Ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беретін карта

14 қараша в 17:35 39 рет оқылды

Бүгін Қазақстан үкіметінің баспасөз орталығында агроөнеркәсіптік кешенді  дамыту карталары таныстырылды.  Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру, сондай-ақ 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында министрлік ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру Карталарын әзірледі. Елбасы биылғы жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор», -делінген.

Даму карталары негізгі мәселелерге толыққанды талдау жүргізіле отырып жасалған. Онда дамудың келесі бағыттары бойынша нақты шаралар қарастырылған:
– ауыл шаруашылығы кооперациясы;
– аграрлық қайта өңдеу;
– АӨК-ні қарқынды техникалық қайта жарақтандыру;
– тұқым шаруашылығы;
– фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру;
– агрохимия;
– азық өндірісі (азық теңгерімі);
– көтерме-тарату орталықтары;
– егістікті айналымға тарту;
– шалғайдағы қой шаруашылығы;
– аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту;
– сиыр еті өндірісі;
– мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру.
Қазіргі уақытта, Карталар министрліктің, «Атамекен» ҰКП-ның алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерімен талқыланды және барлық мүдделі тараптарды ескере отырып пысықталды.
Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперациясы Картасы қабылданып, оны іске асырудың арқасында ағымдағы жылы мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 3,3 %-ға, ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды.
2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 770 кооператив құрылды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 6 476 бордақылау алаңын құрды. Аталған бордақылау алаңдарының қуаттылығы – 108,7 мың басты құрайды.
Сонымен қатар, сүт бағытындағы қайта өңдеу өнеркәсіптері 60-тан 65%-ға, ет бағытындағы қайта өңдеу өнеркәсіптері 55-ден 60%-ға ұлғайғанын айта кеткен жөн.
АӨК-ті дамытудың басты бағыттарының бірі Аграрлық қайта өңдеу. Бұл бағыт бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізілді және алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының Деректер базасы қалыптастырылды.
База кәсіпорынның ағымдағы жағдайын бағалауды, оның қуатын, жүктелуін, өнім номенклатурасын, сондай-ақ дамуды тежейтін проблемаларды қамтиды.
Импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып 435 кәсіпорынға қатысты қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Бұл – сүтті, етті, теріні және жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкөністі, қант қызылшасын және картопты қайта өңдеу, олар бойынша Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастыру сызбасы, оның ішінде әр облыс бойынша, аудандар бөлінісінде әзірленді.
Аграрлық қайта өңдеу Картасына сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту қажет. Бұл қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық жарақтануы болып табылады.
Ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау техникаларды қолдану мерзімінің 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Көптеген техникалардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұл ретте аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, және ең бастысы жалпы жиналымның шамамен 14% немесе шамамен 200 млрд. теңгені жоғалтуға әкеліп соқтырады.
АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жарақтандыру Картасы аясында ауыл шаруашылығы техникаларын қарқынды қайта жарақтандыру мақсатында отандық ауыл шаруашылық техникасын сатып алу үшін инвестициялық субсидиялар механизмін өзгерту, түпкілікті мөлшерлемесі 5%-ға дейін отандық ауыл шаруашылығы өндірісіне жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу көзделіп отыр.
Өкінішке орай, соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Соның салдарынан себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеді.
Алайда, тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштар қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл бұл жағдайды дұрыстай алдық. Биылғы жылғы астық түсімінің сапасы өткен жылдың өнімінен бірнеше есе өсті.
Тұқым шаруашылығы Картасында субсидиялау механизмін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылды.
Тұқым шаруашылығы Картасын жетілдіре отырып, сұрып алмастыру мен сұрып жаңартуды жылдамдатуға, өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыруға және жалпы жиналымға 8,3 млн. тоннаның қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Өсімдіктерді қорғау Картасын әзірлеу барысында әр облыс бойынша егістердің фитосанитариялық жай-күйі айқындалды. Ластанған алаңдар мен нақты өңделген алаңдар анықталды. Мәселен, арамшөптер бойынша 4,7 млн. га, ал зиянкестер мен аурулар бойынша 1,5 млн. га өңдеумен қамтылмаған. Осының бәрі 1 млн. тонна жалпы өнім ысырабына әкеліп соқтырады.
Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің препараттар сатып алуға жұмсаған шығындарын олардың құнының 50%-ы мөлшерінде жаңа схема енгізілетін болады. Бұл өңделетін алаңды 2 есеге жуық, яғни, 1,9 млн. гектардан 3,4 млн. гектарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қажетті пестицидтерді өз уақытында сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қабылданған шаралардың негізінде пестицидтерді енгізу көлемі 1,3 есе ұлғайды және соңғы бірнеше жылда алғаш рет тыңайтқыштарды себу 14% -ға жетті.
Агрохимия Картасы шеңберінде топырақтың агрохимиялық жағдайын ескере отырып, субсидияланған тыңайтқыштарды енгізу туралы талапты белгілеу көзделген.
Бұдан басқа субсидияланатын қажетті тыңайтқыштардың нақты тізімі анықталады. Аз сұранысқа ие тыңайтқыштар алынып тасталады. Бұл субсидияларды 1 млрд. теңгеге дейін босатуға сонымен қатар, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін 10-15% -ға немесе 1,4 млн. тоннаға дейін жалпы өнімді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мал басын толыққанды, теңгерімді азықпен қамтамасыз ету – мал шаруашылығын тұрақты дамытудың шешуші факторы болып табылады. Қазіргі уақытта табиғи жайылымдар мен шабындықтар, далалық азық өндірісі және құрамажем өнеркәсібі азық базасының негізін құрайды.
Азық өндірісі Картасы шеңберінде қатты жемшөп базасын құру үшін өсімдік өнімділігін арттыру жылдық және көпжылдық шөптерді, сүрлемді егістіктерді, агроөнеркәсіптік компаниялар арқылы бюджеттік несиелендіруді қоспағанда, егілген көпжылдық шөптерді жаңартып, тиімді және өңірлік дақылдар мен сорттарды субсидиялау есебінен қарастыру сондай-ақ құрамажем өндіруге арналған жемшөп пен компоненттерді форвардтық сатып алу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорциясы» АҚ-ға бюджеттік несие беру ұсынылады.
Азық өндірісі Картасын жүзеге асыру мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерінің өндірісін 15-20 %-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта азық-түлік тауарларын өндірушілерден тұтынушыға дейін ілгерілету стихиялы режимде жүзеге асырылады. Сауданың ұсақ форматы бұл тиімсіз алыпсатарлар, олардың кесірінен баға 2 және одан да көп есеге өседі.
Бұл жағдайды өзгерту үшін әр облыс орталығында көтерме – тарату орталықтарының желісі қажет.
Аталған көтерме – тарату орталықтары мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатында (табиғи жер гранты, инвестициялық субсидиялар, кредиттер, инфрақұрылым жүргізу) құрылатын болады. Ол үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кооперативтердің өз өнімдерін өткізу қызметін көрсетуі бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданады.
Соңғы 25 жылда егістік алаңы 10,6 млн. гектарға азайды, олар тыңайған жерлер мен басқа алқаптарға ауыстырылды. Мал шаруашылығы өсіміне байланысты жайылымдарды ұлғайу Картасы аясында егістіктің 1,9 млн. гектарын айналымға енгізіледі. Бұл жерлер бірінші кезекте азықтық дақылдар мен басқа да сұранысқа ие дақылдарды (майлы дақылдар, жасымық) өндіру үшін пайдаланылатын болады.
Соңғы жылдары іске асырылып жатқан шаралардың арқасында мал шаруашылығы тұрақты даму сипатына ие: жыл сайынғы өсім шамамен 3%-ды құрайды, ал мал басы 5 жыл бойы 15 млн. бас шамасында.
Іске асырылмаған әлеуеттің негізгі себебі қой басының жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы және жайылымдардың жоқтығы болып табылады. Ал, жүнге келетін болсақ, бүгінгі күні жүн өңдейтін кәсіпорындар шамамен 12,7%-ға жүктелген. Бұл ретте жүннің 10%-ы ғана өңделетінін атап өту керек.
Осыған байланысты, мал шаруашылығы Картасында шалғайдағы қой шаруашылығын дамыту, қызмет көрсету және сатып алу орталықтарының құрылуы, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа зауыт салу қарастырылған.
Нәтижесінде қайта өңделген жүн көлемі 9 есеге, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 80%-ға артады. Бұдан басқа, ұсақ малдың терісін қайта өңдеу кәсіпорындардың қолданыстағы қуаттылықтарын 50% дейін жүктейді.
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту, дақылдардың түсімділігін және жануарлардың өнімділігін арттыру үшін өндірістің, білім мен ғылымның тығыз интеграциясы, отандық ғылыми зерттеулерді әзірлеу және енгізу, шетелдік тиімді технологияларды трансферттеу, елдің аграрлық нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау және қайта даярлау негізінде агроөнеркәсіптік кешенді жеделдетіп инновациялық дамыту жоспарланып отыр. Барлық осы шаралар Аграрлық ғылымды жаңғырту Картасы жобасында көзделген.
Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігін арттыру және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуын ұлғайту мақсатында ағымдағы жылы 65 субсидия түрі қайта қарастырылды. 11 тиімсіз субсидия түрі алынып тасталып, 40 түрі бойынша өлшемшарттары өзгертілді, ал қалған 14 түрі өзгеріссіз қалды.
Мысалы, егер, сиыр еті бойынша бұрын субсидияны 175 бордақылау шаруашылығы алып келсе, бүгінгі күні субсидиямен 522 шаруашылық немесе 100% қамтылып отыр.
Осының бәрі сол бұрынғы қаражат шеңберінде, яғни, бастапқы бюджет шығындарын ұлғайтпастан жүзеге асырылды және негізінен ұсақ шаруашылықтар қамтылды.
Екінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін субсидиялардан қолжетімді, қайтарылатын несиелермен барынша қамту мәселесі қарастырылуда.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Карталарын енгізу агроөнеркәсіптік кешенді сапалы жаңа деңгейге көтереді, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады, отандық азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтады және саланың экспорттық бағыттылығын күшейтеді.

 

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар