jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алыс та жақын America

25 қантар, 22:15
221

Апорт шаһарынан (Алматы) таңертең  шығып, кешқұрым Дәу алма (Нью-Йорк) қаласына келгенімізде күнтізбе әлі сол  16 қаңтарды көрсетіп тұрды. «Бұл қалай, арада бірнеше теңіз, алып Атлант мұхиты бар емес пе?» дейтін сауалдың қойылары анық. Әуе кемесі тоқтамай ұшқанның өзінде 15-16 сағат кетеді. Бар мәселе уақыт айырмашылығында. Бұл жақта ымырт түссе, Алатаудың етегінде таңсәрі.

Жемісті бекер жазған жоқпыз. Нью-Йоркті The Big Apple (Дәу алма) дейді. Бұл атау өткен ғасырдың 20-жылдары пайда болыпты. Америкада жылқы алмаға құмар. Сондықтан сәйгүлікке мініп жарысатындар бәйгені осылай атапты. Енді бір дерек Америкаға қоныстанғандарға алғаш жеміс берген осы алма ағашы екенін айтады. Қалай десе де, қазір қызыл алма – қаланың бір символы. Ал айфонымен атақты Apple-дің бұған титтей де қатысы жоқ. Стив Жобс телефон анықтамалығында өзіне бәсекелес Atari компаниясынан жоғары тұру үшін осылай атаған көрінеді. Тек белгі ретінде тістелген алманың суретін таңдаған.


Аумағы ат шаптырым Кеннеди әуежайында сол Apple шығарған айпадынан біздің көк туымыз алыстан көзге шалынды. Бізді, отандық бір топ журналисті күтіп алуға келген жергілікті көлік компаниясының өкілі осылай қарсы алуды жөн көріпті. Ішіміз жылып қалды. Ол Welcome to America (Америкаға қош келдіңіздер)! – деді күлімсірей. Жайдары жігіт екені көрініп тұр. Жөн сұрасқан соң көлігіне мініп, қонақүйге қарай бет алдық.

 

Нью-Йорк – көкке тірелген үйлерімен, тарихи ғимараттарымен әйгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері де жақын маңда. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтеді. Сапарымыздың мақсаты – осынау тарихи жиынға қатысу. Айта кеткен жөн, бұдан 27 жыл бұрын, 16 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі еліміздің осы ұйымға мүше болу жөніндегі өтінішін қарады. 1992 жылы 2 наурызда Бас Ассамблея Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау жөнінде қарар қабылдады. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің туы халықаралық қауымдастықтың төрінде желбіреді. «Біз азатпыз. Тізгініміз өз қолымызда. Енді өзгелермен тереземіз тең» деп қуанды қалың ел.


Ғаламдық мәртебелі ұйымға мүше қабылдау рәсімі одан отыз жыл бұрын өткен еді. Қанау мен отаршылдық қамытынан құтылған қара құрлықтың елдері әлемдік қоғамдастықтан өз орнын тапты. Ал Қазақстан арада 26 жыл өткенде осы БҰҰ-ның тұрақты қызмет органы – Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отыр. Халықаралық дипломатияның өлшемімен алып қарасақ, көп уақыт емес. Бұл, сөз жоқ, еліміздің сындарлы сыртқы саясатының жемісі. Жас мемлекеттің күрмеуі көп дипломатиядағы алғашқы табысты қадамы осы Америкада жасалғанын айта кеткен артық емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы мамыр айында ресми сапармен АҚШ-қа барды. Ақ үйде президент Дж. Бушпен кездесті. Әңгімеде ядролық қарудан бастап, екі жақты қарым-қатынасты айқындайтын көптеген мәселелер сөз болды. Осылайша, әлемдегі ең қуатты мемлекетпен жан-жақты байланыс орнатуға жол ашылды. Вашингтонда (мұны айрықша атап өткен жөн) содан кейінгі жылдары тиімділігі мен дұрыстығын талай рет дәлелдеген көпвекторлық саясатымыздың негізі қаланды. Көрнекті дипломат, мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар барысында жас мемлекетті саяси тұрғыдан тану, кең ауқымды экономикалық ынтымақтастық орнату, халықаралық сахнада оған жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтады. Қ.Тоқаев «Күнгей мен көлеңке» атты кітабында бұл Қазақстан басшысының сыртқы саясаттағы алғашқы жеңісі екенін айта келе, «американ истеблишменті Н.Назарбаевты сарабдал әрі сенімді серіктес ретінде мойындады» деп жазды.

Көп өтпей, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанға әлемдік державалар тарапынан мемлекеттің қауіпсіздігі мен жерінің тұтастығына кепілдік берілді. «Шеврон» бастаған американдық аса ірі компаниялар елімізге қомақты инвестиция әкелді. Сөйтіп өзара тиімді ынтымақтастыққа арқа сүйеген стратегиялық саясат кеңестік жүйенің күйреуімен басталған жойқын дағдарысты еңсеруге, қуатты экономика құруға елеулі үлес қосты.
Халықаралық саясат пен екіжақты экономикалық қарым-қатынас биылғы 16 қаңтарда Елбасының Вашингтонда АҚШ президентімен өткізген кездесуінде де әңгіме өзегіне айналды. Терең сыйластық, өзара түсіністік жағдайында өткен жылы шырайлы жүздесу жайында әлемдік және отандық ақпарат құралдары жан-жақты жазды. Сондықтан сапардың мән-маңызы мен қол жеткізілген уағдаластыққа тоқталуды жөн көрдік.

Айрықша айтылатын жәйт – АҚШ біздің елімізді ширек ғасырдан бері тәуелсіз ел, мықты мемлекет, Американың Орталық Азиядағы қадірменді досы әрі стратегиялық серіктесі деп есептейді. Бұған қоса, аймақтық және ғаламдық деңгейдегі түйіндерді шешудегі жемісті тәжірибесін, Ауғанстандағы тұрақтылықты баянды ету жолында қосқан үлесін жоғары бағалайды. Сапар қарсаңында АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бірінші орынбасары, мемлекеттік департаменттің Күнгей және Орталық Азия бойынша бюросының өкілі Элис Уэллс ханымның «Американдықтар Назарбаев -Трамп кездесуін тағатсыздана күтіп отыр» деуі тегін емес. Бұл арада Қазақстан басшысының Вашингтонға халықаралық ахуал мейлінше ушығып, ірі державалар бір-бірін түсінуден қалып бара жатқан кезеңде барғанын айтқан жөн. Елбасы американ президентімен кездесуден кейін өткізілген брифингте «Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың деңгейі нөлге дейін түсуі бізді алаңдатады» деп ТМД кеңістігі ғана емес, күллі дүниені бей-жай қалдырмайтын шетін мәселеге назар аударды. Мәскеу мен Батыс арасындағы саяси текетірестен туындаған санкциялар соғысы көрші елдердің де экономикасына кесірін тигізіп отырғаны анық. Халықаралық қарым-қатынас нашарлаған тұста оны шешуге зәрулік туындайды. Танымал саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков мұндайда шиеленісуші тараптардың беделді һәм бейтарап бітімгерді іздейтінін, осы тұрғыдан алғанда, шекіскен талайды бітістірген ресми Астананың салмақты да салиқалы ұстанымы әркімге де оңтайлы деген пікірде. Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореяның ядролық проблемасына қатысты келіссөзге Ресейді шақыруды ұсынды. АҚШ бұған дейін осы түйінді тек Қытаймен бірлесіп шешкісі келген-ді. Алайда қуатты ядролық держава болып табылатын әрі ҚХДР-мен шекаралас жатқан орыс елі бұл іске белсене араласпағандықтан, Американың әрекеті пәлендей нәтиже бере қоймады.

Санқилы содырлардан арылмаған Ауғанстанда тұрақтылықты баянды ету оңай шаруа емес. Оның үстіне Ақ үй бүгінде талай жыл бойы сенімді одақтас болған Пәкістанмен дүрдараз. Ресми Исламабад Сэм ағайдың ауған жеріндегі қадамын қолдау былай тұрсын, саясат сахнасындағы өрісін қарсы бетке көшіріп жіберуі де ғажап емес. Аталған факторларды безбендей келе, аймақта Орталық Азияның маңызы мен қадірі арта түседі деуге толық негіз бар. Рас, өңірде тек Америка ғана емес, сонымен қатар, Қытайдың, әсіресе, Ресейдің көздегені көп. Сол себепті, күштілердің мүддесін ескере отырып, дұрыс қадам жасай білу парасат пен пайымды, дипломатиялық дәлдік пен тұрлаулы тәжірибені қажет етеді. Кезінде халықаралық дипломатияның хас шебері атанған, АҚШ-тың бұрынғы сыртқы істер министрі Генри Киссинджер мұны шахматтағы жүріс әдісімен салыстырады. Ол «Дипломатия» атты кітабында былай дейді: «Шахматты жаңадан үйреніп жүргендерге айтылатын қарабайыр ереженің бірі мынаған саяды: алғаш жүрісті таңдаған кезде әрбір ықтимал жүрісте бақылауға алынатын тор көздің санын алдын ала есептемеуден асқан қателік жоқ. Тұтас алғанда, ойыншы неғұрлым көп тор көзді өз бақылауында ұстаса, қарсыласының таңдауы да соғұрлым аз болмақ. Сол сияқты дипломатияда тараптардың бірі неғұрлым көп тәсілді иеленсе, қарсы жақтың амалы да соғұрлым азая түседі. Сондықтан ол өз мақсатына жету үшін асқан сақтықпен әрекет етуі тиіс. Уақыт өте келе бұл жәйт қарсыластың онымен одақтас болуға ұмтылуына ықпал етеді». Киссинджер осы мысал арқылы АҚШ-тың бір кездері өзімен, тіпті дипломатиялық байланысы жоқ Қытаймен жақындаса отырып, Кеңес Одағын келіссөзге қалай мәжбүрлегенін меңзесе керек. Алайда мұндай озық тәжірибенің көпке ортақ бола алмайтын тұсы да бар. Өйткені алпауыт Американың қаржылай ресурсы мен өзге де ықпалды тетіктері кез келгеннің қолында жоқ. Әйтсе де, соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, ғаламдық шиеленістерді шешуде АҚШ-тың өзі де сөзі өтімді сыйлы бітімгерге зәру секілді. Біз мұны аз мүмкіндіктің өзін ұтымды пайдалана отырып, Иранның ядролық проблемасын шешу, Түркия мен Ресейді татуластыру, сондай-ақ Сириядағы соғысты тоқтатуға ерен үлес қосып, көпвекторлық саясаттың теңдессіз үлгісін көрсеткен Елбасының Вашингтон сапарынан байқадық.

* * *

Біз орналасқан «Аффина» қонақүйі әйгілі Бродвейге тақау. Біраз жүріп, Уолл-Стрит көшесіне жетуге де болады. Атақты Нью-Йорк биржасы сол маңда. Қайбір жылы келгенде туристердің ескерткіш- бұқаның мүйізін ұстап суретке түсу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Солай еткендер табысқа кенелетін көрінеді. Жол-жөнекей шағын дүкен көп. Біріне бас сұқтық. Бізді көре сала сатушы:

– Қазақстаннан келдіңдер ме? – деп сұрады.

– Қазақстаннан екенімізді қайдан білдіңіз? – деп төтесінен көштік.

– Түрлеріңіз ұқсап тұр, – дейді ол жымиып.

Сөйлесе келе, әлгі жігіттің Бангладештен екенін білдік. Сірә, Нью-Йоркте жүрген қазақтар мұнда жиі келетін болса керек. Өзі көптен бері осында тұрады екен. Қасында көмекшісі бар. Онысы сауатты көрінеді. «Қазақстанда әр түрлі діннің өкілдері бір-бірімен тату деп естідім. Сол рас па?» деп сұрады. Шын мәнінде солай екенін айттық. Қазір бұлардың саудасы жүріп тұр. Билікке Трамп келгелі 60 миллиондай адамды, яғни еңбекке жарамды жұмыс күшінің 48 пайызын қамтитын осы шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көбейді. Салық мөлшері азайды. Жыл сайын өткізілетін New York Small Busines Expo-ға (Шағын бизнес жәрмеңкесі) жүздеген фирма қатысады. Американ экономикасының беломыртқасы алпауыт компаниялар емес, осы орта дәулеттілер. Бұл елдің шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудегі тәжірибесі үлгі аларлықтай.

Бізде корпоративтік және қосымша құн салығының мөлшері бұдан бес жыл бұрын азайтылса, билікке бизнестен келген Трамп дереу осыған кірісті. Өйткені сайлаушыларға уәде берген. Соның нәтижесінде Нью-Йорк биржасындағы Dow Jones өнеркәсіп индексі осы айдың басында 19.827 пункттен 25.803-ке (30.1%) дейін өсіпті. Ал жоғары технологияға арқа сүйейтін компаниялардың акциялары бойынша сауда-саттық жүргізетін елдегі екінші ірі биржа – NASDAQ Teknoloji индексі 5.555 пункттен 7.261-ге (30.7%) дейін артты. Соңғысына қатысты дерек біз үшін аса маңызды. NASDAQ Шанхай қор биржасымен бірге Астана халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейтін болады. Елбасы Вашингтондағы кездесулерде ағылшын правосымен жұмыс істейтін осы орталық туралы американдықтарға толыққанды мағлұмат берді. Ресми ашылуы биылғы жазда өтетін орталықтың қызметі жоғары технологияға негізделген американдық компаниялардың келуімен жандана түседі деген үміт бар.

 

Срайыл Смайыл,

Алматы-Нью-Йорк —  Алматы

(Жалғасы бар)

 

 

14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе
24 тамыз, 11:45
Тағдырмен тайталас