Жат әдетке жол жоқ

25 тамыз в 12:26 91 рет оқылды

Осы аптада дін істері және азаматтық қоғам министрлігі заң жобасын талқыға салды. Елімізде бірнеше заң актілері қайта қаралып, өзгерту енгізілмек. Нақтырақ айтар болсақ, министрлік бұдан былай жүзін тұмшалайтын киімге және мемлекеттік тіркеуге алынбаған некеге тыйым салатын заң жобасын қыркүйекте парламентке жолдауды көздеп отыр. Әзірлеген заң жобасында бірқатар тыйым қарастырылған. Ең бастысы, енді қоғамдық орында бет-аузын тұмшалап, қара жамылып жүретіндер заңмен қудаланылады.  Жаңа заң жобасының қыр-сыры туралы Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы  Балғабек Мырзаевпен сұхбаттасқан едік.  

«Егер мемлекеттік мекемеде некеге тұрмай, діни жолмен некесі қиылса, ол заңсыз деп есептеледі. Сондай-ақ тиісті шара қолданылады. Бұл жазаны қолданудың өзіндік себебі бар. Мысалы, неке ресми түрде тіркелмей, тек дін бойынша отбасын құрған азаматтардың арасында уақыт өте келе қандай да бір кикілжің орын алып, ажырасқан жағдайда, екі азаматтың арасындағы балалар алименттік төлемақыдан құр қалады».

Жас қазақ: Балғабек Әбдіқайымұлы, дін істер және азаматтық қоғам министрлігі осы аптада жаңа заң жобасын талқылады. Соның ішінде бірнеше заң актілеріне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес, бұдан былай ешкім қоғамдық орында қара киіммен тұмшаланып жүрмейді. Осыған қатысты сіздің пікіріңізді білсек деген едік.

Балғабек Мырзаев: Қоғамдық орында тұмшаланып жүру – бұл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылып жатқан басты тақырыптың бірі. Көпшілік ортада қара киім киіп, жүзін тұмшалап жүретіндерге тыйым салу өте өзекті. Бұл бойынша біз тәртіптік шара ретінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Яғни қоғамдық орында қара киім киіп, бет-жүзін тұмшалап жүретіндерге 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 226 900 теңге айыппұл салынады. Бір анықтап алатын жағдай, біз хиджап кигендерді айтып отырғанымыз жоқ.

Жас қазақ: Құжатта шолақ балақ шалбар киетіндердің де мәселесі қарастырыла ма?
Балғабек Мырзаев: Әзірге шолақ балақ шалбар киіп жүретіндерге қатысты арнайы заң қарастырылмады. Егер енгізіліп жатса, заң бойынша қаралатын болады.

Жас қазақ: Өткен жолы Мысырда 6 студент ұсталғанда, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Діни білім алу үшін шет мемлекеттерге өз бетімен бармауға кеңес береміз» – деп еді. Жаңа құжатта бұл мәселе қарастырылды ма?

Балғабек Мырзаев: Кез келген отандасымыз жоғары діни білімді шетелден алмас бұрын, оң-солын өз елімізде, өз жерімізде танып алуға тиіс. Яғни алдымен осында білім алуы қажет. Одан кейін Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) рұқсатымен шетелге білімін толықтыруға жіберіледі. Біз бұл мәселені біраз зерттедік. Мұндай жағдай көптеген елде қаралған екен. Мысалы, Түркия, Малайзия сияқты елдерде азаматтар шетелде діни сауатын ашу үшін алдымен өз елінде білім алған соң, рұқсат етіледі. Іргеміздегі Тәжікстанда да солай. Ал біздің жағдайsмызда еліміздегі тіркелген діни бірлестік ҚМДБ-ның жолдамасымен баруды орынды болады деп отырмыз. Бұл жердегі басты мақсатымыз – діни білім алушы жастардың адасуына жол бермеу. Себебі көптеген жастарымыз шетелде діни білім аламын деп жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Өкінішке қарай, базалық діни білімі болмаған соң, осындай жағдай орын алуда. Сондықтан, қандай да бір азамат шетелге шықпай тұрып, елімізде дәстүрлі дінімізді санасына сіңіріп алғаны жөн. Сонда ғана өзге елге барғанда, жат ағымға қарсы тұра алады.

Жас қазақ: Министр Н.Ермекбаев «АХАЖ бөліміне тіркелмеген некеге рұқсат жоқ» – деп кесіп айтты. Сонда мешітте некесін қиып, мемлекеттік тіркеуге тұрмаған жас жұбайларға қандай шара қолданылады?

Балғабек Мырзаев: Бұл жерде министрдің сөзінің мағынасы былай. Егер мемлекеттік мекемеде некеге тұрмай, діни жолмен некесі қиылса, ол заңсыз деп есептеледі. Сондай-ақ тиісті шара қолданылады. Бұл жазаны қолданудың өзіндік себебі бар. Мысалы, неке ресми түрде тіркелмей, тек дін бойынша отбасын құрған азаматтардың арасында уақыт өте келе қандай да бір кикілжің орын алып, ажырасқан жағдайда, екі азаматтың арасындағы балалар алименттік төлемақыдан құр қалады. Еліміздегі жетім балалар мен қорғансыз әйелдердің көбеюінің алдын алу мақсатында, біз отау көтерген жас жұбайларға ресми некеге тұруды міндеттедік. Ал тиісті амал тек аталған заңды бұзған азаматтарға ғана емес, некені қиған дін қызметкеріне де 100 (АЕК) көлемінде айыппұл салу мәселесі қарастырылған.

Сонымен қатар ескеріп айтылатын тағы бір маңызды дүние – азаматтардың арасында діни неке тоқтатылады немесе мүлде шариғат жолымен некелесуге болмайды деген тұжырымның қалыптасуы. Бұл ешқандай да діннің статусын төмендету емес. Тек елдегі келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған бастама. Сондықтан, дін істері және қоғам министрлігі отбасын құруға ниет еткен барша азаматтарға алдымен мемлекеттік АХАЖ бөлімінде некені заңдастыруды міндеттейді. Ресми неке куәлігі арқылы кез келген дін мекемесінде мұсылмандық жолмен неке қию рәсімін жүзеге асыруға рұқсат беріледі.

Сұхбаттасқан
Руслан Достаев

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар