Алматы облысында ауыл дәрігерлері жаңа басшыларына қарсы шықты

19 қазан в 23:14 52 рет оқылды

Алматы облысында ауыл дәрігерлері өздеріне аяқ астынан жаңа басшы тағайындаған аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі шенеуніктер шешіміне наразылық білдірді. Бұрынғы бас дәрігерді атқамінерлер күштеп қызметінен кетірген-мыс. Соның кесірінен оның жүрегі сыр беріп, ауруханаға түсіп қалыпты. Енді бұрынғы басшыны жақтаған ақ халаттылар аудан шенеуніктерінің кадр саясатына қарсы шығып, министрлікке дейін шағым жазып жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. 

Алакөл аудандық денсаулық сақтау бөліміндегілер алдымен Қабанбай ауылы ауруханасының бас дәрігерін Талдықорғанға жиналысқа шақырыпты. Артынша қызметтен өз еркіңмен кет деп, арыз жаздырып алған. Бұған төзбеген Бақыт Жүнқураеваның жүрегі сыр беріп, ауруханаға жатып қалады. Осылай болды деген оның бұрынғы әріптестері мұны зейнеткерлікке шығуына бірнеше жыл ғана қалған әйелге шенеуніктер тарапынан жасалған қиянат деп отыр.

Рыскелді Нұрпейісова, терапевт:

-2016 жылы аккредитация өттік. Ол кезден бері қарай ешқандай ол кісінің тарапынан ешқандай жаңағы выговор, акт ол кісіге берген жоқ ешкім. Бізде жұмысымыз алға басып келе жатқан болатын. Бірақ та белгісіз жағдайдың кесірінен біз осылай болдық, басшымызды күтіп отырмыз ол кісі жоқ.

Ал аудандық денсаулық сақтау бөліміндегілер жан -жаққа шағымды қарша боратып жатқан ақ халаттыларды жазалаймыз деп отыр. Айтуларынша, олардың ауылдық ауруханаға басшы тағайындағанда дәрігерлердің пікірін ескермеуге хақы бар екен.

Гүлнар Жүнісова, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

— Бұл жекеменшік аурухана емес. Сондықтан оның жұмысын жақсарту үшін кімнің бас дәрігерлікке лайық екенін біз шешеміз. Бұл жерде ұжым бұрынғы басшының жеке мүддесін қорғап отыр.

Ал екі ортада қалған жаңа басшы ұжым мүшелерімен ортақ тіл табамын деп шырылдап жүр. Әзірге онысына түк шықпаған Гүлнар Кертаева ел алдындағы абырой-атағы мен марапаттарын айтумен болды.

Гүлнар Кертаева , Алматы облысы, Қабанбай ауылдық ауруханасының бас дәрігері:

— Мен жоғары дәрежелі дәрігермін. Ақсу ауданында 11 жыл акушер-гинеколог болып қызмет еттім. 2005 жылы жай дәрігер бола тұра «Құрмет» орденімен марапатталдым. Елдің жағдайын ойлағанда алдымен әйелдердің денсаулығын жақсарту керек қой, сондықтан бұл жерде де білгенімді аямаймын.

Бұрынғы бас дәрігерге шенеуніктер Талдықорғаннан жаңа қызмет ұсыныпты. Алайда оның ауылдан кеткісі келмеген көрінеді. Бақыт Жүнқураеваны ұжымдағылармен қатар ауылдағы пациенттері де қимай отыр.

Тоня Есболова, Қабанбай ауылының тұрғыны:

-Мен жанымды аяғымнан тік тұрғызған Бақыт Қарбозовна, жақсы , бәріне врачтарға көмек көрсетті, ақшасын беріп, үйін беріп, сондай неше түрлі апараттар әкеліп, бізге бәрін массаж дейсің бе, зобқа дейсің бе, ай сайын дәрімізді уақытымен алып отыратынбыз. Енді біздің заманымыз қалай болды. Тура өзім жылап жібердім, абдырап қалдым, Бақыттың кетіп бара жатқанына.

Аудан атқамінерлерінің кадр саясатын солақай деп бағалаған ақ халаттылар Денсаулық сақтау министрлігіне дейін шағымданыпты. Ал бұрынғы басшы сыр берген жүрегін өз ауданында емес, даудан алыс Алматыда емдетіп жатыр екен.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар