jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алыпсатар айласын асырып отыр

19 қантар, 17:55
230


(Ауладағы шағын дүкенде болған жағдай):
— Сәлеметсіз бе, бір келі қияр қанша тұрады?
-Жергілікті жылыжайдікі — 1000 теңге.
— Қызанақ ше?
— 1100 теңге.

(Әлеуметтік дүкендегі жағдай):
— Қиярдың бір келісінің бағасы қанша?
— 650 теңге.
— Ал қызанақтың бағасы ше?
— 660 теңге.

Байқағандарыңыздай, Павлодар облысындағы сауда орындарында жергілікті жылыжайда өсетін көкөністің бағасы аспандап тұр. Аула іргесіндегі сауда нүктесі мен әлеуметтік дүкендегі бағаның айырмашылығы тағы бар. Бұл жайт тұтынушылардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып, қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Көпшілік өзімізде өндірілетін өнімнің неліктен қымбат екенін түсінбей дал.
Павлодар қаласының тұрғыны Нұржамал Сағынбекова дүкенге келген сайын қызанақ пен қияр алмақ болады. Иммунитет әлсіреп, түрлі сырқат белең алатын қысқы уақытта көкөністің пайдасы мол екені белгілі. Бірақ удай бағаны көргенде бұл райынан қайтып, теріс айналып кетуге мәжбүр. Зейнетақысы күнделікті тамағы мен дәрі-дәрмегінен, жолақысынан аспайтын кейуана көкөніс құнының қолжетімсіздігін айтып, налиды.
Нұржамал апа «Азық-түлікті арзандау бағаға алу үшін әлеуметтік дүкендерді жағалап жүремін. Себебі мұндағы өнім өзге сауда орындарымен салыстырғанда сәл төмен. Бірақ қияр мен қызанақтың бағасы түсер емес. Жергілікті қызанақтың бір келісі 660 теңге, қиярдың келісі 650 теңгеден сатылуда. Бұл шеттен келетін кей тропикалық жемістен де қымбат. Өзімізде өсетін көкөністің құны неге арзан болмайды?» деп аң-таң.
Бұл сұрақтың жауабын алу үшін біз облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасына хабарласқан едік. Ведомство өкілдері қияр мен қызанақ әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік қатарына енбейтіндіктен, мемлекеттік тұрғыдан реттеуге де, қадағалауға да қауқарсыз екенін алға тартты. Нарықтағы жағдайды тұрақтандырып, бағаның күрт қымбаттауын болдырмау үшін өткен жылы облыста екі бірдей жылыжай кешені ашылған еді. Сол тұста жергілікті билік өкілдері бұдан бұлай нарық бағасы құбылмайды деп сендірген. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Қос жылыжайдың өнімі әлеуметтік дүкендерде 660-680 теңге аралығында, үй іргесіндегі дүкен мен кей сауда желісінде 900-1200 теңгеге дейін сатылуда.
«Ақсу жылыжай кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Әбдімұтал Мірахметов «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, тұрақтандыру қорына қиярдың бір келісі 500 теңгеден өткізілетінін айтты. Өз кезегінде корпорация әлеуметтік дүкендерге 650 теңгеден сатады.
«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Рүстем Атырауов «Өткен жылдың желтоқсан айында Ақсу қаласындағы кешеннен 13800 келі қияр сатып алынды. Ал тұрақтандыру қорынан өнімнің бір келісі 650 теңгеден шығарылады» — дейді. Екібастұз қаласында іске қосылған Qaztomat жылыжайы болса, тұрақтандыру қорына қызанақтың бір келісін 440 теңгеден өткізеді. Оны «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дүкендерге 600 теңгеден сатады. Кейін әлеуметтік дүкен 10 пайыздық үстемеақы қосып, 660 теңгеден саудалайды. Олай болса, кей сауда орындарында жергілікті жерде өсірілген көкөніс бағасының 1000 теңгеден асып жығылуын қалай түсінуге болады? Өзін Айнұр Рахметова деп таныстырған сатушының айтуынша, Павлодар облысындағы жылыжайларда өскен қиярдың сапасы жоғары болғандықтан, тұрғындар тарапынан зор сұраныс бар. Бірақ жылыжай өндіріп отырған көлем әлеуметтік дүкенді қамтудан ары аспайтын көрінеді. Тұтынушының сұранысын өтеу үшін делдалдар қиярды сол дүкендерден алып, саудагерлерге бір келісін 750 теңгеден өткізеді. А.Рахметова «Бізге де табыс табу керек қой. Сондықтан үстіне 150 теңге қосамыз», — дейді.
Демек, делдалдардың дегені болып тұр. Алып-сатумен айналысатын олардың дәурені жүріп, нәтижесінде тұтынушылар ұтылып отыр. Ал мұндай қитұрқы әрекет арқылы пайда көріп отырған оларға тұсау салуға қауқар жоқ.

Құндыз Қабылденова,
Павлодар облысы

17 тамыз, 17:11
Бір тал өрік
17 тамыз, 16:43
"Көзім ашылып, түнектен шыққандаймын"
17 тамыз, 16:36
Доллар "дауылы"
17 тамыз, 16:29
Ана мен бала өлімі асқынып тұр
17 тамыз, 12:08
Бағдарлама берген мүмкіндік
13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды