Сенаторлар сенім білдірді

Бүгін, 15:34 95 рет оқылды

Бейбіт заманда Қазақстан Қарулы Күштерінің жасаған жұмысында жаңалықтар жетерлік. Атап айтар болсақ, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталып, білікті мамандармен толыққан. Ең бастысы, кәсібиліктің артқанын аңғартады. Бұған кешегі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның іссапармен келген кездесуінде көз жеткіздік. Төраға бастаған бір топ сенат депутаттары мемлекет және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы облысындағы әскери бөлімшелердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесу барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов депутаттарды арнайы мақсаттағы бөлімшелердің дайындығымен, сондай-ақ олардың шеберлігін пысықтайтын Орталық жұмысымен және қызметтік алдағы жоспарларын жүйелеп айтып берді.

Өз кезегінде, сенаторлар өңірдегі қорғаныс жүйесін жетілдіру мен күш-қуат органдарының әлеуетін арттыру бағыттарын талқылады.

Депутаттар орталықты аралау кезінде «Ұлттық ұлан еліміздегі ішкі қауіпсіздігімізді сақтау міндеттері жүктелген әлеуеті зор күш-құрылым. Қазіргі таңда ұландықтар өздерінің алдына қойылған міндеттерді зор абыроймен атқарып келеді. Ведомствоның техникалық базасын заманауи үлгіде жасақтауға, әскери қызметшілердің алаңсыз қызмет атқаруы үшін біз өз тарапымыздан барлық жағдайды жасайтын боламыз. Еліміздің басты заң шығарушы органы – Парламентте ел қауіпсіздігіне қатысты, оған жауапты құзырлы органдардың аясында қандай мәселелер бар, оны шешу жолдары, күш-қуат құрылымдарын одан ары жетілдіру, заманауи деңгейде алға ілгерілету жолында біздің сенаторлар құрамы жергілікті жерлерді аралап, әскерилеріміздің тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп шықтық. Ең бастысы, бұл шаралардың барлығы да ел қауіпсіздігі жолында атқарылып отырған істер», — деп өз ойларын айтты.

 

Іссапар барысында сенаторлардың назарына техниканың, қару-жарақ пен қорғау құралдарының жаңа үлгілері, аса жауапты жауынгерлік-барлау тапсырмаларын орындауға міндеттелген «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлік дайындығын арттырудағы жаңа заманауи әдіс-тәсілдер көрсетілді. Сондай-ақ Ұлттық ұлан қамтамасыз етілген киім үлгілері де сақадай сай тұр. Бұған қоса, «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының мүшелері жауынгерлік жаттығулар мен қорғаныстың түрлі әдістерінен қойылымдар көрсетті.

 

Атап айтар болсақ, өткен 2016 жылы 29 сәуірде Алматы облысы Заречный кентінде Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған Орталық салтанаты түрде ашылған болатын.

Қазақстан Республикасы ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған жаңа орталықтың таныстырылымынан кейін мемлекет басшысының назарына «Қайсар — 2016» кешенді оқу-жаттығуы ұсынылған. Оған Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан», Ұлттық ұланның «Бүркіт», Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», ҰҚК Шекара қызметінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшелері мен Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының күш-құралдары жұмылдырылды. Сондағы «Қайсар-2016» кешенді оқу-жаттығуында Қазақстан Республикасы мемлекеттік мекемелерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің терроризмге қарсы іс-қимылдары пысықталған.

 

Қазақстан ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталықта 500 адамға арналған казарма, 400 орынға арналған клуб, заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған 250 орындық асхана, 36 пәтерлі жатақхана, медициналық пункт, 2 қабатты спорт кешені, спорт алаңдары, саптық алаң, кинологиялық қалашық, автотехника паркі, монша-жуу комбинаты, жылыту қазандығы, тауар-материалдық құндылықты сақтауға арналған қоймалар, ішкі қарауыл ғимараты және бақылау-өткізу пункті салынған.

ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған Орталық туындаған төтенше жағдайлар кезінде жүктелген міндеттемелерді лайықты орындау үшін жауынгерлік дайындықтарын кәсіби тұрғыда жетілдіріп, шыңдалуға бірден-бір зор мүмкіндік беретін аса маңызы нысан болып табылады.

Салтанат Шырынхан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар