Ертіс өзенінен басына пакет кигізілген әйелдің денесі табылды

13 қыркүйек в 14:31 459 рет оқылды

Павлодарлық еріктілер Ертіс өзенінен қол-аяғы байланған, басына пакет кигізілген әйелдің денесін тапты. Олардың болжауынша, мүрде осыдан бір жыл бұрын жоғалып кеткен Дарья Николаеваның денесі болуы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

«Бұл адамның Дарья екеніне күмәніміз бар. Бүгін оның туыстары келіп, көру керек», — деп хабарлады еріктілер әлеуметтік желілерде.

Әзірге бұл ақпаратты құқық қорғау органдарының өкілдері де жоққа шығаруда. Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Руслан Оспановтың хабарлауынша, белгісіз әйелдің мүрдесі Железин ауданы Пятирыжск ауылының маңында Ертіс өзенінен табылған. Дене жағаға қалқып шыққан.

«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеу басталды. Қазіргі таңда азаматшаның аты-жөнін анықтау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Әзірге мүрденің кімге тиесілі екені белгісіз. Бұл ақпарат сот-молекулярлы-генетикалық сараптама нәтижесінде анықталады», — дейді Руслан Оспанов.

Еске сала кетейік, 28 жастағы Дарья Николаева былтырғы жылдың қазан айында жоғалып кеткен. Азаматша Качир ауылында жолдасынан кетіп қалып, бір жасар Виталий және үш жасар Семенмен Береговое ауылына көшіп келген. Көшіп келісімен жоғалып кетеді. Сол сәтте тәртіп сақшылары жедел тергеу шараларын бастағанымен әйелдің денесі табылмаған.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар