Ұлт жәдігерін жаңғыртқан  

04 тамыз в 12:39 125 рет оқылды

Астана төрінен ұлттық ерекшелігіміз бен мәдениетімізді паш ететін «Этноауыл» бой көтеріп, қала қонақтарын тәнті етуде. Кешен Астанадағы «Қазанат» атшабар аумағына орналасқан. «Этноауыл»   еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің ұймдастыруымен салынды. Мұнда күнделікті түрлі іс-шара өтіп, дәстүр мен мәдениетімізді қонақтарға кеңінен таныстырып келеді. Қазақи иісі бұрқыраған «Этноауылды» біз де аралап, түрлі қолөнер бұйымдарының сырына үңіліп, шеберлермен әңгімелесіп қайттық.

Астанаға Шығыс Қазақстан облысынан келген шебер Айдар Болатқазыұлы «Қазақтың әрбір қолөнер бұйымының астарында үлкен мән жатады. Мәселен, «асығың алшысынан түссін» деген туынды – азаматқа қашанда жолың болып, бастаған ісіңде жетістікке жет деп берілген бата іспеттес. Ал «асығың жиылмасын» дегенде – асық ойнар балаларың көп болсын, өсіп-өніп, отауың ордаға айналсын деген мағына бар», — дейді. Шебердің айтуынша, қолөнер бұйымын жасау – қаражат пен уақытты талап етеді. Айдар Елубаев соңғы кезде көрші елден біздің ұлттық дүниелерімізді жасап, елімізге әкеліп жатқаны туралы айтты. Алайда оның сапасы нашар, тіпті зиянды дейді. Ал біздің қолөнершілер табиғи өнім, табиғи бояуларды қолданады екен. Шығыс Қазақстан облысы бойынша байқауға қатысқан 40 қолөнер шеберінің арасынан іріктеліп келген, ең таңдаулы терме тоқитын шебердің бірі – Гүлнәр Қожамжарова. Шебер ұлттық дүниелерімізге шетелдіктер қатты қызығатынын, таң қалатынын, тіпті қаржылай көмек көрсеткендігін айтты. Шебер Гүлнәр Дәуітқызы «Бізде неше түрлі қалталы азамат бар. Бірақ олардың көбісі қаржысын ұлттық қолөнер бұйымдарына жұмсай қоймайды. Тіпті оның мәніне де көп үңіліп, бағаламайды. Оларға қарағанда шетелдік бір турист 20 мың теңге деп ұсынған бұйымыңды, «Қаншама уақытыңыз, күшіңіз кетті, 30 мың теңгеге алайын, көмегім болсын» — деп алып кетеді. Әрі арнайы шеберханамның, жүн түтетін станогымның жоқтығын және барлығын қолмен жасайтындығымды көріп жаны ашитын болар. Мен кейде өзіміздегі азаматтардың осылай күннен-күнге азайып бара жатқан қолөнерге қамқорлық көрсете алмайтынына қынжыламын», — дейді.  Оның жасаған алашасын Францияның Қазақстандағы елшісі 160 мың теңгеге сатып алыпты. Шебер қолөнерге ерекше қамқорлықтың қажетін, әсіресе, бүгінгідей жаһандану заманында баға жетпес байлығымыздан айрылып қалмау керектігін баса айтты.

Келесі бір ақшаңқан үйде – Өмірзақ әулетінің қолөнер бұйымдары қойылған. Қолөнер шеберлігімен, сурет салуымен айналысатын әулеттің еңбектерін «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Суретшілер одағының мүшесі Гүлназым Өмірзаққызы таныстырды. Жібек матаға біз кестемен кестелеп салынған картиналарын алып келген Гүлназымның да айтары бар. «Бүгінгі күні біз шамамыз келгенше, халыққа ежелден келе жатқан өнерімізді насихаттап келеміз. Бұрынғыдай емес, қызығушылық жоғары. Тіпті, соңымнан ерген әр облыста шәкірттерім де бер. Үнемі шеберлік сабағын өткізіп келемін. Сондықтан, халықтың сұранысы әрі қызығушылығына орай Астанада шеберхана ашсам деймін. Бірақ оған қаржылық жағынан қолбайлау болып тұр. Сол жерде арнайы үйірме ашып, жастарды тәрбиелесем деген жоспарым бар», — дейді шебер қыз. Сондай-ақ ою-өрнекті композицияға айналдырып, этно-модерн стилінде кесте тігетін Гүлназым «Технология дамыған бүгінгідей заманда атадан балаға дейін жалғасып келе жатқан өнерімізден айрылып қалмайық десек, ұлттық нақышын жоғалтпай, бүгінгі заманға лайықтауымыз қажет. Ол үшін жастар көп еліктейтін әнші, өнер адамдарының киімдерін кестелесек деп ойлаймын. Жуықта осындай жобаны қолға алмақшымын», — дейді. Гүлназым Өмірзаққызының өнеріне елімізде ғана емес, шетелде де қызығушылық жоғары.

11 маусымнан 10 қыркүйекке дейін жұмыс іс­тейтін шағын қалашықта 40 киіз үй, ұлттық тағам мейрамханасы, концерт зал­ы, балалар алаңы бар. Қазақ халқының ұлттық болмысы мен өзіндік ерекшелігін танығысы келген қонақтар бұл ауылға міндетті түрде ат басын бұратыны анық. Ал келген қонақтар үшін бұл жерде тамашалайтын дүние өте көп. 

 

 

Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ,

Астана қаласы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар