Сауатты қоғам адаспайды

09 қазан в 11:32 84 рет оқылды

Алматыда соңғы екі айда 400-ге жуық жат ағымның жетегінде кеткен азамат тіркелсе, соның тең жартысы тура жолға түсіпті. Бұл туралы газетіміздің Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасымен бірлесе өткізген «Жас қазақ» конференциясында белгілі болды.

Жиынға қатысқан «Шаңырақ» діни мәселелер бойынша алдын алу, кеңес беру және оңалту орталығының жетекшісі Мерхат Мадияров адасқандардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері деп отыр. Сондай-ақ «Жас қазақтың» дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жолғы конференциясына Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі мен Медет Құрсақов, ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалық қатысты.

Жас қазақ: Ислам адамгершілік, ғылым, өркениет, бірлік пен бейбітшіліктің діні деп жатады. Бірақ соңғы уақыттары сан түрлі жат ағымның жетегінде кетіп, бөлініп, бүлініп жүргендерді де жоққа шығара алмайсың. Бұл қоғамда әбден түйіні тарқамаған өзекті мәселе айналып отыр. Жалпы осы діни сенімге бөліну калай басталды? Қайдан шықты?

Бауыржан Әбдуәлі: Қазіргі таңда ең өзекті мәселенің бірі – осы жат ағымның ішіндегі сәләфилік бағыт. Сәләфизмге тоқталар болсақ, араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шығып, «бұрынғылар», «әуелгілер», «өткендер» деген мағыналарды білдіреді. Исламдық танымда «сәләф-солих» термині әзіреті Мұхаммед пайғамбардың заманынан бастап өмір сүрген алғашқы үш буын – сахабалар, табиғиндер және атбаға-табиғиндерге берілген атау. Сәләф-солихиннің жолын жалғастырушы әһли-сунна уәл-жамағат, яғни фиқһта ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзһабтары, ақидада матуриди мен әшғари сенім мектебінің өкілдері болып есептеледі. Ал бүгінгі таңдағы «сәләфилік» ілімінің теориялық негізін салған Ибн Тәймия. Оның ұстанымдарын Мұхаммед Ибн Әбдулуаһһаб басшылыққа алып, нәтижесінде сәләфилік ағым пайда болды. Олар әрқилы әрекеттерімен Әһлу сүннет жолын ұстанушы матуруди және әшғари сенім мектеп өкілдерін адасушылықпен айыптап, Құран мен сүннеттегі Алла Тағаланың сипаттарын тікелей мағынада түсініп, жаратылысқа ұқсатады әрі құлшылыққа қатысты аят-хадистерді тікелей (заһири) мағынасында түсініп, амал етеді. Құлшылық етпегенді кәпір санап, дәстүрге қарсы келіп, тәспі тартуды, бет сипауды, мәзһаб ұстануды т.б. бидғат деп өздерінің керағар әрекетін жүзеге асыруда.

Жас қазақ: Тәкфиршілер туралы не айтасыз?

Бауыржан Әбдуәлі: Соңғы кездері «тәкфиршілер» деп аталатын жамағат өкілдері өздерінің жалған сенімдерімен көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік мәселесінде адастырып, басқа мұсылмандарды адасқан деп айыптауда. Бұларға көбінесе діни сауаты жоқ жастар еріп кетеді. Әлемде және елімізде орын алған лаңкестік әрекеттерге барып жатқандардың өзі сәләфилік, уахабилік бағыттағы адамдардың негізгі әдебиеттерін оқып, шейхтарын тыңдап, түрлі теріс әрекетке барушылар болып табылады.

Жас қазақ: Елімізде қай ағымның жетегінде жүргендер көп? Бауыржан Әбдуәлі: Әрине ол сәләфилік бағытта жүргендер. Бұл ағым өз арасында бірнеше тармақтарға бөлінеді. Негізгі діни ұстанымдары ортақ болғандықтан барлығы да еліміздің бірлігі мен діни тұрақтылығына қауіпті.

Жас қазақ: Әрине, қандастарымыздың басқа дін, басқа ағымда, бағытта жүргені жанға батады. Бүгінгі күннің ең өзекті, ауыр мәселесі. Біз осы тұста қай жерден қателік жібердік?

Нұрбек Есмағанбет: 90-жылдардың басында, бізде дінге толық рұқсат берілді. Сол кезде отандастарымыз дінмен қауышқанына ерекше қуанды. Дін деген осы екен деп барлығын бірдей қабылдай берді. Терезені ашқанда таза ауамен бірге шаң кірген сияқты, бабаларымыздың дұрыс дәстүрі мен дініне ілесіп әртүрлі ағымдарда еніп кірді. Бұған сыртқы күштің де әсері болды. Өйткені халықтың бірлігін жою үшін әртүрлі бүлік салу керек еді. Ал халықты бөлу үшін, олар дінді керемет құрал ретінде пайдаланды. Бүгінде жастарымызды түрлі ағым жетегіне алып, санасын улап, өзіне тартып жатқанын ескермесек, кейін кеш болады. Мұны мемлекеттік деңгейде алдын алуымыз қажет. Мұнда ислам ішіндегі жат ағымдармен күресіп қана қоймай, жалпы халықты сауаттандыру керек. Ол үшін бізде қолымыздан келгенше қызмет жасап жатырмыз. Алматы қаласында жастар арасында насихат жұмысын жүргіземіз. Бұрын жоғары оқу орындарына барып, студенттермен кездесу өткізетінбіз. Ал қазір біздің негізгі мақсатымыз – жалпы халықты діннен хабары жоқ адамдармен емес, керісінше дінге бет бұрған, намаз оқып жүрген, қызығушылығы бар адамдармен жұмыс жасауды күшейттік. Өйткені олар діни білімді алған кезде қай жерге барарын білмейді. Мысалы, сәләфилік ағымды ұстанатын бір кісіден дін үйренсе, ол сәләф болып шығады. Егер мешіттегі имамнан үйренер болса, ата-бабамыз танып келген, жолымызды ұстанатын болады. Сондықтан да негізгі күшімізді осыған салып жатырмыз. Бұдан бөлек, мешіттерге әр жеті күнге тақырып қойып отырамыз. Бір күнге бір аят. Онда хадис, ханафи мәзхабынан дәлел, тарихтан бір оқиға, мұсылмандық сипат, адасудың бір жолы деген сияқты мәселелер қамтылады. Осылайша, жеті күнге жеті түрлі бағытта жалпы жамағатқа жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек, бізде әлеуметтік желілер дамыған уақыт. Соның ішінде whatsapp желісіне көп күш салып отырмыз. Алматы қаласындағы мешіттердің арнайы whatsapp желісінде 55 топ құрылды. Бұл өткен айдағы соңғы нәтижеміз. Имамдарымыз жастардың жанынан табылып, жұмыла жұмыс жасаудың арқасында нәтиже шығаруға болады. Кез келген сұрағына сол сәтте дұрыс жауап алуға мол мүмкіндік жасауға тырысып отырмыз. Бұдан бөлек, тек қана уағыз насихатпен шектелмей, қайырымдылық жұмысына, спорттық, мәдени шараға да қатыстырып отырамыз.

Жас қазақ: Сіздерге жастар тарапынан көбінесе қандай сұрақ қойылады? Не қызықтырады? Оларға дер уақытында жауап беріле ме?

Нұрбек Есмағанбет: Әрқайсысының деңгейіне байланысты. Намазға қатысты қояды. Тіпті сәләфи бағытын ұстанатын жігіттермен бірге араласатын болса, негізгі сұрақ соған қатысты болады. Мысалы, «Менің досым құдай көкте деді, сіз бұған не дейсіз?» – дейді. Біз оған егжей-тегжейлі барлығын түсіндіріп береміз. Өзіміздің қатарымызға теріс жолдан қайтарып жатқан жағдайымыз бар. Имамдарымыздың жемісті жұмысының нәтижесінде өткен айдың өзінде 6 адам толықтай сәләфтан қайтты. Бұған қоса, 4 адам таблиғи жамағат дейді. Ол елімізде тыйым салынған радикалдық топ деп заң шешімі де шыққан. Оның өзін әлі ұстанатындар бар. Біз олармен де жұмыс жасаймыз. Қателігін өзіне көрсетіп, соның нәтижесінде төртеуінің көзін аштық. Бұл біздің бір айдағы жемісіміз.

Жас қазақ: Көбінесе қай жас аралығындағылар жат ағымның жетегінде кетіп жатады?
Нұрбек Есмағанбет: 20-40 жас арасындағы азаматтар. Кейбірін жылдап жүріп, әрең қайтарамыз. Жаңадан бастағандарды дұрыс жолға түсіру жеңілдеу болады. Оларды бірден тіркеп отырамыз. Сондай-ақ атқарған жұмыстың нәтижесіне көз жеткізгеннен кейін ғана «осы азамат толықтай райынан қайтты» – деген соңғы сөзімізді айтамыз. Ал оған дейін сол кісімен толықтай жұмыс жасалынады. 2016 жылғы жұмысымызда 125 адамның түзелгенін айтқан болатынбыз. Ал 47 адаммен сол уақыттан бері жұмыс жасап келеміз. Нәтижесінде айына 5-10 адам түзу жолға түседі.
Жас қазақ: Оларды сіздер қалай анықтайсыздар? Мешітке келген адамның басқа дінде, басқа бағытта жүргенін жалпы қалай білуге болады?

Нұрбек Есмағанбет: Жат ағымдармен мемлекеттік деңгейде күресеміз, алдын аламыз деп жатырмыз. Ол үшін соны түзейтін біздің өзіміз сауатты болуымыз керек. Оның қандай ағымда ұстанатын­дығы, қандай деңгейде екенін онымен жұмыс жасай­тындар жақсы білуі шарт. Сондықтан да 2015 жылдан бастап, Алматы қалалық дін істері басқармасымен бірігіп, біраз шаруа атқардық. Солардың қолдауымен «Шаңырақ» діни мәселелер бойынша алдын алу, кеңес беру және оңалту орталығы ашылды. Бұл тек қана қажеттіліктен емес, көптеген жұмыстың нәтижесі арқасында құрылды. Басшылыққа қандай азамат келу керек дегенде діни сауаты бар, ерінбей қызмет жасайтын, түрлі мекемемен бірлесіп қызмет жасайтын қызметкер таңдалып алынуы қажет. Бүгінде бұл жұмыстың нәтижелі болғандығын жоққа шығару мүмкін емес.

Жас қазақ: Мерхат аға, «Шаңырақ» орталығы туралы газетімізде («Сеніміне сәуле түсті» – №33) осыған дейін жазғанбыз. Оқырман қауымға тағы бір мәрте жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз. Кімдермен жұмыс істейсіздер? Жат ағымның жетегінде кеткендерді қалай дұрыс жолға түсіресіздер?

Мерхат Мадияров: Бұл тек орталықтың ғана жұмысы емес. Алматы қалалық дін істері басқармасы, мешіт қызметкерлері, жергілікті полиция қызметкерлері, арнаулы мекемелер барлығы біріге қызмет атқарады. Алдыңғы аптада дін істері және азаматтық қоғам министрінің бір сөзі біздің whatsapp-тағы топқа келді. Ондағы мәліметке сәйкес, Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысында жат ағымның жетегінде кеткендер азайыпты. Бұл орталықтың ғана емес, жалпы бірлесіп жұмыс істеген мекемелердің жетістігі. Жұмыс тобына Нұр Мүбарак университетінен 6 теологы, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен, сол сияқты жан-жақтан жиналған мамандар кіреді. Арасында психолог та, заңгер де бар. Бірақ негізгі күш діни мамандар мен теологқа түседі. Бізге 18-30 жас аралығындағылар көптеп келеді. Сақал қойған. Жаттағаны бір пара. Қандай кітап оқисың? – деп сұрасаң, «құран» деп жауап береді. Бізде тест сұрақтары бар. Жан-жақты қойылады. Байқап отырсақ, олардың басым бөлігі сауатсыз. Мамандығын сұрасақ, көбісі құрылыс, саудамен айналысатындар. Олар келіп алып, тоқтамастан, хадис жайында бізге әңгіме айтады. Сосын мамандығын есіне саламыз. «Алдыңда ұстаздар отыр, соларды тыңда» – десек, «жоқ мен өзіміздің азаматтар бар, соларды ғана тыңдаймын» – деп жауап қатады. Биыл 16 маусымда түрмеге бардым. Бір қарындасымыз отыр. Діни кері ағымда уағыз таратқаны үшін 5 жылға сотталған. Екі баласы сыртта қалды. Күйеуі 25 жыл алып кеткен. Оны да тыңдап келіп, ұстазың кім десек, бесеудің біреуін атайды. Біздің орталыққа соңғы екі айдың ішінде 355-400 адам келіпті. Соның жартысынан көбі оң жолға түсті.

Жас қазақ: Жаңа бір сөзіңізде жат ағымға түскендер бұрынғыға қарағанда азайып қалды деп айттыңыз. Оған не себеп? Оларды оң бағытқа түсіруде қандай әдіс тиімді болды?

Мерхат Мадияров: Бұрындары бұл мәселемен айналысу имамдарға ғана тапсырылатын. Ал қазір билік осы мәселеге мән бергелі оң ықпалы байқалуда. Елбасының кез келген жиында шегелеп тұрып айтқаны, ескертуі әсер етуде. Қаракөздеріміз мешітке келгеннен соң соның ішіндегі талапқа бағынуы тиіс. Келіп алып түрлі әрекет жасап, бағынғысы келмей жатады. Сосын біз оларға «Сен 8 пара біліп, имам бола алған жоқсың. Осы салада сарапшы болғаныммен, тіпті мен де имам емеспін. Ал имам бауырымыз 6 жасынан медреседен біліп алып, кішкентайынан сауатын ашқан. Ол шыққан мінберде Пайғамбарымыз тұрған. Неге бағынбайсың?» – деп орталыққа келушілерге сұрақ қоямыз. Байқасақ, бүгінде қысқа балақтылардың балағы ұзара бастады. Өздерінің хадисі бойынша «балағың ұзын болса, тозаққа кіресің» – дегенге соншалық сеніп тұрса, онда неге тайғанақтай бастады? Демек, бұлардың сенімінде, селкеу бар екенін өзі де біледі. «Әмин» сөзін мешіттерде дауыстап айтпайтын болды. Тағы бірде сұрақ қойғанымызда қырсықтанып жауап беріп жатады. «Мешітте іштен, ал үйде айқайлап тұрып айтамын» деп жауап беретіндері де бар. Бұлардың діни сауаты өте төмен. Бізге сырттан келгендер көп. Арасында тәжіктері басым. Олардың білімі таяз болғандықтан, тез адасып жатады. 99 пайызы құдайды аспанда дейді. Алматы үлкен мегаполис болғандықтан, көбісі осында тығылады. Өйткені, мұнда адамдар құмға сіңген су сияқты. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Белгілі мерзімге байланысты кейде көбейіп, кейде азайып та тұрады. Сол үшін де сыртқы, ішкі миграцияны да бақылау керек.
Жас қазақ: Жат ағымға кеткендер орыс тілділер деп жатады. Жұма намазына барғанда уағыз екі тілде де айтыла ма? Жалпы, оларға жақсының жақсы, жаманның жаман екені түсінікті етіп жеткізіле ме?

Нұрбек Есмағанбет: Орыс тілінде уағыз айтып, орысша дәріс беретін Алматы қаласынан бірнеше мешітті бекіткенбіз. Қазақ тілін түсінбейтіндерге жағдай қарастырылған. Орталық мешіттің өзінде арнайы орыс тілді жамағатқа арналған уағыз, дәрісіміз жүреді. Бұдан бөлек, бірнеше сайтымыз орыс тілінде жұмыс істейді. Бүгінде орыс тілді жамағатты да толықтай қамтамасыз ете аламыз деп айта аламыз.

Жас қазақ: Жалпы жат ағымдағылар көбінде интернет арқылы дәріс алып жатады. Оны шетелдің арғы бетінде отырған теріс пиғылдылар сәтті пайдаланды. Сіздердің интернеттегі жұмысыңызды қалай бағалауға болады? Жалпы ғаламтор арқылы сұрақ қойса, жауабын бірден ала ма?

Мұрат Әбдіхалық: Діни басқарманың ғаламтор насихаты бөлімі ата дінімізді, дәстүрлі дінді жұртқа жеткізуде ғаламтор ресурстарын барынша игеруді көздейді. Бөлім 3 бағытта қызмет атқарады. Біріншісі, сайт пен порталдар. Екіншісі, әлеуметтік желі мен мессенжерлер. Үшінші бағыт – қосымшалар. Бізде діни басқармаға қарасты 20-дан астам сайт бар. 5 сайтымыз Қазнетте үздік 50-ліктің қатарына кіреді. Бұл біздің атқарып жатқан қызметіміздің деңгейін, бағасын көрсетсе керек.

Жас қазақ: Жат ағымдағылар әлеуметтік желінің қай түрін белсенді түрде пайдаланады?

Мұрат Әбдіхалық: Нақты «Мынаған ғана кіреді» – деп айта алмаймыз. Өйткені олар барлығын пайдаланады. Facebook, «Вконтакте» желісінен де барлығынан байқап жатамыз. Соңғы кездері мемлекет тарапынан жат ағым өкілдерінің сайттарын құрықтау шаралары жүзеге асқандықтан, олар басқа да қулықтарға көшіп жатыр. Өздерінің уағыз, видео, кітаптарын «Облако» жүйесіне жүктеп қояды. Бір-бірімен сілтемесін бөлісіп отырады. Жат ағым өкілдері де сыртқа барып шетелдерде оқып, діни білім алып келді. Олар елге келген соң діни басқарма құрылымында ұстаз, имам болған жоқ. Алған білімімен елді тарту керек болғасын, басқа амалы қалмады. Сөйтіп, олар ғаламтор арқылы әрекетке көшіп, өзіне интернетті «мешіт пен медресе» етті. Интернетте олардың насихатын өте көп болатын. Осыдан 5 жыл бұрын олардың уағызынан көз аша алмайтынбыз. Ал бүгінде Аллаға шүкір, отандастарымыздың 70-80 пайызы біздің дәстүрлі дініміз бен уағыз-насихатымызды тыңдап жүр деп айтуға болады. Бүгінде ғаламторда діни кез келген мәселені іздесеңіз, тек біздің ұстаздарымыз бен имамдарымыздың уағыздары мен дәрістері шыға келеді.

Жас қазақ: Жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Діни білім алу үшін шетелге барудың қажет жоқ» – деп еді. Бұған қатысты сіздер не айтасыздар?

Нұрбек Есмағанбет: Түбегейлі тыйым салу қате. Елімізден білім алып, бұғанасы бекітілген бала сияқты дінімізді меңгергеннен соң, жоғары білімді шетелден алуға болады. Министрдің сөзінде де толықтай тыйым салу емес, Қазақстан Діни басқармасының рұқсатымен ғана шетелге оқуға шығуға болады делінген. Әлемде түрлі мойындауға тұратын діни оқу орындары бар. Міне, солардан сауатын ашар болса, бізге де пайдасын тигізер еді. Бір ұсыныс айтқым келіп отыр осы жерде. Қазіргі таңда әнші де, ақын да, құрылысшы да уағызшыға айналуда. Тіпті тойға барсаң, шариғатты тізіп береді. Міне, осыған тыйым салу керек сияқты. Өйткені Құран Кәрімде «Білмегенді білім иелерінен сұраңдар» деген. Сонда ғана ел шатаспайды, адаспайды.

Дайындаған
Елдос Өмірзақұлы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар