jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Статидің алаяқтығы туралы іс»

19 қантар, 12:56
82

Осы аптада әділет министрлігі аты-шулы Анатол Статидің ісіне және Ұлттық қордың шетелде бұғатталған активтеріне қатысты өз жауабын берді. Мәжілістегі сөзі сот-экспертиза қызметіне арналғанымен, әділет министрі Марат Бекетаев бұл тақырыпты айналып өткен жоқ.

Өйткені жаңа жыл қарсаңында шыққан жағымсыз ақпарат жұрт арасында біраз сауал тудырғаны анық. Шағын брифингте тілші қауым жаудыртқан түрлі сауалға әділіет министрлігі бүкпесіз жауап берді.

– Неліктен жұрт қаржының бұғатталуы жайында ресми мекемелер емес, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-білді?
– Мен мұнымен келіспеймін. Біз дер кезінде, яғни сол күні дерлік хабарладық. Ал уақыт жағынан сәйкес келмеген жағдайда біз келесі күні баспасөз хабарламасын жариялаймыз.
– Қазір бұғатталған қаржыны шығарып алу үшін әділет министрлігі тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Арбитраждық шешім қабылданғаннан кейін біз оған қарсы шағым түсірдік. Демек қолға алынған жұмыстың бірінші кезеңі – арбитраждық шешімге қарсы шағымдану. Нью-Йорк соты және Статидің алаяқтығына қатысты қылмыстық іс шеңберінде Латвияның құқық қорғау мекемелеріне сұрау салу арқылы біз Статидің алаяқтығын дәлелдейтін деректерді алдық. Өкінішке қарай, бұл дәлелдер кешігіп қалды. Өйткені іс Стокгольмде қыркүйек айында тыңдалды. Ал дәлелдерді енгізудің ақырғы мерзімі мамыр айы деп белгіленген еді. Латвиядан деректерді біз тамызда алдық. Стокгольм соты бұл дәлелдерді қабылдамай тастады.
Бұл нені білдіреді? Бұл бірден төлемді талап ету деген сөз емес. Ең әуелі арбитраждық шешімді мәжбүрлі түрде орындау үшін, ол нақты бір елдің аумағында заңды деп табылуы тиіс.
Айта кету керек, Стати солай етуге тырысты. Ең алдымен Ұлыбритания аумағында. Ол Стокгольм соты бекіткен арбитраждық шешімді әкеліп, Лондон сотында алдын ала бұғаттау және оны Англия аумағында заңды деп табылуы жөнінде өтініш жасады. Осы екі әрекетті бөліп қарастыру маңызды. Алдын ала бұғаттаудан ағылшын соты бас тартты. Англия аумағында сот істі қарады да әлгі арбитраждық шешімді мойындаудан бас тартты.
2017 жылдың маусымында мен бұл шешім жайында егжей-тегжейлі айтып берген едім. Қазір еске салайын. Судья Англия аумағында жария-құқық тәртібінің қағидасы бойынша бұл шешім заңсыз саналатынын жеткізді. Себебі Қазақстан Статидің алаяқтық әрекеті туралы өз дәлелін алға тартты.
– Сонда Стати қандай алаяқтық жасады?
– Стати Қазақстанда жұмыс істегенде заем алып, облигация орналастырды. Сол кезде ол қаржыны газ өңдейтін зауыттың (ГӨЗ) құрылысына жұмсауы тиіс еді. Зауыт құрылысына ол екі компанияны тартты. Бірі немістің, бірі ағылшынның компаниясы.
Ағылшын компаниясы Perkwood туралы білгеніміз мынау: Статидің компаниясынан ондаған миллион доллар алғанымен, Англияда бұл компания еш табыс түсірмегендей нөлдік есеп тапсырып отырған. Латвияға сұрау салғанымызда, ол елдегі банкте дәл осы компанияның есепшотына ГӨЗ құрылысының қаржысы аударылғанын білдік. Латвия құқық қорғау органдарының жауабы банкте есепшоттың Анатол Статидің атына ашылғанын растайды. Ал зауыт құрылысы аяқталған жоқ. Кей бөлігі ғана жұмыс істейді.
– «Бұғатталған» қаржыны қайтара аламыз ба?
– Лондонда Стати мәжбүрлеп орындату туралы шешімге қол жеткізе алмаған соң АҚШ-қа кетті. АҚШ соты істі қарауды шегеру туралы шешім қабылдады. Біздің еліміз Лондон сотына Статиге қарсы шағым түсірді. Біз оны «Статидің алаяқтығы туралы іс» деп атаймыз. Тыңдау ағымдағы жылдың қазан айы деп белгіленді. АҚШ соты 2018 жылғы қазанда өтетін ағылшын сотының шешімін күтетінін мәлімдеді.
Стати алдымен Англияда, сосын АҚШ-та арбитраждық шешімді мәжбүрлеп орындатуға қол жеткізе алмаған соң, Швеция, Бельгия, Нидерландтарға мойын бұрды. Әр елдегі оның алғашқы әрекеті активтерді алдын ала бұғаттауға кеп тіреледі. Бұл арада алдын ала бұғаттау қаржыдан айырылу дегенді білдірмейтінін түсінген маңызды. Қаржының «тағдыры» келесі кезеңдерде шешіледі. Оған дейін әлі уақыт бар. Міне, әлгі елдердегі алғашқы қадам – алдын ала бұғаттау болды.
Екінші қадам – осы елдердің аумағында арбитраждық шешімнің заңды екенін мойындауды өтіну. Әлбетте, біз өз қарсылығымызды білдірдік. Ұлыбританиядағы сияқты, біз осы елдерде де Статидің алаяқтығы туралы дәлелдерді алға тартамыз.
Газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалатын қаржыны ол Латвиядағы банктің есепшотына аударды. Ал арбитраждық шешімдегі өтемақының бір бөлігі – ГӨЗ үшін өтемақы болып табылады. Арбитраждық шешімде салынып бітпеген ГӨЗ 230 млн долларға бағаланды. Біздің дерегімізше, Латвия банкіндегі есепшотқа 167 млн доллар аударылған.
Осы дерекке сүйене отырып, біз мәжбүрлеп орындату туралы шешімге қарсылық көрсете аламыз. Бұл арбитраждық шешімді заңды деп тануға болмайды. Себебі арбитраждық талқылауда Стати ГӨЗ-дің нақты құнын жасырды. Оның құны қайткенде де 230 млн доллар бола алмайды.
– Бұғаттау туралы шешім қабылдаған елдерде сот тыңдалымы қашан өтеді?
– Бірде-бір елде мәжбүрлеп орындау туралы тыңдалым белгіленген жоқ.
– Қазақстанға («Самұрық-Қазына» қорына) тиесілі Қашаған акциялары не болмақ?
– Қашаған жобасында қолданылатын модельге сәйкес, еліміз бұл жобадан дивиденд түрінде емес, салық және Profit Oil (үкімет пен компания бөліп алатын табыстың бөлігі) түрінде пайда көреді. Мұнай саудасынан кейін пайданың белгілі бір бөлігі бюджетке, әрмен қарай Ұлттық қорға осы Profit Oil құрылымы арқылы бағытталады. Тиісінше, әңгіме қазір акциялардың бұғатталуы жайлы. Бірақ бұл Қазақстан акционер ретінде шешім қабылдай алмайды деген сөз емес. Ол бұл акцияларды сата алмайды. Әйтсе де, менің білуімше, Қашағандағы акциясын сататын ой да жоқ. Еліміз оны өзінде ұстап, жоба инвесторларының бірі болып қалуды көздейді.
– «Самұрық-Қазына» мәлімдемесінде дивиденд төленбейтіні айтылып еді ғой?
– «Самұрық-Қазынаның» баспасөз хабарламасы құқықтық жағынан айқын және дұрыс жазылған. Шындығында, осы акциялардан түсетін дивиденд елімізге емес, арнайы есепшотқа түсуі тиіс. Сайып келгенде, таяу арада дивиденд төлеу жоспарланбаған. Тараптар, яғни Қазақстан мен өзге де инвесторлар Profit Oil арқылы пайда алады. Сәйкесінше, қазір Қашағандағы үлесі бойынша елімізге еш қауіп жоқ.
– Қазақстан Стати ісіне қарсы шетелдік заңгерлерге 23 млн доллар төлепті деген мәлімет бар. Осы рас па?
– Әділет министрлігі қазір жалғыз осы істі емес, бірнеше арбитраждық және сот процестерін жүргізуде. Әділет министрлігінің шетелдік кеңесшілерге жұмсайтын қаржы есебі туралы білгіңіз келсе, ведомство бюджетінде ашық көрсетілген.
Ал белгілі бір заң фирмаларымен нақты келісімшартқа келсек, біз бұл ақпаратты жариялай алмаймыз. Сондай-ақ Қазақстанмен 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейбір заң фирмалары бір емес, бірнеше арбитраждық істі алып жүреді. Әзірге осы ақпаратты ғана айта аламын.
– Статидің бұғатталған қаржыдан дәмесі бар ма?
– Бұғатталған активтер Статидің иелігіне көшеді дегенді білдірмейді. Ұлттық қордың активтері деп нені айтамыз? Бұл әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың активтері. Олар жуық арада банкрот болмайды, нарықтан кетпейді. Бұлар «ААА» акциялары. Оларға дивиденд белгіленеді. Дивидендтер арнайы есепшотқа түседі.
Еліміз Ұлттық қорды ағымдағы жұмыста пайдаланбайды. Бұған қатысты депутаттар бірнеше мәрте мәселе көтергенін білеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордың түрақтылығын қамтамасыз етіп, бюджеттің «мұнайлық емес» бөлігін құрауды тапсырғаны белгілі. Ұлттық қордан ел бюджетіне кепілдендірілген мақсатты трансферттер тұрақты. Тіпті олардың көлемін азайту жоспарланды. Бұл Ұлттық қорды басқару түжырымдамасында жазылған. Таяу арада Ұлттық қордың бұл бөлігін пайдалану қажеттігі туындамайды. Ол бізге тұрақты табыс әкелуде.
– Активтерді қашан «босатуы» мүмкін?
– Біздің тәуекеліміз арбитраж сомасымен шектелген, яғни 500 млн доллар. Стати орасан қаржы төңірегінде дүрбелең тудыруға тырысады. Бірақ тіпті Қазақстанда бір миллион теңгеге сот шешімі болса, 100 млн теңге де бұғатталуы мүмкін. Сондықтан кез келген көзі қарақты адам алдағы уақытта бұғатталу сомасының азаятынын біледі. Біз бірнеше юрисдикцияда жұмыс істеп жатырмыз. Әрқайсысының құқықтық рәсімдері, белгілі бір уақыт өлшемдері бар. Ол заңмен белгіленбейді, судьяның құзырында.

Тақырыпқа түсінік:

Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында  Анатол Статидің голланд сот приставтарына  Қазақстан арбитраждық шешімге сәйкес бүкіл соманы төлемесе, Қашағандағы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, құны 5,2 млрд долларлық үлесін сату туралы өтініш жасағаны жария етілді.

Амстердам соты осы акцияларды басқаруға қатысты шектеу қойды. Бұл шешім Нидерландтарда Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom Group SA және Terra Raf Trans Trading Ltd компанияларының Қазақстанға қарсы ісі бойынша 2013  жылы Стокгольмдегі Сауда палатасының Арбитраждық институты жанындағы Арбитраждық трибуналының шешімін мойындау және орындау шеңберінде шығарылды.

Амстердамның аймақтық сотының шешіміне өзге де сот шешімдерінің ықпал еткені сөзсіз. Атап айтқанда,  АҚШ-тағы Bank of New York MellonҰлттық қорымыздың 22 млрд долларлық активін бұғаттағаны мәлім. Өткен жылдың 21 желтоқсанында Лондонның Жоғарғы соты Ұлттық қордың активтерін босату туралы еліміздің талабын кері қайтарды.

Стати неге өштесті?

fergananews.com  жазғандай,  осыдан он жыл бұрын Маңғыстау облысында Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған. Инвесторы болуға молдовалық кәсіпкер Анатол Стати келісіпті. Сөйтіп оның Tristan Oil компаниясы  Қазақстанға келіп, «Толқынмұнайгаз» еншілес компаниясын және бірлескен «Қазполмұнай» кәсіпорнын құрды.

Бірақ тым тәуір жоба жүзеге аспай қалды. Кәсіпкер зауытқа 156 млн доллар құйған кезде жергілікті қаржы полициясы жолын кескен көрінеді. Сол кезде Анатол Стати мен көмекшісі Сергей Корнегруцқа магистральді құбыр желісінен рұқсатсыз мұнай айдады деген айып тағылды. Олар осындай заңсыз істің арқасында 1 млрд доллардан астам қаржы тауыпты.

Ақырында бүкіл келісімшартқа, қатысу үлесіне тыйым салынып, молдовалық кәсіпкердің есепшоты бұғатталған. Стати жырақта жүргендіктен темір тордан құтылды. Ал көмекшісі Сергей Корнегруц тұтқындалып, 2009 жылы заңсыз кәсіпкерлігі үшін төрт жылға сотталды. Бірақ ол ебін тауып қашып кетті. Мінеки, Статидің өштігі содан қалған.

Ал құрылысы аяқталмай қалған газ өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаздың» қарауына өткен көрінеді.

 

 

Дайындаған
Гүлнар Ахметова

13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды
10 тамыз, 11:37
Каспийдегі мәміле
10 тамыз, 11:27
Мұхиттан соққан суық жел
03 тамыз, 15:15
Қандасқа қамқор
03 тамыз, 15:01
Шеңберден шықпағандар
30 шiлде, 15:27
Алыпсатарлықты ауыздықтау немесе жабайы билет саудасын кім бақылайды?