Ақтөбеде баласын жұбата алмаған келіншекті көршілері сабап тастады

13 қыркүйек в 12:59 1 871 рет оқылды

Ақтөбе қаласының тұрғыны Айсұлу Айтмұрзаева сотқа апелляциялық шағым түсірген. Ол өзіне міндеттелген айыппұлды төлей алмайтынын айтып, соттан жəбірленуші ретінде тануды сұрайды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

«Оқиға 16 тамыз күні болды. Екі жəне бір жастағы екі баламмен аулада есік алдында отырдым. Қасымызға көрші апай жасы менен сəл кіші қызымен келіп жайғасты. Балам жылап отырған. Қызы жақтырмай «Қойшы, шуламай, не істеп отырсың балаңды жылатып? Демалайықшы, мына бала қоймады» деп қатты сөйледі. Мен оған «Өзіңнің балаң жылаған жоқ па?» деп ескерту жасадым. Ол «ауызыңды жап» деді. Арты айқай-шу, төбелес болды. Баламды көтеріп отырған мені жағымнан алып, бетімді тырнап тастады. Соңында шыр айналдырып, шешесі екеуі жабылып сабады. Мен де қорғану үшін қарсылық таныттым. Көршінің ұлы келіп бізді ажыратып, шешесі мен апасын үйіне алып кетті», — дейді Айсұлу Айтмұрзаева.

Екі баласын құшақтап аулада таяқ жеп қалған келіншек полиция шақырған. Екі көрші де полиция бөлімшесіне барып, бір-біріне қарсы арыз жазған. Көрші əйелдерге қатысты іс сотқа жетіп, көшеде шу шығарғандарға қомақты айыппұл салынған. Баласын жұбата алмағаны үшін таяқ жеп қалған келіншек өзінің жəбірленуші болғанын айтады. Айтуынша, айыппұл төлейтін ақшасы жоқ.

«Мен сол кезде полицияны көмек сұрап шақырдым. Олар маған айыппұл төлеуді міндеттеп жатыр. Мен үш баламен үйде отырған адаммын. Ол ақшаны төлейтін менің жағдайым жоқ. Маған екі адамды балағаттадың деп екі айыппұл, оларға бір айыппұл салған. Мен апелляциялық шағым түсірдім. Мен өзім жəбірленуші болып отырып, мұндай айыппұл төлеуге келіспеймін», — дейді Айсұлу Айтмұрзаева.

Ақтөбеде Болашақ ауданындағы төбелеске қатысқандардың барлығы медициналық тексерістен өткен. «Жеңіл жарақат алған» деген қорытындылары бар.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар