Майқұдықтағы майшелпектің ақыры

18 тамыз в 13:31 102 рет оқылды


«ФинансОптоГрупп» (ФОГ) ресми түрде өткен жылдың мамыр айының соңында тіркелген болатын. Қызмет көрсетумен айналысатын көп ЖШС-нің бірі сынды көрінген. Алайда ай өтпей жатып, осы ФОГ-тың аты жер жарсын.

Директоры Елена Колесникованың есімі ел аузында жүрді. Оның қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, іскерлігі аңыз болып есті. Алдымен теміртаулықтар, соңынан майқұдықтықтар, қарағандылықтар, ең соңында астаналықтар… Соңғы соқыр тиынын бала-шағасының аузынан жырып, осы ұйымның кассасына өз қолымен барып салып жатты.

Сол тұстағы Қарағандыда жүрген қызылсу, Қарағандының көктемде еріп жатқан асфальты «Optovka-ның» жанында жіп ессе, кәні?! Жергілікті билік қызылсудан жаппай шеккенге қолдау, көмек көрсетуге шақырып жатқанда, ел банктерге кезекте тұрып алған несиесінің мұртын бұзбастан, «Optovka -ны» адаспай тауып жатты. Қалада шағын несие беретін қаржылық құрылым қаптады. Банктен ала алмаған несиені жұрт осы құрылымдардан алып жатты. «Optovka-ға» салу үшін. Бергенде миллиондап берді. Өтініш түсірген күні алған сомасын санап отырар еді.
Осының барлығын Елена Колесникова ешқандай жарнамасыз істеді. Алайда жарнамасыз жарнаманың да болғанын жоққа шығара алмайсыз. Өйткені жарнаманы салымшылардың өзі жасады. Олар таң атпай «Optovka-ның» алдына жиналды. Сонан әркім салған салымын, оның қайтарымын жыр қылсын. Біреу «Optovka -дан» алған үстемесімен алдында ғана банктен алған несиесін жапқан. Енді біреуі үстемесін алмай қосымша үстеме алу үшін «Optovka-да» қалдырған. Енді біреуі үй-жай алып, еурожөндеуден өткізіп, кіріп алған. Осының бәрін жасап жүрген Елена Колесникова мен оның командасы дегенге сеніңіз.

Сенбейін десеңіз, жұрт айтады. Айтпақ тұрсын, айтушылар әлгі салымшыларға тұрып жатқан баспанасын да оқтын-оқтын көрсетіп тұрған. Біреу-екеу емес. Содан да сенген. Содан да Елена Колесникова «жарылқаушыға» айналған.

«Optovka-ның» алдындағы қарақұрым үзілмеді. Ел оған жұмысқа барғандай барды. Салымдарының барысы туралы бір-бірімен ақпарат алысты. Бірі-бірінен тек сүйінші хабар естіді. Миллиондап салым салушылар көбейді.

О, құдырет, миллиондап үстеме алушылар шықты! Сенбеске болмайтын еді! Мұнда бәрі ашық жүрді. Ел өздері салып қоймай, танысын, көршісін сүйреді. Көп ұзамай кәсіпкерлер де бой көрсеткен. Күн өткен сайын олардың қарасы қоюлана түсті. Небәрі төрт ай өткенде «Optovka-ның» қаржы айналысы 3 миллиард теңгені құраған! Бұл ел естімеген өрлеу еді. Мұндай нәтижеге аты шулы Мавроди ғана жетсе керек. Сол МММ-нің салымшылары Майқұдықтан да табылған. Олар жай жүрмей, «Optovka-ның» да салымшысы болып алыпты.

Бәлкім, бірер жыл жүре тұрғанда «Optovka-ның» салымшысы Мәскеуден де табылар ма еді, кім білсін…

Алайда іске күш құрылымдары килікті. Ешкім арыз түсірмепті. Арыз түсірмесе де, тексеруді қолға алған. Міне, осы тұста салымшылар өзінің кім екенін көрсетті! Олар тексерушілердің үстінен арызды қардай боратты.

Оларды «Optovka-ның» табалдырығынан аттатпауға күш салды. Сонда да «Алтын инвестор» акциясы үзілмеді. Бұл акция бойынша 50 мың теңге салған салымшы бір аптадан соң 7 мың теңге үстеме алушы еді.

Алды да. Соның бірі – қандасымыз Айдана Жұмағұлова. Өзін емес, Елена Анатольевнаны қорғап әлек. Шаң жуытпайды.

Тағы бір қарындасымыз Роза Ысқақова да адвокат үшін қаржы жинауға бар.
Ол « 5 қазанға дейін бәрі жақсы болды. Ешкім де бізді алдаған жоқ. Арбаған жоқ. Қаражатымызды өз еркімізбен салдық. Бізді бұл қаржылық пирамида деп сендіргілері келеді. Сене алмаймыз… Мәселен, мен 500 мың теңге салып, 300 мың теңге өсім алдым. Мұны бірде -бір қаржы құрылымы істей алмайды. Соны Елена Анатольевна істей алды! Біреулер оның осы бизнесіне көз тігіп отыр. Бәлкім, күштеп ала алмаған соң осылай істеп отырған болар? Біз өз қаржымызға мықты адвокат жалдайтын боламыз» – дейді.

Ал Елена ханымның өзі жалдаған екі адвокаты оны қорғаудан бас тартты. Өйткені жалдаушы қорғау ақысын төлемеген. Кейіннен мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындауды талап етіпті. Жалпы, қаржы пирамидасын құруға кеткен 30 томдық құжатты тексеруге адвокат 123 сағаты жұмсапты. Ал әр сағаты 1637 теңге.

Расында да, салымшы қаржы жинап терледі. Әлеуметтік желіде көшеге шығуға үгіттеді. Майқұдықтағы Октябрь аудандық прокуратураның алдын бермеді.
– Елена Колесниковаға бас еркін беріңдер! – деп езеуреді.

Прокуратура қызметкерлерінің «Қаржылық пирамида құрған алаяқ!» – деген сөзін құлаққа ілмеді.
Бір аптадан соң Елена Колесникованы қамауға алды. Қарағанды және Астана қалаларындағы қаржылық құжатты жинады. Ал Теміртаудағы филиалынан ештеңе таппады. Дүние-мүліктен тәркіледі дейтіндей, бәлендей ештеңе болмай шықты. Су жаңа «Лексус» пен бірқатар қымбат шыны-аяқ шыққан. Есепшоттағы қаржы да үш нөлге қысқарып, миллиондап қалған.

– Елена Колесникова бостандықта жүргенде есепшотта миллиардтар жатты! – деп даурықты салымшылар.Тіпті Елена Анатольевнаның жекеменшік баспанасы да болмаған екен. Осы күнге дейін пәтер жалдап келіпті. «Бизнесвумен» деп әспеттегенімізбен негізінен сауда-саттықпен, кейін де қызмет көрсетумен айналысыпты. Сауда үйлерінде бөлімшесі болған.

Сонымен, биылғы жылдың 11 тамызы. Октябрь аудандық соты маңына барлық «алтын инвесторларды» сыймай кетті. Сот залына кіргізілген Елена ханымды біреуі көріп, біреуі көрмеді. Алайда ол салымшылардың «біз сізбен біргеміз» деген жалынды қолдауын естіді.

Естігені сол, «өзін құдды бір батыр» ретінде сезінді. Басын төмен салмай, өзін асқақ ұстап, қолын көтеріп, сәлем ишарасын жасады.

– Біз Сізбен біргеміз! – деді «алтын инвесторлар».

– Сіз Жанна Д’Арксіз, – деді салымшылар.

Сонымен үкім шығарылды.

Үкім қырық жеті парақтан және бес беттен тұрады. Мұны оқып шығу мүмкін емес еді. Куәгерлердің ұзын санының өзі 1,5 мың адамнан асып түсті.

– Бәрі алда! Ұстамды болыңыздар! – деді Елена орнына жайғасып жатып.
Прокурор өз сөзінде он жыл сұрады. Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының судьясы Амантай Әбдікамалов болса, тоғыз жыл белгілеген. Рақымшылық қолданылуына байланысты түпкілікті жаза 4 жыл 5 ай болып бекітілді.

– Колесниковадан залал тартушылардың пайдасына 385,5 миллион теңге
өндірілсін, – деген судья.

– Щас… – деді «Жанна Д’Аркміз».

Жай айтқан жоқ. Сондай бір ащы кекесінмен айтты.
Сот барысында 73 адам өз арызын қарамауды өтінді. Отыздан астам адамның әлі де болса талап-арыз жазуына болатыны айтылды.

Тергеу барысында ФОГ есепшотында 120 миллион теңге бар айтылғанымен, сот барысында оның «жұқарыңқырап» қалғаны түсініксіз қалды.

– 8 миллион теңге тіркемесімен, – деген.

– Бұлар 0 деген цифрді білмейді, – деген «Жана Д’Аркіміз».

Қаржы пирамидасынан қандастарымыздың жапа шегіп отырғаны бір бұл емес. Есімізде болса, 1994 жылы Нұрлан Смағұлов бауырымыз қаржы пирамидасын құрып, біраз жұртты жер соқтырып кетіп еді. Ал атақты «МММ» пирамидасынан 10 миллион жан зардап шеккен болатын. Сол кездегі акцияның құнсыздануына байланысты 50 адам өз-өзіне қол салды.

Біздің жағдайымызда да сондай бір оқиға болды.

Біреулер салымшының өліміне осы ұйымды кінәлайды. Енді біреулер ФОГ-ты аспандатады. «ФОГ болмағанда көмусіз қалатын еді» – дейді. Сонымен он айға созылған іс бітті. Шынымен солай ма?..

Қайдам, ел әлі баяғыша «Optovka-ға» барып жүр. Істі бұзамыз деп қол жинап жатқан жайы бар. Отқа күйген адам су ішінде тұрып та, отты ойлап тұрады деуші. Содан сабақ алғымыз жоқ.

Төрехан Майбас,
Қарағанды қаласы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар