Д. Абаев: Дәлел болмаса, теріске шығарады

Бүгін, 14:05 57 рет оқылды

Енді БАҚ азаматтың талабы бойынша жазылған мақалаға дәлел келтіруге міндеттеледі. Егер дәлел болмаса, теріске шығарады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаңа заң жобасының кейбір нормаларын түсіндіру кезінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Бұқаралық ақпарат құралдары атақты адамдар, айталық, әншілер, актерлер мен спортшылар және т.б. туралы жаңалықты аңдып отыратыны жасырын емес. Көп жағдайда мұндай ақпараттар сыбыстар мен жормалдың негізінде жазылады. Бұл олардың отбасына, жеке қарым-қатынасына, тіпті денсаулығына да қатысты болуы мүмкін. Ал жалған ақпарат адамның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Тіпті қате мәлімет тарады дегеннің өзінде оны теріске шығару өте қиын. Соттасып қана әділдікке жетуге болады. Алайда бір ай бойы жүйкеңізді тоздырасыз», — деді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, сот жүзінде өз құқын қорғауға барлық адам құлықты емес. Бұл әсіресе сыбыстың құрбаны болуы мүмкін қарапайым адамға қатысты.

«Оған айқын мысал келтірейін, Маңғыстау облысында 14 жастағы жасөспірімдер үйленіпті деген ақпарат тарады. Кейіннен олар жас көрінетін кәмелетке толған ерлі-зайыпты болып шықты. БАҚ ақпаратты тексермегенімен қоймай, жастардың суретін жариялап жіберді. Осыдан кейін жастарды еліміз бойынша сынаушылар көбейді, тіпті тіл тигізгендер де болды. БАҚ сыбысты тарата отырып, жас жұбайлардың өмірін қиындатты. Енді БАҚ азаматтың талабы бойынша жазылған мақалаға дәлел келтіруі тиіс болады. Егер дәлел болмаса, теріске шығарады. Заңға түзету БАҚ-қа ақпаратты жарияламастан бұрын тағы бір рет тексеруді қосымша міндеттейді», — деп түйіндеді ол.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар