«Mеймей» қаракөздер

11 тамыз в 13:12 386 рет оқылды

     

Алты құрлықтың арғы жағындағы Американың атақты қаламгері әрі киносценарисі Жеймс Клавеллдің «Тай-Пэн» және «Гонконг», «Қайырымды үй» сияқты көптомдық романдары бар. Онда ағылшындардың Қытайға үстемдік жүргізуі туралы баяндалады. Американың «Гонконгты»  жаулау тарихы – қытай қыздарын көңілдес қылған ағылшын көпестері арқылы берілген. Сөйтіп, америкалықтар Қытайға үстемдік жүргізуге барып, сол елден бір-бір ханзу қызын көңілдес ретінде ұстайды. Оларды «Меймей» деп атаған. Одан бері де жүз жылдан артық уақыт өтті. Қазір керісінше, қытайлар басқа елдерден «Меймей» ұстай бастады. Елімізге келіп-кетіп жүрген қысық көздердің дені – қазақ қыздарын «Меймей» қылып мекіреніп жүреді. «Меймейі» бар қытайлардың түпкі мақсаты – қазақ қыздарымен некеге тұру арқылы, Қазақстан азаматтығын алу. Ары қарайғы арманын бір Алла білмесе, бізге бұлыңғыр… 

Алайда біздің бүгінгі көтерген тақырыбымыз – қазақ елінен «Меймей» ұстап мейманасы тасып жүрген ханзулар хақында емес. Қайта сол қысық көздерге көңілдес болып жүрген қазақ қыздары туралы. Ақша алдында ардың арзандағаны ақиқат. Қазір көк қағаз үшін көңілдес болу намыс емес. Тіпті, кейбір ата-аналар теңін тапса, қызын кез келген шетелдікке жетектетіп жіберуге әзір. «Қызы шетелдікке тұрмысқа шығыпты» деген сөз абырой саналады. Міне, осындай тәрбиені көрген қыз қалай бұзылмасын? Ақшаға сатылған арудан қандай ана шығады? Қорқынышты сұрақ!

Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2014 жылдың 14 сәуірінде «Балмұздақ гейша» деген тақырыппен Алматыдағы Сейфуллин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысындағы «Алтын айдаһар» қонақүйінде шетелдіктерге қызмет ететін қазақ қыздары туралы жазған едік. Ол жолы қытай, кәріс, жапон ұлтының өкілдеріне «гейша» болып жүрген 34 қаракөз қарындасымыздың тағдырына бір жағы алаңдап, бір жағы таңданып қалам ұстағанбыз. Бұл жолы етіміз үйренген сияқты. Рейд те бұрынғыдай намысымызды жанымады. Бірақ мейманасы тасқан шетелдікке «меймей» болған қаракөздер азаймапты.

Алматылық 47 студент қыз Нұрмақов көшесіндегі  GC караоке-клубында қытай азаматтарына қызмет көрсетіп жатқан жерінде әшкереленді. Олар Алматы қалалық ішкі істер департамент қызметкерлері жүргізген рейд кезінде анықталды. Онда patrul.kz сайтының тілшілері болған.

Шетелдіктерге арналған қонақүйлерде, яғни қытай қонақүйлерінде қызмет қылатын қыздарға екі түрлі жұмыс ұсынылады. Оның бірі – «кофе», екіншісі түрі – «шай» деп аталады. Жұмбақтап атауының сыры сақтықтан туса керек-ті. «Шайынан» бастайық. «Шай» қызметіндегі қаракөз қыздар – қонақпен дастархан басында бірге отырып, әзіл-қалжыңымен, әнімен көңілін көтереді. Келісімдегі қызмет түрі осы ғана. Үш жыл бұрынғы мақаламызда «шай» қыздардың табысы 5 мың теңгеден басталатынын айтқанбыз. Ал «кофе» қызметіне жегілген қарындастарымыздың табысы едәуір жоғары еді. Ол кездегі «кофелердің» бір түнгі табысы 20 мың теңгеден басталатын. Ары қарай қонақтың жомарттығына байланысты. Сонда «кофе» дегені кімдер? Олар – қонағымен бірге отырып, «шайдың» қызметін өтеп, одан ары қонақүйдегі жайлы бір бөлмеде: төскейде малы қосылмаса да, төсекте басы қосылатындар. Қазір «кофелердің» табысы көбейген. Баяғы 20 мың теңге жоқ. Доллармен саудаласады. Кемі 80 доллардан басталып, қонағының жомарттығына қыздың қылығы жарасып жатса, бірнеше мың долларға дейін шарықтап кетеді.

Бір тағдыр – бір әлем

GC караоке-клубындағы қыздардың дені студент. Алматыдағы жоғары оқу орындарының тәлімгері. Тақырыпты жан-жақты ашу үшін кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталайық.

Қойдай иірілген қырық жеті қыздың ішіндегі ең әдемісі, ай десе аузы, күн десе көзі бар – Құралай (аты өзгертілді). Ойнап жүріп, от басып қалғанын осы қазір ғана сезініп отырғандай. Көзі боталап, аяқ-қолы дірілдеді де қалды. Әсіресе, арнайы жасақтың жігіттері топыралап кіріп келіп, мұны әлгі бір қысық көз, орсақ тіс жігіттің тізесінде отырған жерінен жұлып алғанда, бұл түсінен шошып оянғандай баж ете қалған…

Қайран, Құралай!

Құралаймен департаментке келгенде тілдестік. Басқа қыздар сияқты қырсыққан жоқ. Қойған сұрағымызға нақты, әрі толық жауап беріп отырды… Ол биыл жиырмаға толған. Үшінші курсты аяқтап жатыр. Жазғы демалысты жылдағыдай ауылда қарсы алғысы келмеді. Қанша дегенмен бойжетті ғой. Әдемі көйлек киюі керек. Жақсы әтір сеуіп, курстас-группалас қыздардан қалмауға тиіс. Осының бәрін ойлаған қаракөз ару ауылға барудан, ақша таппайтын, үйден шықпайтын,  құрыдан-құры екі ай жататын тыныш өмірден бас тартты. Сөйтіп, Алматыда қалды. Ауылына, сонау Жайықта жатқан Оралдағы әке-шешесіне қоңырау шалып, биыл жазғы демалысын Алматыда өткізетінін, жұмыс істеп, ақша табатынын айтты. Айтқанда да, бұлтақтатпай, кесіп-пішіп шешімін жеткізді. Олай бекінбеске, лажы жоқ еді. Өйткені, әкесі қызына қатал тәрбие берді. Мектеп бітіргенше қия бастарған жоқ. Оқуға түсіп, Алматыға кеткен соң ғана құрығы жетпей қалды. Соның өзінде күн сайын қоңырау шалып, хәлін біліп, тіпті тергеп-тексеріп тұратын. Бірінші мен екінші курсты аяқтаған жылы анау-мынау сылтауын тыңдамай, Оралға қайтарып еді қамқор әке. Бұл жолы қызы мықты шықты. «Әке, жасым болса, жиырмаға келді. Қашанғы сіздерге бала болып, рұқсат сұрап жүремін? Өзімше өмір сүріп көрейін. Ақша табайын. Өз киімімді өзім алайын» – деп қиылды. Қатал әке қанша қисайғанымен, ақыры көнді.

Құралай һас сұлудың өзі. Жүрген жүрісі хан қызындай паң, қор қызындай кербез. Атты кісі түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай көркем жан. Құралай десе, құралай: көзі дөп-дөңгелек, жүзі сәбидің дидарындай нұрланып тұрады. Жұмыс табу деген өзі ойлағандай оңай болмады. Аты таудай кеңселердің есігін қағып көріп еді, біреуі диплом сұрады. Біреуі жұмыс тәжірибе талап етті. Қойшы, сөйтіп жүргенде, бір апта зулап өте шықты. Дөңгелек көзді қыздың қалтасындағы шәкіртақыдан үнемдеген аз тиынның жұрнағы ғана қалған. Бір күні кешке жалдамалы пәтеріне құрбысы Динара қуанып кірді. «Құралай, сүйінші! Екеумізге жақсы жұмыс таптым. Табысы да, жағдайы да тәуір!» – деп қуанышын жасыра алмай тұр.

– Сен тапқан қай жұмыс тәуір болушы еді? Біресе, еден жуайық дейсің. Біресе, бала күтуші, даяшы боламыз дейсің. Өзің білесің ғой, маған ондай жұмыстың ұнамайтынын.

– Бұл жолғы жұмыс мүлде бөлек!

– Мықты университеттің студенті бола тұрып, жұмыс таба алмай жатқанымыз ұят болды. Айтшы, ал сонымен қандай жұмыс таптың, құрбым? – деді төсектеп басын көтермеген Құралай.

– Мықты караоке-клубта «меймей» боламыз.

– «Меймейің» не? – деді бұл тосын атауға елеңдеп.

– Оны ертең түсінесің. Бүгін демал. Өзім де білмеймін.

  • Білмейтін жұмысқа шүйінші сұраған сенен көрдім. Бірақ караоке-клубта болса, тамаша жұмыс шығар?! – деп Құралай да риза болып жатыр.

Адасудың алғашқы күні

Ертесі күні Құралай мен Динара қолындағы мекен-жай бойынша GC караоке-клубын тауып алды. Сырты белгісіздеу болғанымен, іші қайнап жататын жер екен. Кешке қарай барған. Бұларды Оксана деген орыс қыз күтіп алып, ішке ертіп кірді. Музыка әуені жас қыздарды желіктіріп жібергендей. Оксана бұларды түпкі бөлменің бірінен «Мура» деген жігітті тауып, сонымен тілдестірді. Әлгі Мураның тұрған тұрысы, жүрісі – бәрі біртүрлі. Еркектен гөрі, қызға көбірек ұқсайды. Сызылып, қолынан ұстап тұрып, жұмыс барысын түсіндіріп жатыр. Мураның қылығы бұларға басында ұнамаған, бірақ ісі түсіп тұрған соң, шыдап бақты.

-«Динара, мынауың гей ма?» — деді Құралай құрбысының құлағына сыбырлап.

-«Солай сияқты, Құралай! Бірақ тыныш тұра бер. Гей қызға тиіспейді. Олар еркекті жақсы көреді» — деп сықылықтап күлді.

-Бізде жұмыс былай – деп саусақтарын майыстырып сөзін бастады Мура. – Ең бірінші, сұлу болуың керек. Екінші, ағылшын тілін білу міндетті. Қытай тілін білсеңдер, тіпті жақсы. Үшінші, анаған дайынсыңдар ма?

Жұмбақтап, сызылып тұрып меңзеген «анауын» екеуі де түсінген жоқ.

-Ладно, это не важно – деп сынғалы тұрған саусақтарымен ауаға сурет салғандай бір тіле салды Мура.

-Талаптарыңызға толатын сияқтымыз. Сонда бізге қандай жұмыс бересіздер? – деп сөзге Құралайдың өзі араласты.

-«Шай», «кофе» боласыңдар.

-Ол не? — деді екеуі бірдей.

-Қонақтармен бірге отырасыңдар. Шай-арағын құйып, қызмет етесіңдер!

-Сонымен бола ма? (Екі қыз сенімсіздеу адамның кейпінде сұрақ қойды).

-Болды. Ары қарайғы әңгімені жүре-жүре көресіңдер. Көре-көре «мастер» боласыңдар! – деп ерсілеу күлді. Күлгенде дауысы шиқылдап шығады екен…

        Айпара

Жұмыстың алғашқы күндері аса қызықты болмады. Апта соңында ғана бір жомарт шетелдікке тап болыпты екеуі де. «Мен Бейжіңнен келдім. Ақтөбедегі мұнай компаниясының бірінде үлкен маманмын. Айына екі рет шақырады. Әр жолы келгенімде бірнеше мың доллар аламын. Ақшам көп. Бейжіңде жеке дүкендерім бар» – деп Құралай мен Динараны қызықтыра бастады Ли мырза. Бұларды Бейжіңге шақырды. Сол күні екеуіне де қомақты ақша беріп, ертесі тағы келуін өтініп сұрады. Ертесі құрбылар айтқан уақытта, айтқан жерде болды. Бұл күнгі отырыс мүлде басқаша басталып, басқаша аяқталды. Екі қыз оңаша бөлмеде таңға дейін ең қымбат ішімдіктен сілтеген. Ертесі түс ауа әлгі көзәйнекті қытайдың қойнынан бір-ақ ояныпты.

Лиді шығарып салған соң, Құралай мен Динара кінәні кімнен көрерін білмей, біріне-бірі қарап, қонақүйде кешке дейін жатты. Қараңғы түскен соң ғана әлгі қарғыс атқыр жын-ойнақтан әрең шықты. Біреуден ұялатын сияқты. Бірақ кімнен? Өздері де білмейді… Сол күннен кейін екі сұлудың еті үйрене бастады. Алғашқы күндерді Лиді сағынатын. Енді бұларға бәрібір. Кімнің ақшасы көп, кім жомарт, соның көңілін көтеріп, бірде «шай», бірде «кофе» болып көлдеп жүргендері…

Қарасұр форма киініп, сайдың тасындай сатырлап кіріп келген «Арнайы жасаққа» ұсталғанда, келесі бір қонақтардың көңілін көтеріп жатқан еді. Бұл күні Динара ауырып, Құралай жалғыз келген болатын. Құрбысының осынша уақыт бірге болып, мынадай қиын сәтте аман-сау құтылып кеткенінен іштей сезіктеніп қалған…

Егіз ғұмыр – жалқы тағдыр

Әлгі шетелдіктердің көк қағазына бола, көгілдір түнін жын-ойнақтарда өткізіп жүрген 47 қыздың бәрі сұлу. Бәрі іріктеліп, талданып алынған періште дерсіз! Тіпті он екіде бір гүлі ашылмағандай, көрген кісінің көзі тоятын: нәзік, еліктің лағындай ерке арулар. Бірінен-бірі өтеді. Күлкісі де, жүрісі де өзгеше. Көшеде немесе университет қабырғасында кездесіп қалсаңыз, әлгі 47 қыздың қай-қайсысын да жамандыққа қимас едіңіздер! Тіпті бұлар клубта, қонақүйде шетелдіктерге «шай», «кофе» болып жұмыс істейді десе де, сенбейсіздер! Өйткені, олар шынымен, жүзі бардың сұлуы.

Алматының жазғы аптабына күймеген, бірінен-бірі аумайтын екі сұлудың көркі басқалардан оқ бойы озық көрінді. Қасы қарлығаштай қанатындай қиылған Әсел мен Әсем бір анадан бірге туған егіздер. Қолаң қара шашы арқасына төгіліп, ішкі істер департаментінің залында арлы-берлі жүргенде сүрінбеген көз қалмаған шығар, сірә!?

Шеткері тұрған домалақ сары қыз Жәния «Бұлардың ішінде саудасы жүріп тұрғандары – Әсел мен Әсем» – деп біздің ойды егіз қыздарға бұрды.

Олармен тез тіл табысамыз деп ойлағанбыз. Бірақ оңай болмады. Алматыда, жетімдер үйінде өскен қаракөздерді сөйлету біраз әурешілік туғызды. Бірақ сөз суыртпақтап отырып, тілін таптық.

«Бес жасқа дейін әке-шешемізбен бақытты өмір сүрдік. Бір күні әкем жол апатынан қайтыс болды да, анамыз бізді жалғыз асырай алмады. Ағамыз Темір үшеуімізді бір күнде балалар үйіне өткізіп, өзі бір қырма сақалды кісімен бірге кетіп қалды. Содан қайтып анамызды көрген жоқпыз» – деп әңгімені егіздің үлкені Әсел бастады.

Әсел мен Әсем балалар үйінде 18 жасқа дейін болып, былтыр ғана жеке-жеке пәтер алып, бөлек шығыпты. Ағасы Темір төрт жыл бұрын үкіметтен берілген    еншісін алып кеткен. Қазір үйленіп, балалы-шағалы болған көрінеді.

«Екеуіміз де бір оқу орнына оқуға түстік. Мамандығымыз әртүрлі. Мен дизайнер болсам деймін. Әселдің заңгер болғысы келеді» – деп енді сөзге кіші қыз Әсем араласты.

– Мына жолға қалай түстіңдер? – дедім сұрақты турасынан қойып.

– Қандай жол? – деп өзімді мазақтап күлді сылқымдар. Күлгенде бұрынғыдан да әдеміленіп кетеді екен!

– Түсініксіз сұрақ қоймаған сияқтымын? – деп егіз қыздардың бетіне мен де жымидым.

– Бұл жол дейтіндей, сіздің сұрап отырғаныңыз тозаққа апаратын даңғыл емес шығар? Өз қалауымызбен бардық. Жаспыз ғой. Қызық көргіміз келеді. Шетелге шығып, ел көрсек дейміз – дейді үлкен қыз.

  • Осы сіздер қызықсыздар. Біреудің жеке басының шаруасына бас қатырып қайтесіздер? Бұрын балалар үйінде болдым. Жарайды, ол жердің өзі заңы, өз тәртібі болды. Оған бағыну керек. Ал қазір кәмелет жасқа толдық. Ешкімнің сөзі жүрмейді бізге! – деп бұл жолы кіші қыз шашын арқасына сілкіп тастап, маған құқық туралы лекция оқи бастады.

Егіз қызға арнаған әдемі сөзім далада қалды. «Бұларға ақыл айтқалы отырған сіз де қызықсыз» – дейді бізбен бірге рейдке шыққан департамент қызметкері.

«Таңғы көбелектер»

         Алматы қалалық ішкі істер департаментінен шыққанда таң атып кетіпті. Көшеде көлік аз. «Түнгі Алматы ұйықтамайды деген рас екен. Таңғы Алматы әрең тынышталыпты» – дедім такси жүргізушісіне. «Түнгі қала қысқа ғой. Таң тез атады» – деп ол менің ойымды түсінбегендей жауап қатты. Департаменттен менен бұрын шығып кеткен қырық жеті қыздың көше жағалап кетіп бара жатқанына қарап ойланып қалыппын. Жүргізуші жігіт «Түнгі көбелектер ғой. Таң атқанда қайда қонақтарын білмей, жығылып-сүрініп бара жатыр» – деп бағдаршамнан бірін-бірі қолтықтап, бірін-бірі жетелеп әрең өтіп жатқан қыздарға қарап күлді. Әлгі егіздер көгілдір көйлек киіп, топтың маңдай алдында кетіп барады. Жүрістері қандай тамаша еді, шіркін! Аққудай керіліп, кербез басады! Ал Құралайдың екі иіні түсіп кетіпті. Бірнәрсеге өкінетіндей көрінеді.

 

P.S.

Айтпақшы, бет қатталып жатқанда, Бахрейнде жоғалып кеткен 24 жастағы отандасымыз Тагина Хайтметованың үйіне оралғаны туралы ақпарат тарады. Ол 27 шілдеде Астанадан Дубайға, одан Бахрейнге ұшып кеткен. Шілденің 29-ынан бастап қыз туыстарымен байланысқа шықпаған. Осыған дейін қыздың ата-анасы Тагинаның Бахрейнге жұмыс істеуге кеткенін және қонақүйде қызметші болып жұмысқа тұрғанын айтқан болатын. Қазірше, қыздың ол жақта немен айналысқаны, кімдерден жапа шеккені туралы нақты ақпарат жоқ.

     Жарас ШӨКЕ

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар