Астанада лауазымды қызметкер адам қағып кетті

14 қараша в 22:35 70 рет оқылды

Астанада Ұлттық экономика министрлігіне қарасты мекеменің лауазымды қызметкері қымбат көлігімен таптап кеткен қыз өлім аузында жатыр, деп хабарлайды ktk.kz.

 

 

 

 

Әсел Рымханованы кроссоверімен басып өлтіре жаздаған Статистика комитетіне қарасты Ақпараттық-есептеу орталығының бөлім басшысы болып шықты. Ал апатқа кінәлі жүргізуші Болат Молдағалиевтің өзі «жарақат алды» деген диагнозбен ауруханада жатыр. Оның үстіне министрліктің білдей қызметкері бұрын эпилепсиямен ауырғанын айтып, ақталуға кірісті.

Апат Есілдің сол жағалауындағы мына сауда орталығының алдында болған. 38 жастағы Болат Молдағалиев қымбат көлігімен автотұрақтағы екі темір тұлпарды соғып, жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан үш қызды қағады. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіне қарасты Ақпараттық-есептеу орталығының бөлім басшысы кейін оқиға орнынан бірнеше метрге ары жүріп барып тоқтайды. Кроссовердің сауда орталығынан алыстап кеткенін мына видеодан да көруге болады.

Молдағалиев қаққан үш адамның біріне еш зақым келмеген, екіншісі жеңіл жарақат алған да, ал үшіншісі ес-түссіз ауруханаға жеткізіліпті. Әсел Рымханованың сау сүйегі қалмаған. Көлік 24 жастағы бойжеткеннің үстінен таптап өткен көрінеді.

Нұрлан Рымханов, зардап шеккен Ә.Рымханованың әкесі:

-Есірткі шеккен сияқты деп ойлаймыз. Сау адам алдыңда өтіп бара жатқан мысық, күшікті де баспайды ғой. Адам тоқтап, адамшылығын жасау керек қой. Бұл жерде басып өте шыққан.

Әселдің туыстары Болат Молдағалиевтің бірнеше көлік пен үш адамды соғып, әріқарай жүре бергеніне ашулы. Бүгін полицейлер Нұрлан Рымхановты жәбірленуші ретінде тергеуге шақырыпты. Айтуынша, лауазымды қызметкердің оқиға орнынан қашпақ болғанын ешкім ескеріп жатқан жоқ.

Нұрлан Рымханов, зардап шеккен Ә.Рымханованың әкесі:

-Істі жауып тастай ма деп қорқамыз. Өзінің істеген ісіне қарай жазасын алса болды.

Қазір көлік қаққан қыз аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ол есін жиғанымен, оқиғаның қалай болғанын мүлдем білмейді. Қатты қорқып қалған дейді дәрігерлер.

Нұрбол Тұрсынбаев, Астанадағы №2 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

-Өте ауыр қалде. Бас сүйегінің зақымдануы, дене жарақаттарымен, жамбас, иық, бұғанақ сүйектері сынған. Оң жағындағы бір, сол жағындағы төрт қабырғасының сынуымен және көк бауырдың жарылуымен сондай жарақатпен түскен жағдай. Көкбауырын алып тастадық.

Ақ халаттылардың айтуынша, Әсел Рымханованың толық айығуы мүмкін. Бірақ оған жарты жылдай уақыт керек. Зардап шегушіні әлі ауыр екі операция күтіп тұр. Ал Статистика комитетіне қарасты орталықтың бөлім басшысы тергеу изоляторында отыруы тиіс еді. Алайда ол да «жарақат алды» деген диагнозбен ауруханада жатыр. Молдағалиев апат болған күні ішімдік ішпеген дейді Ішкі істер департаментіндегілер. Қанын тексеріпті. Бірақ, анасының айтуынша, Молдағалиев бұрын эпилепсиямен яғни талмасы ұстап ауырған екен. Дәрігерлер оны 17 жыл бұрын диспансерлік тіркеуден алып тастаған.

Софья Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

-Қылмыстық Кодекстің 345-бабы, яғни, жол ережесін өрескел бұзып, екі адамның денсаулыңғына зақым келтірген бабы бойынша қазір тексеру жүріп жатыр. Анасының айтуы бойныша, ол бала кезіннен диспансердің учетында тұрған. Яғни, эпилепсия ауруына шалдығып.

-Егер Молдағалиев эпилепсиямен ауырса, оған көлік жүргізу куәлігі де берілмеуі керек еді. Қазір тергеушілер 38 жастағы азаматтың денсаулығына қатысты мәліметердің рас-өтірігін тексеріп жатыр. Полицейлер әзірге Статистика комитетіне қарасты орталық қызметкерінің оқиға орнынан қашпақ болды деген деректі қарап жатқан жоқ. Тек жол ережесін бұзғаны бойынша іс қозғалған. Бұл айыбы дәлелденсе, Молдағалиев екі жылға бас бостандығынан айырылады немесе 4 жарым миллион айыппұлмен құтылуы мүмкін.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар