Талғат Мұқантаев –100 есімнің бірі

07 желтоқсан в 16:34 22 рет оқылды

Елімізде Ұлт көшбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Тәуелсіздік толқынында ел дамуына еңбек сіңірген, еңбек жолымен көпке үлгі болған жаңа есімдерді анықтайтын «100 жаңа есім» жобасы бастау алған-ды. Осы жылдың 7 маусымы мен 15 қыркүйегі аралығында жұмыс тобының хатшылығына «100 esim.el.kz» порталы арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен жобаға қатысу туралы өтінімдер жіберілді.

Үміткерлерді іріктеу және іске асыру жөніндегі арнайы құрылған жұмыс тобы мен сарапшы комиссия қоғамдық пікірге сүйене отырып, «100 жаңа есім» жобасына лайық кейіпкерлерді таңдады. Маңғыстау облысынан жоба қамтыған әртүрлі салалардан 47 үміткер ұсынылған болатын. Еліміздің алтын қорына енетін 100 тұлғаның ішінде маңғыстаулық Владислав Трифонов (қоғам аталымы) пен Талғат Мұқантаев (медицина саласы) бар. Осы орайда үздік жүздіктің қатарынан табылған өңірімізге белгілі дәрігер, Маңғыстау облыстық облыстық ауруханасының видеоэндоскопиялық хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Мұқантаевпен сұхбаттасқан едік.
–Талғат Естұрғанұлы, Қазақстанның 100 есіміне енуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз? Отбасыңыз, өскен ортаңыз, еңбек жолыңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз?
–Мен 1965 жылы 3 қазанда Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласында хирург-дәрігердің отбасында дүниеге келдім. Ата-анамның таңдап алған мамандығына деген адалдығы менің бойыма дарып, дәрігер деген мәртебелі мамандықты меңгеруді мақсат еттім. Мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа оқуға түстім. Еңбек жолымды Ақтөбедегі облыстық аурухананың хирургия бөлімінде медициналық аға болып бастадым. 1988 жылы аталған оқу орнының емдiк факультетiн ойдағыдай бiтіргеннен кейін, туып-өскен ортама оралдым. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық ауруханасына шұғыл медициналық жәрдем беру бөліміне хирург-дәрiгер болып жұмысқа орналастым.
1992 – 1995 жылдарда Мәскеу қаласындағы ғылыми хирургиялық орталықтағы клиникалық ординатурада оқып, асқазан, өңештің жарақаттары және хирургиялық жолмен емдеу мәселесіне арналған медициналық ғылым кандидаты атағына диссертация қорғадым. Ординатураны бітіріп, біліктілігімді жетілдіргеннен кейін 1995 – 2000 жылдары Маңғыстау облыстық ауруханасында хирургиялық көмек бойынша бас дәрігердің орынбасары болып қызмет еттім. етті. 2000 жылдан бастап маған осы ауруханда жалпы және видеоэндоскопия бөлімін басқару тапсырылды. 2006 – 2009 жылдары Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етіп жүрген уақытта медициналық мекемені еуропалық стандартқа сай жұмыс істеуін басты орынға қойдым. Мен 30 жылға жуық еңбек өтілімде халықтың денсаулығын жақсартуға атсалысып, антымды адал орындап келемін. Облыста тұңғыш рет хирургия және урологияда, асқазан және өңештің ауыр ауруларына ең жоғары күрделі әртүрлі реконструктивті, видеоэндоскопиялық оталарды жемісті жасадым. Сондай-ақ 4 мыңнан астам видеоэндоскопиялық отаны сәтті жүргіздім. Облыста эндохирургияның дамуына үлес қосқаным үшін «Алтын эндоскоп» Құрметтi халықаралық марапатымен марапатталдым. Ресей Федерациясының эндоскопиялық хирургтар қауымдастығының және эндоскопиялық хирургтар еліміздегі қауымдастығының Құрметті мүшесімін.
–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қорытындыланып, жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Бұл қуанышты жаңалықты қалай естідіңіз?
–Мен үшін күтпеген жағдай болды. Астанада медицина университетінің 2- курсында оқитын балам қоңырау шалды. Ұлым дауыс беру жүріп жатқанын досынан есттіпті. Бұл байқаудың анық- қанығын білмейтіндіктен сайтын жіберуін сұрадым. Арада 4-5 күн өткен соң сайтты ашып қарасам, дауыс беру аяқталып қалыпты. Соңғы кезде қауырт жұмыстан теледидар қарап, газет оқуға қолым тимей жүр еді. Сондықтан байқау туралы нақты мәліметтен хабарсыз болдым. Кейін әкімдіктен хабарласып, тізімге енгенімді айтты. Бұл қуанышты хабарды естіген соң басшымызға жолықтым. Ол кісі байқау басталарда аурухана атынан мені ұсынғанын жеткізді.
–Еліміздің бас қаласына барып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдыңыз. Қандай әсер алдыңыз?
–Республикамыздың әрбір өңірінен жиналған таңдаулы тұлғаларға Астанада саяхат ұйымдастырылды. Елордамыздың төрінде өткен ЭКСПО қалашығын, басқа көрікті де әсем орындарын тамашалап, «Қазмедиа» орталығын араладық. Тұңғыш Президент күні мерекесі өмірімдегі ең жарқын әрі елеулі күн болды. Ұлт көшбасшысының әрбір айтқан сөзі алға ұмтылуға, жан-жақты, білімді болуға жігер берді. Жастардың бүгіні мен болашағына үлкен сеніммен қарайтын Елбасымыз бізді ізденісте болуға, өзімізді дамытуға, тіл үйренуге шақырды. Көшбасшымыз бізге күш-қуат, сенім мен жігер берді. Мен үшін кездесуге келген мыңнан тұлпарлардың әрқайсысы да ерекше тұлға. Арамызда бір әскери кісі болды. Әскери оқу-жаттығу кезінде байқаусызда жерге түскен жарылғышты кеудесімен жауып қалған. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында осы кісі туралы көп жазылды. Кез келген адам олай жасай алмайды, нағыз ерлік қадам ғой. Маған сол кісінің жанында отырып, тілдесу бақыты бұйырды, ерекше әсер алдым. Ол – нағыз батыр. Оның жанында біз күнделікті жұмысты атқарып қана жүрген жандармыз. Мен мынаны жасадым, бүйттім, сүйттім деп ауыз толтырып айта алмаймын. Сонымен қатар «100 есімге» енгендер қатарында жастар көп екен. Мүгедектер арбасында отырған үш жас жігіттің белсенділігі мені таң қалдырды. Мүмкіндіктері шектеулі бола тұра ғылыммен, қайырымдылықпен айналысады, өз кәсіптері бар. Менің ойымша, осы жандар нағыз мақтауға, марапатқа лайық жандар.
–Дәрігер қандай болуы керек? Сіздердің жолыңызды жалғаған жас дәрігерлерге, іні-қарындастарыңызға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ең бірінші, дәрігер алдына ауырып келген науқасты жақсы көре білу керек. Мейірім танытып, түсіне білуі қажет. Бізге ешкім жақсы жаңалықпен келмейді. Әрбір дәрігер үнемі білімін жетілдіріп, оқып- тоқуы тиіс. Ғылым мен білім бір орында тұрмайды. Дамиды, жаңа өзгерістер болады, қолданысқа жаңа технология келеді. Мәселен, менің жұмыс істегеніме 30 жылға таяды. Бір жылда 4-5 рет оқуға, курстарға қатысып, еліміздің бас қалаларында, шет мемлекеттерде біліктілігімді арттырып, әріптестеріммен тәжірибе алмасып тұрамын. Алдағы уақытта Мәскеуде докторлық диссертациямды аяқтаймын. Аурухананың барлық маманды оқуға жіберуге мүмкіндігі бола бермейді. Мамандардың өз бетімен баруға айлығы жетпейді. Тіпті, ол айлықпен кітап сатып алу да көп жағдайда қиынға соғады. Мен Мәскеуге барғанымда қажетті кітаптарды ала келемін. Сондай-ақ, медицина саласындағы жаңа ақпараттардың 70 пайызын ғаламтордан да аламын. Қалғаны оқудың, ізденістің нәтижесінде келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

Суреттері бар

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар