Қазақтарға аяғын сүйгізген өзбек сопы туралы діндарлар не дейді? (видео)

14 қыркүйек в 11:24 537 рет оқылды

Жақында ғаламторда Құрбанәлі ишанды табынушыларының аяғын жерге тигізбей қарсы алғанын көрсететін видео тарады. Қарсы алушылар оның аяғын сүйіп, тіпті оған гүл беріп жатыр.

Caravan.kz медиа-порталы осы Құрбанәлі Ахмет туралы діндарлар не дейтінін ғаламтордан іздеп көрді.

Сөйтіп отырып, Арман Қуанышбаевтың пікірін таптық. Ол біз тапқан видеода өзі сөз етіп тұрған адамның кім екенін айтпайды. Бірақ әңгіменің Құрбанәлі Ахмет жайында екенін байқауға болады.

«Біздің Қазақстанда пірмін деп жүрген екі-ақ адам бар. Олардың біреуін мен сыйлаймын. Өйткені ол — сондай тақуа кісі. Өйткені ол қатты уағыз жасап, «сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп, елдің дүрбелеңін шығармайды. Ал екінші кісі ғаламторда көп тарқап жүр. Өзінің уағыздарын айтады. Бұл кісі кезінде көп жерлерде сабақ берді, білімін тарқатты. Кейін ол бөлек кетіп, осындай бір бөлек нәрселер ұстанды. Кейбір әжептәуір елеулі адамдар сол кісінің соңынан еріп, етегін ұстап, тіпті Аллаға айтылатын зікірді соған айтып жатыр. «Әнтал ғали әнтәл хақ» деген зікірді, яғни «сен хидаят берушісің, сен хақиқатсың» деген зікір тек Аллаға айтылады. Бірақ осы сөзді «я, хазіретім», яғни «сен сондайсың» деп, оған құлап тұрып жылағандарын көріп жатырмыз. «Сен хақсың» дейді. Хақтың кім екенін білесіздер, ол Алла.

Оны (адамға табынуды – ред.) сопылықта да қолданбаған. Нақшбанди тарихатының түбі – Ғыждуани. Бірақ сол кісінің алып келген жолы бұрмаланып келе жатыр…

Сол кісінің өзі (Құрбанәлі Ахметті айтып тұрған сияқты – ред.) 2012 жылы 12 желтоқсанда қиямет болады деп, өзінің жанындағы адамдарға қатқан нан мен отын жинатқан болатын. Электрдің бәрі өшіп қалады, сондықтан отынмен от жағып, қатқан нанмен күн көреміз, қалғанының бәрі өліп қалады деген сияқты нәрселер болды» дейді Арман Қуанышбаев.

Айта кетейік, Құрбанәлі ишанды табынушыларының Меккеден аяғын жерге тигізбей қарсы алғаны туралы бұрын хабарлаған едік.

Құрбанәлі Ахмет қажы сопылардың ішіндегі адасқандардың бірі ретінде танылған. Бір кездері, әсіресе, қасиеттті құранның сөздерін бұрмалағаны дінтанушылар тарапынан наразыллыққа ұшырады.

Жалпы Құрбанәлі ишан Нақшбандия тариқатының Орталық Азия мен Қазақстандағы өкілі санатында.

Ол Ташкентте дүниеге келген, ұлты өзбек. Кеңес Одағы ыдыраған тұста өзінің діни ұстанымын еліміздің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары мен батыс өңірлерінде жүргізе бастады. Рәтбек қажының тұсында оның бірқатар жұмыстарына тыйым салынды. 1998 жылы ҰҚК қызметкерлері Қызылорда облысында радикалдық ағымдардың жолын кесіп, оның басы-қасында Құрбанәлі ишан тұрғанын анықтайды. Осыдан кейін ол Өзбекстанға қуылды.

Құрбанәлі — Қоқанда өмір сүрген Нақшбандия шейхі Ибрахим Маматқұловтың ізін жаластырушы.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар