Апасын емес, алтынды сағыныпты

03 қараша в 15:27 102 рет оқылды

Жиеннен туған жиеншар Әділ Америкадан келген. Демалысқа. Әлі бір жыл көлкіген көк теңіздің ар жағында жүрмек. Америкадағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын. Бұйымтайы, елдегі әжесіне барып келу.  Шетелде оқып, ел таныған, жер таныған, бес ұлттың тілін білетін жиеншардың қияндағы шоқ жұлдыздай шағын ауылда әупірімдеп күн кешіп жатқан, кәрі қойдың жасындай жасы қалған нағашы әжесіне барып қайтамын деген ниетін естігенде шынын айтсам, жүрегім елжіреп кетті. Тіл-көзден сақтасын, осы Әділ түбінде бас бармақтай дөкей жігіт болады. Бәріміз содан үміттенеміз. Мақтау-марапаттау сөзімізді өз балаларымыз бен немерелерімізге үлгі еткенімізбен, бөгде жұрттың көзінше айта қоймаймыз. Не айтсақ та, өз ішімізде, өз ортамызда.

Осы баланың әуел бастағы, шыр етіп дүние есігін ашқандағы шын аты Әділ болатын. Өз атасы азан шақырып қойған. Кейін замандастарына еліктеп, өз атын өзі жөндеп, жаңаша жосықпен қалыптап алды. Қазір Адиль. Әділ десең, көңіліне алып қалады.

Кенже баламнан алты жас кіші болса да, Адильдің өтінішіне құлақ асуым керек. Түптеп келгенде осынысы ет жақын ағайын-туыс түгіл туған әке-шешесіне қарамай кететін жастарға үлгі емес пе? Демалыс уақыты аз болғанмен, ауылдағы әжесін аңсап алып-ұшып тұр.

Жолға шықтық. Күзгі жол күреңітіп сайрап жатыр. Аттанар жақтағы да, қамшылар жақтағы да қалың орманға жұп-жұқа сары бояу жағылыпты. Аракідік қызғылт бояу да кездеседі. Төңіректің бәрі алаулап жанып тұрған сияқты, көз қарықтырады. Адильді сөзге тарттым:

– Әжеңді сағындың ба?

Адилім тіс жарып үндемеді. Сүт пісірім уақыт өткен соң ғана қысқа қайырып, сапарының себебін айтқан.

–Әжемнің қолында баяғы бабасынан алтын жүзік болушы еді. Кішкентай кезімізде барғанда талай көргенмін. Сом алтыннан соққан, дәл ортасында қып-қызыл тасы бар. Соны сұрап алмақшымын. Раритет. Шетелде мұндай көне бұйымдар қымбат бағаланады.

Мен әжеңді сағынғасын бара жатқан шығар деп ойлап едім деп айтып қала жаздадым да, тілімді тістей қойдым. Баланың сағын сындырмайын деп.

Жол-жөнекей көрші ауылға соққанбыз, зәуі бір себеппен. Аз-кем сөйлескен соң шай ішіп кетіңдер деп етегімізге жармасқан кейуананың өтінішіне жол үстіндегі жолаушы екенімізді, уақытымыздың жоқтығын айтып, сыртқа бет алдық.

–Тым болмаса нан ауыз тиіңдер,–деді әжей.

Ып-ыстық таба нанның шетінен бір үзіп алып, кеседегі сары майға батырып, асап жібердім. Дәмі тіл үйіретін, тәп-тәтті екен. Көптен бері кезікпеп еді, сағынып қалыппын. Шіркін, ауылдың дәмі-ай. Адилім бұрылған да жоқ.  Есік алдында көлденең тұрған көлікке ұмтыла берді.

Жол бойы әдеміше қара торы жүзі қабарып, әлденеге шамырқанып келеді. Себебін сұрадым.

–Нан же дейді ғой, мен бір аш жүргендей,–деді Адиль.

Айналайын Әділжанға бұл қазақтың дәстүрі екендігін, табалдырықтан аттаған адамға дәм ауыз тигізудің парыз екендігін айтқым келген. Бірақ, айта алмадым. Қаншама сөзім көмейімде кептеулі тұрса да. Үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын атам, қара шаңырақтың киесі қолдасын деп, адал дәмін ұсынатын. Шаңыраққа бас сұққан әр адам дәмнен ауыз тиюге міндетті еді. Келген адам біз тәрізді асығып жатса, әзілмен де жеткізетін. Әйелге байың тастап кетеді деп, еркек болса, әйелің тастап кетеді деп, ойын-шынын араластырып, әйтеуір құр ауыз жібермейтін.

Бес жұрттың тілін білетін, жалпақ әлемнің тарихын жадына тоқыған, әдет-ғұрпынан хабардар Адиль екеуіміз жүйткіген жүйрік машинамен ағызып келеміз. Алда сайрап жатқан ұзақ-ұзақ жол бар. Болашақтың жолы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар