Рамазан Стамғазиев: Мен де «Қожа» болғанмын

14 қазан в 16:46 154 рет оқылды

30 жылдан бері қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндерін кеңінен насихаттап жүрген Рамазан Стамғазиев «Елу жас — адамның сергіп, ысып немесе тоңып жүрген кезі емес. Әдемі күздің салқыны, сары жапырақ пен бірге сылдырлап әуезді әннің де жүректен төгілуі» – дейді бізге берген сұхбатында. Алматыда «Күзгі әуен» атты жеке шығармашылық кешін өткізгелі отырған жезтаңдай әншінің бала кезінде бастан өткерген қызықты оқиғаларын назарыңызға ұсынамыз. 

Әнмен берілген белгі

 Студент кездегі достарым өте әзілқой, қалжыңбас болды. 1-курс бітіргеннен соң Ұлту екеуміз отау құрдық. Жатақханада тұрдық. Курстастардың барлығы бізге келіп, бірге тамақ ішетін. Неге екенін білмеймін, тамақ дайын болған кезде барлығы бөлмеге кіріп келеді. Қайдан ғана біліп қойды деп аң-таң болып отырамыз. Қажыбай Жахин, Ғалымжан Серікбаев деген достарымызбен бір бөлмеде тұрдық. Сонда Қажыбай Біржан Салдың «Айбозым» деген әнін өте керемет орындайтын. Ұлту тамақ пісіре бастағанда, Қажекең жаңағы әннің бірінші шумағын айтады. Осылайша, басқа бөлмедегілерге белгі кетеді. Мұны естігендер «Е-е тамақ пісейін деп жатыр» деп тұспалдайды. Әбден тамақ дайын болып, дастарханға қойғанда екінші шумағын тағы орындап, «дайын болды» деген дабыл жібереді екен. Біз «Олар қайдан біліп қойды?» – деп түсінбей отырамыз. Кейде 2-3 адамға ғана арнап тамақ жасайтын кездері болады. Осылайша аз болса да, көп болса да бөлісіп, асты асап аламыз. Олардың бұл айласын кейін естіп, әбден күліп алдық.

Мен де «Қожа» болғанмын

Бала кезімде өте тентек болдым. Анам «жақсы бала болғансың» – деп жұбатып қояды. Бірақ қайдан. Ылғи ертеңгісін барлығы ұйқыда жатқанда жорыққа шығамын. Рогаткамды қолыма алып, торғай қуалаймын да жүремін. Бір күні қызығына беріліп кеткенім соншалық, тіпті терезе сындырғанымды да байқамағанмын. Сөйтіп, мектептің бүкіл терезесін сындырып тастаппын. Директорымыз мұғалімдерді жиып алып, үйде жиналыс жасады. Бір ғана терезе сындырғанымды емес, қара есегіме мініп алып, балаларды ұрғаныма дейін айтып, тізіп берді. Қожа секілді басым салбырап, кешірім сұрадым. Ертесінен әкем екеуміз мектептің терезелерін салып берген болатынбыз.

Аңқау досымды алдадым

Ауылыммен мектебімнің арасы тым ұзақ болды. Бір дөң асып барамыз. Бауыржан деген аңқау досым бар еді. Мақтап қойсаң бітті, кез келген сөзіңе көне кетеді. Өзінің денесі де ірі. Қыста қар жауғанда соның басқан ізімен жүріп барамыз. Басқа жер, тіпті белден асады. Бір күні мен соңынан еріп келе жаттым. Қолымда фонарик. Құлағына жағып ойнап келе жаттым. Бір кезде тоқтатып алдым да, «Сен мықтысың ғой, құлағым мұздап кетті, маған малақайыңды берші» – дедім. Мен ше? – деді. Сосын мен оған «тура жаңағыдай шам жағып жүремін артыңнан» –дедім. Содан оған айтқан мақтау сөзім өткен болуы керек. Тымағын бере салды. Жаураса да, намысқа тырысып менен сұрамайды. Міне, осылайша қақаған қыста 3 шақырым жаяу жүріп бардық. Ал ертесінен сабаққа келсек, Бауыржан келмей қалыпты. Не болды екен дестік бәріміз. Сөйтсек, құлағы ауырып үйінде жатыпты. Кейіннен маған «Сен не деген қусың? Кәдімгідей саған алданып қалыппын ғой» – деп күледі.

Дайындаған Салтанат Шырынхан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар