«Шейх Халилдің» соты — 2

18 тамыз в 14:54 145 рет оқылды

Жуырда Орал қалалық соты «Шейх Халилдің» ісі бойынша сот ісін бастады. «Жас қазақ» газеті «Шейх Халил» туралы жазған. Сонымен «Шейх Халил» не үшін сотталуда? Ресми мәліметтерге сүйенсек, Әбдужаппаровтың соңғы 9 жылда ИШИМ-нің террористік ұйымдарымен байланыста болғанын Сауд Арабиясының арнайы қызметі ұдайы назарда ұстап келіпті. Оған Қылмыстық Кодекстің 164-бабы бойынша «Діни өшпенділікті қоздырғаны үшін» деген айып тағылып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, Әбдухалил 2003- 2007 жылдары еліміздің батыс аймағында ислам дінінің радикалды, терроризм мен экстремизмге үгіттейтін «тәкпірлік» идеологиясын таратқан.

Құзырлы мекемелердің берген мәліметі жаға ұстатады. «2007-2016 жылдар аралығында Әбдужаппаровтың ықпалымен Ислам дінінің радикалды «тәкпірлік» идеологиясын ұстануға көшкен көптеген діндарлар, соның ішінде М.Мақұлбек (діни лақап есімі – «Әбдуләзиз», «Ат-Тахуа» мешітінің имамы), К.Мұхамбетқалиев (діни лақап есімі – «Шейх Қайрат»), М.Испаев, Е.Ахатовтың лаңкестік топ мүшелері бар. 2011 жылы Атырау қаласында лаңкестік қылмысы үшін сотталған 47 жақтаушысы және тағы басқа тұлғалар намаз оқымайтындарды және құқық қорғау органдары мен билік өкілдерін «кәпірге» жатқызып, оларға «тәкпір» жариялап, күпірлікке қарсы қарулы «жиһад» жасау идеясын қолдап, діни өшпенділікпен бірқатар экстремистік және террористік қылмыс жасағаны үшін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған».
Сондай-ақ Әбдужаппаровтың ықпалына түскен бірнеше азамат Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін елден қашып және өзімен бірге әйел, бала-шағасын әкетіп, елде қалған ата-анасына қайғы жұтқызып отыр. Кейбірі қарулы қақтығыста өлім құшқан. Дәурен Алдоңғаров, Ержан Көпболсынов, Бейбіт Рысқалиевтерге лаңкестік іс-әрекеті үшін халықаралық іздеу жарияланған. «Бұл азаматтар 2004-2006 жылдары Ә.Әбдужаппаровпен жақын араласқан, оның уағызына қатысып, ықпалына түскен ізбасарлары» делінеді ресми мәлімдемеде.
Әбдужаппаров 1993-1999 жылдары Пәкістанның Исламабад қаласындағы «Халықаралық ислам университетінде» терең білім алған. Оның «тәкпірлік» ағымға түсуі де осы жылдары басталған делінеді. Ол тіпті 1994 жылы Ауғанстанға екі рет заңсыз өтіп, сол елде «мұджаһидтерді» (содырларды) дайындайтын, яғни лаңкестік іс-қылмысты, оның әдіс-тәсілін үйрететін арнайы лагерьде жаттығудан өтіпті.

«Халилдің» соты неге Оралда өтті?

Иә, бұл заңды сұрақ. Құқық қорғау мекемелері былай дейді: «2002-2006 жылдары Әбдужаппаров батыс өңіріндегі мешіттерде араб тілімен діни білімі бар маманның аз екендігі туралы мәлімет алып, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының дінге жаңа бет бұра бастаған, бірақ ислам дінінен хабары аз жастарына исламдағы фундаменталистік «тәкпірлік» идеологияны таратқан. Сол арқылы олардың дәстүрлі ислам дініне деген көзқарасын экстремистік бағытқа бұруды көздеген. Жастарды дәстүрлі исламнан алшақтатып, мешіт имамына бағынбауға, өзімен келіспегендерді «мурджиит» (адасқандар) деп айыптауға шақырған. Содан бастап мешітке келушілер екіге бөлініп, діни алауыздық және бірін-бірі жеккөрушілік сипаттағы араздық орын алады.
Дәл осындай жағдай, 2004-2005 жылдары Әбдужаппаровтың Ақтөбе қаласына бір-екі рет келіп кетеді. Сол уақыттан бастап ақтөбелік мұсылмандар арасында алауыздық орын ала бастаған. Батыс өңірінде оған «тәкпірлік» идеологиясын таратуға тосқауыл қойылғанын түсінген Әбдужаппаров өзінің сол жердегі жақтастарынан ізбасарын дайындап, идеологиясының кеңінен нәсихатталуы үшін аудиожазба таратады. Онда уағыздары жазылған. Нәтижесінде, оның экстремистік бағыттағы аудио лекциясы 2007-2011 жылдары ғаламтор арқылы көпшілікке кеңінен таралып кеткен».
Міне, Сауд Арабиясынан елімізге депортацияланған «Шейх Халилдің» Оралға әкелінуі, қылмыстық жауапгершілікке осы қалада тартылуы – оның батыс өңірге салған осындай ылаңынан болса керек. Оның ісі бойынша 100 шақты адам куәгерлік етуде.

Оралда «Шейх Халилдің ісіне» нүкте қойылды. Әбдухалил Әбдужаппаров Орал қалалық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 164- бабы 3-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,
Орал қаласы

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар