Бақтияр Артаев: Головкинге келесі жолы қиын болады

19 қыркүйек в 14:41 164 рет оқылды

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес жекпе-жегіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Сарапшы ретінде қатысқан олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев кездесуде екі боксшының тең түсетінін алдын ала болжағанын, ал келесі жылы болатын қарымта кездесудің Геннадий үшін оңайға соқпайтынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Айқас алдында нокаут болмайды деп едіңіз. Шамамен солай болды. Сіз кездесуді тамашалай отырып біздің боксшының қандай артықшылығы мен кемшілігін байқадыңыз?» деген сұраққа Афина-2004 олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев былай деп жауап берді.

«Біз Головкинмен рингте 5 рет кездестік. Генаның әдістерінің барлығын жатқа білемін, осал тұстарын да білемін. Гена мен Канелоны зерделеген кезде тең дәрежедегі бокс болатынына көзім жетті. Нокаут болмайтыны – соңғы кездері Канелоның шеберлігі өсумен болды. Қарсыластары күшейе берді. Флойд Мейуезер мен Мигель Коттоны алайық. Ондай қарсылас Головкинде болған жоқ. Сондықтан мен оның жақсы бабында екенін біліп отырдым», — деді Бақтияр Артаев.

Сондай-ақ, Олимпиада чемпионы қарымта кездесудің Головкинге оңай соқпайтынын, бірақ оның ауыр соққылары дәл тисе жеңіске жетуі де мүмкін екенін айтты.

«Ашығын айту керек, егер келесі жылы жоспарлап отырғандай қарымта кездесу өтетін болса Геннадийге ауырлау болатын сияқты. Өйткені, бір жыл өтеді, ал әрі жас, әрі күшейіп келе жатқан Альварес бұл уақытта бабына әбден келуі мүмкін. Дегенмен, бағы жанса Геннадийдің ауыр соққысы бар. Ол мәселені шешіп кетуі де ғажап емес», — деді халықаралық спорт шебері Бақтияр Артаев.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар