Қарағанды мектептері зейнетке шыққан мұғалімдерді қайта шақыруда

14 қараша в 16:07 97 рет оқылды

Қарағанды мектептерінде кадр тапшы. Жалақы мардымсыз болғандықтан, жас мамандар ұзақ тұрақтамайды. Тығырықтан шығу үшін білім мекемелері зейнеткерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, қазірдің өзінде қалада әртүрлі пәндер мен бастауыш сыныптарға 400-ге тарта мұғалім жетіспейді. Педагогтар үкіметтен кадр тапшылығын жою үшін жас ұстаздардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік жеңілдіктер жасауды сұрайды. Қарағандыдағы №101 мектеп-лицейінде жұмыс істеп құрметті демалысқа шыққан Ольга Эм артынша мектептен шақырту алғанын айтады. Біраз ойланып, жарты күн жұмыс істеуге келіскен. Қазір ол қаладағы лицейлердің бірінде химия пәнінен сабақ береді. «Алғашында үйде демалам деп ойладым. Бірақ мектепке шақырған соң, отбасыммен ақылдасып, ақыры жұмысқа шықтым. Бір жағынан ақша да артық болмайды. Енді жастар келгісі келмесе, біз секілді зейнеткерлер көмектеспесек, балаларды кім оқытады?», — дейді зейнеткер. Аталған мектепке математика, химия, биология, география және орыс тілі пәндері мен бастауыш сынып мұғалімдері қажет. Сондықтан басшылық бірнеше зейнеткерді жұмысқа алған. Олар педагогикалық құрамның 15 пайызына жуық. Мәселе мардымсыз жалақыда, деген мектеп директоры, колледж бітірген жас маманға тиесілі жалақы 30 мың теңгеден сәл-ақ жоғары екенін айтады. Ал университет тәмамдаған мұғалімнің айлығы 50 мың теңгеден асады. «Тұрмыстық жағдайларына ақшаның жетіспеушілігіне байланысты жыл басынан бері 3 маман кетті. Біреу география пәні мұғалімі, екеуі бастауыш сынып мұғалімі. Егер біз жылына 5-6 жас маман алатын болсақ, оның ішінде тұрақтап қалатыны 50 пайызы», — дейді Қарағанды қаласы №101 мектеп-лицейінің директоры Рахат Қазтев. Айта кетейік, кадр тапшылығы байқалып отырған өңір тек Қарағанды ғана емес. Мысалы осы жылдың басында Алматы облысының ауылдарының бірінде жоғары білімі жоқ мұғаімдердің сабақ беріп жүгеніне қатысты дау туындаған. Мектеп директоры болса педагогтар жетіспеушілігінен осындай қадамдар жасалып отырғанын айтқан. Бұдан бөлек Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те мектептерде мұғалімдердің жетіспейтінін мәлімдеген еді.

qazaqtimes.com

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар