Ақтөбе облысында 70-тен асқан әжей бір елді мекенде жалғыз өзі тұрады

14 қыркүйек в 11:00 577 рет оқылды

Aktobenews.kz тілшілері Мәртөк ауданына қарасты елді мекендердің бірінде көп жылдан бері жалғыз өзі тұрып жатқан Дариға Жақсылықованың үйінде қонақта болып қайтты.

Санаулы күн бұрын 70 жасқа толған ол дастархан жайып, өзінің тұрмысы жайлы әңгімелеп берді. Ондаған жылдар бойы болат жолда еңбек еткен ол ауылды қимайтынын айтады.

«Балаларым Мәртөкте, Ақтөбеде тұрып жатыр. Ауылда өзім қалғым келді. Үйрек-қаздарым бар. Бау-бақша егемін. Жазда қарақат теруге шығамын. Одан арнайы қыс мезгіліне деп қайнатпа әзірлеймін. Қолым қалт еткенде жүн иіріп, немерелеріме қолғап, шұлық тоқимын. Емдік шөптерден тұнба дайындаймын», — дейді өзін әлі күнге тың сезінетін Дариға апай.

40 жылдан астам теміржолшы болған ол ауылдан адам арылмайтынын айтады. Оңды-солды өтетін таныстары көп. Теміржол мекемелерінде басшылық қызметтегі адамдар, жас мамандар, тіпті, жолдасының көзін көргендерге дейін әрдайым келіп дастарханынан дәм татады екен.

«Әрдайым дастарханым жаюлы. Үйге қонақ келіп қалар деп, тәтті-пәттілерді сақтап қоямын. Үйрек-қаз асып беремін. Тосап-шырын дегенді өзім әзірлеймін. Салаттың түр-түрін жасап қоямын. Үнемі магнитофон қосулы тұрады. Тіпті, бейтаныс адамдардың өзі соғып, мына үйде той болып жатыр ма деп сұрап жатады», — дейді ол күліп.

Өткен жылдың желтоқсан айында Дариға әжейдің үйін өрт шалыпты. Электр тогінің қысқа тұйықталуынан бөлмелерінің барлығы өртке оранған. Абырой болғанда ауылда бір өзі тұратын әжей сол уақытта денсаулығы сыр беріп, Ақтөбеде аурухана жатқан екен.

«Үйде қалғанымда, құдай сақтасын, иіс тиіп, өліп кетер ме едім. Құдай сақтап қалған ғой. Кейін теміржолдағы «балаларым» (теміржолшыларды Дариға әжей балаларым дейді — авт.) үйімді қалпына келтіруге көмектесті. Ақша жинап берді. Құрылыс жұмыстарына қол ұшын созды. Теміржол бөлімшесіндегі қыз-келіншектер менің музыкасыз өмір сүре алмайтынымды білсе керек, музыкалық орталық алып берді», — дейді ол Төреғали мен Еркенің суреттері бар дискілерді көрсетіп.

Балалары әжейді талай қалаға көшіріп алып кетпек болған. Бірақ, қаладан гөрі ауылды таңдаған Дариға Жақсылықованың ешқайда кеткісі жоқ. Немерелері демалыс сайын келіп тұрады.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар