Аяздан ақша жасағандар

26 қаңтар в 12:24 202 рет оқылды

Табиғаттың мінезіне дауа бар ма?! Сарышұнақ аяз қысқалы, Арқа жұртының арқасы да, пейілі де тарылып барады. «Боранды күні ит пен бала құтырады» деуші еді бұрынғылар. Астананы қара суық ұрып, қарлы-боран басталғалы аяздан ақша жасайтын пысықайлардың саудасы жүріп-ақ тұр!

Бұл бизнестің түрін өзара «оталдырғыштар» деп атайтын көрінеді. Өйткені, олар май-суы тоңып, қатып қалған көлігіңізді «жібітіп», от алдырып береді. Онысына ұялмай-қызармай 15-20 мың теңге сұрайды. Қысылып тұрған жұрт қайтсін, сұрағанын беріп, қып-қызыл ақшаға қыздырып жүр. Темір тұлпарының қанына бір рет от жүгіртіп алған соң, оны өшірмеуге мәжбүр. Түн ұйқысын төрт бөліп, бала тербеткен анадай сағат сайын «тербетеді». Енді қайтсін, бір бүйірден аяз, бір бүйірден ақша қысса?..
Елорда төрінде тоңған көлікті жылытып беретін арнайы орталықтар да бар. Көлік жөндейтін орындарда -40 градуста қатып қалған машиналарды жылытып, моторын қыздырып, от алдырып беретін қызмет қарастырылыпты. Бірақ бағасы аспандағы ай сияқты…
Аяздан ақша жасап жүрген «саудагерлерге» жем болғысы келмеген кейбіреулер көлігін өзі от алдырамыз деп өртеп алыпты. Басқа амал бар ма, күн сайын 20 мың теңге қайдан табылады?
Байырғы қазақтар мұндай қарлы-боранда немесе қауырт жұмыс кезінде бір-біріне риясыз көмектесетін болған. Ондай мысалдар жеткілікті. Мәселен, қалың жұт болған бір жылы Абай ауылына шөп тартқандар байдың пішенінен кедей-кепшікке де таратады. Шығыстың қарлы боранында бір шана шөпті бір тайға сұраса да, өз еркі. Бірақ жұтап отырған елге салмақ салмайды. Ал біздің әлгі пысықайлар соны түсіне ме екен? Әй, қайдам? Түсінсе, сүйектен өтетін сары аязда бір көлікті от алдыру үшін 20 мың теңгені қалай дәті барып сұрасын?!
Жұрттың бәрі тойымсыз емес. Арқа төріндегі Астана қаласында тегін такси пайда болған қазір. Көп емес, бірақ ондай пейілі дархан азаматтар бар. Тегін автобустар да жұртты қалаған жеріне жеткізіп, ыстық шай беріп жүр. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы көше тазалайтындар мен базардағы арбакештерге тегін тамақ үлестіріп, қыстың қыспағын жеңілдетіп жатыр.
Абайдың сөзімен айтқанда, «кәрі құдаң қыс келіп, әлек салғанда» аяздан ақша жасайтындар ең алдымен құлқынның емес, жұрттың қамын ойласа етті!..

Жарас КЕМЕЛЖАН

+7 705 717 9113

Жаңалықтар