Жастарға жол ашқан фестиваль

18 қыркүйек в 16:14 125 рет оқылды

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Театрлар қауымдастығы ұйымдастырған Қ.Сүгірбеков атындағы І республикалық жас режиссерлер фестиваль-форумы өткені белгілі.

13 театр қатысқан фестивальға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Асхат Маемиров (төраға), Гүлсина Мерғалиева, Дулыға Ақмолда, өнертану кандидаты Анар Еркебай, өнертану магистрі Мирас Әбіл қазылық етсе, Ш.Руставели атындағы Тбилиси Мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры, режиссер Гиорги Маргвелашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова және журналист Әсия Бағдәулетқызы сарапшылар құрамында болды. Бұл туралы Еgemen.kz сайты хабарлады.

Бейбітшілік және келісім сарайында шымылдығы ашыл­ған фестиваль апта бойы Аста­нан­ың бірнеше театрында жал­ғасты. Атап айтсақ, Қ.Қуа­ныш­­­баев атындағы мемле­кет­­тік ака­демиялық қазақ музы­­­ка­­лық драма театры, М.Горь­кий атын­дағы мемле­кет­­тік ака­де­мия­­лық орыс драма театры, Аста­­на Жастар театры­­ның сах­­на­­­ларын­­да спектакль­дер кезек-кезек қойылса, «Қазақ­­стан» ор­­­та­­л­ық концерт залында күн са­йын шеберлік сыныбы ұйым­дастырылды. Фестиваль өмірден ерте кет­кен жас та жаңашыл ре­жиссер Қайрат Сүгірбековті еске алудан басталды. Сөз ар­нау­­шы­лар кезек-кезек Қай­рат­­­­тың жарқылдаған сәби­дей пәк мінезін, заманы­нан ерте туып, ерте кеткен талант­ты ре­жис­сердің шығарма­шылы­ғын, ізденімпаздығын, авангард­тық бағыттағы қойы­лым­­дарын, символизмге толы спектакль­дерін, көркемдік-эстетикалық бай әлемін, мәңгілік мәселе­лер­ді көтеруді әркез мұрат тұт­қа­нын сағы­ныш­пен еске алды. Қ.Сүгірбеков атындағы жас ре­­­­жис­­серлер фестивалінің кон­­­­курс­­­тық бағдарламасын Ж.Ша­­нин атындағы Оңтүстік Қазақ­­стан облыстық акаде­мия­­лық қазақ драма театры бас­та­ды. О.Богаевтің «Ыл­ди­ға жол» пәлсапалық әф­са­­на­сын сахналаған жас ре­жиссер Бо­лат Әбдірахманов адам өмірі­нің соншалықты құн­сыз екенін, пенделерінен жақ­сы­лық пен ізгілікті Алла таға­ла қан­ша күткенімен, жер бетін­де не­лік­­тен ашкөздік, дүние­қ­о­ңыз­дық, аярлық, арам­дық, қаты­­гез­дік, жауыздық үс­т­ем екен­­­ді­гін көрсетеді. Ре­жис­­сер­дің айтар ойы терең пәлсапаға құрыл­­ға­ны­мен, сол ойды жеткізу тәсілі, ак­тер­­лердің шеберлігі өз дең­ге­йін­де көрінбеді. Бірін-бірі қай­та­лай­тын сахналар өте көп. Спек­­такль­­дің сценографиялық шеші­мі ерекше. Бірнеше жо­лақ­тан тұра­тын, көкжиекке же­тіп жұты­ла­тын тас жол – әр адамның өмір жолындай. М.Әуезов атындағы Қазақ мем­­­лекеттік акаде­мия­­лық дра­­ма театры Ж.Ер­ға­лиев­­тің «Қас-қағым» мета­физи­ка­­лық тра­гедиясын ұсын­ды. Елік Нұрсұл­танның режис­сер­лік шешімдері тосын, мизан­сце­на­лары ешкімге ұқсамайды. Аза­мат Саты­балды (Сәбит) мен Зари­на Кәр­менова­ны (Жазира) сахна ортасында тұр­ған дәу әйнек кубтың үстіне шыға­ру арқы­лы режиссер махаббат­ты биіктетеді. Биік үйдің шаты­рына шығып алып сыр ақтара­тын жастар аз ба, яғни өмірдің өз көрінісі. Әрбір сахна, әрбір мизан­сцена табиғи туындап жата­ды. Режиссер жақсы ізден­ген. Сценографиядағы төрт­бұ­рыш­тар (рамалар) бір қалып­тан шыға алмайтын бүгінгі сіз бен біздің «қабы­ғымыз». Әр есік­ке (рамаға) ілінген шамдарды кейіп­керлер біресе жандырып, біресе сөндіріп, сол арқылы ре­жиссер философиялық терең ойды ас­тарлайды. Актерлік ан­сам­бль де шымыр, бір-біріне ұқса­май­тын кейіпкерлерді шынайы сом­дады. Бұл орайда Азамат Саты­­бал­дының пси­хиатр Сә­биті, оның пациенті – Зари­на Кәр­ме­нованың үнемі о дү­ниелік бол­ған сүйіктісінің елесін көретін Жа­зи­расы, Ай­дос Бектеміровтің бар адам­ның тағдыры өз қолында деп ойлайтын бастығы, Дәрия Жүсіптің – дүние мен мансап жолын­­да жалғыз қызын құр­бан­дық­қа шалған күйеуіне қар­сы келе алмай, іштен тын­ған Сәулесі ерек­ше атап өту­ге тұрарлық об­раз­дар. Ал ре­жиссураға қатыс­ты ай­тар бір ой – алақанды үш қайы­­ра сарт еткізіп, үш қай­тара ста­­қан көтеріп арақ ішу сах­насы бұ­­рын бірнеше спек­такльде қол­да­ныл­ған. Жалпы, бұл қо­йы­­лым­­нан мына қоғам сау адам­ды жынды қыла­ды деген ойды оқыдық. Фестивальда қазылар ал­қасы да, сарапшылар да жоға­ры баға берген қойылым­ның бірі – Ж.Расиннің «Федра» трагедиясы. Дина Жұма­баева­ның қойылымында режис­сура, актерлік шеберлік, сце­но­графия, би, пластика, музыка… бәрі де шебер үйлесім тауып, кәсіби биік деңгейде көрінді. Актриса Айнұр Бермұхамбетова сомдаған Федра – нағыз толыққанды образ. Актриса Федра мен сүт анасын – бір сәтте екі бей­нені кескіндейді. Режиссер екін­­ші кейіпкердің сөздерін Федра­ның аузына салады. Адам­ның өз-өзімен арпалысын, екіге жарыл­ған жармақ ойды, сана мен жүрек айтысын осылай ше­бер жеткізеді. Сол сияқты, әрі Ипполит, әрі Тесей болып екі бейнеде көрінген Олжас Жақып­бек туралы да осыны айту­ға болады. Тек кей сәттерде Олжас­тың дауысы дұрыс естілмей, сөздері түсі­нік­сіз болып жатты. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық бала­­лар мен жасөспірімдер теат­ры сахналаған А.Герни­дің «Махаб­бат хаттары» драмасын бұған дейін бірнеше рет көрген едік. Режиссер Жұлдызбек Жұман­бай тың шешімдер арқы­лы эпис­толярлық роман­нан сәтті қойы­лым тудырған. Ұзын-сонар хаттардан әрекет тудыру, Мелиса мен Эндидің сахнаның екі жа­ғында тұрып, махаббат сезімін, жүрек лүпі­лін сөзсіз жеткізуі, бір-бірін сүйе тұра «сүйемін» деп мо­йын­дауға көкірек шіркіннің жі­бе­рмеуі, ортадағы ақ қағаз­ға кезек-кезек хат жазуы… Олар­ды айыратын да – хат, табыс­тыратын да – хат. «Бәріміз де жазуын ешкім ұқпайтын бір жапырақ қағазбыз…» деген ойға жетелейді. Жалпы, эпис­толяр­лық жанрды сахна­ға шы­ғаруға кез келген режис­сердің батылы жете бермейді. Киім ауыстырмай, бір көйлек­пен тұтас бір ғұмырды бір жарым сағат­қа сыйдырған Жұлдыз­бект­ің болашағынан зор үміт күту­ге болады. Актер­лер­дің өз ке­йіп­керлерін 6 жас­тан 60 жас­қа дейін өсіретіні – елеулі жұмыс. С.Мұқанов атындағы Сол­түс­­­тік Қазақстан облыс­тық қазақ драма театры Р.Отар­баев­­­тың «Нашақор туралы но­вел­­­­ласын» «Қасірет» деген ат­пен сахналапты. Режиссер Фар­хат Молдағали сахнадағы шарт­тылыққа, минимализм прин­ципі­не жүгінген. Қара­көлеңке сах­наның екі жағында тізілген орын­дықтар және орта­да жоға­ры­дан төмен сал­бы­раған арқан спек­такль бары­сында сәтті қол­данылған. Кейіпкерлер көбінесе орын­дықтарда тізіліп отырады да, өз сахналарында орта­ға шыға­ды. Олардың сұп-сұр киім­дері сүреңсіз өмірлерінен хабар бергендей. Режиссер Абай­дың «Сегіз аяқ» өлеңімен спек­такль­дің мазмұнын ашуға тырыс­қан, Абай сөзі қай заман­мен де үйлесім табатынын көрсет­кен. Жалқытай рөліндегі Айбол Қасым, оның шешесін бейнеле­ген Аида Сыпатаева ойындарынан шынайылық байқалып тұрды. Дегенмен, әртістер физикалық тұрғыда тым нәзік, қыздардың бойлары тым қысқа, театрда «герой-героиня» мәселесі бар-ау деген ойға келдік. Ақмола облыстық орыс дра­ма театры Қазақ Ұлттық өнер уни­вер­ситетінің 5-курс сту­­­денті Алмас Ахмет­беков қой­ған Э.Ионес­коның «Орын­дық­тар» трагико­медия­сын көр­сетті. Қойылуы да, түсіну де, қабыл­дануы да қиын, абсурд театры­ның символына айнал­ған пьесаны алуы – қанаты қат­па­ған жас режиссердің өзіне қояр талабы жоғары екенін көр­сет­се керек. Ол жалғыздық тақы­ры­бын көркем жеткізген. Қап­таған көп орындықтар – төмен­де орын­дықтар, жоға­рыда орын­­дықтар, шу-шу еткен жұрт­­тың дауысы ғана келе­ді құлақ­­қа. Сол көп ішінде – бәрі­­­міз жал­ғызбыз. Бәріміздің кө­кейі­­­мізде орындалмаған бір арман, бәріміздің психика­мыз бұ­зылған, бәріміз дерт­тіміз, қоғам дертті, өз­дерін мы­қ­­ты даныш­пан санай­тын­дар, шын мәнін­де, еш­кім де емес, жоға­ры­дағы, төмен­дегі бос орын­дық­тар – ол мына біз – ханым, мырза, шен­­­ді, шек­пенді, шешен.., им­­пе­ра­тор… – шын мәнінде бос орын, қуыс кеуде. Жалпы, өмір­­дің мәні неде? Режиссер осын­­дай фило­софиялық ой тол­ғай­­­ды. Қо­йы­лымда бірнеше ли­­­ния­­­­­ны қатар өрбітуге тал­пын­­­­ғаны­­­­мен, ре­жиссер сол ой­­­лары­­нан айы­ры­лып қалып оты­ра­ды. Сол се­бепті актер­лер­­дің мақ­са­ты айқын емес. Шал рөлін­­­дегі Анд­рей Крас­­нош­­танов, Кем­пір бейне­сін­дегі Еле­на Тав­гень өз рөл­дерін мүл­тік­­сіз орын­дау­ға барын­ша ты­рыс­­қаны­мен, кейіп­кер­лерін об­раз­дық деңгейде көрсете алмады. Гүлназ Қамысбаеваның «Мәң­гүрт» спектаклін был­тыр Ақтөбеде өткен фести­вальда көрген едік. Ол жолы қойы­лым­ның тынысы, жүрек соғысы, «қызуы» кешегіден әлдеқайда жоғары болған. Ол спектакльде әдемі финал, жақсы нүкте бар еді, мына спектакльде финал жоқ, нүкте қойылмай қалды. Қойылым аяқталып, шымылдық жабылғанда бірін­ші бөлімнің соңы сияқты, жал­­ғасы бар сияқты әсер етті. Ре­жиссер кей сахналарды қыс­­қар­тып­ты, сондықтан кей көрі­ніс­тер түсініксіз болып қал­ған. Найман-Ананы басқа акт­­ри­саға жүктегендері құп­тар­­лық. Режиссура бар. Ұлт­тық ас­пап­тарды сахнаның екі жақ түк­пірінде, биікте «тірі­дей» ойнап отырған музы­кант­тар да қазақ ­театры үшін жаңалық. Бастарына қап киіп алған мәңгүрттер – көзі жоқ, құлағы жоқ, аузы жоқ… мәң­гүрт жалғыз емес, біздің қоғам­да аттап бассаң алдыңнан мәңгүрт шығады деген идеяны режиссер жақсы әдіптеген… Бұлардан басқа, фестиваль­ға Ш.Құ­сайынов атындағы Ақмола об­лыс­тық қазақ музы­калық драма театры, Шығыс Қазақстан об­лыс­­тық Жастар театры, Астана Жа­с­тар театры, Республикалық ака­­де­­миялық неміс драма театры, Ақтөбе облыстық «Ала­қай» қуыр­шақ театры және Ал­ма­ты қа­ласы Мемлекеттік қуыр­­шақ театры қатысты. Бұл фес­ти­­валь авангардтық бағытта өсіп келе жатқан жастардың жа­ңа есім­дерін танытты. Қазақ театры­­­на жаңа буын, жас тол­қын режиссерлердің легі келіп қо­сыл­ды. Заманауи қазақ театры қан­­дай болу керек деген сұраққа жа­уап алдық. Жастардың экспе­ри­­­мент­­ке құмартуы заң­дылық. Экс­­пе­ри­­менттері ақта­лып жатса, не­ге қуан­басқа? Өсе келе, өз қол­­­­та­ң­ба­лары қалып­тасады, өз б­ағыт­­тарын табады. Түбі дәстүр­ге, та­мы­­рына қайта оралуы да ғажап емес. Сонымен, қазылар алқасы­ның шешімімен Ж.Шанин атын­дағы Оңтүстік Қазақстан облыс­тық академиялық драма театры, Ш.Құсайынов атын­дағы Ақмола облыстық қазақ музы­ка­лық драма театры, Ғ.Мү­сіре­пов атын­дағы мемлекеттік акаде­мия­лық балалар мен жасөс­пі­рім­дер театры, Алма­ты қала­лық мемлекеттік қуыр­шақ театры, Ақмола облыс­тық орыс дра­ма театры, Респуб­ликалық акаде­мия­лық неміс драма театры – фестиваль дипломанттары атанды. «Р.Есдәулетов атындағы арнайы жүлдемен» С.Мұқанов атын­дағы Солтүс­тік Қазақ­стан облыстық қазақ драма театрының режис­сері Фархад Молдағалиев Р.Отарбаевтың «Қасірет» спектаклі үшін; Қайрат Сүгірбековтің отбасы атынан тағайындалған арнайы жүлдемен Астана Жастар театрының режиссері Дәурен Серғазин М.Левидің «Жер мен Көктің арасы» спектаклі үшін марапатталды. «III орын» жүлдесін: Л.Разу­мовскаяның «Қымбат­ты Елена Сергеевна» спек­таклі үшін Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов және Н.Гогольдің «Шапан» спектаклі үшін Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының режиссері М.Хабибуллин өзара бөлісті. «II орын» жүлдесімен Айгүл Иманбаеваның «А.И.» жеке театрының режиссері Дина Жұмабаева Ж.Расиннің «Федра» спектаклі үшін; «I орын» жүлдесімен М.Өтеміс­ұлы атындағы Аты­рау облыс­тық қазақ драма театры­ның режиссері Гүлназ Қамысбае­ва Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» спектаклі үшін марапатталды. «Бас жүлде» М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік ака­де­миялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанға Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклі үшін берілді.

Сәуле ӘБЕДИНОВА

театртанушы, өнертану магистрі

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар