Л.Айтқожина: «100 жаңа есімге» ену үлкен жауапкершілік

21 қараша в 16:51 35 рет оқылды

«Жүз жаңа есім» жобасына ұсынылған үміткерлердің қатарынан ақ халатты абзал жан, талай шаңыраққа жылу сыйлап жүрген Ләззат Айтқожинаны байқап қалдық. Дәрігер болуды армандайтындар өте көп. Алайда, екінің бірі жақсы дәрігер бола алмасы анық. Абзал жан атану үшін мамандықты меңгеру аздық етеді. Дәрігер болатын жанға ең әуелі үлкен жүрек керек, адамгершілік керек. Одан кейінгі биік ұстайтын ту – мамандығыңа деген адалдық, жауапкершілік. Дәрігер – тәулігіне 24 сағат дәрігер.  Ләззат Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы.

– Қазақстанның «Жүз жаңа есімі» деген жоба туралы естіген шығарсыз? Сіз үшін тәуелсіз Қазақстанның жүз жаңа есіміне кімдер, қандай мамандық иелері лайық?

– Әрине, мені де сол тізімге ұсыныпты. Өзім де кейін ғаламтордан көрдім. «Жүз жаңа есім» жобасына мені де лайық деп ұсынған екен, ол – менің еңбегімді бағалаған халықтың таңдауы деп түсіндім.

Менің ойымша, тәуелсіз Қазақстанның «Жүз жаңа есіміне» — егемен елдің іргетасын бірге қалаған, қиындыққа көніп, жақсылықта бірге болған, өз саласының білікті де білімді кез келген азаматы лайық деп ойлаймын.

«Жүз жаңа есім» жобасы, шынымен, бүгінгі қоғамға керекті дүние. Өйткені, арамызда қаншама мықты мамандар жүр. Жарнамасы жоқ. Ешкім танымайды. Бірақ солар шетінен жұмысына тастай, қазақ елінің гүлденуі мен көркеюі үшін барын аямайтын асыл жандар.

Жаңа есімдерге мына саланың мамандары лайық деп айту қиын. Өйткені, кім болса да, ол өз ісінің білгірі болса, сосын еліне пайдасы тисе, ол жаңа есім. Бірақ заман көшіне қажетті технология, ғылым-техниканың мамандары, тіл мамандары, медицина, өнер мен спорт саласының саңлақтары, әрине, жүз есімге таптырмайтын жандар деп білемін.

«Жүз жаңа есімге» ұсынылған, жобадан өткен кез келген азаматқа, бұл жоба бұрынғыдан да артық жауапкершілік жүктейді деп білемін. Өйткені, тәуелсіз қазақ елінің азаматтары сеніп жасаған таңдау!

Енді өзіңізді толық таныстыра кетсеңіз…

-Мен Шығыс Қазақстан өңірінің тумасымын. Семейдің медициналық университетіне 1997 жылы түсіп, 2004 жылы тәмамдағам. Мамандығым – емдеу ісі. 2004 жылы интернатураны аяқтадым. Тәжірибе жинау мақсатында алғашқы еңбек жолымды Абай аудандық ауруханасында бастадым.

Ол жерде перзентхана немесе аурухана деп бөлінбейді, нағыз қайнаған орта. Жас маман үшін тәжірибе жинақтап, теориялық білімді кәсіби тұрғыда жетілдіруге зор мүмкіншілік болды. Алайда, денсаулығым сыр бергеннен кейін жұмысымды жалғастыру мүмкін болмай қалды. Семей қаласына келіп, қызметімді гинекологиялық орталықта жалғастырдым. Кейіннен, дәм тартып, Алматы қаласына қоныс аудардым.

Сөйтіп, Алматыға 2008 жылы келдім. Әуелгі жұмысым шаһардағы перзентханалардың бірінде басталды. Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатты. «Осы мен медицинада не үшін жүрмін?» деген сауал іштей маза бермейтін. Адамның қалауы, ішкі құлшынысы деген бар ғой. Акушер-гинеколог ретінде жанымның қалауын дөп басатын жұмыс туралы ойланып жүрдім. Негізі репродуктология саласына қашан да бір бүйрегім бұрып тұратын. Содан, репродуктивті медицина институтына 2013 жылы келдім. Алдымен практикадан өттім, кейін жұмысқа қабылданып, тәжірибе жинақтай бастадым. Аллаға шүкір, арманым орындалды, жүрек қалауымдағы жұмысымды таптым. Қазір жаным қалайтын жұмысты зор құлшыныспен істеп жүрмін деп сеніммен айта аламын!

-Сіз, осыдан 5-6 жыл бұрын телеарналардың бірінде медициналық бағдарлама жүргізген жоқсыз ба. Ол да мамандығыңызға деген махаббатан туған дүние шығар?

-Ол уақытта ешбір арнада қазақша медицина, денсаулық тақырыбын қаузайтын бағдарлама болған жоқ. Алғаш болып осы істі қолға алған ұжымның арасында мен де болдым.

Мен репродуктивті медицина саласында қызмет жасайтындықтан үнемі осы саладағы қиындықтарды, күрделі мәселелерді телеарналарда көтеріп, мемлекет тарапынан бөлінетін квотаның (ЭКО) санын көбейту керектігін алға тартып жүргедім.

Алматыдағы Репродуктивті медицина институтының құрылғанына биыл 21 жыл толып отыр. Қазақстанды айтпағанда, Орталық Азия бойынша ең үлкен әрі сапалы қызмет көрсететін орталық екенін айта кеткен абзал. Жылдан-жылға Репродуктивті медицина институтының ЭКО жолымен бала тудыру көрсеткіші жоғарылап отыр.

– Қандай қағидамен өмір сүресіз? Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Ұстанымым – өз жұмысыңа адал болу керек. Өзіңе адал болу керексің. Өмірді қиындата берудің қажеті жоқ, өмір бір-ақ рет беріледі. Әрбір сәтті бағалап, мағыналы етуге тырысу керек. Қанағат болу керек. Өмірдің әрбір сәтіне қуануға талпынамын. Көп нәрсені өткізіп жіберуге тырысамын, себебі қиялдауға уақыт жоқ, тек алға жүру керек. Бір жерде болмады ма, аттап өт те алға бас. Өмір – біреуден кек алу, біреуге қастандық жасау, біреудің жамандығын қазуға арналмаған. Айналаңды қоршағандардан тек жақсылықты көруге тырысу керек. Біреу саған жамандық жасады мА, оны ойлама, артынан қазбалама. «Бұл да өтеді де кетеді» деген ұстаныммен алға қадам басамын.

– Сіз қаншама әйелге бақыт сыйлап жүрген жансыз. Өзіңіз осы әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Әйел бақыты деген – ана болу. Саған қолдау білдіретін, арқай сүйейтін азаматыңның қасында болуы. Ұл бала тәрбиелеп отырмын, әлі де бала сүйгім келеді. Бақыт деген – ата-анаң, жақындарыңның амандығы, сүйіп істейтін кәсібіңнің болуы, жұмысыңа деген махаббатың.

«Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» — деген ұғым бар. Астарына үңілсеңіз, мағынасы терең. Жаныма жақын қару – сөз. Себебі қашан да адамгершілік қасиет биік тұруы керек. Жақсылық атаулы жақсы қарым-қатынас арқылы өріледі. Неге десеңіз, менің алдыма көкірегін мұң торлаған, сәби сүюді армандайтын қыз-келіншектер келеді. Әрқайсысының тілін тауып, мұңын тыңдайсың. Әртүрлі адамдармен бірге әртүрлі тағдырлар келеді. Бізге «Маған бала керек» деп ешкім күліп келмейді. Бәрінде бір мұң, қилы тағдыр бар. Жанары жасаураған әрбір жанның мұңын мұқият тыңдап, ішкі күйзелісін түсінуге тырысамын. Қалай да осы жандардың жүгін жеңілдетіп, өз тарапымнан қандай да бір көмегімді тигізгім келіп тұрады. Емделушім бала көтерсе, өзім де жүктілік бақытына жеткендей бірге қуанамын, мұңайса жұбатамын.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар