jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тұрбат. Ысмайыл ата кесенесі (фото)

26 желтоқсан 2017, 12:35
570

Қасиетті Қазығұрт өңірінде тарихы тереңде тұрған Тұрбат атты елді мекен бар. ХІІІ ғасырда сол жерде туып-өсіп, Қожа Ахмет Яссауидың діни ілімін жалғастырған, халықты ізгілікке, дінге, иманға бағыттап, соңынан ерткен Ысмайыл ата Ыбрайым ата ұлы Тұрбаттың атын шығарып, даңқын асырды. Ата ілімін жалғастырған оның ұрпақтары діни ілімнің атадан балаға өтетін ерекше тізбегін құрып, өте ықпалды топқа айналдырды. Дүниеге ислам дінін таратуда аса белсенділік танытып, бірнеше ғасыр бойы Мәуренахр мен Түркістанда, Қорасан мен Үндістанда халықты соңынан ерте алды.

XIV ғасырда жарты әлемді жаулаған сайыпқыран Әмір Темір оның ұрпағы Қожа Баязидті ұстаз тұтып, ол ұстаған дін жолын мойындап, тариқатты құрметтеді. Бұл құрмет Тұрбатта оның даңқты бабалары Ысмайыл ата мен Ысқақ атаға алып кесене тұрғызылуына себеп болды.
XV ғасырда тәжік халқының мақтанышы ұлы классик-ақын Әбдірахман Жами, өзбек халқының мақтанышы, ұлы классик-ақын Әлішер Науаи өз еңбектерінде Ысмайыл ата мен оның ұрпақтары туралы жазды.
ХVI ғасырда Үндістанда Ұлы Моғол империясын құрған Бабыр патша өзінің «Бабырнамасында» Ташкенттегі хан сарайынан Ыбрайым ата, Ысқақ ата мазараттары тұрған Тұрбатқа (Жағаға) барып, нағашысы, Шығыс Моғолстан ханы Сұлтан Ахметті (Алаша ханды) күтіп алғаны туралы жазады.
Тұрбат, Ысмайыл ата және оның ұрпақтары туралы дерек сол заманның басқа да атақты ғұламалары (Фахриддин Әли Кашифи, Мұхамед Әлім Әл Алавуий т.б.) жазған қолжазба арқылы бізге жетті.
Мәселен, XV-XVI ғасырда өмір сүрген ғұлама Фахриддин Әли Кашифи өзінің «Рашахат айн Әл Хайат» кітабында ұстазы Қожа Ахрар Ысмайыл ата айтқан екен деп, үнемі қайталап отыратын төмендегі сөзін келтіріпті:
«Адамдарға аптапта сая болыңдар, суықта киім болыңдар, аштықта нан болыңдар».
Ұрпақтың алға, иманға ұмтылуы үшін қамшы болатын, сегіз ғасыр бұрын айтылған бұл қанатты сөздің сәл өзгертілген түрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да айтылды.
Бұл аңыз-тарихты 1889 жылы, осы өңірде Ақжар болысының басқарушысы қызметін атқарған шарбұлақтық Көбей Тоқболатұлы Әбубәкір Диваевқа жазып берді.
Ол еңбек орыс тіліне аударылып, 1901 жылы Ташкент қаласында басылған «Туркестанский сборник» топтамасының 440-томында «Предание о Хазряти Исмаил ата» деген айдармен жарияланды.


Өткен ғасырдың соңында жазушы, Қазығұрттың тумасы Қалаубек Тұрсынқұлов та осы тарих туралы жазды. Ол Ысмайыл атаның атақты ақын ұрпағы Атаий шығармашылығын зерттеп, мақала жазып, өз Отанына қайтаруға, қазақтың көне әдебиетінен орын алып беруге тырысты.
Ол кісінің еңбегі зая кетпеді, соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Шымкентте шығарылған «Қазыналы Оңтүстік» сериясының үш томы Атаий шығармашылығына арналды. Осы бағдарлама бойынша академик С.Қасқабасов басшылығымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әдеби жәдігерлер» айдарымен шығарған 20 томдықтың 19-томы Атаий шығармашылығына арналыпты.
Бұл тарихты 1987 жылы Американың ғалымы, Индиана университетінің профессоры Дэвин Ди Уис те көтерді. Ол Қабул ұлттық мұрағатынан Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ қожаның «Хақикат Әл Арифин» атты еңбегінің қолжазбасын тауыпты. Ол туралы «Түркістанды исламдандырудың Яссауи аңыздары» деген мақала жазып, ғылым әлеміне таратты. Мақала яссауитану ғылымына үлкен жаңалық, сілкініс әкеліп, қозғалыс тудырды. Нәтижесінде, Американың ғалымы Дэвин Ди Уис пен қазақ ғалымы Әшірбек Момыновтардың бастауымен Өзбекстан, Қазақстан, АҚШ, Германия, Швейцария, Голландия, Ресей ғалымдарын қосып, үлкен жоба ұйымдастырылды. Жұмыс барысында еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына, Өзбекстанның Ташкент облысына экспедициялар ұйымдастырылып, халық арасынан өте көп қолжазба, насабнама жиналып, оларға сараптама жасалды.
Жоба нәтижесі «Орталық Азиядағы исламдандыру және киелі насабнамалар: Ысқақ баб мұрасы риуаяттар мен шежірелер дәстүрінде» атты екі томдық дүниеге келді.
Аталған еңбекте Ысмайыл ата ұлы Ысқақ қожаның «Хақикат Әл Арифин» атты еңбегінің Қабул нұсқасы мен Өзбекстандағы шығыстану институтындағы тоғыз нұсқасының қолжазбалары егжей-тегжейлі зерттеліп, бұрын ғылым әлемінде айтылып жүрген Ысмайыл ата тарихына байланысты дерекке түзету енгізілді. Олар:
1. Осы күнге дейін ғылымда Ысмайыл атаны Қожа Ахмет Яссауидың Ыбрайым ата деген інісінің ұлы деп келінген еді. Қожа Ысқақ еңбегі Қожа Ахмет Яссауидың он бірінші атадағы бабасы Ысқақ бабпен Ысмайыл атаның он үшінші атадағы бабасы Әбдіжәліл баб арқылы табысатын алыс туыс екенін көрсетіп, анықтық енгізді.
2. Ысмайыл атаның Қожа Ахмет Яссауиға байланысатын рухани тізбегі ғылымда Ысмайыл ата– Сейіт ата – Зеңгі ата– Хәкім ата– Қожа Ахмет Яссауи түрінде қабылданып келді. Қожа Ысқақ еңбегінің қолжазбаларында бұл жөнінде деректер бар.
Жобаға қатысушылар Ысқақ баб туралы әңгіме айтылатын көп еңбектің ішінен ең ескі қолжазба деп XIV ғасырдың орта тұсында құрастырылған Ысқақ қожаның «Хақикат Әл Арифин» еңбегінің қолжазбасының Қабул нұсқасы екенін анықтап, жобаның басты нысаны ретінде таңдап алыпты.
Жобаның тақырыбы айтып тұрғандай, Ысқақ қожа еңбегінің Ысқақ бабқа байланысты бөлігі ғана зерттелгендіктен, еңбектің қалған 90 пайыз бөлігі ескерусіз қалған. Бұл, әрине, өте өкінішті.
Енді, халық қиялынан туған аңыз бен ақиқат шырмалған сегіз ғасырлық бұл тарихтың ақиқатының беткі қаймағын ажыратып көрсек…
Ол – әйгілі Мәуренахр сайыпқыраны Әмір Темір Әзіреті Ысмайыл ата мен оның ұлы Ысқақ атаға арнап салдырған әрі алты ғасырдан бері тұрған алып кесенелер.
Ол – Үндістаннан Сібірге дейін шашылып, тараған Ысмайыл атаның ұрпақтары.
Ол – Ысмайыл ата кесенесі алдындағы әулиенің кереметімен қаза болған Мәнді ата шайхтың зираты.
Ол – сегіз ғасырдан бері Ысмайыл ата мазаратында атадан балаға мирас болып келе жатқан көр қазушылық кәсіпті нәсіп еткен Мәнді атаның ұрпақтары.
«Дінімізде ең сауапты саналатын бұл кәсіпті бізге Әзіреті Ысмайыл атаның өзі тапсырған» – деп, осы күнгі Мәнді атаның ұрпақтары мақтаныш ететіні де ақиқат.
Омыртқа қаңлының Шарымынан тарайтын Мәнді ата ұрпақтарын «тарих диірмені» бірін қазақ, бірін өзбек етіп, алыстатса да, тату-тәтті ағайын болып тұрып жатқаны да ақиқат.

Кәрім Аппазов, зерттеуші
Оңтүстік Қазақстан облысы

14 қыркүйек, 17:06
Құжат мақұлданды
14 қыркүйек, 16:54
Ертегіші қыз
14 қыркүйек, 16:46
Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің жаңа белесі
31 тамыз, 12:05
Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек
24 тамыз, 12:21
Ұлы тұлғалармен сұхбат
24 тамыз, 12:03
Қаңғыбас бала қайдан шығады?
24 тамыз, 11:56
Баукеспе
24 тамыз, 11:45
Тағдырмен тайталас