Оралман

09 қазан в 12:26 301 рет оқылды

Соңғы уақытта қазақ киносында салмақты тақырыптар экранға шығуда. Бұл болмысымызды тануға жасалып жатқан жақсы қадамдар. Тарихи маңызы бар оқиғалар. Біз үшін тамыры терең қасиеттерді сөз етеді. Қанымызға тән, өзімізге қарсы шыға алмайтын, барлық жігерімізбен жеңе алмайтын терең иірімді сезімдерімізді қозғайды. Бұл шын мәнінде қазақы туындылар. Атамекеннің қадірін түсіндіре алатын. Жер шарынды қанша шарласаң да кіндік қаның тамған туған топырақтың құнының жоғары екендігін түсіндіріп бере алатын мазмұнды оқиға. «Оралман» фильмі көрермендеріне жер мен шекараның маңызын оралман бауырлардың көзқарасында терең ашып бере алған.

Операторлық өнердің шынайы шеберлігін көре алдық. Фильмнің операторы Марс Умаров топырақтың құнын ғана емес, құнарлылығына дейін сезіндіре алатындай деңгейде жұмыс жасаған. Фильмнің алғашқы кадрларынан-ақ автор Сәбит Құрманбековтің суретшілік қабілетінің көрегендігіне тәнті боласың. Ерекше көркемдік бар. Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов қарымы өте жоғары деңгейдегі актерлар екендігін көрсете алды.

Фильмдегі азан мен мешіттің рөлі ерекше. Адамның өмірі мен өлімі аралығындағы алтын көпірді байланыстырып тұрғандай мазмұнға ие. Авторлар осы басты кілт арқылы туған топырақтың да қадірін жүрекке жететіндей әсермен ұғындыра білді. Саясат пен шекарадан бөлек адамның ішкі сезімдеріндегі тылсым дүниелерді түсіндіреді. Қатаң тәртіп пен ережеге бағынбайтын адамзаттың адамгершілік тұрғыдағы қарым-қатынасының айқын көрінісі ретінде Базарбай қартты ұлы Сапарқұл мен шекара күзетшісінің жер қойнына табыстау рәсімін ерекше атап өте аламыз.
Халықаралық деңгейде кино өнері арқылы ұлттық мәселелерді көтеру бізге бір ғана нәрсені мықтап түсіндіріп бере алды. Ұлт аралық қақтығыс туғызу мағынасыз күрес екендігін. Ешқандай да шекара біздің қанымызға тән қасиеттерімізді шектей алмайтындығын. Түріміз бен тегіміз әртүрлі болғанымен адами қасиеттеріміз ешқандай ұлт талғамайтындығын. «Оралман» фильмінің басты құндылығы да – осы маңызды факторларды әлем назарына ашық та батыл ұсына алғандығында.

Оралманның күйін кешу жүрекке ауыр. Туған жердің қадірін олар екі есе артық түсінеді. Қадірін біледі. Қашқынның күйін кешу, өз еліңе жеттім дегенде жетімнің күнін кешу, өңменіңнен өтіп кететін мүсіркеу, өзіңнің қазақ екеніңді қаныңмен, жаныңмен өз қандастарыңа қайта дәлелдеу соншалықты ауыр. Басты кейіпкер Сапарқұлдың бейнесі барша оралмандардың ішкі дүниесінде төңкеріліп жатқан осындай күйді ерекше әсермен жеткізген.

Фильмдегі Базарбай қарттың туған жерге деген сағынышы көрермендерге көп нәрсені жеткізе білді. Отан — оттың жалынындай ыстық. Оған деген сағыныш ішкі дүниеңді өртеп жіберетіндей құдіретті. Оны тек туған жерінен жырақта жүргендер артық түсіне алады. Аяғың туған топырағыңа тигенде армансыз ажал құшудың қадірін де түсіндіреді. Қарттың отанына жеткенде алақанымен жерді сипаған сәті жалпы біздің қазақ халқы үшін туған жердің қадір-қасиетінің ерекше мағынаға ие екендігін барлық ұлттан да артық түсіндіріп бере алды.

Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар