Көкшетауда көмір қымбат

13 қыркүйек в 17:06 68 рет оқылды

Жыл сайын Көкшетау жұртшылығы қыркүйек айы туысымен қарбалас кейіпке енеді. Жалпақ жұрттың ең басты проблемаcының бірі – қыстық отын-көмірін қамдау.

Алдымен отын жайын айтайық. Облыс орталығының тұрғындары қыстық отынын негізінде қаланың Уәлиханов көшесі бойында самсап тұрған, кәсіпкерлерден сатып алады. Кәсіпкер деп қомпайтқанымызбен, атынан ат үркетін кәсіпкер де емес. Негізінен Зеренді ауданына қарасты Ақан, Баратай ауылдарының отын сатуды нәпақа қылып жүрген азаматтары. Дәл қазір оларда 3,5-4 текше метр шамасындағы кесілген қайың ағашы 45-50 мың теңге тұрады. Жарылғаны одан да қымбат. Бірақ, білетіндердің айтуына қарағанда, машина қорабына жарылған ағаш аз сияды. Сырттай қарағанда  пілдің жонындай болып дөңкиіп жатқанымен, жарылмаған дөңбектен аз сыймақ.

Әр үйге жұмсалатын отын көлемі жылытатын жердің аумағына байланысты. Бір машина, тіпті, екі машина алатындар да бар. Мұны бір деп қойыңыз.

Қыркүйек айының басында биыл көмір қымбаттайды екен деген ақпанның аязындай бет қаратпайтын суық сөз кедей-кепшектің жел кеулеп тұрған өне бойын тітірентіп, ел ішін кезіп кеткен.  Шын болып шықты. Бүгін, яғни, қыркүйек айының 13-і күні облыс орталығында жақсы жанатын, күлі аз шубаркөл көмірінің тоннасы 15 мың теңге көтерілді. Осы арада қымбатшылықтың қарқыны қандай леппен өсті дейтін болсаңыз, салыстырушы үшін айта кетуге болады. Өткен жылы осы көмірді қыстың басында 9 мың теңгеге, көктем туа 10 мың теңгеден алған болатынбыз. Соның өзін қымбат деп едік. Қазір бірден тұп-тура елу пайызға қымбаттап отыр.

Отын сияқты бұл да жағуыңызға байланысты. Үйіңіздің үлкен-кішілігіне орай. Бірақ, солтүстіктің қысы табандатқан жеті айға созылатындығын, ақпанда атан ақырып, қаңтарда ат қаңтарылатынын есептейтін болсақ, бір қысқа бері қойғанда 10-12 тонна көмір қажет. Оның ақшаға шаққанда қанша болатынын атасы мен әжесінің зейнетақысын күнде есептеп отыратын бірінші сыныптың оқушысы да шығара алады.

Әншейінде жұрт күлі көп, жануы нашар деп мұрындарын шүйіретін, өткен қыста 6-7 мың теңгенің төңірегнде ғана болған Майкөбенің көмірі биыл тоннасы 11200 теңге болып отыр.

Көмір сататын базалар көп, бірақ, өзара уағдаласып алғандай бәрі бір мезгілде көмір бағасын көтеріп тастады. Өткен жылдан қалған, жаз бойы тау-теңіз болып үйіліп жатқан, ақ жауындар қасиетін кеміткен, күн жеген, жел тоздырған ескі көмір де халықтың дүрмегінің арқасында өтіп жатыр. Білетіндердің айтуына қарағанда, көмір сататындар оны жаңа көмірге араластырып сатады екен. қалай болғанда да, ақшаға келген дүние ғой. Ол үшін кәсіпкерлерді де кінәлау қиын.

–Көке, мұныңыз не? – деп сұрадым мен көмір сатып тұрған қаба сақалдыдан.

–Қазақтың бір ет, бір майды араластырып жегені сияқты жаңа мен ескі араласқан соң жана береді,–деді кавказдық гүжбан қара.

Қыста көмір жақпағанда, сирағыңды жағасың ба? Жыртық қалтаңның түбін қағып, көмірді алдың екен, енді оны жеткізу мұң. Жекеменшік машинамен көмір таситындар соңғы тәулікте бағасын өсіріп жіберді. Себеп, бензиннің қымбаттауы. Бүгін АИ-93 маркалы бензин жанар-жағар май бекеттерінде 147 теңгеден сатылып жатыр.

Енді қайда барып күн көрсек екен?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар