«Латын әліпбиіне қайта оралдық»

13 қыркүйек в 18:07 171 рет оқылды

«Латын әліпбиіне көшу деген қате түсінік. Кириллицаны қалдырып, латын әріпіне айналып бару, яғни «оралу» дегеніміз дұрыс ұғым. Себебі елімізде бірнеше жылдар бойы латын әліпбиі қолданылып келген. Қайтадан бұрынғы қарпімізге оралу біз үшін экономикалық, саяси, мәдениет жағынан оң өзгерістер алып келіп, тәуелсіз еліміздің беделін одан сайын арттыра түседі».

Бұл туралы Алматыда өткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында философия ғылымдарының докторы Қазақбай Қасымов мәлім етті.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Әбілфас Хамедов, Тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Мамай Ахетов, Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мамсуров және Алматы қаласы этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, белсенді мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш шараға жиылған қауым латын әліпбиіне қатысты өзіндік пікірлерін білдіріп, латын алфавитіне кезең-кезеңмен өтуді анықтады.

«Латын әріпіне күні ертең көшейін деп жатқанымыз жоқ. Бұл көптеген уақытты,  еңбекті, қажырлы қайратты талап етеді. Қазақ тілі – латын әріпі арқылы сақталып қалады. Бұл қазақ халқының салт-дәстүр мен мәдениетін, тілі мен ділін жоғары деңгейге көтерудің бір тәсілі. Латын әріпіне көшу туралы көп жазылып, айтылып та жүр. 2025 жылға  дейін толықтай көшіп біту тапсырылған болатын. Бұл дегеніміз –  үлкен мерзім. Барлық басылым, кітап, мектеп әдебиеттерін аударып, қоғамды толықтай дайындауымыз керек», – дейді ассамблея төрағасының орынбасары Ә.Хамедов.

Сондай-ақ тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Мамай Ахетов «Бұл мәселе бірнеше жылдар бойы түрлі маманмен, қоғамдық ұйымның талқысы мен сараптауынан өтті. Мемлекет ретінде жүз ойланып, мың толғанып, үлкен дайындықпен келіп отырмыз. Бүгінгі таңда латын графикасына көшуге қоғам дайын. Бұл уақытқа дейін латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарының тәжірибелерін ескере отырып, осындай шешім қабылданды. Бүгінгі таңда электронды құралдар жаңғыру үстінде. Сол себепті де, уақыттың талабына, ақпараттық заманның талаптарына жауап беріп, ел болып латын әліпбиіне көшуді қолдап отырмыз», – деді.

Салтанат Шырынхан

 

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар