Жапандағы жалғыз үй

18 тамыз в 14:05 253 рет оқылды

Еңбек ардагері, заманында партия, совет салаларында аудан, облыс деңгейінде басшылық қызмет атқарған ел ақсақалы Болат аға Көшімбаев жоқ жерден қолқа салған. Туған жеріне барып қайтпақ. Еліне деп айта алмас еді. Туған жер болғанымен, туған ел жоқ қой қазір.  Ақсақалдың атқосшысы ретінде көлігіне отырғанбыз. Туған жері – Бурабай ауданына қарасты Жаңатуған ауылы. Осыдан оншақты жыл бұрын ауылдың жетпіс жылдығын тойлаған болатын. Сол жолы облыс басшыларына бар беделін салып, қирап қалған жолды жөндеткен. Ол кезде ауыл іргесі сөгілмеген, берекесі қашпаған уақыт еді. Рас, аздап жүдеген, айдай жүзіне кіреуке түскен. Бірақ, үміті үзілмеген. Болашаққа деген сенімі зор болатын.

Зерендіге дейінгі жол тәубе дерлік, сайрап жатыр. Басшылардың жүретін жері ғой. Одан арыға қарға адым қадам баспайды. Қарапайым халықтың жүретін қара жолы қирап бітіпті. Жолдағы Викторовка селосын басып өткеннен кейін жол үстіндегі ойдым-ойдым қазан шұңқырларға кезіктік. Түсіп көреміз, дөңғалақты қай жеріне салсақ екен деп. Тура өмірдің өзі тәрізді. Қазір қай жолға түссең де, жеңілін таба алмас едіңіз.  Жеңіл машинаға қол емес екен. Тас жолды тастап, дала жолына түстік. Қара шаң қолқаны қапқаны болмаса, ту талқаны шыққан тас жолдан тәуір.

–Соңғы кезде  Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» тақырыбындағы мақаласынан кейін ауылға аз да болса көңіл аударыла бастады. Әркімнің есіне туған жері жаңа түскендей. Мен де, міне, кіндік қаны тамған төңіректегі қасиетті орындарды көзбен шолып, көкірегімдегі сезіммен аймалап барып қайтсам деп едім. Біздің Зеренді, Бурабайдың төңірегі байыбына барған адамға тұнып тұрған тарих қой, – дейді Болат Ахметжанұлы.

Жол үстіндегі Алаштың ардақты перзентінің бірі әз-Бөгенбайдың мазарына соқтық. Жапан даланы күңірентіп құран оқылды.

–Арыдағы Абылай заманының бергі тарихты түре келсең, кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болатын тұлғалар аз емес, – дейді экономика ғылымдарының докторы Қасымхан Құсайынов, – соңғы уақытта қолыма қалам алып жазып жатырмын. Бекше би туралы індетіп іздедім. Апырмай сұрапыл соқпақ. Рас ел жадынан өшкен, там-тұм ғана. Жоғалуға жақын, таусылуға таяу.

Күзгі даланың сәл сұрғылт тартқан бояуы шөп басына қонақтап қалыпты. Бір-біріне елбесіп-селбесіп шұбап жатқан Жыландының қос қапталы ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман.  Жап-жасыл. Көкпеңбек. Көгілдір түс ауадан. Ауаның тазалығынан. Адам көңілі де дәл осындай таза болса ғой.

Шоқалақтай мөңкіп, төрт табанына тегіс тиетін жер таппай, бөгелек тиген бестідей тулаған жеңіл машина Жаңатуғанның қотанына келіп, тізгін тартты. Қотан деген сөз жай әншейін айтыла салған ұғым-дағы. Әйтпесе, ауыл шетінде көшкен елдің жұртындағы жалғыз қарауыл сияқты мұржасының ұшы сорайып жалғыз үй отыр екен. Оң қапталында, сол қапталында қираған үйлердің орны. Әлдекімдер ауылдың үйін де, мал басын да, машина-трактор шеберханасын да бұзып әкеткен. Орнында үйіндісі ғана жатыр. Кісі бойы ошаған, қаптап кеткен арам шөп.

Ауылдың қақ ортасында екінші дүниежүзілік соғысында қаза болған осы ауылдың перзенттерінің әруағына бағышталып қойылған тәп-тәуір ескерткіш бар екен. Төңірегі ұқыпталып қоршалыпты. Аталар әруағына адал кейінгі ұрпақтың қошемет құрметінің ізі мен мұндалап сайрап тұр. Тек күтімсіз. Кей жері жауынның суынан, желдің өтінен тозыңқырап, сыры түскен.

–Осы ат төбеліндей ауылдан  қан майданға 70-ке жуық азамат аттанып, түгел дерлік Отан қорғау жорығында опат болған, – дейді Болат Ахметжанұлы, – соғыстан соңғы жылдардың зілмауыр салмағынан ауыл адамдарының қабырғасы қайысса да, туған жерін тастап төрт құбыланы бетке алып тентіреп кетпеген еді. Міне, көрдіңіз бе жетпіс үй болған Жаңатуғанда жалғыз-ақ үй қалыпты. Жапандағы жалғыз үй.

Бурабай ауданына қарайтын, табиғаты тамылжыған ғажайып өлкеде іргесі сөгіліп, тарап кеткен ауыл аз емес екен. Санап көрелік. Алаштың сан айтулы перзенті дүниеге келген Крупская ауылы. Аты марқұм «әжеміздің» есімімен аталса да, кілең қазақ тұрған елді мекен. Қазір жұрты ғана жатыр. Құстың ұясындай жылылық есіп тұратын 70 үйлі Ұялы ауылында жеті-ақ үй қалған. Бурабай ауданының осы бір шекарасы Зеренді ауданымен шектеседі. Зеренді ауданына қарасты Ақтас ауылы қазір жоқ. Алпыс  үйлі Қызылқайнарға барсаңыз, қазір орнын сипап қаласыз. Түтін түтетіп отырған бір шаңырақ қалмаған. Осы өңірдегі ең ірі елді мекеннің бірі Қостомарды да өтпелі кезеңнің өкпек желі шамырқанта соғып талай үйдің шаңырағын шайқаған. Қара ормандай қалың 200 үйді елді мекеннен қалғаны елуге жете ме, жетпей ме.   Ынтымақ бірлігі мол Қарашіліктің жүз үйінен оншақты шаңырақ қалыпты. Заречный поселкесі түп орнымен үдере көшкен. ХVІІ партсъезд атындағы сексен үйлі елді  мекеннің сұлбасы ғана жатыр.

Ескерткіш басында тұрмыз. Болат аға қалтасынна бәкісін шығарды. Кісі бойындай жұп-жуан ошағанның сабағын кеспек. Қолынан келсе, тұқымын тұздай құртпақ. Жас жігіттер жабыла күрекпен қазып, пышақпен кесіп тазалап жатыр. Әншейін де өңменінен өтетін Болат ағаның өткір көзі сәл жасаураған тәрізді. Ошағанның ұшар басы қып-қызыл болады екен. Қасиетті жерге ретсіз өскеніне ұялған тәрізді. Бір кезде Отанды қорғап қалған сол жолда шәйіт кеткен боздақтардың аруағына бағыштап құран оқыды. Жарықтықтар мұздай қаруланған басқыншы жаудан елді қорғап қалғанда, кейінгі ұрпақтары ел-аман жұрт тынышта ауылдарынан айырылып қалғанына өкініп жатыр ма екен, кім білсін?

–Әне, анау көлді көрдің бе, балығы тай-тай тулаған, бақасы қойдай шулаған, – деді Болат Ахметжанұлы, – өкініштен қалтыраған қолымен толқып жатқан ақ айдынды нұсқап, – қаншама қазына. Бағзы замандағы бабаларымыз «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген. Осы жерде құс фабрикасын ұйымдастыруға болар еді. Фабрика болса елге жұмыс болмай ма. Жұмыс болса, осы ауылдың азаматтары туған жерін тастай қашпас еді ғой.

Шынында да, жұмақ жер. Топырағы қандай. Кәдімгідей әсірелеп айтқан адамға «жетек шанышсаң арба өсіп шығатын» жер. Көкмайса  шөп кеудеден келеді. Ағаш бауырындағы жоңышқа киіздей ұйысып, тұнып тұр. Нешеме жылдан бері шалғы тимегендіктен өлі қауы аяққа оратылып, туырылып жатыр. Нағыз жетім тоқты бір отар қой болатын берекелі жер екен.

–Ну орман да қараусыз қалған, – дейді Болат Ахметжанұлы. – Бір кезде елдің үлкендері осы орманнан ұрықсатсыз қамшыға сап та алғызбайтын. Қазір туған жердің баға жетпес байлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр.

Төңіректің бәрі мәңгі жасыл қарағай, ақ балтыр қайың, ұшар басы зәулім көкке ұмтылған сыптығыр терек. Ауыл тау етегіндегі ығы мол алаңға қоныстанған екен. Бір кезде ортақ қазынаның ырысын еселеуге есепсіз еңбек сіңірген қаншама адамның түтін түтеткен қара қонысы.

Тау етегінде, қалың қарағайдың ортасында Әулие бұлақ ағып жатыр. Суы шипа, мың сан дертке ем. Ертеректе екінші дүниежүзілік соғысына боздақтар осы Әулие бұлақтың басына мінажат етіп, құтысына қасиетті суын құйып алып  аттанған. Ағзасы дертке шалынған осы төңіректің адамдары  қасиетті бұлақ басына келіп, дертіне дауа тапқан. Ауылға қарайтын қамқор көз, жанашыр жанар бітелгенімен, бұлақ көзі бітелмепті. Мөлт-мөлт етіп ағып жатыр. Құтты адамның көз жасы тәрізді. Жағасын жайлаған қалың ел үдере көшкенде жалпақ жонда жалғыз қалған Әулие бұлақ бауырында өскен перзенттерін жоқтап, жылап жатқан тәрізді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ  

 

 

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар