың. Неге дейсің бе? Өз командаң үшін өліп жатып та ойнауға әзір екеніңді жұрт көруі керек, бауырым! Содан кейін жанкүйерлер сен дегенде ішіп отырған асын жерге қоятын болады… Ұқтың ба?
–Ұққан сияқтымын.
–Бізде ондай қулық іске аса береді. Бірақ немістерге қарсы ойнай қалғанда ондайдан аулақ бол. Немістер дегенің, бауырым, біздің халықтай емес. Біздер алаңда ойбайлап аунап жатқанды мүсіркейміз, ал немістер, керісінше, ондайларды әлжуаз деп жек көреді. Нашар екенсің, сыбағаңды ал дейді. Яғни түріктер жеңіліп жатқанды аяйды, ал немістер жеңілген ұлдарын да аямайды. Немістер күштілердің жағында. Ұқтың ба? Олар жеңе алатындар жеңуі керек деп біледі. Біз болсақ, жеңгендердің ұпайы онсыз да түгел дейміз. Неге? Себебі, бауырым, біздің түріктер өмір бойы жеңіліп келе жатыр, сондықтан әлсіздерді аяйды…
Талай жыл Францияда тұрып келген Саид француз жанкүйерлері қандай болатынын білуге құмартып:
–Ал француздар ше? – деді.
–Француздар да біздердей емес. Алдай алмайсың. Олар кімнің не істеп қойғанын ұйықтап жатып та біледі… Рас, төрешіге жер соқтыра алсаң, онда олар сенің жағыңда. Егер төреші сенің кім екеніңді сезіп қойса, онда «есің барда еліңді тап», алаңнан тезірек таюға тырыс, әйтпесе бетіңе түкіреді…
–Ағылшындар ше?
–Ойбой, оларды қой! Олар алдану дегенді білмейді, қайта өзіңді шоңқитып кетеді… Олар бәрін де күні бұрын біліп отырады… Есіңде болсын, жеткенде түбіңе ағылшын төрешісі жетеді… Футболдың әліппесі, Саид-бей, міне осындай… Өзімнің жиырма жылда көріп-білгенімді саған жиырма минутта айтып бердім, өйткені сен – өзімсің. Бұл айтқанымды есіңде үнемі сақта, бауырым, құйымшағыңды қорғай біл. Сөйт. Доп қуалай алмасаң да, бір естігеніңді қағып алатының бар ғой.
Келесі сабақта Саид алғашқы жазып алған ережені оқып берді.
«Егер қарсылас команданың ойыншысы доппен жүгіріп келе жатса, сен оның добын тартып ала алмайтын болсаң, онда оны құйымшаққа тебу керек те, тезірек құлай кету керек, себебі кімді кім ұрғанын төреші де, жанкүйерлер де білмеуі керек. Мұны немістерге қолдануға болмайды».
–Жарайсың, достым, ғылыми тілмен жазыпсың. Тек есіңде болсын, біздің ереже – құпия! Мұныңды жүз рет көшіріп жазып шықсаң, тура жаттап аласың… Мен сенің ақшаңды текке ала алмаймын. Яғни екінші ережені де миыңа құйып ал, қарсыласың сенің қақпаңа голдың бірінен кейін бірін салып, саған көз аштырмай қойды, сен әбден титықтадың дейік. Сонда қайтуің керек?
–Дем алуым керек болар…
–Бауырым, сен дем алатындай кофеханада отырған жоқсың, футбол ойнап жүрсің. Үзілісте дем алсаң да жетер. Сонымен, не істейсің?
–Білмеймін.
–Ендеше ұғып ал. Қарсы команданың бір футболшысының жанына жүгіріп барып, жалп етіп құлап түсуің керек…
–Бірінші ережеде де осылай делінген.
–Онда әуелі құйымшағына тебесің делінген, ал мұнда құлайсың да, өліп қалғандай жатасың. Ұқтың ба? Тырп етпей жатып, дем ала бересің. Бірде мен сөйтіп жатып маужырап кетіппін. Басыма доп сарт ете түскенде бір-ақ ояндым. Алаңда қанша уақыт жату керектігін білуің керек. Ойынның екі жартысы біржарым сағатқа созылады десек, соның қырық минутында ғана ойнап, басқа уақытын жаңағыдай дем алумен өткізуге болады. Шаршағаныңды сезсең, жата кет те дем ал, ұялма. Бұл ережені ешкімге айтпа, әйтпесе футбол алаңы жағажайға айналып кетуі мүмкін. Ұқтың ба?
–Ұқтым.
–Мұны да жүз рет көшіріп жаз да жаттап ал.
Сабақ та бітеді, Ахмедтің қалтасына ақша толы конверт те сүңгиді. Саидтың оған төлеген ақысы бірде-бір жаттықтырушының түсіне де кірмеген болар-ау. Ахмед жылмиып, Севимге тура тартады.
–Сенің ербигеніңе тағы бір сабақ беріп келдім… Мен аузыма не түссе, соның бәрін айта беремін, ал ол жазып алғанымен қоймай жаттап та алады…
Алайда көп ұзамай Ахмедтің берекесі кете бастады. Саид оны мазақтап, әдейі аңқаусып жүрген сияқтанды. Жиырмасыншы сабақтан соң Ахмед шашын жұларман болып:
–Енді өлтірсең де оқытпаймын. Ербигеніңе ербитіп отырып он ереже жазғыздым, енді ойдан шығарарым да қалмады. Ақшасы құрысын! – деді.
–Ахмед, сүйіктім, сәл шыда! Ақшасын әлі де ала түс. Күліп жүргенімізге жақсы.
–Кім кімге күлерін ит білсін. Сенің сол ербигенің мені де мазақтап жүргеннен сау емес… Енді қолқа салма, мен әбден титықтадым.
–Оған біздің футболдың тарихын мыжытып қойсаңшы.
Бұл ұсыныс Ахмедке ұнап кетті. Сабақ жалғаса берді:
–Бауырым, біз енді даңқы асқан отандық футболымыздың тарихын оқып үйренуге тиіспіз…
Саид кітапханадан шықпайтын болды. Гәзет-журналдардың тігінділерін ақтарды. Не көп, Ахмед туралы жазылған мақала көп екенін көріп таңданды…
Бірде, жігіттер сабақтан тарқағаннан кейін Беррин-ханым залға кіріп, еденнің бормен шым-шытырық шимайланып қалғанын көрді. Анжела бикені дереу шақырып алып сұрап еді, білмейтіні бит ішіндеп бике оның футбол алаңының жобасы екенін бірден айтып берді.
Апекең үкідей ұшып, Рефикке жетті. Доктор оның хабарына кәдімгідей қуанып, Саидтың сауыға бастағаны ғой дегенді айтты.
Саидтың өзі де мәз-мәйрам. Сіңбіруге уақыты жоқ, дүйсенбі мен бейсенбіде профессор Ахмед келіп сабақ береді, ал басқа күндері ол Рефиктің және оның досының қабылдауына кезек-кезек барады.
Иә, жұмысы басынан асып жатты.

ТОМПСОННЫҢ ҚЫРСЫҒЫ
Күндердің бір күнінде Тасдуал Ахмед тас-талқан болып:
-Саидқа сабақ бермеймін, оның жындыханасына бара-бара жалықтым, миллион берсе де құрып қалсын! — деп өнер шығарды.
–Сүйіктім-ау… – дей берген Севимге:
–«Сүйіктімің» құрысын! Оны енді өзіміздің жаттықтырушымыз, ағылшын Томпсонға тапсырғаннан басқа амалым жоқ. Томпсон кәрия біздің жаттығуға қатыспайтынымызға қазірдің өзінде тісін қайрап жүр. Саидты алсын да есесін қайтарып қарық болсын. Ол мұнда бәрібір көп тұрмайды, шарт мерзімі бітуге жақын, – деді.
–Сүйіктім-ау, жаным-ау, Томпсон оған шын футбол ойнатады да, аяғын аспаннан келтіреді ғой! Жүгіртер, секіртер. Сөйтіп, өзі де ербиіп әрең жүрген немені тойға дейін тырқитып тастайды. Тым кұрыса той өткенше жүре тұрсын…
–Онда тойды кешіктірмеңдер. Шешеңе айт, бұртаңдағанын қойсын… Үйді жасаулатып алыңдар да, тойды бастаңдар… Томпсон сенің ербигеніңді адам етіп шығарады…
Ахмед айтқанын орындады, ағылшынға Саидтың жайын айтып берді. Анау қаншама ақшақұмар болса да, шылқыған бай әуесқоймен әуреленгісі келмеді, кәсіпқорға ғана илігетінін айтты. Сонсоң Ахмед оның ар-ождарын оята сөйлеп, Саидтың сауығып адам болуы соның қолында екенін дәлелдеп бақты. Томпсон көнді.
Футбол ғылымының профессоры Саидқа сабақ беруді аяқтап қалған-ды, теориялық дайындық тәмәмдалып, нақты ойынның өзіне кірісетін сәт келген. Ахмед: — «ШаШ-тың» жаттықтырушысыТомпсонмен келісілді, сендер енді жаттыға бастайсыңдар, тек сенен бір ғана өтінерім – түрік футболының құпияларын ағылшынға өлсең де сездіре көрмегейсің, — деді.
Томпсон мен Саид бір-біріне ә дегеннен-ақ ұнады. Біріншіден, екеуі әкелі-балалы адамдардай ұқсас екен, тек ағылшынның жүріс-тұрысы біршама ширақтау. Екіншіден, екеуі де можантопай пенделер.
Ағылшынның бар-жоқ арманы – ұлы футболшыларды тәрбиелеп шығару. Бұл өмірінде ол футбол әлеміне жарқыраған талай жұлдызды силады. Оның түлектері сан елдің футбол командаларында даңқын шығарып жүр. Сары езу балапан кездерінде келіп, топшысы тегеуірінді қыран боп ұшқан талай сұңқары бар. Әлжуаздан әйгілі фулболшыға айналып, қай елдің құрамасы болсын мақтаныш етерлік дәрежеге жеткен шәкірттері көп.
Томпсонның атағы әлемді шарлап, ақырында Түркияға да жеткен. Сол-ақ екен, дүние жүзі футболының бұл дүлдүлі «ШаШ-қа» жаттықтырушы болып оп-оңай орналаса қалды. Әуелде, «асатпай жатып құлдық» қайдан болсын, команда мен жаттықтырушы тіл табыса алмады. Команданың ойыны нашарлай берді. Ол үшін, әрине, жаттықтырушыны кінәлады. Томпсонға жұмыссыз қалу қаупі төне бастағанда, «өлмейтінге – өлі балық» дегендей. Саидпен ұшырасып, рухани серігін тауып, ертеңгі күнінің еншісі молайды да, ол жаттықтырушылық кәсібіне қайтадан құлшына кірісті. Саид әуелі француз тілінде, сонсоң ағылшын тілінде сөйлеп еді, Томпсонның төбесі көкке жетіп, бейтаныс жігітке бауырындай елжіреді.
Ағылшынның арманы гүл жарды. Саидтай шикі өкпеден жақсы футболшы өсіріп шығара алатынына ол шүбәланбады да, іске шұғыл кірісті. Оның жаттығу шарттары тым күрделі, талабы тым қатаң еді, онысына сүйікті шәкіртім шыдай алмай жүрер ме екен деп қауіптенді. Ал Саид болса, тезірек футболшы болып шығу үшін өзінің адам шыдамасқа да шыдайтынын мәлімдеді. Ол Томпсонды доктор Рефикпен, профессормен таныстырды. Үш білгір өздері тәжірибеден өткізетін Саидқа арнап жаттығудың ғылыми негізді бағдарламасын жасады. Саид мәре-сәре. Арманына қолы жететін болды!
Жаттықтырушының үйретуімен ол гимнастикамен шұғылданды, жүгірді, секірді, тас көтерді, темір иді.
Жаттығудың алғашқы күндері Саидқа ауыр тиді. Аяқ-қолын жия алмай шашылып қалып жүрді. Бәрін тастап, безіп кеткісі келді. Бірақ есіне Севим түседі де, жасықтығы дереу өжеттікке айналып, қандай сыннан болсын өтуім керек, өлсем де өтемін деп қайтадан құлшына кіріседі.
Доктор Рефиктің сиқыр сеанстары кезінде сен ұлы футболшы боласың деп сендіріп жүргені және бар. Доктор оның сондай боларына сенбесе де, оны қалайда сауықтырғысы келеді. Қызға махаббаты мен футболға құмарлық құлшынысының жәрдемі болатын шығар. Психотерапия өнерінің осындай себептерге сүйенетіні де бар емес пе?
Жаттығу күндерінің бірі еді. Түсінісіп, достасып кеткен Томпсон мен шәкірті Жиреншілер үйінің іргесіндегі бақта жүрген. Күтімсіз бақ әбден тозып, шөп басып, қоршау қашасы қаулап өскен қурайдан көрінбей қалған-ды. Әуелде Саид бақтың үйге жақын, шағын ашық алаңқайында жүгіріп жаттығып жүрді. Ол алаңқай енді тарлық ете бастаған соң Томпсон мырза тұрды да, қоршау қашаны жағалай бір жүгіріп келші деді Саидқа.
Саидтың да күткені сол болса керек, зымырап ала жөнелді де, мөлшері он бес метрден кейін жер жұтып жібергендей-ақ көзден ғайып болды.
Томпсон мырза шәкіртін тосып, алаңқайда тұра берді. Біраз тосты. Бақты асықпай аяңдап айналып келетіндей уақыт өтті, Саид көрінбейді. Жаттықтырушы алаңдап, Саидтың соңынан ұмтылды. Бірақ қалың қурай жолын бөгеп, адымын аштырмады. Сонсоң ол шәкіртінің атын атап бір-екі рет айғайлады да, үйге қарай аяңдады. Үйде ұшырасқан Анжела бикеге:
–Саид-бейді көрген жоқсыз ба? – деді.
–Сіздің жаныңызда емес пе еді? Әлгінде ғана секіғіп жүғген жоқ па еді?
Терезеден Беррин-ханым көрінді.
–Не боп қалды? – деді ол.
— Томпсон-әпенді айтады, біздің Саид жоғалды дейді.
Жаттықтырушы түрік-ағылшын тілінде таңдана сөйлеп, бақтың қоршауын жағалап жүгіріп кеткен Саидтың әлі келмей жатқанын айтты. Беррин-ханым қобалжи бастады.
Іздеу басталды. Әуелі үйдің барлық бөлмесін, сонсоң шатыр мен ұраны қарасты. Содан кейін есік алдына шығып, «Са-и-ид!» деп дауыстасты.
Жым-жырт.
–Ол қашадан секіғіп кетіп қалған шығағ?
–Не деп тұрсыз, Анжела бике, біздің қашадан секіріп кету мүмкін емес қой? – деп Беррин-ханым қолын уқалап тұрды да, жиен бауырының өлігінің үстінен шыққандай еңіреп қоя берді.
Томпсон мырза күбірлеп күйіп-пісіп, бақ ішін шарлап, Саидты іздеп кетті. Қашаны жағалап жүгіртіп несі бар еді бар болғырды. Қайда кетті? Көз алдымда шынымен жер жұтып қойды ма? Ағылшында, әрине, Саид өліп қалды деген ой болған жоқ. Оны өзінің қайдағы жоқ қырсыққа ұшырай беретіні ыза қылды. «ШаШ-пен» жасасқан шарт мерзімі бітуге таяу, қалтасы қалың шәкіртінің қашып кеткені мынау, қолға алған ісінің бәрі қожырай беретін болды.
Анжела бике Саидты қайтадан үйден іздеуге кірісті. Беррин-ханым бетін тырнап жылап отыр:
–Әлгі албасты қыз оны ақылынан адастырып тынды! Қайран ұлым, соның кесірінен құрыды-ау! Құдай төбеңнен ұрғыр залым қызға кез болғаны-ай! Атың өшкір Ахмед те тап болды! Әй, кәпірлер-ай! Сендер болмасаңдар, біздің зиялы тұқымнан шыққан айналайынымыз күні бойы жүгіріп, секіріп әлек болар ма еді?! Ой, алла-ай!..
Беррин-ханым телефонға барды. Суық хабарды Жиреншілер әулетіне айтпасқа амалы жоқ. Алдымен Әбдішүкір-бейге телефон соқты. Ол шал Саид жоғалды дегенді түсінгенмен, қай Саид екенін ұға қоймады.
–Кім жоғалды дейсің? – деп шарылдады.
–Саид… Біздің Саид жоғалды…
Шал соңғы жылдардағы ештеңені есіне сақтай алмайтын болған. Оның есесіне жас кезіндегілері көкейінде әлі сайрап тұр еді.
–Саид-паша жоғалды дейсің бе? Садразам Саид-паша жоғалса, біз не болдық енді?!
–Қайдағы Садразам? Біздің Саид жоғалды, біздің Саид! – Тұтқаны Әбдішүкір-бейдің жиырма жастағы немересі Айфер алды.
–Сенің атаңа ештеңені ұқтыра алмай тұрмын… Мен біздің Саид десем, ол қайдағы бір Садразам Саид-пашаны айтады.
–Атам естелік жазып жатыр еді, кешеден бері сол Садразамды айтып жүрген…
–Әбдішүкір-бей естелік жазып жатыр ма? – деді Беррин-ханым таңданып.
–Иә, бір журналға бермекші. Онысынан не шығарын білмеймін, ал өзі соңғы кезде сандырақтай бастады. Жазып-жазып отырады да: «Республиканы мен орнаттым!» деп ежірейіп шыға келеді. «Ата, сіз ол кезде Лондонда болатынсыз» десем, ол: «Мен әуелі республиканы орнаттым, Лондонға сонсоң қаштым» дейді. Мен журналдың иесіне телефон соғып, осылай да осылай десем, ол: «Әп бәрекелді, дұрыс болған! Тарихты неғұрлым былықтыра түссе, соғұрлым қызық болады», – деп күледі.
–Қызым-ау, мен біздің Саидты…
–Менің Саид ағайым ба?
–Иә, сол жоғалды… Аяқ астынан жоғалып кетті!
–Үлкен кісілер жоғалушы ма еді?
–Жоқ болған соң жоғалғаны ғой. Сенің атаңмен ақылдасайын деп едім, қайыр, қайыр!
Беррин-ханым туыстарының бәріне телефон соқты. Бәрі де істеуге іс таба алмай, іштері пысып отыр екен, Саид жоғалды дегенге қатты қуанып, бір серпіліп қалды. Қауқылдасып-шауқылдасып, Шафран-заденің шаңырағы астына жинала қойды. Беррин-ханымға, Анжела бике мен Томпсон мырзаға
жан-жақтан сұрақты жаңбырша жаудырып, Саидтың бақта не іздеп жүгіргенін білуге асықты.
–Әлде біреу қуалады ма? – десті.
–О, алла, ересек адамның жүгіргені тағы қайдан шықты? – десті.
–Біздің Саид футбол ойнауды үйрену үшін мына Томпсон мырзаның басшылығымен жаттығып жүрген еді, – деді Беррин-ханым.
–Ә-ә, денесін шынықтыратын деші.
–Жас кезімде швед тәсілі бойынша гимнастикамен шұғылданған едім.
–Сіздің жас кезіңізде гимнастика дегенің атымен жоқ болатын!
–Жарайды, оны қойшы, ал Томпсон-әпендінің көз алдында жаттығып жүрген Саид қайда құрып кетті?
Нені болсын тәптіштеп, иін қандырып, үстемелеп, асықпай-үсікпей айтуды сүйетін Беррин-ханым қиял құсын түлетіп, әңгімені әліпбиінен бастап баяндап шықты.
………………………………….
*Садразам – Осман мемлекетіндегі бас уәзірдің лауазым-атағы.

–Ханып-әпенді, демек, біздің Саид қолды болған екен! – деді Қысмет-әпенді қорытынды жасап.
–Өйтетін кім бар сонша?
–Білмеймін, бірақ бір кісі емес, олар көп.
–Ұрлап кететіндей Саид қыз емес қой.
–Біздің Саид кез келген қыздан сұлу болатын.
–Қазір өзі қайтарым төлем алу үшін кісі ұрлайтынды шығарып жүр.
–Жоқ, бұл ібілістің ісі, – деді спиритизммен әуестенетін Шүкір-ханым апай, – біздің Саид ылғи да өзімен-өзі сөйлесіп жүретін. Меніңше, ол солармен сөйлесіп жүрді! Оны солар шақырып алды!..
Жан-жақты ойлай білетін жақындарының бірі Саидтың жоғалғанын полицияға хабарлау керек дегенді айтты. Ол ұсыныс дау туғызды. Жиреншілер әулеті полициямен істес болудан безетін, өйткені полицияның соңында шұбап тілшілер жүреді де, ақ-қараңды айырмай апалақтатып жазып, жер мен көктің арасын шуға толтырады.
Алайда полицияға хабар берілді. Полициядан бұрын Севим жетіп келіп, табалдырықтан аттай бере өкіріп, шашын жұлып, кеудесін ұрып, дүниені басына көшірді. Оны әншейінде суқандары сүймейтін жиреншілердің қабырғалары қайысып, жабыла жұбатуға кірісті.
– Мені неге тастап кеттің?! – деп Севим сұңқылын үдете түсті.
Махаббаттың құдіретті күңіренісіне куә болған жиреншілер қалыңдықпен бірге зар еңіреді.
«Махаббат деп осыны айт! Ләйлі мен Мәжнүндей! Ромео мен Джульетта! Севим мен Саид!..» деп сыбырласты шал-шауқандар, жалаңаштың аз-ақ алдындағы Севимге қарап отырып (асығып тұра жөнелген қалыңдық көйлегін киюді ұмытып кеткен-ді).
Еркектердің ала көздерімен ата бастағандарын аңғарған Анжела бике ақ жайма алып келіп, күңіренген қалыңдыққа қымтай жапты. Севим жесір қалған әйелше сұңқылдап отыр. Арасында Зүбәйда-ханымға сыбырлап, Саидтың о дүниеге кетер алдында мұны екіқабат етіп үлгіргенін айтты. Бұл жаңалықтан кейін қалыңдыққа жаны ашығандар күрт көбейді.
–Ей, байғұс-ай, уылжыған күйінде балалы жесір болып қалды-ау! – десті олар.
Кешке жиреншілердің үйіне полиция да келді. Үшеуі формалы, біреуі жай киім киген. Олар куәлардан жауап алып болып, оқиға орынын көруге үйден шықты. Томпсон мырза түрік сөздерін белінен баса былдырақтап:
–Мен тұр, Саид-бей жүгір… Мен көр, ол жоқ! – деді.
Жаттықтырушы таңертең Саидтың қай жерде, қалай тұрғанын көрсетіп, Саидша жүгіріп ала жөнелді де, бір топ қурайға кіре бере кенет ғайып болды. Соңынан қарап тұрған көпшілік.
–Ойбай! – деп шу ете қалды. Әлдекім:
–Томпсон мырза! – деп айғай салды. Жым-жырт. Полицейдің біреуі тапаншасын суырып алып, жер жұтқан ағылшынның ізімен ілгері ұмтылды да, әлгі топ қурайға жете тоқтап, ары-бері қаранып, аттай бере ол да ғайып болды.
Көпшілік тағы да ышқынып, топ қурайға жетіп-жетіп барысты. Қурайдың арасындағы жалғыз аяқ ескі жол аңның жолына қазылған шұңқыр тәрізді ескі құдыққа барып тіреледі екен. Саид та, Томпсон мырза да, тапаншалы полицей де сол құдыққа құлап түсіпті.
Ол құдықтың барын Беррин-ханым ұмытып та кетіпті, ал Саид тіпті естіген де емес. Құдықтың суы тартылып, іші-сыртын шөп, қурай басып кеткен.
Алты метр биіктен құлаған Саидтың басы тасқа тиіп, есінен танып қалған да, ешкімнің шақырғанын естімеген. Ал үстіне Томпсон құлап түскенде есін сәл-пәл жиып, әдетінше: «Го-о-ол!» деп ыңырана беріп еді, бірақ жаттықтырушының бәтіңкесі басына сарт етіп, есі тағы ауып кетті. Полицей де оңдырған жоқ, оның тапаншасы Саидтың самайына шақ етті.
Құдыққа құлағандарды құтқару үшін өрт сөндірушілер командасы шақырылды. Олар түн ортасынан ауа келіп, шамдарын жарқырата жағып, құдыққа саты түсірді. Сатымен әуелі Томпсон мырза, соңынан полицей шықты, Ессіз-түссіз жатқан Саидты өрт сөндірушілер көтеріп шығарды.
Беррин-ханым дереу доктор Рефикке телефон соқты. Есін жинай алмай жатқан жиенінің хал-жағдайын көріп кетуді өтінді.
Саид есін жиып, төңірегіне таңырқай қарады. Өзінің қайда жатқанынан, неге жатқанынан мүлде бейхабар. Рефикті көргенде ғана баяғы әдетінше:
–Босқа әуре болма, мені гипнозбен ұйықтата алмайсың! – деді.
Доктор оны ары қарап, бері қарап, мертіккеннен аман, қайта бұл жәйт оның орталық нерв жүйесіне жақсы әсер етуі де ғажап емес дегенді айтты.
Шынында есін әбден жиған Саид көзінің анағұрлым жақсы көретін болғанын байқады. Сөйтіп, ол оңала бастады.
Бұрын Америка дегенде аза бойы қаза тұратын Саид енді ол сапарға қуана-қуана келісті. Сонысынан хабардар Севим мен шешесі оған той күнін өзің белгіле деп еді, Саид сәл ойланайын деп одан да сыпайы құтылды. Тойды тездетейік деп тақымдаған, әрине, қалыңдығы еді. Жағдайын айтып жабыса түсті. «Баланың жазығы жоқ қой», деді ол. Саид оның кезекті жылмағайлау операциясын жасатып тастағанын білмесе де, әлдекімнің баласына енді әке болғысы келмеді. Оның жатса-тұрса ойлайтыны – футболшы болу. Ол ойы сонау бір кезде қол жетпес армандай еді, енді Рефик те, профессор да, Томпсон да құптап, сендіріп жүргенде тойды кідірте тұруға да болады.
Томпсон оны «ШаШ-қа» қосып жаттықтыра бастады. Кейде команданың екінші құрамына қосып та қояды. Рас, футболшылар ілмиіп тұрған оған онша тәуір көзбен қарамады, тек Дүндар Мылжың-бейдің ықыласы барын байқап қана ілтипат жасап жүр. Ал Мылжың-бейдің өз есебі өзінде, оның үлкен қалтасындағы қалың қаржының біразын қалай да клубқа қотарып алмақшы…
Саид Жарқылдардың үйіне жоламауға айналды. Күні бойы жаттығуда, дәрігерде, емделуде жүреді, махаббатқа уақыты қалмайтын болды. Бауырының ширап, толып, өңденіп бара жатқанына апайы мәз.
Севим кұдайдың құтты күні Саидтарға телефон соғады, бірақ жауапқа жарымайды, еститіні:
–Саид-бей жаттығуда…
–Саид-бей жаттықтырушысына кетті…
–Саид бүгін ойында…
–Ол Томпсон-әпенді екеуі клубқа кетті…
–Бүгін оның аса маңызды жаттығуы бар…

ИСПАН ҚЫЗЫ АЙСЕЛЬ
Саид сасайын деді. Жарқылдар мен Тасдуал Ахмед той жаса деп жаналқымға алып барады, доктор Рефик пен профессор дереу Америкаға аттан дейді. Танысқандарына жылдан асып кетсе де, Севим мен сенен екіқабатпын деп әлі күнге ол да қылқылдайды. Әрине, онымен батыл да ашық сөйлесетін кез келді. Саид зиялы ортада өскен тәрбиелі адам болғандықтан, Севимге, «Ол баланың менен болмағанын білем ғой», немесе, «Құр сүйіскеннен бала жаралмайтынын мектеп жасындағылар да біледі» дей алмады.
Иә, олай деп ештеңе айтып үлгірмеді. Севим онысын ернінің емеурінінен сезе қойды да, алданып қалған қыз болып, ботадай боздады, серейіп талып қалды, ұшып тұрып өз шашын өзі жұлып жанталасты. Сонысынан шошынған Саид шөке түсіп:
–Сүйіктім, мен сізге жүрегіңізден өз орнымды алған соң ғана, сізге шынайы ие болған соң ғана үйленемін… – деді.
Жанталасқан Севим кенет тынышталып, оған ойлана қарады. Саид болса, не айтып, не қойғанын енді аңғарып, бұдан бір апта бұрын мұндайды айта алмас едім-ау деп өзінің батылдығына іштей таңданып отыр.
Севим оны басынан сипап, жұмсақ сөйлеп:
–Сен Америкаға кетпексің бе? – деді.
Оны қайдан, кімнен білді екен? Рефик пен профессор ғана білетін еді. Ол шалдуарлығынан жаза алған шәкіртше қызарып:
–Оны кім айтты? – деді.
–Демек, рас екен ғой…
Севим алжапқышының алдын барынша көтеріп, көз жасын сүртті, ал Саидтың… көз алды қарауытып, басы айналып кетті…
–Дәрігерлер барасың деп болмайды, – деді ол тұтығыңқырап.
–Менің оны басқа біреулерден естігенім қалай? Саид, сен мені өкпелеттің, ақылдаспадың… Сөйтіп, мені ертпей, жалғыз кетпекшісің бе? – деді Севим аянышты кейіппен.
Саид үндемеді.
–Америкаң адыра қалады! – деді Севим енді шегелей сөйлеп. Жалғыз бармайсың!.. Жақында біздің «ШаШ» Бухаресте румындармен ойнайды, – қыздың даусы қайтадан жұмсарды. – Оған дейін екеуіміз үйленеміз, Бухареске бірге барамыз. Одан әрі Швейцарияға, сонсоң Италияға барамыз. Алғашқы ләззәт айымызды сөйтіп өткіземіз. Сөйтеміз, иә? – деп күйеу жігітін бетінен сүйіп, былбыратып жібітіп қойды.
Саидтың оған қараған сиқында бір сыр бар еді. Ол Севимнің кім екенін түсінуге тырысты. Қас қағым сәтте қайтіп қырық құбыла алады? Әлде мектепте сөйтіп үйрете ме екен? Оның екіжүзділігін біле тұра бетіне қарсы келе алмайды, көзі де, сүйісі де ертіп жібереді. Ол бұйырса, бұл иірімге секіруге де әзір…
Саид досы Рефикке барды да, қалыңдығы екеуінің арасында не болғанын, қыздың мінез құбылысын айтып берді.
–Бару-бармауды өзің шешуің керек, – деді доктор, Саидқа бұл жолы қатаң сөйлеп. – Егер Севим сенің алдыңда сүрткеніндей анау Ахмедтің немесе басқа бір еркектің алдында алжапқышының етегімен көзін сүртсінші, олар оны қайтер екен!.. Ал сен қайттің? Ол үшін иірімге секіре алатыныңа болайын…
Саид көз жасына тұншыққан кісіше ықылық атты.
–Міне, көрдің бе қайтіп отырғаныңды? – деді Рефик. – Онда мен, менің достарым, мықты дәрігерлер бар. Мейлің, өзің біл…
–Барамын! – деді Саид, бір-ақ тұжырып. Бұл батыл шешіміне өзі де таңданды.
Рефик оның Томпсонда жаттығып жүрген-жүрмегенін сұрады. Иә, ағылшын оның қансорпасын шығарып жүр, кейде алаңға шығарып, ойынға да қосады. Көзәйнекті ойыншыға басқа футболшылар күледі. Ал Саидқа футбол күн сайын ұнап барады.
Бірнеше күннен кейін Рефикке екі өкпесін қолына алған Саид келіп, табалдырықты аттар-аттамастан:
–Менің көзім көреді! – деп айғай салды.
Рефик екі езуі екі құлағына жеткен досына жымия қарады.
Саид жаттығу ойыны кезінде қақпа алдындағы опыр-топырда құлап, көзәйнегін жоғалтып алғанын, корыққанынан көзін тарс жұмып тұрып-тұрып, ақыры ашып қалғанында жер-көкті жап-жақсы көріп кеткенін айтты.
–Ғажайып! Тұп-тура ғажайып! – деді ол. – Менің өмірімде ғажайып оқиға болды!
–Болар ғажайып ана жолы, құдыққа құлағаныңда болған, – деді Рефик сабырлы сөйлеп.
–Көзәйнекті енді кимеймін бе?
–Киетін шығарсың… Көзің күнге қарықпас үшін кара көзілдірік киесің!..
Саид енді жаттығуды еселенген жігермен жасап, Жарқылдардың үйіне баруды да доғарды. Севим күндіз-түні телефон соғып тыпырлағанмен, «Саид-бей жаттығуда» дегеннен басқа жауап ести алмады…. Бірде ол жиреншілердің үйіне таң бозынан тебітіп жетіп барып еді, есікті Анжела бике ашып, қожайынымыз стадионда деп теріс айналды.
«ЖЖК-мен» күш сынасар күн жақындады, ал «Шаңдатқыштар» – «ШаШ-тың» атақты ойыншылары тіпті айылдарын жияр емес. Не жаттығуға келмей қояды, не келгенмен былқ-сылқ етіп, алаңда сенделіп текке жүреді. Томпсон оларды «тірілте» алмай-ақ қойды, ешқайсысы тыңдамайды. «Тасдуал Ахмед аман тұрғанда ешкімнен қорықпаймыз!» – деп еріндерін шүйіреді.
–Жақсы жаттықпай командаға жеңіс жоқ! – деп шырылдайды жаттықтырушы.
–Абыржыма, – деп аналар оны жұбата сөйлеп, «ШаШ-тың» бір кездердегі жеңістерін жырдай етіп айта бастайды.
–Әр халықтың мінез-құлқы әрқалай, – дейді тағы да. – Жат елдің адамы, тіпті сен сияқты ағылшындар да бізді, түріктерді, түсіне алмайды. Бізде «Өзенді көрмей тұрып, балағыңды түрме» деген мақал бар.
Томпсон да қадалған жерінен қан алуға тырысады:
–Ол қалай ойна? Не бола?
–Не болғанын көресің: аллатағаланың көзі түзу болса, ойын да болады, гол да болады.
–Мен ақша.
–О, алла-ай! – деді Мылжың-бей шытынай қалып. – Кісіні әбден ақымақ қылдың ғой өзі!.. Түрікше түсінбейсің бе, немене?!
–Түсінеді, аз, жаман.
Әлемге әйгілі Томпсонды команданы жаттықтыра қойсын деп алған ешкім жоқ. Біз жаттықтырушыны шетелден шақыртып алдырдық, байқаңдар, мойындарың астынан келеді деп қарсыластарды қорқытып-үркітіп, берекелерін кетіру үшін ғана жалдаған.
Осындай әңгіме-айтыстан кейін Томпсон да тоңқ етіп, тек Саидпен ғана болды. Саид көзәйнексіз ойнайтын болғанына, торалып келе жатқанына, тәртіптілігіне, спорттың ереже-талабын қатаң сақтайтынына қуанып, оған көп үміт артты. Қол туындысы құлпыра бастаған мүсіншідей масайрады.
Көптен күткен күн де туды. Саидтан бір елі қалмайтын болған Эрол Арқан-бей оны стадионға бірге баруға көндірді. Қасы-көзі қап-қара Айсель атты бір қара торы келіншек бар еді, жұрт оны өңіне қарай «испан» деп атап кеткен-ді. Ол «ЖЖК» клубының ежелгі жанкүйері еді. Эрол Саидты сонымен таныстыруды ойлады.
Дүндар Мылжың-беймен жұлдызы жараспай қалған Эрол Арқан-бей де «ЖЖК-ның» жанкүйеріне айналған. Ол өзгеріс оның әділ де білгір шолушылығына, әрине, кесірін тигізген жоқ.
Севим мен Айсель бәселекес екі фирмадай о бастан бақкүндес болатын. Жүріс-тұрыс жағынан Севим Айсельге шаңын да көрсетпей кеткен. Бірақ Айсельдің ұпайын арттырған бір жәйт: оның күйеуі бар, яғни ол еркін де тәуелсіз. Күйеуі — егде адам. Үйленгендеріне біраз ғана жыл болды. Жиын жерде Айсель бұрала еркелеп: «күйеуім-ау» деп қойса болды, күйеуінің жағасы жайлауына кетіп жүреді.
Қай саладағы зерттеуші болсын өзінің ғылыми жұмысымен адамзат үшін бір жаңалық ашуды көксейді. Ал кейбіреулердің ойынша, ондай зерттеушілер, мысалы, әдебиет жағындағылар, ең әуелі өзінің атақ-даңқын шығаруды көздейді. Айсель де сол зерттеушілер тәрізді. Ол футболдағы таланттарды іздеп тапты, небір футболшы саңлақтарды паш етті, – бірақ оның не мақсатпен өйткеніне біз көңіл бөлмей-ақ қоялық. Әйтеуір, ол саңлақтардың соңынан Севим сияқтанып сөлпектеуді ғана білген жоқ.
Болашақ әйгілі футболшыларды әуел баста танып-білуге Айсель алдына жан салмай келеді. Айсель жанына отырғызып, мәшинемен алып жүрген жылғындай жігіттердің бірер жылда футбол жұлдызы болып шыға келетіні жұрттың бәріне аян. Айсельдің сәуегейлігі футбол әміршілерінің бір де бірінде жоқ. Ал Айсельдің жанынан шыққан жас футболшыларды клубтар талап әкетеді. Кино кәсіпқойларының кино жұлдыздарын ел-елдің бәрін аралап жүріп аулайтынындай, Айсель болашақ жұлдыздарды есік алдындағы, ауыл сыртындағы шаңдақтарда шүберек допты тепкілеп жүрген балақайлардың арасынан іздеді.
Көл Дөңбек пен Осман Қарабұрыш солай табылған. Қай футболшының қанша тұратынын да Айсельден артық білетін тірі жан жоқ. Футболшының бағасына олардың бір командадан екіншісіне ауысуы кезінде ерекше мән берілетіні белгілі. Сондай сәтте Айсель, мысалы: «пәленнің құны беш-ақ тиын» десе, ол ойыншы далада қалды дей бер.
Айсель Саидты ә дегенде байқаған. Оған Севимнің емініп жүргенін сезген соң біраз бақылай тұруды жөн көрген. Севим Саидқа күйеуге шығуға тырысқан күннен бастап ол мені сол жігітпен таныстыр деп Арқанға қолқа салды. Онысы – Севимнің аузын аппақ қып кету. Жігіттен тамаша футболшы шығатынына сенбегенмен, бұдан үлкен үміт күтемін деп күңк етті. Оның негізгі мақсаты «ЖЖК» клубы басшыларының анау ағылшынды қайткен күнде өз жақтарына шығарып алуды жүзеге асыру керек деген жауапты тапсырмасын орындау болды.
Эрол мәшинемен стадионға келе жатқанда-ақ Саидқа Айсельді сырттай таныстыра бастады.
–Ах, шал, ол қандай әйел десеңші! Ғажап әйел, ғажап! Сәуегейлігі жанда жоқ! Жөргекте жатқан ұлға қарап жібереді де, оның күні ертең неше гол салатынын айтып береді. Қазіргі атақты футболшылардың бәрі де, шал, соның сынынан өткендер. Оған жалғанды жалпағынан басып жүрген жаттықтырушы
да тең келе алмайды. Алла сәтін салып бүгін ол стадионға келе қалса, мен екеуіңді таныстырамын.
Айсель «ЖЖК» жанкүйерлерінің трибунасында емес, құрметті қонақтардың ложасында отыр екен. Арқанды көре сала қол бұлғады. Эрол Саидты ертіп барды:
–Таныстыруға рұқсат етіңіздер, Саид Жиренші… Аисель-ханым…
Айсель Саидқа жанындағы бос орынды нұсқады.
–Мен сізді жаттығу сәтіңізде бірнеше рет көрдім. Тебісіңіз тегеуірінді екен, тегі мығым болуыңыз керек.
Ойын әлі басталған жоқ, ал стадион шырқы бұзылған ара ұясындай гулеп тұр. Шетелден шақырылған төреші ауа райының қолайсыздығынан келе алмай қалыпты. Оның орнына халықаралық дәрежедегі бір түрікті әрең көндіріпті. Ахмед болса мұндай аса маңызды ойынга бірінші рет қатыспақ көрінеді. Халқының бәрі стадионға жиналғандықтан қала атамзаманнан каңырап жатқан тәрізденді:
Ахмед алғашқы минутта-ақ Османды шалып қалып, шатын айыра жаздады.
–Шал, сен ондайға мән бермей-ақ қой, бәрі де жоспарланған, – деді әділ де білгір шолушы Эрол Арқан-бей сыбырлап.
–Ол қалай? – деді Саид аңырып.
–Ол солай, шал. Анық-қанығын білетіндерден естуімізше, бүгін Ахмет «ШаШ-қа» жер соқтырады… Оңдырмай омақастырады… Мылжың-бейге керегі сол көрінеді, атаңа нәлетке, – деді Эрол. Сонсоң, Саидтың түсіне қоймағанын көріп, сыбырын жалғай түсті: – Ақша ғой, шал, ақша ғой!.. Біздің Ахмедке пара бергенін сезіп отырмын, – деп ол енді ауызын Саидтың құлағына кептей сөйледі. – Содан кейін, шал, бұл саған ғана айтатын сырым, осы жерде қалсын, анау«ЖЖК-нің» шабуылшыларына бүгін жын қаққандай жұлындыратын дәрі асатыпты. Ол – тоқсандағы шалға да доп ойнататын дәрі. Енді анау шабуылшылар Замойраңды да, тіпті Яшиніңді де шоңқитып кетеді… Ұқтың ба?
Айсель Саидқа жанаса сөйлеп:
–Сірә, ойын тартысты болатын шығар. Сіз, әрине, «Шаңдатқыштар» жағындасыз ғой, ә? – деді астарлап.
–Кім мықты болса, сол жеңсін, – деді Саид та аяғынан шалдырмай. Ол ай сымбатты көршісінің «Жоқшылықтың» жанкүйері екенін білетін.
Ойынның бірінші жартысы тең аяқталды. Ақтық айқастың алда екені, футбол алаңы майдан даласына айналатыны белгілі болды.
Үзіліс басталысымен Арқан баспасөз ложасына кетті.
–Сіз Америкаға барғалы жүр деп естідім бе осы? – деді Айсель.
Оның бәрін де білетініне таңданған Саид:
–Иә, рас, бірақ қашан барарым белгісіз, – деді.
–Немене, Стамбұлда біреу жолыңызды бөгеп жүр ме?
Саид үндемеді.
–Мен сіздің орныңызда болсам, барар едім. Мен сіздің ойыныңызды көрдім, футболшы болуға әбден лайықсыз… Барыңыз, – деді келіншек.
Айсель емін-еркін сөйлеп, әдемі әзіл айтып та қояды. Саид бір рахат сезімге бөлене бастады.
Жанкүйерлердің екінші тайм алдындағы дүрлігісі дауылға бергісіз еді. Әлдеқандай заман болады деп кауіптенген төреші қосалқы есіктердің бәрін ашып қойғызды, — жанкүйерлер алаңға лап қойса, тұра қашуға керек.
Ойын қайта басталған сәтте жаңбыр құйып кеп кетті. Футболшылар шалшыққа аунаған шошқадай боп шыға келді. Доп та жайына қалып, ойыншылар бір-бірімен жағаласып жөнелді. Кімнің кімді, қайда, қалай теуіп жүргенін айыру қиын. Он бесінші минутта әлдекім аяғына кездейсоқ ілігіп қалған допты зымырата теуіп, алаңнан шығарып жіберді. Оны іздеген тірі жан болмады, жаппай тебіс жалғаса берді. Кенет… Аспанды қақ айырардай болып он мың кеңірдектен шыққан «Го-о-ол!» деген дауыс стадионды солқ еткізді. Төреші де жаны шыға ысқырып тұр.
Не боп қалды десек, «ЖЖК-нің» шабуылшылары «ШаШ-тың» қақпасының алдында үлкендігі доптай боп иленіп жатқан балшықты қақпаға итеріп жіберіпті. Жанкүйерлер «Го-о-ол!» – деп жамыраған соң төреші ысқыра салыпты.
«Шаңдатқыштар» төрешіні түтіп жердей болып, қақпаға ешқандай доптың енбегеніне оның көзін әрең жеткізді. Жартасты шаққандай жақ-жақ даудан кейін ақырында гол есепке алынбайтын болды. Бес минуттан соң қырғын қайтадан үдеді. Жаңбыр басылғанмен жан алып, жан беру басылмады. Соған қарамастан, екі команда өзді-өздерінің қақпасын өлермендікпен қорғады.
Айсель алаңдағы арпалысты айызы қана айтып отыр. Ахмед, әне, алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп жүр, «Жоқшылықтарды» тауысар болды, ең болмаса үстеріне түкіріп қалады дейді. Онысы үшін-ақ оны «ШаШ-тың» ең таңдаулы ойыншысы деп бағалар дейді. Саид Айсельдің репортажын ықыласпен тыңдап, ыржия күліп отырды.
–Ойпырым-ай! Өлтірді-ау! – деді Айсель ышқына қалып.
–Кімді?
–Білмеймін. Біздің ойыншыларымыздың бірі «ШаШ-тың» қолына түсіп қалған сияқты.
Алаңға полицейлер жүгіріп шықты. Әлгі ойыншыны зембілге салып алып кетті. Сөйтсе, сірә, аласапыранда аңғармай қалса керек, «Шаңдатқыштар» өздерінің қорғаушысын мылжалап тастапты. Ондай халге ұшырағандар көбейе берді де, ақырында екі командада небары он жеті ойыншы қалды.
Саидтың байқауынша, Айсельді испан қызы деп атаса да, қызулығы жағынан Севимге астар да бола алмайды екен. «Жоқшылықтардың» қақпасына қауіп төнген кездерде ол орнынан ұшып тұрған да, ойбайлаған да жоқ, тек Саидтың шынтағын қыса берді, онысы Саидқа ұнады. Сезіміңді сыртқа шығарудың керегі қанша!
–Сірә, бұл ойында есеп ашыла қоймас, – деді Саид, ойда жоқта Айсельдің қолын ақырын қысыңқырап.
–Жоқ, біздікі жеңеді! – деді Айсель, жігіттің қолын ол да қысып.
–«Шаңдатқыштардың» қорғанысын бұза алмас!
–Жаным-ау, қорғаныста тұрған не бар? – деді Айсель, – Әне, қараңызшы, «Шаңдатқыштар» қақпаларын қорғаусыз қалдырып кеткен жоқ па?.. Бірақ оған доп өздігінен барып енер ме! Әй, біздікі бүгін дәнеңе істей алмайды-ау осы.
–Онда қалай жеңбекші?
–«Шаңдатқыштардың» көмегімен… – Айсель аузын жиып алғанша болмады, «Го-о-ол!» – деген айқай стадионды тағы да солқ еткізді.
–Айттым ғой, әне! Ахмед өз қақпасына салды да жіберді!
Ойынның бітуіне бес минут бар болса да, жанын олжа еткісі келмеген төреші кездесу аяқталды деп ышқына ысқырып кеп қалды да, шығар қосалқы есікке қарай тұра жүгірді. Бірақ жанкүйерлерді алдай алу қайда! Олар да тұра-тұра ұмтылып, төрешінің алдын кес-кестеді. Төреші алаңды айнала зытты, мыңдаған қуғыншы қиқулай қуды. Алаңды екі айналып өте бере бір есіктің ашық тұрғанын көріп қалған төреші соған сүңгіп кетті де, көшеге бір-ақ шықты. «Уһ! Құтылдым-ау!» деп маңдай терін сүртіп үлгіргенінше болмады, қуғыншылар қиқулап тағы келіп жетті. Әрине, қашу оңай, қуып жету қиын. Дәл сол күні дүниежүзілік жаңа рекордты тіркеушінің болмағаны өкінішті, әйтпесе ит өлген қашықтыққа жүгіруде төрешінің теңдессіз рекорд жасағанына куә болар еді! Жанкүйерлерге көшедегі қолы бостар да қосылып кетті. Ондай ғажап жаяу жарысты қала көптен көрмеген еді. Төреші: «Азаттық ескерткішіне аман-есен бір жетсем, құтылып-ақ кетер едім!» – деп арманын іштей арқалап, зытып-ақ келеді. Ол Таксим алаңына жетіп, ескерткішті үш айналып шыққанда қуғыншылардың ең соңғысы өзі болып шыға келді. Жандәрмен: «Жексұрынды құтқармаңдар!» деп құтырына айқайлап, аман-есен сытылып қалып қойды. Қалың топ жүгіре берді, бірақ желаяқ жолбасшы болмаған соң қарқындары бәсеңдеп, бірте-бірте бытырап бітті.
Айсель ойыннан кейін Саидты шайға шақырды. Тегін шақырыс емесін түсінген Саид бас тарта алмады.
Айсель күтуші қызды үйіне қайтарып жіберіп, киімін ауыстырып киіп, шай қамына кірісті. Үстел жасап, арақ-шарап та әкелді… Шайды кім ішпекші?.. Саид бұл келіншекті баяғыдан білетіндей, сырласып өскендей емін-еркін отыр. Мұндай жайбарақат жақсы хал Рефик екеуі оңаша отырғанда ғана болатын. Өзін әжуаламаған әйелді көргені де осы. Силап, сыпайы сөйлеседі. Апайы мен Анжела бике де бүйтіп сөйлеспейтін, балаша мүсіркейтін.
Саид өз өмірінде ең бірінші рет ерекше рахат, ерекше ғажайып түнді өткізді…
Түн ортасынан ауа оянған ол:
–Айсель! Қымбаттым, маған бір құты су әкеліп берші! – деді.
Деуін десе де тіксініп қалды, өйткені үйде тіпті Анжела бикені де бұлайша жұмсап көрмеген еді. «Бұл мені бір түнде бүйтіп қалай өзгертіп қойды?!» – деп ойлады.
Айсель жымиып келіп, оның төсегінің шетіне отырды да, бір стакан су ұсынды.
–Сеніңше, мен қандай кісімін осы? – деді Саид ұяңдау үнмен.
Айсель Саидтың басын кеудесіне басып, балаша еркелете сипады.
–Меніңше ме?.. Сен бір құшқан әйелге үйленуге міндеттімін деп ойлайтын әлгі бір ақымақтау жігіттердің бірісің. Қалай, рас па?
Саид сасып қалды. Сұлу келіншектің көріпкелі бар болып шықты…
Таңертеңгі тамақтан кейін Саид өз мінез-құлқында бір өзгеріс болғанын сезінді. Қорғаншақтығынан шынымен құтылғаны ма бұл?..
Ол көшеде еркін де тәкаппар кескінмен келе жатыр. Әрқашанғысынша алдымен Рефикке барып, өзгерісін соған айтуды ұйғарды. Бір таксиді ұстап мінді де, досының үйіне барды. Табалдырығынан аттай бере:
–Ғажап болды! Ғажап!.. – деп айғай салды.
Рефик не болғанын сұрамай-ақ түсінді және оған Саидтың өзінен кем қуанған жоқ.
Таңертеңгі гәзеттер кешегі ойын туралы не қилы тұспалды қарша боратып жазды. «ШаШ-тың» атына айтылған сында есеп жоқ та, негіз көп. «Жоқ, «ШаШ-тың» болмашы есеппен де жеңілуіне правосы жоқ болатын!» – десті. «ЖЖК-нің» шабуылшыларына шабындыратын дәрі беріліпті, «ШаШ-тың» қорғаушылары сатып алыныпты дегендер де табылды. «Шаңдатқыштар» өз қақпаларының алдында ұйлығып, «Жоқшылықтарға» «Келіңдер, голдарыңды сала беріңдер!» дегенді аңғартты, ал аналар: «Гол керек болса, өздерің салып алыңдар!» – деп қасарысып қалды десті. «Бәрібір көмектеспейтін болған соң шабындыратын дәріге ақша шығарып шығынданудың керегі жоқ еді», дегендер де болды.
Ойынға қатысты өрекпулер қыза берді. Оған министрлер де араласа бастады. Лауазымы дардайлардың бірі: «Бойында түрік қаны бар футболшы сатылмаса керек!» – деп те қойды. Мықтылардың араласуы мәселені мибатпаққа айналдырып жіберді. Әсіресе әлгі анау солтүстігіміздегілердің аузына қарап жүргенін жалпақ жұрт білетін бір солшыл журналшы былшықтап бақты. Ол «Дені саудың жаны сау» деген мақаласында Ахмедті қояр да қоймай жүріп өз қақпасына доп соққан табандылығымен құттықтапты. Онысы түрік футболын дүние жүзінің жұртшылығы алдында тәлкек ету екені түйсіксізге де түсінікті еді.
Қысқасы, еліміздің чемпионы неге жер соққанын ғана емес, кімдер жер соқтырғанын анықтап алу қажет болды. Бізге жел теріс соқты, күн қарсы алдымыздан шаңырайып тұрды деген үйреншікті жауыр дәлел себеп болмай қалды. Сондықтан, «ШаШ» футболшыларының көктен тілегендері жерден табылып, шелек жалаған бейбақ ағылшын Томпсон болып шықты.
Томпсон бейшара не Түркиядан табанын жалтыратуға, не «ЖЖК-ге» жаттықтырушы болып кетуге мәжбүр болды (оның Түркиядан өлмей кеткісі жоқ-ты).
Ал құлағы түрік қауым мұнымен тынған жоқ, ол Айсель мен Саидтың арасынан саңлау іздеп, сөз тарата бастады. Өсек өрістеп, Севимге жетті. Қолындағысынан қарап отырып айырылатын әйел Севим емес қой, бірақ ол әуелде өсек-аяңға, өзі туралы талай көкіген гәзеттерге онша сене қоймады, тек Саидты Айсельдің мәшинесінен көрген кезде ғана ашудан жарылып кете жаздады. Тапа-тал түсте күйеу жігітінен айырылып қалу деген сұмдық қой! Көзім көрмейді деп жүретін ербигенінің енді кеп күлімдеп отырғанын қарашы!.. Оңбай алданған деген осы шығар!..
Севим бөлмесіне кіріп, есігін жауып алды да, дауыс жетер төңіректі түгел тітіретіп аңырады-ай бағана. Жарқылдардың жандары мұрындарының ұшына келіп, амалдары құрып, ақырында Ахмедті шақыртты. Ахмед келе әмір етіп:
–Кәне, аш есікті! – деді.
Севим егер есікті еркімен ашпаса, анау оны сол аяғымен бір-ақ тебетінін сезді де, дереу дізе бүкті. Сонсоң төртеуі шүңкілдесіп, ақылдаса бастады.
–Бұған, Мехжура, сен кінәлісің, – деді Хасип-бей. – «Темірді қызғанда соқ» дейді халық. Солай ғой, ә, Ахмед? Ал сен кіржіңдеп жүріп алдың, біресе дәретханасын ұнатпадың, біресе нұршыны ыдыстарын ұнатпадың… Ақырында, міне, ұлып қалдық…
Көзінен сорасы аққан Севим отырып:
–Оның апайы айтады: жаттығу деп, ана дәрі, мына дәрі деп, витамин деп жүріп жынды болуға айналды дейді. Бұған оны қайдағы бір ағылшынмен таныстырғаның үшін, Ахмед, сен кінәлісің!.. – деді.
Ешқашан кінәлі болып көрмеген Ахмед айылын жиған жоқ:
–Сен оны анау цыған Айсельден қызғанады екенсің ғой? – деді.
–Оны қайдағы бір албастыдан қызғанғаным неткенім! Тойдан кейін болса, тіпті іздемес те едім… Қулығына құрық бойламайды екен! Көзім нашар көреді деуші еді! Аяқ астынан көзі шырадай жанғанын көрдің бе? Өйтері ойыма келсейші…
–Саудада: сатылған зат қайта қабылдап алынбайды және айырбастап берілмейді деген алтын ереже бар. Құда түсіп қойғаннан кейін ол неме саған үйленуге міндетті! – деді Хасип-бей қызынып.
–Мен зат емеспін! – деді Севим зіркілдеп.
–Затсың, затсың! – деді Ахмед оны жұбатып, әдетінше қаққылайтын жерінен қаққылап.
–Оны маған тапсырыңдар, мен оны реттеймін! – деді Хасип-бей белсеніп.
–«Мен реттеймін!» – деп айтқанға ғана мығымсың. Не істейсің оған?
–Сотқа берем! Төлесін!..
–Кіріспеске кіріспей жүр! Өзім реттеймін! – деді Севим ызғарланып.
Севим күйеу жігіті мен Айсельдің күңкіл-сүңкілін содан кейін де біраз уақыт бақылап жүрді. Саидты өзінен аулақтайды, суынады деп тіпті ойлаған да жоқ. Содан күндердің бір күнінде мәселенің мән-жайын анықтап алу үшін Саидтың үйіне тартты.
Оны-мұныдан бейхабар Беррин-ханым Севимді жылы қарсы алып, қонақ бөлмесіне апарып кіргізді де:
–Хал-ахуалыңыз қалай, қызым? – деді.
–Рахмет, ханым әпенді. Өзіңіз ше? Денсаулығыңыз жақсы ма?..
–Құдайға шүкір, қызым, мұнда бәріміз де аман-есен, қалыпшамыз. Қадірлі шешеңіз қалай?
–Рахмет, ханым әпенді, ол сізге көп-көп сәлем айтты.
–Сәлемет болсын, қызым, ол кісіге менен де көп сәлем айтыңыз. Қадірлі әкеңіз қалай?
Таусылмайтын сұраққа тап болдым, жынданып кетпесем жарады деп қырсыға қалғысы келген Севим қырсықпады, шыдап бақты.
–Әкемнің де дені сау, ханым әпенді, ол сізге ерекше ықыласпен ыстық сәлем жолдап қалды.
–Сәлемет бола берсін, қызым. Ал Ахмед-бей қалай? – деді Беррин-ханым, Ахмедтің де сол отбасының мүшесі екенін еске алып.
Севимді ашу қысып, қақалып-шашалып қалды. Сол әредікте кофе алып Анжела бике кіріп келіп, жиреншілер әулетіне сай сыпайылықпен.
–Халың қалай, қалқашым? – деді.
–Мерси, жақсы, – деді Севим сызданып.
–Құғметті шешең қалай?
–Мерси, жақсы.
Телефон шыр ете түсті. Анжела бике тұра ұмтылып:
–Әлгі баяғы келіншек шығағ, Саид-бейді іздеп жатқан, – деп күңкілдеді.
Беррин-ханым қабақ шытты. Севим секем алып, құлақ түрді. Анжела бике тұтқаның ойығын алақанымен басып, бұл екеуіне бұрылып қарап:
–Айтам ғой, сол келіншек, бағдан, – деп тыржың етті.
Беррин-ханым қызарақтап, қипақтап қалды.
–Қызым-ау, қашанға дейін телефон соға беғесің, – деді Анжела бике тұтқаға төне сөйлеп, – сен, немене, түғікшені түсінбейсің бе?!.. Сенімен енді қалай сөйлесу кеғек? – деп ол тұтқа ойығын тағы бүркеп, тағы бұрыла сөйледі: – Бұ әйелдеғ дегенің құтығып кететін шығағ. Саид кеғек дейді де тұғады. Сіғә, ол байғұсты біғ күні түтіп жеп қояғ…
Шындығында Саидті іздеген ешкім жоқ еді. Севимнің Саидты ақымақ етіп жүргеніне зығырданы қайнаған Анжела бике есе қайтарар сәтте қапы қалмаған болатын.
Беррин-ханым байыптап сөйлесетін кез келді, деп есептеп:
–Қызым, мен сізбен ашық сөйлессем деймін, тек мендей кәрі әйелдің оны-мұны сөзіне ренжімегейсіз, – деді. – Сіз тойды созбұйдаға бекер салдыңыз… Қазір Саид мүлде басқа боп кетті…
–Иә, иә, біздің Саид-паша өзгеғіп кетті, – деп Анжела бике дереу қостай қойды.
–Бұрын ол періште сияқты еді. Әйелдің дауысын естісе қызарақтап есі шығатын. Қазір мүлде басқа, – деді Беррин-ханым.
–Біздің Саидты әлгі анау ағылшын өзгеғтіп жібеғді. Бұзауқадай момын баланы бұқаша жұлындығып қойды, – деп Анжела бике тағы да қыстырылды.
–Қызым, Саидты бәріміз бірлесіп құтқарайық, ол сізді сүйеді, сіздің тіліңізді алады… Бір шара қолдануымыз керек!.. Бұрын ол көрген-білгенінің бәрін маған айтып келуші еді, қазір жақ ашпайды… Айналайын қызым, оны сіз ғана құтқара аласыз! Оған күйеуге тезірек шығыңыз да, анау футбол деген пәлесінің атың өшіріңізші!
Беррин-ханымның өтінішін тыңдап отырған Севим көлденеңнен Айсель тап болған дәл қазіргі сәтте Саидтан өзінің де бас тарта алмайтынын, өзіне де Саидтың өте-мөте қажет екенін түсінді.
Әспенсіп келген көңілі басылып:
–Ол үйде шығар деп үміттеніп келіп едім… Өзі қайда? – деді.
Оқыс сұрақтан сасып қалған екі әйел біріне-бірі қарады.
–Сіз онымен жолыққан жоқ па едіңіз?
–Ол алдыңғы күні келіп шыққан, – деді Севим тіксініңкіреп.
Үшеуі де біразға дейін үнсіз отырды.
–Сіз шынымен білген жоқсыз ба, қызым?.. – дел қалды Беррин-ханым.
–Нені?
–Ол Америкаға ұшып кетті ғой…
–А-а! – деді Севим ышқынып. – Ол барамын деген, маған айтқан, бірақ… аяқ астынан… Мен Стамбұлда болмап едім… Ол жалғыз ұшты ма?
–Жалғыз…
–Қашан?
Саидтың кеткеніне бір апта болған-ды. Бірақ Севим алдыңғы күні келіп шықты деген соң, оны ұятқа қалдырғысы келмеген инабатты Беррин-ханым:
–Кеше таңертең, қызым, – деді.
–Ол біздің үйге барған шығар, бірақ мен болмадым да…
Севим көшеге қалай шыққанын аңғармай да қалды.
Саидты әуежайға доктор Рефик, Арқан-бей, Томпсон мырза және Айсель шығарып салды. Саид пен Айсель ғашықтарша қимай қоштасты. Айсель қолорамалымен көзін сүрткіштеп:
–Барысымен хат сал, мен алаңдап бітем ғой, – деп қиылды. Әуежайға апайы да бармақ болған, бірақ Саид тілін тауып, әрең қалдырған.
Шығарып салған төртеудің әрекеті аса құпия болғаны соншама, айтса айтқандай, ол жаңалықтан баспасөз атаулы мақрұм қалды.
Севим күйеу жігітінен біразға дейін хат күтіп жүрді де, сонсоң оның Америкадағы адресін білуге әрекеттеніп бақты. Ал Саид болса, тек Айсельге ғана хат жазып тұрды. Хаттары ғашықтық лебізге толы болды…
«ШаШ» командасы Бухареске аттанатын кез де келді. Севим командамен бірге барудан үзілді-кесілді бас тартты, өйткені ол Стамбұлдан кеткен күні Саидтан хат келіп жететін сияқтанды.
Дүндар Мылжың-бейдің жалбарынуы да, Ахмедтің әмір етуі де, тіпті Хасип-бейдің өлердей өтінуі де Севимді райынан қайтара алмады. «Саған «ШаШ-тың» қалай ойнағаны шынымен бәрібір ме? Түрік командасының намысы саған шынымен қымбат емес пе?» – десті оған. «Егер сен бармасаң, Ахмед ойнап оңбайды… Есіңде болсын, Севим, сенсіз біз жеңіліп қаламыз!» – десті.
Севим сіресіп, сөз ұқпай-ақ қойды.
Күндердің бір күнінде Эрол Арқан-бей өз гәзетінің бірінші бетіне Саидтың футболшы киіміндегі суретін жарқ еткізді. Бұл не? «Саид Жиренші – «ЖЖК» командасының жаңа жұлдызы. Америка түрік футболының таң жұлдызына қошеметпен қол соғуда!» – деп жазылыпты. Севим өз көзіне өзі сенбеді. Бірнеше күннен кейін басқа да суреттері пайда болды, Саид командалас серіктерімен бірге түсіріліпті. Шағын түсінік-мақалада түріктің жас футболшысының тамаша табыстары, қарсыластарының қақпасына бұршақша боратып доп кіргізгені, сөйтіп Саид командасының ірі жеңіске жеткені айтылыпты.
Содан соң іле-шала басқа гәзеттер де Саид туралы жазып ала жөнелді. Севимнің есі шықты. Шынымен бәрі де ақиқатты жазып жүр ме? Біріншіден, американ футболы енді-енді ғана дамып келеді, екіншіден, – гәп осы екіншіде. Саид қай жерде жүріп «ЖЖК-нің» ойыншысы болып үлгірді?
Севимнің ойы оңға бөлініп жүргенде, «ШаШ» командасы Румыниядан ойдағыдай жеңіліп оралды… Ойыннан репортаж берген гәзеттер жеңілуді білмейтін команданың жеңіліп қалғанына Севим Жарқылдың тікелей кінәлі екенін ашып-ақ жазды. Сол себепті «Шаңдатқыштар» Севимнің үйіне бас сұқпай қойды. Севимнің ыңғайсыздау жағдайға ұшырағанына өзін кінәлі санаған Ахмед қана барды.
Ол екіортада күтпеген жәйт болды. Үйленетін жастардың үйін жалға берген кісі пәтерақыны төлемегендеріңе төрт ай болды деп оларды сотқа сүйреуге айналды. Үй иесінен ескерту қағаз алған Беррин-ханым қатты састы. Бір кезде жиреншілердің оны-мұны шаруаларын реттеп шала байып алған бір адвокаттардан ақыл сұрады. Бірақ олары оң қабақ танытпады, өйткені олар Шафран-заде мұрагерлерінің қалталары қағыла бастағанын біліп қойған болатын.
Жыларман болған Беррин-ханым Саидтың қайын енеме қайтсем жағам деп жанталасып, ол үйді әлденеше рет жасаулағанын есіне алды.
–Үй иесін Саид келгенше тұра тұруға көндіріп беріңізші, – деп өтінді ол адвокаттардан.
–Босқа әуре болмау керек… Төлеп құтылыңыз, әйтпесе дүние-мүліктеріңіз саудаға салынып, сатылып тынады! – десті адвокаттар.
Сонсоң ханым Севиммен ақылдасуды жөн көрді. Өйткені ол үйдің кім үшін жасауланғаны мәлім ғой. Беррин-ханым әуелі телефон соғып, содан кейін қымбат силықтарын құшақтап жетті.
Күйеу жігітінен ешбір хабар ала алмай жүрген Севим қатты қуанды. Беррин-ханымды жайдарылана қарсы алып, оның сан-сапалақ сұрақтарына кішіпейілдене жауап беріп, Жиреншілер әулетінің ақшадан қағыла бастағаны жайындағы жағымсыз әңгімесін шыдамдылықпен тыңдады. Жиреншілердің қалталары қағылуы мүмкін, мұрагердің саусағын мұрнына тығып тотиып қалуы мүмкін деген ой Жарқылдарда әу бастан жоқ еді. Ал енді мынау хабар төбелеріне тас түскендей болды. Әсіресе Мехжура-ханым қапаланды. Мен қыңырланбағанда Севим сол үйді билеп-төстеп отыратын еді-ау деп іштей қысылды да. Енді, міне, күйеу де жоқ, үй де жоқ; қызы қалыңдық атанып, қаңғырып қалды.
–Ханым әпенді, – деді Беррин-ханым, – Саид ол үйдің жалақысын бір жылға бір-ақ төлеп қойған болатын. Ал мен үйді көрген жоқпын, оның есесіне, Саидтың айтуына қарағанда, сіз барып көріп, риза болған сияқтысыз… Менің Саидым, аман-есен болғыр қарғам, аңғал ғой, арада бір жыл төрт ай өтіп кеткенін ұмытып жүрген шығар. Үй иесі болса, жиһазыңды сатып жіберем деп қоқаңдайды. Ол үй мына жастардікі ғой, соны ескеріп, сізбен ақылдасқалы келдім. Саидтың қашан қайтып оралары белгісіз… Ал хатында дүние-мүліктің бәрін сатыңыз да, үй иесімен есеп айырысыңыз депті. Өйту тіпті обал!..
Бұл әңгімені қызынан естіген әкесі, Жарқылдардың отбасы:
–Ойланайын, – дей салды.
Севим жылап қоя берді.
–Неменеге боздап отырсың? Ойланайын дедім ғой. Ойлануға да болмайтын болды-ау…
Хасип-бей үйдің жалақысын төлер-төлемесін білмей толқып жүргенде Севим мұхит асып кеткен күйеу жігіттің адресін тауып алып, ағыл-тегіл хат жазды. Саидтан жуық арада жауап келе қоймады. Севим күдер үзуге айналғанда ғана алақандай ашық хат келді. Көп ұзамай қайтармын дей салыпты. Пәтер туралы ләм-мим демепті.
Ал Хасип-бей болса, жиреншілердің қаржы жағдайын зерттеп біліп үлгірді. Қалталары шынында қағыла бастаған, қаражаттан қысылғандықтан Беррин-ханым асыл бұйымдарының біразын сатып та жіберген. Менің ақылды қызым енді ол ақымақтардан аулақ жүретін шығар деп ойлады Хасип-бей. Бірақ Севим өйтер емес, қайта пәтердің жалақысын төле деп әкесіне құдайдың құтты күні қиғылық салады.
–Сенің ербигеніңде ештеңе жоқ! Ол тақыр кедей боп қалды… Ұғасың ба, жоқ па соны?! – деп Хасип-бей күйіп-пісті.
–Ұғып отырмын, бірақ мынадай жағдайда мен одан безе алмаймын…
Мехжура-ханым да күйеуін белсене қолдап шықты:
–Оныңның ақшасы да жоқ, ақылы да жоқ, өң дейтін өңі де жоқ, атақ-даңқы да жоқ. Енді неменесі бар өзінің? Оны не үшін сүю керек?.. Оған не үшін жабысып қалдың?..
Севим Қылмойын сөз ұғар емес, ешкімнен беті қайтып көрмеген шіркін бой бермей-ақ қойды.

ӨЗГЕРІП ОРАЛДЫ
Америкадан әуелде хат тасқындап кеп кетті. Саид Аксельге күн құрғатпай хат жаза бастады. Сонсоң ол хат тасқыны бәсеңдеп, көл орнына өзен болды, өзен орнына бұлақ болды, содан кейін бұлақ та тартылып қалды.
Америкадан келіп түскен Саидты доктор Рефик, Эрол Арқан және Томпсон мырза қарсы алды. (Саидтың тілегі солай болатын. Басқа ешкім білмесін деген).
Досының қатты өзгеріп кеткенін көргенде доктор Рефик еріксіз таңдай қақты. Баяғы Саид сол сүмпиген қалпында Америкада қалған да, мұнда басқа Саид келген дерсің! Бұрынғы Саид олпы-солпы, ұзынды-қысқалы киініп, мыж-мыж боп жүретін. Ал енді ұшақтан сұлу киімді сымбатты жігіт шықты. Нұр боп ойнап, гүл-гүл жайнап тұр!
Бұл Саид Севимнің де, Айсельдің де жайын сұраған жоқ…
Табалдырықтан аттай берген жиен бауырын көрген жерде Беррин-ханым апайы тұп-тура талып түсті. Анжела бике оның аузына дәрі құйып, әлдезаманда әрең тірілтіп алды. Саид жоқта талай теперіш көрген ханым есін жиып ала бере соның бәрін айтып, сұңқылдап ала жөнелді. Иә, ол Саидтың тапсырмаларын түгел орындады: жиһазды сатып, үй иесімен есеп айырысты, бірақ Шафран-заденің үйін, қора-қопсысын тоздырмай ұстау үшін өзінің асыл заттарының біразын сатуға бәрібір мәжбүр болды.
Саид нағашы апайымен әңгімелесіп болып, өз бөлмесіне көтеріле бергенде, әлдекімдер есік қақты. Құрылыс фирмасының агенттері екен. Саидтың келгенін естісімен жетіпті. Атамзаманғы үйлеріңнің орнына осы заманғы жаңа үйлер салып берейік деп, жобаларын ала келіпті.
–Ах, Саид, бұлардың кімдер екенін айтуды ұмытып кетіппін-ау. Сен аттана сала келген. Қайдағы бір жоба-мобаларымен миымды ашытқан. Сені шаршап келді, кейін соғарсыңдар дейін.
Саид апайының тілін алмады, төменге түсіп, агенттермен ұзақ сөйлесті. Агенттер кеткен соң апайы:
–Ұлым, өз төтеңнен ештеңе істемеші, бәріміз жиылып ақылдасып алайықшы! – деді.
Саид әрі-сәрілеу жымиды:
–«Бәрімізің» кімдер?
–«Кімдер» дегенің не, ұлым? Әбдішүкір-бей, Қысмет-бей, Зихни-бей, Зүбәйда-ханым… Сен үйленем дегенде бәрі де келген болатын, есіңде ме?
–Ә, әлгі бір қора қу сүйек қой…
Апайы көзінен ыршып кеткен жасты бауырына көрсетпес үшін бетін екі қолымен баса қойды. Әй, Америка-ай, Америка-ай! Айналайын баланы неменеге айналдырып жібергенсің?!
–Абыржымаңыз, апатай! «Бәріміз» дегеніңіздің бәрі әлдеқашан алжығандар… Титімдей хұқылары болса, олар біздің үйді баяғыда-ақ талапайға салып жіберетін еді. Оларыңыз бізге мәңгі-бақи масыл болып та титықтатып бітті!
Беррин-ханымның есі шықты. Саид шынымен оны да арамтамақ демек пе? Шеше орнына шеше болды емес пе?
–Апатай, олардың бұл үйде енді алар ештеңе қалмағанын көрген соң бізден сырт айналған сәті есіңізде болсын. Жын қуғандай құрыды бәрі. Мына үйіміздің құлағалы тұрғанын олар қайтсін, әрқайсысы өз інінің түбінде тығылып жатыр!..
Эрол Арқан-бей Саидтың Америкадан қайтып оралғанын жер мен көкке түгел паш етуге тырысты. Стамбұл газеттері ол хабардың тақырыптарын биіктігі жыртақарыс әріптермен берді.
Күйеу жігітінің келгенін гәзеттерден білген Севим не істерін білмей далырды. Не істесе екен? Оны іздеп баруы керек пе, әлде оның іздеп келуін күтуі керек пе?
Ол гәзет суретіне үңіле қарап отыр. Мына Саид анау кездегі «Менің ербигенім» аталғанға мүлде ұқсамайды. Севим Қылмойынның іші удай ашыды. Бұл үшін неге ғана шыдамады десеңші. Румынияға бармай қалды, жаңадан ашына тауып алмады, әдеттегі Ахмедімен ғана жүр. Саид ше? Жақсылықты білмейтін неме! Келіп шығатын түрі жоқ! Шешем рас айтады… Өзін өзі мүсіркеген Севим еңіреп жылап жіберді.
Сол әредікте мейман бөлмесінде біреудің дауысы естілді. Севим ваннаға қарай өте бере көз қиығын салса, үстел басында бір көркем жігіт кофе ішіп отыр! Севим ваннаға барып, жылы суға түсе бергенінде есік ақырын қағылып, күтуші әйел кіріп:
–Севим-ханым! Сіздің күйеу жігітіңіз, Сайд-бей келіп отыр! – деп сыбырлады…
Иығына жылы халатын іле ұмтылып, мейман бөлмесіне жүгіріп кірген Севим:
–Саи-ид! Сенсің бе?! – деп шыңғырып жіберіп, мойнына асыла кетті.
Қымбат мейманын креслоға жайғастырып, өзі жерге, кілемге отыра кетті де, оның дізесіне қолын қойып:
–Өз көзіме өзім сенбей отырғанымды қарашы! Қалай ғана өзгеріп кеткенсің!… – деп тамсана берді.
Оның көз алдында мығым денелі, шымыр ержігіт отырды.
–Саид, – деді ол сөзін сабақтай: — «Сенің жүрегіңді әбден баураған соң ғана үйленем» дегенің есіңде ме?
Ондай сөз есте болмаушы ма еді? Әрине, есінде. Бірақ өткендегінің ештеңесін еске түсіруге Саидтың зауқы жоқ-ақ.
Севим ұшып тұрып, дөңгелене билеп жөнелді. Саид оның бұлықсып бұлқынған денесіне салқын ғана қарап отырып, оны басқа әйелдермен ойша салыстырып, ойы орындалмайтынын сезгенде әйелдердің бәрі бірмінездес болып кетеді деп тұжырды. Ал Севим күйеу жігітінің көзі ғана сауығып қоймағанын, оның көкірегі де сауыққанын, енді оны алдарқата алудың мүмкін еместігін сезбеді.
Ахмед келді. Севим онымен әдетінше сүйісіп амандасты. Саид оны қызғанбайтынын, оған тіпті де үйленбейтінін түсінді…
Жігіттер қолдасып амандасты. Ахмед қарсы алдында Саид емес, құдды бөтен біреу тұрғандай-ақ таңдана ұзақ қарады. Саидтың қол қысысы тегеуірінді, өзі баладай жайдары. Қандай әсем киінген десеңші!
–Не ішеміз? – деді Севим.
–Рұқсат болса, виски, – деді Саид ақжарқын жымиып.
Севим ыңылдай әндете жүріп виски әкелді. Сонсоң баяғы әдетінше Ахмедтің жанына отырды. Күйеу жігітінің көзінше өйтуге болмайтынын әдетінше ұмытып кетті. Саид тағы да жымиды, бұл үйдегі дәстүрлер өзгермеген екен деп отыр.
– Неменеге жымидың? – деді Севим.
–Жай…
–Не ойлап отырсың? Айтшы маған!
–Ештеңе ойлаған жоқпын…
Саидтың есіне, өзінің баяғыда осы бөлменің бір бұрышында бүрісіп отырғаны, Севим мен Ахмедтің күбүр-сыбырларын еріксіз естігені, олардың сөздеріне аңдамай араласып қалғаны үшін қалыңдығының мұны бетке неке жүзігімен періп қалғаны түскен еді.
Бүгін келгенде Севимге сәлемі тасып келмеген-ді, зиялылығын көрсетейін деп те келген жоқ, жо-жоқ, ол біз үйлене алмаймыз, сенің бүгіннен бастап басың бос дегелі келген… Иә, солай болуға тиіс, басқа сөз жоқ.
Мәселені алдымен Ахмед қолға алды. Оспақтап әуре болған жоқ, тойларың қашан болады, пәтерден айырылып қалдыңдар, енді қайда тұрасыңдар дегенді айтты.
Ал Саид өйтіп төтелемей, жауабын жұмбақтап жеткізуді ойлады:
–Айталық, авиация апаты болды делік. Ұшақ құлап түсті де, күл болды. Ол оқиғаны гәзеттер алып-қашып жаза бастайды, бірақ апаттың себебін ешқайсысы білмейді. Ешқандай көрінеу дәлел жоқ. Ұшақтың моторы дінаман болатын, барлық аспап-құралдары мінсіз жұмыс істеп тұрған. Ендеше неге апат болды? Оған бір ғана жорамал жауап бар: металл өлген, күні өткен…
Саидтың сөзін ынта қоя тыңдағанмен ешкім ештеңе ұғып жарымады. Соны аңғарған Саид енді былай деді:
–Құрылыстың бүкіл талабына сай етіп салынған үй құлап қалды дейік. Неге құлағанын сәулетші де, құрылысшылар да, инженерлер де білмейді. Сөйтсе ол жердің болар-болмас сілкінгенінен құлапты. Үйді саларда сол ескерілмепті…
Тағы да ешкім ештеңе түсінбеді, Саидтың сауаттылығы мен білгіштігі жындарын келтіре бастады. Көзәйнекті бейшара әлгі арифметикасынан басқа дым да білмейді демеуші ме еді? Енді ол көзәйнек те жоқ, ол бейшара да жоқ.
Севим ашуға булықты. Саид оны Севимнің қолындағы орамалын умаждай бастағанынан сезді де, жауабын басқа мысалмен ұқтыруға кірісті:
–Мысалы, талай ғасыр бойы әйгілі болып келе жатқан әулеттің фамилиясы аса атақты еді дейік. Ол әулеттен генералдар, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, басқа да ұлы адамдар шыққан-ды. Бірақ әулеттің аты бірте-бірте өше бастайды, түтіні сөнеді, фамилиялары өледі…
Тағы да ешкім ештеңе түсінбеді, Саид босқа арамтер болды.
Ахмед шыдай алмай шығып кетті.
Ал Севим… ол Ахмед шыққан есік жабылар-жабылмаста-ақ айғайға басты. Айсель деген пәлең бар деп гөй-гөйледі. Саидты неке жүзігімен тағы да періп қалайын деп саусағын шап беріп ұстап еді, жүзік жоқ боп шықты. Күйеу жігіті Америкаға кетісімен шешіп тастағаннан қайта кимегені есіне түсіп, сілейді де қалды.
–Іздеп әуреленбей-ақ қой! Қош-аман бол! – деп Саид жүре берді.

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
«ШаШ-тың» сәтсіз ойыны өз елімізде де, шет елдерде де жұртшылықтың зығырданын қайнатып, қатты наразылық тудырды, клуб басқармасы жақ-жақ боп айтысып, екіге жарылды. Басшылықты сынға алғандар көбейді, басқарма іші өзара жауласқан топтарға бөлінді.
–Қара да тұр, шал, – деді Арқан-бей Саидқа, – біздің Мылжың-бей «ШаШ» мүшелерінің жылдық жиналысына дейін оппозицияны талай топқа бөліп үлгіреді. Ол өзіне бірден-бір қарсы «Мызғымас Діңгектерден» басқа да ұсақ топтарды қайызғақша қаптатады әлі.
-Қаптатқаны қалай? Өзіне қарсы оппозицияны өзі ұйымдастыратыны несі? – деді Саид таңданып.
–Сөйтіп қарсыластарын ұсақ-ұсақ топ етіп бір көбейтіп алса, сонсоң, оларды шетінен шаға беру оп-оңай болады, шал. Өгізді сою — бірбасқа, бұзауды сою — бірбасқа. Қалай, шал, жетеңе жетті ме?
(Арқанның айтқаны келді. Жауыққан топтар жауын құртынша жыпырлап кетті. «Мызғымас Діңгектерден» басқа, «Шаңды тек шұбалту керек», «ШаШ» – «ШаШ» үшін», «Баршамыз «ШаШ» жағындамыз», «ШаШ-тан» өзге «ШаШ» жоқ», «Барлық дұшпан «Шаңдатқыштың» шаңын жұтқан», сондай-ақ «Шұбалта береміз!» тәрізді қоғамдар, ұйымдар, туыстастықтар, серіктестіктер пайда болды.)
–Есіңде болсын, шал, ол топтардың әрқайсысында Мылжың-бейдің жақтастары бар, – деді Арқан-бей, дәлелін сабақтай түсіп. – Оны қайдан білдің дейсің бе? Білетін себебім, ескі басқарма таратылған сайын Мылжың-бей жаңасына мүше боп шыға келеді!
Қарсылас топтардың қарысып қажасулары таусылмай, ақырында соттасып тынды. «Мызғымас Діңгектер» бас кеңесті клубтың қаржысын қылғытып қойды деп қатырып шағым берді де, сот клубтың кассасын мөрлеп жауып тастады.
Дүндар Мылжың-бей бас кеңестің мәжілісін шақырып: «Оппозицияға жауап беруге тиіспіз бе?» – деп бір ғана сұрақ қойды да, оған өзі жауап берді: «Тиіспіз!.. Мызғымастардың бізді өз атын өзі шақырған көкек дегендері естеріңізде ме? Олай деуге қандай хақылары бар? Әлде бізді бас кеңеске жасырын дауыспен сайламап па еді? Достарым, оларға есемізді жібермеуіміз керек! Оларды ар сотына тартуымыз керек!»
Кеңес мүшелері оны бірауыздан қолдап: – «Жарайсың, Мылжың-бей!» десті. Оппозицияшылдардан есе қайтаруға бас кеңестің келісімін алғаннан кейін Мылжың-бей оппозицияшылдарды жинап жіберіп: «Сендер ол ар сотынан қорықпаңдар, қайсысыңның не дейтіндеріңді өзім үйретемін…» – деді.
–Ол сондай, – деді білмейтіні жоқ Арқан. – Ол өзі мүлде танымайтын кісілер отырған бөлмеге кіріп, сәтте-ақ олардың бәрімен әмпей-жәмпей әңгімелесіп, оларды аяқастында бір-бірімен қырқыстыра ұрсыстырып,
қолма-қол татуластырып кете береді… Оны «Ұлы жолбасшы» деп тегіннен- тегін атап жүрген жоқ.
«ШаШ» клубы мүшелерінің жылдық жиналысы қашан, қайда өткізілетіні барлық гәзеттерде хабарландырылды.
–Эрол, сен қалай дейсің, Мылжың-бей жаңа басқармаға сайлана ма? – деді Саид.
–Әрине, сайланады! – деді ең білгір шолушы, ойланбастан. – Ол Мылжыңың — ерекше жылпос неме. Мен ондай жиналыстардың талайына қатыстым, шал, ал соның бәрінде ол бүйректен сирақ шығарды да жүрді. Бірде жұрт жиналып, мәжілістің ашылуын күтіп отырды. Кенет қарқылдаған күлкі үйді жарып жіберердей болды. «Бұл не бейбастақтық?» деп бұрылып карасам, біреулер әлдекімді қоршалай қарқылдап, шиқылдап, күлкіге қарық болып тұр. Әлдекімің — біздің Дүндар Мылжың-бей! Фыкраның туы! Ағылтса керек! Тыңдаушылары іштерін басып, тұншыға күледі, Мылжың-бей енді бір сәтте оларды тәртіпке шақырып, күлкілерін тиғыза бастады. Тіпті болмай бара жатқан соң мінбеге жүгіріп шығып: «Достарым, уақытты босқа өткізбейік. Мәртебелі жиналыстың күнтәртібіндегі бірінші мәселені қарауды өтінемін», – деді. Желігіп алған жиын тағы да күлкі көксеп, біріне бірі еліге қарайды, мәжіліске зауықтары жоқ. Дүндарға керегі де сол. Кекейіндегі көксеген ұсынысын айта қойып еді, жұрт қол көтеріп, құптай салды.
Енді бірде былай болды: мәжіліс жүріп жатты, жарыссөзге шығып сөйлеушілер Дүндарды сылқитып сынап, оның кандидатурасын өткізбеуге айналды. Дүндар да қарап калмас, қорғанып сөйлер десеміз. Ал ол жайбарақат отыр: «Әділдік адаспайды!» – деп қояды. Көпшілік оны күні бойы сынады. Кешке қарай сынаушылар да, тыңдаушылар да қалжырады. Сол кезде біздің Мылжың мінбеге Мәдік Салихты шығарды деші. Мәдік «ШаШ-та» ең бірінші күннен бастап ойнаған еді. Ондай көкмылжыңды көрсем көзім шықсын! Ол көкіп ала жөнелді дейсің бағана, – тоқтау қайда! Қалжырап отырған көпшілік қатып ұйықтады да қалды. Салихтың өз шаруасы өзінде. Айтарын сонау жиырмасыншы жылдардан, жателдіктердің Стамбұлды басып алуларынан бастап, ақырында Отан дегенде отқа түсетін түріктердің ағылшындарды түріп шыққандарымен тәмәмдап, айызы қана бір әңгімеледі. Мен жұртпен бірге ұйықтап қалмайыншы деп, өзімді өзім шымшылап әрең отырмын. Жазып алып та жарымадым. Мылжың-бей мен Салихтің кірпіктері дір етер емес. Дүние түгел өртеніп кетсе де тоқтамас Салихтың қанша уақыт сөйлегенін білмеймін, әйтеуір, бір заманда әлдекімдердің оны мінбеден сүйреп түсіргенін көзім шалып қалды. Оның есесіне мінбеге Мылжың-бей шықты. Жұрт дүрлігіп: «Әй, атаңа нәлет Мылжың-бей! Осы сенің-ақ айтқаның болсын, тек мына жиналысыңды жапшы, ішімізді кептіріп өлтіретін болдың!» – деп айғайлады. Сонсоң жиналыс ағасы мәселені дауысқа салды да, жұрт түп-түгел қол көтеріп, қостап шықты. Солай, шал!.. Ал былтыр клуб мүшелері жалпы жиналыста Мылжың-бейді сайламауға серт берісті. Ол оны біліп қойса керек, төраға жиналысты ашқанша ағып барып, мінбеге шығып алды да: «Сіздер осы ФИФА, ФИФА дегеннен бір жалықпайсыздар. Сонда оның не екенін, кәне, қайсыларыңыз білесіздер?» – деді. Ал ФИФА-ның не екені мұрнына футболдың добын көрген балақайға да белгілі емес пе, ә, шал? Мылжың-бейде шіміркену деген болсайшы тегі!..
Айтып-айтпай не керек, жиналыс Мылжың-бейдің шылауында кетті. Жақ-жақ айтыстың ақыры қып-қызыл төбелеске айнала жаздады. Сол кезде біреу ербиіп ұшып тұрып: «Екі ноль» деген немене, кәне, кім біледі, айта қойыңдаршы!» – дегені ғой. Сезіп отырсың ба? Мылжың-бей аңтарылған жұртқа қарап, бір шетте монтиып тұр. Көпшілік әлгі сұраққа әрқалай жауап беріп, айтыс-тартыс қайта өршіп, түннің бір жеріне шейін у да шу болысты. Мылжың-бейіміз ертеңінде жаңа басқармаға мүше боп шыға келді… Оның істемегені жоқ, шал! Әлгі бір жалау оқиғасын естіп пе едің? Жоқ па?.. Ендеше тыңда! Бір жылы біздің Мылжың-бей клубтың құрметті президентін орнынан тайдыруға кірісті. Президент соның алдында ғана мәжіліске депутат болып сайланған еді. Иә, сонымен, жиналыс ашылды. Ашылғаны бар болсын, Мылжың-бей ұшып тұрды да: «Жиналыстың өкілдігі жоқ!» – деді. «Е, неге? Ол қалай?» – деп көпшілік шу ете түсті, «Ол солай, залда түрік жалауы көрінбейді. Кымбатты әріптестерім, өкінішті болғанда біздің арамызда сонау атамзаманнан бері ғажап даңққа бөленген киелі түрік жалауын құрметтей білмейтіндер бар екен!» – деді Мылжың-бей. Әй, басталды-ау бағана! Сорлы президентіміздің көзінен сорасы ағып, ойбай, жалау қайда деп жанталасты. Табан астында небір патриоттар табыла қалып: «Дүндар дұрыс айтты! Жалау жоқ деген сұмдың қой!» – деп айғайға басты. «Бұл – солшылдардың арандатуы! Біздің сапымызға солшылдар еніп кеткен болды!» – деп біреу баж-баж етті. Сол-ақ екен, «Коммунистер құрысын!» деген ұран залды күңірентіп жіберді. Сен біздің бейшара президентіміздің, байғұс депутатымыздың сондағы сиқын көрсең ғой, шал «Тәңір тілеулеріңді берсін, қайдан тапсаңдар да жалауды тауып әкеліңдерші!» – деп шыр-шыр етеді.
–Ақыры немен тынды? – деді Саид елегізіп.
–Немен тынсын, шал-ау. Жиналыс ағасының зәресі зәр түбіне кетіп: «Айналайын Мылжың-бей, не қылсаң да еркің, өзің білші!» – деп жатып жалынды. Содан кейін Мылжың-бей айдынданып мінбеге шықты да: «Достарым менің! Біздің жалауымыз – біздің ар-намысымыз, біздің қанымыз! Бойында бір түйір таза түрік қаны бар адам коммунист болмақ емес! Солшылдардың қарасы батсын!» – деді. Барып үстелінен жарқ еткізіп жалауды суырып алып, бір шетін шөпілдетіп сүйіп, апарып мінбенің жанына іліп қойды… Жалауды Дүндардың өзі тығып қойғанын кейін білдік. Сөйтіп, ол президентті ұшырып жіберді, Дүндарға дәнеңе болған жоқ…
Эрол мен Саид әңгімемен жол қысқартып, Мылжың-бейдің «Бар» тақілеттес кеңсесіне жетті. Дүндар Мылжың-бей журналшылардың алдына ішімдіктің небір түрлерін мөлдіретіп қойған екен, солардың ішіліп бітуін тосып тұрып:
–Мырзалар, тездетіңіздер, мәжіліс енді жарты сағаттан соң он сегізінші үйде ашылады, – деді.
–Ол қай үй?
–Көрсетем ғой, бірге барамыз.
Мылжың-бей мәшинесімен жол бастап кетті. Басқалар соңынан ерді. Он сегізінші нөмірлі үйге барды. Баспалдақпен төмен түскен жұрт бір ұсқынсыз залға кірді.
Арқан жан-жағына қарап, таңданып:
–Қайда келгенімізді білмесем де, біздің қымбатты Мылжың-бей тағы бірдеңе ойлап тапқанын сезіп тұрмын. Мәртебелі жиналыстың мынадай жерде өткізілетінін көруім бірінші рет, мынасы көкөніс сақтайтын қойма сияқты екен, – деді.
–Жиналысты клубтың үйінде неге өткізбейді, ол әлдеқайда кең емес пе? – деді Саид.
–Сірә, Мылжың-бей кісі көп жиналып жүрер деп сескенген шығар.
Белгіленген сағат өтті. Жиналыс ашылар емес. Ешкім жоқ. Әу бастағы журналшылар, сонсоң бас кеңестің Дүндармен бірге келген кейбір мүшелері ғана. Мылжың-бей абыржи бастады, жиналғандардың саны президиумға да жетпейді. Ол басқарманың қалған мүшелеріне безектеп телефон соғып, жиналысқа дереу келулерін өтінді. Қанша өтініп, қанша тосқанмен сопиып бір-ақ кісі келді. Адам саны жеткіліксіз, сондықтан жиналысты кейінге қалдырайық, деп ұсынды Мылжың-бей.
–Ол не сөз?! Пәлен күні жиналыс болады деп гәзеттер бір ай бойы жарыса жазып-жазып, ал енді… «Мызғымас Діңгектер» қайда? «Шаң шұбалтқандар» қайда? «ШаШ» – «ШаШ» үшін» қайда? – деп бір журналшы қатты ашуланды.
–Бізді әбден ақымақ етті. Тентіретіп жіберуі ғана қалды, – деді Арқан-бей мысқылдап.
«Масқара! Алаяқ!» деген ызалы айғай шықты. Әлдекім:
–Әлгі сұм қайда?! – деп тебітті.
Алданған ашулы журналшылар Мылжың-бейді іздеуге кірісті. Кенет шам сөніп қалды. Қараңғыда тасыр-тұсыр, айқай-ұйқай басталды. Бір тұста біреу:
–Ойбай, өлтірді!.. Көмектесіңдер! Құтқарыңдар! – деп бақырып жатыр.
Полиция жетіп келді. Шам жанды. Бақырған дауыс бір бұрыштағы кебежеден шығып жатыр екен, барып ашып қалса, дін аман Мылжың-бей отыр. Оған неге кіріп кеткені, оны кім өлтірмек болғаны белгісіз. Қысқасы, бас төрағаның қулық-сұмдығы ашылып қалды. Ол жиналысты қалайда кейінге қалдырып, уақытты соза беруді ойлаған ғой. Стамбұлдың бір көшесіндегі он сегізінші үйдің үлкен залын жалдап алдық деп газеттерге хабарландыру берген кезде Стамбұлдың үй нөмірлері атамзаманнан былығып келе жатқанын ол да жақсы білген. Бір көшеде он сегізінші нөмірлі екі үй тұрғанын көріп, халықты соның азып-тозған екіншісіне бастай жөнелген. Жұрт: бұл қалай, бұл не, деп бастарын қатырып отырғанда жиналысты ашып-жауып, ұсыныс-мұсынысымды тағы да өткізіп ала қоямын деп жобалаған. Бірақ онысы болмай қалды. Журналшылардың бірі сезіп қойып, оған қадала кетті емес пе?! Сол сәтте Дүндар Мылжың-бей электр селтегін басып қалып, кебежеге сүңгіп кеткен. Сөйтіп, «ШаШ» клубы мүшелерінің дәстүрлі жылдық жиналысы ырың-жырың жағдайда басталды.
–Әнеу бір кісіні байқадың ба? – деді Арқан, жанындағы Саидты ақырын түртіп қалып. – Селим-бей деген сол. Дүндардың орнына бас төраға болады деседі. Ол бола қалса, шал, онда Мылжың-бейдің күні батады. Ол Мылжың-бейдің қылмыстарын ашып, оңдырмай әшкерелегелі жүр деген сөз бар. Бірақ біздің мықты да оп-оңай өле қоймас. Үндеме, бір қызық хикая
болады енді…
Президиум сайланып бола бере Мылжың-бей мінбеге секиіп шыға қалып:
–Менде бір ұсыныс бар! – деді.
–Түс, кәне! Жоғал! Ұсынысыңды үйіңе алып қайт! – деп Селим-бей ақырып жіберді.
У-шу тағы да басталды. Мылжың-бей сасар емес, ол да айғайға басты:
–Мен бүгінгі жиналыстың төрағалығына бәріміз аса құрмет тұтатын қадірлі Селим-бейді ұсынамын! Ау, достарым! Біздің клубтың ең құрметті, лайықты мүшесі кім? Әрине, Селим-бей!
Жұрт тына қалып, оған аңтарыла қарасты.
-Клубқа жақсылықты ең көп жасаған адам кім? – деді Мылжың-бей айылын да жимастан. – Әрине, Селим-бей!…
–Бұлардың жауығып жүргендері кәні? Анау Селим-бейді мақтай бастады ғой! – деді Саид таңданып.
–Әй, шал-ай, бұл оның құрық бойламас қулығыңның бірі емес пе? – деді Арқан.
Дүндер Мылжың-бей төпеп тұр:
–Селим-бей — осы отырған бәріміздің ағамыз. Ол «ШаШ-қа» тірі жанның қолынан келместей жақсылық жасады. Сол үшін де мен Селим-бейді бүгінгі жиналысымыздың төрағасы етіп сайлауды ұсынамын!
Ду қолшапалақталды.
–Өй, ит-ай, пәлесін-ай! Мынау Селим-бейді тірідей жұтып қойды. Анау енді тырп ете алмайды. Дүндардың ұсынысымен сайлана қалса, қарсы болу қайда оған! Қалай, шал, түсіндін, бе? – деді Арқан айтқаны келгеніне айызы қанып.
–Төрағаның сөйлеуге құқы жоқ па?
–Жоқ. Ол басқаларға сөз беріп қана отырады…
–Төраға болмаймын! Менің сөйлейтін сөзім бар! – деп Селим-бей де байбалам сала бастады.
Болары болды, бояуы сіңді. Бірнеше кісі Селим-бейді көтеріп ала жөнелді де, төрағаның орнына апарып қонжитты. Ол есін жиып, мәжілісті ашық деп жариялап үлгіргенше, Мылжың-бей мінбеге тағы шыға қалды:
–Мұндай мәртебелі жиналыс алдындағы дәстүрімізше біздің ұлы қаһармандарымызды бір минут үнсіз тұрып еске түсіруді ұсынамын…
Залдағылар түгел тұрды. Бір минут өтті, екі, үш, бес минут етті… Мылжың-бей міз бақпай тұр, одан белгі күтіп басқалар да амалсыз тұрды.
Залда күбір-сыбыр естіле бастады. Арқан да Саидтың құлағына сыбырлап:
– Айтпадың деме, мына алаяқ тағы бір сұмдық шығарады! – деді.
Жұртқа отыруға белгі бере салысымен Мылжың-бей тағы да сыпылдап сөйлеп ала женелді.
–Достарым! Өткен түні Бейоглұда полиция бір мас жігітті ұстады. Төбелес үстінде ұстады! Полицей оны участокке алып бармақшы болған кезде жігіт айтты: «Сенің маған тиісуге хақың жоқ, мен ұлттық құрама футбол командасының мүшесімін!» – деді. Осы орайда, достар, менің сіздерден: футболшыларымыздың моральдік бейнесі туралы мықтап сөйлесетін мезгіл болды емес пе деп сұрағым келеді…
Зал дегенің тура жамырап кетті. Сөз сұрағандарда есеп жоқ. Тынышталуды тілеп төраға әлекке түсті. Мылжың-бей мінбеде қасқиып тұр.
–Жарандар! – деп соңғы қатардың бірінен әлдекім айғай салды, ФИФА туралы, «екі ноль» туралы дауды естеріңе түсіріңдерші! Бізді алдап соқпақшы! Сөзді доғарыңдар! Алланың атымен өтінем! Сақ болыңдар!
Оның соңғы екі сөзді қатты айтқаны соншалық, жұрт аңтарылып қалды.
–Ұқтың ба, шал? – деді Арқан Саидқа.
–Жоқ.
–Менде енді бір ұсыныс бар, – деді Мылжың-бей тағы да.
Байғұс Селим-бей оған тағы да сөз беруге мәжбүр болды.
–Қадірлі әріптестерім, – деп бастады Дүндар Мылжың-бей, – біздің үкіметіміз «ШаШ»-қа» үнемі оң көзімен қарап, қалтқысыз қамқорлық жасап келеді. Біздің жиналыстың атынан үкіметімізге құттықтау жежелхат жолдауды ұсынамын!
Оның бұл ұсынысы да қабылданды.
Залдан біреу айғай салып:
–Мінбеден түс! Таң атқанша отырар жайымыз жоқ! – деді.
Сол әредікте курьер кіріп, төрағаның үстеліне бір құшақ қағаз қойды. Оған көз салған Селим-бей:
–Құрметті әріптестер! Біздің жиналысымыздың атына көптеген құттықтау жеделхат келіп түсті. Президиум хатшысы қазір сіздерге соларды оқып береді, – деді.
Хатшы жеделхаттарды шетінен оқи бастады. Бір құшақ болған пәле тәмәмдала бергенде, курьер тағы бір құшағын әкеліп тастады.
–Егер мен бірдеңе білсем, бұл телеграммаларды да Мылжың-бей жіберді, – деді журналшылардың бірі.
–Ол да мүмкін, – деді Арқан оны қостап.
Құттықтау жеделхаттар қызыл іңірге дейін толастамады. Түскені түгел оқылып болысымен, Мылжың-бей сөз алды:
–Ұсыныс есебінде айтарым… Қымбатты достар, өкінішті болғанмен жасыру мүмкін емес бір жәйт: «ШаШ» бұ дүниеге келгелі оның тарихында бірінші рет басқарма мүшелері алауыздыққа ұшырап, көптеген түрлі топтарға бөлініп отыр. Бұл – біздің спортымыздың өміріне үлкен қауіп туды деген сөз. Ендеше, дауыс беру кезінде былықпай болмауы үшін тізімдерді дәл қазір тәртіпке келтіріп алуымыз керек. Сондықтан мен басқарма мүшелігіне кандидаттардың тізіміндегі фамилиялардың тұс-тұсына ол кандидаттың қай топқа жататыны жазылып қойылсын деп ұсынамын…
Кандидаттардың тізімдері түн ортасына дейін тексерілді…
Саидтың көргені мен естігеніне таң қала есеңгірегені соншалық, тізімдерді тексеру бастала бергенде-ақ жиналыстан шыға жөнелді. Арқанға ескерте де алмады.
Келесі күні таңертеңгі газеттерді шолып отырып, Дүндар Мылжың-бейдің «ШаШ» клубы басқармасының жаңа құрамына сайланғанын оқыды.

ЖАҢА ЖҰЛДЫЗ
Саид өзінің футбол алаңына шыққанына Севимге ғашықтығының себепші болғанын ұмытып та кеткен. Сырқатымнан сауығуды, жігерлі, күшті болуды көксеген соң ғана футболшы болдым деп ойлап жүр. Мақсатына қолы жеткеннен кейін қалыңдығын да, махаббатты да жылы жауып қойды. Бар-жоқ серігі – өзін адам еткен футбол. Арқан «ШаШ-тың» жылдық жиналысына сүйрегендей етіп апарған соң, Саид кәсіпқойлық спорттың бүкіл қулық-сұмдығын бірінші рет көріп-білді. Футбол басшыларын әулие санайтын сенімінен айырылды. Бірақ қуанышқа кенелтетін, күш-жігерін, ептілігін, жеңіске құлшынысын еселейтін аса тартысты футбол атты ойын ол үшін ең кіршіксіз қасиетті күйінде қалды. Томпсонмен достасуы оны «ШаШ-пен» қоштастырды. Ағылшын «ЖЖК-ге» жаттықтырушы болып ауысты да, Саид қадірлі жаттықтырушысына ілесіп кете барды. Жоқтан бар жасайтын, футбол жұлдыздарының талайын жарқыратқан Томпсон Саидты жанынан тастамай, футбол алаңында сан сағатты бірге өткізіп жүр.
Саид үшін жаңа өмір басталды. Аймақтық іріктеу жарыстары өткізілуде. Ағылшын Саидты негізгі құрамда жиі ойнатып, оның аты спорт хабарларында жиі аталатын болды. Үлкен баспасөз де оған назар аударды. Сондықтан оның тұрақты кім болып ойнауы керек деген мәселе тағы да даусыз шешілмеуге айналды. Жаттықтырушы оны «ЖЖК-нің» оң қанаттағы шабуылшысы етіп қойды. Бірақ ол орын бұрыннан ойнап келе жатқан Хайдардікі. Тепкен добы торды тесіп өте жаздайтындықтан Хайдар — «Тескіш» атанып кеткен, әрі клубқа қымбатқа түскен ойыншы.
Маусым жаңа ғана басталғанмен «ЖЖК-нің» қимылы ересен, чемпион болатын түрі бар. Яғни Томпсон тез шешім жасап, Хайдар мен Саидтың біріне тоқтауы керек. Қинала бастаған жаттықтырушыға Арқан көмектесіп жіберді. Ол іріктеу ойынына үш күн қалғанда Хайдарға талақша жабысты да, ықылық ата ішіп, ойнап-күліп, билеп, ресторан мен бар, казино атаулыны адақтап, күндіз-түні жұп жазбай жүріп алды.
Екі мықтының бірін таңдап алу мақсатымен жаттықтырушы ойынның бірінші жартысына Хайдарды, екінші жартысына Саидты шығаратын болды.
Даңқты Хайдар Тескіште дәрмен қалмапты. Сауықпен өткен түндер сандалтып тынған. Допқа ие бола алмайды. Зеңбіректен атқандай етіп тебу қайда, – қарсыластарының қақпасы қай жақта екенін ұмытқандай ұлыды да жүрді. Қақпа маңындағы опыр-топырға бір рет қана қатысып, соның өзінде дамбалынан айырылып қалып, алаңнан серіктерінің қоршалап жасыруымен әрең шықты.
Хайдардың орнына ойынға қосылған Саидтың толқығаннан жүрегі айнып кетті. Қайтсін енді, – тағдыры шешілгелі тұр. Шекспирдің: «не бүге, не шіге» дегені есінде. Бүгін жақсы ойнап шықса, команданың маңдайалды шабуылшысы болып орнығып, барлық кездесулерге қатысып, чемпион атағынан үміттене алады… Әншейінде жер қозғалса да қозғалмайтын Томпсон мырза да толқып тұр, себебі Саидтың табысы оның жаттықтырушылық жеңісі болмақ!..
Ойын басталып кетті. Саидтың өрепкіген көңілі бірте-бірте орнығып, қорқыныш-үрейі жоғалып, өзіне өзі әбден ие болып алды. Ойын шиеленіскен сайын ол ширыға түсті. Томпсон мырзаның еңбегі зая кетпепті. Саидтың ойын өрнегі жанкүйерлердің айызын қандырды, олар Саидтың әрбір қимыл-әрекетіне қол соғып қошеметтеп отырды.
Кездесудегі бір ғана голды – жеңіс голын Саид соқты. Жанкүйерлер тақияларын аспанға атты. Командалас жолдастары Саидты алаңнан төбелеріне көтеріп алып шықты. Саид – «ЖЖК-нің» оң қанаттағы шабуылшысы!
Әділдік үшін қайталап айта кетейік, Саид жұлдызының жануына Хайдар жұлдызының сөнуіне ең таңдаулы шолушы Эрол Арқаннан артық үлес қосқан ешкім жоқ. Оның қулығын Саид сезбеді, сезсе, әрине, мынау жеңісіне ол масайрамас еді.
Шәкіртін құттықтайын деп Томпсон мырза ойыншылар киім ауыстыратын жерге жетіп барса, – Саид бүрісіп тұр, жанында Айсель. Ол келіншек жеңісімен құттықтау үшін әдейі іздеп келіп, жұрттың көзінше Саидты жаңа ғана шөпілдетіп сүйген болатын. Америкадан аттанар кезінде Айсельге хат жазуды доғарғаны былай тұрсын, келген соң тым құрыса төбесін де көрсетпеген қылығы үшін Саид жерге кіріп кете жаздап тұр еді. Бірдеңені бүлдіріп қойған шәкірт балақайдай мүләйім кейіпте. Жасыма, Саид! Айсель сені, испан Айсельдің көмегімен туған жаңа жұлдызды көру үшін келіп тұрған жоқ па?!
Саид өзінің келіншектің мәшініне қалай барып мінгенін аңдамай да қалды. Испан Айсельдің Саидты жанына отырғызып алып кеткенін көргендердің ешқайсысы жігіттің маңдайы жарқырайтынына шүбәланған жоқ…
Айсельдің мінез-құлқы Севимнің мінез-құлқына кереғар екенін айтқан болатынбыз. Ол Америкадан қайтып келген Саидты іздеп те, не телефон соғып та әуре болмады, өйту ойына да келмеді.
–Иә, қалайсың? Тіпті тамаша ойнадың… – деді ол, кешеден бері ғана көрмеген кісіше жайбарақат сөйлеп.
–Сен көріп отырдың ба?
–Сүйіктім-ау, сенің бірінші ойыныңа келмесем, кім болғаным? Сен үшін шешуші ойын емес пе еді?.. Әлде сенің болашағыңды елден бұрын болжаған мен емеспін бе?
Әсем келіншектің жанындағы Саид сонау бір сәттегі мамыражай қалпына қайта оралып, бақыт нұрына бөленіп отыр. Айсель мен Севим Қылмойын арасындағы күндестік дауылы әлі толастамайтынын, даңқы үшін талай тауқымет тартуға тура келетінін ол қайдан білсін…
Таңәртеңгі гәзеттер футбол ойыны жөніндегі есептерінде Саидтың шеберлігін тамсана жазысты. Ал Арқан болса: «Футбол аспанында жарқырап жаңа жұлдыз туды!» – деп тұжырыпты.

СҰЛТАН… ЖАСАСЫН!
Саидтың футболдағы жолына шынында жұлдыздан шашу шашылды, алғашқы маусымда-ақ атақ-даңққа кенелді. Гәзет бетінен түспейді. Күн сайын мақала, сурет қаптап кеп жүргені. Арқанның аспандата дәріптеуінде де қапы жоқ. Атақты футболшылардың бәрінде жұрт қалаған қосымша ат болатыны белгілі, – соны ескерген соң ең байыпты, ең әділ шолушы Эрол Арқанбей Саидқа «Саид Офсайд» деп ат қойды. «ШаШ» пен «ЖЖК» арасындағы алғашқы ойында Саид бірінші голды салғанда, «Шаңдатқыштар» төрешіні қоршап алып: «Офсайд!» деп қиқулаған. Саидтың офсайд болған, яғни ойынан тыс қалған дәнеңесі жоқ болатын, голды ереже талабына сай салған. Оның ойын тәсілі сондай болатын, футбол мамандары сол үшін де оны «офсайдтың о жақ, бұ жағындағы ойыншы» деп атаған («ЖЖК-нің» оң қапталындағы бұл шабуылшысы қарсы жақтың қорғаушысын алдап өту үшін ойын әдісін қырық құбылтып, айналып өтіп, орағыта жүгіріп, ақырында допты іле жөнеліп, қақпа алдында тыпырлап тұрған қақпашыға әзірейілдей төнетін).
Егер елдің бәрі ұлттық құрамамыздың кұты, футболдың сұлтаны деп дәріптеп біткен Ахмед ұлттың құрама командада небары бір-ақ рет ойнаған болса, Саид ел намысын бір маусымның ішінде үш рет қорғады.
Ахмед шау тартты. Футбол сұлтанының тәжін жарқыратып киіп жүр десек те, сол тәжі бар болғыр оны тәжікеге сала бастады…
Оны Севим де аңғарды. Оған бұрынғысынша үйіріліп жүрсе де, шау тартқанның шамасына селқостанып, есіл-дерті Саидқа ауа бастады, шеңгеліндегі жемтігінен айырылып қалғанына іші удай ашып жүр. Күйеу жігітінен көз жазған өзіне, жалғыз қызын қосағынан айырған әке-шешесіне өкпесі қара қазандай. Әке-шешесі ғой, дағдарысқа ұшырағандардың бізге қажеті жоқ, ондай кедей біздің қызымызға — «Хасип Жарқыл. Әйелдердің ішкиімі» фирмасының мұрагеріне тең емес деп шыққан.
Саидтың жұлдызы жоғарылаған сайын Севимнің дерті асқына берді. Кімнен көз жазып қалғанын түсініп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Саидты ғана сүйетінін бірде тіпті Ахмедке де айтып қалды. Севимнің егіліп, езіліп, еңіреп етегі толып, жер болып айтқанына шыдай алмай Ахмед те көзіне жас алып, бір кезде бозөкпе жігітті адам деп санамаған Ахмед енді онымен ұпай теңестіре алмасын Севимнің алдында ашық мойындады. «ШаШ-тың» кеше «ЖЖК»-ден жеңілгені – Ахмедтің жеңілгені. Әйгілі Тасдуал, қорғаушы Ахмед әйдік шабуылшы Саидқа тосқауыл бола алмады. Ахмедтің есіне «Қартайған бөрі құйрығынан шошыр» деген мәтел түсті.
Соңғы екі жылда Ахмед әрбір ойынды әрең өткізіп жүр. Командалас жас серіктерінің мазағынан сескеніп, жаны қалмай тыраштанады. Онысын сезіп жатқан ешкім жоқ, бәрі де баяғыша: «Ахмед бабында емес екен-ау…» деп қояды. Бір кездердегі құйындай ұйтқыған ойыны жоқ. «Футболдың сүлтаны», «Команданың қаңқасы», «Футбол профессоры» деген атақ-даңқы дақпыртқа айналып тынды. Футболға онымен бірге келген құрбы-құрдастары ойынды тастағалы қашан, бірі – жаттықтырушы, бірі – саудагер болып кетті, енді біреулері – шылқыған байдың қызына үйленіп, шекесінен қарап жүр. Ешкімге тәуелді емес. Ахмед те ақшаға кенде болмады, бір клубтан екінші клубқа ауысқанда алғанын қайда сиғызарын білмейтін, ақшам таусылмайды деп ойлайтын. Амал не, алаулап өткен жастық шағымен бірге даңқы да тозды, ақшасы да таусылды.
Дізесіне басын салып жылап жатқан Севимге қарап отырған Ахмед осындай ой кешті, ол өзін де, қызды да аяды. Ол Севимнен басқа ешкіммен әуестенген жоқ, бірақ Севиммен де уақытша әуестенді. Өліп-өшіп, құлай беріліп жүрген бұл қызға неге үйленбеді? Енді не істемек? Келесі жылы футболмен қоштасар жасқа жетіп отыр, мұны қошеметтегенсіп шығарып салады да ұмытады бәрі. Шіркін-ай, бүкіл Түркияны дүркіретіп тұрған атақты шағында кетіп қалмағанын қарашы! Жанкүйерлерінің де жаны ашымады. «Бас, Ахмед, бас! Теп, Ахмед, теп!» деп, жетелей берді. Ал жаңылса болды: «Алжыған екенсің!» – деп айғайлайды.
Ахмедтің көзіне жас үйірілді… Өзін көп аяй ма, әлде Севимді көбірек аяй ма?.. Қызды жас балаша басынан сипап еркелеткісі, құшақтап сүйгісі, аймалағысы келді, бірақ бұрын өйтіп көрмегендіктен еріксіз тартынды. Оның есесіне:
–Болды! Жоқтайтыныңды тапқан екенсің! – деп зекіді.
–Маған енді не істеу керек? Онымен некелестім ғой… Елге қай бетіммен қараймын? – деді Севим ықылық атып отырып.
–Қой енді. Байлығыңнан айырылғандай болдың ғой!
–Қымбаттым-ау, байлығымнан айырылмасам да… менде не қалды? – деді Севим, қалжыңдаған сыңаймен. Ол қалжыңы өзіне де ерсі көрініп, жасып, жүнжіп: – Сен Саидпен сөйлесші… Екеуің доссыңдар ғой! – деді.
Ахмед тыжырынды. Түрік футболы деп сабақ бергені есіне түсіп, күйініп кетті. Севимнің ойсыз сұрақтары оны тағы да ойға батырды. Иә, бір кездегі «тасдуал», «футбол ғылымдарының профессоры», «футболдың сұлтаны» Ахмедтің енді несі қалды? Оның заманы өтіп, орнына басқа біреу сұлтан болмақ па шынымен?
Ахмед Севимді қолынан ұстай алып, өзіне қарай тартты:
–Жетті, ақымақ болма! «Не болам, нем қалды» деп! Не көп, ақымақ көп, тағы біреуі табылар… Тесік моншақ жерде қалған емес…
Екеуі біраз үнсіз отырды. Әрқайсысы өз ойымен әуре.
–Бері қарашы! Менде бір идея бар! Ғажап идея! – деді Севим жерден жеті қоян тапқандай болып.
–Тағы не ойлап таптың?
–Ақүрпектің ғой, ақшасы жоқ…
–Оған, немене әкеңнен қарыз алып берейін деп пе едің?
–Қалжыңды қоя тұршы, мен шын айтып отырмын. Кімді, Саидты «ШаШ-қа» алып алсақ қайтеді? Оған қалай қарайсың? Дүндардың қуанышы қойнына симай кетер еді, ә?! Қара да тұр, тура сөйтеміз. Қалтасы қағылып жүрген Саидтың да сілекейі шұбырып кетер…
Ахмед тұнжырай түсті. «Бұл сонда кімге жақсы атанбақшы: Дүндарға ма, Саидқа ма, әлде маған ба? Мұны несіне аяп отырмын?» деді іштей. Ол орнынан тұрды.
–О не? Қайда кеттің?
–Жұмыс бар, – дей салды да, шығып жүре берді.
Севимнің идеясы Дүндар Мылжың-бейге шынында қатты ұнады. Севим бір минөтті де босқа жібермей, іске дереу кірісуге тиіс, оның «ШаШ-қа» жасаған ең үлкен жақсылығы сол болады. Егер Саидтың тілін таба білсе, келесі маусымда «ШаШ-қа» ауысуға көндіре алса, ол бұларға биыл гол салмауға тырысады, Мылжың-бей биылғы маусым бітер-бітпесте-ақ Саидты аулаушылар анталап көбейетінін сезіп жүр. Оны басқаларға бұйыртпас үшін «ШаІІІ» біраз шығынға батуы керек, өйткені «ЖЖК» Саидтан тірі айырыла қоймайды…
–Одан қалай ғана көз жазып қалдық десеңші! – деп Мылжың-бей таңдана сөйледі. – Бірақ ондай бозөкпеден бірдеңе шығарын кім білді!.. Шашымды ақ шалып, шаршап-шалдығып жүрген осы шағыма дейін өйтіп атағы тез шыққан ешкімді кездестірген емеспін. Талайды көрдік, тек мұндайды… Сенің оны «ЖЖК-ге» неге жіберіп қойғаныңды мүлде түсінбеймін.
Оның ойынша, Саид әлі күнге дейін Севимнің айтқанынан шықпайтын сияқты.
–Оған анау ағылшын кінәлі, бар пәлені сол тауып жүр, – деді Севим.
–Сенің қолыңнан ештеңе келмесе, онда біз ұрлап аламыз! – деді Дүндар Мылжың-бей нықтап. – Ахмедті аларда бізге қалай көмектескенің есіңде ме? Айтпақшы, біз оны шет-шалғайдағы клубтардың біріне жібермекшіміз. Өзің де көріп жүрсің, ол аяққа оралғы бола бастады, бұрынғыдай ойнаудан мүлде қалды… Көп саудаласпай-ақ өткізіп жібереміз…
Севимнің көз алды қарауытып кетті. «Сұлтан өлді!» – деді ол, құлағы шыңылдап. Ол ескі досына арашашы бола алмады, еңіреп жылап жіберуден қорыққандықтан ләм-мим деп ауыз ашпады.

ҒАСЫР САЙЫСЫ
«ШаШ» пен «ЖЖК» ақтық айқасқа шықпақшы. Қайсысы жеңсе, сол чемпион болмақ!..
Бұл сайыста тағы да бір тағдыр сынға түспекші. Яғни, биылғы маусым қорытындысында кім көп доп соққан болса, сол «Футбол королі» атағын алады. Ол атаққа таласушылар үшеу: солардың бірі – «ЖЖК-нің» оң қапталдағы шабуылшысы Саид Жиренші. «Футбол сұлтаны» болу үшін ол «ШаШ-тың» қақпасына кемінде бір доп соғуға тиіс. «ЖЖК» жеңісі чемпионаттың да, Саидтың да тағдырын шешпек, Саидтың өткендегі келеңсіз өмірін келмеске кетіріп, нағыз адам санатына қосылу жеңісі болмақ.
Бұл тарихи сайыс туралы көп жазылды, көп айтылды. Гәзеттер оны ғасыр сайысы деп атады. Стамбұл ғана аласұрып қойған жоқ, Түркияның төрт бұрышындағы жанкүйерлер түгел дүрлікті. Гәзеттердің хабарларына қарағанда, жанкүйерлер арасында ұрыс-керіс те, төбелес те, пышақ салыс та болып жатқан көрінеді, қауым да, қоғам да қопарылып кететін тәрізді…
Сайысқа аса зор мән беріліп отырғандықтан, оны ұйымдастырушылар радио және теледидар арқылы сөз сөйлеп, билетпен алыпсатарлық жасаушыларға аса қатал жаза қолданылатынын хабарлады. Сол-ақ екен, билеттің жасырын базардағы нарқы мүлде аспандап кетті. Кассаларға әлі бірде-бір билет түспесе де, пайдакүнемдер әр билетті екі жүз лирадан да қымбатқа сата бастады. Полиция футбол сайысына сатылатын билеттерді жасап жатқан баспахананы басып алуға мәжбүр болды.
Спорт істері жөніндегі министр баспасөз конференциясында сөз сөйлеп, түрік халқының спортқа мұншама ес-түссіз берілгеніне риза екенін білдірді. Дені саудың жаны сау болатынын ескерте отырып, таяуда Стамбұлда әрқайсысына жүз мың кісі сиятын тағы да екі стадион салынатынын айтты.
Министрдің мәлімдемесі баспасөз бетінде өте көп пікір туғызды. Мысалы, бір журналшы аса тапқырлық танытып, астанаға екі стадион емес, жиырма стадион керек және олардың әрқайсысына кемінде жүз мың кісі сиятын болсын, деді, онымен ғана шектелмей, бүкіл Стамбұлды тұтастай стадионға айналдырып, қаланы айнала белдеулеп мінбер салып қою керек, оған елдің халқы емін-еркін сиып отыратын болсын, жанкүйерлеріміздің жаны сонда біржола рахат табатын болады, деді ол.
Солшыл пиғылдағы бір жазушы ол пікірді ұнатыңқырамай, елде мектеп пен аурухана жетпей, қалаларда дәретханалар дұрысталмай, ауыл-селоларға электр жарығы апарылмай жатқанда соншама үлкен стадион салу ыңғайсыз-ау деп қалды.
Осыған жауап ретінде бір пысық спорт шолушысы оған қарсы шығып: «Мен бүкіл Европаны араладым, халықаралық, құрылықаралық, әлемдік және олимпиадалық сайыстардың көбінде болдым, халыққа футболдың аса қажет екенін өз көзіммен көрдім. Менің айтарым, дәретхана мен спортты шатыстырмау керек!» деп адуынды мақала жазды.
Кездесуге қатысты бәсеке де, бәс те қызды. Жанкүйерлер бәс мөлшерін бес лирадан бес мың лираға жеткізді. Гәзеттер неше түрлі алып-қашпа хабарларға толды. Бір хабарда: «Егер біздің «ШаШ» жеңіске жетсе, Стамбұл етікшілері сүйікті командамыздың мүшелеріне ғана емес, олардың бала-шағаларына да бір-бір пар аяқ киім силайды!» делініпті.
Ресторанның иесі: «Егер «ЖЖК» жеңіске жетсе, бүкіл команданы бір ай бойы тегін тамақтандырамын!» – деді.
Стамбұл муниципалитетінің бір жауапты, беделді қызметкері: «Егер «ШаШ» жеңіске жетсе, ол клубтың футболшыларына қаланың қоғамдық пайдалану орындарына бұдан былай тегін кіріп-шығып жүруге рұхсат беріледі» деді.
Ал Мылжың-бейге келсек, ол өзінің жігіттеріне: егер жеңе қалсаңдар, әрине, әрқайсыңа алты мың лира беремін дегенді айтты.
Эрол Арқан өзінің гәзетіне киімі шағын қыздың фотосуретін басып, «ЖЖК-нің» адал жанкүйері Нұртен қыз: «Егер менің командам жеңіліске ұшыраса, мен Таксим алаңында өзімді-өзім өртеп жіберем!.. деді», – депті.
Алдағы сайысқа байланысты айтыс-тартыстың салдарынан араздасып, тіпті ажырасып кеткен ерлі-зайыптылар да аз болған жоқ…
Атақшылдардың аты жүрді-ақ. Оларға «Сіздіңше кім чемпион болады?» деп сұрақ қоюшылар көбейді. Сол әйгілілердің бірі Севим өзіне сұрақ қойылғанда былай деді:
–Доп жарықтық домалақ, кімнің чемпион болатынын дәл қазір дәп басу қиын. Әсіресе бүгінгідей командалар ойнарда болжау айту – бос әурешілік.
Егер «ШаШ»-тың техникасы шебер болса, «ЖЖК»-нің жігері артық. Саид Офсайдты тоқтата алу қиын болса, Тасдуал Ахметті алдап өту де қиын.
Оған журналшы:
–Сіз, әрине, «ШаШ»-тың жанкүйерісіз ғой? – деп тосын сұрақ қойыпты.
–Бұл сұрағыңызға жауап бермеуге рұхсат етіңіз… – депті Севим.
Олардың әңгімесі онымен бітпеген. Жылпос журналшы Севимнен бірнеше фотосуретін сұрап алыпты:
–Жариялауға қажет… Рұхсат етесіз бе?
–Білмеймін… Еркіңіз…
Севимнің жағажайда Ахмедпен айқара құшақтасып тұрған суреті газет бетінде жарқ етті.
Ал чемпион кім болады деген сұрақ Айсельге қойылғанда ол Севимше сан түрлі жауап ойлап басын қатырмай:
–«ЖЖК» чемпион болады! – деп тоқ еткізді.
Оқырманға Айсельдің пікірі емес, фотосурет керек еді. Испан қызы реңді болатын. Газет дегенің мақала-сақаласымен қызықты болумен бірге, әңгіме, әсіресе әйелдерге тірелгенде, көрнекті құралымен тартымды болуға тиіс… Әйел бойындағы әсемдіктің бәрі көз алдымызда тұрғаны дұрыс. Түрік арық әйелді тамашалай алмайды. Бұл ретте Севим Қылмойынның испан Айсельге астар болуы қиын. Испан қызының балғын мүсіні түріктің көзін де, көңілін де қытықтап жібереді, сол себепті Айсельдің фотосуреті бар гәзеттердің тиражы екі есе өсіп кетеді…
Ұлы шайқас алдында тынығып оралу үшін екі команда да Стамбұлдан аттанатын болды.
Аттанардан бұрын Саид үй ішіндегі оны-мұны шаруаларын реттеуге кірісті. Дені саудың жаны сау екені есінде. Оған дейін ойында болмаған қайсыбір сұрақтарды да шешуі керек. Мысалы, келешекте қалай өмір сүруге тиіс? Немен шұғылданады? Қалай, қайтіп жан сақтайды?.. Ол құрылыс фирмаларының жобаларын қабылдап, қазірде далиып дара тұрған ата-баба үйінің орнына төрт үй салуды көздеді. Бірінде апайы, Анжела үшеуі тұрады, басқаларын жалға береді. Сөйтіп қалайда еңбек ету керек.
Бар пәле апайында болып шықты, ол бауырының ойын өрескел деді. Өзі туып-өскен үйдің бұзылатынын естігенде есінен танып қалды, есін жинаған соң былдырлап әрең сөйлеп:
-Сен де осы үйде туып-өскенсің!… Бұл қасиетті Мекенге қол көтерем дегенің не сұмдық? Жоқ, Саид, сен өйте алмайсың! – деді.
–Апатай-ау, түсінсеңізші! Заман өзгерді. Қалада қазір мұндай ескі үйлер азайды. Ескінің орнын жаңа басып жатыр.
–Жаңа үйлерің жетісіп тұр ма? Бәрі де табытқа ұқсайды! Жо-жоқ, жоқ! Мені азғырма, алдама! Мен қазіргі үйлеріңде тұра алмаймын!.. Менің бұл сөзіме құлақ қоймасаң, онда мен анау кәрі-құртаңдардың үйіне кетіп, қарамды батырамын! – деп Беррин-ханым безек қақты.
–Мен де кетем. Ханымнан қалмаймын, – деді Анжела бике.
–Апатай-ау, күндердің бір күнінде мына ескі үй өзінен өзі құлап қалады!..
–Мұның құлағанын құдай маған көрсетпесін!..
Дау-шардың ақыры Саидтың апатайы мен Анжела бикеге қосылып жылауымен тынды:
–Менің де осы үйден шынымен кеткім келеді дейсіздер ме? – деп кемсеңдеді ол.
Құданың құдіретіне дауа бар ма, Саидтың көз жасы апайының ақылын кіргізді. Апайы көз жасын тиып, бауырын балаша еркелете құшақтап:
–Жарайды, ұлым, қапа болма. Бұл үйді тәңірге тапсырдым, өзі шынында тозығы жеткен үй, әрі тұруға қолайсыз. Қойшы енді, жыламашы!.. – деп бәйек болды.
Жаңа пәтерге көшудің тауқыметі тіпті ауыр болды. Апайы қылаяғы сынық қасығына дейін қалдырмай ала кетуге кірісті.
–Апатай-ау, бұл ескі-құсқының бәрін несіне сүйрейміз? Ол пәтер шағын ғой, мыналар симайды.
–Бұлар қалғанша менің өлігім қалсын бұл үйде, – деп апайы күңіреніп отырып алды…
Екі күннен кейін Саид жолдастарымен бірге Стамбұлдан аттанып кетті.
Тарихи сайыс күні туды. Бүкіл халық стадионға ағылып, Стамбұл қаңырап қалды…
Кездесу алдында намаз оқып шығу үшін Мылжың-бей бастаған «ШаШ» командасы Әйіпсұлтан мешітіне кетті.
Севимге келсек, ол Саидты іздеп бірнеше апта бойы сандалды. Жаңа үйінің адресін білмейді» «ЖЖК» клубына баруға батылы жетпеді. Мына сайыс алдында кездестірермін деп үміттенеді. Саидқа сені «ШаШ» шақырады, қыруар ақша төлейді деп көрмекші. Саид дереу келіседі де, екеуі матчтан кейін Севимнің үйіне барады. Севим бүгін онымен сыпайы сөйлеседі, еркелейді, еркелетеді, оны жанындай жақсы көретінін, шын сүйетінін сездіреді. Мұны істей алмаса, Севим Қылмойын болмай кетсін!… Севим өзі бауыр басқан «ШаШ-тың» бүгін оңбай жеңілуін тіледі…
Жұрт стадионға ағылып келіп жатыр. Билеті жоқтар сонау ғасырларда Византия астанасының қорғаныс қамалына шабуыл жасаған ата-бабаларынша стадионға лап қоя бастады. Алдарында Қытай қамалы тұрса да қаймығар емес…
Стадион ойын басталуға төрт сағат қалғанда-ақ лық толды. Жанкүйерлер азық-түліктерін, карталарын, асықтарын, бестастарын, сонсоң, әрине, арақ-шараптарын да ала келіпті.
Севим футболға емес, тойға баратындай болды. Ең әдемі көйлегін киді, барлық асыл тастарын тағынды. Неке жүзігін де ұмытқан жоқ. Есіктен шыға берген оған, шешесі:
–Қызым, еркектерге емеурін білдірмеу керек, өйтсең олар бірден бассалады! Ақылды бол, қызым, – деп білген ақылын айтып қалды.
–Өз ақылың өзіңе! Не істеп, не қоятынымды енді сенен сұрамаймын! Сен білгенді мен де білем! – деді Севим ашуланып.
–Өй, оңбаған неме! – деп Мехжура-ханым баж етті. – Сөзін қарашы мынаның! Мен сені таптым, бақтым, өсірдім! Мені бетімнен алғанды қайдан шығардың?!
–Бетіңнен аламын! Аламын! – деп Севим шыңғырып жіберді. – Бәріне сен кінәлісің!.. «Ойбай, түсі нашар, ойбай, түрі нашар!» дедің де жүрдің!
–Ойбай, өлдім! Жүрегім! – деді Мехжура-ханым, көзі аларып, креслоға құлап түсті.
Севим селт еткен жоқ. Есікті шарқ еткізіп шығып кетті.
–Көзің ақсын, көргенсіз жынды! – деп шешесі қарғап қала берді.
Севим қайда барарын білмей біраз аңырды, «ШаШ-тың» жігіттеріне, әлде «ЖЖК» командасы орналасқан мейманханаға барса ма екен? «Сірә, екеуіне де барғаным жөн болар», деп ақырында ақылды шешім жасады да, «Шаңдатқыштарға» қарай аяңдады.
–Жігіттер, сайтанша ойнап, бәлемдерге сан соқтырыңдар! – деді ол, аса көңілді келгенін көрсетпек ниетпен күле сөйлеп.
«Шаңдатқыштар» оны кісі келді-ау демеді. Тек біреуі:
–О! Біздің ар-намысымыз, бедел-берекеміз келді!.. – деп күңк етті.
–Қалайсыңдар, жігіттер? – деді Севим сабасына түсіп.
Ахмед отырған күйі бұрылып қарады:
–Көріп тұрсың ғой. Кеше ебеп-жебеуші әулиеміз Әйіпсұлтанға сиынып келдік, ал бүгін құдай қосса «Жоқшылыққа» көресісін көрсетеміз!
Жігіттер ду күлді.
–Ал сен, сымбаттым, бері кел, жаныма отыр, маған рух беріп, жеңіс тіле.
Севим Ахмедтің жанына отырды, бірақ одан әрі оған ешкім көңіл бөлген жоқ, ілтипат та көрсеткен жоқ. Ол орнынан тұрып, ақырын ғана шығып кетті.
Севим көшеде бір таксиді ұстап мініп, «ЖЖК» жатқан мейманханаға тартты.
Кезекші оны дәлізден арыға жібермеді.
–Бұ қалай? Неге болмайды? «Рұхсат жоқ» деген не? Қайдағы тәртіп? – деп Севим күйіп-пісті.
–Томпсон-әпендіге айтып келгенше тоса тұруыңыз керек.
–Оларың кім тағы?
–Команданың жаттықтырушысы.
–Е, ол қашаннан бері әмірші еді? Футболшыларға футбол алаңында ие болып алсын!
Сол екіортада Томпсон келе қалды:
–Сәлеметсіз бе? Сіз дұрыс айт, мен әмір… Саид керек?
–Иә.
–Мен рұқсат бер, бірақ аз. Біз стадионға. Жүріңіз, екі этаж кіші мейман бөлме.
Мейман бөлмесіне кіре бере Севим селк етті. Саид пен Айсель стол басында шай ішіп отыр. Мұны көрген Саид орнынан тұрып, қолын ұсынды:
–Сәлеметсің бе, Севим?..
–Атымды ұмытып қалмағаныңа да шүкіршілік, – деді Севим мысқылдап.
Саид үндеген жоқ. Севим Айсельге көз тастады:
–Сендерге бөгет жасадым ба?
–Жо-ға… Жоғары шық, отыр…
–Сенің көзәйнегің қайда? – деді Севим түйеден түскендей етіп.
Саид жымиды.
–Сенің арқаңда одан құтылдым ғой. Көшеге шыққанда ғана, шақырайған күннен қорғайтынын киемін…
Ол сөздің бетін бұрмақ оймен:
–Кешіріңдер, сендерді бір-бірлеріңе таныстырмаппын ғой, – деді.
–О, алла, испан Айсельді кім танымаушы еді?
Айсель миығынан күлді:
–Севим, сізге не болды? Барып жігіттеріңізге жігер береді екен десе, мұнда жетіп келгеніңіз қалай? Әдрестерін ауыстырып алдыңыз ба? «ШаШ» басқа мейманханада…
Жарылып кетердей боп тұрған Севим Айсельге қарай атылды. Шашынан ала кетпекші еді, болмады, оның сөйтерін күтіп отырғандай Айсель бұлт етіп, Севимді қолынан шап беріп, бұрап кеп қалды. Шыңғырған дауысқа жүгіріп келген футболшылар арашалаудың орнына айыздары қана күліп, екі әйелді желіктіре шүйлей бастады:
–Көзге соқ! Тарт, Айсель!..
–Қонжит, Севим! Сал жұдырықты!..
–Уа, испан қызы, аянба!..
Екі әйел еденде шеңбектесіп жатыр.
Саидтың есі шығып кеткен, тырп ете алмай қарап тұр.
Сол кезде есіктен Томпсон көрінді де, үйдегі сайысты байқамай:
–Жігіттер! Аутобус күт! Кеттік! – деп айғай салып, жігіттердің бәрін асықтырып шығарып, Саидты қолынан жетектеп алып кетті.
Бөлме босап, төбелес тоқтады. Тоқтаған себебі, екі әйелдің екеуі де есеңгіреп қалды.
Айсель есін алдымен жиып, мейманханадағы кезекші әйелді шақырып алып:
–Мынау менің күйеуімнің телефон нөмері… Әйеліңіз ауырып қалды деңізші, – деді.

ЖҰЛДЫЗ СӨНДІ…
Жұрт лық толы стадион үстінде қаңғыр-құңғыр бір даңғаза үн тұр. Екі жақтың жанкүйерлері ала келген бос шелек, шөңке, бөшкелерін таяқпен ұрғылап, тақтайларды тақылдатып, тұрбаларды үргілеп, ысқырғыштарын ышқынтып, салдырмақтарын салдырлатып, ұрандап, кәдімгі жын ойнақты өршелене қыздырып отыр. Бір шал қызыл иегін көрсете ысқырып кеп қалып еді, стадион бір сәтке тым-тырыс бола қалды да, қайтадан даңғазалана жөнелді. Әйтеуір, қолы құр отырған, тыныш отырған тірі жан жоқ.
Алаңға «ЖЖК-нің» он бір ойыншысы жүгіріп шыққан кезде стадионның бір жағы сатырлата қол соқты да, екінші жағы тепкілене ысқыра жөнелді. «ШаШ» шыққанда да сөйтті.
Ойын бірден қызу басталды. Билетпен кірген жүз мың жанкүйер, билетсіз кірген елу мың жанкүйер – баршасы іштерін тартып тына қалды, – дауыл алдындағы тылсым тыныштық дерсің…
Алғашқы он минут бойы арпалыс алаңның ортасында болды. Оныншы минутта доп Саидқа бұйырды. «Жоқшылықтың» жанкүйерлері:
–Оф-оф-Офсайд!.. Оф-оф-Офсайд!.. – деп қиқулап кетті.
Саид допты алдына сала жиектей жүгіріп, айып алаңына жете бере Ахмедпен бетпе-бет ұшырасты. Ахмед Саидтан допты алдап ала алмайтынын білді де, қиыстай берген әйгілі шабуылшыны жонарқадан салып қалды. Саид омыртқасына оқ тигендей бүктетіліп түсті…
Ахмед болмағанда есеп ашатын еді.
–О-о-ох! – деп «ЖЖК» жанкүйерлерінің жүректері солқ етті. Ахмед оларға көзін ақшита қарап, жұдырығын түйді.
–Оф-оф-Офсайд! Оф-оф-Офсайд! Соқ, «Жоқшылық», соқ! Соқ, «Жоқшылық», соқ! –деп стадионның жартысы жаңғырығып тұр.
Ойын минут сайын шиеленісе берді. «ЖЖК» футболшылары қарсы жақтың алаңынан шығар емес, «ШаШ»-тың қақпасына қайта-қайта қауіп төндіре бастады. Әйтсе де есепті «ШаШ» ашты, қарсы шабуылдың бірінде «ЖЖК-нің» қақпасына гол соқты.
«ШаШ-тың» жанкүйерлері бас киімдерін, пенжактарын, галстуктарын, көйлектерін аспанға атып, жалаңаштың аз-ақ алдында қалды…
Ойынның бірінші жартысы аяқталды. Есеп өзгерген жоқ.
Ойынның екінші жартысының жетінші минутында «Жоқшылық» есепті теңестірді. Гол иесі – Саид. Сол-ақ екен, «ЖЖК» өршеленіп ала жөнелді. Саид Офсайд есе-теңдік берер емес. «Футбол сұлтаны» шабуылды жиілеткен сайын Ахмедтің жыны ұстады. Саидты тағы да қақсатуды көксеп қызылкөзденіп жүріп өзі қақпанға түсіп қалды. Резак Сүйекшаққыш оны құйымшақтан шақ еткізіп теуіп кеп қалып еді, Ахмед кескен теректей боп сұлап түсті. Төреші бұрылып та қарамады. Ойын тоқтаған жоқ. Саид Ахмедтің жанына жүгіріп барып, тұрғызайын деп еңкейе бергенде Ахмед ұшып тұрып, оны итеріп кеп жіберді де, құймышағын сипалай-мипалай допқа ұмтылды…
Спорт шолушысының дауысы самбырлап тұр: – Ахмед бүгін ерекше дөрекі ойнап жүр. Бірақ «біреуге көр қазба, өзің түсесіңнің» кері… Ай-яй-ай, сөйте ме екен… Қазір төреші ойынды тоқтатады… Жоқ… Көрермендер наразы боп қалды, естідіңіздер ме, қадірлі радио тыңдаушылар? Саид ұмтылды! Алаңның ортасын қақ жарып өтті… Қарсыластардың қақпасына төнді, әне!.. Қазір гол болады!.. О, алла, Ахмед қайдан шыға қалды?! Қап! Ахмед Саидты мұрттай ұшырды… Әй, Ахмед, Ахмед! Оның жарамады. Жаңа ғана Саид саған жәрдемдеспек болып еді ғой!.. Төреші Саидтың жанына жүгіріп барды. Он бір метрлік айып доп…
Он бір метрден айып допты «ЖЖК» капитаны Осман Қарабұрыш тепті. Гол!.. 2:1. «ЖЖК» алға шықты…
Ахмед дәл бүгінгідей ала-құла ойнап көрмеген шығар. Арқасына шеге қағып қойғандай қайқаңдап әрең жүр. Алаңнан шығып кетуге дәті жоқ. Томпсон айтқандай, мықты футбол командасы мінсіз механизм тәрізді, бірдеңесі сынса, не бір бұрандасы бұзылса, механизм мүлгіп қалды дей бер… Ахмед қиралаңдаған соң команданы да қырсық шалды… Радиошолушы сампылдай түсті: – Біздің Саидтың бүгінгі ойыны ғажап! Гол соғудың тарланы атағын алатын түрі бар. Алаңда еркін жүр. Ойынның бас дирижері де өзі… Жанкүйерлерінің жақсы ниетін аңғарып отырған боларсыздар… Иә, бүгінгі ойын өте шиеленіспен өтуде!.. Үсті-үстіне шиеленіседі… Әне, Саид допты тағы да ала жөнелді… Үш ойыншыны бірден алдап өтті. Қақпаға жақындап қалды… Жарайсың, Саид! Қазір қатырады ол!.. Кәнеки! Го-о-ол!.. Есеп 3:1!..
«ЖЖК» чемпион болуға, Саид «Футболдың сұлтаны» болуға жақын. Серіктері Саидты төбелеріне көтерді. «ШаШ-тың» жанкүйерлері жынданып кете жаздады, қолдарындағының бәрін алаңға атты, әрине, Саидқа лақтырды. Әне, Саид басын қос қолдап ұстай құлап түсті, саусақтарының арасынан қан бұрқ етті. Жолдастары Саидты шөптесінге жатқызып, қоршап алды. Саид орнынан тұрмақ болып еді, қан одан әрмен саулап кетті, сонсоң серіктері оны көтеріп ала жөнеліп, киім ауыстыратын бөлмеге апарды…
Ойын қайта жалғасты. Стадион у да шу. Мөлшері бес минуттан кейін алаңға Саид жүгіріп шықты, басы таңулы. Сірә, оның жүрегін шайлықтырар ештеңе де, ешкім де жоқ шығар. Ол қарсыластардың қақпасын қақыратып тағы бір гол салды.
Төреші ысқырығы ойынның аяқталғанын паш етті. «Жоқшылықтың» жанкүйерлері алаңға селдей ақтарылып кеп кетті, полицейлер де, жандармдар да жолдан ысырылып қалды. «ШаШ-тың» жанкүйерлері аза тұтып, тырп етпей отыр.
Жанкүйерлер алаңға лақ-лақ құйылады. Барлығының көзі Саидта сияқты. Саид жүректі емес еді, қорқақ та болмағанмен, батылдығы жетіспейтіні және рас еді. Дегенмен, ол тұра қашпады, жөңкіліп келе жатқан жұртқа қарап; «не болса –ол болсын» деп тұрды. Жанкүйерлер оны бассалып, әуелете лақтырып, қақпақылдап, мәз-мәйрәм күлісіп, даурыға дауыстасып, әбден қарық болды, жерге әрең дегенде түсірді. Саид аман қалғанына қуанып, шығар есікке ұмтылды. Бірақ ұзап үлгермеді, желіккен жанкүйерлер тағы да бассалып, үстіндегі киімдерін түгелдей сыпырып алып, ескерткіш-байғазы ретінде бір-бір жапырақтап жыртып әкетті. Кеш қалғандар тыржалаңаш дерлік Саидтың басына оралған қан-қан дәкені жұлып алысты… Полиция Саидты әрең арашалап алды.
Прожекторлар сөніп, стадионды тұмшалап қараңғылық басты. Саид алаңның шетінде, шөптесінде екі дізесін құшақтап, қатты ауырған зілдей басын дізесіне салып, ойланып отыр…
Трибуналардағы жанкүйерлер бірі қуаныштан, бірі қайғыдан тынши алмай, гәзет жағып жүр.
Саидтың ойынша: футбол ойыны кісінің емін-еркін қимылдауы, мінез-құлқын танытуы, ашу-ызасын ақтаруы, есе қайтаруы, біреуге сазайын тартқызуы үшін керек!.. Әйтпесе жиырма жігіт жанталасып жалғыз допты қуалаған аласапыранға жүздеген мың адам жиналып несі бар?.. Арып-ашып әрең жүрген ақсақ-тоқсақ, көксау бейшаралар, сіңірлері шыққан кедей байғұстар апталық жалақыларын, ақырғы тиын-сиындарын белетке неге жұмсайды? Стадион оларға әлде баспана ма, әлде аурухана ма? Мұнда келгеннен олардың күнделікті тұрмыс тауқыметтері жеңілдей ме? Жо-ға… Әлде сол тауқыметтерін бір сәт болса да ұмытатын алданыш іздеп келе ме? Сөйтеді. Мұнда олардың әрқайсысы өзі қожа, өзі би, футболшыларға төрешілерге, жан-жағындағы көрермендерге, кімге болсын аузына не келсе, соны айта алады… Көрген қорлық-зорлықтың іште қызып-өртеніп жатқан қыжылын, есе-теңдіксіз тірлікке нағылетті, ашу-ызаны ақтарып, көңілдерін бір демдеп, бір көтеріліп қалады… Келесі сайысқа дейін… Сірә, өкіметтің мынау бүгінгідей ойынға үлкен мән беретіні де сондықтан шығар…
Алаң жиегінде қанша уақыт отырғанын Саид білмейді. Стадион қаңырап қалыпты. Тылсым тыныштық тұмшалап тұр. Сол беймезгіл тыныштықта екі шекесінің солқылы оған бүкіл төңірек теңселіп тұрғандай әсер етеді. Ол орнынан әрең тұрып, киім ауыстыратын бөлмеге қарай аяңдады. Жолдас-жораларына баруды бір ойлады да, ол райынан қайтып, киініп алып үйіне тартты. «ШаШ» командасының киім ауыстыратын бөлмесінің алдынан өте бергенінде құлағына күңіренген бір үн келді. Бұрылып барып, есікті ашып қараса – ұзын орындықта дөңбекшіп Ахмед жатыр, екі жағында стадионның екі қызметшісі тұр.
–Саған не болды? – деді Саид.
–Қиналып біттім, – деді Ахмед ауырсына сөйлеп.
–Бұдан басқа кім бар мұнда? – деді Саид қызметшілерге қарап.
–Ешкім жоқ. Бәрі кетіп қалды.
–Бірдеңе істеу керек қой онда!
– «Жедел жәрдем» шақырғанбыз, бірақ жете алмай жатыр.
Такси әкелмек болған Саид тұра жөнелді. Алаңға жүгіріп шықса, – екі мәшине тұр. Бірі жекеменшік, бірі такси. Саид таксиге ұмтылды. Одан Севим құшағын жая атып шығып:
–Сүйіктім! Біздің үйге барайық па, әлде сенің жолдастарыңа барайық па? – деді.
Саид оған суық қарады. Севим түсінді. Құдды Мехжура-ханымша шар етіп:
–Немене? Неге бүйтіп қарайсың? Саған ұнамай қалдым ба? – деді.
Ол неке жүзігін тағы да шешіп алып, Саидқа қарай лақтырды… Сонсоң екі қолымен бетін басып, еңіреп жылап жіберді. О, алла, ол енді не болар екен?!
Екінші мәшинеден Айсель шығып, күлімсірей Саидтың жанына келіп, оны қолынан ұстай беріп еді, Саид бұлт етіп бұрылып, мәшинені бір тепті де кете барды. Бұл оның ең ақырғы тебісі болатын!..
Саид такси ұстап, стадионға барды. Ахмедті көтеріп алып шығып, мәшиненің артқы орындығына жатқызды да, дереу ауруханаға апарды.
Дәрігер әйгілі қорғаушыны көріп болып, егер ота жасамаса, Ахмедтің жүре алмай қалуы мүмкін екенін айтты.
–Біз қазір оған укол беріп, таңертеңге дейін ұйықтатып қоямыз… – деді.
Саид Ахметтің жанына барды:
–Халың қалай?
Ахмедке ота туралы айтқанында ол шыбын жанынан түңіле сөйлеп:
–Бітті! Қайран доп, қалдың ғой!.. Бұл футболды баяғыда-ақ тастауым керек еді, әне-мінемен жүрдім… Енді қалай өмір сүремін?.. Қайтіп күн көремін?..Саид, саған көп рахмет! – деді, көзі жасқа толып.
–Ахмед, рахметті саған мен айтуға тиістімін…
Саид ауруханадан шыққанда таң бозарып келе жатқан. Ол үйіне жаяу баруды ұйғарды. Асықпай аяңдап жетті. Жиреншілердің ескі үйін бұзуды бастапты. Саидтың жүрегі сазып кетті. Ол бақ ішінде әрі-бері біраз жүрді де, бір кезде өзі құлап түскен құдыққа барып, ернеуіне отырды. Таң бозара үйге кіруге бет алды.
Ол баяғы әдетінше өзімен өзі сөйлесіп, қолын сермеп келе жатыр. Төңіректе тірі жан жоқ, әлі ерте. Егер дәл сол әредікте біреу-міреу жолыға қалса, Саид оны тоқтатып алар еді де:
–Әпендім, мен қателесіп кеткен сияқтымын. Жүрер жолыммен жүрмеген тәріздімін. Бәрін де қайтадан бастауым керек деп ойлаймын. Сонда неден, қалай бастасам екен?.. Енді не ойнауым керек? – дер еді.
Ертеңінде гәзет біткеннің бәрі Саидқа «Футболдың сұлтаны» деп ат қойып, айдар тақты.
Арада бір күн өтті. Бүкіл Стамбұлға, бүкіл елге, «Футболдың сұлтаны» тәжден бас тартты, ол футболды тастап кетті деген бір тосын хабар тарап жөнелді.
Ең әділ, ең әйгілі спорт шолушымыз — Эрол Арқан-бей өзінің гәзетіне:
«Жұлдыз сөнді… Біздің футболдың жаңа жұлдызы жанбай жатып сөнді!..» деп жазды.

 

 

 

 

 

ӘЗИЗ Несин,
Түрік жазушысы.
Орыс тіліндегі нұсқасынан қазақшалаған – Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

13 шiлде, 14:43
Әлихан Бөкейхановтың ауылы
13 шiлде, 12:52
Журналистикаға оралуды армандадым
13 шiлде, 12:40
Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл
06 шiлде, 12:28
Мұқағали бейнесі әлі есімде
06 шiлде, 12:04
Алтын кеседегі көл "жасы"
06 шiлде, 11:52
Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?
02 шiлде, 11:01
Мыс шаһардың бүгіні мен ертеңі
29 маусым, 11:38
Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана