СҚО-да жыл басынан 3100 неке қиылып, 1500 жұп ажырасты

19 қазан в 16:18 61 рет оқылды

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінде 3100 неке тіркелген. Ал ажырасқан жұптар саны 1500-ді құрап отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайдың қалыптасуына жастардың төзімсіздігі себеп, деп хабарлайды Baq.kz.

Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жағымсыз тенденция сақталып отыр. Өткен жылы 3 мыңнан астам неке қиылып, 1600 ажырасу актісі тіркелген.

«Отбасын құрғанға дейін қарым-қатынасымыз мүлде басқа болатын. Жігітім «бақытты өмір кешеміз, сен үшін бәріне дайынмын» деп уәдені үйіп-төкті. Тойдан кейін күйеуім өзгеріп сала берді. Ол қиындыққа төзімсіз адам болып шықты. Жұмысқа бармайтын әдет шығарды. Қаржылық қиындықтар басталды. Мен балам үшін, отбасымды сақтап қалу үшін жалғыз өзім жұмыс істеп, ақша таптым. Бірақ нәтиже шықпады. Бәрі ажырасумен аяқталды», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Анастасия Гребень.

«Ажырасқандардың басым бөлігі өз әрекеттерінің себебін мінездерінің сәйкес келмеуімен түсіндіреді. Дегенмен әр некенің бұзылуының өзіндік себебі бар. Көптеген жұп ажырасу кезіне ортақ мүлікті бөлу үшін сот алдына дейін барып жатады», — дейді СҚО Әділет департаментінің бөлім жетекшісі Олеся Осадчая.

Жыл басынан бері сот орындаушыларға алимент төлету жөніндегі 2500 атқару өндірісі келіп түскен. Оның 854-ті орындалған. Алимент – әкенің де ананың да орнын толтыра алмайды. Психолог мамандардың айтуынша, некенің бұзылуынан бірінші кезекте балалар жапа шегеді. Ата-ананың ажырасуы баланың психологиясына, оның қоршаған ортаға бейімделуіне кері әсер ете етеді. Бүгінгі күні Петропавлда 10-нан астам психолог кабинеті жұмыс істейді. Отбасындағы олқылықтарды түзету үшін көбіне әйелдер маманның көмегіне жүгінеді екен.

«Бала үшін ата-ана бүкіл әлемді құрайды. Оның біреуі отбасынан кететін болса, баланың бойында үрей, қобалжу пайда болады. Көптеген жұп басына түскен қиындықты шешудің жолын ажырасу арқылы табамыз деп ойлайды. Өз тәжірибемнен байқағаным – әйел адамдардың көпшілігі отбасын сақтап қалуға күш салады. Ал ер адамдардың тарапынан ондай әрекет байқалмайды. Мұндай некелер ажырасып тынады», — дейді психолог Галина Баталова.

Некесін бұзушылардың 90 пайызы 25 пен 40 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар. Және мұндай отбасылардың орташа ғұмыры небәрі 1,5 және 2 жыл.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар